Мультимедиалық технологиялар


Жұмыс түрі: Материал
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 58 бет
Таңдаулыға:
МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
1 БӨЛІМ. Мультимедиалық технологиялар - оқытудың
дидактикалық жүйелері
- Мультимедиа негіздері
1. 1. 1 Ақпарат. Ақпарат ұғымы
Мультимедиа әртүрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсынудың тиімді құралы болып табылады. Сондықтан да, мультимедиаға сипаттама беру, оның ерекшелігін анықтау үшін алдымен информатика ғылымы зерттейтін ақпарат, ақпараттандыру, ақпараттық процесс ұғымдары, ақпарат түрлері және оларды ұсыну әдістері қарастырылуы қажет.
Ақпарат термині латынның informatio - танысу, түйсiну, түсiну деген сөзінен шыққан. Алғашқы кезде ақпарат ұғымына „бір адамнан екінші бір адамға ауызша, жазбаша немесе басқа да әдістер арқылы берілетін мәлімет және осы мәліметті беру мен қабылдау процесі” деген анықтама берілді. Кей жағдайда ақпаратты ғалымдар материя, энергия сияқты философиялық категориялардың қатарына жатқызады. Мысалы, Р. Ф. Абдеевтiң еңбегiнде көптеген ғалымдардың ақпаратқа берiлген анықтамалары келтiрiлген. Солардың бiрнешеуiне тоқталайық:
- ақпарат - құрылымның күрделiлiк өлшемi (Моль) ;
- ақпарат - таңдау ықтималдылығы (Яглом) ;
- ақпарат - энтропияның терiстiгi (Бриллюэн) .
Бiздiң түсiнiгiмiзше, кең мағынада ақпарат - әлемнiң келбетi, ал, тар мағынада - кез келген объект немесе субъект жөнiндегi мәлiмет.
Ақпараттың мынадай қасиеттері бар:
- тұтыну кезінде көлемі азаймайды;
- пайдалану кезінде тұтынушылар санына шек қойылмайды;
- бір орыннан екінші орынға тасымалдау процесі жылдам жүргізіледі;
- қандай да бір мазмұндағы ақпарат әртүрлі формада ұсыныла алады т. б. .
Ақпараттандыру - азаматтардың ақпараттық тұтынушылығын қанағаттандыру үшiн тиiмдi шарттарды құру процесi. Басқаша айтқанда, ақпараттандыру - ақпараттық-техникалық құралдарды (мысалы, компьютерлiк техникаларды) бағдарламалар, әдiстемелiк құралдар кешенiмен жабдықтау. Көп жағдайда пайдаланушылар ақпараттандыруды „компьютерлендіру” ұғымымен бірдей түсінік ретінде қарастырады. Компьютерлендiру - бiлiм беру жүйесiн компьютермен жабдықтау. Бұл екi ұғымды бiрi-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Бiрақ, компьютерлендiру ұғымы ақпараттандыру ұғымының құрамына кiредi.
Адам ақпаратты сезім мүшелері арқылы қабылдайды, мидың және орталық нерв жүйесінің көмегімен ақпаратты өңдейді, есте сақтайды. Адамның ойша есеп шығаруы, мәтінді бір тілден екінші тілге аударуы ақпаратты өңдеу процесінің мысалдары. Ақпаратты өңдеу процесі адамның ақыл-ой іс-әрекетіне байланысты.
Қандай да бір нәтижеге жету мақсатындағы ақпаратқа қатысты іс-әрекеттер тізбегінің жиынтығы ақпараттық процесс деп аталады.
Ақпараттық процесс адамға қатысты әлемде ғана емес, табиғатқа қатысты да жүреді. Тірі табиғатта популяциялық түрленулер тұрақты ақпарат алмасуға негізделген. Мысалы, өсімдіктер әлеміндегі жыл мезгіліне байланысты өзгерістер - ақпараттық процесс нәтижесі. Атап айтқанда, ауа температурасының өзгеруі, күн сәулесінің ұзақтығы өсімдіктердің өмір сүруі үшін маңызды.
Ақпарат түрлерін жіктеудің бірнеше критерийлері бар. Бірінші критерий ретінде көру, есту, иіс сезу, сипап сезу, дәм сезу сияқты адамның ақпаратты қабылдау түрлерін атауға болады. Қабылдау түрлеріне байланысты ақпаратты негізгі үш топқа бөлеміз:
- Мәтін, кескін, графика, сурет, фотосурет, анимация, бейнефильм секілді көру арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны визуалды ақпарат деп атайды.
- Дыбыс, сөз, әуен сияқты есту арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны дыбыстық ақпарат деп атайды.
- Арнайы техникалық құралдар көмегімен адамның сенсорлық жүйесі арқылы қабылданатын ақпараттар. Мұны сенсорлық ақпарат деп атайды.
Бұл келтірілген ақпарат түрлері басқа критерийлер бойынша да жіктеледі. Соның бірі - адамның ақпаратты қабылдау әдісіне байланысты. Сондықтан да адам қабылдайтын ақпаратты тура және ассоциативті ақпарат деп бөлеміз.
Қандай да бір объектінің немесе процестің негізгі қасиетін сипаттайтын ақпаратты тура ақпарат деп атайды. Мысалы, судың мөлдірлігі, түссіздігі және сұйықтығы.
Адамның бір тақырып төңірегіндегі бұрын қабылдаған ақпараты мен жаңа ақпаратты салыстыру, елестету арқылы қабылдауын ассоциативті ақпарат деп атаймыз. Мысал ретінде, жоғарыда келтірілген судың негізгі сипаттамалары арқылы оған қосымша сипаттама беретін ақпаратты келтіруге болады.
Ақпарат кеңістік арқылы ғана емес, уақытқа байланысты да таратылады. Мысалы, ежелгі сына жазулары, Күлтегін жазбасы, жартастардағы суреттер, адамның гендік қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа берілуі т. б.
Ақпаратты ұсынудың бірнеше әдістері бар. Ауызша, жазбаша және сурет, графика, бейнемәлімет, дыбыстық мәлімет арқылы көрнекілік негізде ұсыну т. б. Ақпаратты ұсыну үшін алдымен жинақталған, өңделген, сақталған ақпарат болуы керек. Адам ақпаратты іздеу, жинау, сұрыптау, өңдеу, сақтау арқылы ғана ой-елегінен өткізіп ұсына алады. Сонымен қатар, баспа құралдары, техникалық құралдар арқылы да ақпаратты тарата аламыз.
- Мультимедиа жөнінде түсінік
Қазiргi таңда бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру процесiне байланысты ақпаратты-бiлiм беру ортасы, ақпаратты-пәндiк орта, кәсiби-ақпараттық бiлiм беру ортасы, оқытудың компьютерлiк технологиялары, оқытудың ақпараттық технологиялары, ақпаратты-коммуникациялық технологиялар, бiлiм беруге арналған ақпаратты-коммуникациялық технологиялар, мультимедиа, мультимедиалық технологиялар, бiлiм берудегi мультимедиа, мультимедианың бағдарламалық құралдары, мультимедиалық ресурстар секiлдi бiрқатар терминдер оқулықтар мен ғылыми мақалаларда қолданыла бастады.
Ендi осы түсiнiктерге талдау жасап көрейiк. Алдымен, осы түсiнiктерде көп қолданылатын „орта” терминiне тоқталайық. Орта макроорта және микроорта ұғымдарын құрайды. Макроорта қоғамдық-экономикалық жүйелердi қамтыса, микроорта жеке тұлғаның айналасындағы жанұя, ұжым секiлдi жекелеген элементтерден құралады.
Бiлiм беру ортасы - бiлiм беру мекемелерiндегi оқыту технологиялары мен ақпараттық ресурстардың жиынтығы.
Ал, ақпаратты - бiлiм беру ортасы ұғымына қатысты В. А. Красильникованың: „бiлiм беру ортасы ешқашанда ақпаратсыз бола алмайды, бұл жердегi „ақпаратты” сөзi ақпараттық технологияларға қатысты айтылып тұр” деген пікірімен қосылғымыз келеді. Сондықтан да, ақпаратты-бiлiм беру ортасы - ақпараттық бiлiм ресурстарын пайдалануға мүмкiндiк беретiн ақпараттық технологиялар негiзiнде құрылған оқыту технологиясының жиынтығы деген тұжырым жасай аламыз.
Ақпаратты-пәндiк орта - белгiлi бiр пәнге қатысты ақпаратты пайдалануға бағытталған ақпаратты-бiлiм беру ортасының құрамы.
Кәсiби-ақпараттық бiлiм беру ортасы - белгiлi бiр мамандық иесiнiң кәсiби iс-әрекетiнде пайдалануға арналған компьютерлiк және телекоммуникациялық технологиялар негiзiнде құралған аппаратты-бағдарламалық жабдықтар жиынтығы.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы, оқытудың ақпараттық технологиялары секiлдi терминдерге талдау жасау үшін алдымен „оқыту”, „технология” ұғымдарының мағынасын ашып алуымыз қажет.
Оқыту - педагогтардың жетекшiлiгiмен тұлғаның бiлiмiн, ебдейлiгiн, дағдысын қалыптастыруға бағытталған, жоспарлы және жүйелi түрде жүзеге асырылатын процесс.
Технология - шеберлiк туралы ғылым, techne - өнер, шеберлiк, logos - ғылым. Энциклопедиялық еңбектерде келтiрiлген анықтама бойынша „технология - өнiм өндiру процесiнде өнiмнiң, материалдың немесе полуфабрикаттың формасын, қасиетiн, қалып-күйiн өзгертудi, өңдеудi жүзеге асыратын әдiстер жиынтығы”.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы - ақпаратты жинақтау, ұсыну және бақылауды ұйымдастыру, танымдық iс-әрекеттi басқару секiлдi педагогтың атқаратын функцияларының компьютерлiк техника негiзiнде педагогикалық шарттарын құрудың әдiстерi мен тәсiлдері жиынтығы.
Оқытудың компьютерлiк технологиясы оқытушы мен студенттiң, мұғалiм мен оқушының арасындағы қатынас формасын өзгертедi. Бұл өз кезегiнде оқу мотивациясын күшейтедi, оқытудың қарқындылығын арттырады. Оқу мотивациясы дегенiмiз - танып-бiлуге ұмтылдыратын қозғаушы күштердi дамытудың әдiстерi, құралдары мен тәсiлдерi.
Оқытудың ақпараттық технологиялары - білім беруге бағытталған компьютерлiк техниканың, телекоммуникациялық байланыс құралдарының, инструменталды бағдарламалық жабдықтардың жиынтығы.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар - локалдық, аймақтық, бүкiл әлемдiк желiлерде ақпарат алмасуды жүзеге асыратын қазiргi заманғы байланыс құралдарының барлық түрлері, бағдарламалық жүйелер мен кешендер (бағдарламалау тiлдерi, трансляторлар, компиляторлар, операциялық жүйелер, қолданбалы бағдарламалық жабдықтарды дайындауға арналған инструменталды пакеттер), мультимедиа, телекоммуникация секілді техникалық-бағдарламалық құралдар жиынтығы.
Ал, оқу-әдiстемелiк, нормативтi-құқықтық, ұйымдастырушылық-техникалық материалдарды бiрлесе пайдалану негiзiнде жұмыс iстейтiн болса, мұны бiлiм беруге арналған ақпаратты-коммуникациялық технологиялар деп қарастыруға болады.
Ақпаратты-коммуникациялық технологиялар қызметі мынадай қасиеттерімен сипатталады:
- өңдеу процесінің нысаны мәліметтер болып табылады;
- ақпараттық процестің мақсаты ақпарат алмасуға негізделеді;
- ақпараттық процесті жүзеге асыру құралдарын бағдарламалық, аппараттық, бағдарламалы-аппараттық кешендер құрайды;
- ақпараттық процесті тиімділендіру параметріне ақпаратты тұтынушыға жеткізудің дәлдігі, сенімділігі, толықтығы жатады.
Енді ұлы дидактик Я. А. Коменский „Алтын ережеге” балаған көрнекілік ұстанымының талаптарына толық жауап бере алатын мультимедиалық технологиялар ұғымдарын қарастырайық. Алдымен мультимедиа ұғымына талдау жасап көрейік.
Мультимедиаға зерттеушi ғалымдар түрлiше анықтама бередi:
Мультимедиа - әртүрлi типтi ақпараттарды компьютердiң ұсыну мүмкiндiгiн дамытатын және адамның мультисенсорлық табиғатына негiзделген технология (D. Little) .
Мультимедиа - екi не онан да көп типтi ақпараттарды интерактивтi формада бiрiктiру (D. H. Jonassen) .
Мультимедиа - әртүрлi формада ұсынылған ақпараттарды бiрiктiруге мүмкiндiк беретiн компьютердiң аппараттық және бағдарламалық құралдары кешенi (И. И. Косенко) .
Мультимедиа - графика, гипермәтiн, дыбыс, анимация, бейнемәлiметтердi пайдалануға мүмкiндiк туғызатын аппаратты-бағдарламалық құрал (И. Вернер) .
Мультимедиа терминi латын тiлiнiң „multy” (көп) және „media” (орта) деген сөздерiнiң бiрiгуiнен құралған. Сондықтан да, мультимедиалық жүйеге арналған оқулықтарды, ғылыми еңбектердi саралай келе бұл терминге „ақпараттық орта” деген мағына беруге болады. Ал, ақпараттық орта түсiнiгiн белгiлi бiр ортада ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ақпаратты ұсыну мен өңдеуге бағытталған арнайы ұйымдастырылған процесс деп қабылдай аламыз.
Осы орайда, мультимедиаға және оған қатысты ұғымдарға өздiгiмiзше анықтама бере кетейiк.
Мультимедиа - компьютерлiк графикамен, суреттермен, бейнеақпараттармен, анимациямен, мәтiндермен, жоғары сапалы дыбыстармен жұмыс iстеудi қамтамасыз ететiн интерактивтi жүйе.
Кез келген қарым-қатынас тілінде әртүрлі мағынада қолданылатын сөздер бар. Сол секілді „мультимедиа” сөзін де бірнеше мағынада қолдана аламыз.
Яғни, мультимедиа -
- әртүрлі типті ақпараттарды өңдейтін құралдарды жасаудың, пайдаланудың тәртібін анықтайтын технология;
- әртүрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсыну технологиясы негізінде құрылған ақпараттық ресурс;
- түрлі типті ақпараттарды өңдеу мен ұсынуға мүмкіндік беретін компьютерлік бағдарламалық жабдық;
- пайдаланушыға барынша тиімді әсер ету мақсатында түрлі бағдарламалық және техникалық құралдарды пайдаланатын ақпараттық технологиялар спектрі.
Мультимедиалық технологиялар - әртүрлi типтi мәлiметтердi дайындау, өңдеу, бiрiктiру, ұсыну әрекеттерiн аппараттық және бағдарламалық жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асыратын технологиялар (әдiстер мен тәсiлдер) жиынтығы.
Бiлiм берудегi мультимедиа - бiрiншiден, таным процесiнiң жоғарылауына септiгiн тигiзетiн, екiншiден, бiлiм беру мазмұнын интерактивтi формада ұсынатын дидактикалық аппаратты-бағдарламалық құрал.
Мультимедианың бағдарламалық құралдары - кез келген типті ақпаратты интерактивтi режимде пайдалануға мүмкiндiк беретiн компьютердiң бағдарламалық жабдықтары.
Мультимедиалық ресурстар - мультимедиалық құралдар және арнайы бағдарламалық жабдықтар көмегiмен дайындалған ақпараттық өнімдер.
Мультимедианың дамуы бейнетехникалық және дербес компьютерлiк технологиялардың өркендеуi нәтижесiнде жүзеге асуда. Мультимедиа статикалық (мәтiндiк, кестелiк, графиктiк) және динамикалық (анимациялық, бейнелiк), дыбыстық ақпараттарды талапқа сай дәрежеде ұсынуды iске асырады. Оның жалпы сипатын 1-ші суреттегiдей бейнелей аламыз.
Сурет 1 - Мультимедианы құрайтын әртүрлi типтi ақпараттар
Қазiргi таңда электрондық оқулықтарды, компьютерлiк оқыту бағдарламаларын, дыбыстық және бейнелiк оқу материалдарын пайдалануда қолданылатын мультимедиалық технологиялар оқыту процесiндегi инновациялық әдiстердi жүзеге асыратын бiрден бiр жаңа ақпараттық технология болып саналады.
Мультимедиа түрлiше ақпаратты ұсынудың немесе пайдаланудың әртүрлi әдiстерiн қолдануға мүмкiндiк бередi. Бiз қазiргi күнге дейiн мультимедианың кейбiр түрлерiн күнделiктi тұрмыста қолданып келдiк. Мысалы, теледидар және кино - мультимедианың құрамдас бөлiктерi.
Пайдаланушылар бұл технологияның жекелеген элементтерiн атауда „мультимедиа” сөзiн қосарлана қолданып келедi. Мысалы, мультимедиа бағдарламасы, мультимедиа өнiмi, мультимедиа қызметi т. б. Мұнда мультимедиа ақпараттық технологиялар кешенiнен құралатындықтан оның жекелеген элементтерiн атау кезiнде „мультимедиалық” сын есiмiн қосарлана қолдану дұрыс деп санаймыз (мультимедиалық бағдарлама, мультимедиалық өнiм т. б. ) . Ал, жалпылай тек „мультимедиа” деп атауға болады.
1. 1. 3 Гипермедиа (гиперорта) ұғымы
Көптеген шет елдiк зерттеушiлер мультимедиа және гипермедиа ұғымдарын бiр мағынада қарастырады. Мұнымен қатар, кейбiр ғалымдар мультимедиа ұғымын гипермедиа ұғымының құрамына кiргiзедi. Мысалы, И. Браун „гипермедиа - мультимедианың сызықты емес түрде ұсынылған жиынтығы” деген пiкiр айтады. Бiздiң пiкiрiмiзше, мультимедиа - пайдаланушыға әртүрлi типтi ақпараттарды бiрiктiрiп ұсыну технологиясы болса, гипермедиа - пайдаланушының түрлiше типтi ақпараттардың бiрiнен екiншiсiне оңай ауысуын жүзеге асыру технологиясы.
Мультимедиалық ақпарат түрлерiн (мәтiн, графика, анимация, дыбыс, бейнеақпарат т. б. ) өзара байланыстыру нәтижесiнде гипермедиа
технологиясы пайда болды.
Оқу материалын дәстүрлi, яғни, сызықтық түрде ұсынуға қарағанда, гипермәтiндi немесе гипермедиалы түрде ұсыну тақырыпты ауқымды қамтуды жүзеге асырады.
Осыған байланысты, гиперсілтеме, гипермәтін түсініктеріне де тоқталайық.
Гиперсілтеме - компьютердегі пайдаланушының бір орындағы ақпараттан екінші орындағы ақпаратқа ауысуы үшін жасалатын сілтеме.
Гипермәтiн - әртүрлi мәтiндiк ақпараттардың бiрiнен кез келгенiне сызықтық емес формада ауысу технологиясы. Гипермәтiн ұғымын 1965 жылы американдық ғалым Т. Нельсон енгiзген. Оның айтуынша “гипермәтiн - сызықтық емес түрде байланысқан жазбалар”.
Гипермедиа (гиперорта) - компьютер экранына текстографиялық тораптарды ғана емес, анимация, графика, дыбыс, бейнеөнiмдердi де гипермәтiндiк жүйе ретiнде ұсынатын технология.
Гипермедиа белгiлi бiр тақырыптық ақпаратты бiр мезгiлде мәтiн, график, сурет, дыбыс, бейнеөнiм түрiнде байланыстыра алады. Гипермедиадағы басты ерекшелiк әртүрлi арналармен жүретiн ақпарат келiсiлген болуы керек, яғни, бiр арнадан қабылданған ақпарат басқа арнадағы ақпаратты қабылдау мүмкiндiгiн шектемей, керiсiнше, ұлғайту керек.
1. 1. 4 Виртуалды нақтылық (шындық)
Білім беру саласында жұмыс принципі виртуалды нақтылық технологиясына негізделген мультимедиалық құралдар да қолданылуда.
Нақты, бар нысандар мен процестерді бейнелейтін электрондық модельдер виртуалды нақтылықтың объектісі болып табылады.
„Виртуалды” сын есімі қағаз немесе басқа да әртүрлі заттық ақпарат тасымалдағыштарда ұсынылған мәліметтердің электрондық баламасын сипаттау үшін қолданылады.
Виртуалды нақтылық - пайдаланушыны стереоскопиялық негіздегі виртуалды кеңістікте нақыт уақыт кезеңінде жүргендей әсерге бөлейтін және сол кеңістікте пайдаланушыға әртүрлі типті ақпараттарды ұсына алатын мультимедиалық технология қызметі.
Виртуалды нақтылық адамды объектімен тікелей „байланыстыруды” қамтамасыз етеді. Мысалы, оқытушы немесе студент тіркегіш құралмен жабдықталған арнайы қолғап арқылы компьютер жадында сақталған электрондық объектіні монитор экранынан қолымен ұстап көреді және материалдық объектіні ұстағандай әсерде қалады. Виртуалды киімдер мен көзілдіріктер кию арқылы пайдаланушы виртуалды кеңістікте „қозғала алады”. Мұндай мультимедиалық технологиялар студенттердің, оқушылардың ақпаратты қабылдау және түйсіну механизмін өзгертеді және дамытады. Бұл кезде оқушылардың ақпаратты қабылдау процесі тек көру, есту көмегімен ғана емес, сонымен қатар, сипап сезу арқылы да жүзеге асырылады. Бүгiнгi күннiң өзiнде виртуалды нақтылықты иiс сезу рецепторларымен, үш өлшемдi кескiндермен, әртүрлi жиiлiктегi вибрациямен толықтыруға мүмкiндiк бар. Бұл жасанды орта кескiн мен дыбысты берiп қана қоймайды, оның физикалық әсерiн де бередi. Жасанды түрде автомобиль қозғалысын, кеме жүзуiн, желдiң әсерiн беруге болады, сондай-ақ, пайдаланушы бейнеленген затты экранда жылжыту мүмкiндiгіне ие бола алады. Сондықтан да, педагог ғалымдар виртуалды нақтылық технологиясын дидактиканың көрнекілік принципін толық іске асыра алатын құрал деген пікірлер білдіруде.
Визуалды (көрінетін) ақпаратты қабылдау жеңіл болғандықтан символдық ақпаратты қабылдау кезінде теориялық ойлауға қарағанда практикалық ойлау адамнан көп күш-жігерді қажет етпейді. Сол себептен де, виртуалды кеңістік жүйесінің көрнекілік-образдық, көрнекілік-әрекеттік сипаттағы ұсынатын ақпаратын пайдаланушылар барынша толық күйінде қабылдай алады.
1. 1. 5 Модель. Модельдеу.
Модель - қандай да бір нақты объектінің қасиеттерін білу үшін, оны екінші бір объекті арқылы сипаттау. Басқаша айтқанда, модель - бір құрылымды екінші құрылым негізінде бейнелеудің нәтижесі. Кез келген модель белгілі бір гипотеза негізінде құрылады және зерттеледі.
Модельдеу - нақты объектіні жан-жақты сипаттайтын ақпараттарды модельге ауыстыру процесі мен әдісі.
Модельдерді пайдалану саласына байланысты былайша жіктеуге болады:
- оқытуға арналған (мысалы, көрнекілік құралдар) ;
- тәжірибелік мақсаттағы модель (мысалы, кеменің әртүрлі табиғи жағдайларға төзімділігін анықтау үшін оның модельі су қоймаларында сыналады) ;
- ғылыми зерттеу бағытында пайдаланылатын модельдер т. б.
Жалпы, қандай да бiр нысанды сипаттау материалдық және ақпараттық модельдеу негiзiнде жүзеге асырылады. Егер материалдық модель объектiнiң геометриялық формасын нақты жағдайда сипаттаса, ақпараттық модель объектiнiң қасиетi мен күйiн сипаттайтын ақпараттар жиынтығын құрайды. Ақпараттық модель белгiлiк және вербальды модельдерден тұрады. Вербальды модель деп объектiнiң ауызша сипатталуын айтуға болады. Ал, белгiлiк модель сурет, графика, сұлба сияқты арнайы белгiлермен берiлген ақпараттық модель болып табылады. Белгiлiк модельдер компьютерлiк және компьютерлiк емес болып бөлiнедi.
Компьютерлiк модель - бағдарламалық жабдықтардың көмегiмен ұсынылған модель.
Компьютерлiк модельдеу ұғымдардың мағынасын тереңiрек ашуға, процестер мен құбылыстарды зерттеу әдiстерiн толық түсiндiруге мүмкiндiк бередi. Мысалы, компьютерде модельденген демонстрациялық тәжiрибелер, зертханалық жұмыстар студенттер мен оқушыларға заңдылықтар мен құбылыстардың табиғатын ғылыми тұрғыдан түсiне бiлуге бейiмдейдi. Бiр жағдайда олар көзбен көруге мүмкiн болмайтын құбылыстарды экранда бақылауға мүмкiндiк берсе, екiншi жағдайда, ғылымда күрмеуi қиын мәселелердi графика, анимация, бейнекөрiнiс түрiнде бақылап, шешiмiн табуға көмектеседi. Сонымен қатар, компьютерлік модельдер оқытудың сабақ барысындағы немесе сабақтан тыс формалары мен әдiстерiн жетiлдiруге және оқу-тәрбие процесiн қызықты әрi мазмұнды етiп жүргiзуге көмектеседі. Оқытушының жұмысын жеңiлдетедi. Бұл, оқытушы сабақтан тыс қалады деген сөз емес, оқытушы қай кезде де оқыту процесiндегi басты тұлға болып табылады.
Қуатты процессормен, жедел жадымен, кескiн бейнелеудi жылдамдатқыш құрылғылармен жабдықталған компьютерлiк технологиялардың үш өлшемдi кескiндермен жұмыс iстеу мүмкiндiгi оларды оқыту процесiнде қолданудың тиімді бiр бағытын айқындап бердi. Ол - ақпараттың виртуалды модельi. Арнайы модельдеуші бағдарламалар көмегiмен дайындалған виртуалды модель пайдаланушының интерактивтi қарым-қатынасына динамикалық түрде әсер етедi. Мысалы, виртуалды модельдердiң оқытуда жиi қолданыла бастаған дидактикалық мүмкiндiгi жоғары түрi - виртуалды эксперимент те студенттер мен оқушылардың эксперименттiк дайындығын арттыратын бiрден-бiр құрал болып табылады. Әсiресе, эксперименттiк ғылымдарды оқытуда виртуалды эксперименттердi тиiмдi пайдалануды дұрыс жолға қою қажет. Себебi, орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы зертханалық кабинеттердегi жарамсыз болуға айналған құрал-жабдықтарды, аспаптарды жаңарту көп қаржыны қажет етедi. Мұндай қиындықтан шығудың бiр жолы - компьютерлiк виртуалды эксперименттердi пайдалану. Бiрақ виртуалды эксперименттер iс жүзiнде жасалынған қандай да бiр тәжiрибелiк жұмыстардың орнын толтыра алмайды. Себебi, мұндай ортада нақты материалдық зерттеу объектiсi жоқ.
Виртуалды эксперименттiң бағдарламалық жабдығы эксперименттiк мәндердi графикалық интерпретациялау, виртуалды „өлшеулердiң” нәтижесiн өңдеудi жүргiзетiн математикалық есептеулер әдiстерiмен жабдықталады. Виртуалды эксперименттердiң рөлi мен орнын айқындау оқу практикасында жалпылай (дидактикалық аспектiлерi бойынша) және зертханалық жұмыстарда жекелей (әдiснамалық аспектiлерi бойынша) түрде жүргiзiледi.
Виртуалды эксперимент имитациялық және сандық есептеу эксперименттерi болып бөлiнедi. Имитациялық эксперимент дисплей экранындағы эффектiлер мен нақты материалдық объектiдегi байқалатын эффектiлердiң тек сыртқы ұқсастығын қамтамасыз етедi. Мысалы, математикалық маятниктiң қозғалысы. Бұл жағдайдағы компьютерлiк эксперименттi қамтамасыз ететiн бағдарламалық жабдық сүйенген заңдылық, табиғаттағы заңдылықпен мүлде үйлеспейдi. Ал, сандық есептеу экспериментi табиғаттағы процестер мен құбылыстардың заңдылығы негiзiнде жүргiзiледi. Мұндағы бағдарламалық жабдық табиғаттағы заңдылыққа сүйенедi. Мұндай эксперимент құбылыстардың математикалық модельi көмегiмен ұйымдастырылады.
- Мультимедиалық технологияларды оқыту процесінде
пайдаланудың шарттары мен аспектілері
Мультимедиалық технологияларды пайдалану негiзiнде жүргiзiлетін оқыту әдiсi оқытудың теориясы мен технологиясын бiр-бiрiмен байланыстырып отыруды қажет етедi.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz