Ақын Мұхтар Шаханов


Мұхтар Шаханов
І. Кіріспе
60-80 жылдардағы қазақ поэзиясы және Мұхтар Шаханов шығармашылығы . . . 3-7
ІІ. Негізгі бөлім
1 - тарау. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы көркемдік ізденістер /тақырыптары, поэтикалық образдар, нақтылы метафоралар дәстүр мен жаңашылдық негізінде/ . . . 8-33
2 - тарау. Мұхтар Шахановтың махаббат лирикасы . . . 34-50
ІІІ. Қорытынды . . . 51-52
ІV. Пайдаланылған әдебиеттер . . . 53
Кіріспе
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат, қасымнан қалмай сағынып көрген қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жалығып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын. (1, 9)
Т. Айбергенов.
Тақырыптың өзектілігі. Төлеген ақынның аманатын, сол асқақ әні «поэзияны» парасат деңгейіне көтеріп келе жатқан ақындарымыздың бірі - Мұхтар Шаханов. Ақын шығармашылығын сөз етпес бұрын сол дәуірдің, яғни 60-70 жылдардың сыр-сипатына, әлеуметтік жағдайына аз-кем тоқтала кетудің артықтығы жоқ деп білеміз.
Қазіргі қазақ поэзиясының сапалық деңгейінің күрт өрлеп, жедел кемелденуі негізінен 60-шы жылдардан басталады.
Бұл өзі социалистік құрылыс ауқымында демократияның сәл де болса, кеңейе түскен, И. Эренбург «жылымық» деп ат қойған кезеңде, жеке адамға, оның жан дүниесі мен рухани ділгірлігіне тереңдей үңілуге шақырған уақыт талабына, қоғамдық сана-сезімнің өрлеуіне тұспа-тұс келген, сонымен тікелей байланысты құбылыс болатын. Жалпы 60-70 жылдарда қазақ поэзиясы жаңа сапада дамыды. Бұл ең алдымен жеке адамға табыну деген ілгері дәуірдің нәубетінен арыла бастаған кезең еді де, шығармашылықта біраз еркіндік орын ала бастаған. 1960 жылдары қазақ поэзиясы әлеміне Қ. Мырзалиев, М. Мақатаев, Т. Молдағалиев, С. Жиенбаев, Ж. Нәжімеденов, Т. Айбергенов т. б. ақындар көріне бастады да, жаңаша ойлау қырын, көркемдік түсінік қабілеттерін танытты. Әрқайсысы өзіндік үнімен, өзіне лайық табиғи болмысымен өнер дүниесіне келіп қосылды.
60-шы жылдар қазақтың қазіргі заман поэзиясына жаңа есімдерді алып келумен қатар рухани және әлеуметтік өміріміздің, қоғамымыздың дәуіріне лайық шындығын ашуда, поэтикалық формалар мен бейнелеу құралдарын дамытуда жаңа бір күрделі сәт туды. Мұның өзі поэзиядағы айтарлықтай құбылысқа айналды.
Суреттеу, бейнелеу, көркемдік тәсілдердің, өлеңнің формалық, мазмұндық жағы, тақырыптық баюы, лирикалық композициялық жағынан күрделенуі, ұлт сипатын білдіретін лирикалық қаһарманның есеюі - бәрі 60-шы жылдардағы қазақ лирикасының көркемдік ізденісінің жемісі.
«Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, алдымен ләззаттанып, алдымен жеркенетін де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл-парасаты мен сезім түйсігінен жаралған», - дей келе ақиық ақын М. Мақатаев «Қазақ жырының бір жылы» деген мақаласында одан әрі; - «Демек, адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия дейміз, алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Сезім бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату бар ғой. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп беріп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты - Ақын» /2. 173-174/.
Ерекше сезім иелері ақынды Мұқағали осылай даралай көрсетеді. Әрине бұл ойлар жайдан-жай айтылмаған еді.
Бұл «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» әдебиетті жасаймыз деген қағида әлі күшін жоймаған кезең еді. Бірақ, 60-шы жылдардың жаңа толқыны бұл тұйықтан шығып, шынайы өмірдің ақиқатына үңілуге ұмтылды. Айта алмаған жерлерін астарлап жеткізді. Табиғатпен тұтастық адамға тән шынайылыққа бет бұрды. Өтірік көлгірсуден, жалған ұраншылдықтан арыла бастады. Шынайы сезімге құрылған лирикалық жырлар - әлеуметтік өмірге де өз әсерін тигізбей қалған жоқ.
Бұл кезеңдегі лирикада жалпы адамдық, азаматтық жайлар, бейбітшілік, ғылыми-техникалық прогресс, экология және табиғат мәселелері жырланды.
Поэзияда философиялық ой түйін айту тереңірек көріне бастады. Әдебиетке Тұманбайдың келуімен сыршылдық лирикаларды жазу белең алса, Қадыр поэзиясының әсерімен ой айтушылық бағыт басым бола түсті. Т. Айбергенов поэзиясымен әдебиетке жаңа серпін, жаңаша күш пайда болды.
Жалпы лирикада көңіл күй арқылы ақындар бүкіл бір кезеңнің шындығын, бүкіл бір ұрпақтың тағдырын, өмірі мен тыныс-тіршілігін көрсетуге ұмтылды.
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі құдіретім
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, -
деп Мұқағали жырлағандай, ұлттық поэтикалық дәстүр барлық шығармалардың алтын діңгегіне айналды.
60-шы жылдары әдебиетке келген ақындар шоғыры дәстүрге сүйене отырып, поэзиямызға көптеген жаңалық әкелді. Өлеңнің ішкі ырғақ құрылымы мен сыртқы сымбатына мән беріп, мазмұнын байытып, тұтас бір организмге айналдырып жырлауда сөздің мелодиялық-интонациялық кестесін, ұйқас табиғатына, әуезділігіне, ырғақтық құрылымына басты назар аударған бұл кезеңдегі ақындар өзінен бұрынғы толқындардың ең озық үлгілерін ілгері дамытты.
Осы тұрғыдан келгенде М. Шахановтың сан-салалы поэзиясының көркемдік ерекшеліктері, тақырыптары, поэтикалық образдар жүйесі, нақтылы метафораларды дәстүр мен жаңашылдық тұрғысынан, сондай-ақ ақынның махаббат тақырыбындағы өлең, балладаларына ғылыми тұрғыдан талдау жасаудың уақыты келді. Себебі, М. Шаханов поэзиясын жас ұрпақты патриоттық рухта отаншылдыққа тәрбиелеуде аса құнды мұра ретінде қарастырудың маңызы зор.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бұл кезге дейін Шаханов творчествосы жайлы аз жазылған жоқ. Дей тұрғанмен, Шаханов шығармашылығы өз деңгейінде, жан-жақты талданды деп тағы айта алмаймыз. Баспасөз беттерінде, ұжымдық жинақтар мен жеке ғалым-сыншылардың еңбектерінде әр түрлі сын-пікірлер айтылды. Оған кезінде поэзиясын дұрыс түсінбеушіліктің салдарынан поэзиясы «қарабайырлау» ақын деген сөздерге дейін айтылып қалып жатты. Тіпті, оның шығармашылығынан былай қойғанда жеке басына қатысты айтылған сындар да аз емес. Әрине, бізге керегі ақынның жеке басы емес, поэзиясы, яғни ақын Шаханов. Оның талантты ақын екенін мойындап, мойындап қана емес жан-жақты талдап, әділ бағасын берген сыншы-ғалымдар, айтулы әдебиетшілер де аз емес. Ал, қарапайым оқырманы М. Шахановтқа әділ бағасын әлдеқашан-ақ беріп қойған.
М. Шахановтың шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдаған ғалымдардың қатарында талантты сыншы-ғалым, марқұм С. Әшімбаевты, Ә. Нарымбетовты, Б. Кәрібаеваны, Б. Майтановты ерекше ілтипатпен атауға болады. Біз де өз кезегімізде жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып М. Шаханов поэзиясының поэтикасына, махаббат тақырыбындағы өлең, балладаларына шама-шарқымыздың жеткен жеріне дейін талдамақпыз.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ақын М. Шаханов поэзиясындағы көркемдік ізденістерді /тақырыптары, поэтикалық образдар, нақтылы метафоралар дәстүр мен жаңашылдық негізінде/, махаббат тақырыбындағы лирикаларын сұрыптап жүйелі түрде талдау арқылы замана шындығы мәселелерін бейнелеудегі ақын шеберлігінің поэтикалық қуатын таныту. Ақын өлең, балладаларының ешкімге ұқсамайтын өзіндік биік шоғыр екендігін, поэзиясындағы тақырыптық-идеялық ізденістер мен жанрлық, көркемдік, стильдік ерекшеліктерін айқындау.
Суреткердің ұлттық поэзияның көркемдік дамуына қосқан үлесін, өлең, балладаларының қазіргі қазақ лирикасынан алатын орны мен жаңашыл сипаттарын ашу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл диплом жұмысында қазіргі қазақ лирикасының көрнекті өкілдерінің бірі - М. Шаханов поэзиясындағы көркемдік ізденістер атап айтқанда, тақырыптары, поэтикалық образдар, нақтылы метафоралар дәстүр және жаңашылдық негізінде, сондай-ақ, ақынның махаббат тақырыбындағы лирикаларының көркемдік ерекшеліктері мен оған автордың концептуалдық көзқарастары жан-жақты, жүйелі түрде сөз болады.
Зерттеудің дерек көздері. Зерттеудің дерек көздері ретінде М. Шахановтың «Ғасырларды безбендеу». Алматы: Жазушы - 1988, Т. Айбергеновтің «Құмдағы мұнаралар». Алматы: Жазушы - 1968, М. Мақатаевтың 4 томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жалын - 2002, Қ. Мырзалиевтың 3 томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы - 1990 атты жыр жинақтары пайдаланылды. Сонымен қатар ақынның еңбектеріне пікір білдіріп, өз ойларын айтқан кейбір ғалымдардың, әдебиет зерттеушілерінің, жазушылардың мақалалары қажетіне қарай пайдаланылды.
Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу нәтижелерін қазақ әдебиетінің жаңа тарихын жасауда, орта, арнайы мектептерге оқулықтар, оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ әдебиет тарихы пәнінен арнаулы курс, арнаулы семинар өткізу барысында пайдалануға болады.
Зерттеудің құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлім екі тарау мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.
І - тарау. М. Шаханов поэзиясындағы көркемдік ізденістер
/тақырыптары, поэтикалық образдар нақтылы метафоралар дәстүр мен жаңашылдық негізінде/
60-шы жылдардың ерекшелігі - жеке адамға табынудан адамның мойны сәл де болса босанған шақ еді. Зиялы қауым жан-жағына ойлы көзбен қараса да, ежелгідей сақтықтан, үркектіктен әлі де болса құлан таза арыла қоймады. Жалпы қоғам әдебиетке деген тоталитарлық үстемдігін үзбесе де, қоғамдық сананы едәуір өзгертуде поэзияның да, оның ішінде қазақ лирикасының да әсері болды.
Әр талант табиғаты әр-алуан. Олардың әрқайсысының әдебиетке ендірген жаңалық, қосқан үлестерін, келешекке қалдырар үлгі-өнегесін айқындау - өте күрделі мәселе. Мұхтардың өз сөзімен айтқанда, «ақын болған соң адамдарға өз айтарың болуы шарт. Айтарың болмаса, әдебиетке келме». Әрине, мәселе сол өмірлік шындықты қалай айтып, қандай көркемдік әдіспен жеткізе білуде десек те, М. Шахановты өз беті, өз ерекшелігі, өзіндік үні бар ақын деуге болады.
Тақырып жағынан келгенде М. Шаханов поэзиясын шартты түрде болса да, сан-салаға жіктеуге болар еді. Алайда, сол шығармалардың негізгі түйіні бір арнадан табылып, гумманизм атты алып теңізге кеп құятындай.
М. Шаханов поэзиясы ерекшеліктерінің бірі деп, шығармаларының белгілі бір сюжетке құрылатындығын айтуға болады. Оны да ол, біз күнделікті күйбең тірлікте онша мән бере бермейтін оқйғалардан өрбітіп, соған ерекше назар аударта отырып, өзінше философиялық түйіндер жасайды. Осы тұрғыдан келгенде М. Шахановтың «Түсінісу теоремасы», «Шың басындағы оқиға», «Ғашықтық ғаламаты», «Барселона аэропортындағы сұңқарлар» «Жароков көшесіндегі кездесу» «Қасымды қабылдамаған адам қақында» «Достық өлкесінің заңы» т. б. да шығармаларын бөліп айтуға болады. Бұлардың қай-қайсысы да бүгінгі поэзиямыздағы шоқтығы биік туындылар.
«Тақырып жағынан келгенде, - дейді белгілі ғалым Ә. Нарымбетов, - М. Шаханов бұрыннан жырланып жүрген көпке таныс мәселелерді шығармасына өзек етеді. Алайда, өзіне дейінгі көркем әдебиеттегі сүрлеуді қайталамай, көркемдік шешімге келгенде ол тыңға бет бұрып, өзіндік соны өрнектер салады, жаңа пікірлер түйіп отырады. Осы тұста ол поэзиядағы жаңашыл суреткер болып шыға келеді» /3. 165/.
Ал, белгілі сыншы С. Әшімбаев: «Мұхтар Шаханов поэзиясында белгілі тақырыптардың өзі қайталанғанымен ақынның ой айту дәстүрі бұрынғылардың ешқайсысына ұқсамайды. Ақын ой толғаудың поэзиялық жаңа бейнелеу тәсілдерін іздеу үстінде екендігін әр кітабында көрсетіп-ақ келеді», - дейді (4, 461) .
Шынында, Қасым, Тайыр туралы жазылған өлеңдер әдебиетте көп екені мәлім. М. Шахановтың жоғарыда аталған өлеңдері солардың ешқайсысына ұқсамайтын, дара туындылар. Оның мәнісі Мұхтардың шығармашылықтың таптаурын, оңай жолына жуымай, көп ойланып, қиналып ізденуінде, тапқырлығында, шеберлігінде, суреткерлік мәнерінің даралығында жатыр. Мысалы; «Жароков көшесіндегі кездесу» атты сюжетті өлеңіндегі «маздақ жыры қашанда тойға дайын» дарынды ақын Тайырдың, Тайыр арқылы Мұхтардың кекірігі азған, тоң мойын, топас жандарды тәубесіне келтірген поэзияның құдіретті күшіне қалай таң қалмассың.
М. Шаханов шығармаларының дені белгілі бір сюжетке құрылатынын жоғарыда айтып өттік. Бұл ерекшеліктерді оның творчествосына пікір білдірген сыншы-ғалымдар сәтті табысы деп бағалап жүр. Мәселен, белгілі ғалым Б. Кәрібаева: «М. Шаханов өз творчествосын сазды лирикадан бастап, лириканың баллада жанрына, сюжетті өлеңге ойысып кетуі оның өзін табуы», - дейді /5. 127/.
Ия, әр талант өмір бойы өзін-өзі іздеумен өтеді екен. Әр талант өзін, яғни, өз қабілетін толық ашқанда барып, өзіне тән стиль қалыптастырады екен. Ал стиль қалыптастыру екінің бірінің қолынан келе бермесі тағы да анық нәрсе.
Немене өзі?
Қорқақ болып кеттік пе?
Біреулерде ерлік деген жоқ тіпті!
Ешкімді де ақтай алмас
Сөйлемнің
Аяғына қоя берген көп нүкте (6, 43) .
Ең алдымен ойдың өзектілігі, ақынның тікелей өмірмен арақатынасы жанды әсер тудырады. Қарапайым сөйлеп отырып-ақ шыңырау шындыққа қол созады. Ешбір бейнелі тіркес, образды сөз қоспай-ақ поэзия қалай туып тұр? Поэзия бұл жерде интонация, соған лайық ырғақпен ғана жасалған. Сөзді интонация ізімен иіп, бұтарлап сындыра отырып поэзияда өзіндік жол салады. Бұл ақын Қ. Мырзалиев өте көп барып, жиі қолданған тәсілдің бірі.
Шын мәнінде Қадыр өзінің поэзия тілінде сөйлеу стилімен қаншама идеал тереңіне бойлап, әлеуметтік мәні бар мәселелерді айта алды. Азаматтық деңгейге көтерілді. Осының бәрін Қадыр тапқырлық, шешендік стилінде бейнелілікпен жеткізді.
Иттігін көріп жақынның,
Жүдейсің іштей
Жылайсың.
Айтқанын істеп ақылдың
Шыдайсың бірақ,
Шыдайсың! (7, 267)
Міне, Қ. Мырзалиев «қарапайымдылығының» тасасында қаншама қазына бар. Осы тәсілмен Қадыр уақыт тынысын танытып, философиялық ой айтады. Қ. Мырзалиев сөз ойнату, сөзге жан бітіру шеберлігімен дараланса, Мұхтар шешендіктен гөрі ой ұшығын көп қуатындай. М. Шахановтың балладаға, сюжетті өлеңге келуінің түпкі себебі де - міне, осы деп білеміз. Табиғатында лирик ақын сезімнен гөрі ойға көп жүгінетінін осы творчестволық бет бұрысымен дәлелдеп отыр. Бұл жағынан келгенде Т. Айбергенов те М. Шахановпен көп жағдайда үндеседі.
Мысалы:
Мен әлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын.
Адамзат тыныштығын қоғау үшін,
Ғаламның бұзып келем тыныштығын (1, 85) .
Осы әдемі лирикалық жолдарда ақындық кредо, теңізге құяр бұлақтың тұп-тұнық көзі тұр. Төлеген бастау алар көзді жазбай таниды. Күрделі ой оның тіл айшығына да әсерін тигізбей қоймайды. Көбіне ол метафоралық тәсілдерді қолданады.
Мәселен:
Мен - Жермін арман толы аңқылдаған,
Мен -Жермін мың сөніп, мың жарқылдаған.
Біресе әлем менен ән тыңдаған,
Біресе дүние менен зар тыңдаған (1, 99) .
Мұндағы күрделі эпитетті метафоралар ұйқасының өзі Төлегеннің күрделі ойына лайық ырғақ туғызады.
Ал, кең құлаштылық жағынан қазіргі қазақ лирикасында Төлегенге тым жақын ақын - М. Шаханов. Талант қайнарының деңгейлес, поэтикалық ортақтықты сезінген М. Шаханов Төлеген ақынмен жарысқа түсіп стилін жасытпайды. Біздіңше поэзияда мына ақын ана ақынға ұқсайды деп салыстыру әрине шартты. Себебі, тақырып ортақтығы, идеялық ой ортақтығы бола тұра кез келген ақын көркемдік шешімге келгенде өзіндік айшық іздейтіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде Мұхтардың саналы түрде қазақ поэзиясынан өзіндік өрнек, өз жолын іздеуі парасаттылық. Олай деуімізге оның бүкіл ақындық кредосы айғақ.
Даралыққа не жетсін көңілдегі,
Бақытты жан мен болам төріңдегі
Өлеңде де ешкімге ұқсамайтын
Мұрынымнан танысаң елім мені! - (6, 295) .
Бұл жолдар ақын тіліне тегін оралып тұрған жоқ. Шынында да М. Шаханов ізденіс жолына көп түскен ақын. Мұхтар ойдың интонациялық реңіне лайық өлең өлшемін бір өлеңнің ішінде шектеусіз пайдалана береді. Біркелкілік симетрияны көбіне сақтай бермейді. Одан өлеңнің логикалық жүйесі бұзылмайды. Динамикасы күшейіп, табиғи сипаты молая түседі. Мәселен, «Жанерке» атты балладасын негізінен он бес буын өлшеммен жазып келе жатып:
Шіркін ана көргендей боп арманының таң құсын,
Жырға құмар жәудір көзге жаудыратып алғысын.
- Кел Жанерке,
Кел, жарығым,
Қане төрлет,
Тоқтама
Жақсы келдің, айналайын!
- деп қалбалақтап жатты ана (6, 156), -
деген ұзынды-қысқалы тармақ кездейсоқтық немесе форма жаңалау сияқты арзан мақсаттан туған жоқ. Мазмұн тереңдігін көздеген шын көркемдік ізденіс кепілі. Небәрі екі парақ өлеңге төрт тарау арнап Саттар өмірінің түйінді тұстарын, кісілік қасиетін қыз есімі арқылы шебер жеткізеді.
Көп ақындар әдетте сүйіктісінен онда да Саттардай азамат асылдан айрылған қыз күйін беруде, көбіне баяндау тәсілін құрал етеді. Ал Мұхтар белгілі тәсілден бойын аулақ ұстайды. Әрі өлеңнің финалы ретінде, әрі жеке тарауда айтылатын тұтас ойдың тобықтай түйіні ретінде осы төрт жолмен қаншама ой мен сезімді жеткізіп тұр. Айту мәнерімен өлеңге өзгеше тыныс беріп, ширақтық танытып тұр. Өлең композициясындағы осындай оқыс шешім Шаханов поэзиясына жаңа сапа береді деп толық айта аламыз.
«Мен қыз үшін ұялдым» деген сюжетті өлеңінде де он бір буын мен 7-8 буын аралас келеді. Экспозициясы, шарықтау шегі, шешімі бар тұтас дүние, жалғыз-ақ беттен тұрады. Өлеңнің экспозицясы аса байыппен эпикалық тыныспен баяндалады. Кәдуілгі ертегі, жырдың, кәнігі қиссашының бастауын еске түсіреді.
Байқатпастан уақытты тез өткен,
Өнер толы өзекпен,
Жыр қанатын безеп кең,
Әнге басты жиналғандар кезекпен (6, 274) .
Алайда, өлеңнің ішкі динамикасы шапшаң да ұшқыр. Оқиға белгілі поэтикалық өріс жасауға, белгілі бір психологиялық жағдай туғызуға ұмтылыс анық байқалады. Мұның бәрі тілдік жанрды дамытудағы ақынның өзіндігі, бейнелі тіл сырын игеруі. Ал, өлеңнің ширығу, шарықтау шегі тұсында ақын мүлде бөлек тәсіл қолданады.
Сен ән салдың арындатып, зарлатып,
Көздің жасын парлатып,
Айналайын нар тұлға,
Теңіз болсаң тартылма.
Өзен біткен шапқылап,
Еріп жүрсін артыңда (6, 275) .
Өлеңге динамика беріп тұрған бұл жолдар негізінен ұлттық поэзиямыздағы импровизаторлық дәстүрдің ізі. Импровизаторлық стильде сезім тереңі мен сурет негізгі обьект бола бермейтінін ескерсек, ақын ұйқас пен ырғаққа шапшаңдық дарыта отырып, сезім суретін айшықтайды.
Ия, өнер біткеннің бастауы - өмір. Бірақ әркімнің өнері әр деңгейде. Өмірден ала білу мен бере білудің әр түрлі жолдары, тәсілдері бар. Бұл қарапайым пендеге де, өнер адамына да қатысты жалпы ұғым, жалпы шындық.
Әр кезде де солай, кезеңнің шынайы шындығына екінің бірі қол соза бермейді. Өйткені ол қиынның қиыны. Ол үлкен қажыр-қайратты, шынайы шеберлікті талап етеді. Өзгеше махаббат, бөлекше сезім-күйді керек етеді. Қысқасы уақыт тынысын тап басып, оның тамыр соғысына ықпал ету өмірде де, өнерде де - ерлік.
Қазақ поэзиясының, оның ішінде қазақ лирикасының эстетикалық аренасы кеңейгендігі бүгінде талас тудырмайтын шындық.
Қазіргі қазақ лирикасының даму тенденциясы мен содан туындайтын түрлік өзгешеліктерді айқын көрсеткен лириктеріміз баршылық. Олар: Т. Айбергенов, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Нәжімеденов т. б стильдік ерекшеліктері, ойлау арсеналдары дара-дара болғанымен олардың басын біріктіретін уақыт өлшемі бар. Сондықтан олар бір-бірінен поэтикалық жағынан алшақ кете алмайды.
Ал өнерлік дәстүр, тілдің жанрлық ішкі ерекшелігіндегі ізденстері жағынан тіпті де бір-бірімен жақындай түседі. Мысалы: Мұқағали, Төлеген, Мұхтардың он бір буынды қара өлең ұйқасына жазған сезімдік өлеңдері ішкі иірім, ырғақ, интонация жағынан бір-бірімен үндес. Төлегеннің:
Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,
Армысыңдар, қария қарлы шыңдар.
Төсінен керуен-керуен көш өткен тау
Сен менің керуен-керуен алғысымды ал - (1, 82),
деген шумағын Мұқағалидың:
Кең дүние, төсіңді аш мен келемін
Кең дүние керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің (8, 227)
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz