Зоология пәні бойынша дәріс кешені


ЗООЛОГИЯ ПӘНІ БОЙЫНША ДӘРІС КЕШЕНІ
1 бөлім. Омыртқалылар зоологиясы
Глоссарий:
Архипаллиум - ақ ми затынан тұратын алғашқы ми күмбезі.
Атриальды қуыс - желбезек айналасы қуысы.
Атриопор - желбезек айналасы қуысын сыртқы ортамен байланыстыратын тесік.
Висцеральды қаңқа - жақ доғасы, тіласты доғасы, желбезек доғаларынан тұратын қаңқа бөлімі.
Гессе көзшелері - жүйке түтігінде орналасқан жарықсезгіш мүшелер.
Гипофиз - аралық мидың төменгі жағында орналасқан ішкі секреция безі.
Желбезек саңылаулары - жұтқыншақтың екі жақ бүйірінде орналасқан тесіктер, алғашқы су жануарларына тән.
Кутис - дәнекер ұлпасынан түзілген тері жабынының астыңғы қабаты.
Миомерлер - жеке сегменттерге жіктелген бұлшық-ет шоғырлары.
Миосепта - миомерлерді бір-бірінен бөліп тұратын дәнекер ұлпасынан тұратын бөлмелер.
Невроцель - жүйке түтігінің ішінде орналасқан қуыс.
Нефридиялар - зәр шығару қызметін атқаратын түтікшелер.
Стигмалар - желбезек саңылаулары.
Хорда - ұрықтық даму кезеңде энтодерма қабатының дамыған, тұлғаның арқа жағында орналасқан дене тірегі.
Целом - хордалыларға тән екінші дене қуысы.
Эндолимфа - ішкі құлақ қуысын толтырып тұрған сұйықтық.
Эпидермис - тері жабынының эпителий жасушаларынан қалыптасқан үстіңгі қабаты.
1 дәріс - ЖЕЛІЛІЛЕР ТИПІ
Дәрістің мақсаты: Студенттерді омыртқалы зоологиясының пәнімен, систематикада алатын орнымен, дамуының негізгі сатылары мен, желілер типіне тән белгілермен таныстыру.
Сұрақтар:
1. Хордалылар типінің жалпы сипаттамасы.
2. Типтің классификациясы.
3. Табиғат зат айналымындағы және адам өміріндегі хордылардың маңызы
Зоология жануарлардың сыртқы және ішкі құрылыстарын, жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің атқаратын қызметтерін, көбеюі мен дамуын, шығу тегін, эволюциялық дамуын, жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын зерттейді.
Жануарлар дүниесі 2 миллионға жуық түрлерді біріктіреді. Бұл дүниенің әртүрлі өкілдерінің бірінен-бірінің эмбриональді даму морфологиялық, экологиялық ерекшеліктері жағынан айырмашылықтары болады.
Жануарлар дүниесі екі дүние тармағына жіктеледі: біржасушалылар, көпжасушалылар.
Біржасушалыларға 3 тип біріктіріледі:
- Тамыраяқты-талшықтылар типі екі класқа жіктеледі (жалғанаяқтылар және талшықтылар)
- Апикомплекс типі екі класты біріктіреді: грегариндер және кокцидия тәрізділер
- Инфузория типі екі класты біріктіреді: кірпікшелі инфузориялар, сорғыш инфузориялар.
Көпжасушалылар дүние тармағына келесідей типтер кіреді: Ішекқуыстылар, Жалпақ құрттар, Жұмыр құрттар, Буылтық құрттар, Былқылдақденелілер, Буынаяқтылар, Желілілер.
Желілілер типі 3 тип тармағына бөлінеді: басқаңқасыздар, личинкахордалылар және басқаңқалылар немесе омыртқалылар.
Омыртқалылар тип тармағы келесі кластарға бөлінеді: шеміршекті балықтар, сүйекті балықтар, қосмекенділер (амфибиялар), бауырымен жорғалаушылар (рептилиялар) құстар, сүтқоректілер.
Желілілер типі 43 мыңға жуық түрді біріктіреді. Дене тұрқы 2-3 санитиметрге жететін ұсақ балықтармен, бақалармен қатар бұл типке нағыз алып - ұзындығы 30 метрге жететін көк китте жатады.
Бұл типке жататын өкілдердің сыртқы түрлері, тіршілік ерекшеліктері жағынан айырмашылықтары бар. Типке жататын өкілдер барлық тіршілік ортасында кездеседі: суда, жер бетінде, топырақта, ауада.
Желілілер типіне (басқаңқасыздар), дөңгелек ауыздылар (минога, миксин), балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады.
Көрнекті орыс зоологы А. О. Ковалевскийдің зерттеулері бойынша, желілілерге теңіздерде, кейбіреулері отырықшы түрде тіршілік ететін асцидиялар, сальпалар, аппендикулярияларды да жатқызуға болады. Желілер типі үш тип-тармақтарын біріктіреді: басқаңқасыздар, личинкахордалылар немесе қабықшалылар, омыртқалылар немесе басқаңқалылар.
Бұл типке жататын өкілдерге тән белгілер: мүшелер жүйесінің үш ұрықтық қабаттардан дамуы (эктодерма, энтодерма, мезодерма), екі жақты дене симметриясы, дененің екінші қуысы немесе целомның болуы, екінші ауыздылық (ауыз қуысының бластопорға қарама-қарсы жағынан пайда болуы) .
Желілілерде дененің негізгі тірегі немесе ішкі қаңқа ретінде желі дамыған. Ол энтодерма деп аталатын ішкі ұрықтық қабаттан дамиды. Желі өмір бойы тек төменгі сатылы басқаңқасыздарда ғана сақталады. Жоғары сатылы омыртқалы жануарларда желі ұрықтарда ғана қалыптасып, олар ересек дараларға айналғанда, оны омыртқа жотасы ығыстырып шығарады.
Желінің үстінде іші қуыс жүйке түтігі орналасады. Омыртқалы жануарларда жүйке түтігінің алдыңғы ұшы жуандап - бас миына, ал соңғы бөлігі жұлынға айналады.
Суда тіршілік ететін желілілерде жұтқыншақ қабырғасында орналасқан желбезек саңылаулары өмір бойы сақталады да, ал құрлықта тіршілік ететін жануарларда желбезек саңылауы эмбриондарда ғана байқалады.
2 дәріс - БАСҚАҢҚАСЫЗДАР ТИП ТАРМАҒЫ
Дәрістің мақсаты: Студенттерді басқанқасысдар типтармағының морфологиялық және биологиялық сипаттамасымен, таралуымен, системасымен, теориялық маңызымен таныстыру.
Сұрақтар:
1. Басқаңқасыздар тип тармағы.
2. Өкілінің тіршілік ету ортасына бейімделу ерекшеліктері.
3. Систематикасы, таралуы (қандауыршаның)
Басқаңқасыздар қарапайым қүрылысты, теңіз жануарларының аздаған тобы. Желілілер типінің негізгі білгілері - бұларда өмір бойы сақталады. Бұл тип тармағы бір класты біріктіреді: бас желілілер класы (өкілі - қандауырша) .
Қандауырша теңіздің жағаға жақын, таяз суларында құмға жартылай көміліп жататын мөлдір денелі, тұрқы 8 сантиметрден аспайтын, ауыз айналасындағы мұртшалары арқылы су ішіндегі ұсақ жәндіктерді қармап, қорегіне жарататын жануар. Қандауыршаның көкірек және жүзбе қанаттары болмағандықтан, ол белсенді түрде қозғала алмайды. Олардың көкірек және құрсақ жүзбе қанаттары - болмайды. Арқа және құйрық жүзбе қанаттары - дара қанаттары бар. Құйрық жүзбе қанатының пішіні ланцет тәрізді. Арқа жүзбе қанаты мен құйрық жүзбе қанаты бірімен бірі тұтасып кеткен. Арқа және құйрық қанаттары - дара қанаттар тобына жатады.
Желінің үстінде іші қуыс жүйке түтігі орналасқан. Бас миы болмағандықтан басқаңқа сүйегі де жоқ.
Тері жабыны 2 қабаттан тұрады: сыртқы қабаты бірқабатты эпидермис, астыңғы қабаты дәнекер ұлпасынан тұратын - кутис.
Бұлшықеттер денесінде біркелкі орналаспай, арқа жағында жеке-жеке шоғырлар - миомерлер түрінде орналасқан.
Асқорыту жүйесі - ауыз қуысынан, жұтқыншақтан, ішектен тұрады. Ішектің басталған жерінде тұйық аяқталатын бауыр өсіндісі бар. Ішек аналь тесігімен аяқталады. Жұтқыншақ қабырғасында көлденең орналасқан жүздеген жұп желбезек саңылаулары бар.
Қанайналымы тұйық жүйе, арқа және құрсақта болатын ірі қантамырлардың жиырылуы арқылы бір шеңбер жасап денеге таралады. Қандауыршада жүрек болмайды.
Жүйке жүйесі - желі үстінде арқаны бойлай созылып жатқан жүйке түтігі. Жүйке түтігінің сыртында жарықсезгіш - Гессе көзшелері орналасқан. Ауыз айналасындағы мұртшалары сипап сезу қызметін атқарады, судың химиялық құрамын иіс сезу шұңқыры арқылы сезе алады.
Қандауыршаның көбеюі мен дамуын ғалым А. О. Ковалевский зерттеген. Жұптасқан аналық безі мен аталық безі желбезек саңылауының маңындағы дене қуысында орналасқан. Жыныс өнімдері суға шығып, ұрықтануы сырттай жүреді.
Қандауыршалар Атлант, Үнді, Тынық мұхиттардың жылы және қоңыржай теңіздерінде таралған.
3 дәріс - ОМЫРТҚАЛЫ ЖАНУАРЛАР ТИП ТАРМАҒЫ
Дәрістің мақсаты: Студенттерді омыртқалылар типтармағы өкілдерінің жабындыларының құрылысымен және олрадың туындыларымен, бас қанқасының пайда болуымен, дене тірегі омыртқа жотасының желіні ығыстырып шығаруымен, иық және жамбас белдеулерімен, жұп және тақ аяқтардың құрылысымен таныстыру.
Сұрақтар:
1. Омырқалылар тип тармағы.
2. Омырқалы жануарлардың құрылысындағы негізгі белгілер (жабыны, тірек қимыл аппараты, ішкі мүшелер жүйелерінің құрылысы)
Төменгі сатылы желілілер отырықшы жолмен немесе баяу қозғалмалы жолмен тіршілік етсе, омыртқалы жануарлар тез қозғалып, қорегін белсенді түрде іздеп тауып, жауларынан қорғана алатын жануарлар.
Жүйке жүйесі, әсіресе бас миы, сезім мүшелері жақсы жетілген, омыртқа денелерінен кеткен жоғарғы доғалар жасаған түтік ішінде жұлын орналасқан. Бас миы мен жұлын орталық жүйке жүйесін құрайды. Омыртқа жотасы дененің ішкі қаңқа қызметін атқарады. Бұл тип тармағына жататын өкілдердің барлығында жүрек бар, денеде зат алмасу қарқынды түрде жүреді.
Омыртқалы жануарларды екі топқа жіктейді. Бір тобы ұрық қабы жоқ омыртқалылар немесе анамниялар. Оларда тыныс алу қызметін ересек қалпында немесе дернәсіл кезінде - желбезектер атқарады. Ұрық немесе эмбрион дамығанда қосымша ұрықтық қабықшалар дамымайды. Ұрықтануы сырттай.
Анамнияларға дөңгелекауыздылар (минога, миксин), балықтар және қосмекенділер жатады.
Екінші топқа бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер жатады. Бұл топ ұрық кабы бар омыртқалылар немесе амниоттар деп аталады. Өкпелері арқылы тыныс алады, дамып келе жатқан ұрықтың айналасында үш ұрықтық қабықшалар - амнион, аллантоис, серозды қабықшалар дамиды. Олар ұрықтың сусыз ортада яғни жер бетінде дамуына мүмкіндік жасайды.
2 бөлім. Балықтар класс үсті. шеміршекті балықтар класы.
Глоссарий:
Базалий - көкірек және құрсақ қанаттарының түбінде орналасқан шеміршек тақташалары.
Гетероцеркальды - тең қалақшалы емес құйрық қанаты.
Гиомандибуляра - тіласты доғасының үстіңгі элементі.
Мезонефрос - тұлға бүйрегі.
Меккелев шеміршегі - жақ доғасының төменгі жақ функциясын атқаратын бөлімі.
Плакоидты қабыршақ - остеодентин затынан тұратын, үстіңгі бетінде тісше орналасқан қабыршақ.
Радиалии - базалийден кейін орналасқан таяқпішіндес шеміршектер, жұпқанаттардың құрамына кіретін.
Рострум - алға қарай бағытталған тұмсық өсіндісі.
Таңдайдың шаршы шеміршегі - жоғары жақ қызметін атқаратын жақ доғасының жоғарғы шеміршегі.
4 дәріс - Балықтар класс тобы
Дәрістің мақсаты: Балықтар класс тобының морфологиялық және биологиялық сипаттамасымен, тіршілік ортасына сәйкес дене пішіндерінің әртүрлілігімен, шығу тегі және систематикасымен таныстыру.
Сұрақтар:
1. Балықтар класс тобының жүйесі
2. Балықтар класс тобының морфологиясы
Аузында қозғалмалы жақтары бар, желбезектері арқылы тыныс алып өзен, көл, теңіз, мұхит суларын мекендейтін омыртқалы жануарлар. Шеміршектен немесе сүйектен құралған омыртқа жотасы денесіне тірек қызметін атқарады. Омыртқа жотасы екі бөлектен тұрады: тұлға және құйрық бөлімдері. Денесінің сырты қабыршықтармен қапталған. Балықтарда екі жұп жүзбеқанаттар және үш дара жүзбеқанаттар болады. Жұп жүзбеқанаттардың алдыңғысы - көкірек жүзбеқанаты, артқысы - құрсақ жүзбеқанатының жұбы. Бұл қанаттардың көмегімен балық жүзген кезде денесіндегі тепе-теңдікті сақтайды. Дара жүзбеқанаттарға: арқа, құйрық және аналь жүзбеқанаттары жатады. Арқа және аналь жүзбе қанаттары арқылы балық денесін бір қалыпта ұстайды, ал құйрық жүзбе қанаты бұлқын қызметін атқарады. Балықтар класс тобы екі класқа жіктеледі: шеміршекті және сүйекті балықтар.
5 дәріс - Шеміршекті балықтар класы
Дәрістің мақсаты: Шеміршекті балықтардың мүшелер жүйесінің құрылысындағы морфо-физиологиялық ерекшеліктерімен, жабындысы мен қанқасының, ішкі мүшелер жүйесінің құрылысымен, шығу тегімен, систематикадағы алатын орнымен таныстыру.
Сұрақтар:
1. Шеміршекті балықтар класы өкілдерінің морфологиялық ерекшеліктері
2. Шеміршекті балықтар класы өкілдерінің физиологиялық ерекшеліктері
Шеміршекті балықтардың қаңқасы шеміршектен құралған, жүзу торсылдағы болмайтын, желбезек қақпағы болмағандықтан, желбезек саңылаулары сыртқа тікелей ашылатын, жұптасқан жүзбеқанаттары денеде көлденең орналасқан омыртқалы жануарлар.
Шеміршекті балықтар екі класс тармағына бөлінеді: тақтажелбезектілер және тұтасбастылар. Тақтажелбезектілер 2 отрядты біріктіреді: акулалар және скаттар.
Шеміршекті балықтардың дене бітімі тіршілік әрекетіне байланысты ұршық сапты немесе жалпайған тегеріш, ромб пішінді болып келеді.
Суда шапшаң жүзетін акулалар дене пішіні сүйір, ұршық сапты, басының алдыңғы жағы алға қарай созылған ұзын өсінді рострум түзеді де, аузы дененің құрсақ жағына қарай ығысады, басының екі жақ бүйірінде 5-7 желбезек саңылаулары орналасады. Денесінің сырты плакоидты қабыршақтармен капталған.
Дене ұзындығы 20 сантиметрден 15 метрге дейін жетеді. Атлант, Үнді, Тынық мұхиттарының субтропикалық суларын мекендейді. Түрлер саны 250-ге жуық, олар 10 тұқымдасқа бірігеді. Құйрық қанаттары теңқалақшалы емес, үстіңгі қалақшасы астыңғы қалақшаға қарағанда үлкен, яғни гетероцеркальды. Өкілдері: алып акула (дене ұзындығы 15 метр), балға-балық, ара-балық, тікенекті акула (дене ұзындығы 1 метр) .
Аталықтарының құрсақ жүзбеқанаттарының 1-2 жіпшелері саусақ тәрізді өсінділерге айналған. Ол өсінділер шағылысу мүшесі болып есептеледі. Акулалар іштей ұрықтанады. Жұмыртқа салу арқылы немесе жұмыртқадан тірі туу арқылы көбейеді.
Скаттар отрядына - мана, электрлі жұп-балық, қазыққұйрық жатады.
Олардың денесі арқасынан құрсағына қарай жалпайған, жақсы дамыған көкірек қанаттары денесімен біртұтасып кеткен, дене тұрқы 6-7 метрге дейін жететін ромб пішінді балықтар. Желбезек саңылаулары дененің құрсақ жағында орналасқан. Құйрық қанаттары нашар дамыған. Рострум деп аталатын тұмсық өсіндісі барлық түрлеріне тән емес.
Азов және Қара теңізде тіршілік ететін скаттың құйрығының түбінен кертпелі сояу сойдиып тұрады, сондықтан ол қазыққұйрық деп аталады. Олардың сояуында улы без болады, оңтүстік теңіздерде тіршілік ететін электрлі скаттың басы мен көкірек қанаттарының арасында 70 вольт энергия бөліп шығаратын электрлі мүшелері бар.
Қоректері былқылдақденелілер мен шаянтәрізділер.
3 бөлім. СҮЙЕКТІ балықтар.
Глоссарий:
Ашық торсылдақ - оңешпен өмір бойы байланысын сақтайтын жүзу торсылдақтары.
Гемоцеркальды құйрық қанаты - тең қалақшалы дара құйрық қанаты.
Гистилия - жақ доғасының ми сауытына гиомандибуляре арқылы байланысуы.
Желбезек қақпақшалары - желбезек саңылауларын сыртынан жауып тұратын сүйекті қақпақшалар.
Жүзу торсылдағы - сүйекті балықтарға тән іші газға толы қапшықтар.
Клейтрум - иық белдеуінің құрамына кіретін сүйек.
Ктеноидты қабыршақ - үстіңгі беттері иректеліп тісше тәрізді өсінділер жасайтын қабыршақ.
Парасфеноид - ми сауытының түбін қалыптастыратын элемент.
Хондральды сүйектер - шеміршектің орнында пайда болатын сүйектер.
Циклоидты қабыршақ - домалақ пішінді жартылай мөлдір қабыршақтар.
6 дәріс - Сүйекті балықтар класы
Дәрістің мақсаты: Сүйекті балықтардың шығу тегімен, эволюциясымен, системадағы орнымен кластармақтарының құрылыс ерекшеліктерімен, биологиялық типтерінің әртүрлілігімен, биологиясы мен географиялық таралуымен, систематикасымен танысу.
Сұрақтар:
1. Сүйекті балықтар класына сипаттама, олардың систематикасы.
2. Сәуле-қанатты балықтар класс тармағына жататын отрядтарға сипаттама.
3. Балықтардың экологиясы.
Қазіргі кездегі балықтарды 90% - ке жуығы сүйекті балықтар класына жатады. Денелерінің сырты циклоидты немесе ктеноидты қабыршықтармен қапталады. Құйрық жүзбе қанаттары тең қалақшалы, яғни гомоцеркальді. Аузы басының ұшында орналасқан шеміршекті балықтардағыдай тұмсық өсінділері - рострумдары болмайды. Қаңқасы сүйектен тұрады, жүзу торсылдақтары бар.
Бұл класқа жататын өкілдер: мұхиттар мен теңіздерде, ақпайтын көлдер мен тоғандарда, ағынды өзендерде тіршілік ететін, денесінің тұрақты температурасы болмайтын салқынқанды жануарлар, басым көпшілігі сырттай ұрықтанады.
Денесінің тірегі тұлға және құйрық бөліктерінен тұратын омыртқа жотасы. Омыртқа жотасын жеке-жеке омыртқа денелері құрайды. Олардан үстіңгі және астыңғы доғалар өздерінің басын алады. Омыртқа жотасының тұлға бөліміндегі омыртқа денелерінің үстіңгі доғалары бірігіп, жұлын өтетін өзек түзеді, астыңғы доғалары бірікпей, оларға қабырғалар жалғасады.
Асқорыту жүйесі - ауыз қуысынан басталып, қабырғасында желбезек саңылаулары орналасқан - жұтқыншаққа жалғасады, ол өңешке ашылады. Өңеш қарынға - қарын аш ішекке, ол тоқ ішекке ашылады. Тоқ ішек аналь тесігімен сыртқа ашылады. Асқорыту бездеріне бауыр мен ұйқы бездері жатады. Бауырдың өт жолы мен мен ұйқы безінің сөл жүретін жолы аш ішекке ашылып, қорек қорытылады да, кенеулі заттар ішек қабырғалары арқылы қанға өтіп, бүкіл денеге таратылады.
Сүйекті балықтарға асқорыту жүйесінің өскіні, жіңішке түтікше арқылы өңешпен байланысқан екі бөліктен тұратын іші ауаға толы қалта тәрізді - торсылдақ тән. Сүйекті балықтарды ашық торсылдақты және жабық торсылдақты деп екіге бөледі. Ашық торсылдақты балықтарда торсылдақ өмір бойы өңешпен байланысын сақтайды, ал жабық торсылдақты балықтарда торсылдақ өңешпен байланыспай, оның сыртын қылтамырлар (капиллярлар) торлайды. Сол қылтамырлар арқылы торсылдақ ішіндегі ауа мөлшері өзгеріске ұшырайды. Егер торсылдақ ішіндегі ауа мөлшері артса, балық салмағы жеңілдеп, су бетіне көтеріледі. Егер ауа мөлшері кемісе балықтың меншікті салмағы артып, су түбіне қарай батады.
Сүйекті балықтардың денесінде бір шеңберлі тұйық қанайналым жүйесі бар. Жүректері екі камералы бір құлақшадан және бір қарыншадан тұрады. Қарынша қабырғасы қалың, құлақшынікі - жұқа. Жүрекке көмір қышқыл газына қаныққан қан әкелетін тамыр - көктамыр, ал жүректен оттегіне қаныққан қан шығаратын тамыр салатамыр деп аталады. Жүректің қүлақшасы жиырылған кезде көктамыр қаны қарыншаға өтіп, ал қарынша жиырылған кезде - құрсақ қолқасына өтеді. Құрсақ қолқасындағы көктамыр қаны желбезектерге көмір қышқыл газын беріп - оттегіне қаныққан салатамыр қаны арқа қолқасына жинақталып денедегі әртүрлі мүшелерге кішірек салатамырлар арқылы таралады. Салатамырлардағы оттегі және кенеулі заттар қылтамырлардың қабырғасы арқылы ұлпаға сіңіп, ұлпадағы көмірқышқыл газ бен тіршілік әрекетінің өнімдері қылтамырлардағы қанға түседі де, сөйтіп көктамыр қаны жүректің құлақшасына құяды.
Зәр шығару мүшесі - омыртқа жотасының астында орналасқан екі таспа пішіндес созылып жатқан тұлға бүйректері, олардан кеткен түтікшелер несеп ағарлар. Зәр олардан қуыққа өтіп, аналь тесігінің артқы жағында орналасқан тесік арқылы қуықтан сыртқа шығарылады.
Жүйке жүйесі - орталық және перифериялық (шеткі жүйке жүйесі) деп екіге бөлінеді. Орталық жүйке жүйесіне бас миы және жұлын жатады. Бас миы бес бөліктен тұрады: алдыңғы ми, аралық ми, ортаңғы ми, мишық, сопақша ми. Сүйекті балықтардың көру орталығы орналасқан ортаңғы миы мен күрделі қозғалысты, яғни қимыл-әрекетін басқаратын мишығы жақсы дамыған.
Сезім мүшелері - көздері, ішкі құлағы, дәм, иіс, сипап сезу мүшелері, бүйір сызығы.
Балықтардың басым көпшілігі - дара жыныстылар, жынысты жолмен көбейеді, ұрықтануы сырттай. Дамуы айналмалы жолмен жүреді, дернәсілі - шабақ деп аталады.
Сүйекті балықтар класы екі класс тармағына жіктеледі: қалаққанатты балықтар және сәулеқанатты балықтар.
Қалаққанатты балықтар класс тармағына саусақ қанатты және қостынысты балықтар жатады.
Саусаққанатты балқтардың өкілі - латимерия. Бұл балық девон және карбон дәуірінде кеңінен таралып, бор дәуірінің соңына қарай мүлде жойылып кетті деп есептелген. Латимерия палеозой заманының тұщы су қоймаларында оттегі аз болған жағдайда тіршілік етуге бейімделген жыртқыш балық. Олардың жұп жүзбеқанаттарында жерге таяныш болып, денені көтеретіндей бұлшық еттердің болуы құрлықта тіршілік ететін омыртқалы жануарлардың аяқ құрылысына өте ұқсас. Су қоймаларында оттегі жетіспеген жағдайда олар су бетіне көтеріліп өкпелері арқылы тыныс алатын қос тынысты балықтарға жақын және олармен бір түбірден шықты деп есептеледі. Өліп біткен саусаққанатты балықтардан өздерінің басын қосмекенділер алуы мүмкін деп есептейді.
Қостынысты балықтарға неоцератод, лепидосирен балықтары жатады.
Сәулеқанатты балықтар класс тармағына келесідей отрядтар біріктіріледі: бекіретәрізділер, майшабақтәрізділер, албырттәрізділер, шортантәрізділер, жыланбалықтәрізділер, тұқытәрізділер, нәлімтәрізділер, алабұғатәрізділер, камбалатәрізділер.
Бекіретәрізділер отряды. Бұл отрядқа шеміршекті балықтарға ұқсас белгілері бар, өте ертеден бері тіршілік етіп келе жатқан балықтар жатады. Бекіре балығының аузы бастың тұмсық тәрізді созылған бөлігінің астыңғы жағында орналасады. Бұл бөлік рострум немесе тұмсық деп аталады. Сол тұмсығының көмегімен балықтар тұнба астындағы жемін қазып табады. Құйрық жүзбеқанаты акула балығынікі сияқты гетероцеркальді немесе теңқалақшалы емес. Денесінің тірегі сыртынан дәнекер ұлпасынан тұратын қалың қабықшамен қапталған хордасы. Омыртқа денелері қалыптаспаған, бірақ олардың үстіңгі және астыңғы доғалары бар. Ішегігің ішінде спиральды клапан, жүрегінде артериальды конус бар.
Желбезек саңылауларын сыртынан жауып тұратын сүйекті желбезек қақпағы, ішекпен байланысқан жүзу торсылдағы бар. Ұрықтануы сырттай, уылдырық саны өте көп.
Өкілдері Қара теңіз бен Каспий теңізінде таралған орыс бекіресімен шоқыр балық, Амур өзенінде таралған Қиыр Шығыстың қортпа балығы. Қортпа - салмағы 1 000 кг жететін, 100 жыл өмір сүретін ірі балық. Бекіре тәрізділердің көпшілігі теңіздерде жыныстық жағынан пісіп жетіліп, уылдырық шашу үшін өзендерге өтетін өрістегіш балықтар. Бұл отрядқа жататын балықтардың еті дәмді, уылдырықтары құнды қара уылдырық.
Майшабақтәрізділер отряды.
Бұл отрядқа жататын өкілдердің басым көпшіліктері теңіздерде мекендейді. Кейбір түрлері уылдырық шашу үшін өзендерге шығады. Жүзу торсылдақтары өмір бойы өңешпен байланысқан, денесін циклоидты қабыршақтар қаптаған, қарапайым балықтар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz