Алашорда және қазақ әдебиеті


Алашорда және қазақ әдебиеті
Қазақ әдебиетінің тарихын, көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер сала қараған адам сол дәуірдің бәрінде де жалғасып үзілмей келе жатқан бір ұлттық идеяны көреді. Ол-халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған. Мұның тегі арғы түркі мұраларынан бастау алатыны даусыз. “Күлтегін” жырында кездесетін “әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым” деген сөздер сол халық мүддесі жолына өмірін арнаған, жанын да қиюға дайын батырдың монологы. Осы ұлт мүддесі үшін ол сыртқы жаумен алысады, елінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға тырысады.
Таза қазақ әдебиеті туған кезде, хандық дәуірде бұл идея үзілген де, бәсең тартқан да емес. Бұқар жырау өзінің тілек өлеңінде: “Желкілдеген ту келіп, Жер қайысқан қол келіп, Сонан сасып тұрмауды”, “Алпыс басты ақ орда, Ардақтаған аяулың, Күнінде біреуге тегін олжа болмауын” тіледі. Мұның бәрі сахарадағы көшпелі елге көз тіккен сыртқы көршілерден сақтаудың, тәуелсіз болу үшін керек бірлік пен ынтымақтың сөздері болатын.
Орыс отаршылдығы кезінде бұл идея ашық та, тұспалдау жолмен де айтылды. Ашық дейтініміз, байырғы қазақ жерін біртіндеп жаулап, елді атақонысынан айыра бастаған саясатқа қарсы наразылық сөзі еді. “Еділді тартып алғаны - Етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны - Жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны - ойдағысы болғаны”, дегенді Мұрат ақын айтты. Махамбеттің Жәңгірге қарсы күресінің негізінде отаршылдыққа қарсылық жатқаны белгілі. Ол да елі, жері үшін қырқысты. “Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік”, деп тебіренді. Бірақ мұндай ашық күрестің жолы болған жоқ. Ел отаршылдыққа мойын ұсынды. Бірақ тәуелсіздікті аңсау тоқталмады. Іштен тыну, заманның өзгерісін көріп торығу - “Зар заман” сарынын туғызды. Ақындар уытты сөзін Жәңгірге төккен Махамбетке ұқсап, ел басындағы әкімдерге арнады. Солардың “Әбілпейіз, Абылай - екі асыл сұңқардың” (Дулат) ел ұстау дәстүрінен айырылып қалғанын, жаудың қай жақтан келетінін аңғармай, дұшпанына қызмет істеп отырғанын сынады. Еспембет сияқты батырлардың өтіп кеткенін, енді ондай ел қорғар арыстардың жоқтығын күңірене жырлады. Абай мен Ыбырай халық басына түскен осы ауыртпашылықты көрді. Бірақ олар орыстармен ынтымақтаса отырып, солардың мәдениетін, білімін, ғылымын игеріп, сол арқылы теңдікке, тең тұруға жетіп барып, тәуелсіздік аламыз деп ойлады.
ХХ ғасырдың басында қазақ киген отаршылдық қамыты қатайып, мойын бұрғызбай, күшейе түсті. Жергілікті халықты орыстандыру, шабындық, егіндік, шұрайлы жерлерді тартып алып, Орталық Ресейден әкелінген жерсіз шаруаларды қоныстандыру саясаты жедел жүрді. Дамудың мешеу күйінде тұрған елді отаршылдық пен ұлттық езгі екі жақты қыспаққа алды. Қазақ елінің болашағына қауіп төнді.
Мұндай жағдай бір біздің басымызға ғана емес, Ресейге бодан болған бұратана халықтың бәрінің басына туды. Ресейдің ішкі өмірінде жағдай ауырлап, наразылық күшейді. Оған капиталистік қарым-қатынастардың шиеленісуі, империализмнің өрістеуі себепкер болды. Патшаға қарсылық ұлғайды. Реакция бұл толқуларға қарсы дөкір саясат ұстанып, халық толқынын күшпен басуға тырысты. Мұның аяғы ХХ ғасыр басындағы буржуазиялық революцияларға алып келгені белгілі. 1905-1907 жылдардағы алғашқы орыс революциясы тұсында-ақ “бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық жолындағы қозғалыс тасқыны құрсауына енді” деп жазды Ә. Бөкейханов.
Осындай, қазақ халқының ояна бастаған тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күресі туын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі - қазақтың ұлттық әдебиеті болды. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып, оны саяси күрес идеясымен толықтырды, отаршылдықты, ұлттық езгіні айыптады, халықтың қараңғылыққа қамалып отырған күйін көріп күйініп, оны өнер-білім үйренуге шақырды. Ұлы революционер-демократ А. И. Герцен ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің қоғам алдындағы еңбегін зор бағалай келіп, “бұл әдебиет саяси бас бостандығы жоқ елде жан ашуын айтатын бірден-бір трибунаға айналды” деген еді. Біздің әдебиетіміз де ХХ ғасыр басында осындай үлкен қоғамдық міндет атқарды. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың осы әдебиеттің басы-қасында болуы, ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы-біздің әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Қазақ халқының патриархалдық мешеулікке байланып, орыс отаршылдығының езіп-жаншуы күшейген тұсында қиналған қандастарының жан ашуын алдымен осы екеуі айтты. Халқына жаңа сөз арнады. Бірі сөз тыңдауға салғырт надан қандастарының құлағына маса болып ызыңдап, екіншісі бар даусымен “Оян, қазақ!” деп жар салды. ХХ ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды. Халық бостандығы тақырыбына жыр жазған ақындардың барлығы да Ахмет пен Міржақыптың кең қолтығының астынан өрбіді. Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды.
Ахметтің ақындығы 1909 жылғы Петербургте басылған “Қырық мысалдан” басталады. Бұл И. А. Крылов шығармаларының аудармасы еді. Алайда, Ахмет кітабында орыс мысалшысының тәржімешісі дәрежесінде қалып қоймады, шығарма сюжеті мен идеясын қазақ жағдайына ыңғайлап, қоғамдық әділетсіздік пен адам мінез-құлқындағы ұнамсыздықты тұспалдап айтты, оған қарсы үн таратты. Ал, “Маса” (1911. Орынбор) кітабында заман жайлы ойларын көркем бейнелей отырып жеткізді. Ол ұлт тағдырын, оның бостандығы идеясын, қанау астындағы күйін шебер суреттеп, адам бойындағы азаматтық сезімді, намысты оятуға қызмет етті.
Бүкіл өзінің саяси-қоғамдық, ағартушылық және әдеби-публицистік қызметінде Ахаңның қасында болған идеялас жолдасы, сенімді досы және інісі Міржақып Дулатов еді. Бұл екеуінің өмірінде де ұқсас жайлар көп. Екеуі де орыс мектебінде білім алып, ауылдық мектептерде мұғалім болудан бастады. Елді оқу-білімге үгіттеп, патша әкімшілігінің зорлық-зомбылығына қарсы күреске дайындады. Екеуінің саяси-революцияшылдық қызметі де қатар басталды. 1905 жылғы орыс революциясы күндері Қарқаралыда болған халықтың демонстрацияға, Оралдағы конституциялық-демократиялық партияның съезіне қатысты. Міржақып сол съездің жұмсауымен 1906 жылы Петербургке барып “Серке” атты қазақша газет шығаруға араласты. Газеттің 1907 жылғы бірінші санында “Жастарға” деген өлеңін бастырды. Екінші санында “Біздің мақсатымыз” атты мақала дайындады. Онда Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар жазылғандықтан, газет кәмпескеленіп, таратылмай өртеліп кетті. Полиция күзетінің мәліметінде мақала “қазақ халқын жергілікті және орталық өкіметке қарсы қою рухында жазылған” делінген.
Дулатовтың ақындық, публицистік қызметі де осы тұстан басталады. 1909 жылы ол атақты “Оян, қазақ!” атты өлеңдер кітабын жариялады. 1911 жылы қайта басылған кітапты патша әкімшілігі елге тараттырмай, баспаға айып салды, авторын түрмеге жапты. Петербургтегі баспасөз істерінің кеңесшісі В. Д. Смирнов кітапты оқып отырып, оның мазмұнынан “Серке” газетінің екінші санындағы мақалаға ұқсас ойларды тапқан.
Осы сияқты қуғынға қарамастан, М. Дулатов өзінің әдеби-публицистік қызметін тоқтатқан жоқ. “Бақытсыз Жамал” атты роман (1910), “Азамат”(1913), “Терме”(1915) кітаптарын жариялады. Түрмеге бір түсіп, бір шығып, өмірін қуғын астында өткізген ол ақыры 1913 жылдан бастап Орынборға тұрақтап, Ахметпен бірге “Қазақ” газетін шығарысты.
Ахмет пен Міржақып шығарған “Қазақ” газеті олардың көркем туындыларында көтерген идеяны ашық публицистика тілімен халыққа тікелей жеткізуге қолайлы жағдай туғызды. Қос арыс сол бір аласапыран тұста қазақ халқының тағдырына қатысты оқиғаларға өз көзқарастарын ашық білдіріп отырды. Қазақ қоғамының дамуында ұлттық демократиялық бағыт ұстанды. Патша саясатының қатал сыншысы болды. Бірақ орыс халқына теріс көзқарас ұстанған жоқ. Ұлтаралық сөзге, іске бармады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне, майданға солдат беру мәселесіне, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелерге қатысты ой-пікірлерінде олардың үлкен азаматтық, қайраткерлік тұлғасы танылады. Осындай мақалаларды бірге жазысқан Ә. Бөкейханов та қайраткерлігіне қоса әдебиет мәселесін жетік білетін адам еді. Оның әдеби-сын мақалалары, зерттеулері әдебиеттік фактілер негізінде қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғау идеясына құрылды. “Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған “Қазақ” газеті болатын”, деп М. Әуезов тегін жазбаған.
“Қазақ” газеті ұлт-азаттық қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда құрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді.
Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен ойы бар, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С. Торайғыров, М. Жұмабаев, С. Дөнентаев, М. Сералин, С. Көбеев, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, М. Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты.
Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды. “Таныстыру” (1918) поэмасында “Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов . . . бірі - Күн, бірі - Шолпан, бірі Айым” деуінің де сыры осында. “Әлиханның Семейге келуі” (“Сарыарқа”, 1917 жылғы 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт елдің “еңбегі сіңген ерін” күтіп алғанын суреттей келіп: “Ол ері - елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді”, - деп жазды. Осы сөздердің өзі-ақ Сұлтанмахмұттың Әлихан бастаған іске тілектестігін танытады. Ол Алашорда құрылған күндері “Алаш ұранын” жазып, патшаның құлауына, елдің автономия алуына қуана үн қосты. Сұлтанмахмұт шығармашылығы ақынның заман туралы үлкен толғанысынан туады. Әсіресе, оның романдары реалистік өнердің күшімен XX ғасыр басындағы қазақ елі өміріндегі қайшылықтар мен рухани сілкіністі кең бейнелейді. “Қамар сұлуда” ол қазақ әйелінің тағдырына үңіле отырып, ескі ауылды құрт аурудай есеңгіреткен, тоздырып бара жатқан қараңғылықты, әдет-ғұрыптың кертартпа жақтарын ашына сынай суреттесе, “Кім жазықтыда” қазақ қоғамы жайлы ойларын ел билігін ұстаған адамдардың әрекеті арқылы көрсетеді. Әжібайды жаңалық атаулыға бөгет болып, ескі тіршілікті бар күшімен қорғап отырған ауыртпалықтың шындық бейнесіне айналдырады. Ақынның “Шындықтың ауылын іздеп шығуы да” заман, уақыт әсері.
Сұлтанмахмұтпен бірге Алашордаға қатысып, оған арнап өлеңдер жазған ақын Сәбит Дөнентаев еді. Оның өлеңдерінде қазақ халқының тағдыры мен ішкі өмірінің қайшылықтары терең қойылды. Ақын патшалық Ресейдің бодан халық жөніндегі саясатына сенімсіздікпен қарап, әкімшіліктің зорлық-зомбылығына қарсы үн көтерді. Ол өмір шындығын аллегориялық әдіспен, тұспалдау жолымен суреттеді. Заманның азулы мен тырнақтынікі екенін көрді. Адам төзгісіз тығырыққа тірелген халықты бірде бір жағы өрт, бір жағы жар ортасында тұрған бейнеде, бірде биік таудың тасасына тығылған мүсәпір күйде бейнелейді.
Кез келіп арыстанның арбауына,
Тап болып қу түлкінің алдауына,
Бірі ойнап, бірі шындап итермелеп,
Тықсырды жердің биік жарлауына.
Немесе:
Біз келдік биік таудың, панасына,
Жаһанның сыймай сахара даласына.
Құйын мен жел, дауылда аман-есен,
Биік тау, бізді сақтап қаласың ба?
Тынышты алып төбемізге тас құлатып,
Әлде өзің тырнағыңды саласың ба? -
деген жолдар Сәбиттің отаршылдыққа деген көзқарасын айқын танытады. Ақыры биік тау пана бола алмады, төбесіне тас құлатып, тырнағын салды. Қазақ биік жар мен өрттің ортасында қалды.
Дәуірдің негізгі оқиғаларына өзі куә болып, ой елегінен өткізген, елі мен жерінің тағдыры қатты толғантқан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ол отаршылдық психологияға қарсы болып, қазақтың еркін өмір сүруін қалады. Оның өлеңдері ой еркіндігінен туатыны да осыдан.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер
Істей берсін қолдарынан келгенін.
Мағжан отаршылдыққа қарсы түркі халықтарының бірлігін көтерді, шығыстың абыройын көкседі.
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Ер түрік ен далаға көрік еді.
Отырса, көшсе, қонса, ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында
Іргесі жел - күн тимей берік еді, - дейді ол “Орал тауы” өлеңінде.
Жүсіпбек пен Мұхтардың “Алашқа” қатысы, тілектестігі бұрыннан белгілі. 1918 жылы Семейде Алашорда жұмысына араласып, екеуі “Абай” атты журнал шығарды, елдіктің, тәуелсіздіктің туын көтерген өлең, әңгімелер, мақалалар жариялады. Жүсіпбектің “Ұран”, “Әскер марсельезасы” өлеңдері сол тұста жазылған. Олар қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артты.
Жүсіпбек пьесалары мен романдары қазақ халқының ел болуын, тәуелсіздік жолымен дамуын, оның оянып, есейіп келе жатқан жаңа адамдарын бейнелеу мақсатын көздеді. Ол шын мағынадағы еуропалық үлгідегі бірінші қазақ романын жазды. “Қартқожа” мен “Ақбілек” арқылы халық ішінен шығып, ұзақ өмір талқысынан өтіп барып жолын тапқан жас ұрпақтың өкілдерін көрсетті.
1917 жылғы бір мақаласында Мұхтар Әуезов: “Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тізгін мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді . . . Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға киліктік”, - деп жазыпты (“Алаш”. 1917 жыл, 30 наурыз) . Автор ұзақ жылдар бойы отаршылдықтың халықтың мінез-құлқына, әдет-ғұрпына жасаған өзгерістерін - құлдық психологияны, ұйымсыздық, ұсақтық, рушылдық, жікшілдік, парақорлық, арызқойлық, әйел халіне теріс көзқарас сияқты кеселдерді атап көрсетті. Ол Кеңес үкіметінің алғашқы шараларын осы жағдайды түзеуге пайдаланбақ болды. Жаңа жағдайда отаршылдық көзқарастың жалғасуына, заманның келеңсіз өзгерістеріне наразылығын Семейде, Орынборда кеңес жұмыстарына қатысып жүргенде-ақ талай байқатқан. Сондықтан да қазақ обкомы оған: “Партия жұмысына дұрыс қарайды, бірақ тәртібі нашар. Ұлтшылдықпен ауырады, ұлт мәселесін өзінше түсінеді. Революция ісін тұтас бір ұлттың мүддесіне пайдалануға тырысады”, - деп мінездеме берген. Бұл жағдай М. Әуезовтің Орынбордағы партия ұйымы басшыларымен келісе алмай, партия билетін тапсырып, Ташкентке кетіп қалуына себеп болған. 1926 жылдың өзінде “Қаракөз” пьесасының прологында көпті көрген Тарих деген шалдың атынан айтылған монологта жазушы заман өзгерістеріне сыншылдықпен қарап, қазақтың ертедегі еркін өмірін қызықтайтынын білдірді. “Сарыарқадай, сары жайқын даланың кешегі бір кезде өскен сері жігіті, еркін қызы шығады. Хан - қара, би мен бек, ана мен баланың қиялын тербеткен жыршысы шығады. Заманның жігіт, ерке тотысы келеді, танырмысың, танымассың.
Ол аса бір соққан желдей, алыста сары белдей, Арқаның ақ төсінде ақ айналы көлдей, толықсып аққан селдей, шырқап кеткен келмей, алыстағы асқардай, алқынсаң да келмейтін аршындап өткен заман ғой. Сол күн есіңде қалмады ма екен? Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен? Қайғылы сары өзен сыбызғы үнін ойлай ма екен?
Бүгін дала жай болып сарылған, бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы: жел шалқып еспей күңіренеді, домбыра күй тартпайды, жылайды, қыз ән шырқатпай сыбырлайды”, - дейді Тарих-шал сахнаға шығып.
Халықтың дербестігін сақтау, ұлттық намыс, ұлт абыройы Мұхтардың өмір бойғы арманы болып кетті. Ол халқын, оның елдігін, көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге паш етті.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz