Әлемдік әлеуметтану пәнінен дәрістер


ІІ дәріс. Әлемдік әлеуметтанудың қалыптасуы мен даму тарихы. 3 сағат.
1. Антикалық және Ортағасыр дәуіріндегі әлеуметтік ойлар.
2. Жаңа заман мен Ағартушылар дәуіріндегі әлеуметтік тұжырымдамалар. 3. Әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңі.
4. Қазіргі әлеуметтану ғылымы дамуының негізгі бағыттары.
1. Сабақтың мақсаты: Әлемдік әлеуметтанудың даму тарихымен жүйелі таныстыру. Бұл мынандай міндеттерді алға тартады: әлеуметтанудың қалыптасуының әлеуметтік-экономикалық және теориялық алғышарттарын, оның дамуындағы классикалық кезеңнің ерекшеліктерін, қазіргі әлеуметтанудың дамуындағы негізгі бағыттар және теорияларды білу.
Қандай ғылым болса да қоғамдық қажеттіліктен туатыны белгілі. Әлеуметтанудың да пайда болуының, дамуының, қалыптасуының өзіндік тарихи кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми алғышарттары болды. Осыларды ескере отырып, қазіргі күні әлеуметтану ғылымының тарихын негізінен үш кезеңге бөледі.
Бірінші кезеңге, яғни Антикалық дәуірде өмір сүрген Конфуций, Платон мен Аристотельдің қоғамның құрылымы, оның сипаты, функциялары және т. б. туралы әлеуметтік ойларын жатқызуға болады.
Екінші кезеңге, яғни Ортағасырдан Жаңа заман мен Ағартушылар дәуіріне ұласатын кезеңге қоғамға қатысты үлкен ой тұжырымдар жасаған А. Сен Симон, Т. Гоббс, Ж. Ж. Руссо сияқты ғалымдар да қосылады.
Ескерте кететін бір мәселе алғашқы екі кезеңді әлеуметтанудан бұрынғы тарих деушілер жоқ емес. Шынында да, бұл кезеңде негізінен әлеуметтік ойлар, тұжырымдар ғана болды.
Әлеуметтанудың ғылым ретінде танылуы үшінші кезеңмен, ХІХ ғасырдың бірінші жартысымен, яғни «әлеуметтану» терминінің пайда болуымен байланысты. Жаңа теориялық тұжырымдамалармен байыған бұл кезеңді әлеуметтану ғылымының классикалық даму кезеңі деп те атайды. ХХ ғасырда әлеуметтану ғылымы жаңа идеялар және бағыттармен толықты.
Енді осы кезеңдерге қысқаша тоқтала кетіп, әлеуметтану ғылымының алғы шарттарының қалай жасалғанына зер салайық. Алғашқы қауымдық құрылыста қоғамдық құбылыстар мен үдерістерді түсіндіру көбіне мифтік сипатта болды да, әлеуметтік қатынастарды философиялық тәсілдермен талдаудың алғашқы элементтері Ежелгі Қытай, Грек және т. б. ертедегі мемлекеттерде басталды. Сөйтіп ғылымдар атасы философияның тарихында әлеуметтанудың бастауын танытатын толып жатқан әлеуметтік ойлар дүниеге келді.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы заманда өмір сүрген ұлы ойшылдар Конфуций (552 - 479), Платон (427 - 347) және Аристотельдің (384 - 322), әлеуметтік философия туралы еңбектері теориялық әлеуметтанудың тууына алғы шарттар дайындады. Мысалы, Қытайдағы алғашқы әлеуметтік утопиялық жобаның авторы Конфуций мемлекет ізгілікті, үлкен жақсы отбасы іспеттес құрылуы керек, ал басқарушы әкей сияқты азаматтар жөнінде қамқорлық жасауы, сол сияқты азаматтар да оны құрметтеп, туысқанындай бірін бірі жақсы көруі қажет деп атап көрсетті. Ол қоғамда әлеуметтік үйлесімділік принципін ұсынды, мемлекетті тірі организм санады. Мұның барлығы сол кездегі Қытайдағы әлеуметтік-саяси жағдаймен байланысты болған еді. Себебі Қытай аймағында тұратын бірнеше тәуелсіз монархиялар бір-бірлерімен тұрақты жауласуда болатын. Қоғамның жоғары топтары билік үшін күресті, билеушіге ықпал етуге ұмтылды. Конфуций идеясы ізгілікке шақырды.
Әлеуметтік теориялар гректің ұлы ойшылы Платонның «Мемлекет», «Заңдар» және «Саясатшы» деген еңбектерінде орын тапты. Платон «Қоғам басшысынан бастап бұзылады» деп зиялылардан адамгершілік тазалықты талап етті. Ол «Қоғамды билеудің негізгі құралы билік жасау емес, бедел» деді. Бұл екі ұғымның мәнін аша кеткен артық емес. Билік - адамның, топтың, әр түрлі таптардың іс-әрекеттеріне шешуші әсер ететін, идеология ықпалының негізінде және ұйымдастырушы құқықтар арқылы жүзеге асатын үстемдік етуін білдірсе, бедел - белгілі бір адамның, топтың, қоғамдық ұйымның, әлеуметтік институттың жалпы жұрт қабылдаған, мойындаған қабілеті мен еңбегін танытады.
Платонның ойынша, қоғамның тууының негізгі себебі адамдар бірігіп ғана өз қажеттіліктерін өтей алады. Ол тұңғыш рет қоғамның құрылымын талдауға ұмтылып, оның үш әлеуметтік жіктен тұратындығын атап көрсетті. Біріншісі - мемлекетті басқарушылардан тұратын философтар, екіншісі - мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауынгерлер не күзетшілер, үшіншісі - мемлекеттің өмірін қамтамасыз ететін егіншілер мен қолөнершілер. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады.
Аристотель өзінің әлеуметтік көзқарастарын осы тақырыпқа арналған алғашқы туындысы - «Саясат» атты трактатында жариялады. Және бір айта кететін мәселе - бұл шығарманы жазар алдында ұлы ойшыл және оның шәкірттері 158 грек полистің (сол кездегі мемлекет типтес қалалар) құрылымын зерттеді. Ол мемлекетті - қауымның дамыған түрі, ал қауымды - отбасының дамыған түрі санады. Оның пікірінше, адамдар мемлекетке белгілі бір игілікке жету үшін бірігеді, сондықтан мемлекеттің негізгі мақсаты қоғамда көптің бәріне ортақ игіліктер мен әлеуметтік әділеттікке жету болып табылады. Аристотель мемлекеттің дұрыс түріне әкімдер халық, ел пайдасын ойлаған, билік қоғамға қызмет істеген мемлекеттерді жатқызды. Ол қоғамдық игілікті көздеген мемлекетті дұрыс мемлекет деп санады.
Орта ғасырда Аристотельдің еңбектері еуропа тілдеріне аударылып, өте маңызды оқиға болып саналып, бірсыпыра ойшылдар бұрынғы схолостикалық және құдайшылдық идеядан бас тартқанымен барлық ғылыми ойлар дінмен тығыз байланыста, өзара әрекеттістікте дамыды. Сондықтан әлеуметтік өмір діни догмалармен түсіндірілді. Дегенмен кейбір ойшылдар өз кезіндегі қоғамның құрылуын, әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді түсіндіруде қалыптасқан діни таным ауқымынан шыға алды. Мысалы, италияның монахы, теолог Фома Аквинский (1225-1274) бүгінгі күнге дейін католик шіркеулері мойындайтын барлық білімдер иерархиялық ұйымдасқан жүйені құрайды, оның ең жоғарысы әрі құдайдың ақыл-есіне ең жақыны теологиялық ілім дей отырып, әлеуметтік теңсіздік пен қоғамның әлеуметтік құрылымының күрделенуін қол өнер кәсібі өндірісінің және сауда, алысберістің дамуымен түсіндірді.
Араб философы ИбнХалдун (1332-1406) өзінің теориялық зерттеулерінде өндірістің, сауданың дамуымен, қалалардың өсуімен қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгеретінін атап көрсетті.
2. Жаңа заман мен Ағартушылар дәуірінің әлеуметтік ойлардың даму тарихында орны бөлек болды. Феодализмнің ыдырауы және жаңа буржуазиялық қарымқатынастың дамуы адамзат өркениеті өрісінің бет бұрыс кезеңін бастады. Әлеуметтану ғылымының алғышарттары ретінде бұл кезең әлеуметтік тұжырымдардың жаңа деңгейге көтерілуімен сипатталады. 1651 жылы жарық көрген өзінің «Левиафан . . . » атты кітабында белгілі ағылшын философы Томас Гоббс (1588-1679) «қоғамдық келісім» тұжырымдамасын баяндады. Бұған байланысты мемлекет құдайдың құдіреті емес, адамдардың (қоғамның) туындысы. Қоғам бейбітшілік пен тәртіпте өмір сүруді қамтамасыз ету мақсатындағы адамдардың өзара келісімінің нәтижесінде пайда болған. Сонымен қоғам мен мемлекет ұғымдарының ара жігін ашуға алғашқы қадам жасалды.
Тамаша ойшыл, либерализмнің негізін салушы Джон Локк (1632-1704) қоғамдық келісім туралы тұжырымдаманы ары қарай дамыта отырып, тұлға, қоғам және мемлекет сияқты ұғымдарды алғаш рет жекежеке қарастырды. Ол әлеуметтік-саяси үдерістерді адамзат қоғамының дамуы ретінде қарап, мемлекеттің рөлі азаматтардың өмірге, еркіндікке және жеке меншікке құқығын қорғауда жатыр деп түсіндірді.
Француздың атақты ғалымы Шарль Луи Монтескьенің де қоғам туралы ойларының жаңа ғылымның, яғни әлеуметтану ғылымының қалыптасуындағы рөлі ерекше. Оның «Заңдар рухы туралы» (1748) басты еңбегі шын мәнісіндегі әлеуметтанулық еңбек болды. Сол себепті замандастары Монтескьені әлеуметтану ғылымы жоқ кездегі әлеуметтанушы деп атаған. Ол тарихты үдеріс ретінде танып, қоғамдық құбылыстардың заңдылығын айқындағысы келді. Монтескье қоғам заңдары оған сырттан келмейді, оны ешкім де алып келмейді, олар оның өзінің ішінде болып жататын жеке әлеуметтік құбылыстар деп ұғынды. Әлеуметтанулық көзқарас тұрғысынан Монтескье ұсынған биліктің бөліну принципі туралы идеялар аса маңызды болды. Бұл мемлекеттік деңгейдегі демократияның бастауы болатын.
Әлеуметтанулық ойпікір ары қарай Ф. Бэкон, ЖанЖак Руссо, А. Гельвеций, Э. Кант, СенСимон және т. б. еңбектерінде дами түсті. Мысалы, француз жазушысы, философы Жан-Жак Руссо (1712-1778) пікірінше, қоғамды құратын адамдар, сондықтан заңдар солардың жалпы еркін танытуы қажет. Ал осы еріктің күштілігін тексеру және қоғам өмір сүріп отырған заңдардың соған сәйкестігін байқау үшін референдумдар өткізу керек. Бұған бірден-бір қолайлы жағдай, келісімге келуге оңай халқы көп емес ежелгі қалалар-мемлекеттер сияқты әлеуметтік құрылым болып табылады деді.
Француз ойшылы СенСимон (1760-1825) әлеуметтанудың өз алдына ғылым ретінде қалыптасуының бастауында тұрды. Оның идеялары О. Конттың, Э. Дюркгеймнің және К. Маркстің еңбектеріне әсер етті. Ол ғалымдар арасында бірінші болып, позитивизмді (қоғамдағы дерексіз ой қорытулардан арылып, қоғамды зерттеуде нақтылы бақылау, эксперимент сияқты әдістерге сүйену қажеттігін қолдаған бағыт) қоғамды зерттеу мен ол бағынатын заңдарды анықтаудың әдісі ретінде пайдалануға болады деп есептеді. Бұл - қоғамдағы дерексіз ой қорытуларға қарсы, ғылымды діни қабықтан арылту мақсатында, қоғамды зерттеуде нақтылы бақылау, эксперимент сияқты әдістерді басшылыққа алуды мұрат еткен бағыт. Бұған тән ең басты белгі табиғилық болып табылады.
СенСимон өзінің «Адам туралы ғылыми очеркінде» (1813) жаңа пәннің - «адам туралы позитивті ғылымның» ауқымын айқындады. Ол бұл ғылымды алдымен физиология, кейін жалпы саясат, саяси ғылым, әлеуметтік ғылым, позитивтік философия дей отырып, қоғам өз дамуында құлдық, феодализм және индустриализм сияқты үш сатыдан өтеді деп есептеді. Сондай-ақ ол меншік пен билік оған әсер ете алатын, оның шынайы қажеттілігін сезінетін адамдарға, яғни ғалымдар мен өнеркәсіпкерлерге тиесілі болғанын дұрыс санады. Оның пікірінше, егер билік бюрократтарға, заңгерлер мен діндарларға тисе, онда олар қоғамға ешқандай пайда келтірмей, оның берекесін қашырады. Бұдан өнеркәсіп өндірісі мен қоғамның әлеуметтік құрылымының байланысы бар деген ой туындайды.
Француздың утопиялық социалисі « . . . қоғам дегеніміз ең алдымен, барлық бөлшектері тұтас нәрсенің қозғалуына барынша жәрдемдесетін керемет қуатты машина. Адамдардың бірігуі үлкен бір организмді құрайды, оның мықтылығы немесе әлсіздігі органдардың тапсырылған қызметін қаншалықты мінсіз орындауына байланысты» деді. Ол қоғамды жаңартуға болатыны және оның негізіне мынандай принциптерді жатқызды: әрбір қоғам мүшесіне еңбектің міндеттілігі, өндіріс пен ауыл шаруашылығын бір орталықтан жоспарлау, қоғамды ассиоциацияға айналдыру және адамдарды қабілетіне қарай көтермелеу.
Сонымен қоғам мен ғылымның өзара байланыста, қарым-қатынаста дамуы, әлеуметтік философияның баи түсуі, оның қоғамды нақты зерттеуге бет бұруы әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңін дайындады, сөйтіп ғылымдар атасы философия қойнауында жетілген әлеуметтік ғылым өз алдына пәні, зерттеу әдістері, категориялары мен заңдары бар ғылымға айналды.
3. Әлеуметтану ғылымының классикалық кезеңін адамзат тарихында өркениеттің бастауы саналған Антикалық және Ортағасыр, Жаңа заман мен Ағартушылар дәуірлеріндегі әлеуметтік ой-тұжырымдар дайындады. Осы кезеңде әлеуметтану ғылыми пән ретінде әлеуметтік философия қойнауында жетіліп, өзінің бөлек зерттеу объектісі мен пәні, әдістері бар өз алдына дербес ғылым ретінде бөлініп шықты. Бірақ әуелгі кезде әлеуметтану қоғамның барлық қырын қарастыратын ғылым ретінде саналып, ХІХ ғасырдың аяғында ғана ол қоғам дамуының әлеуметтік аспектілерін зерттейтін ғылымға айналды.
Әлеуметтанудың классикалық кезеңінің ірі өкілі, әлеуметтану ғылымының негізін салған атақты француз философы Огюст Конт, Карл Маркс, Герберт Спенсер, Г. Зиммель, Э. Дюркгейм, Макс Вебер шығармаларымен байланысты. Осы кезден бастап әлеуметтанудың пәні айқындалып, ол қоғам дамуының әлеуметтік аспектілерін зерттейтін ғылымға айналды.
Огюст Конт өзінің ұстазы Сен-Симонмен бірге «Қоғамды қайта құру үшін қажетті ғылыми жұмыстар жоспарын» дайындай отырып, объективті бақылаулар мен жаратылыстану ғылымының, оның ішінде физиканың әдістеріне негізделген қоғам туралы жаңа ғылым жасауды мақсат етті. Конт ол ғылым да позитивті фактыларға негізделіп, механика заңдарын қоғамды зерттеуде пайдалануға болады деп есептеді. Ол жаңа ғылымды алдымен әлеуметтік физика деп атады. Кейін 1839 жылы 6 томдық "Позитивтік философия курсы" атты кітабында әлеуметтанудың принциптерін атап көрсетіп, еңбектің ескертпесінде Конт әлеуметтік құбылыстарды зерделеуге қатысты жаңа терминді пайдалануға тәуекел ететіні туралы жазды. Ол термин «Социология» (әлеуметтану) деген атқа ие болады. Осы терминнің мазмұны арқылы қоғам мен индивидтердің өзара іс әрекеті өз алдына зерттеу саласы ретінде танылды.
О. Конттың пікірінше, жалпы адамзат танымы өзінің дамуында міндетті түрде үш сатыдан өтеді: теологиялық, метафизикалық (ойлау әдісі, құбылыстарды өзгермейді, бірі-бірімен байланысы жоқ деп есептейді) және позитивистік (оң, жағымды) кезеңдер. Ол қоғамның ілгері дамуының негізінде адамзаттың ақыл-ойының дамуы жатыр, осыны адамзаттың дамуының басты принципі деумен қатар позитивизмді адамзат санасы дамуының ең жоғарғы сатысы және талдаудың белсенді ғылыми әдісі ретінде сипаттады.
Огюст Конт алғашқылардың бірі болып, қоғамды жүйе ретінде қарастырып, оның алғашқы бейнесі ретінде Конт биологиялық организмді ұсынады. Ол жүйенің тұтас, бөлінбейтін сипатын және оның бөліктерінің өзара бағыныштылығын, бір-бірімен тұрақты байланыста, қарымқатынаста болып, үздіксіз оң және кері ықпал етіп отыратынын атап көрсетті.
О. Конт әлеуметтануды жай ғылымдардың қатарына жатқызбады, оны барлық ғылымдардың шыңы, қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру мен өзгертудің аса қуатты құралы деп есептеді. Ол әлеуметтануды шартты түрде әлеуметтік статика және динамика деп екіге бөлді. Біріншісінің объектісі "тыныштық қалпындағы", екіншісінікі "қозғалыс күйіндегі" қоғам болып табылады. Бұл екі түсінік биологиядан алынған. Әлеуметтік статика - әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік динамика - әлеуметтік организмнің үдерісін, оның дамуын қарастыратын әлеуметтік физиология.
Әлеуметтік құбылыстарды зерттеуде О. Конт бірнеше әдістәсілдерді ұсынды. Ол әлеуметтік фактілерді бақылау әдісіне үлкен мән берген, өйткені бақылау ғылымға объективтілік сипат береді деп есептеді. Оның еңбектерінде "бақылау" сөзінің екі мағынасы (кең және тар) байқалады. Кең мағынада ("жалпы бақылау өнері») бақылау позитивті әдіснаманы сипаттап, еркін құрылымға қарсы тұратын әмбебап амал болып табылады. Тар мағынада бақылау әлеуметтануда қолданылатын ғылымның басты үш әдісінің (таза байқау, тәжірибе, салыстырмалы әдіс) бірі болып табылады. Белгілі бір мағынада әлеуметтанудың барлық әдістері осы бақылаудың түрлері болып саналды.
Конттың ойынша, адамзат дамуы эволюциясының барысын, «қоғамның түрлі жүйелерінің шынайы сабақтастығын" анықтауға мүмкіндік беретін әлеуметтанулық салыстыру бірнеше әдістәсілдерден тұрады. Біріншісі - адамдар мен жануарлар қауымдастықтарын салыстыру. Бұл әдістің құндылығы әлеуметтік ынтымақтастықтың неғүрлым қарапайым және әмбебап зандарын анықтауға мүмкіндік беретіндігінде. Екіншісі - жер шарының әр түрлі аймақтарындағы адамзат қоғамының өмір сүру жағдайларын салыстыру. Бұл әдіс қазіргі халықтар арасындағы неғүрлым өркениетті ұлттардың бұдан бұрынғы жай-күйлерін анықтап, "адамзаттың іргелі дамуының қажетті және тұрақты тепе-теңдігін" негіздейді. Конт салыстырудың үшінші түрін "адамзаттың әр түрлі жүйелік жай-күйін тарихи салыстыру" немесе "тарихи әдіс" деп атаған. Әлеуметтік ғылымның "нағыз негізін" құрайтын бұл әдістің мәні адамзат эволюциясының әр кезеңін салыстыруда және адамзаттың әр түрлі жай-күйіне дәйекті баға беруінде жатыр.
Зерттеудің үшінші "объективті" әдісі - тәжірибе. Конт әлеуметтануда, физикадағы сияқты, құбылыстарды жасанды ету арқылы тікелей тәжірибе жасау мүмкін емес деп есептеген. Бірақ мұнда "жанама" тәжірибе бар. Әлеуметтануда, биологиядағы сияқты патологиялық (тірі организмдегі ауру үдерісі мен жағдайын) құбылыстарды талдау нағыз тәжірибе болып табылады.
Конт сонан соң салыстырма тәсілді ұсына отырып, оның бірнеше тәсілдерден тұратынын айтты. Бірінші, адамдар мен жануарлар дүниесін салыстыру. Екінші, жер шарының әр түрлі аймақтарында адамдар қауымдастығының әр түрлі болып келетін өмір сүру жағдайларын салыстыру. Осыдан үшінші - тарихи тәсіл шығады. Әлеуметтік ғылымның негізін құрайтын бұл тәсілдің мәні адамзат эволюциясының әр сатысын салыстыра отырып, оның әр түрлі жай-күйіне баға беруде. Әлеуметтанулық болжау мақсатын да да тарихи тәсілдің маңызы зор. Өйткені өткенді сараптай алғанда ғана алдағыны болжай аламыз.
Әлеуметтанудың отаны Франция болғанымен, мұнда ол ары қарай дами алмады. О. Конттың «позитивтік» әлеуметтануы одан әрі әлеуметтану ғылымының негізін салушылардың бірі, әлеуметтанудағы эволюционизмнің классигі Герберт Спенсердің (1820-1903 ж. ж. ) ілімінде дамыды. Ч. Дарвиннің биологиялық түрлердің пайда болу теориясын басшылыққа ала отырып, Г. Спенсер, біріншіден, қоғамды биологиялық организм ретіңде қарастырды, екіншіден, эволюция заңын әлеуметтік даму үдерісіне пайдаланды.
Ағылшын әлеуметтанушысының ойынша, қоғам тірі организм, соңдықтан оған биологиялық заңдар тән бола алады. Сол себепті ол өзінің барлық әлеуметтанулық ой-тұжырымдарына осыны негізге алу арқылы қоғамның эволюциясын және оның әлеуметтік құрылымын тануды мақсат етті. Ол эволюция мәнін қарапайым нәрседен күрделіге, бір тектіден әр тектіге өзгеру, үдемелі қозғалыс ретінде қарастырды. Бұл қоғам дамуының әр кезеңін зерттеуге мүмкіндік берді.
Студенттердің эволюциялық үдерісті тереңірек түсінуі үшін бұл ұғымның мағынасын аша кеткен жөн. Эволюция (лат. evolutio - өрістеу) - кең мағынада қоғамдағы, табиғаттағы және органикалық дүниедегі болып жатқан санды өзгерістен сапалық өзгеріске ауысуды білдіретін ұғым. Әлеуметтануда
эволюция идеясы белгілі бір қоғамдық жүйенің белгілі мерзімде біртіндеп бір қалыптан екінші бір қалыпқа айналуын білдіреді.
Қоғам мен биологиялық организм арасындағы мұндай ұқсастық бұрын да ғылымға белгілі болды. Алайда, мұны алғаш рет жүйеге келтіру Г. Спенсердің әлеуметтану теориясының дамуына қосқан басты үлесі болды.
Г. Спенсер қоғамның әлеуметтік құрылымын зерттей келе, әлеуметтік институттардың 6 түрін атап, оларға туыстық, білім, саяси, шіркеу, кәсіби және өндірістік түрлерін жатқызды. Ол әлеуметтанушылардың ішінен алғаш рет осы ғылымға әлеуметтік өсу, әлеуметтік институт, әлеуметтік құрылым және функция және т. б жаңа ұғым, терминдерді қосты.
Спенсер әлеуметтануының негізгі ерекшеліктері мыналар: біріншіден, зерттеуде тарихи-салыстырмалы әдісті кеңінен пайдалану; екіншіден, қоғамды организм ретінде түсіндіру; үшіншіден, қоғамдық өмірдің эволюциялық заңдылығы идеясы.
Әлеуметтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, бұл танымда айырықша тұжырымдама жасаған Карл Маркс (1818-1883) болды. Кейбір батыс зерттеушілері К. Марксты ХХ ғасырдың әлеуметтік ойының кіндік шешесі деп атаған. Бұлай атауға негіз болған оның қоғамның формациялары туралы ілімі және әлеуметтік құрылым туралы ойлары болды. Ол алғаш немістің ұлы философы Гегельдің диалектикалық әдісін қолдана отырып, өз кезіндегі капитализмнің әлеуметтік құрылымын жанжақты зерттеді. Ол әлеуметтіксаяси қатынастың дамуының, барлық тарихи оқиғалардың негізгі себебі мен шешуші күші материалдық өндірісте, қоғамның экономикалық дамуының сипатында жатыр деп атап көрсетті. Оның ілімі бойынша, қоғамның дамуы өндіріс тәсілі мен экономикалық жүйенің даму деңгейімен айқындалады. Ол қоғамды әр түрлі элементтерден тұратын жүйе ретіндегі адамдардың өзара әрекетінің туындысы деп түсінді.
К. Маркстің әлеуметтанулық теориясындағы бағалы ой-пікірлері мен тұжырымдарын былай түйіндеуге болады: ол, біріншіден, объективтік-материалистік теорияны қолдана отырып, қоғамның дамуын "формация", яғни ерекше бір құбылыс ретінде қарастырды; екіншіден, қоғам дамуының ең басты, қозғаушы, шешуші күш деп экономика, яғни өңдіріс тәсілі, оның ішінде өндіргіш күштер, соларға сәйкес өндірістік қатынастар түсіндірді; үшіншіден, алғаш әлеуметтік құрылым, яғни қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу теориясын жасады. Тапқа, жікке, топқа бөлудің негізгі белгісі өндірістік құрал-жабдыктарына меншік нысанына байланысты екенін атап көрсетілді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz