Ақмырза ишан бастаған халық көтерілісі


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   

Ақмырза ишан бастаған халық көтерілісі

Тарихымызда Ақмырза ишан бастаған көтеріліс туралы әңгіме тәуелсіздік тұсында ғана айтыла бастады. Оның өзінде де ол туралы мәліметтер құпия қорларда жинақталғандықтан, нақты әңгімелермен қатар аңыздар қоса жүрді. Сондықтан да о бастан-ақ бұл көтерілістің тарихы бұрмаланып баяндалды. Кезінде кеңестік кезеңде ауызға алынбайтын, ал айтыла қалса, «бандиттік», «басмашылық» көтеріліс ретінде сипатталатын бұл қозғалыс туралы тарихи шындық кәсіби тарихшылардың еңбектерінде ғана көрініс бере бастады. Жоғарыда айттық, Ақмырза ишан бастаған көтеріліс осы қозғалысқа көрші аймақтардағы көтерілістер тарихы баяндалғанда да, ОГПУ-дің құпия хабарламаларында оқтын-оқтын айтылып отырады. Ырғыз көтерілісі туралы мәліметтерден сондықтан да Ақмырзаның есімі кездесіп қалады.

Осыған байланысты Ақмырша ишан кім еді? - деген сауал соңғы кездері оқырмандарымызды мазалап жүр. Нақтырақ жауапты осы тақырыптан диссертациялық жұмыс қорғаған Н. С. Байқадамовтың еңбегінен табуға болады. Онда мынадай жолдар бар: «Ақмырза ахун 1881 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Қуаңдария бойында дүниеге келген. Руы - Шөмекей . . . Ақмырза ауыл молдаларының оқытқан әптиек Құранын игерген соң, 11 жасында базаршы керуенге ілесіп кетіп, Бұхара шаһарындағы Көкілташ медресесінде оқып, үздік бітірген. Болашақ ахунның бойындағы табиғи дарынды байқаған медресенің ұстаз-муфтилері оған ислам дінінің шаһарына баруға кеңес береді. Сөйтіп, ол Стамбул діни оқуын бітіріп, 16 жылда елге оралады. Елге келген соң жергілікті халықтың көмегімен мешіт салып, Қызылқұм кемерінде отырған қазақ ауылдарының балаларының сауатын ашумен айналысады. Ақмырза ахун көші-қонмен, мал бағушылықпен күн көріп отырған халыққа адамгершілік биік парасаттылықты насихаттауға саналы өмірін сарп еткен және шариғат жолын қатты ұстаған адам»1.

Стамбул медресесінің тәләбәсі болған Амангелді Жұмашұлының айтуынша Ақмырза «қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмір сүрген, ислам дінінің үлкен білгірі болған, өле-өлгенше хақ жолын адалдықпен тұтынып, халқының қамын ғана ойлап өткен . . . Бала кезінде құлағым шалған Ақмырзаның атын Түркияға барғанда естірмін-ау деген ой үш ұйықтаса түсіме кірсейші. Стамбул қаласында ойда жоқ жерден Мұхаммед есімді ауғанстандық қазақ азаматымен таныстым. Ол кісі үйіне апарып, отбасымен таныстырып, өзінің жүрген жолдарын, ата-анасының Ауғанстанға қалай келгенін, Сыр бойынан не себепті көшкендерін, елдің кәмпескеден көрген ауыр жағдайларын (әкесінің аузынан естігендерін) таза қазақы тілмен әңгімелеп берді. Сөз арасында мен бала кезімде әкемнен естіген Ақмырза ишанды сұрадым (әкем «ишан» дейтін, ауған қазақтары «ахун» деп атайды екен. ) .

- Жарықтық Ақмырза ахун ғой, біздің Ауғанстанды паналап, мұсылманшылығымызды ұстап қалуға себепші болған. Әйтпесе, кім біледі, орыстың табанында езіліп қалар ма едік, - деді ол күрсініп. Біраз ойланып отырған соң «Шыныңды айтшы, інім, Ақмырзаны сіздің елде әлі күнге жамандайды ғой», - деді. Мен шынымды айттым: «біздің елде жамандамақ түгіл, Ақмырзаның атын ешкім білмейді ғой» - деп.

Сөйтіп Ақмырза туралы әңгіме басталып кетті. Сонау 1930 жылдарда Сыр елінде кәмпеске арты аштыққа ұласып, халық жаппай қырылып жатқан кезде, шолақ белсенділер, яғни, большевиктердің ұрда-жық топас шабармандары ел үстінен күн көргендерімен қоймай, қолда бар азын-аулақ малмен жүйектегі қауындары да тартып әкетіп, қарсыласқандарын ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетеді.

Ел басына төнген қайғы-қасіретті көзімен көріп, үнсіз, қимылсыз отыруды өзінің бойына мін санаған Ақмырза ахун: «Босқа аштан қырылғанша, өзіміздің бар екенімізді, ел екендігімізді, жоғарғы жақтағы ел билеуші «төрелерге» көрсетейік, өкіметтің назары түсіп, бізді де елеп-ескерер», - деген екен. Ісләм дінінің білгірі болғандықтан, сол кездегі мешіт, медреселердің де жаппай жойылуы да себеп болған шығар, «Құраны» мен қаруын қолға ұстап, ел бастап көтеріліске шығады»2.

Осындай мәліметтерді өзара салыстыра отырып, Ақмырза Төсовтың қандай рудан шыққанын да анықтауға мүмкіншілік болды. Оның шығу тегі мынадай: «Шөмекей - Бозғыл (Бозғұл) - Келдібай (Бозғұлдың екінші Көлдей деген әйелінен) - Үсейік (Сейін) - Бекет - Ырысымбет (Бекеттің үшінші әйелінен) - Жолай - Кетебай - Таңат - Арғынбай - Төс - Ақмырза, Тоқмырза, Таймырза»3.

Шежіреден байқап отырғанымыздай, Ақмырзаның әкесі Тос емес, Төс бірақ, орысша құжаттарда ол Тос болып жазылып кеткен.

Ақмырза елді көтеріліске бастауда оған «қаруымыз нашар, санымыз аз, ертең Қызыл әскерлер бәрімізді де қойдай қырмай ма? - дегендерге былай жауап берген екен: «Мен күш тең болмаса да соғысамын, орысты жеңе алмасымды білемін. Бірақ әділетсіздікке, парықсыздыққа төзіп және отыра алмаймын. Сол себепті де арымды қорғау үшін қолыма қару аламын; маған еретіндерің еріңдер, мен не көрсем, соны көресіңдер, ермейтіндерің бас сауғалаңдар күні бойы. Ертең елге әскер шыққанда, әуелі бізбен емес, жайбарақат отырған сіздермен соғысады», - деген екен . . . оның әскерінің басым көпшілігі өзінің шәкірттері болғанға ұқсайды. Бақайшығына шейін қаруланған Қызыл әскерлерге, өжет те, қайсар сарбаздарымен қарсы тұрып, аянбай шайқасқан»4.

ОГПУ қызметкерлерінің 1930 жылғы Ырғыз көтерілісіне қатысқан Мұқантай Саматовтан қадала сұраған Қызылорда округіндегі Ақмырза Төсов бастаған көтерілісшілердің үлкен тобы туралы мәлімет жазалаушы органдардың о бастан-ақ Ақмырза бастаған наразылыққа нақты назар аударуға мәжбүр болғандарын байқатады.

ОГПУ құжаттарынан Ақмырзаның жазалаушы отрядтармен бірнеше рет кездесіп қалып, қанды қақтығыстарға барғанын көреміз. Осындайлардың бірін толығырақ әңгіме етелік.

1930 жылдың 14 наурызында, Москва уақытымен сағат 16. 00-де Цукановтың жазалаушы отряды Қараққа жақындап қалғанда көтерілісшілер қарауылдарының үстінен кездейсоқ шықты. Қапыда қалған күзетшілердің біразы қолға түскенімен, қаруды қарманып үлгергендері өңмендеп келе жатқан жазалаушыларға оқ жаудырып састырып тастады да, аттарына қамшы басып, сытылып шығып, қыр асып кетті де өздерінің негізгі күштеріне барып қосылды.

Бірақ дәл осы сәтте көтерілісшілер екі жақтан шабарман жазалаушыларға ентігіп қайта оралды да, көтерілісшілердің шайқаспайтынын және өз еріктерімен берілетіндерін мәлімдеді. Мұны құп көрген жазалаушылар командирі Цуканов өз адамдарымен көтерілісшілерге жақындап келді де, Ақмырзаға қысқа хат жіберді. Онда қаруды тапсыру талап етілген еді. Ақмырза бұл талапты орындайтынын, бірақ мәселені алдын ала ақылдасып жатқандарып, оқ атуды да тоқтататындарын айтты. Шынында да Москва уақытымен сағат 17. 00-де сол қанаттағы көтерілісшілер өздері тығылған қырдың тасасынан шығып, қаруларын бір жерге тастай бастады. Бірақ оңтүстік қанаттағы көтерілісшілер әлі де қаруларын қолдарында ұстап тұрды. 19. 00 сағатта осы қанаттағы көтерілісшілер де хабаршы жіберіп, «соғыспай берілеміз, қаруларды алып кетуге келіңіздер», - деп шақырды. Отряд бастығы Цуканов ат басын салт аттылар тобының командирі Щубельскийге және округтік бөлімінің уәкілі Риштке бұрып, оларға көтерілісшілердің қару-жарақтарын жинап алу туралы бұйрық берді.

Цуканов өзі бастаған бұл топтың соңынан қалған отряд та көтерілісшілерге қарай қозғалды. Жақындап келгенде Цуканов қаруды тапсыру туралы тағы да ұсыныс жасады. Бұған жауап ретінде көтерілісшілер арасынан 15-тей адам бөлініп шығып: «Қазір тапсырамыз», - деп айқайлады да, төбе басына түсіп көзге көрінбей кетті. Біршама уақыт өткен соң, 300-дей салт атты көтерілісшілер қырқаға шықты да, суыт желіспен жазалаушыларға қол созым жер жақындап келді. Ат үстінен айналасына сақтана көз жүгірткен Ақмырза былай деді: «Біз қаруларымызды тастаймыз, бірақ сіздер де қаруларыңызды тастаңыздар, сонан соң алдағы әңгімені мешітке барып жалғастырамыз.

Ешқандай нәтиже бермеген даладағы бұл әңгіме бір сағаттай мерзімге созылды. Бірақ күтпеген жерден көтерілісшілер оқ атып, отрядқа тарпа бас салды. Жазалаушылардың біразы қару-жарақтарын тастап кейін қашты. Жекелеген солдаттар ғана мылтық атуға үлгерді. Дегенмен отрядты қорғап қалған пулемет болды. Ол көтерілісшілердің қалың тобына оқ жаудырып, оларды баудай түсірді. Цукановтың өзін қолға түсірмек болып ұмтылған екі көтерілісші де оққа ұшты. Олардың өлі денелері шылбырмен ер-тоқымға байланғандықтан, аттар өз иелерін өздерімен бірге сүйретіп ала кетті.

Пулеметке төтеп бере алмаған көтерілісшілер ұрыс даласында кем дегенде 170-тей адамдарынан айырылып, кейін шегінді. Шағын жазалаушылар жағында да болды. Бірақ бұлардан небәрі төрт адам өліп, бес адам жараланды және бес адам контузия алды. Жазалаушылардағы жылқылар түгелдей дерлік қырылып қалды, ал ішінде 3700 патроны бар жүк арбасын көтерілісшілер алып кетті. Сондай-ақ көтерілісшілер арпалыста 70-ке жуық әскери винтовканы, станокты пулеметті, 15 сөткеге жететін жазалаушылардың азық-түлігін де өздерімен бірге әкетті.

Түн қараңғылығы қоюланып кеткендіктен жазалаушылар көтерілісшілердің соңына түсіп, оларды қуа да алмады. Оның үстіне оған қажетті көлік те жоқ еді.

Таң атқанда барып, яғни ұрыстың ертеңінде командир Цуканов көтерілісшілер ізімен біраз жер жүріп, жағдайды анықтай түсті. Аттан құлап мертіккен және оқ тиіп ауыр жараланған көтерілісшілер қолға амалсыз түсті. Олардың ішінде Ақмырзаның көмекшісі Досанов та бар болып шықты. Тегінде тұтқынға түскендер өз жандарынан шығарған болар, мұны олар Ақмырзаның қолын қудалауды тоқтату үшін істеулері де мүмкін, «ұрыста Ақмырза өлді» деген мәлімет елдің бәрін елең еткізді. Тіптен жазалаушылардың оперативтік тобының бастығы Волохов бұл туралы ОГПУ-дың орталық органдарына жедел түрде хабарлап та үлгерді5.

Бірақ арада бірнеше күн өткеннен кейін, қолға түскен көтерілісшілердің алдап соққаны анық мәлім болды. Дәл осы Волоховтың өзі Шалқар станциясынан 21 наурызда жоғарыдағы ОГПУ органдарына төмендегідей жолдары бар жаңа хабар жолдауға мәжбүр болды: « . . . Ақмырзаның біздің отрядпен ұрыс кезінде өлгендігі туралы мәліметтің дұрыс еместігі анықталды. Ұрыстан кейін ол шайқас орнынан оңтүстікке қарай өзінің бандасымен он шақырымға ұзап кетті . . . одан ары Тереңкөлге қарай жылжуда . . . тексерілмеген мәліметтерге қарағанда оның бандасы бес жүз адамнан тұрады»6.

Евсеевтің арнайы бұйрығымен енді Ақмырзаның соңына Жалудь басқаратын жазалаушы ОГПУ отряды түсті. Соңында қуғын бар екенін білген Ақмырза өзі жүріп өткен жолдардағы, құм ішіндегі құдықтарды қиратып отырды. Бұл жазалаушылардың жағдайын ауырлатып, оларды өлі далада, айнала қоршаған қып-қызыл Қызылқұм ішінде шөлден қаталатты.

Жергілікті халық - қазақтар да жазалаушы әскерге қабақ ашпай, жаулық рай танытты. Ал Ақмырзада жағдай мүлде басқаша болғанын көреміз. Әрбір елді мекеннен, шолақ белсенділерден қорлық көрген, ет даярлау мен астық даярлаудан әбден мезі болған қазақтан жолай-жолшыбай оның жасағын толықтырумен болды. Ашынған халық Ақмырза тоқтаған ауылдарда имансыз шолақ белсенділерді, үкімет адамдарын қол-аяғын матап, көтерілісшілер қолдарына тапсырды. Мұндайда көп жағдайда ауылдық кеңес төрағалары да халықпен бірге болды. Мысалы, Қазалы ауданының №7 ауылдық кеңесінің төрағасы өзінің үйінде жатқан ОГПУ уәкілі Пірімбетовты Ақмырзаның қолына осылай тапсырды.

Жалудь басқаратын ОГПУ жазалаушылары 21 наурызда ол кезде адуынды да айбарлы Сырдариядан арғы бетке өтіп алды, сөйтіп, жол көрсетушілердің жетегімен жеделдете желіп, арада бірнеше күннен кейін, дәлірек айтсақ 26 наурызда Ақмырза жасағы жатқан жерге жақындап келді. Жалудьтың орталық штабқа, ОГПУ органдарына түсірген мәліметіне қарағанда оқиға былай болған. Осы күні Мәскеу уақытымен таңғы сағат 8. 00-де оның барлау тобы Ақмырзаның тұрағына 8 шақырымдай жақындағанда атқыланған. Суыт хабарды іле-шала алған жазалаушы отряд атыс болып жатқан жерге жеделдете жетіп, шайқасқа араласады. Көтерілісшілер бірнеше рет өңмеңдеп ілгері ұмтылса да, пулеметтен жаңбырша жауған оқ нашар қаруланған оларды баудай түсірумен болды. Шоқпардың заманы өтіп, жаңа соғыс техникасының заманы туғанын байғұс қазақ қайдан түсінсін. Екі жарым сағат бойы бірен-саран мылтықпен пулеметке қарсы тұрған көтерілісшілер тағы да көп шығынға ұшырап, 107 адамынан айрылды, оның үстіне 150-дейі жараланды. Олардың бірде-бірін жазалаушылар қолдарына қалдырмаған қазақтар асығыс түрде кейін шегінді. Қайтыс болғандардың ішінде Ақмырзаның өзі және оның төңірегіндегі үш молда, сондай-ақ қолбасы Жанұзақ Батыров және басқа көтеріліс басшылары бар болып шықты. Жазалаушылар тағы да аз шығынға ұшырады. Олардан 1 әскер өліп, коммунистік отрядтың бір мүшесі ауыр жараланды, 5 адам жеңіл-желпі жараланды, 62-дивизионынан 3 жылқы өлді.

Қанды қырғыннан түңіле қашқан көтерілісшілер ұрыс даласында 3 винтовканы, 10 пілте мылтықты, 28 бытыра мылтықты, қылыштарды, 7 револьверді, 3 дүрбіні және басқаларды тастап кетті7.

Қазақстан ПП ОГПУ-ы бастығының орынбасары Альшанскийдің қатыгез бұйрығымен ОГПУ күштері Ақмырза көтерілісшілерінің тоз-тоз болған қалдығының соңына да құныға түсті және Ақмырзаның інісі Сатырбайдың соңынан ілескен бұл топты Бөкентай тауына бара жатқан жолында талқандап тынды. Бұл ұрыста қанша адамның өлгені немесе қолға түскені белгісіз8.

Қазақтың қасіретті даласы нендей сойқанды көрмегені 30-жылдардың сергелдең де аласапыран текетірестерінде қанды қырғында қанша адам қырылып, қанша адам үкіметке қарсы шыққан қылмыскер ретінде түрмеге қамалып, айдауға айдалғанын ОГПУ мәліметтері де дәлме-дәл бере алмас деп ойлаймыз. Бір ғана дала, қасиетті қазақ даласы куә бұл әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа! Егер тіл бітсе сол ғана қаз-қалпында етегі жасқа толып еңіреп айтар еді тарих шындығын - бұл қылмыстың нақты көлемін, жан түршігерлік жалпы ауқымын.

Дегенмен де кейбір тарихи деректер Ақмырзаның қалай қайтыс болғанын нақтырақ әңгімелейді. Оларға қарағанда, қоршауға түскен Ақмырза қолы қашып құтыла алмасын сезіп, ұстазын айналсоқтай береді. Осындайда шәкірттеріне «Ақмырза: «Маған қарайламаңдар, мен шейітпін», - дейді. Қоршаудан ең соңында өзі сытылып шығып, мешітке жетіп, құбылаға қарап, дұғасын оқып отырғанында артынан қуғыншылар да келіп үлгереді. Бірақ олар батыр молданы ұстауға бата алмай, дұға оқып отырған жерінде атып өлтіреді. Онымен қоймай, мешіт-медресесіндегі барлық көне діни кітаптарды, басқа да мүкәмаларды үстіне үйіп, өртеп, мешітті құлатып кетеді.

Осындай қайғылы оқиғадан кейін шәкірттері Ақмырзаның денесін түнде ұрлап алып, арулап жерге берген екен. Сондағы таң қалғандары: Ақмырзаның өртенбеуі . . . Үстіне үйген кітаптар мен айналасындағы заттардың барлығы жанып кеткенде, ахунға от тимепті. Шейіт боларынан бірнеше күн бұрын алдына алып отырған екі-үш жасар нәресте «кіш» етіп қойса керек, сол баланың зәрі тиген жері ғана жаныпты. Қалған жері сап-сау көрінеді . . . »9.

Бізге жеткен деректер бойынша Ауғанстандағы қазақтар Ақмырза туралы әртүрлі аңыздар шығарып, оның сол жақ қолы білегінен шабылып түскен кезде, қан шықпапты-мыс деп те айтады екен. Қалай десек те, Ақмырза туралы шетелдік қазақтар тек қана жақсы пікірде. Олардың айтуынша Ақмырза ахун кезінде «Түрік иман» деген кітап жазса керек, бірақ оның қолжазбасы Ауғанстан қазақтары арасында жоғалып кеткен10.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ақмырзаның інісі Тоқмырза аман-есен сытылып шығып, туыстарымен бірге Ауғанстанда біраз уақыт өмір сүріп, онан әрі Түркияға өткен. Қазір Түркияда оның ұрпақтары тұратын көрінеді. Белгілі шежіреші Т. Дайрабаевтың айтуына қарағанда, Ақмырзаның інісінің Түркиядағы ұрпақтары ата-баба жеріне келіп кетіпті. Ал Ақмырзаның екінші інісі Таймырзаға тоқталатын болсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатында ол туралы нақты мәлімет сақталған. Қарақұм көтерілісіне қатысты тергеу істерінде оған байланысты мынадай жолдарды оқимыз: «Тосов Таймырза - 25 жаста, өмір сүрген жері №7 ауыл, Қазалы ауданы, Жолай руынан, сауатты, орта діни білімі бар»11.

Осы мекеме құжатында Төсов Таймырзаның тергеушілерге берген жауабында мынадай жолдар бар: « . . . Бұрынғы Ақмырза бандасын ұйымдастырушысы және басшысы - Тосов Ақмырзаның туған інісі болып табыламын. Әлеуметтік шығу тегі жағынан молдамын, өзімнің ағам ишан Тосов Ақмырзадан оқығанмын. 1930 жылы өзімнің ағам Тосов Ақмырза бастаған қарулы көтеріліске қатыстым. Өзімді кінәлі санаймын, бірақ бұл бандыға мен ерікті түрде қатысқан жоқпын, оған қатысуға бандылардың басшысы менің ағам Тосов Ақмырза күшпен көндірді. Көтеріліс басылып тасталған соң, бүгінгі күнге дейін қашып жүрдім . . . »12.

Әрине, тергеу жұмысында Ақмырзаның інісі ағасының қайтыс болғанын анық білетіндіктен, енді өзінің қара басын сақтап қалу амалына көшкен. Сондықтан да жоғарыдағыдай өзінің көтеріліске амалсыздан қатысқаны туралы әңгімені шығарып отыр. Бұған көз жеткізу қиын емес. Тергеу істерінде Құртыбаев Жүсіптің осыған байланысты мынадай түсініктемесі бар: «Олар - Тосовтар үш ағайынды: Ақмырза, Тоқмырза және Таймырза. Олардың бәрі көрсетілген ағайындылар, діндарлар, революция болған күннен бері қарай Кеңес өкіметінің ымыраға келмес ашық жаулары болды және елдің арасында Кеңес өкіметін құлатуға шақырған контрреволюциялық үгіт-насихатты үздіксіз жүргізді.

1930 жылы көктемде наурыз айында ишан Тосов Ақмырзаның бастауымен Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырылды. Бандылардың ұйымдасқан орталығы Қареке елді мекені болды. Онда үш мың адамнан тұратын қарулы бандылар бірікті және қолдарына қару алып, кеңес үкіметіне қарсы аттанды. Бандыларды ұйымдастыру кезінде жоғарыда көрсетілген Тосов Таймырза бандылардың басшысы Тосов Ақмырзаның бауыры ретінде көтерілісті және бандиттік қозғалысты ұйымдастыруда белсенді рөл атқарды. Ол Ақмырза ханның тікелей кеңесшісі болды және Шортан мешіт деп аталатын жерде наурыз айында болған әскери және ұйымдастыру мәжілісіне қатысты. Бұл мәжілісте Тосов Таймырза Кеңес өкіметіне қарсы «коммунистер жойылсын, хандық билік жасасын!» деген ұранмен күреске шығуға шақырды»13.

Осы тергеуде Меңлібаев Мұратбай былай деп жауап берген: « . . . бандыны ұйымдастыру кезінде ұйымдық орталық екі бөлікке бөлінді: «Қарақ» бөлігін хан Төсов Ақмырзаның өзі ұйымдастырды, екінші бөлігін «Кентүк» деген жерде менің ойымша, Төсов Таймырза басқарды. Төсов Таймырза «Кентүк» контрреволюциялық ұйымын бандыны ұйымдастыруға байланысты басында тұрды. 1930 жылы 15 наурызда «Кентүктің» айналасындағы барлық мұсылман діндарларын жасырын түрде жинаған кеңесті жүргізді және көтерілістің жоспарын жасап, жиналысқа қатысқандарды қаруландырып, қырықшақты адаммен Ақмырзаның бандысына барып қосылды. Олардың кеңес үкіметімен күресуге шақырған ұрандары мынадай еді: «Мұхаммедтің дінін қорғайық, коммунистерді жояйық». Сонымен қатар Тосов Таймырза Қареке және Ақтайлақ елді мекендеріндегі кооперативтерін ұйымдастырушы да болды»14.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілмаштарды христиан дін үгітіне пайдалану
Жетісу өңіріндегі ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы наразылық (1929-1933 жж.)
XVIII ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы Сыр өңірі ишандары мен пірлері және олардың ағартушылық қызметі
Әбдіғапар Жанбосынұлы және 1916 жылдардағы Торғай қазақтарының көтерілісіне жаңа көзқарастар
Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өмір деректеріне шолу
Кейкі батыр
Мыңбасы Қосжан батыр
Уахабилікпен күрес тарихынан сөз
Отаршылдық саясаты кезеңіндегі оқу ағарту ісі
Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрес
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz