Ноғай ордасының құрылуы және ішкі саяси жағдайы


М А З М Ұ Н Ы
Кіріспе . . . 2-5
І тарау
Ноғай ордасының құрылуы және ішкі
саяси жағдайы . . . 6-24
ІІ тарау
Ноғай Ордасының халықаралық жағдайы және
сыртқы саясаты . . . 25-38
ІІІ тарау
Ноғай Ордасының әлеуметтік-экономикалық
жағдайы және мәдениеті . . . 39-52
Қорытынды . . . 53-54
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 55-57
К І Р І С П Е
Тақырыптың өзектілгі. Еділдің төменгі ағысы, Оңтүстік Орал тауы, Батыс Қазақстан территориясында қалыптасқан Ноғай Ордасы ХҮ-ХҮІ ғасырларда Еуразиядағы жетекші саяси күштердің біріне айналды. Оның күш-қуатының кемеліне келген кезі ХҮІ ғасырдың екінші ширегіне тура келеді, одан кейінгі кезеңде мемлекеттің құлдырауы басталып, ақыр соңында ыдырап бітті.
Халқының санының көп болуы, соған сәйкес орасан зор атты әскер ұстауы, билеушілерінің дипломатиялық шеберлігі, трансконтинентальдық сауда жолдарына бақылау жүргізуі және басқа да факторлар Еділ-Жайық арасындағы Орданы соңғы ортағасырлық халықаралық қатынастардың маңызды буынына айналдырды. Оның билеуші билерімен Мәскеу мен Бақшасарайда отырған монархтар санасты. Қазан, Астрахань және Сібір хандары Ноғай Ордасына көп жағдайда саяси кіріптарлықта болды. Қазақ хандығы Алтын Орда ыдыраған соң пайда болған көптеген мемлекеттердің арасында Ноғай Ордасымен бірге саяси аренаға шыққаннан кейін, онымен шекаралас болғандықтан да ішкі, сыртқы саясатында ноғай мәселесімен үнемі бетпе-бет келіп отырды.
Қазақ хандығының тарихы Ноғай Ордасының тарихымен тығыз байланыста қарастыруды қажет етеді. Этникалық тегі ортақ, мәдени-шаруашылық типі бір, даму деңгейі қатар болған екі мемлекеттің кейінгі тағдыры екі бөлек болып қалыптасты. Ыдыраған Ноғай Ордасының құрамындағы тайпалар қазақ этносының қалыптасуына ықпал жасады. Осы тұрғыдан алғанда тарих қойнауына жұтылып кеткен Ноғай Ордасының мұрагері ретінде оның тарихын белгілі деңгейде өз тарихымыз ретінде қарастырудың қажеттілігі туып отыр. Тақырыбымыздың өзектілігін осындай зәрулікпен анықтасақ керек.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті тақырыптың осындай өзектіліген туындайды. Ноғай Ордасының тарихы Отандық тарихта осы кезге дейін арнайы қарастырылмағандықтан, оның көптеген мәселелері әлі күнге дейін беймәлім қалып келеді. Оның есесіне шетелдік тарихнамада, соның ішінде Ресей тарих ғылымында бұл мәселе біршама терең және жан-жақты зерттелу үстінде. Міне, осы зерттеулер барысында ғылыми айналымға шығарылған орасан зор деректік материалдар негізінде Ноғай Ордасының тарихын Қазақ хандығы тарихына қатыстылығы аспектісінде қарастыру - бітіру жұмысының басты міндеті болмақ.
Жұмыстың басты мақсаты ретінде Ноғай Ордасының тарихындағы мәселелердің Қазақ хандығына қатыстылығын айқындау, сол кездегі тарихи құбылыстар мен қоғамдық даму заңдылықтардың осы екі мемлекетке жасаған ықпалы мен әсерін, олардың салдарын салыстыру болмақ. Өйткені осы екі елдің тарихындағы бетбұрысты, сындарлы оқиғалардың себеп-салдарлы байланысын айқындау арқылы олардың жаңғырығы ретінде бүгінгі күнгі қоғамдық құбылыстардың мәнін түсінуге мүмкіндік аламыз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ноғай Ордасы тарихнамасы бойынша орасан зор материалдар жинақталған. Бұл ғылыми әдебиеттерді - негізгі және басты деректер ретінде Ресейлік тарихнаманы қарастырамыз - бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең әдебиеті ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар аралығын қамтиды. Ресей тарихындағы ең алғашқы ноғайлық сюжет М. М. Шербатовтың “История россиской от древнейших времен” (1770-1791 жылдары жарық көрді) еңбегінде Мәскеудің сыртқы саясатының субъектісі ретінде баяндалды. Ноғай-орыс қатынастары Н. М. Карамзиннің “История государства Российского” (1816-1829) атты он екі томдық еңбегінде біршама кеңінен ашылды. Ол өзінің беделі арқылы ноғай атауының моңғол әскербасы Ноғайдан тарағандығы жөніндегі версияны орнықтырды. Әйтсе де бұл версия бірде-бір ортағасырлық мәтіндерден, бірде-бір фольклорлық еңбектен өз тиянағын таба алған жоқ.
Ноғайтануға қосылған үлестің бірі С. М. Соловьевтің “История России с древнейших времен” (1851-1879) еңбегі болды. Оның еңбегінде ноғай-орыс қатынастарына қатысты көптеген архивтік құжаттар ғылыми айналымға шығарылып, тың тұжырымдар жасауға негіз қалады.
Осындай еңбектер орыс тарихшылары Ф. Миллер, Н. Э. Фишер, Г. И. Перетяткович, В. Д. Смирновтардың авторлығымен жарық көрді.
Осындай кәсіпқой тарихшылардың еңбектерімен бірге ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттық ағартушылар - солардың арасында Шәкәрім Құдайбердіұлы да бар - тарихи тақырыпта еңбектер жазды. Олардың еңбектерінің қазіргі уақытта ғылыми құндылығы жоқ, олар Еділбойы мен Қазақстанның ұлттық тарихнамасының белгілі бір кезеңінің ескерткіштері ғана.
Тек жекелеген Ш. Уәлиханов сияқты ғалымдар ғана империяның ғылыми элитасының ортасына кіре алды. Оның еңбегінде Ноғайлы жұрты туралы деректер эпикалық ескерткіштер мысалында кәсіпқойлық деңгейде ғылыми айналымға ұсынылды.
Екінші кезең 1920-1930 жылдарды қамтиды және Ноғай халқынан шыққан белгілі тарихшы М. Г. Сафаргалиевтің есімімен тығыз байланысты. Бұл кезеңде орталық ғылыми мекемелер В. В. Бартольд, А. Н. Самойлович және олардың шәкірттері еңбегімен түрік халықтарының тарихын зерттеуді қолға алды. Ноғайтанудың сол кездегі өзекті мәселелері Е. И. Чернышеваның 1925 жылы “Вестник научного общества татароведения” (Казань) журналында жарияланған мақалада кеңінен қамтылды.
Ноғайтануға тікелей арналған еңбек М. С. Сафаргалиевтің “Ногайская Орда в середине ХҮІ века” (1938) деп аталатын кандидаттық диссертациясы болды. Жалпы Магомет Гарифович Сафаргалиев көшпелі ноғай империясын монографиялық тұрғыда зерттеген дүние жүзіндегі бірден бір ғалым ретінде атап өтуге лайық. Оның іргелі еңбектері Ноғай Ордасының тұтас тарихын қалпына келтіруде ғылыми жанкешті еңбектің үлгісі бола алады.
Ноғайтанудың үшінші кезеңі 1940-1960 жылдарды қамтиды және бұл кезеңнің жетістіктері мен бағындырған биіктері А. А. Новосельскийдің есімімен байланыстырылды. Оның “Борьба Московского государства с татарами в первой половине ХҮІІ века” (1948) еңбегі жарық көрді. Оның бұл еңбегі Ноғай Ордасының ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы тарихы толық қамтылды және архив құжаттарын сөйлету арқылы сол дәуірдің халықаралық қатынастарын жан-жақты ашып бере алды.
Ноғай тарихын зерттеудегі келесі кезең 1970 жылдардың үлесіне тиесілі және бұл кезеңдегі басты еңбектер В. М. Жирмунский мен Е. А. Поноженконың есімдерімен байланысты.
М. Жирмунскийдің қаламынан “Тюркский героический эпос”, “Эпические сказания о ногайских богатырях в свете исторических источников” деп аталатын іргелі еңбектер дүниеге келді. Е. А. Поноженконың “Общественно-политический строй Ногайский Орды в ХҮ - середине ХҮІ в” деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясы да осы саладағы зерттеулердің ең негізгісі болды.
Ноғайтануға байланысты Ресейдің автономиялық республикалары мен одақтас республикаларда жүргізілген зерттеулер де маңызды. Ноғай Ордасының орасан зор территорияны алып жатуы және көптеген елдермен шекаралас болуы оның тарихына сол елдерде де қызығушылық танытуға негіз болады. Дегенмен түрік республикаларының тарих ғылымы саяси басшылық тарапынан ауыр соққыға алынып, бас көтерместей сыналды. Бастапқы кезде, 1929-31 жылдары пантүркизммен айыпталып, өлкетанушылық жұмыстар талқандалды. Ал, 1944 ж. ВКП (б) Татар обкомы Алтын Орданы дәріптегені, “Едіге” жырын мадақтағандығы үшін идеологиялық қыспаққа алынды. Қырым татарларын депортациялап, ендігі кезекте осы ноқтаны Қазан татарларына да қолдануды жоспарластырған саяси басшылықтың осындай дөрекі, қатал әрекеттерінен ұлт ғалымдары ортағасырлық тарихты зерттеуден қол үзуге мәжбүр болды.
Көшпелі өзбек мемлекеті және Ноғай Ордасы қазіргі Қазақстанның территориясында өмір сүргендіктен де қазақ тарихшылары ноғай мәселесін басқалардан да көп және тереңірек зерттеуді қажет еді. Өкінішке орай Отандық тарихнамада Ноғай мәселесі Қазақстан тарихында қосалқы тақырып деңгейінде ғана зерттеліп келді. Бұл тақырып бойынша Қазақстанда орындалған А. И. Исиннің “Взаимоотношения между Казахским Ханством и Ногайской Орды в ХҮІ в. ” (198) деген еңбегін ғана атауға болады. Ол еңбекте Ноғай Ордасының шығыс бағыттағы сыртқы саясаты мәселесі толық ашылды.
Шетелдік тарихнамада ұзақ уақыт бойы Ноғай Ордасының тарихы назардан қалып келген. Кейінгі кездері ғана шетелдік тарихшылар ноғайтануға қызығушылық танытуда.
Қорыта айтқанда, тарихшылардың бірнеше буыны тарихи деректердің негізінде ортағасырлық көшпелі империялардың бірі - Ноғай Ордасының тарихын қалпына келтіре алды.
І Т А Р А У
НОҒАЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ
ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
Ноғай ордасы құрылуының тарихнамасындағы ең басты және шатысқан мәселелердің бірі - моңғол-маңғыттар мен кейінгі кезеңдегі түрік-маңғыттардың тарихи байланысы. “Маңғыт” (моңғолдық нұсқада “маңғұт” түрінде) сөзі ХҮ-ХҮІІ ғасырларда ноғайлардың синонимі ретінде жиі қолданылды, өйткені Ноғай ордасының басқарушылары маңғыт тайпасынан шыққан еді. Орта ғасырлардағы дереккөздерден моңғолдың “маңғұт” этнонимі бастапқы кезде Дешті-Қыпшаққа қалай еніп, жергілікті көшпелілер оны қандай жолдармен иемденгендігін тануға болады.
ХІІ ғасырда моңғолдық маңғұт тайпасы Онон өзенін жайлаған боржігіндер мен Амурдың орта ағысын мекендеген тұңғұс тайпаларының арасын мекендеген [34, 184] . Бұл аймақ Қытайдың Хэйлунцзян провинциясына сәйкес келеді. “Моңғолдың құпия шежіресі” бойынша, мағұттар моңғолдардың түп атасы Алан-гааның бесінші ұрпағы Наган-бахадұрдан тарайды. Ал Рашид-ад-Дин Алан-гааның жетінші ұрпағы Джексу (жақсы) маңғұттардың түп атасы деп атайды [34, 184] .
Бұл тайпа Шыңғысханның атасы мен әкесі Бартан-бахадұр және Есугей-бахадұрдың ұлысының құрамына енген. Есугейдің қайтыс болуымен олардың бір бөлігі билеушілерін тастап көшіп кетті де, маңғұттардың қалған бөлігін Қойылдар (Куилдар) ноян басқарды. Бұл топ Шыңғысханның бүкіл моңғолдық тақ үшін күресінде оған адал қызмет етті. Қойылдар ноянның шайқастарда көрсеткен ерлігіне риза болған хан онымен анда болды. Содан да болуы керек, маңғұттар басшысы Шыңғыханнан өзі өлген жағдайда балаларына көз қырын салуды өтінеді. Ноян қайтыс болғанда Шыңғысхан андасының өтінішін орындап, оның ұрпақтары пайдасына ерекше “жетімдер салығын” тағайындайды [34, 184-185] . Кейіннен Қойылдардың ұлы Солтүстік Қытаймен соғыста маңғұт мыңдығын басқарған.
Шыңғысхан тұсында кейіннен Үгедей сарайында екінші бір маңғұт Дохолху ұландар мыңдығы - торғауыттарды басқарған. Ал Шыңғысханның сеніміне ие болған Жадай ноян ол өлген соң Төленің ставкасында болып, маңызды қызмет атқарды. Бұрынғы бөлініп көшкен маңғыттар Шыңғысхан тұсында талқандалып, қалғандары Жадай ноянның қарамағына берілді [35, 264-278] . Бұл деректерден шығатын қорытынды маңғұттардың Шыңғысхан империясының бастауында тұрғандығын, оның қалыптасуында маңызды роль атқарғандығын аңғарамыз.
Жоғарыда аталған ресми хроника маңғұттардың Дешті-Қыпшаққа қоныстанып, Маңғыт жұртын құрағандығы туралы ешқандай деректер келтірмейді. Шыңғысханның үлкен ұлдары Жошы мен Шағатай ұлыстарына берген тайпалар тізімінде кейіннен осы екі ұлыс арасындағы бөліністерде де маңғұт тайпасы аталмайды [21, 207-208] . Сондықтан да Л. Н. Гумилевтің маңғұттарды Жошы ордасына алдын-ала, асығыстықпен қосып қоя салуы деректік дәлелді керек етеді деп есептейміз [11, 535, 586] . Сол сияқты Шыңғысханның бұл тайпаны өзінің қарамағындағы басы байлы тайпа ретінде Каспий немесе Мауараннахрға жібергендігі туралы болжам да ғылыми дәлелді қажет етеді. Орта Азия жерінде маңғыттарға қатысты топонимдер кездеседі, бірақ бұл дерек ХҮ-ХҮІ ғасырларда түрік-маңғұттардың миграциясына байланысты деп білеміз. Біз сөз ететін маңғыттар мен моңғол-маңғұттар арасында әлдеқалай байланыстардың болуын жоққа шығармаймыз. Әйтсе де оларды бір-бірінен бөлек дербес этностар ретінде қарастырамыз [14, 229] .
Маңғұттардың негізгі бөлігі Моңғолияда қалды немесе Қытай жерінде соғыс жүргізді. Мағұттар моңғол империясының сол қанатына қатысты болғандықтан да олардың Дешті-Қыпшаққа қарай қозғалуы негізсіз болатын. Империяның сол қанаты моңғол жері мен Қытайдың солтүстігіне иелік жасайтын. Солай дей тұрғанмен Жошы ұлысының түріктілді халқы арасында “маңғыт” этнонимінің кездесуінен моңғолдардың маңғұт тайпасының жекелеген топтарының Моңғолия, Забайкалье және Манчжуриядан батысқа қоныс аударғандығын аңғарамыз. Дәл осы ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстан халқы “моңғолдық-еуропалық нәсілдің” оңтүстіксібірлік антропологиялық типін құрайтын моңғолдық кейпіне енген еді [4, 88, 88] .
Жошы және Шағатай ұлыстарында моңғол жаулаушыларының жаппай түркіленуге түскенін тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Сондай ассимиляциялану процесінен аз ғана маңғұт тайпасы да сырт қалған жоқ. Олар Шығыс қыпшақтардың тілі мен мәдениетін қабылдап, солардың арасына сіңіп кетті. Маңғұттарға бөлінген жұртты (көшіп-қону кеңістігі) бұрыннан мекендеп келе жатқан қыпшақ тайпалары далалық дәстүрге сай олардың этникалық атауын қабылдаған [16, 93] . Біздің ойымызша, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысында түрік-маңғыт-оғыз, қарлұқ, алтайлық, қырғыз және т. б. халықтар болғанымен моңғолдардың түріктену процесіндегі басты рольді ең саны көп қыпшақтар атқарды. Ноғай тілінің түрік тілдерінің қыпшақ тобына жататындығы да көп жайды аңғартады және жоғарыдағы тұжырымдарды қуаттай түседі.
Бұндай этникалық трансформация моңғол-қоңыраттардың жұртындағы қыпшақтарға да тән болды: олар түрік-қоңыраттарға айналды. Осы сияқты трансформацияны керейлер, наймандар т. б. тайпалар да бастан өткерді [45, 53] . Бұл пікірлер ғылыми әдебиетте толық қолдау таба қойған жоқ. Қазіргі қазақ жүздерінің құрамындағы ірі тайпалардың шығу тегін моңғолдарға апарып тіреу - басы ашық мәселе. Өйткені ол тайпалардың көпшілігі Түрік қағанаты құрамында да кездеседі. Демек, олардың қайсы негізі басым: түркілік пе, әлде моңғолдық па? Бұл мәселе біздің зерттеу тақырыбымыздан тыс болғандықтан одан әрі тереңдеудің қажеті болмас. Сондықтан маңғыт-ноғай мәселесіне оралайық.
Ноғайлардың арғы бабаларының Жайық бойын мекендегенге дейін бастапқы кезде қай жерлерден шыққандығы туралы мәліметтер шашыраңқы болса да кездеседі. Ноғайлардың өздері ежелгі тарихын былай баяндайды. 1863 жылы А. О. Рудаковский жариялаған қарноғай (солтүстікдағыстандық) аңызы бойынша, ноғайлар Бұхара, Хиуа, Үргеніш төңірегінде Шыңғысханның басшылығымен көшіп-қонып жүрген. Кейін оларды Бодрултай, Боргултай аталатын қалмақ хандары басқарып, шеттете бастаған. Сол себептен де ноғайлар өзбек ханның басшылығымен Алатаулы-Қырғыз аңғарына көшіп кеткен, одан әрі Мұса би басқарған Ака-Ока көліне барлық мал-мүлкімен көшіп кеткен [45, 53] .
Бұл аңыздық нұсқа бойынша бірнеше тарихи шындыққа көз жеткіземіз. Біріншіден, көші-қон уақыты Шыңғысханнан (ХІІІ ғ. ) Мұса биге (ХҮ ғ. екінші жартысы) дейінгі кезеңді қамтыған. Екіншіден, көші-қонның маршруты белгілі болады, ол - Мауараннахр-Хорезм-Алатау таулары арқылы өткен. Маңғыттардың Орта Азияда болғандығы туралы аңыздың жаңғырығын қырғыздың “Манас” эпосынан кездестіреміз. Қырғыз ақындарындағы “алтын ғасыр” кейде “ноғайлы кезеңі” деп те аталады [7, 388] .
Ноғай аңыздарының бірінде олардың бабаларының Мауараннахрдан Еділге көшуін ислам дінін уағыздаушы Баба Тукластың (Баба Түкті Шашты Әзиз) есіміне байланыстырады. Ол Өзбек ханның (1312-1342 жж. ) тұсында Алтын Ордада болған [48, 106-107] .
Фольклорлық мәліметтерге жүгінер болсақ, ноғайлардың бабалары бастапқы кезде Алтын Ордада емес, Шағатай ұлысында өмір сүрген. Осы деректерді негізге алар болсақ, олардың атын ХІІІ-ХІҮ ғ. алғашқы жартысындағы Жошы ұлысына тәуелді тайпалардың арасынан іздеу мағынасыздық болар еді. Мауараннахрдан қазақ даласына көшіп келген қыпшақ-маңғыттар Жошының балалары Орда Ежен мен Шайбан әулетінің иелігіне тап болады. Осы әулеттің аса ірі қайраткері, қазақ фольклорында Әз Жәнібек деп дәріптелетін Өзбек хан ұлы Жәнібектің кезінде бір рудың (ноғай тілінде “ел” мағынасында қолданылған) бір ұлыстан екіншісіне өтуіне жол берілмеген. Халқының құрамын, көші-қон аймағын, салық жүйесін және жасақшылар жинау тәртібін өзгертпеу үшін осындай қатаң талап сақталған. Жәнібек ханның өлімінен соң (1357 ж. ) бұл тәртіп өзгеріп, халықтардың кең көлемдегі көші-қоны орын алған.
Бұндай көші-қонның себебін нақты жазба деректер болмағандықтан тек болжамдауға болады. Қалай дегенмен де халықтың бұлайша жаппай көшуі әлдебір қарсыластан немесе жаудан қашып, бой тасалау емес еді. Бұл көшудің себебін әлсіреп, ыдырай бастаған Шағатай ұлысының құрамындағы қыпшақ тайпаларының, соның ішінде маңғыттардың да жаңа жер іздеуімен түсіндіруге болады. Бұл көшіп-қонудың күш-қуатын реттеуге ұмтылған жергілікті ақсүйектер оны Көк Ордадан тыс жерлерге бағыттай алды. Осылайша 1360 жылдары Жошы ұлысының сол қанатындағы тайпалар Еділге қарай қозғалды.
Қырым уәлаяты бұл кезде осы аттас түбекті ғана емес, сонымен бірге Днепрдің құярлығы мен Донның құярлығы арасындағы даланы да қамтыды. Бұл аймаққа көшіп-қонуға маңғыттардың да қатысқандығы туралы фольклорлық деректер кездеседі. Башқұрт аңыздарының бірінде Қырым ноғайлардың отаны деп суреттеледі. Ноғайдың этникалық жырларындағы батырлар Қырымда әрекет жасайды. Ал қазақтың “Ер Тарғын” жырында Тарғынның “Қырық сан қырым” халқынан шыққандығы айтылады.
Тоқтамыстың 1380 жылы Мамайды талқандауы Мамайға қарасты елдердің (рулардың) бытырап кетуіне алып келді. Бір кездері Мамайға еріп Қырымға барған маңғыттар алыс жерлерден баспана іздеуге мәжбүр болды.
Қырымнан көшкен маңғыттардың алғашқы және уақытша қонысы Кубань жағалауы болса керек. Оған дәлел, Мордва фольклорында, губан (кубандық) сөзі ноғайлық мағынасында қолданылады [47; 87, 104] . Осы сөзді башқұрттың халықтық шежірелері де қуаттайды, олардың куәлік етуі бойынша ХҮІ ғасырдың ортасында Қазанды орыстар жаулап алғанда Башкирияда тұратын көптеген ноғайлар аталарының мекені болған Кубань жеріне көшіп кеткен [45, 60] .
Мағыт-ноғайлар көшінің келесі бір бағыты Терек өзенінің аңғары болды. 1524 жылы Түркияға барған орыс елшілігінің құрамындағы М. Тверинтинов Мәскеуге былай деп хабарлаған. “Мамайдың мырзалары Астраханьнан ноғайлардың Терек өзеніндегі ескі қонысына көшіп, Хвалын (Каспий) теңізіне қарай ауды” [45, 603] . Бұл бізге жеткен жазба деректің мәліметі. Осы мәліметті ноғай эпостарынан да кездестіруге болады.
ХІҮ-ХҮ ғасырларда болашақ Маңғыт жұртының негізін қалаушылардың Алдыңғы Кавказда болғандығы осы аймақтағы, Еділ бойы мен Орал бойынан аршылған көшпелілердің жерлеу кешендерінің мәліметтерімен де дәлелденіп отыр. Алтын Орданың соңғы кезіндегі маңғыт елінің Кавказ жеріне таралуы Кіші Ноғай Ордасы (Қазы ұлысы) мемлекеттік бірлестігінің пайда болуымен тығыз байланысты аталады.
ХІҮ ғасырдың соңы Жошы ұлысы Темірдің шапқыншылығымен ерекшеленеді. 1391 ж. жорықта ол Орталық және Батыс Қазақстанды көктей өтіп, Жайықтан асып Еділдің сол жағалауын тонауға салды. 1395 жылы оның әскері Әзірбайжан арқылы Солтүстік Кавказды жаулап алды. Терек өзені жағалауында Тоқтамыс толық талқандалды. Содан кейін Темір Еділ-Дон арасы мен Төменгі Еділ бойын қансыратып кетті. Осы екі жойқын шайқастың арасындағы кезеңді көптеген тарихшылар Ноғай Ордасының құрылуымен байланыстырады. Бұл кезең маңғыттар көшбасшысы Едігенің есімімен тығыз байланысты еді.
Маңғыттардың Жайыққа көшуі. Едігенің тарих сахнасына шығуы. Бұл тарихи тұлғаның шығу тегі туралы деректер құпияларға толы. Тіпті оның есімінің этимологиясы да нақты мазмұн ала алмай келеді. Халық аңыздары (мысалы, “Едіге” дастаны) оның шығуын “етік” (ноғайларда - “идуг, итук”) сөзімен байланыстырады. Өйткені болашақ беклер бектің өкіл әкесі оны нәресте кезінде етікке салып әкеліпті. Ал академик Әлкей Марғұлан Едіге атауы оның қара халықтың арасынан шыққандығын айғақтайтын “Етек би” деген сөзден шыққан деп есептейді.
Ғылыми әдебиетте Едіге атауының мәнін түсіндіруге ұмтылған басқа да нұсқалар кездеседі. Фольклорлық нұсқалар да көптеп кездеседі. Біз солардың арасынан мәнді дегендерді ғана бөліп атадық. Бұл мәселе арнайы тақырыпта кеңірек талдау нысаны бола алар еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz