Оңтүстік Қазақстанда ХХ ғ. 20-30 жж. аграрлық реформалар


Оңтүстік Қазақстанда ХХ ғ. 20-30 жж. аграрлық реформалардың нәтижелері
Түйінді мәселеге айналған Қазақстанның ауыл шаруашылығына қатысты міндеттердің саяси, экономикалық тұрғыда шешім табуы қоғамдық ахуалдың даму деңгейі мен тұрақтылығын айқындайтын мемлекеттің маңызды тетігіне айналды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Қазақ ауылы қашаннан да ұлттық өрлеудің сырқымас көзі және ұлттық бірліктің тұтқасы болып келді. Тоталитарлық режим қазақ ұлты жөнінде таза экономикалық және таза таптық міндеттерден басқа ұлттық өсіп-өнудің негіздерін тікелей қарату бағытын ұстады» [1, 242-б. ] деп, отан тарихының күрделі кезеңінің ерекшеліктерін тап басып айқындап берді. Ұлттық мүдделерді ескерместен іске асырылған бұл мемлекеттік саясат Одақтық саясаттың құрамды бөлігі ретінде республика көлемінде ортақ мақсат, мүдделерді көздеп, нақты әрекетте тән әдіс-тәсілдерді қолданғанымен де жекелеген аймақтардың өзіндік ерекшеліктері болды. Бұндай ерекшеліктер өзге аймақтарға қарағанда жергілікті дәстүрлер ерекше сақталған және өзіндік тарихи жағдайларына байланысты Оңтүстік Қазақстан аймағында барынша айқын байқалды.
Оңтүстік Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат әлеуметтік жіктелуге соны серпін берді. Сырдария облысының ауыл тұрғындары арасында орыс деревнясындағы кедей, орташа, кулак, помещик сияқты әлеуметтік топтардан мазмұндық айырмашылығы бар өзіндік әлеуметтік топтар (карал, мардикер, чайрикер, етим, ярымшы, вакуфдар, утахол, бай және т. б. ) болды. Бұл әлеуметтік топтардың экономикалық тұрғыдан ең қуаттысы байлар еді.
Байдың әлеуметтік бейнесін помещикпен, кулакпен теңестіргенмен бұл екеуінің ұқсастығынан ерекшелігі басым көрінді. Помещик - сословиелік артықшылықтары заңмен бекітілген дворяндардан шыққан жер иеленуші феодалдар болса, байлар дворяндар сияқты ерекше сословие құра алған жоқ. Содан да «дворяндыққа қарағанда байдың әлеуметтік шекарасын айқындау өте қиын» [1] болды. Ресей помещигінің иелігінде орта есеппен 500 десятина, кулактарда 10-25 десятина жер болса, Түркістан өлкесіндегі байдың иелігі 10-15 десятинамен шектелді.
Кеңестік тарих ғылымында кедейлер «ауыл пролетариаты», «ауылдың жартылай пролетариаты» және ұсақ шаруалар болып бөлінді. Бірінші топты жерсіз шаруалар - жалшылар құрады. Екінші топты жер үлесі бір десятинаға дейін, табысы отбасын асырауға жетпегендіктен байдан аз ғана үлеске келісіп жалға жер алатын дихандар құрады. Үшінші топты бірден үш десятинаға дейін жер иелігі, аздаған көлемде жұмыс күші, күш көлігі, ауыл шаруашылық құралдары бар шаруалар құрады. Олар егіс өнімінің белгілі бір бөлігін алуға келісіп, күші аз шаруашылықтардың жерін өңдеуді кәсіп етті.
Түркістанда көшпелі тұрғындарының арасында малы жоқ кедейлердің үлесі 11, 2 пайызды құрады. Ал әл-ауқаты шағын малшылар шамамен 50 пайызды құраған, 90 басқа дейін уақ малы, 15-ке дейін жылқысы болған шаруашылықтар экстенсивті, жартылай натуралды шаруашылық жағдайында күнін әзер көретін.
Ауыл шаруашылығындағы өзгерістердің сипаты кеңестік аграрлық саясаттың таптық экстремизміне, шаруашылық күйзелісіне қатысты болды. «Әскери коммунизмге» тән әлеуметтік жіктелудің сипатты белгілерінің бірі - дәстүрлі диқандарды толық ығыстырған кеңшарлар мен ұжымшарлардың жұмысшыларының пайда болуы еді.
Түркістанда кеңестік биліктің орыс және жергілікті «капиталистердің» ірі иеліктерін мемлекет меншігіне алуға байланысты құрылған алғашқы кеңшарлардың әлеуметтік, қаржылық базасы әлсіз болды [1, C. 29] . Бұл шаруашылықтарда жұмысшылардың еңбегі ынталандырылмады. Олар үшін өнім өндіруден өнімді бөлу маңызды еді.
ЖЭС реформалары экономикалық тәсілдерге басымдық бергендіктен әкімшілік жолмен құрылған ұжымшарлар экономикалық өмірден ығыса бастады. Нарықтық қатынастар күрделі таптық жіктелуді автоматты түрде реттей бастады. Бұл тенденция саяси басшылықты қатты шошындырды, өйткені партиялық-мемлекеттік аппарат өкілдері ұсақ тауарлы уклад позициясының нығаюын капитализмді қалпына келтіру деп бағалады.
«Түркістандағы жерді еңбекпен пайдалану туралы заңы» ЖЭС кезеңінде шаруалардың жерді пайдалануға деген сенімін нығайтып, оларды егіс көлемі мен одан алынатын өнімді арттыруға ынталандырды. ТКП Өлкелік VІІ конференциясында Жер халық комиссары С. Асфендияров «Тұрғындарға алған жерлері өздерінде қалатындығы, алдағы уақытта ешқандай сапырылыс болмайтындығына сенім керек еді . . . Қабылданған заң тұрғындарға сондай сенімді ұялатты» [2] - деп бұл заңның жағымды сипатына ерекше мән берді.
Әлеуметтік құрылымды жіктеуді жасанды түрде өршіту астық және ет дайындау науқаны барысында, кулак пен байдан өзге әлеуметтік категорияларды да қамтыды. Жергілікті органдардың шешімдерінде «бай», «кулак», «ауқатты» деген ұғымдарды «жекеше» деген жалпылама әлеуметтік категорияға енгізу нәтижесінде шаруаларды қуғындау аясы кеңейе түсті.
Түркістан Республикасында жаңа экономикалық саясаттың негізгі қағидалары 1921-жылдың жазынан енгізіле бастады. Оны іске асыруға Түркістан АКСР-і Кеңестерінің 1921-жылдың 21-25-тамызында өткен Х съезі экономикалық саясаттың тиімсіз тәсілдерінен бас тартып, тауар өндірушілердің барлық топтарының мүмкіндіктері мен ұмтылыстарына қолайлы жағдай жасау міндеттерін белгіледі.
Жер-су реформасы қарсаңында ауыл шаруашылығындағы 8 пайыз орыс шаруалары барлық дақылдар егістігінің тең жартысын иемденді және жергілікті тұрғындармен салыстырғанда жермен 15 есе артық қамтамасыз етілді. Осындай теңсіздік жағдай Түркістанның егінші-дихандарын бұрынғы тартып алынған жерлерді қайтаруды талап етуге итермеледі. Билік құрылымдары реформа барысында кәмпескеленген жерді жерсіз және жері аз шаруалар арасында еңбек нормасына сай бөлуді жоспарлады. Кеңес өкіметі осы саясат арқылы біріншіден, отаршылдықтың қалдығын жойып, жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болуды, екіншіден «ауыл шаруашылығы пролетариатының» мүддесіне қызмет жасаған болып, тап күресінің өртін тұтатуды көздеді.
1921-1922-жылдары жер-су реформасы барысында жергілікті халықтың жер пайдалануға деген құқы қамтамасыз етілді, жерсіз және жері аз шаруалар көптен күткен үлестік жерлерін иеленді. Екінші жағынан реформа ауылдағы саяси жағдайды, таптық күресті өршітіп жіберді. Қоғамдық өмірде алдыңғы қатарға пролетариат және жартылай пролетар көпшілік шыға бастады.
1924-жылдың сәуірінен ауыл шаруашылық салығы тек ақша түрінде жиналатын болды. Бұл жағдай шаруалардың бағалы дақылдар өсіріп, оларды тауар айналымына енгізуге деген қызығушылығын оятты. Салықтың ақшалай түрі барлық аудандардың ауыл шаруашылық ерекшеліктерін ескеруге жағдай жасады. ЖЭС негізінде бүкіл ауыл шаруашылығы баяу болса да тұрақты түрде даму жолына түсті. Жеке қожалықтар 40 мыңға немесе сегіз пайызға, егіс көлемі 228 мың десятинаға немесе он төрт пайызға артты. 1924-жылдың өзінде мал басы 2, 5 млн. немесе үштен бірге өсті [4, C. 185] .
Кеңес өкіметінің аграрлық саладағы декреттері жартыкеш сипат алды, соңына дейін іске асырылмады. Соғыс жылдарының күйзелісі, Қазақстан жерінің ауқымдылығы, аштық пен шетелдік басқыншылықтың салдарлары қолбайлау болды. Тек ұлттық-мемлекеттік межелеу барысында қазақ жерінің біртұтас мемлекетке бірігуі аграрлық қайта құруларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Қазақстанның оңтүстігінде 1921-1922-жылдары жер-су реформасы атауымен қазақтарды жерге орналастыру науқаны қызу жүргізіліп, жер мәселесі барынша өткір қойылды. Патша өкіметінің отарлау саясаты барысында Сырдария және Жетісу губернияларында 1917-жылға дейін қазақ халқынан 5501438 десятина қолайлы жер тартып алынып, осы аумақта 444 казак станицалары мен қоныс аударушылар поселкелері орналасты. Ондағы жер «әрбір орыс шаруасына 3, 7 ал әрбір көшпелі шаруаға 0, 21 десятина немесе 15 (!) есе кем» [4, C. 100] бөлінді.
Жер-су реформасы Қазақстандағы осындай түйінді мәселелердің бәрін шеше алған жоқ, тек 7000 отбасы ғана орыс кулактарынан тартып алынған жерлерге ие болды. Жер-су реформасының халық шаруашылық саласында жетістігі аз болғанымен оның саяси маңызы орасан зор еді және аса ірі революциялық шаралардың біріне айналды. Реформа барысында орын алған кемшіліктер аймақта кейінгі жылдары іске асырылған аграрлық саладағы өзгерістердің бағыты мен сипаттарына елеулі әсер етті.
Жаңа экономикалық саясатқа өту барысында қыстақтар мен ауылдардағы шаруашылық қатынастарында жерді жалға беру және жалдамалы еңбекті пайдалануға байланысты өзгерістер орын алды. 1922-жылғы 20-қыркүйекте Түркістан ОАК қабылдаған «Түрікреспубликасында жерді еңбекпен пайдалану туралы заң» жер пайдалану қатынастарының тұрақтылығына кепілдік берді, шаруаларды егіс пен алынатын өнім көлемін арттыруға ынталандырды.
Бұл кеңшілік дихандардың экономикалық жағдайын түзетуіне үлкен мүмкіндік жасады. Түркістан Республикасында астық салғырты 22, 1 млн. пұт болса, ал 1921-жылы азық-түлік салығы бойынша 12, 5 млн. пұт межесі белгіленді. Жиналатын ет өнімдері мен жем-шөп көлемі де екі есе қысқарды. Салық бойынша жеміс, көкөніс, май, жұмыртқа, жүн жинау тапсырмасы да едәуір төмендетілді [4, C. 43-44] .
Азық-түлік салығы салғыртқа қарағанда ауыл шаруашылық үшін ілгерілеушілік болғанымен, көптеген аудандарда азық-түлік салғыртын қолдану жалғаса берді. Оның үстіне ауыл шаруашылық, техникалық дақылдар мен мал өнімдерінен заттай азық-түлік салығын бөлшектеудің күрделі жүйесі де ауыл-қыстақтардағы тауар өндірушілердің наразылығын туғызды.
Кеңес өкіметінің аграрлық саясатын мына кезеңдерге бөліп қарастыруға болады: Бірінші кезең- 1921-1922-жылдар аралығын қамтиды және Қазақстанның оңтүстік облыстарында ─ Түркістан Республикасында барынша пәрменді жүргізілді. Бұл кезең негізінен 1922-жылы күзінде аяқталды.
Екінші кезең- қазақ ауылындағы кеңестік құрылысты нығайту және патриархалдық-феодалдық қатынастар қалдықтарын жою мақсатында 1926-1927-жылдардағы республикада шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу науқанын қамтиды. Әйтсе де бұл науқан 1929-жылы бүкіл елде шаруаларды жаппай ұжымдастыруға, оған қоса Қазақстанда зорлап отырықшыландыруға ұласып, ұжымдастырудың жеңіске жетуімен аяқталды деуге болады.
Реформа барысында Түркістанда 1921-жылы еуропалықтардың 8084 шаруашылығы мемлекет қарамағына өтіп, нәтижесінде 232321 дес., ал 1922-жылы 48700 дес. жер жергілікті халыққа қайтарылды [5, C. 262] . Т. Рысқұлов 1921-1922-жылдары жер-су реформасының ең басты қорытындысын жергілікті халықты қырып-жоюдың тоқтатылуы деп бағалады. Сонымен бірге ол өз тұжырымында реформа айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізбегендігін айтып, оның екі кемшілігін атап көрсетеді: 1) реформаның ұлттық ұрандармен өтуі; 2) оның нәтижелерінің шаруашылық тұрғыда нығайтылмауы, реформаның саяси жағы экономикалық мүддеден басым түсіп жатқандығы [6, C. 12-13] .
Жер реформасының алғашқы кезеңінде жерге ең алдымен байырғы халықты орналастыруға басымдық берілген болса, Ф. Голощекин VІ Өлкелік партия конференциясында Қазақстанда жерге орналастыруды таптық негізде жүргізу туралы шешім қабылдатты.
Орталық үкімет келімсектердің мүддесін саяси және материалдық тұрғыдан қорғады. 1921-1922-жылдары жерінен қуылған еуропалықтарға бюджеттің есебінен материалдық көмек көрсетілген болатын. Мысалы, 1926-жылы келімсектерге 212017 сом көмек берілсе, ал 1927-жылы Сырдария және Жетісу губернияларына қоныстанған келімсектерге 160 млн сом көмек берілді. Бұл көмекті осы екі губернияда барлығы 1799 қожалықтар алды.
Қазақстандағы жерге орналастырудың жаңа қарқынмен жүргізілуінің саяси және құқықтық негізін ендігі кезекте Мәскеудегі Орталық билік қалыптастырды. БОАК Төралқасының 1924-жылғы 12-желтоқсандағы мәжілісінде «Қазақ АКСР-і еңбекшілерінің мәдени және экономикалық дұрыс дамуына жағдай жасау» мақсатында қабылдаған қаулының күші Қазақстанның жергілікті ұлт өкілдеріне ғана қатысты болды. Бұл жерге орналастыруға қажетті жер көлемі қазақтар есебінен іске асырылатындығын танытатын еді.
1928-жылдары 4-наурызда қабылданған «ҚАҚСР-інде жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы» қаулы қазақ жерінде аграралық мәселені әкімшіл-әміршіл әдістермен қатаң түрде жүргізудің басы еді. Басшы органдардың қаулы-қарарлары мен шешімдерінде жерге орналастырудағы ұлт мүддесі таптық мүддеге қарай ойыса берді.
1927-жылы 25-ақпанда БОАК сессиясы Мемлекеттік қылмыстар туралы Ережені бекітті. Бұл құжат негіз болған Қылмыстық кодекс мемлекет мүддесі жамылғысымен «халық жауларына» қарсы қуғындау шараларын күшейтті.
Қылмыстық кодекстегі «Рулық тұрмыстың қалдықтарын құрайтын қылмыстар туралы» деп аталған бөлімнің астарында славян емес тұрғындардың мәдени дәстүрлерін жою, өзгелердің есебінен жекелеген тілдер мен мәдениетке артықшылықтар беру арқылы ұлттық қозғалыстар төңірегіне бірігуге жол бермеу мақсаты жатты.
ГПУ және НКВД органдарының халыққа қарсы қуғындау қызметі уақыт өткен сайын заңға қайшы сипат ала берді. Халық бұқарасының кез-келген саяси және құқықтық наразылығы аяусыз басып жаншылды. Ойдан шығарылған «халық жауларын» тезірек жойып, жоғары органдарға жағыну үшін жергілікті билік ОГПУ органдарының қызметіне сүйенді.
Өлкелік Комитеттің, Ф. Голощекиннің көздеген мақсаты - ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу арқылы қазақ ауылында саяси және экономикалық міндеттерді бір демде шешіп тастау болды. Біріншіден, мал-мүлкін тартып алып, ірі байлардың ықпалын жою, халық бұқарасының таптық белсенділігін ояту арқылы социалистік қоғамдағы саяси тиімділікке қол жеткізу. Екіншіден, кәмпескеленген орасан зор мал-мүлікті кедейлерге үлестіру арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығын социалистік жолға салып, мемлекеттік меншікке негізделген шаруашылық түрлерін ұйымдастыруға экономикалық негіз жасау.
Ресми билік алға қойған бұл міндеттер мүлтіксіз орындала қойған жоқ. Ең бастысы, кәмпеске барысында ірі байлардан тартып алынатын "орасан зор көлемдегі" мал туралы голощекиндік саяси миф жоққа шықты.
Жоғарғы органдардың жоспары бойынша кәмпескеден түскен мал-мүлік шаруашылықтардың дамуын қолдауға жұмсалуы тиіс еді. Кәмпескеленген малдан Түркістан ауданы бойынша Қаракөл қой кеңшарына 4660 қой, 467 ірі қара және 79 дана киіз, Ақсарай суландыру серіктестігіне 15 түйе, 5 жылқы бөлінсе Қызылқұм ауданында 2 батрактар артеліне 23 бас жылқы, 89 бас түйе, 8 бас ірі қара, 3946 бас қой мен ешкі бөлінген. Ал "Шымқорған" кеңшарына 1 бас жылқы, 9 бас түйе, 1020 бас қой, оның 167-сі қаракөл қойы, 7 ешкі, "Голощекин" атындағы коммунаға 3 бас жылқы, 43 бас қой бөлінді. Кәмпескеленген мал-мүлікті кедейлерге үлестіру, шаруашылықтарға таратумен бірге оларды ауыл шаруашылық салығын төлеуге де жұмсаған. Түркістан ауданында 417 уақ мал, 4 түйе осы мақсатқа жұмсалған. Ал Қызылқұм ауданы бойынша кәмпескеленген 21 байдың мал-мүлкінен осы мақсатқа ірі қараға шаққанда 283 бас мал жұмсалған [7] .
Алғашқы кезеңде жаппай ұжымдастыру аудандарынан республиканың өзге аудандарына 20 мың, республикадан тыс жерлерге 30 мың кулак отбасын көшіру белгіленді. Бұл шараларды іске асыру үшін жергілікті жерлерде Округтік партия комитетінің хатшысы, округтік атқару комитеті төрағасы және жергілікті ОГПУ бастығы құрамындағы шұғыл үштіктер құрылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz