Мұстафаның жастық шағы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   

Мұстафаның жастық шағы

1881 жылы 12 наурызда Осман патшалығына қарасты Грекияның Селаник қаласында Мұстафа атты ұл бала дүниеге келді. Ол кезде түріктердің фамилиясы жазылмайтындықтан, оны тек «Мұстафа» деп атады. Бірақ уақыт өте келе оның аты-жөні көбейіп, атақ-даңқы артады. Бүкіл әлем оны «Мұстафа Кемал Паша Ататүрік» деп атайды. Оның әкесі Әли Рыза аса ауқатты адам болмапты. Халық жасағының офицері болып қызмет еткен. Тілмаш болған. Кейін орман саудасымен шұғылданған. Жұмысы табысты болмаса да, ол өзін «османлы» тобына жатқызатын. «Османлы» деген ұғымды түсіну үшін әуелгіде даңқы дүниені дүр сілкіндірген, артынан ар-ұят пен намыс отынан жарылып кетерліктей масқара құлдырауға түскен Осман патшалығы азаматтарының өмір тарихымен танысу керек. Осман жүйесіне сәйкес қызметтік өрлеудің өзіндік баспалдағы болды. Ол жүйе бойынша сенің қай ұлттан немесе таптан екенің емес, сол патшалық мүддесіне қаншалықты адал болуың маңызды еді. Патшалық мүддесін сатқан адам аса үлкен қатыгездікпен жазаға тартылатын. Тіпті өлім жазасына кесілетін. Ал кімде-кім патшалық мүддесі үшін өзін аямаса және мұсылман дінін қабыл алса, ол міндетті түрде жоғарыға өсетін. Сондықтан жоғарғы элита ішінде өзін таза мемлекетшіл етіп көрсеткен басқа ұлттың өкілдері аз емес-тін. Мұнда түріктермен қатар, өзін «османлы» деп атаған күрдтер де, армяндар да, гректер де, арабтар да, албандар да, еврейлер де, тағы басқалары да бар еді. Өйткені «османлы» деген мәртебе басқаның бәрінен биік тұратын. Мұстафаның анасы Зүбейде ханым еті тірі, ерік-жігері мол адам еді. Өзі Селаниктегі белгілі отбасының қызы болатын. Ол ұлын Хафиз Мехмед мектебіне оқуға берді. Бірақ әкесі отбасында кімнің басшы екенін білдіру мақсатымен ұлын ол мектептен шығарып алып, Шемши мектебіне береді. Көп ұзамай Мұстафа жеті жасқа толған кезде әкесі кенеттен қайтыс болады. Бұл оқиға жас баланың басына үлкен қайғы салады. Бала Мұстафа бірінші рет өмір мен өлім туралы ойға қалады. Шешесі біраз уақыттан соң басқа күйеуге шығады. Мұстафа мектепті бітіргеннен кейін әскери училищеге оқуға түседі. Училище қабырғасында тамаша математикалық қабілеті ашылады. Математика мұғалімінің де есімі Мұстафа болатын. Басқалар екеуін шатастырмас үшін ол өзінің сүйікті шәкіртіне «Кемал» деген қосымша ат береді. Бұл түріктің де, қазақтың да «кемел, білімі толық, терең, жетік» деген мағынаны беретін сөзі ғой. Жас бозбала білімге деген ерекше құштарлығымен француз тілінің мұғалімі Накиюддин бек Юджекектің де көзіне түседі. Ұстаз бен шәкірт Ұлы француз революциясы мен Наполеон Бонапарт туралы, демократия мен тәуелсіздік жайлы ашық әңгіме құратын. Осы мұғалімнің әсерімен Кемал Вольтер, Руссо, Гоббс секілді көптеген ойшылдар мен философтардың еңбектерімен танысады. Осы кезден бастап ол бонапартизм рухымен «ауырды». 1902 жылы Мұстафа Кемал Ыстамбұл жоғары әскери училищесін тәмамдап, лейтенант атағын алады. Әскери қызметті жүрегімен қалаған Кемал ары қарай білімін Әскери академияда, кейіннен Бас штабта жалғастырады. Осында оқи жүріп, өз жолдастарымен бірге Осман патшалығының күш-қуатын қайта қалпына келтіру мақсатында құпия түрде «Ватан» («Отан») ұйымын құрады. Бірақ ұйым мүшелері ойының ортақ болмауы салдарынан ол бұл жерден кетіп, жасырын түрде жас түріктердің «Бірлік және прогресс» партиясының құрамына кіреді. 1905 жылдың 5 қаңтарында (академияны бітірген, бірақ капитан шенін алмай тұрған кезі) оның бар мақсатын біліп қойған сұлтанның құпия қызметі Мұстафаны абақтыға жаптырады. Арада бірнеше ай өткенде академиядағы ұстаздары Мұстафадан талантты офицер шығатынын айтып, оның бостандыққа шығуына себепкер болады. Бірақ осы оқиғаның кесірінен ол Осман патшалығының дамыған еуропалық бөлігіне емес, артта қалған Дамаск қаласына жұмысқа жіберіледі. Осылайша, Мұстафаның әскери карьерасы басталады. Әйтсе де оның бұдан арғы әскери-саяси жолын түсіну үшін Осман патшалығының тарихымен қысқаша болса да таныса кеткен жөн.

Осман патшалығы

XI ғасырда көшпенді түркі халқының жер аумағы шығыста - Ұлы Қытай қорғанынан бастау алып, батыста - Дунай өзені, оңтүстікте - Жерорта теңізіне дейін созылатын аса зор жер көлемін алып жатқан. Негізінен қыпшақтар қоныстанған Ертістен Дунайға дейінгі, Қырымнан Ұлы Бұлғарға дейінгі аумақ Дешті-Қыпшақ деп аталды. Оғыздың Селжук көсемі негізін қалаған келесі патшалыққа Иран, Ирак, Кіші Азия, Оңтүстік Кавказ түгел енетін. Осылайша Орталық Азияны қыпшақтар мен оғыздар бөліп алған. Бұл алып аумақты ұлы түрік көсемдері найзаның ұшы, қылыштың жүзімен бағындырған. Міне, сол замандардан бізге «арабтар - пайғамбарлар елі, парсылар - ақындар, ал түріктер - көсемдер елі» деген мақал-мәтел жеткен.

XII ғасырда бұл алып кеңістікті әскерінің төрттен үші түріктерден құралған Шыңғыс хан әскері жаулап алды. Бірақ бұл мыңқол билігін ғана мойындайтын жаңа түріктер еді. Әуелде түріктердің алғашқы толқыны мен кейінгі толқыны тайталасқа түсті. Ескілер жеңіліске ұшырады, дегенмен көп ұзамай ескілер де, жаңалар да өздерінің қандас бауырлар екенін түсініп, одақ құрды, бірлесті. Осының нәтижесінде екі түрік империясы пайда болды. Жошы ұлысына қарасты ел «Алтын Орда» аталды. Ал Осман империясы Шыңғыс ханның үшінші ұлы Хулагудың қол астына қарады. Алайда 1370 жылы Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай ұлысына қарасты патшалықтан Әмір Темір империясы пайда болды. Оған Орталық Азия тарлық еткен соң, 1395 жылы солтүстіктегі Алтын Орданың ханы Тоқтамысты тас-талқан етті. Содан кейін оңтүстіктегі түрік сұлтаны Найзағай Баязиттің әскерін қирата жеңіп, оны 1402 жылы қолға түсірді. Егер түріктің осы екі патшалығы өзара қырқысқа түспей, бірігіп Еуропаға қол бастағанда, олар бүкіл дүниені түгел бағындыратын еді. Сондықтан Ақсақ Темірді «Еуропаның құтқарушысы» демеске амалың жоқ. 1405 жылы ақпанда Әмір Темір қайтыс болған соң оның құрған алып империясы да көп ұзамай құрдымға кетті. Ал Осман империясы орнынан қайта тұрды. 1453 жылы 21 жасар түрік сұлтаны Мехмед II Константинопольді жаулап алады да, әлемнің ең ұлы империяларының бірі Византия өмір сүруін біржола тоқтатты. Осыдан кейін Мехмед II «Фатих» («Жаулап алушы») атағын алып, Константинопольді Ыстамбұл («енді бұл біздің астанамыз») деп атады. XVII ғасырдың басында Осман патшалығы Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Еуропаның оңтүстігі мен шығысы, Жерорта теңізінің шығысын түгел қамтыған алып аумаққа билік құрды. Қара теңіз бен Азов теңізі патшалықтың ішкі теңіздері еді. Осман сұлтандары мұсылман әлемінің дін басшысы - «Халиф» мәртебесіне ие болды. Әйтсе де XVII ғасырдың аяғында ішкі тоқырау мен еуропалық державалардың сыртқы қысымдарының салдарынан алып империя ыдырай бастады. XVIII ғасырда солтүстіктен Ресей патшалығы күшейіп, Осман патшалығының қабырғасын сөге бастады. XIX ғасырдың аяғында ол Еуропаның аграрлық-шикізат өндіретін бөлшегіне айналып, бірте-бірте ел экономикасы құлдырауға түсті. Барлық ыдырауға ұшыраған империялар сияқты мұнда да сатқындық пен жемқорлық кең қанат жайды.

Қолбасшы Мұстафа Кемал

Мұстафаның Сириядағы әскери өмірі дәл осы патшалықтың ыдырау үдерісінің шыңына жеткен кезеңімен қатар келді. Оның саяси көзқарасының қалыптасуына басшылардың жағымпаздық және жемқорлық әрекеттері түрткі болды. Бір кезде мақтаныш тұтып өскен алып империяның талан-таражға түсе бастағанын көріп, Мұстафаның жаны күйді. Ар-ұят пен намыс отына булықты. 1907 жылы Сириядан кетіп, өзінің туған жері Селаниктегі 3-армия корпусының штаб бастығы қызметіне тағайындалған соң, 1908 жылдың 28 шілдесінде Әнуар-паша мен Мұстафа Кемалдың жетекшілігімен жас түріктер ұйымдастырған төңкеріс басталады. Төңкерісшілер ІІ Абдул-Хамит сұлтанның саяси режимі мен елдегі ол қалыптастырған конституциялық монархияны құлатты. Осыдан кейін жас жағынан құрдас екі көшбасшының - «екі қошқардың бастары бір қазанға сыймай», ақыры Мұстафа Кемал жалпы саяси қызметтен кетуге мәжбүр болады. 1909 жылы сәуір айында «Ахрар» атты компродорлық партия мен мұсылман молдалардың үгіт-насихатының нәтижесінде Ыстамбұл гарнизонының сарбаздары төңкеріс жасап, жас түріктердің үкіметін құлатып, ІІ Абдул-Хамит сұлтанды қайта таққа отырғызды. Мұстафа Кемал жас түріктердің көшбасшысымен ойлары ортақ болмаса да, онымен бірлесе отырып, тез арада жүз мың әскері бар «Іс-әрекет армиясын» құрып, төңкерісшілердің тас-талқанын шығарады. Кемалдың талабы бойынша парламент ІІ Абдул-Хамиттің орнына ел мүддесін қорғауға салтанатты түрде ант берген V Мехмедті патша етіп сайлайды. 1910 жылы Мұстафа Кемал Албаниядағы көтерілісті басады. 1911 жылдың күзінде Италия ыдыраған империяның Африкадағы провинцияларына шабуыл жасайды. Қарулы күштердің Бас штабында қызмет етіп жүрген Мұстафа Кемал дереу жалған журналист болып, сол кездегі Триполитания мен Киренаикқа (қазіргі Ливияға) аттанады. Соғыс алаңына жеткен соң түрік әскерлерінің билігін өз қолына алып, итальяндықтармен болған шайқаста жеңіске жетеді. 1912 жылы Дернедегі әскердің бас қолбасшысы болып тағайындалады. 1912 жылдың 9 қазанында Түркияға қарсы Болгария, Сербия, Грекия және Черногория Бірінші Балқан соғысын бастайды. Осы жылдың жазында жас түріктер үкіметін құлатқан «Еркіндік және келісім» партиясынан құралған сатқын үкімет Балқан соғысынан зәресі ұшып, сұлтанды Триполитания мен Киренаикқа толық автономия беру туралы құпия келісімге қол қоюға мәжбүр етті. Осы келісім арқылы Италия іс жүзінде бұл жерлерге билік құрды. Бірақ, бұл Түркияны Бірінші Балқан соғысындағы жеңілістен құтқармады, ол Ыстамбұл мен Шығыс Фракияның шағын бөлшегінен басқа еуропалық жерлерінің бәрінен айырылды. Осыған намыстанған жас түріктер 1913 жылдың қаңтарында кезекті төңкерісін жасап, Әнуар-паша үкімет басына қайта келді (Жалпы, 1908 жылдан бастап сұлтандар Осман патшалығының тағында қалғанымен, Мұстафа Кемал 1922 жылы сұлтандықты таратқанға дейінгі кезеңде, үкімет құрамын іс жүзінде жас түріктер белгілеп отырды. ) . 1913 жылдың 29 маусымында Екінші Балқан соғысы бастау алды. Енді Болгария Бірінші соғыстан кейін бөлінген жерге риза болмай, Грекия, Сербия және Черногорияға қарсы соғыс ашты. Бұл үшеуіне Румыния мен Түркия да қосылды. Осы соғысқа қатысқан Мұстафа Кемал Диметокия мен Эдирненің Түркияға қайтарылуына үлкен еңбек етті. Болгарияны жеңген соң Мұстафа Кемал подполковник шенін алып, сол елге әскери атташе қызметіне тағайындалды. Қарамағындағы дайындықсыз, білімсіз, қару-жарағы нашар әскерді басқарғанына қарамастан, бұл соғыстарда Мұстафа Кемал аса дарынды қолбасшы екенін көрсетті. 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Оның бір жағында Франция, Ұлыбритания және Ресей тұрса, екінші жағында Германия, Австрия-Венгрия және Осман патшалығы тұрды. Мұстафа Кемал бұл таңдауды қателік деп есептеді.

Дарынды қолбасшының орасан зор табысы және империяның масқара күйге түсуі

Бірінші дүниежүзілік соғыста Ұлыбританияның әскери теңіз флотының министрі болған әйгілі Уинстон Черчиллдің Түркияның қауқары туралы пікірі өте төмен болатын. «Бұл ғаламат зілзаладан кейін қалтасында бір тиыны жоқ, жанжалқой, әбден күйреп, тозығы жеткен Түркияның не тамтығы қалады?!» деген риторикалық сұрақ қойып, өз-өзінен мәз болады. Сондықтан ол Ыстамбұлды қоршауға алу үшін Дарданелл мен Босфор бұғазына аса көлемді операция жасауға бел байлайды. 1915 жылдың 19 ақпанында одақтастардың жарты миллионға таяу, ең соңғы қару-жарақпен мұздай қаруланған әртүрлі әскерлері жеңіл табысқа жетпек ниетпен соғыс әрекетін бастайды. Антанта әскерлерінің 60 пайызын британдықтар, 20 пайызын француздар, қалған 20 пайызын австриялықтар мен жаңа зеландиялық, үндістандық (негізінен мұсылмандар) сарбаздар құрайды. Дарданелл бұғазынан әскери эскадронды өткізу әрекетінің соңы ауыр шығынға ұшырады. Сосын одақтастар Галиполи түбегі мен Арыбурну мүйісіне десант түсіреді. Мұнда Мұстафа Кемалдың басқаруындағы 14-дивизия ағылшындар мен француздарға қарсы тұрады. Қарсыластардың қаншама шабуылдарының барлығына тамаша тойтарыс берілді. Бұл түріктердің одақтастарға берген ең алғашқы бетқаратпас тойтарысы болатын. Осы үшін Кемал полковник шенін алады. Осыдан кейін одақтастардың ең күшті шабуылдарының барлығына Мұстафа Кемалдың басқаруындағы түрік әскері қарсы қойылады. Бір жолы оқ-дәрісі таусылып, кері қашып келе жатқан сарбаздарын тоқтатып: «Мен сендерге шабуылға шық демеймін, артқа шегінгенше сол жерде өліңдер деп бұйрық беремін!» деген әйгілі қанатты сөзін ауызға алады. Бұл сөзді естіген сарбаздар қайта бұрылып, оқтары жоқ болса да, мылтықтың басындағы штыктарын алға тұтып, шабуылға шығады. Дарынды әскербасының соғыс алаңындағы қайталанбас қаһармандығы мен керемет қолбасшылық қасиетіне таңқалмасқа амалың жоқ. Кемалдың осы бұйрығы бұдан кейінгі шайқастардың бәрінде жауынгерлерге жігер беріп, соғыс майданындағы түрік сарбаздарының жалынды ұранына айналып кетті. Дәл осылай Арыбурнуда екі рет, Анафталар мен Киречтепеде екі рет осы ұран қайталанып, османлылар жеңіске жетті. Онымен бірге Мұстафаның да әскери абыройы арта берді. Соғыс компаниясының орта тұсында Кемал осы бағыттағы бүкіл түрік әскеріне қолбасшылық жасады. Одақтастардың 266 мың адамы ауыр шығынға ұшырап, түріктерден беті қайтып қалды. Олардың көпшілігі ағылшындар болатын. Түріктердің шығыны 230 мың адамды құрады. Сөйтіп, 1916 жылдың 9 қаңтарында соғыс операциясы аяқталды. Британдықтар әлі күнге дейін бұл жеңілістің азабын ұмытқан жоқ. Уинстон Черчиллдің карьерасы ұзақ уақытқа тоқтап қалды. Ал, оның түріктер туралы көзқарасы түбегейлі өзгеріске түсті. Кейіннен ол 1943 жылы Тегеран конференциясына қатысып отырып: «Түріктер нашар қаруланған. Бірақ, олар тамаша жауынгерлер екен», - деді. Бұл соғыстан кейін Кемал дивизия генералы шенін, «Паша» құрметті атағын және «Ыстамбұлдың қорғаушысы» атағын алды. Бірақ, бұл Осман патшалығын қорғау үшін болған бірнеше соғыс ошақтарының бірі ғана болатын. Жан-жақтан жабылған жаулардың көптігінен және тозығы жеткен ескі жүйенің дарынсыз билігінің кесірінен Түркия басқа майдандардың бәрінде жеңіліс тауып жатты. 1916 жылы әйгілі Британ барлаушысы Томас Лоуренс, ұйымдастырған арабтардың өздерін бірнеше жүздеген жыл басқарған түріктерге қарсы көтерілісін басуға түрік әскерінің шамасы жетпеді. Мұстафа Кемал-паша жағдайды жақсартуға бар күшін салды. 1916 жылы оның армиясы орыс әскерлерінің Кавказдағы шабуылын тоқтатады. Тіпті, Муш пен Битлесті қайтарып алады. 1917 жылы мамырда одақтастары Германияның жаяу әскер генералы Эрих фон Фалькенхайнның қарамағындағы «Йылдирым» әскери тобының құрамындағы 7-армияны басқаруға Мұстафа жіберіледі. Екі генералдың басы бір қазанға сыймайды. Содан күзде Кемал-пашаны қызметтен шеттетеді. Батыр қолбасшының көңілін аулау үшін оған «сұлтанның құрметті адъютанты» лауазымын беріп, тақ мұрагері Вахидеддин сұлтанмен бірге одақтас Германияға жіберіледі. Олар онда батыс майданымен танысады. Осы сапардан қатты ауырып, Вена мен Баден-Баден қалаларында емделеді. Кемал емделіп жатқанда Вахидеддин IV Мехмед атымен патша тағына отырады. Мұстафа емделіп келген соң 1918 жылы жазда Сириядағы 7-армияның басшылығын қолға алады. Тәжірибелі әскербасшы ретінде ол жалпы Осман патшалығының жеңілгенін түсінеді. Бірақ, өзінің әскери міндетін аяғына дейін орындайды. Әрине, оның келуімен бірге түрік әскерлері ағылшын әскерінің шабуылдарына тамаша тойтарыс бере бастайды. Алайда, бұл кеш еді. Ақыры жеңілетінін білген соң жас түріктердің үкіметі Мудрос портында жеңіліс актісіне қол қояды. Осыдан кейін «Бірлік және прогресс» партиясы өзін-өзі таратып, жас түріктердің көшбасшысы Әнуар-паша эмиграцияға кетеді. Көптеген ізденістен кейін Әнуар-паша түріктерге Орта Азиядағы бауырластарын қосып алу мақсатымен басмаштар қатарына қосылады. Әйтсе де, оның бұл ойы да іске аспай, 1922 жылы Тәжікстанда бір қызыл армияшылардың атқан оғына ұшырайды. Мудрос келісімшартына орай, Осман империясы Босфор және Дарданелл бұғазын Антантаның әскери флотының оккупациясына беруге мәжбүр болады. Түркияның шекарасынан тыс жердегі түрік гарнизонының барлығы қару-жарағын жерге қояды, әскери флотты өткізеді. Шын мәнінде бұл Осман патшалығының біржола күйреуін білдіретін еді. Бірақ, мұндай масқара келісімшарттың өзін Антанта елдері Осман империясы үшін өте жеңіл деп тапты. Сол себепті Ұлыбритания, Франция, АҚШ және Грекия Осман империясы отарлаған жерлерді жаулаумен ғана шектелмей, енді Түркияның өз аумағына да ауыз салды.

Отан қорғау жолындағы ұлы күрес

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мұстафа Өзтүрiк
Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық –саяси қызметі
Балаларға арналған шығармалардың сипаты
Мұстафа Шоқайдың өмір жолы
Роза Мұқанованың шығармашылық лабораториясы
Шетелдегі түрік диаспорасының қалыптасу тарихы
Шоқай және Түркістан легионы туралы шындық
Мұстафа Шоқай және Түркістанның біртұтастығы идеясы
Мұстафа Шоқай туралы зерттелген тарихи материалдарды сабақ барысында қолданысқа енгізу
Мұстафа Кемаль Ататүрк
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz