Саяси партиялар


Мазмұны
Кіріспе . . . 2
1. Саяси партияларды құқықтық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері . . . 3
1. 1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде пайда болуының
және дамуының мәселелері . . . 3
2. Саяси партиялардың түсінігі мен функциялары . . . 8
2. 1. Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы . . . 16
2. 2. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың құқықтық
институт ретінде қалыптасуының конституциялық-құқықтық кезеңдері . . . 21
3. Саяси партиялардың сайлау процесіне қатысуын құқықтық реттеу . . . 29
Қорытынды . . . 36
Пайдаланылған қайнар көздердің тізімі . . . 39
Кіріспе
Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Елімізде партиялардың жағдайы бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен анықталады. Саяси партиялардың құқықтық мәртебесін ғылыми тұрғыдан зерттеу біздің қоғамдағы осы құбылыстың дамуындағы құқықтық және тәжірибелік проблемаларын шешуде зор маңызы бар.
1. Саяси партияларды құқықтық құбылыс ретінде зерттеудің теориялық негіздері
1. 1. Саяси партиялардың құқықтық құбылыс ретінде пайда болуының және дамуының мәселелері
Саяси партиялар сияқты әлеуметтік-құқықтық феноменді зерттеу кезінде бірден байқалатын факт - олардың рөлі мен мәніне берілетін бағаның әртүрлілігі. Мұндай артық эмоция отандық және шетелдік ғалымдардың барлығына тән. Тіпті ұзақ тарихы бар, классикалық американдық партия жүйесін зерттеушілердің өздері де саяси партиялар туралы ой-пікірлерінде бірқалыптылықты ұстанбайды. Әсіресе бұл «саяси партиялар -демократия» деген өзара байланыс қағидасын бағалау кезінде анық білінеді. Біреулері партияларды қоғамның демократиялануының өкілдері ретінде, тіпті демократиялық қоғамның өзін-өзі басқаруын жүзеге асыратын құрал ретінде даңқа бөлейді.
Мысалы, Дж. Брайтс «локомотивке бу қандай керек болса, Америкадағы үкімет механизмін қозғалысқа келтіру үшін партиялардың рухы мен күші сондай қажет» [1] . Кейбіреулері саяси партияларды демократиялық процестерді жаратушы деп тіпті ары кетті. Мысалы, Е. Шатцнейдердің айтуынша «Саяси партиялардың ықпалының өсуі, қазіргі заманғы басқарудың негізгі белгілерінің бірі екендігі даусыз. Партиялар шын мәнінде демократиялық басқарудың пайда болуында басты рөл ойнайды. Сондай-ақ біріншіден, саяси партиялар демократияны дүниеге әкелді, екіншіден, қазіргі демократияны саяси партияларсыз елестету мүмкін емес» [2] . Бірақ осылармен қатар, саяси партияларға қажеттілік жоқ немесе олар демократиялық саяси өмірдің түбіне жетеді деп есептейтін екінші топ бар. Тіпті кейбір зерттеушілер саяси партиялардың қызметіне тыйым салу қажет деп есептейді. Республикашылдардың негізін салған тұлғалар саяси өмірдегі ұйымдасқан топтарға күдікпен қараған. Дж. Медисон партиялардың құрылу процесін «топтардың апаты» деп атаған [3] .
Егер ресейлік саяси партияны зерттеушілерге көшетін болсақ, мұнда да, демократия мен саяси партиялар ажырағысыз деп есептейтіндер және саяси партиялар демократия идеалдарын жүзеге асыра алмайды және оларды жояды деп есептейтіндер болып екіге бөлінеді. В. Н. Даниленко [4], Н. К. Кисовская [5], В. В. Комарова [6], К. Г. Холодковский [7] және басқалары саяси партиялардың өмір сүруін демократиямен байланыстырады. Бірақ қазіргі кезеңде саяси партияларға сыни көзбен қарайтындардың қатары көбейіп келеді. Олар, саяси партиялар парламенттік емес бірлестіктермен салыстырғанда ( азаматтық бастамашылдар, әр түрлі әлеуметтік қозғалыстар, қысым көрсету тобы және т. б. ) өзінің маңызын төмендетіп отыр деген көзқарасты ұстанады. Бұлардың пікірі «партиялар дағдарысы», «қос партиялық жүйенің құлауы» сияқты саясатттану теориясында кең орын алған. Мұндай теорияны жақтаушылар қазіргі қоғамда саяси партиялар өз функцияларын тиімді орындай алмай отыр деген ойға жүгінеді. Сондай-партиялар - бұл анахронизм, өзінің функционалды міндетін жоғалтып бара жатқан институт, оларды алмастыруға қысым көрсету тобы және бизнес қауымдастығы сияқты әлдеқайда тиімді жұмыс істей алатын институттар келді деген де пікірлер бар. Мұндай пікірді ұстанушылар қатарына М. Доган [8], А. Н. Кулик [9] және т. б. жатады.
Демократиялық режимнің орнауы саяси партиялардың пайда болуы мен дамуына ықпал етеді деп біржақты кесіп айтуға болмайды. Себебі партиялар қазіргі түрінде демократияның әсерінен пайда болған жоқ, күрделі урбанизацияланған, индустриалды қоғамның қажетттілігінен туындады. Дәл осы факторлар партиялардың пайда болуы мен дамуында фундаментальды рөл ойнады. Партиялар, қоғамның шындықтары жеке тұлғаға билікке тиімді таласудың мүмкіндіктерін бермейтін жерде пайда болады. Қоғам неғұрлым күрделі ұйымдасқан сайын, мемлекеттің саяси элитасына кіру процесі неғұрлым қиын болған сайын, саяси партиялардың құрылу мүмкіндігі де соғұрлым оңай бола түседі. Қоғам көптеген ұсақ әлеуметтік топтарға бөлініп, тек солардың белгілі бір бөлігі ғана формальды түрде мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жіберілсе, онда тек саяси партияларды құру арқылы ғана саяси құқықтарды тиімді түрде қолдануға болады.
Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, саяси партиялар саяси режим мен басқару нысанына байланыссыз пайда болады. Алайда, мемлекет құқықтық регламенттеу арқылы саяси партиялардың өмір сүруіне айтарлықтай ықпал жасай алады. Басқару нысаны мен саяси режим билікке күрес жүргізу сферасында әрқайсысы өзіне тән ерекше партияны туғызып алады. Мысалы, көз алдымызға күрделі ұйымдасқан, урбанизацияланған, басқару нысаны аристократия болып табылатын қоғамды елестетсек, мұндай демократиялық емес қоғамда да бәрібір саяси партия мен партиялық жүйе болатынын сенімділікпен айтуға болады. Ал демократия болса, саяси партиялардың еркін қызметіне, саяси өмірдің әралуандылығына және барлық азаматтардың саяси құқықтарын қорғауға ең жақсы жағдай туғызады. Мұндай қорытындыны мынадай мысалмен бекітуге болады, Афинадағы ежелгі демократия кезінде партиялар мен партиялық жүйелер болмаған еді, себебі бұл қоғам жеткілікті түрде күрделі ұйымдаспаған еді. Сондай-ақ партияның пайда болуы мен демократияның арасында байланыстың жоқтығына, мысалы, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдайды келтіруге болады. Ол кездегі саяси режимді демократиялық деп атауға болмайды, алайда, алғашқы ресейлік партиялар мемлекет пен қоғамдағы демократиялық құрылымның жоқ кезінде пайда болған. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы, саяси партиялар күрделі ұйымдасқан қоғамның қажеттілігінен туындаған және партиялардың одан арғы дамуы осы қоғамның дамуымен тығыз байланысты деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен, саяси партияларды зерттеудің бір жолы ол оларды ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеу болып табылады.
Саяси партиялардың әлеуметтік құбылыс ретінде ұзақ тарихы бар. Зерттеушілердің арасында партиялардың прототипі Афина демократиясының кезінде болған деген көзқарас бар. Шынында да Аристотельдің еңбектерінен б. д. д VІ ғасырда Афинада бірнеше бір-біріне қарсы топтар болғандығы жайлы деректерді кездестіреміз [10] . Сондай-ақ ежелге Римде «pars» терминімен белгілі бір императорды қолдайтын лауазымды тұлғалардың тобын атаған. Алайда, саяси партиялар деп, ұқсас көзқарастары бар тұлғаларды түсінсек, онда саяси партиялар билікпен бірге сонау неолит дәуірінде пайда болғанын анықтаймыз. Себебі, адамға ұқсас көзқарасы бар басқа адаммен бірігіп әрекет істеу үшін ұйымдасу тән. Ал егер партиялы пікірлестер тобы дегеннен гөрі әлдеқайда күрделі құрылым деп есептесек, онда партияның пайда болуы тарихы мүлдем кейінірек басталады. Қазіргі ұғымдағы саяси партияларды дүниеге әкелген ұйымдар XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы ерте буржуазиялық революциялар кезінде пайда болды. Алғашқы саяси партиялар Голландиядағы оранжистер мен республикашылардың күресі нәтижесінде пайда болды.
Партиялар саясатқа, оның ішінде сайлау процесіне тұрғындардың барлық бөлігін тарту арқылы біртіндеп өзінің қызмет аясын кеңейте берді және саяси өмірдегі өзінің маңызын арттырды. Егер партиялар алғашында экономикалық және саяси элиталардың клубы ретінде өмір сүрсе, XІX ғасырдың соңынан бастап күшті ұйымдасқан топқа тән белгілерге ие бола бастады. Бұл өзгеріс қоғамдық құрылымның күрделенуімен және сайлау процесіне бұқара халықты жіберумен байланысты жүрді және саяси партиялар осындай күрделі қоғамда өз орнын табуы үшін өз қатарына бұқара халықты молынан тартуға мәжбүр болды. Аталған өзгерістер партиялардың алғашқыда ұстанған элита мүддесін бұқаралық электораттың мүддесіне алмастыруға итермеледі. Оның үстіне қоғамның күрделенуі мен урбанизациялануы бұқараны мемлекеттен алшақтата бастады, сөйтіп осы екі ірі құрылымның арасындағы делдал қызметін саяси партиялар атқара бастады. Шын мәнінде саяси партиялар ақпаратты екі жаққа жеткізуші қызметін атқарады, яғни, азаматтық қоғамнан мемлекетке және керісінше. Жоғарыда келтірілгендерден байқайтынымыз, қазіргі ұғымдағы партиялық жүйе мен партияларды қалыптастыру үшін, біздің пікірімізше, ең аз дегенде үш жағдай қажет - күрделі түрде ұйымдасқан социумның, дамыған азаматтық қоғамның және осы қоғамда азды-көпті нақты айқындалған мүдделердің болуы. Біздің пікірімізше, партиялардың тиімділік дәрежесі, жоғарыда аталған үш жағдайдың жүзеге асу дәрежесіне тікелей байланысты. Аталған қорытынды қазіргі қазақстандық партиялардың проблемаларын белгілі бір дәрежеде түсіндіреді.
Қазақстандық партия жүйесінің әлсіздігі мен тиімсіздігі негізінен екі факторға тіреледі. Бірінішіден, Қазақстандағы партиялардың қалыптасуына, азаматтық қоғамның әлсіздігі өзінің кері әсерін тигізуде. Азаматтық қоғамның әлсіздігі басқа маңызды мәселені - қоғам мен саяси элита арасындағы байланыстың жоқтығын тудыруда. Біздіңше, осы жағдай қазақстандық партиялар, азаматтық қоғамның емес (себебі ол әлі толық қалыптаспаған), саяси элитаның өкілдері екенін көрсетеді. Қазақстандық партиялардың әлсіздігін түсіндіретін келесі бір фактор, ол қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың айқындалған мүдделерінің болмауы. Мемлекетпен қатынаста қоғамның өкілі болуы үшін партия қандай мүдделерді білдіру керектігін білуі тиіс. Біздің қоғамда мұндай әлеуметтік мүдделерді қалыптастыру әзірге инстинктілік сезу сатысында деп айтуға болады. Мүдделер толық айқындалмағандықтан, саяси партияларды күшті қару ретінде пайдалану мүмкін болмай отыр.
Жалпы алғанда саяси партиялар әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтанушылармен, саясаттанушылармен және тарихшылармен жеткілікті зерттелді деп айтуға болады. Ал Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы ғылымы тұрғысынан бұлай деп айта алмаймыз.
Саяси партияларды зерттеудің тағы бір жолы, ол оларды ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу болып табылатынын атап өту қажет.
Қазақстандық ғалымдардан Баймаханов М. Т., Зиманов С. З., Сартаев С. С., Өзбекұлы С., Сапарғалиев Ғ. С., Қопабаев Ө. Қ., Айтхожин Қ. К, Ащеулов А. Т., Нысанбаев А. Н., Дьяченко С. А., Машанов М. С. және т. б. атауға болады.
Алайда атап өту қажет, ғылыми зерттеулердің айтарлықтай бөлігі партияны әлеуметтік және саяси құбылыс ретінде қарайды Тек біршама бөлігі ғана саяси партияны құқықтық құбылыс ретінде қарастырады. Мұндай жағдайды кешегі күнге дейін саяси партияларды құқықтық реттейтін нормалар тобының шашылып жүруімен және соның әсерінен аталған құбылысты құқықта жүйелі және бірізді бекітуді қамтамасыз етілмегендігімен түсіндіруге болады. Тек қазіргі уақытта ғана партиялардың құқықтық жағдайын реттеудің, біртіндеп Қазақстанның құқықтық кеңістігінде жеке орынға ие болып жатқандығын көрсетеді. Біздің пікірімізше, аталған процесс Қазақстанның конституциялық құқығы саласында саяси партиялардың мәртебесін реттейтін нормалардың орнын анықтаумен байланысты проблемалардың туындауына негіз береді. Оның үстіне, саяси партиялардың мәртебесін бекітетін құқықтық нормалардың кешенділігі туралы айтуға болады. Олар тек қана партиялардың қызметі сферасындағы конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды ғана емес, сондай-ақ құқықтың өзге салаларындағы «партиялық» қатынастарды реттейтін нормаларды да қамтиды. Мысалы, саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді реттейтін нормалар әкімшілік құқыққа жатады, ал саяси партияларды мемлекеттік қаржыландыруды заңдық тұрғыдан бекіту аталған институтқа қаржы құқығының нормаларының енгені туралы айтуға мүмкіндік береді. Сонымен қазіргі кезеңде саяси партияларды толық теоретикалық және ғылыми зерттеуге мұқтаж құқықтық құбылыс ретінде айтуға мүмкіндік туды.
Саяси партияларды ғылыми зерттеудің келесі бір жолы, оларды құқықтық реттеу объектісі ретінде зерттеу, олардың процесін зерттеу болып табылады. Жоғарыда айтылғандай, қазақстандық партиялардың осы жағы қазіргі кезде жеткілікті зерттелмеген және осы жұмыста негізгі көңіл осы мәселеге бөлінді.
Конституциялық құқық саласының реттеу объектісі ретінде саяси партиялар салыстырмалы түрде жуықта пайда болған құбылыс ретінде сипатталады. Саяси партиялардың жағдайы құқық нормаларымен тек XX ғасырдың ортасында ғана реттеле бастады. Біздіңше, бұған үш себеп бар - мемлекет қызметінің аясының кеңеюі, саяси партиялардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлінің артуы, мемлекеттегі жеке тұлғаның рөлінің, оның құқықтары мен бостандықтарының артуы.
Бірінші себеп ол, мемлекет рөлінің кеңеюі, саяси партияларды құқықтық реттеу кеңістігіне кіргізді. Бұған саяси партиялардың сайлау кампаниясына тікелей қатысуын, олардың Парламенттегі, Үкіметтегі, жергілікті өзін-өзі басқарудағы қызметін реттеу кірді. Өзінің нысаны бойынша реттеу нормативтік құқықтық түрде жүрді.
Саяси партиялардың құқықтық институт ретінде қалыптасуының іргетасы болып, олардың жағдайының Конституция нормаларымен бекітілуі табылды. Мемлекет белгілі бір нормаларды Конституцияға енгізу арқылы саяси жүйедегі партяның орны мен рөлін анықтауға тырысты. «Ертеректе «партия» ұғымы Конституцияда кездеспеген еді. Партиялар туралы баптардың негізгі заңға енуі, партиялардың саяси жүйенің элементі ретінде конституциялық деңгейден танылуын білдіреді», - деп атап өтеді швед зерттеушісі Л. Рикхель [18] . Партиялардың тарихы, кезеңі фашизм мен реакцияның талқандалуымен байланысты болған өзгерістер жағдайында жүргізілді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған көптеген шет мемлекеттердің Конституцияларында (Италия, Франция, Португалия, Испания және т. б. ) белгілі бір дәрежеде партиялардың мәселесі қозғалған. Оның үстіне осы Конституцияларда партияларға арналған баптар санының көбею ағымы байқалуда. Мысал ретінде Швеция (1974), Греция (1975), Португалия (1976), Испания (1978) Конституцияларын келтіре аламыз. Партиялар жайлы бір-екі баппен шектелген итальян және француз Конституцияларына қарағанда, партияларға испан Конституциясында төрт бап, португал Конституциясында он бап арналған. Партияларға арналған арнайы баптардан бөлек Португалия Конституциясында азаматтардың құқықтары мен босатандықтары (46-бап), саяси билікті ұйымдастыру (117-бап), Парламент қызметі (154, 179, 183 баптар), Үкімет (190, 197 баптар), жергілікті өзін-өзі басқару (246-бап) сияқты бөлімдерде және өтпелі және қорытынды ережелерде партиялар жайлы айтылған [19] . Бұл конституциялық реттеу, партия қызметі туралы жүйеленген құқықтық база құруға итермеледі.
Партияларды құқықтық реттеудің келесі кезеңі болып, саяси партиялар туралы арнайы заңның пайда болуы саналады. Саяси партиялар туралы арнайы заң - құқық шығармашылығының жас түрі болып есептеледі. Оның қалыптасуы XX ғасырдың 60-70 жылдарына жатады. Аталған заңның ерекшелігі, оның тек қана партияға бейімделуінде және оның қызметінде ғана емес, сонымен бірге ұйымның өзін де реттеуінде еді. Сондай-ақ аталған заң партияның ішкі ұйымдастырушылық қатынастарын реттейтін нормаларды қамтиды. Уақыт өте келе заң шеңберінде партия қызметін қаржыландыру сұрақтарына ерекше назар аударыла бастады.
2. Саяси партияның түсінігі және функциялары
Дамыған демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің міндетті атрибуты ретінде идеологиялық және саяси әралуандылықтың конституциялық деңгейде танылуы, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ұйымдардың, қозғалыстардың және саяси партиялардың жедел дамуына жағдай туғызды. Оның ішінде, тек саяси партиялар ғана халықтың көңіл-күйін анықтаудың сенімді «құралы» болып табылады[30] .
Қазіргі уақытта демократиялық мемлекеттердегі саяси партиялар, мемлекеттік билік органдарының қалыптасуына және олардың жұмыс жасауына шешуші ықпал жасайды. Ұлттық саясатты жасау, оны жүзеге асыру үшін тиісті ресурстарды табу, тиісті шешімдер қабылдау бүгінгі таңда саяси партияларсыз еш мүмкін емес. Тіпті демократия немесе халық билігі дегеніміздің өзі қоғамдық ұйымдардың дәл осы түрінің белсенді қызметі, яғни, олардың сайлаушылардың даусы үшін, саяси және әлеуметтік басымдықтар үшін күрестегі ашық бәсекелестігі, олар ұсынып отырған саяси бағыттар мен бағдарламалардың плюрализмі, олардың бірін-бірі сынауы және т. б. [4. 150 бет] .
Елбасы Н. Ә. Назарбаев бұл мәселеде былай деген: «Күллі әлемде билік, саяси процестердің катализаторы ретінде жаңа саяси бастамаларды ұсынатын және оларды қолдаумен қамтамсыз ететін бұқаралық саяси партияларға арқа сүйейді» [31] .
Осыған орай, партияларды мемлекеттік-саяси жүйенің элементі ретінде зерттеу Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы ғылымы үшін өзекті мәселе болып табылады. Оның үстіне, маңызды және үнемі зерттелетін мәселелердің бірі ретінде саяси партиялардың түсінігін және мәнін айтуға болады.
Сонымен бірге, конституциялық құқық ғылымында саяси партиялардың мәнін және рөлін анықтау кезінде де бірегей пікір жоқ. Заңгерлер мен саясаттанушылардың көзқарастары қоғамның экономикалық және саяси жағдайының өзгеруімен бірге өзгерді. «Партия» терминінің (латынның «pars»- бөлік сөзінен) қазіргі күнгі ұғымының мазмұны адамзат қоғамының дамуымен бірге, үлкен эволюциялық жолды жүріп өтті.
Саяси партиялардың түп-тегі көне замандарға кетеді деп есептесек, қателеспеген болар едік.
Аристократиялық саяси ұйымдар мен клубтар ретінде олар сонау Ежелгі Грецияның өзінде өмір сүрді және билік үшін немесе билікке ықпал жасау үшін бір-бірімен бәсекелес болды.
Партиялар (шартты түрде осылай атайық) әр түрлі құлиеленуші таптардың мүддесін білдірді және өзінің тұрақсыздығымен ѕәм әлсіз ұйымдасумен ерекшеленді.
Көне грек пәлсапашысы Платон полистің тұрақтылығын сақтау үшін, барлық азаматтардың қоғамдық жұмысқа сәл де болса араласу қажеттілігін түсінген. Екінші бір антикалық ойшыл Аристотель негізгі көңілді қоғамның тұрақтылығының шешуші факторы ретінде сословиелер мен топтардың саяси биліктік өзара қатынастарына (билік үшін күрес және оған қатынасу) бөлген.
Платон да, Аристотель де және Ежелгі Грецияның өзге де ойшылдары, әр түрлі сословиелер мен олардың мүдделері қоғамды үлкен өзгерістерге алып келетінін мойындаған, сондықтан да олар ұсынылған тәртіпті қабылдап, әркім өз ісімен айналысатын «идеалды мемлекет» жобаларын жасады.
Орта ғасырдағы саяси құқық концепциялар бірегей ғаламдық мемлекет туралы теологиялық идеяның маңайына топтасты және ұлттық, мемлекеттік немес басқалай бөлуші факторларға мұнда орын болмады. Мәңгі бірлік және татулық туралы догмалардың негізін құраған теологиялық концепцияның өкілдері ретінде Қасиетті Августин (354-430 ж. ж. ) мен Фома Аквинскийдің (1225-1274 ж. ж. ) атауға болады.
«Партия» сөзінің қазіргі мағынада пайда болуын, XVІІ-XVІІІ ғасырлардағы Еуропадағы буржуазиялық революциялар мен демократияның қалыптасу кезеңіне жатқызуға болады. Жаңа кезеңде олар бұрынғы аристократиялық ұйымдардан өзінің әлеуметтік жағдайымен ғана емес, сонымен бірге, идеологиялық байланыстардың тұрақтылығымен, мықты ұйымдасуымен, қоғамдық жұмысының әлдеқайда кең көлемімен ерекшеленді.
XVІІ ғасырдың ортасындағы Англиядағы буржуазиялық революцияның жеңісі, жаңа экономикалық және саяси қатынастардың дамуына жағдай туғызды және осының нәтижесінде әлдеқайда прогрессивті тап-буржуазия дүниеге келді. Дәл сол буржуазия британ парламентінде өзгелерден бұрын протопартиялардың («тори» және «виги») қалыптасуына жағдай жасады. Бұл кезеңде партияның теориясы мен концепциясын жасауға Ф. Бэкон, Т. Гоббс, Д. Юм сияқты ағылшын пәлсапашылары көп үлес қосты.
Англияда протопартиялардың қалыптасу сатысында, сол кезеңнің прагматиктері партияларды қоғамның тұрақсыздығының қайнар көзі деп есептеді.
Ф. Бэкон (1561-1626 ж. ж. ) партияларды әр түрлі саяси күштердің билік үшін жүргізген күресінің жемісі деп есептелген. Алайда, ол партияларды толық мойындады және қолдады деп айтсақ, қателескен болар едік. Ф. Бэконның пайымдауынша: «Көтерілістерге себеп және сылтау болып, . . . партиялардың наразылықты оятуы, халықты ортақ іске ұйымдастыруы және жұмылдыруы табылады» [32] . Бірақ сонда да, оны саяси партияларға деген төзімділігі ерекшелендіреді. Ол партияларға шынайы қатынасты қалыптастыруды және олармен санасуды ұсынды.
Жалпы алғанда, Англияның құқықтық доктринасында буржуазиялық қоғамның саяси өміріндегі партияның рөлі мен маңызын мойындау ағымы байқалады.
Саяси партиялардың мәнін анықтауға Ш. Монтескье және Ж. Ж. Руссо сияқты француз ағартушылары үлкен үлес қосты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz