О.Шпенглер және “өркениеттің ақыры”


1. О. Шпенглер және “өркениеттің ақыры”
Бүкіл саналы ғұмырын “Адамзат тарихының қай тілде жазылғанын және оны қалай оқу керектігін” зерттеуге арнаған Освальд Шпенглердің ең атышулы еңбегі - алғашқысы 1918 жылы жарық көрген 2 томнан тұратын “Еуропаның ымырт шағы” (“Закат Европы”) кітабы. Қағидаларының өміршеңдігімен, қайсыбір құбылыстардың даму барысын ғасырлар бұрын болжай білген көрегендігімен ерекшеленетін бұл кітап әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпай, ғасырлармен тайталасып келеді. Жалпы өркениеттану саласындағы көріпкелдік көсемдігі жағынан теңдесі жоқ деп айтуға боларлық осы кітабында автор:
- адамзат тарихын зерттеуде қалыптасқан қасаң қағидалардың бірі, тауарихты: Ежелгі дүние, Орта ғасыр және Жаңа дәуір секілді кезеңдерге бөліп, оның аясын шартты атаулармен шектеушілікті қолдамай, қайта, тіршіліктің негізгі кезеңдерімен (сәбилік, жастық шақ, кәрілік; көктем, жаз, күз, қыс) сабақтастырады, сөйтіп, мәдениет атаулының дүниеге келу, көк жайсаңдай құлпыру, даму шегіне жету, қартаю кезеңдерін белгілейді;
- мәдениет пен өркениет деген ұғымдардың аражігін ажыратып, мәдениеттің дүниеге келу, өсіп-өркендеу кезеңдерін, қайталанбас келбетке ие болып, құлпыру заманын бастан кешіріп, қартайған шақта, жантәсілім берер алдында өркениетке ұласатынын айтады; яғни, өркениет - мәдениеттердің шарықтау шегіне жетіп, күні еңкейген, зауал шағына тұспа тұс келеді;
- ұлт мәдениеттерінің өркениетке ұласуының тағы бір алғышарты ретінде - жиналған бүкіл өркениеттік құндылықтардың саусақпен санарлықтай аздаған ірі қалаларда - мегаполистерде шоғырланатынын болжайды; яғни, қаншама жауһар мәдениет ұшқындарын, толған айдай келісті көркемдіктерді дүниеге әкелсе де, аталған ірі қалалардың қасында басқа жұрт, бөтен мәдениет - провинция.
Жалпы, биік өркениет көкжиегін - әрқайсысының кереге-бесігі берік, уықтары оқтай түзу, шаңырағы биік төл мәдениеттердің алаңы ретінде қарастыратын О. Шпенглер: “ . . . Вместо безрадостной картины линеарной всемирной истории . . . я вижу настоящий спектакль множества мощных культур, с первозданной силой расцветающих из лона материнского ландшафта, . . . чеканящих каждая на своем материале - человечестве - собственную форму и имеющих каждая собственную идею, собственные страсти, собственную жизнь, волнения, чувствования, собственную смерть . . . У каждой культуры свои новые возможности выражения, которые появляются, созревают, увядают и никогда не повторяются . . . Я вижу во всемирной истории картину вечного образования и преобразования, чудесного становления и прехождения . . . ”, деп пікір түйеді (Освальд Шпенглер., Закат Европы., М., 1993, 151-б. ) . Ал, мәдени мегаполистердің тұрғындарын - “жаңа көшпенді, паразит, дәстүр-салт атаулыдан жұрдай, фактінің құлы, дінсіз, салтсыз, берері шамалы білімдар, дүмше” деп суреттейді (Сонда, 165-б. ) . Онымен қоймай, барша өркениеттік ырыс- игіліктерді бойына жиған сол мегаполистерден тыс жерде дүниеге келген мәдениеттің бәрін провинция ретінде құлдырау қаупі күтіп тұрғандығын ескертеді. Ал ірі қалаларда шоғырланған мәдениет сапасының күрт құлдырап, асылдың сынығындай мәңгілік жауһарларға емес, қарасан тобырдың ғана көңілінен шығатын жаппай қарабайыр, тек күнделікті сұранысқа бейімделетіндігін айтады.
О. Шпенглердің адамзат тарихының даму барысы жөніндегі негізгі байламдары тағы да бір іргелі тарихшы, мәдениеттанушы, ағылшын А. Дж. Тойнбидің өркениет ағысы жөніндегі пікірлерімен үндес, сабақтас болып келеді.
Жалпы адамзат өркениетінің бағыт-бағдарын анықтау, оның даму барысынан мән-мағына табу, өркендеу кезеңдерін саралау, сол арқылы ақтық нысанасын белгілеу секілді ізденістер Гераклит, Платон, Аристотель заманынан бастау алып, Кант, Гегель, Тейлор т. б. ойшыл, ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты.
Осы орайда, О. Шпенглердің өркениет дамуын белгілі биологиялық және физиологиялық кезеңдермен (көктем, жаз, күз, қыс; сәбилік, жастық шақ, кәрілік) сабақтастырып, ұлт мәдениетінің дүниеге келу, көк өскіндей жайқала даму сатыларын бастан өткеріп, жантәсілім берерінің алдында өркениетке ұласатыны жөніндегі пікірінің адамзат тарихының бұралаңсыз, тек түзу даңғылмен үнемі алға басып отыратындығы жөніндегі эволюциялық пікірмен үйлеспейтіндігін айта кету керек.
Бұл жерде ескеретін екі жәйт бар. Біріншіден, адамзат қоғамының даму эволюциясы жөніндегі дәстүрлі тағандап алға жылжу, немесе, әлеуметтік прогресс идеясы мен М. Вебер, Э. Дюркхайм еңбектерінде дәйектелген толассыз жаңғыру, модернизация идеяларының ортақ белгісі - олар адамзат өркениетін ұқсас, біртектес заңдылықтармен дамитын игіліктер жиыны ретінде қарастырады. Ал Шпенглер, Тойнбилер жер бетінде дүниеге келген әр мәдениеттің тал жапырақтарының түсіндей қайталанбас реңкіне, төл қасиетіне, ең бастысы, өзіндік “өмір жолына”, “тағдырына” баса назар аударады. Екіншіден, ұлт мәдениеттерінің “есейіп, еңкейген шағында өркениетке ұласу үрдісін” жариялағанда, О. Шпенглер оларды дүниеден баз кештіріп, мүлдем жойып жіберуден аулақ, қайта олардың өз дамуының шарықтау шегіне жеткенде бірте-бірте ұсақтап, қарабайырланып, “өмірлік қажыр-қайратының өсіп-өркендеу мұраттары емес, автоматтандырылған, қан-сөлсіз - құдіретсіз, ағымдағы сұраныстардың жетегінде кететіндігін” толғайды: “ . . . Современная эпоха - эпоха цивилизации, а не культуры . . . Мы цивилизованные люди, а не люди готики и рококо; нам приходится считаться с суровыми и холодными фактами закатывающейся жизни (сонда, 174-175-бб. ) . . . Культура рождается в тот миг, когда из прадушевного состояния вечно-младенческого человечества пробуждается и отслаивается великая душа . . . Культура умирает, когда эта душа осуществила уже полную сумму своих возможностей в виде народов, языков, вероучений, искусств, государств, наук . . . ”(264-б. ) . Бажайлап қарап отырсақ, Шпенглердің мәдениет атаулының өркениетке ауысар тұсына берген бағасының бүгінгі жаһандану заманының алға тартып отырған талап-мүдделерінен пәлендей айырмашылығы жоқ екендігін байқауға болады. Бірақ, бұл алдағы әңгіменің талшығы.
Шпенглер әр мәдениеттің өсіп-өркендеп, өзіндік салт құруына 1000 жыл кеседі де, ал оның өркениетке ұласқан ақырғы кезеңіне 200-300 жыл береді. Ол сонымен қатар, сан салалы адамзат өркениетін негізгі 8 ұлы мәдениет үлгісіне бөледі: египет (мысыр), антикалық, үнді, вавилон (бабыл), қытай, араб, батыс, мексика.
Араға жарты ғасыр сала, өзінің 12-томдық “Тарихты таразылау” (“Постижение истории”) кітабында Арнольд Тойнби өсіп-өнген 7, мүлдем өшкен 14 өркениет жөнінде толғайды. Аталған жетеуге: батыс, христиан, иран, араб, сирия, үнді, қытай мәдениеттерін жатқызады. Тойнби өркениеттердің дүниеге келуін “сaуал-жауап” (“вызов-ответ”) қағидатымен түсіндіреді. Мәселен, жан-жақтан шабуылдаған африкалық құм-дауылдардың екпінінен құрып кетуге шақ қалған Ніл, Тигр, Ефрат өзендерінің бойында өмір сүрген тайпалар, жағалаудағы батпақты, сорлы жерлерді құрғатып, жасанды су қоймалары, арықтар арқылы суландыру жүйелерін ойлап тауып, египет, шумер өркениеттерін дүниеге әкелді дейді ол. Сол сияқты, майялардың тағдырына - тропикалық орманның зауал шақ боп төнген кезінде - “табиғаттың қаныпезер қыспағына адам баласының бірлескен, ұйымдасқан тегеуріні қарсы тұрып”, жаңа өркениет құралғанын айтады (А. Дж. Тойнби., Постижение истории. Избранное. М., 2004, 122-б. ) .
Қайсыбір ұлт пен ұлысты “адамзаттың элитасы” деп есептеген Фернан Бродель 9 өркениетті бөліп-пішсе, замандасымыз Самюэль Хантингтон өзінің “Өркениеттердің қақтығысуында”: қытай (синь), жапон, үнді, ислам, православие, батыс, латынамерикалық, африкалық секілді 8 өркениеттің ара-жігін ажыратады.
Жалпы, Қазақстанның ұлан-байтақ өрісінде өркениет нышандарының алғаш пайда болуы сонау қола замандарына тіреледі. Қаратаудағы, Таңбалы шатқалындағы тасқа салынған суреттер - петроглифтер б. з. б. 2000 жылдықтардан бастау алады. Андроновтықтар деп аталатын мәдениет өкілдері қола заманында Қазақстанның орталық аймақтарында өмір сүріп, б. з. д. VІІ-VІ ғғ. Тасмола мәдени аймағын құрады.
Алайда, осы өлке ажарының әлемдік аренада жарқырай ашылып, уақыт сынды алпауытпен теке тірестірер жауһар құндылықтарды дүниеге әкелуі көшпелілер заманына саяды. Қазақстан жерінде өмір сүрген көшпелілердің сан-салалы тарихы жөнінде ұлттық ғылыми ой шама-шарқының жеткенінше зерделі әңгіме құрап келеді. Алайда, бөтен елге құпиялау көрінер өмір салты мен келісті салтанаты кезінде Геродотты таң қалдырған көшпелілердің мәдениетінде басын ашып алатын бірқатар мәселелер бар. Олардың негізі мыналар:
- жалпы көшпелілер мәдениеті жөнінде айтылар әңгіме - аспанға шапшыған асау тұлпарлардың апшысын қуырта ырқына көндірген, мұрындық-жүген, ер-сайман, ат-әбзел, дөңгелек, арба секілді адамзат өркениетінің шешуші құндылықтарын ұлы санасы жарық дүниеге әкелген біздің ата-бабаларымыз жөнінде айтылар әңгіме. Сонау Алтай, Сібір, Моңғолиядан Алдыңғы Азия, Еуропаға дейін созылған Ұлы далада, жалпақ сары далада дүниеге келген көшпелілер мәдениеті дегеніміз - бүгінгі заманға жеткені бар, жетпегені бар, әйтеуір, осы ендіктерде өмір сүрген басқа да ірі тайпалық бірлестіктермен бірге жасасып, бірге өркендеткен біздің ата-бабаларымыздың төл мұрасы, солардың аманат-игілігі;
- орта ғасырларда бүкіл Азия құрлығының қалың жұрты мойындап, мызғымастай қалыптасқан қағида бойынша - дүниенің төрт бұрышын тіреп тұрған 4 әлемдік монархия: оңтүстікте - піл патшасы (Үндістан), батыста - інжу-маржан, асыл тас падишахы (Иран, Византия), солтүстікте - арғымақ баһадүрі, сәйгүлік патшасы (Түркі қағанаты), ал шығыста - адам патшасы (Қытай) билік құрған болатын (К. Байпақов., Диалог культур, Культурные контексты Казахстана: История и современность, А., 1998, 73-б. ) . Осылардың ішінде әсіресе, көшпелілер мәдениеті - әлемдік экожүйеге үйлесімділігі мен қоршаған ортаға бейімділігі жағынан барынша алға басқан, төрткүл дүниеде өз жөні, жосығы бар өміршең өркениет ретінде белгілі еді;
- көпшілік тарихшы ғалымдар, тілшілер (әсіресе, ресейлік, қала берді отандық) көшпелі прототүрктердің, әсіресе, сақтардың мәдениетін әлі күнге дейін үндіирандықтармен сабақтастырады, оларды иран диалектісінде сөйлеген дегенді айтады. Мұндай қағиданы дәлелдейтін дәйектер де аз, жоқтың қасы, ал, бұлтартпайтын дәлел болмағаннан кейін, ана халық мына мына тілде сөйлеген деп көзбен көріп, құлақпен естігендей үй ішінен үй тігудің қажеті қанша? Шын мәнінде, сараптап-саралай келсек, Есік қорғанынан табылған Алтын адам (Ататүрік деп атаса да болғандай) кешеніндегі күміс тостағандағы жазу - көне түркі руникалық емлесімен жазылған Қазақ жеріндегі ең көне (б. з. д. V ғ. ) жазу үлгісі ғана емес, сонымен қатар, көшпелілер әлемінде кең қолданыста болған, солардың мемлекеттігіне қызмет етіп, біртұтас дүниетанымын құруға негіз болған бірден-бір бағзы емле - көне түркі руникалық жазуының бастау алар көзі, соның ең байырғы нұсқасы деп есептеуге негіз бар. Ол былай тұрсын, бүгінгі таңда, тек Қазақстан жерінде табылған көне түркі алфавитімен жазылған мәнді-мағыналы жазба ескерткіштердің ұзын саны 100-ге тарта. Олардың ішінде: Талас бойынан табылған таяқшадағы, кезінде Шығыс Қазақстанда археологиялық экспедиция қазған көне түркі қорғанынан табылған қола айнадағы (осы айнаның тағдыры белгісіз, кезінде С. Кляшторный оқимын деп Ресейге алып кеткен, ізі жоғалды), Орталық мұражайдың арнайы көрмесінде тұрған белгілі түрколог А. С. Аманжолов оқыған қола айнадағы, Тараз қаласының мұражайындағы ақтастағы жазулар, кезінде өзіміз сол Тараз мұражайынан арнайы алып келген, бүгінде Орталық мұражайдың көрмесінен заңды орнын еншілеген яшмадан жасалған сақина-мөрдегі жазу, т. с. с. бар (толығырақ - А. С. Аманжолов., История и теория древнетюркского письма., А., 2003, ) . Таралу ареалына, графикалық, мазмұндық сапаларына қарағанда, бұл жазба ескерткіштер - біріншіден, жалпытүркілік, классикалық Орхон, Енисей жазбаларымен түбірлес, рулас, солармен бірге біртұтас руникалық емлені құрайды; екіншіден, мазмұны жағынан көшпелілер мәдениетінің рухани негізі саналатын - ортақ мифологиялық, дүниетанымдық жүйемен үндес құндылықтар. Осы жәйттерді ескерсек, ата-бабаларымыз мұра еткен осынау ұланғайыр кеңістікте - б. з. д. соңғы мыңжылдықтар аумағында ресми тілі, ділі, мемлекет нышандары, ғасырларға созылған рухани ізденістерінің уыздай жемісі - емлесі (емле ондаған жылдарда қалыптаса қоймайды), айнала әлем, дүние жөнінде космогониялық көзқарас-жүйесі қалыптасқан көшпелілер мәдениеті сайран құрды:
- Ұлы даланы мекен еткен байырғы арийлер мен кейінгі сақ, ғұн, түркілердің наным-сенімдері, діни нышандары жөнінде де керағар пікір, керенау қағидалар жоқ емес. Көпшілік ғалымдардың айтуынша, б. з. д. 2000-жылдықтан шамамен б. з. VІІІ ғасырына дейінгі аралықта осы топырақта табиғаттың тылсым күштеріне, жер-су иелеріне, түрлі тотемдерге сенуден басқа зороастризм, шаманизм және тәңірлікке қатысты наным-сенімдер өмір сүрген. Өз заманының данышпаны, ұлы ақылгөйі саналған, дүниежүзілік негізгі дін жүйелерінің қалыптаспай тұрған шағында, адамзаттың балаң ақыл-ой санатына қыруар әсер еткен Заратустраның ілімі алғаш Сырдария өзенінің сағасында, яғни, Қазақстан жерінде сақ тайпаларының арасында дүниеге келген деген де болжамдар жоқ емес. В. И. Абаев, В. В. Струве, Г. Виденгрен секілді ғалымдар Заратустра ілімінің бастауын Орта Азия, Арал жағалауынан, скифтер мен сақ тайпаларының арасынан іздейді (Қ. Затов, Культурные контексты Казахстана: История и современность, А., 1998, 159-б. ) . Сонымен қатар, аталған қазақстандық ғалым зороастризмнің мазмұндық, ритуалдық жағынан шаманизмге жақындығы жөнінде А. Клосс, Г. Виденгрен секілді ғалымдардың пікірлері барлығын айтады. Ал, В. И. Абаев Заратустраны сақтардың (скифтердің) Спитама тайпасынан шыққан десе, Авестаның білгірі Л. А. Лелеков сол құдіретті кітаптан - оның хаома атты қасиетті шырынды алғаш сығып шығарған Пурушаспаның ұлы екендігі жөнінде мәліметтер ұсынады (Лелеков Л. А., Авеста в современной науке, Мифы народов мира, 1-том, М., 1992, 460-б. ) . Лелеков Заратустра ілімін ұстанушылардың жоғарғы құдайы Ахурамазданың, алдымен Заратустраның рухани болмысын жаратып, содан кейін оны 6000 жылдай тіршілік бәйтерегі (дерево жизни) - Хаоманың діңгегінде шыңдап, ерекше ақыл-айла, парасат сыйлағандығын және көп өнерге, соның ішінде шамандардың (бақсылардың) құс қауырсынына қарап болжам айту дағдысына баулығандығын айтады (Мифы народов мира, 142, 460-бб. ) . Осы орайда, сақ тайпаларының негізі: тиграхауд (“тікұшты баскиімділер”), массагеттер және хаома сусынын дайындаушылар болып үш бұтаққа бөлінетіндігін ескерсек, ғалымдардың жоғарыда айтылған пікірлері жандана түскендей. Қайткен күнде де, көшпелілердің, прототүркілердің наным-сенімі жөнінде әңгіме-дүкен құрған кезде, осы үштағанды - зороастризм, тәңірлік, шаманизмді айналып өту мүмкін емес. Сонымен қатар, осы үштағандағы бүкіл көнетүркілік әлемге кеңінен таралған тәңірлік мифологиялық жүйесінің әлі күнге тиісті дәрежесінде зерттелмей жүргендігін баса айтқымыз келеді. Қайткен күнде де, классикалық көне түркілік мәтіндерде қомақты, жүйелі түрде көрініс беретін тәңірлік идеологияны - зороастризммен тығыз байланыста қарастырып, олардың ортақ құдайлар пантеонындағы Ахурамазда - Хормуста - Көк тәңірі - Қорқыт параллельдерін сабақтастыра зерттесе, талай жаңалықтардың ашылатындығы сөзсіз. Қорыта айтқанда, мұндай наным-сенім, жоралғылардың біздің топырақта орын алуы - ата-бабаларымыздың да, басқа өрендес, туыстас, замандас ұлт-ұлыспен бірге, жалпы адамзат өркениетінің барша даму баспалдақтарын бірге аттап, бірге өткеріп келе жатқандығын айғақтайды. Сонымен қатар, адамзат тарихында бірнеше дүркін қайталанған дүние жүзі халықтарының көшіп-қону, алмасу үдерісінің бірден бір себепкері болған көшпелілер мәдениетінің О. Шпенглер, А. Тойнби, С. Хантингтон, т. с. с. ғалымдардың жасаған кестесіндегі өркениеттер керуенінен еншілес орнын ойып алатындығын мойындатады. Олай болса, көшпелілер мәдениеті де, жоғарыда Хантингтон тізбелеген православие, батыс, латиноамерикандық, африкалық секілді, адамзат тарихына өз үлесін қосқан қанатты, қабырғалы өркениет болып табылады. Бірақ, оның бұрын өркен жайып, бүгінде құрып кеткен басқа (мысалы, майя, ацтектер секілді) өркениеттерден айырмашылығы - қайсыбір ишарат-жоралғылары мен наным-сенімдерінің біздің заманымызда да өмір сүріп отырған өміршең өркениет екендігі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz