ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы: тарихы мен тарихнамасы


әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Тарих Факультеті
Деректану және тарихнама кафедрасы
Магистрлік диссертация
Тақырыбы.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы - ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы: тарихы мен тарихнамасы.
Орындаушы Қошымова А. О.
Ғылыми жетекші
т. ғ. д., профессор Төлебаев Т. Ә.
Қорғауға жіберілді:
Деректану және тарихнама
Кафедрасының меңгерушісі
т. ғ. д., профессор Атабаев Қ. М.
“” 2006ж
Алматы 2006
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақ интеллигенциясы: тарихы мен тарихнамасы.
Мазмұны
Кіріспе 3-8
І-тарау. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары.
1. 1. Қазақ зиялыларының мамандануы және ғылыми білім. 9-19
1. 2. Қазақ әдебиеті мен өнерінің өкілдері. 20-45
ІІ-тарау. Қазақ зиялылары тарихының зерттелуі.
2. 1. Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінің зерттелуі. 46-63
2. 2. Ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығының зерттелуі. 64-79
Қорытынды. 80-81
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. 82-84
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Сералин, Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мұхамеджан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Ғұмар Қарашев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев… бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады.
Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айрықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.
Бірақ көп жылдар бойы Кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сезімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалды ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұқсан келді. Соның тікелей кесірінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға «байшыл», «кертартпа», «діншілдер» деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, марксистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке «қажетсіз» санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.
Сонымен қатар қазақ қайраткерлерінің философиялық, саяси-құқықтық көзқарастары басқа этнос мәдениетінің, бөтен халықтың дүниетанымдық болмыс қасиеттерімен бағалануы методологиялық тұрғыда үстемдік етті.
Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін берген тарихи ақиқат. Міне, сондықтан да біртуар ұлдарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау - бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселе. Неге десек, дара тұлғалардың өмірін, олардың халық игілігі мен болашағы үшін сіңірген еңбектерін және жалпы философиялық, қоғамдық-саяси, құқықтық көзқарастарын зерттей отырып, бүкіл тарихи процесті, эволюциялық және революциялық даму барысын жете түсінуге болады. Себебі, қайткен күнде де, қандай жағдай болмасын тарихты жасайтын - адамдар, олардың қоғамдық-саяси қызметі. Әр заманның тыныс-тіршілігі, саясаты, әлеуметтік, экономикалық саланы қамтыған көкейтесті мәселелері қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлерінен айқын көрініс алып, мүмкіндігіне қарай өзінің шешімін тауып отырған.
Зерттелу деңгейі: Ұлттық интеллигенцияның іс-әрекеті қоғамның рухани өмірін жандандыру мен бағыт бағдарын анықтауда маңызды екендігі баршаға мәлім.
Сол кездегі қазақ қоғамының тарихи өмір шындығы мен 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы идеяларының ықпалымен қалыптасқан жас қазақ интеллигенциясы өз халқының ұлттық сана-сезімін жетілдіруде зор рол атқарды.
Соңғы жылдары интеллигенция тарихының қадау-қадау проблемаларын жаңа тарихи таным мен методология тұрғысынан саралауда қыруар істер тындырылды. Академик М. Қ. Қозыбаев өз еңбектерінде /1/ интеллигенция тарихындағы «ақтаңдақты» беттердің сырын ашып, оның жазықсыз жазаға ұшыраған қайраткерлерінің мұрасын зерттеудің бағыт-бағдарламасын айқындап берді.
Белгілі ғалым К. Н. Нүрпейісовтың дәйекті зерттеулері қазақ интеллигенциясына таңылған қатал әділетсіз бағаның ақиқатын анықтап, тарихи шындықты қалпына келтіруге арналған /2/. «Алаш һәм Алаш орда» атты еңбегінде автор қазақ интеллигенциясы қалыптасуын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіне жатқызып, «1917 жылғы революцияға дейінгі қазақ интеллигенциясының тарихы мен Алаш партиясының тарихын шатастыруға болмайтындығын» атап көрсетеді. Аталмыш кітапта әрбір жеке тұлға мен әрбір халықтың өз бостандығы және бүкіл адамзат мәдениетінің жетістіктері мен жеңістеріне еркін қол жеткізу құқығы сияқты жалпы адамзатқа тән қазыналар жолында күрескен алаш интеллигенциясының қызметіне талдау жасалған.
Егеменді еліміздің жаңа тарихи танымын қалыптастыруда тындырымды ізденістерімен танымал М. Қойгелдиевтің докторлық диссертациясында және соның негізінде жариялаған монографиясында /3/ қазақ демократиялық интеллигенциясының ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылындағы қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты, терең қамтылған Ж. Б. Абылхожиннің еңбегінде ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін қазақтың әлеуметтік-экономикалық өмірін зерттеуге қосқан үлесі тиісті бағасын алған.
Алаш тарихын зерттеген ғалымдар арасынан К. Нүрпейісовтың /2/, М. Қойгелдиевтың /3/, Д. Аманжолованың, сондай-ақ осы мәселе төңірегінде кандидаттық диссертация қорғаған Р. Нұрмағамбетованы бөліп көрсеткен жөн. Бұларда Алаш қозғалысы тарихы осы қозғалыста зиылылардың атқарған қызметін зерттеудегі жетістіктермен қатар, әлі де назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер кеңінен талданды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыздың осы бір мәселесін зерттеуге бет бұрған тарихшы ғалымдардың бірі академик М. Қозыбаев болды. 1992 жылы М. Қозыбаевтың осы мәселелеріне арналған «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты еңбегі жарық көрді. Ресейдегі ақпан буржуазиялық - демократиялық төңкерісінен кейін қазақ даласында ұлт-азаттық қозғалысының туын жоғары ұстап бақуатты отбасыларынан шыққан, оқыған, зиялы қауымның саяси аренаға көтерілгенін жазады /4/.
М. Қозыбаев орыс либералдық интеллигенциясынан қазақ зиялыларының мынадай айырмашылықтары бар екендігін атайды: біріншіден, олар - патшалық Ресей бұратана деп кемсіткен халықтың зиялылары; екіншіден, олардың құрмында іскерлік өндіріске араласқан өндірісшілер мен финансистер болған жоқ. Зерттеушінің пікірінше, Алаш ордашылар - өздерін басқа ұлттан артық жаралғанбыз деп санаған неміс ұлтшылдары сияқты ұлтшылдар емес, өз ұлтын отарлық езгіден құтқаруға тырысқан ұлтшылдар, батыс пен шығыс мәдениетіне наразы либералды топтарының моралін, көзқарасын, тіпті кадеттің доктринасын қабылдаған зиялылар болатын /4/.
- К. Нүрпейісовтың «Алаш һәм Алаш орда» атты монографиясында 1917 жылғы төңкеріске дейінгі қазақ зиялыларының қатарында ақ сүйек, бай-шонжарлар әулеттерінен шыққандар да, орта дәулетті отбасы өкілдері де, қарапайым шаруалардың балалары да болғандығын, осылардың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов бастаған бөлігі «Қазақ» газетінің шығарып, соның төңірегіне топтасып, кейін Алаш партиясының ұйтқысы болғандығын, ал
М. Сералин бастаған екінші бөлігінің «Айқап» журналының маңына жиналғандығы сөз етілді.
Қазақстан тарихнамасында интеллигенцияның қалыптасуы, дамуы, өсу жолдары мен кезеңдеріне арналған ғылыми еңбектер көптеп жарияланды. Бірақ кеңестік дәуірде жарық көрген зерттеулер замана талабы мен идеология ықпалында болғаны белгілі.
Тәуелсіздік алғанымызға көп уақыт өте қоймаса да тарихнама саласы бойынша жазылған ғылыми диссертациялар мен монографиялар, мақалалар да баршылық. Қазақстанда тарихнама ғылымының негізін салған белгілі ғалым Д. Дулатованың /5/ ой-пікірлері кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында айтыла тұрса да біз бұлардың бүгінгі тарихнамалық ой-пікірлерінің қалыптасуына үлкен ықпал жасағанын мойындаймыз.
Белгілі тарихнамашы З. Алдамжар кеңестік жүйе тұсында да, тәуелсіз Қазақстан жағдайында да Отандық тарихнамамызды байытатын құнды теориялық-методологиялық пікірлер айтты. Бұл әсіресе оның «Тарих: пайым мен тағылым» атты еңбегінде көрініс тапқан /6/.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында саяси қуғындалған қазақ зиялыларының тарихи көзқарасы Ш. Омарбековтың /7/, кандидаттық диссертациясында арнайы зерттелді. Мұнда зерттеуші тоталитарлық қоғамда ұлт зиялыларының маңызды тарихи мәселелердегі «сындарлы көзқарастарының кеңестік тарихи зерттеулерде қисынсыз қараланып келгенін» батыл түрде көрсетті.
Қуғындалған қазақ зиялылары өкілдерінің тарихи көзқарастарын жеке талдау мәселесі де соңғы жылдары кеңенен қолға алына бастады. Олардың арасында Э. Сейітовтың Ә. Бөкейхановқа және К. Қанафиннің Р. Мәрсековке /8/ арналған тарихнамалық еңбектерін бөліп көрсете аламыз.
1946-1991 жылдар аралығында Қазақстан ғылымы мен ғылыми иетеллигенциясы мәселелері Г. Рахымжанованың зерттеулерінде қарастырылды /9/.
Жеке адамдардың ғылыми мұраларын талдау ісі де Қазақстанда қолға алынып келеді. Оның ішінде С. Есқалиеваның Б. Сүлейменов өмірі мен ғылыми мұрасына арналған зерттеуін айтуға болады. Мұнда автор мәселені тарихи және тарихнамалық тұрғыдан қатар талдап шығу міндетін шешкен.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында баспадан шығып жатқан бес томдық Қазақстан тарихының әрқайсысы әр дәуірдің өзіндік тарихнамасын талдаудан басталатынын көріп отырмыз. Бұл дегенің болашақта жазылатын іргелі тарихи зерттеулер тарихнамалық талдауға әрқашан мұқтаж бола береді деген қорытындыларға итермелейді. Олай болса, тарихнама ғылымының маңыздылығы тарихи зерттеулердің өздері тәрізді арта бермек және тарихнама саласында жаңа зерттеулер өмірге келе бермек деп ойлаймыз.
Диссертация жұмысының мақсаты: Тарихтың әр қилы бұрылысында, әсіресе үлкен сілкіністер, күрделі қоғамдық құбылыстар тұсында ұлттық интеллигенция ұлттық мүддені толымды түрде білдіретін зор күшке айналып отырды. Осындай тарихи кезең - ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысы қазақ қоғамында ұлттық интеллигенцияның атқарған рухани жетекшілік қызметінің тарихына байыпты талдау жасау, ұлттық интеллигенцияның Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде алатын орны мен атқарған роліне баға беру болып табылады.
Нақты деректер негізінде қазақ қоғамында болып жатқан қиын-қыстау кезеңіндегі қазақ зиялыларының атқарған қызметін, идеялары мен бағыттарын қазіргі уақыт талабына сай шындық пен обьективті тұрғыдан жан-жақты зерттеу.
Алға қойған мақсатты жүзеге асыруда төмендегідей жекеленген міндеттерді бөліп қарастырамыз:
- зерттеу тақырыбына байланысты мұрағат құжаттары мен басқа да дерек көздерін айқындау, жинастыру және оларды талдау;
- қазақ зиялыларының мамандануына және ғылыми білім алуына тоқталу;
- қазақ әдебиеті мен өнері өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметтерін, көзқарастарын айқындау;
- ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтерінің зерттелу деңгейін қарастыру;
ақын-жазушылардың шығармашылығына байланысты еңбектерге тарихнамалық талдау жасау.
Зерттеу жұмысының деректік негізін: Тәуелсіздік алған жылдар аралығында Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналып жазылған және бұрынырақ жазылып, соңғы жылдары жарық көрген тархнамалық сипаттағы монографиялық, диссертациялық зерттеулер мен публицистикалық мақалалар, очерктер құрайды.
Диссертацияның деректік негізіне сондай-ақ ХІХ ғасырдағы орыс ғалымдары мен ХХ ғасырдағы кеңестік және шетел ғалымдарының сол кездері жарық көрген зерттеулері де кіреді.
Сонымен қатар шынайы деректік материалдар мен қорытындылар көп томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясындағы тарихи сипаттағы мақалалардан алынды. Олар тәуелсіз Қазақстан жағдайында жазылғандықтан, едәуір обьективті тарихнамалық қорытындылар жасауға себі тиді.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі - ХІХ ғасырдың ІІ жартысы - ХХ ғасырдың бас кезін қамтиды. Бұл кезеңде қазақ интеллигенциясы пайда болуының әлеуметтік-экономикалық, тарихи мәдени алғышарттары қалыптасты. Капиталистік қатынастардың орнығу дәуірінде білікті кадрларға деген сұранымның арта түсуі заңды құбылыс еді. Қоғамның тарихи дамуының обьективті барысы интеллигенцияның әлеуметтік категория ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай туғызды.
Зерттеу жұмысының методологиялық және әдістемелік негіздері. Қоғамды дүниетанымдық көзқарастардың, идеологиялық бағыт-бағдарлардың өзгеруіне байланысты қоғамдық ғылымдардың методологиясы да жаңартып өзгертуді қажет етеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тарихнамалық зерттеулердің методологиялық базасы болып, танымның жалпы методологиялық императивті статусын иемденуші тәуелсіз диалектикалық-материалистік, философиялық методология және нақты теорияның мазмұнынан туындайтын методологиялық принциптер жүйесі немесе нақты ғылыми методология синтезделген екі деңгей ретінде көрініс беруде. Осыған байланысты диссертацияның методологиялық негізіне жалпытарихтық принциптер мен тарихнаманың өзіне ғана тән принциптер алынды.
Нақтылап айтқанда, зерттеуде негізінен тарихилық принципін, яғни құбылысты (тарихнамалық фактіні) тарихи жағдаймен тығыз байланыста қарастыру, тарихи таным дамуының әрқилы кезеңіндегі өзгерулерді және мәселені шешуге дилектикалық тұрғыдан келу, яғни диалектикалық принцип пен ғылыми обьективтілік принциптері басшылыққа алынды.
Зерттеуде алға қойған мақсатқа жету үшін мынадай арнаулы тарихнамалық әдістер қолданылды: талдау, салыстырмалы-тарихи хронологиялық, өзектілік. Бұл әдістерден басқа мынадай жалпы ғылыми әдістер де қолданылды: дедукция, индукция, талдау, жинақтау, диалектикалық материализм.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Тарих ғылымында белгілі бір оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуде обьективтілік, диалектикалық таным, нақты тарихи жағдайды саралау, салыстырмалы зерттеу әдісі қолданылады.
Бұл еңбекте жоғарыда аталып өткен 1995 жылы қабылданған қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы методологиялық басшылыққа алынды. Ал онда былай деп атап көрсетілген: «Тарих ғылымының болашағын ойласақ, оны әдістемелік жағынан қайтадан жарақтандыру керектігі бірден көзге түседі, бұл үшін әлемдік тарихнаманың әдістері мен амалдарын кеңінен пайдалану қажет. Проблемалық, суреттеп жазу, салыстырмалы, құрылымдық . . . әдістерді, тарихи және сыни тұрғыдан талдауды, аналогиялық тәсілді т. б. әдіс - амалдарды қолдану - тарихтың түйінді тұстарына аса бай фактологиялық материалдарды шоғырландыруға жағдай туғызып, белгілі деген тарихи жағдаяттың өзін жаңаша талдап - түсіндіруге мүмкіндік берер еді, сөйтіп зерттеу жұмысына соны серпін туғызар еді».
Ғылыми жұмысымыздың арқауы саналатын тарихилық принципі - қарастырылып отырған кезеңнің тарихи жағдайын, процесстер мен құбылыстардың бүкіл жиынтығын, олардың даму серпінділігін сол проблемалардың өзекті де түйінді тұстарымен тығыз байланыстыра отырып ой елегінен өткізе зерделеу болып табылады.
Ғылыми-қолданбалық құндылығы: Зерттеу жұмысының нәтижесінде алынған тұжырымдар мен қорытындылар ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтерін түсінуге және оларға қатысты жазылған еңбектердің қай кезеңде қаншалықты жазылғандығын ұғынуға мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл диссертацияны оқулықтарға қосымша етіп, семинарларда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
- ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басы қазақ зиялыларының жаңа толқынының пайда болып, саяси кемелдену жолындағы белгілі бір тарихи кезеңі болғандығы;
Диссертацияның сыннан өтуі: Диссертацияның негізгі нәтижелері мен тұжырымдары ғылыми жинақта жарияланған. Ал олардың біршамасы жыл сайын болып тұратын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі жас ғалымдардың ғылыми конференциясында баяндалды.
Зерттеу жұмысыны аталған университеттің Деректану және тарихнама кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы: Қазақ зиялыларының тарихы мен тарихнамасына арналған ізденіс жұмысының бірі ретінде жазылған диссертацияда мынадай жаңалықтар бар:
-Қазақ зиялыларының атқарған іс-әрекеттері халықтың мүддесіне сай жүргізілгендігі обьективті түрде дәлелденеді;
-қазақ зиялыларының әрқайсысы өз дәрежесінде маманданып, отаршылдық күткен үмітіне қарамастан, туған халқының мүдделерін қорғағандығына, көрсеткен қамқорлықтарына арнайы талдау жасалды;
-қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты жазылған ғылыми еңбектерге тарихнамалық талдау жасалды.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспе, қорытынды бөлімдермен қатар екі тараудан, әр қайсысы екі бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен тұрады.
І-тарау. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары.
- Қазақ зиялыларының мамандануы жәнеғылыми білім.
Біз тақырыбымызды бастамас бұрын әл-Фарабидің интеллект туралы ойына тоқталуды жөн көрдік. Ол интеллект түрлі мағынада қолдануға болатындығын айтады. Және оларды атап көрсетеді. Бірінші-қарапайым сөзде, адам жөнінде, парасатты адам жөнінде айтқан кезде қолданылады. Екінші - әркім оны өзінше түсініп, мутакаллимдердің үнемі айтысқа түскенде айтатын мағынасында. Олар былай дейді: «Бұл өзі парасат растаған кезде айтылады», немесе: «Бұл парасат теріске шығарған кезде айтылады». Интеллект (сөзінің) Үшінші (маңынасы) Аристотелдің «Дәлелдеме» деген трактатында айтылған. Төртінші- мағынасы - тағы да сол Аристотельдің «Этика» деген еңбегінің алтыншы кітабында айтылған. Бесіншісі - «Жан туралы» трактатта. Алтыншысы - «Метафизикада» айтылған.
1. Қарапайым сөзде қолданылатын ол өзі парасатты адам дейтін кездегі (мағынасына) келсек, мұны интеллекция актысы деп түсінеді. Сонымен, - қосымша мысал ретінде - кейде оны (адамды) парасатты деп атайды, ал кейде оны бұлай атаудан тартынып қалады. Олар былай дейді: «парасаттыға сенім керек, ал олардың пікірнше, сенім дегеніміз қайырымдылық. Олар парасатты деп қайырымды адамдарды жақсылыққа асық, жамандықтан қашық адамды айтады».
Жұрт жамандық жасауға бейім адамдар жөнінде бұл эпитетті қолдана бермейді. Мұндай адамдарды «зұлым», «қу», тағысын тағы сондай атпен атайды . . . Сонымен, олардың пайымдауларынан шығатын қорытынды, қайырымды адам болудың үстіне, ақылды және тапқыр адам өзінің бұл сапаларын мадақтауға тұрарлық істер жасау үшін, немесе бұзақы істерден аулақ болу үшін қолданатын адам ғана парасатты адам деп саналады. Парасатты адам осындай /10/.
Осы түсіндірмесі біздің тақырыбымызға жақын келеді. Өз елі үшін қасық қанын төккен қазақтың біртуар ұлдары жамандық жасауға емес, керісінше алған білімдерін елінің тәуелсідігін алуына көмегі тиер деп күрескен адамдар ретінде әл-Фарабидің көрсетуінше интеллекттер қатарына жатқызуымызға болады. Біз енді осы инттелект аталған қазақ зиялыларының білім алған, оқыған кезеңдеріне тоқталып өтелік.
Қазақстандағы тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі С. Ж. Асфендияров өлкеде зиялыларының қалыптаса бастауын ХІХ ғасырға жатқызады /11/.
60-жылдардың орта шеніне қарай отандық ғылымдардың еңбектерінде Қазақстандағы социалистік құрылыстың түрлі кезеңдерінде зиялылардың жаңа тобының қалыптасуын, даму мәселелерін, олардың қызметі мен атқарған ролін неғұрлым кең ауқымда талдаушылық сипат алды.
ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының жоғары және арнаулы білім негізінде мамандық алғандығы туралы мәселеге тоқталмақпыз.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. Оның себебі Қазақстанда орта білімді мұғалімдер даярлайтын курстар мен училищелер болмаса, арнайы оқу орындары ашылмаған еді. Оның астарында патша үкіметінің отаршылдық саясаты жатқаны белгілі. Патша үкіметіне қазақ халқының мәдени деңгейінің өскенінен гөрі, оларды қараңғылықта ұстау тиімдірек болды.
Сонымен қатар қазақ балаларын оқытқан күннің өзінде өз мүддделеріне сай тәрбиелеуді көздеді. Оны Түркістан өлкесінің тұңғыш генерал - губернаторы К. П. фон Кауфман халық ағарту ісіне байланысты айтқан сөзінен көреміз: “халық ағарту құрылымында орыс пен түземдік балаларды бірге тәрбиелеу керек. Және де саяси - экономикалық зиянды болып келетін мұсылман мектептерін орыстық мектептерден бөлектеу үшін діни ерекшелікке байланысты емес, ортақ оқыту - тәрбиелеу жұмысын жүргізуіміз керек. Сол арқылы христиан және мұсылман балаларынан Ресей үшін пайдалы азаматтарды тәрбиелеп шығаратын ортақ бір ғана ереже бойынша жүргізілуі тиіс” /12/.
Халыққа білім беру жүйесін құру күрделі процесс болды және оның шектеулі сипатына қарамастан, ұлт зиялыларының жаңа өкілдерін қалыптастыру ісінде маңызды роль атқарды.
Алайда ХХ ғасыр басында 4 жылдық жергілікті халық мектебі, сондай-ақ гимназия әр жерден ашылып, онда оқыған қазақ балаларының саны арта бастады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz