«Жолдастар» романындағы кейіпкер тілі және автор тілінің І.Жансүгіровтің қазақ тіліндегі лексикалық бірліктер мен грамматикалық бірліктер


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Ілияс Жансүгіров шығармашылық дерекнамасына көз салсақ, жазушылықпен айналысқан жиырма жыл өмірі қазақ кеңес әдебиетінің алғашқы кезеңдерімен тұстасады, яғни ол қазақ кеңес әдебиетінің іргетасын қалаушы ретінде жас әдебиеттің жетістіктері мен табыстарының бәріне Ілияс ортақ. Осы әдебиеттің барлық жанрында Ілиястың үлесі бар. Сонымен қатар, аз да болса сын, әдебеттану ғылымына да араласқаны белгілі.
І. Жансүгіров терең ой, үлкен сезім поэзиясын жасаумен бірге, проза жанрында замандастарынан қалыспаған. Соның дәлелі - «Жолдастар» романы. Бұл роман - қаламгердің проза жанрындағы тұңғыш туындысы. Қамтыған кезеңі тарихи тұрғыдан да аса маңызды революция жылдары. Роман халықтың тұрмыс жағдайын, революцияға дейінгі өмірі мен төңкеріске себепші болған жағдаяттарды толық қамтып, сол заманының қаһармандарының ерлігін, таптық күресті туғызған факторларды, қала мен ауыл тіршілігін бейнелейді. Революция жылдарындағы сөз қолданысының ерекшеліктері халықтың таным-түсінігін, білімі мен білігін, саяси, мәдени сауаттылығының айнасы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, дипломдық жұмыс тақырыбы өзекті: «Жолдастар» романының тілі зерттеу нысаны болған емес.
Диплом жұмысының мақсат - міндеттері. «Жолдастар» романындағы кейіпкер тілі және автор тілінің І. Жансүгіровтің қазақ тіліндегі лексикалық бірліктер мен грамматикалық бірліктер мен құрылым-конструкцияларды қолдану ерекшеліктерін анықтауды мақсат ете отырып, төмендегідей міндеттерді атқару көзделді:
- Романдағы диалект сөздердің қолданысын анықтау;
- Автор тіліндегі және кейіпкер тіліндегі көнерген сөздердің қолданысының ерекшеліктерін анықтау;
- Автор тіліндегі және кейіпкер тіліндегі оқшау сөздердің мағыналық ерекшеліктері;
- Кірме сөздердің қолданылу ретімен, басымдылығының себебін сараптау;
- Қарапайым-тұрмыстық сөздердің түрлерін, қолдану ерекшеліктерін анықтау;
- Кейіпкер тіліндегі бірыңғай мүшелердің қолданылу ерекшеліктерін анықтау;
- Кейіпкер тіліндегі қайталамалардың стилдік қызметін анықтау;
- Романдағы жай сөйлемдердің стильдік қызметі;
- Романдағы синтаксистік конструкциялардың түрлерін анықтап, ажырату.
Диплом жұмысының зерттеу нысаны. І. Жансүгіровттің «Жолдастар» романының тілдік ерекшеліктері.
Диплом жұмысының дереккөздері. І. Жансүгіровтің «Жолдастар» романы; Қасенов Е. Тілдің қатысымдық және танымдық табиғаты. Жансүгіров поэзиясының тілі бойынша; Шаяхметова М. Х. Қазақ тілінің бірыңғай мүшелерінің стильдік қызметі; Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі; Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында сипаттама, салыстырмалы, концептілік талдау және жүйелеу, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 «ЖОЛДАСТАР» РОМАНЫНЫҢ ЛЕКСИКАСЫ
1. 1 «Жолдастар» романындағы диалект сөздер
Ілияс Жансүгіров - ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Тадықорган облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкерегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді. Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Карағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді. Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.
1920 ж. Ілияс Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер курсын бітіреді. Артынан Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының жанындағы қысқа мерзімді курсты бес-алты ай оқығаннан кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты аулына қайтады.
Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші» газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың кызметтен өзге уакыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңдері «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланады. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы шығады.
1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.
1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспассөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайраткері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, ССРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М. Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған. Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров кесепат-кесел репрессияға ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді.
Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе, ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс поэзиясы - ойға-қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, жас поэзия болса, арнасынан асқан асау өзендей дарын иесінің прозасы да мәңгі ұрпақ жадынан өшпес мұра болып қалды. І. Жансүгіровтің проза жанрындағы тырнақ алды туындысы - «Жолдастар» романы.
«Ілияс проза жанрында да замандастарынан қалыспаған, уақыт талабын жіті түсініп, ұлтын ұлықтайтын күрескерлік тұлғасын танытып, салты мен дәстүрін, этнографиялық құндылықтарын қастерлеп, тарих тамырын бойлай таза, еркін, поэтикалық кең көлемде суреттеп, уылжыған тілмен баяндап беруге, ел бостандығы, халық бақыты, ұлттық арман жолындағы кескілескен айқастың от-жалынына қақталған, шыңдалған, жаны кіршіксіз таза, арыстан қайратты, жанды адамның, әдімі адам, үлгілі жаңа адамның бейнесін алғашқылардың бірі болып жасап берді. Ілекеңнің проза жанрындағы басты кітабы - «Жолдастар» романына ол үлкен дайындықпен келген» [2, 30] .
«Жолдастар» романы прологтан және «Бастау», «Ағын», «Толқын», «Тасқын» атты тараулардан тұрады. Жазушы аталмыш романда халық тұрмысы мен өмірінің сан саласын қамтыған. Мәселен, ауыл өмірі, қала халқының тұрмыс-тіршілігі, завод, шахта, пристань, темір жолда істейтін қара жұмысшылардың жай-күйі, майданда қара жұмысқа жегілген қазақ жігіттерінің ерік-жігері бір романның өн бойында сайрап тұр. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кесапаты, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы революциялардың қазақ даласына әсері - бұл романның мазмұнын айқындайтын бағаналы оқиғалар. Оқиғаның болған уақытынан-ақ шығармада көтерілген мәселелердің маңыздылығын, қомақтылығын байқауға болады. Себебі бұл жылдары қазақ тарихындағы орасан өзгерістер белең алған, әкелген зардабы мен қиындығын халық сан ғасырлар бойы ұмытпайтын кезең еді.
Романдағы кейіпкерлердің саны да, олардың тұрмыс-тіршілігі, айналысатын кәсіптері мен көзқарастары, ұлты мен таптық жағдайы да сан қилы. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде болмаған образдарды І. Жансүгіров «Жолдастарда» суреттеді. Мәселен, Ілиясқа дейінгі әдебиетте көшпелі халық, ауыл өмірі сипатталатын, ал «Жолдастар» романында қаланың тұрмысы, өндірісте, құрылыста, параходта істеген жұмысшылардың күйі, майдандағы қазақ жігіттерінің қара жұмыстағы хал-жағдайы арқылы жазушы тақырыптық шеңберді кеңейтті, жаңа образдардың тууына түрткі болды.
«Жолдастар» романының негізгі идеясы - бостандықты, азаттықты дәріптеу. Халықтың бостандыққа деген ерік-жігерін қайрау, күреске шақыру. Ұлы күрестің жемісі - теңдік пен еркіндік екенін көрсету.
Оқиғалар идеяны арқау етіп, бірінен соң бірі туып отырады. Байдың малын бағып, жалшылықта жүріп күн көрген жас жігіттердің тағдырын түйістіріп, олардың жүріп өткен қиыншылыққа толы өмір жолының түбі революцияға қалай келгенін жазушы еш боямасыз баяндайды. Романның бірінші бетін ашқан сәттен бастап, қара халықтың ауыр тұрмысы суреттеледі.
Қазақ халқының революцияға келу және қатысу процесінің күрделі бір асуы жоталанған бұл шығармада дәуірлік шындықты жазушы негізінен Сатан, Мәмбет, Мардан образдары арқылы ашқан. Бірінші тарау «Бастау» толықтай Сатанға арналған. Сатан - ең әуелі саудагер, бай Шалматайдың, одан соң Шаяхмет байдың жалшысы болған ауыл пролетариатының өкілі. Сатанның жалшылықтан шаршап, күн-көрінгеннің түртпегіне тойып, бостандықты аңсап, сол бастан кешкен қиындықтар арқылы күрес жолына түскен азамат болса, одан кейінгі тарауларда танысатын Мәмбет пен Мардан - кез келген жерде күн көру қамымен еңбегін жалдап жүре берген жалдамалы жұмысшы. Бәрі де - еті тірі, пысық жандар. Ілияс Жансүгіровтің кейіпкерлері революция жолында бірден тартысқа түспейді, олар қиындық пен қасіретті, жаман мен жақсыны, жалшылық пен кедейліктің ащы дәмін тартып, қоғам ағымына бірте-бірте баяулап қосылады. Бұдан қорытатынымыз, «Жолдастар» - барынша реалистік көзқарас негізінде жазылған, өмірдің шындығын бейнелейтін өз заманының үздігі.
Әр қаламгердің өзіне тән стилі, сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері болады. Қаламгер ойын жетелейтін қуатты құрал - тіл, шұрайлы сөз. Шұрайлы сөз - халықтың тіл байлығы. Сол сөз байлығын әр қаламгер өз тұрғысынан қолданады.
І. Жансүгіровтің шеберлігі - қарапайым сөздермен өз ойын оқырманына бейнелі, айқын, мәнерлі етіп жеткізуінде. Жазушы шығармалары мағынасы, көркемдігі, тілі жағынан жатық, қазақы.
Көркем әдебиет қоғамдық өмір қалыптастырған әлеуметтік топтардың қоғамдағы алатын орнын, өзара қарым-қатынастар мен өзіндік ерекшеліктерін көрсетуде бірінші кезекте сол топтардың тіліне тән тілдік элементтерге иек артады. Мұндай тілдік құралдар көркем шығармада ортақ кәсібі мен тұрған жері, өскен ортасы т. б. жағдайлар біріктірген адамдар тобының әлеуметтік ерекшелігінен хабар беретін стильдік көрсеткіштер болып табылады. Көркем образ жасауға апаратын жолдағы көптеген амал-тәсілдер қатарында адамға тән түрлі характер мен оның қалтарыстарын көрсетуде жазушы үшін үлкен маңызға ие нәрсе - кейіпкер тілін «өзгермеген» қалпында пайдалану. Қоғамдағы өзі кіретін әлеуметтік топ пен өз ортасы атынан сөйлейтін кейіпкер ешқандай әсірелеу, боямасыз-ақ өз келбеті мен бітім болмысынан, білімі мен қабілетінен хабар беріп, тіл арқылы өз орнын айқындайды. Бұдан кейіпкер бейнесін сомдауда тілдік құралдардың қаншалықты маңызды екендігін, сондай-ақ, тіл мен әдебиет арасындағы байланысты айқын аңғарамыз.
«Көркем тексті өнер туындысы ретінде зерттегенде таза лингвистикалық әдіс-тәсілдермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Себебі, көркем туынды (көркем текст), даралық көркем стиль жазушы шығармаларының көркем құрылысы ғана емес, әр жазушының шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері. Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптері мен әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен, соның ұғымдары, категорияларымен, прициптері және әдіс-тәсілдермен ұштастыру қажеттілігі туады» [3, 17] . Тілдік ерекшеліктерді туғызудағы негізгі факторлардың бірі шығарма кейіпкерінің қоршаған орта қалыптастырған дүние танымы мен өмірге деген өзіндік көзқарасы, көрген - білгені мен оқып-түйгенінен туған адами позициясы образ жасаудағы жазушы ескеретін бірден-бір жайт болып табылады.
Көркем туынды - қоғамның айнасы. Тіршілік иірімдеріндегі адамдар тағдырын бейнелеп, образдар галереясындағы олардың қайталанбас портреттерін жасау үшін жазушы кейіпкердің жеке басына тән барлық белгіні пайдалануға тырысады. Ол белгілердің қатарына тілдік ерекшеліктер де кіреді. Яғни ана сүті, әке өсиетімен дамитын ұлттық белгілерден бастап, мекен еткен жері мен кәсібіне байланысты тілдік ерекшеліктер, сондай-ақ, жас мөлшері мен әлеуметтік сипатын танытатын білім деңгейі, осы айтылғандарға қатысты сөз саптауындағы тілдік өзгешеліктер назардан тыс қалмайды. Оның сыртында әр адамның сөйлеу мәнеріндегі индивидуалдық даралық образ сомдаудағы ең қажетті құралдардың бірі болып табылады.
Кез келген тілдік құрал көркем шығарма тілінде жөнсіз, қисынсыз қолданылмайды. Ондағы (көркем шығарма тіліндегі) күрделі синтаксистік құрылымдары, мағыналық топ құрайтын сөздер, жеке дыбыстар, фразеологизмдер - бәрі де жазушы талғамымен көркемдік идеяға қызмет ету үшін тартылған тілдік құралдар болып табылады. Мағынасы айқын аңғарылатын, стильдік бояуы бірден көзге түсетін сөз бен сөз тіркесі, сөйлем стильдік фон жасауға қатысатын белсенді тілдік бірліктер қатарына жатады. Әр функционалды стильдің өзіндік мағынасы мен бояуы жағынан ажыратылмайтын стильдік қабаты болады. Дыбыстық қабаттан мәтінге дейінгі аралықтағы тілдік бірліктердің стилистикалық қызметін талдау көркем шығарма тілінің өзіндік ұйысу ерекшеліктерін, олардың жасалу жолдарын, көркемдік құралдардың лингвопоэтикалық қызметін анықтауға жағдай туғызады.
Осы орайда І. Жансүгіровтің шығармаларындағы қарапайым сөздер, диалектизмдер, этнографизмдер, кірме сөздер мен стильдік қызметтеріне талдау жасаудың қаншалықты маңызды екендігін аңғарылады.
Қаламгер шығармаларында жалпы халықтық тілдің лексикалық байлығын шебер жұмсайды. Күнделікті қолданылып жүрген сөздер арқылы шындықты дәл көрсетіп, айқын да бейнелі, адамдардың ой сезіміне әсер ететін образдар жасайды. Кейіпкер тілінде қолданылған эмоционалды- экспрессивтік бояуы басым сөздер қаһарман бейнесін сомдауға жұмсалған. І. Жансүгіровтің прозасы тілінің лексикалық қабаттарын төмендегіше топтастырып қарастыруға болады: диалектизмдер, қаратпалар, кірме сөздер, көнерген сөздер, т. б.
Көркем әдебиеттің негізгі құралы - тіл. Ұста металды, суретші бояуды қандай жақсы білсе, жазушы тілді сондай жақсы білуі керек. Онсыз ол өзінің ой-сезімін, өмір тәжірибесін басқаларға суреттеп жеткізе алмайды, өмір картинасын, адам образын жасай алмайды. Тіл, әрине, жалпы ұғым. Тіл - сан сөздердің жиынтығы. Ол сөздердің ішінде терең ой, сұлу сындар, нәзік сезім, асқақ көңіл, өжет ерлік, тағы басқа адам мінезіне тән ерекшеліктерді суреттеуге керекті тамаша көркемдері бар. Солардың ішінен ең жақсыларын таңдап, талғап алудың және оларды сөйлемде орнын тауып қиюластыру, қалай білудің негізінде көркем әдебиет жасалады. Көркем тіл, көркем сөздердің түрі көп.
Көркем тіл, образды сөздерді білу тек жазушылар үшін ғана емес, әрбір сауатты адамның бәріне керекті. Өйткені әрбір адам өзінің ой-сезімін басқаларға білдіру үшін барынша көркем сөздерді қолдануға тырысады. Ол - табиғи нәрсе. Сондықтан оны түсіну, білу әр адамның өзі үшін керек.
Екінші, тілді білу - көркем шығармалардың жақсы, жаман жақтарын жыға танып, терең түсіне білу деген сөз. Өзіміздің ана тілімізде жазылған нәрсе ғой, түсінбестік несі бар деп ойлаймыз. Шынында, олай емес. Көп сөздердің астарлы мағынасы болады. Демек, сөз шеберлерінің бүркегенін ашып, бүккенін жазу үшін де көркем тілдің ерекшеліктері мен жасалу жолдарын тексере білуіміз қажет.
Үшінші, әдебиетті оқытушы, зерттеушілер үшін де көркем тілдердің жасалу, даму жолдарын, ерекшеліктерін терең түсініп, жақсы білуі керек. Сайып келгенде, әдебиеттің көптеген теориялық мәселелері - жазушылардың көркем тілді қандай дәрежеде біліп, қалай меңгерулеріне тіреледі. Өйткені көркем әдебиеттің негізгі құралы - тіл.
Жазушылар адам образын да, көркем сюжетті де, жеке адамға тән мінезді де, күйініш-сүйінішті де, табиғаттың әдемі көріністерін де тіл арқылы жасайды. Тілсіз көркем шығарма жоқ. Тілге мән бермеу не оны білмеушілік әдебиеттің даму процесіне де көп кеселдік келтіруі мүмкін. «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Жақсыны жаманнан, асылды жасықтан айыру үшін әдебиетші, сыншылар көркем тілді өздері жақсы біліп, толық меңгеруі - басты шарттардың бірі. Өзі жақсы білмей тұрып, біреуге білім үйретуге болмайды. Міне, осы айтылғандардың бәрі де көркем тілді кең зерттеп, терең түсінуімізді қажет етеді.
Жазушы халықтың бай тілін шетінен алып пайдалана бермейді. Солардың ішінен ең керектілерін талғап, таңдап, сұрыптап алады. Өзінің ой-сезімін оқушыларына жеңіл, өткір етіп жеткізе алатын жайнақы сөздерді таңдайды. Қандай өмір құбылысын суреттемек, қандай әдеби мінез жасамақ, олар қандай орта, қандай әлеуметтік топтың өкілі - бұл жайт жазушылардың сөз таңдау ісінде шешуші мәселенің бірі. Жазушылардың қойын кітапшасында жазылған сан түрлі сөздердің болуы да осыны дәлелдейді. Образ - тип белгілі бір ортаның өкілі болғандықтан, ол өз ортасына тек іс-әрекетімен ғана емес, өзінің тілімен де, сөйлеу ерекшелігімен де тән болуы керек. Онсыз ол жекеленіп, ерекше көзге түсе алмайды. Сондықтан жазушылар өзінің келешектегі қаһармандарының әрқайсысына лайықты сөздерді тере жүріп, өзінің шығармасында пайдалану арқылы типтік ерекшеліктер жасайды.
Ақын-жазушылардың шығармаларында кейіпкер тілінде жергілікті тіл ерекшеліктерінің кеңінен қолданылуы - шығарманың құндылығын арттырады.
Ғылыми тілмен айтсақ жергілікті тіл ерекшеліктерін диалектизмдер дейміз. Диалект - жергілікті немесе әлеуметтік негіздерде бөлінген ұжымдардағы аралас-құраластық жасау құралы ретіндегі тіл ерекшелігі. Диалект - тілдің тууы мен өмір сүруінің аса маңызды формасы, ол шаруа, тұрмыстық және өндірістік қарым-қатынастар жасауының негізінде пайда болған алғашқы ұлттық тілдің ерекше белгісі. Тілдің әркелкі түрлері: онда әдеби тіл және жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектілер), ауызекі тіл және арго (толық емес, редуцирленген - сөздік деңгейіне дейін қысқартылған тілдік жүйе) бар екендігі белгілі. Диалектизмдер туралы Х. Нұрмұханов: «Бұлар, белгілі бір аймақ тұрғындары үшін атқаратын қызметіне қоса, әдеби тіл үшін де, әдебиет тілі үшін де қажет қазына» [4, 120], - деп орынды атап көрсетеді.
Көркем әдеби стилінде кейбір диалектизмдер әдеби тілдік баламасы бола тұрса да қолданылады. Бұл - таза стильдік мақсатпен байланысты мәселе. Кейде бір сөйлемде бір сөзді екі рет немесе одан да көп қайталап қолдануға тура келеді. Егер ондай әдеби сөздің жергілікті халық тілінде диалектілік сыңары бар болса да оны жазушылар көркем әдебиет стилінде қолданады.
Кейіпкерлерінің тілін бейнелеуде жергілікті ерекшеліктер қолданылады. Орынды, мақсатты түрде қолданылған жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің эстетикалық мәні контекстегі қолданысы мен ішкі уәжділігі негізінде айқындалады. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуы белгілі бір аймақтың колоритін, шығарманың шынайылығын бере алмайды. Сонымен қатар әдеби тілде жергілікті ерекшеліктерді шамадан тыс қолдану да шығарманың тілін шұбарландырып, түсініксіз етеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz