Ж. Жақыпбаев шығармашылығы


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
Дипломдық жұмыс
Тақырыбы: Ж. ЖАҚЫПБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Жоспар.
Кіріспе.
І тарау
Ж. Жақыпбаевтың шығармашылық өмірбаяны.
ІІ тарау
Ж. Жақыпбаев поэзиясының идеялық-көркемдік ерекшелігі
Қорытынды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
І. Кіріспе
Кез- келген ақынның суреткерлік шеберлігін, тілін зерттеу түптеп
келгенде сол ақынның өз дәуірінде дарабоз дүлдүл қатарында болғаны мойындау.
Қазақ халқы ықылым заманнан бері ақындық қасиетке бай келіп, ақындарға кенде болмаған. Тіпті, сонау түркі дәуірінде тасқа таңбаланып, қалдырылған жазбалардың өзі поэзия үлгісінде жазылуы да көп нәрсені аңғартса керек. Ал, біздің тоқталып отырған ақынымыз Ж. Жақыпбаев - болмысы мен ақындық мінезі өзгеден ерек суреткер. Ж. Жақыпбаев поэзиясы тарихқа желі тартар тереңдігімен, түйдек-түйдек философиялық ойларға бай данышпандылығымен, өткір тілімен, ой ұшқырлығымен, шығыстық нәзік лирика ұшқынымен, оқымыстылығымен тамсандырып, бас игізеді. Саналы ғұмырын поэзия көгінде қалықтауға арнаған ақын тірісінде лайықты бағасын ала алмаса да, бүгінде өз биігінен орын тепті. Бұл еңбекте ақын шығармашылығын талдап, тілдік ерекшелігін айқындауға арналады.
Ж. Жақыпбаевтың бүгінде қолымызда бары үш-ақ кітабы. Том- томдық кітаптары баспа есігінен төгіліп жатса да, берері күмәнді ақындар бар да, бір шумағына тұтас роман-яэпопея жүгін арқалатқан ақындар бар. Жұматай солардың соңғысының қатарында.
Жұматай поэзиясының өне бойында сәби жүрегінен тарағандай шынайы сезім лебі, кіндік кесіп, кір жуған жерге деген ыстық ықылас, өткір юмор, сатира, шығыстық, нәзирагөйлік сарын, сал-серіліктің де ұшқынын жазбай тануға болады.
Диплом жұмысымыздың тақырыбы: Ж. Жақыпбаевтың шығармашылығы.
Тақырыптың көкейтестігі: Қазақ әдебиетіндегі поэзия жанрының қарыштап дамып, өсуіне үлес қосқан Ж. Жақыпбаев поэзиясын зерттеп, жүйелеп, шығармашылық еңбегін ғылыми негізде жүйелеу.
Зерттеу объектісі - Ж. Жақыпбаев қаламынан туған лирикалық өлеңдері, поэмалары.
Диплом жұмысының теориялық және практикалық маңызы: Диплом жұмысында қамтылған материалдар мен жүйелі түрде топтастырылған, ғылыми тұрғыда тұжырымдалған қорытынды ой-пікірлерді қосымша мәлімет, әдеби теориялық талдау ретінде пайдалануға болады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеті: Ж. Жақыпбаевтың поэзиясының тілін, көркемдік ерекшелігін, көтерген тақырыптарының өзектілігін айқындау мақсат етіледі. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттер іске асырылады.
- Ақын жары З. Елғондинованың «Менің ертегім» эссе- естелігіне сүйене отырып Ж. Жақыпбаевтың шығармашылық өмірбаянын жасау.
- Ақын шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу.
- Шығыстық поэзия үлгісі мен ақын поэзиясының үндестігін анықтау.
- Ақын поэзиясындағы ұлттық рух, дәстүр сабақтастығын айқындау.
- Жұматаймен тұстас өзге ақындар шығармашылығымен салыстыру, ерекшелігін көрсету.
Зерттеудің әдіснамасы: жүйелеу, топтау, салыстыру, жинақтау талдау, бақылау.
Жұмыстың танылуы: Осы кезеңге дейін Ж. Жақыпбаевтың шығармашылығы әдебиетшілер мен зерттеушілердің, сыншы, ғалымдардың баспасөз бетінде жариялаған мақалаларында, бірнеше ғалымдардың ғылыми жинақтарында талданған.
Жұмыстың зерттелуі: Диплом жұмысын жазу барысында негізгі теориялық әдебиеттерден басқа Ж. Жақыпбаевтың шығармалар жинағы, ақын шығармашылығына, поэзияға қатысты зерттеулер, монографиялар және әр кезеңде, әртүрлі баспасөз беттерінде ақын өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған мақалалар, естеліктер қарастырылады.
Жұмыстың құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І тарау
Ж. Жақыпбаевтың шығармашылық өмірбаяны
Жұматай (Жұмағұл -Шора) Сағадиұлы Жақыпбаев - қазақ өлеңінің төрінде ерекше орны бар аса дарынды тұлға. Жұматай 1945 жылы бірінші қаңтарда Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, қазіргі Киров атындағы колхоздың Ешкіөлмес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Абай атындағы кітапхананың меңгерушісі болып бастаған. 1967 жылы Әл-фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Одан кейін Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» баспасының музыка, поэзия бөлімінде қызмет істеген. 1980-85 жылдары «Жалын» альманағында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Ажал мәуріті жетіп арғымақ ақын 1990 жылы қырық бес жасында дүниеден озған.
Қалмаймын деп мына өмір көшінен,
Жастай зерек ғажайып күй кешіп ем.
Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай,
Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем, -
деп өзі жырлағандай, өмірден өткенше «иттен де қалған, құстан да қалған» көңілін күймен әлдилеп, кеудесін жан адамға бастырмай, асқақ еңсесін төмен түсірмеген, асыл жырға адалдығынан айнымаған. [ 1; 5-7 ]
Ж. Жақыпбаевтың шығармашылық өмірі жайындағы құнды деректерді талай жыл ыстық-суыққа бір күйіп, бір тоңған аяулы жары, ақын, журналист Зайда Елғондинованың «Менің ертегім» естелік-эссесінен мол ұшыратамыз. Ақын шығармашылығын, өмір бұралаңын әңгіме еткенде де осы еңбекке баса назар аударатынымыз да сондықтан.
Жұматай - болмысы бөлек, ерекше ақын. Өлең өлкесі қаншалықты өзгеше келсе, өмір өткелі де ғажайып, сұлу. «Мен қасқа маңдай, бота көз жігітпін ғой. Біз қара шапанбыз, жалпы руымыз Мырза. Төренің қызынан туғанбыз. Әкем Сағади өмір бойы болыс болды. Ауылдық кеңестің бастығы дегенім ғой. Біздің үйде қазыны ит жейтін. Мен туғалы ас та төк молшылық болды. Әкем бала кезінен еркелетіп өсірді. Тіпті әкемнің маған деген мейірімін туған бауырлары да қызғанатын. Әкемнің әкесі Жақыпбай елге сыйлы болыс болған. Жақыпбайдың інісі Шалғынбай батыр болған. Сенің Тоқсанбай атаңа ұқсап, жау қайырған. Жақыпбай би тек төрелермен құда болған. Тұқымдарымен сұлу да сымбатты, ірі екен. Ал қыздары тана көз хас сұлудың өзі болғандығы сонша, хан да, қара да құда түскен. » [ 2. 19-21 ]
Ақын сөзінен балалық шағының уайым-мұңсыз, таршылықсыз өткенін, белді, беделді ақсүйек ұрпағы екенін, ата-ана алақанының мейірімін сіңіріп, қағажу көрмей есейгенін аңғарамыз.
Бәлкім, сондықтан болар, уақыт тасқыны Жұматай мінезіне серілік қасиетті бірге дарытқан. Жүйрікті ерттей мініп, қыраны томағасынан қомағайлана қарап, құмай тазысы абалана үрмесе де, өлеңінен серілік дәстүрдің ұшқынын анық, айқын аңғаратынымыз бар. Кейде сол серілігі серік болмай, жарға жығып, ақын маңдайына таяқ болып тиіп, тағдырын тәлкекке салған сәттер де аз емес. «Мені бір әйел өзінше жақсы көрді. Менен бала сүйді. Балалы болып алған соң, мені өзінің жеке меншігі санап бүкіл болмысымды өзгертіп, өзіне лайықтап саз балшықтан сезімсіз, түйсіксіз Жұматайды қайта жасап алғысы келді. Содан менің мойныма атша мініп, ауыздықтамақ болғанда, мен оны иығымнан лақтырып жібердім. Ол шаң қауып құлады. Бірақ одан ешбір қорытынды шығармады. Маған өшіге түсті. Қолымдағы қаламымды қағып түсірді. Жұмысқа барсам, терезеден сығалап қарап тұратын. Ләйләға арнап өлең жаздың деп өлеңдерімді өртеп жіберді. Мен одан енді қашатын болдым. «Жерге кірсең, шашыңнан жұлып шығарамын, аспанға ұшсаң аяғыңнан тартып түсіремін», - деп қыр соңымнан қалмады. Жұмыстан шығартты. Істер айлам болмай, әке-шешемнің қолтығына тығылып ем, тамағыма у салып бермек болып оны әкем біліп қойып, «Балам, сенің ажалың әйеліңнен болайын деп тұр екен, бұл үйден кет», - деді маған. «Қайда кетем?-деп едім. «Орта құмға кет, қой бақ»- деді. Ал шешем байғұс шырылдап жүр: «Шатырға тығып қоялық, қой бақпай-ақ қойсын», - деп. »[2. 30-33]
Рас. Ақын жаны, жаратылысы тым нәзік келеді. Кейде, көптің байыбына жетпей, жылтырағанға жармаса кететіні де бар. Сол үшін ақын басына әңгір таяқ ойнап, салы суға кетеді. Ақын да пенде. Қате кетіп, шалыс басуға құқы да бар. Десек те, қателік жасау - қылмыс емес, оны түзетуге, қорытынды жасауға талпынбау - қылмыс. Жұматай қателігі - серілік салдары. Ертеде етек жайған серіліктің кейінгі заман шегіне сыймай, күні өткенінің көрініс бұл.
Жұматай поэзиясы жайында сөз қозғағанда, үкілеп, ғұмыр бойы әспеттеген Ләйләсі турасында айтпай кету - күнәнің ауыры. Ләйлә - Жұматайдың музасы ғана емес, жер басып, төс керіп жүруіне негіз - ауасы секілді. Ләйләсіз Жұматай, Жұматайсыз Ләйләні елестету мүмкін емес. Олар - тұтас организм, бөлінбес галактика. «Менің ылғи да атылып өлгім келетін. Жан-дүниемнің кірлеп, қорланғаны сонша, өмір сүру деген ойыншықтай көрінді. Жан ауруы бір жағынан, жүйке ауруы бір жағынан, Сағидың баласы оқудан шығып, қоңыз теріп қайтып келіпті, -деген елдің сөзі бір жағынан менің ақыл-есімді қамшылай берді. Бір күні әкем шақырып алып, «Балам, жайлауда той болады екен, барып көңіліңді көтеріп қайт», -деді. Көкпар тартып жүріп үйдей тастан ат секіртіп, «Жұматай ажалсыз» атандым. Қайда барсам да өлсем деген бір ой қыр соңымнан қалмады. Жайлаудан етекке түскенім сол еді, танауы желбіреген қарындасым жүгіріп келді:
- Аға, Ләйлә келді, Ләйлә, - деп.
- Балапанның қызы келіпті Мәскеуден, - деп көршідегі апам шешеме
сыбырлап жатыр. Сөйткенше болмай, қара Волга біздің үйдің жанынан зу ете қалды. Менің өне бойымды тоқ соққандай болды. Мен жалт қарадым, Ләйлә көңілсіздеу машинаның артында отыр екен. Мен топталып тұрған кісілердің ортасына тығыла түстім. Бұғып қалдым, тақыр басымды сипап мұңайып тұрдым. Оның сұлу дидары, нұрлы жанары мені қайтадан өмірге оралтты», - деп Жұматай махаббаттың құдіретін мойындай келе Ләйләмен алғашқы таныстығын былай баян етеді: « . . . Менімен бала жасынан бір партада отырған Аманбол деген досым бар. Сол бірінші кластан бастап, оныншы класқа дейін есепті менен көшіретін. Оныншы класты бітіріп әркім әр жаққа аттанды.
- Жұмеке, Талдықорғандағы мал дәрігерлік техникумға оқуға түссем деп едім, - деп ол желкесін қасыды.
- Немене, Алешка, сенің орныңа кіріп, емтихан тапсырайын ба?
- Жоқ, Жұмеке. Менімен бірге техникумға оқуға түссеңші, - деді ол қиылып.
Сөйтіп бір топ жігіт сол жылы күзде мал дәрігерлік техникумға оқуға түсті. Келесі көктемде, жатақханада жиі-жиі бас қосулар, би кештері болып тұрды. Мен би билеуді онша сүймейтінмін. Сондай кештердің біріне барып, ішім пысып, шеткерілеу тұр едім, есіктен бір аққұба, қара көзді, әдемі қыз кірді. Соңында сіңлілері ме, кішірек бір топ қыз бар. Қыз кірген бойда шағын би алаңын көзімен шолып өтті де, мен тұрған жаққа жалт қарады. Екеуіміздің көзіміз ұшырасып қалды. Менің өне бойым тоқ соққандай дір етті. Ол маған қарай жүрді, қанша батыр болсам да, мен енді сасайын дедім. Аяғын санап басып, қыз жақындаған с айын жүрегім атша тулады. Өмірімде әйел баласының алдында толқығаным бірінші рет шығар. Көзі оттай жанып, тіп-тік денесін шалқақ ұстап келіп мені биге шақырды. Мен би білмейтін едім, орнымнан қозғалмай жымиып тұра бердім. Тосылып қалған қыз бетіме жалт қарады. Мұндай ғажап жанарды да мен бірінші рет көрген едім. Өкпелегені ме, әлде кіналағаны ма белгісіз, бетіме тесіле қараған ол, жалт бұрылды да, қасындағы кішкене қыздарға:
- Если он не будет моим, я не буду жить!- деп шыға жөнелді . . .
Ертеңіне өзім жек көретін би кешіне тағы да бардым. Ләйлә енді қасыма жоламады. Анадайдан маған ұрланып қарап тұрды. Би біткенше ешкіммен билемеді. Тағы да ұйқысыз түнді бастан кешірдім. Таңға жуық Ләйләға арналған алғашқы өлең қағазға түсті:
Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,
Мойнына жұқа алқызыл шарф байлап ап.
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,
Алыстан тұрдың көзқарасыңмен аймалап.
Қарадың солай, қарадың солай, обал не,
Қарамадың ба, жоқ әлде?
(Осы өлеңді оқып болды да, Жұмекең терең күрсінді. Бір қызығы, Жұматай барлық өлеңдерін дерлік жатқа білетін. )
Бір күні Ләйлә би кештеріне келмеді. Ай күттім, апта күттім, жоқ. Артынан Мәскеуге кетіпті деп естідім. » [ 2. 139 ]
Міне, осы мезеттен бастап, бір-біріне тіпті ұқсамайтын кесек-кесек шумақтар «дүние есігін айқара аша бастады». Мұң, қуаныш, қайғы, сағыныш - әр шумақтың өне бойын әрлендіріп, көркемдігін еселей түсті.
Жұматай, сөз жоқ, тума талант. Ал талантты тынымсыз іздену арқылы шыңдай түспесе, су астында тот тұнған темірдей мүсәпір күй кешіп, жауыннан соңғы алаудай жоғалары тағы бар. Жұматайдың шығармашылық ғұмыры да «оқы, оқы және оқы» қағидасымен өлшенді. Бұл қасиет ақын қанына туа біткендей. Оны өзі де аңғаратыны анық. Естелік-эсседегі Зайда апамызбен Жұматай ақынның диалогынан мұны аңғару қиын емес:
- « . . . философияны терең білмеген адам ақын болып жарытпайды. Жалпы, мені түсінгің келсе, көп оқы, әсіресе, классиктерді, шетел әдебиетін оқы. Орыстың ұлы ақындары туралы замандастары жазған естеліктерді оқы.
- Сен өзіңді ұлылар қатарына жатқызасың ба?
- Иә, - деді ол ешбір қысылмастан. »
Рас, Жұматай ұлы. Жұматай өзінше ұлы. Оны Абай, Пушкин я Лермонтовтың қатарында қарау әбестік. Ол - оқымыстылығымен, түйдек-түйдек философиялық ойларымен, нәзік лирикасымен ұлы. Десек те, жоқшылық шекпені Жұматайға да еріксіз маталып, шырмайды. Алайда, ақын рухы боркеміктенбей, болашаққа тұнық көзбен қарайды:
«Мен таң-тамаша қалдым, оған бір, өзіме бір қараймын. Біздің кедейшілік жайлап алған үйімізге бір қараймын.
- Сен ұлымын дейсің, ә? Ұлы адамның тұрағы зәулім сарай болуы керек те, серігі сұлу қыз болу керек. Ол керемет атақты да даңқты болуы керек. Сенде оның үшеуі де жоқ. Жапырайған жаман пәтерде отырсың, айта берсең, істеп жүрген қызметің де уақытша. Ал қасыңдағы серігің мен де оңып тұрғаным жоқ. Не сұлу емеспін, не ақылды емеспін.
- Айтқаныңа қосылмаймын, Зайда. Хан қайда отырса да, оның отырған жері қасиетті болуға тиіс. Мен ұлымын, ханмын. Мен сүйген әйел сұлу болмасада сұлу, себебі ол менің ханымым. Ал адам берген атақ пен даңқтың қабырғасын ұрмаймын да мен. Маған атақты да, даңқты да құдайдың өзі берген, - деді ол шімірікпестен. » [ 2. 140 ]
Иә, тек өр ақынның маңдайына ғана біткен бір беткейлік осындай-ақ болар. «Күнге ғана күнбағыс болып бұрылған» ақын тірі пендеге бас иіп, бетін еденге сүйгізбек емес. Дараларға ғана бітетін сара мінез Жұматай ерекшелігін екшеп тұрса да, шынайы өмірде, нақтыласақ, ақын өмір сүрген дәуірде біреуге кіріптарлық танытпай асқаққа өрлеу мүмкін емес-тін. Сондықтан болар, ақын өмірінің тұла бойында таршылыққа көп ұшырап, дұшпандарының тырнағына көп ілікті, мертікті. Тек рухы жасымады. Өлеңі де өр, асқақ қалпында қалды, илікпеді. Сағызша созылып, цензураның шегінен аса алмай қалған жоқ.
Жұматай Жақыпбаевтың қаламынан туған дүние аз емес. Бірақ, сөз патшасына шынайы берілген жыр періштесі шығармашылық өнерді биік талғамның әділ таразысына тартып, ұлы Абайша «өнер шашпақты» мұрат тұтты. Сондықтан да жыр бәсіресіне тұстастарынан ертерек ер салғанмен, ол үш жарым мүшел ғұмырында «Саратан» (1979ж), «Ләйлә» (1981ж), «Шұғынық гүл төркіні» (1984ж) секілді үш-ақ кітабын шығарды. [1. 5-7]
Отыз кітабы жарық көрсе де, отбасы, ошақ қасынан алысқа аты беймәлім қалам иелеріндей емес, Жұматай осы жыр жинақтарымен-ақ қазақ поэзиясына жаңа серпін, өзгеше өрнек, соңы сапа алып келді.
Еліміздің ежелгі тарихын ерінбей- жалықпай өз бетімен іздене оқыған Жұматайдың көптеген өлеңдерін ұғуға әдеби сауаты төмен қаймана қазақтың қабілеті мен қарымы жете бермейді. Оның оқырманына айналу үшін жай ғана поэзия жанкүйері болу жеткіліксіз, ойлы оқымыстылық та қажет. Ақынның:
Бір ғажап сурет көрдім деп ертең мақтанам
Бөгеннің жері бөлектеп маған сақтаған.
Ер Қыпшақ Еділ Еуропада да көрмеген
Жалаир Мұқылай Таңғұттардан да таппаған, -
тәрізді бірнеше мыңжылдықты қас-қағымда парақтап тастаған қағілездігіне қалай ілеспексің?!
″Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз. ″[3. 30-34]
Ақынның «Ғұндардың жүрегі» атты өлеңі «XX ғасырдың Гомері» атанған ұлы Жамбылдың Грузияға барғандағы бір қызықты сәтіне арналған. Кеңестік дәуірдің тоқырау кезеңі деп аталатын жылдарында туған осы бір ғажайып өлең Жұматай жырларының көкке қолын созған биік шоқысындай көрінеді. Тоғыз ауыз өлеңнің тұла бойында «тоқсанға келген екейлік ғұндардың шалы» Жамбылдың аты мүлдем ауызға алынбайды да:
Вокзалға қарай бұл елді кім бөріктірді?
Көрікті елдің құшағын гүл көміп тұрды.
Бақтияр, Еділ киетін сусар бөрікпен,
Күржістанға керік қас ғұн келіп кірді.
Бірақ теңдесі жоқ суреткерлікпен сомдалған ұлы ақынның бұл күндері аңызға айналған ерекше бейнесі көз алдына көлбеңдеп тұрып алады.
Жұматай жырын түсіну үшін Шыбыл шалдың Жамбылға айтатын әйгілі:
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызы, домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын ұрғандай кешке жақын, -
дейтін өлең жолдарын еске алып қана қою аз, яғни қытай жылнамаларының тарихи жазбаларында хатталған шежірелік мәліметтерден де хабардар болуға тиістісіз. Сонда ғана өлеңге өзек болып отырған «Күржістанға келіп кірген керік қас ғұн» ежелгі екейдің (икюдің) ұрпағы, XX ғасырдың алып жырауы Жамбыл екенін жазбай танисыз. Ал, «Ғұндардың жүрегі» атты бұл өлеңнің қадір-қасиетін толық ұғындыру үшін арнайы зерттеу жүргізу артық етпес. Сондықтан біз оған тоқталып жатпай, Жұматай жырларына жақындай түсудің, оның білікті оқырманына айналудың бір жолын мегзей кетуді ғана мақсат еттік.
Жұматайдың:
Арттыра берсін білгеннің қадірін өлең,
Марғұлан айтса, ақылы, сабырлы кенен,
Богдыхан қызын беретін Үйсіндер кеше
Едіге таң, ірі ұланын Тәңірі деген;
Немесе:
Ғашықтық тәмам, болды ма еркелік тәмам?
Қарардай әлем Сен құсап жиіркеніп маған.
Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған
Ұбақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам, -
дейтін өрнегі өзге шумақтары да таңғажайып тың теңеулерімен таңырқатып ғана қоймай, тағылымы терең тарих тұңғиығына қарай жетелеп, Абай атамыз айта беретін «білмекке құмарлығыңды» оятады, сезіміңмен қатар зердеңді де байытады. Жұматайда мұндай- оқыған сайын таң қалдыра берер татымды да тартымды, талант құдіретіне тәнті етер таңғажайып өлеңдер тең-тең. Бұл-Жұматайдың бір ғана қыры. Ал оқымыстылығы өз алдына. Тіпті, қолына боксшы қолғабын киіп, шаршы алаңда сынға түскен сәттері де замандастарының есінде.
Ақын-Алланың ең нәзік жаратылысы. Өзгелер ұқпағанды түйсініп, басқалар сезбегенді терең қабылдай білетін, жүрек қылдарын тек ізгілікке шертткізетін де солар. [4. 26]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz