Қасқырға қой бақтырған қазағым-ай..


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

Ердос СӘЛІМТАЙ. Қасқырға қой бақтырған қазағым-ай . . .

25 тамыз, 2011

Еліміздегі діни ахуал жаңғырығы естір құлақты елең еткізері сөзсіз. Жаңадан құрылған Дін істері жөніндегі агенттіктің де бел шешіп жұмысқа кіріскені байқалмайды. Мүмкін бұған себеп агентікте бұрынғы дін комитетінен қалған кадрлардың жұмыс істеуінен болар. Мысалы, қанша жыл комитетті басқарып, тұшымды еш нәрсе бітіре алмаған Ардақ Досжан мырза қазіргі су жаңа басшы Лама Шәріптің орынбасары екенін біреу білсе, біреу білмейді. Үй ішінен үй тігілгені болмаса, басқа өзгеріс жоқтың қасы. Сол адамдар, сол ұйымдар, және ең бастысы, сол бұрынғы сарын. Адасқандармен күрестің сол салафилік мақамға бет бұрып бара жатқанын өткен жолғы мақаламызда айтқанбыз. («Адасқандар» ашық шабуылға көшті ме?! http://www. masa. kz/article/view/id/1949 ) Бұл жолы да жаңа құрылған дін істері жөніндегі агенттік жұмыстарындағы түсініксіз жағдайларға тоқталамын.

Қайрат Лама Шәріптің келе салысымен «Бір ұлт - бір дін» деген қағидамен жүретін боламыз деп жар салғаны белгілі. Бұл қағида бойынша елімізде «қалыпты Ислам» қанат жаю керек екен. Бірақ «бір ұлт, бір дін» ұғымын Лама Шәріптен басқа ешкім түсінбейтін сияқты. Құранды жетпіс түрлі тәпсірлегендей, бұны да әр кім өз пайдасына жаратып әлек. Кейбіреулері мұны ары қарай өрбітіп, «бір мазхаб» дегенді қосып алатын болыпты. Жалпы қазақтың мұсылман екені, оның ішінде Имам Ағзам тармағын ғана ұстанатыны атам заманнан белгілі. Олай болса Лама Шәріп мырзаға жаңа қағида жасап, жаңалық ашатындай не көрінді. Әлде агенттік төрағасы елімізде вахабизмді заңдастырмақ ниетте ме? Қалай болғанда да төраға мырза БАҚ құралдарына берген сұхбаттарында өзінің хиджаб, паранжаға қарсы пікірін айтып жүрсе де, іс барысында нақты шешімге әлі келе қоймаған секілді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұрынғы комитеттен қалған ескі кадрлардың да ықпалы басымдау болса керек. Олай деуге себеп - кейінгі кездері агенттіктің «бір ұлт, бір дін» тақырыбын насихаттайтын ақпарат-насихат топтарының бұрынғы әуенге басуы. Бір қызығы жер-жерді аралап кеткен, алпысқа жуық үгіт насихат топтарының құрамында Лама Шәріп «жақтырмайтын» салафилік атрибуттарды қызғыштай қорғап жүрген адамдар да бар екен. Бұл адамдар Ардақ Досжанның кезінде де комитет маңайын айналшықтап шықпайтын. Дін істері комитеті және Досжан мырзаның «атақты» «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қорымен бірге жұмыс істеген бұл адамдар Лама Шәріптің агенттігін де қақпанға түсірген сыңайлы. Олай болса «қалыпты исламның» жағдайы белгілі болғандай.

Хош. Сонымен алқалаған алпыс топтың құрамында кімдер бар? Немесе еліміздің түпкір-түпкірінде «қалыпты ислам» ұғымы кімнің аузымен түсіндіріліп жатыр? Бүгінгі әңгімеміздің өзегі, аталған алпыс топты құраушылардың бірі, діни агенттіктің әскери тілмен айтқанда «ауыр артиллериясы» Әбсәттар Сманов жайлы болмақ.

Әбсаттар мырзаның әкесі Шәкір ишан осы өңірге аты мәлім дін ғалымы болған. Діни білімі де, жүргізген үгіті де ханафи масхабы аясынан шықпаған. Мұны көзкөргендер айтады. Сөз ыңғайына орай айта кетсек, ханафи ғұламаның баласының салафилікке бой ұру трагедиясы Смановтар әулетіне ғана тән емес. Бұл қазіргі салафи көсемдердің көпшілігінің шежіресіне тән қайшылық болып тұр. Білушілердің айтуынша, араби ықпалдың Қазақстанға орнығуына белсене үлес қосқан «Берекет» қорының басшысы Қанат Жұмадұллаевтың әкесі Құрмаш ақсақал дүниеден өткенінше Әзірет Сұлтан Ясауидің хикметтерін жатқа айтқан, кәдімгі сопылық танымдағы дін адамы болған. Сонымен ұрпақтар сабақтастығынан гөрі ұрпақ қайшылығына көбірек келетін бұл жағдай Шәкір ишанның отбасын да айналып өтпеген көрінеді. Қарияның Әбдіжаппар, Әбсаттар және Әбдіғаппар есімді үш ұлы да осы «жаңашыл» ықпалдың жетегінде кеткен сияқты. Смановтар елімізге атышулы Сарыағаштағы медресесімен атақты болатын. Алқалы жиындарда Әбсаттар Сманов өзін Сарыағаш медресесінің директоры деп таныстыратыны да сондықтан. Тәшкент өңірін емін-еркін жайлаған Смановтар Қазақстанға қашан ойысқаны бізге беймәлім. Олардың түпкілікті қазақстандық болуына кейбір мағлұматтар бойынша Әбдіғаппардың 1989 жылы Ташкенттегі заңсыз митингілерге қатысып, ресми биліктің назарына түсіп қалуы әсер еткен көрінеді. Ол кезде бүгінгідей берік бекіген шекара жоқ, Смановтар екі елдегі діни оқиғаларға да тең қатысып жүре берген. Әбдіғаппар Смановтың «таза дінді» таратуға бел шеше кірісуіне оның 1992 жылы Сауд Арабиясының ислами байланыстар басқармасының шақырумен жасаған қажылық сапары шешуші әсер еткен. Осы сапарда Әбдіғаппар Дүниежүзілік Ислам лигасының өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда осы ұйымның мүддесін қорғайтын құрылымдар құруға бел буады. Осы оқиғалардан кейін Сарыағашта «Таяқты ишан» мешіт-медресесі пайда болады.

Қазақстанда «таухидты» орнықтырып, «таза исламды» жаю Смановтар үшін оңайға түсе қойған жоқ. Олардың басына бірнеше мәрте қара бұлт үйіріліп, күмәнді діни ағымға үнемі сенімсіздікпен қараған құқық қорғау органдарының жіті бақылауында болды. Оған себеп болған жағдайлар да жоқ емес. 2004 жылы тұтастай Орталық Азияны дүр сілкіндірген әйгілі Ташкенттегі жарылыстар Қазақстан өкіметінің етек-жеңін біршама жиғызды. Құзырлы орындардың ағайынды Смановтарға шүйлігуіне Ташкенттің Кибрай ауданындағы милиция бекетінде «шаһид белбеуін» іске қосып, көз жұмған «Семей жамағаты» содырлық тобының лидері Иса Еруов есімді азаматтың алғашқы діни білімді дәл осы Смановтардың медресесінен алуы әсер етті деген пікір бар. Қалай болғанмен де 2005 жылы 22 сәуірі күні Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Сарыағаш аудандық прокурорының талабымен ҚМДБ филиалы «Таяқты ишан» мешіті жанындағы «Убай Ибн Кааб» (Смановтар медресесінің атауы) медресесінің қызметін тоқтату жөнінде сырттай шешім шығарады. Сот шешімінде Смановтардың мешіт жанынан араб тілінен сауат ашу курсына рұқсат ететін №224 мемлекеттік лицензиясының ауқымынан шығып, мектеп жасындағы 85 баланы жинап, пансионат ретінде өз бетінше жатқызып, заңсыз оқытқаны көрсетілген. Осы себепті Оңтүстік Қазақстан облыстық білім департаменті мемлекеттік лицензия мен карточканы олардан қайтарып алады.

Алайда діни қызметіне сот арқылы тыйым салынғанына қарамастан Смановтар «таза дінді» жаю жолындағы әрекетін еш тоқтатқан емес. Ендігі жерде жоғары жақтан жергілікті билікті ықтыратын мықты «қолдаушы» іздей бастады. Ондай «жарылқаушы» көп ұзамай табылды да.

Смановтарға тиесілі медресенің былтырғы жылға дейін заңсыз діни қызмет атқарып келгенін 2010 жылдың маусымында бас муфти Әбсаттар Дербісәлиевтің өзі мәлімдеді. Ол Әбсаттар Сманов «Партизан жолымен оқытып едік, енді сізбен бірігейік» деп өтініш жасағанын айтты. Оның үстіне Діни комитет жақтан «бұны сіздерге қосып алуға ұсыныс қыламыз» деген хабар келгенін де жасырмады. Мұның өзі бір қызық жағдай: өзіне қарсы сөз жазғандарды (Мысалы М. Телібековты) заң бұзды деп сотқа беріп, ақша өндіріп алатын хазірет Смановтардың «партизандығына», заң бұзғыштығына кеңшілікпен қарады. Заң бұзушы Смановтар түгіл, заңды тіркелген, сол заң аясында қызмет ететін ұйымдарды «дінбұзар» деп айыптағыш муфтидің сыңаржақ «принциптілігіне» не көрінген? Бұл жұмбақтың да жауабы табылып қалар!

Жалпы Смановтар мен муфтияттың ым-жымы біраздан бері бір. Сонау 2009 жылдың күзінде Маңғыстау облысына барған ҚМДБ үгіт-насихат тобының құрамында Әбсаттар Сманов болған екен. Сол кезде-ақ Әбсаттар жиналғандарға «медресе бастығы» ретінде таныстырылған болатын. Шамасы, сол кезде де Әбсаттар Сманов партизан статусында жүрген болуы керек. Міне, енді анықталғанындай, ол кезде жұртшылық муфти аттас діндәрдің өзін бір жыл кейін ресми ашылатын медресе жетекшісі ретінде алдын-ала таныстырған «батылдығының» куәсі болыпты. Партизан болып жүріп, заңды медресе жетекшісіндей сезінген «батылдықтың» артында азулы, «сенімді одақтастар» тұрғаны да кейін білінді.

Астана жақтағы арқасүйерлерінің арқасында барлық қажетті лицензияларды кедергісіз алған Смановтар былтырғы маусымда медресесін заңды түрде қайта ашады. Бұл жолы медресенің орналасуы Келес өзенінің бойында, елді мекеннен жырақтау, Өзбекстан шекарасы аумағын аралай өтетін оңаша жерде екен. Медресенің қайта ашылу салтанатына жаңағы «сенімді одақтастардың» төрт көзі түгел жиналды. Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков және Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан. Бекболат мырза өз құтықтау сөзінде бас муфтиді көтермелемек болып: «муфтият осыған шейін ешқашан мұндай жүйе құрған жоқ . . . Жүйені. . басынан аяғына шейін құрып, қағазбен қаттап, әрбір адамның рөлін анықтау деген - оңай шаруа емес» - дегенді айтты. Депутат Тілеухановтың бұл пікірімен келісуге болады. Шындығында да муфтият құрған жүйеден «Асыл арна» телеарнасы, Сарыағаш медресесі, «Шұбар» мешіті ойып тұрып орын алып отырғаны рас. Бірақ Бекболаттың айтып отырғаны салафилік жүйе емес пе екен?! Тілеуханның емеурінін анық түсінген болсақ, расында да аз уақыттың ішінде бұл «жүйе» берік орнығып үлгерді. Салафилік жүйенің ҚМДБ-мен етене астасып кеткенін айғақтайтын материалдарды соңғы жылдардағы БАҚ беттерінен қиындықсыз табуға болады емес пе?!

Сонымен атышулы Смановтардың медересесі қайта ашылды. Медресенің бұрынғы теріс пиғылды шәкірттерінің қылығын билік ұмыта бастады. Жұрттың айтуына қарағанда қазір медреседе жыл бойы шәкірт үзілмейді. Оқу тегін. Тоғыз ай медреседе оқығандар ауыл-ауылдарына жазғы демалысқа тараса, олардың орнына еліміздің әр түкпірінен жас мөлшері әркелкі ересектер мен мектеп оқушылары келіп дін үйренеді. Өткен жылғы жазда олардың саны 300-ден асып түскен. Оқу процесі кезінде тәлім алушыларға «ширк» ұғымы терең түсіндіріледі. Шәкірттерге ислам дінінің ізгілік пен мейірімділікті насихаттайтын жағы емес, керісінше тиымдар мен шектеулеріне көбірек көңіл бөлгізеді. Оқушылар таңертең тұрған соң балық жүзіп жүрген бассейнге шомылып, үлкен алаңда спортпен шұғылданады. Одан бөлек мұнда шығыс жекпе-жегі де үйретіледі. Шәкірттердің дене тәрбиесіне сақалды жаттықтырушы Мұрат Байғараев жетекшілік етеді. Сырттан қарағанда құдды моджахедтерді әскери дайындықтан өткізетін жүйедей көрінеді екен. Бас мүфтидің өзі де бұл медресені «партизандарға» теңегені тегіннен емес сияқты. Әлбетте, Иса Еруов сынды содыр-түлектер осы жерден шықса, неге теңемеске?!

Ал биығы тамыздың 11-і күні «Хабар» арнасы кешкі жаңалықтардан Әбсаттар Смановтың Тараз қаласында діни агенттікпен бірлесіп өткізген уағызынан үзінді көрсетті. Ә. Сманов тілшіге берген сұхбатында: «Қай жерде теріс, қай жерде адасып жатыр, соны түсіндіріп жатырмыз. Сонымен бірге бізде қазір он медресе ашылды. Он медресенің бәрінде сабақ ұйымдастырылып, дискілер таратылып жатыр. Жұмыс істеліп жатыр қарқынды . . . » деп ағынан жарылды. Смановтың сөзінен қарқынды жұмыстың қай бағыта жасалып жатқанын бүкпесіз ұқтық. Бір Сарыағаш медресесінің өзі осыншама шу көтеретіндей жағдайда болса, кейінгі 10 медресенің дабылын ойлау қорқынышты болар. Бірақ бұдан жаңа төраға Қайрат Лама Шәріп мырза қорықпайтын сыңайлы. Өткен аптада «Қазақстан» телеарнасы төраға мырзадан сұхбат алды. Өз сұхбатында Лама Шәріп « . . . Қазіргі күні Білім және ғылым министрлігімен келіссөз жүріп жатыр. Біз Алматыдағы Нұр-Мүбәрәк университетіне гранттарды көбейтеміз. Сонымен қатар қазір елімізде 8 медресе бар, біз жастарымызды сонда оқытымыз . . . » деп қойып қалды. Сонда Лама Шәріп мырза келіп, агенттік ашылғанда не өзгерді?! Бұрынғы діни комитеттің кезінде тайраңдап жүрген Сманов сияқтыларға тиым бола ма деп едік, керісінше жығылған үстіне жұдырық болды ғой! Бұл Комитет пен агенттіктің құрылғанынан не өзгерді? Қазақты қорымен қорлап, 400-ден аса жас өрімді араб елдеріне оқуға айдап жіберген Ардақ Досжан аздай, енді мына кісі оқу бағдарламалары күдікті медреселерге бала оқытып, университетке мемлекеттік грант бөлгізбекші. Лама Шәріп мырза өзі қарсы болып жүрген хиджаб, паранжаның «көкесі» осы Нұр-Мүбәрәк университетінің ішінде тұнып тұрғанын біле ме екен? Тіпті ішін айтпағанда, сол университеттің сыртына бара қалсаңыз, тастай оранған қазақ қыздары мен түсі суық қазақ жігіттерінен аяқ алып жүре алмайсыз ғой! Террорист Ишмамбетовы тағы бар. Әлде төраға мырза қанша жыл бойы қызмет істеген араб елдерінен алған «әсерінен» әлі арыла алмай жүр ме? Бәлкім Сманов сияқтылармен достығын Лама Шәріп мырза сол Арабияда жүргенде бастаған шығар?!. Смановтардың «Асыл мақсат» атты атышулы турфирмасы барын да естіген болатынбыз. Фирманың негізгі жұмысы Қазақстаннан қажылыққа адам апару. Өткен жылдары осы турфирма басшылары бөлінген квотадан аз адам әкелгені үшін Араб билігімен арада біраз келіспеушілік болған. Бәлкім Смановтар елдестірмек елшіден дегендей, сол жақтағы Лама Шәріптің көмегіне жүгінген болар. Сол достығы енді Қазақстанда да өз жемісін беріп жатқанға ұқсайды. Қалай болғанда да қой терісін жамылған бөрілер үшін агенттіктің атынан сөз сөйлеп, уағыз-насихат жүргізу кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін «бақ» екені сөзсіз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бұқар жыраудың әдеби мұралары
Сәбит Дөнентаев поэзиясы
Абай - ұлттық әдеби тілдің негізін қалаушы
Міржақып Дулатов (1885-1935)
Міржақып Дулатов
Ғарышкер және Қазақстан
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың ғұмырнамасы
Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне сіңірген еңбегі
Міржақып Дулатұлының Абай шығармашылығын зерттеуі
Қаратпалар, түрлері, жасалу жолдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz