Өндірістік токсикология негізі


Пән: Медицина
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 86 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚазММА жоғарғы және ЖОО-нан кейінгі мамандықтар

бойынша білім беру оқу-әдістемелік секциясы

Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы

Ж. Ж. Жарылқасын

ӨНДІРІСТІК ТОКСИКОЛОГИЯ НЕГІЗІ.

ӨНДІРІСТІК УЛАР ЖӘНЕ УЛАНУЛАР

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ

Қарағанды 2007

ӘОЖ 613. 632

КБЖ 52. 84 я 7

Ж 31

Рецензенттер:

Б. З. Долтаева - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының жалпы гигиена және экология кафедрасының меңгерушісі, м. ғ. к., доцент;

С. Қ. Омаров - Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының коммуналдық гигиена курсының меңгерушісі, м. ғ. к., доцент;

Л. К. Ибраева - ҚР ДСМ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығының токсикология лабораториясының аға ғылыми қызметкері, м. ғ. к.

Ж 31 Жарылқасын Ж. Ж.

Өндірістік токсикология негізі. Өндірістік улар және уланулар. Оқу-әдістемелік құрал. -Қарағанды. - 2007. - 81 бет.

ISBN 978 - 601 - 202 - 002 - 1

Оқу-әдістемелік құрал жалпы білім беру стандарттарына, білім және ғылым министрлігі ұсынған еңбек гигиенасы бағдарламасына сәйкес дайындалған. Оқу-әдістемелік құралда өндірістік улардың жіктелуі, сипаттамасы, олардың организмге ену жолдары, организмде алмасуы және түрленуі, шығарылуы, организмге әсер етуі заңдылықтары, еңбек гигиенасы тәжірибесінде қолданылатын токсикологиялық эксперименттерді жүргізу мәселелері және кәсіптік уланудың алдын алу шаралары мазмұндалған. Оқу-әдістемелік құрал медициналық-профилактикалық факультет студенттеріне арналған, сонымен қатар санитарлық дәрігерлер мен токсиколог мамандардың тәжірибесінде пайдалануға болады.

КБЖ 52. 84 я 7

ҚазММА жоғарғы және ЖОО-нан кейінгі мамандықтар бойынша білім беру ОӘС жұмыс комиссия мүшелерінің шешімімен бекітілді және басылымға рұқсат берілді.

14 Хаттама « 21 » қыркүйек 200 7 ж

© Жарылқасын Ж. Ж., 2007

Негізгі шартты қысқартулар тізімі

АІЖ - асқазан - ішек жолы

ДДҰ - дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

DL(CL) 50 - орташа өлімдік доза (концентрация)

ЖТЖ - жүрек-тамыр жүйесі

ИУМК - ингаляциялық улану мүмкіндігі коэффиценті

ОНЖ - орталық нерв жүйесі

ШРЕК - шектеулі рұқсат етілген концентрация

ШҚӘД - шамамен қауіпсіз әсері деңгейі


Кіріспе

Қазіргі кезде химиялық заттардың зиянды әсері адамның еңбек жағ-дайына немесе олардың күнделікті тіршілік әрекетіне тікелей байланысты. Тұрмыстық химия бұйымдары мен дәрі-дәрмектердің адам тұрмысында кең пайдалануына байланысты кездейсоқ тұрмыстық уланулар маңызын әлі

жоғалтқан жоқ. Қазір өсімдіктер тектес табиғи улармен қатар, әртүрлі жаңа синтетикалық химиялық заттардың үлес салмағының артуы да маңызды болып отыр.

Химия мен энергетиканың, көптеген өнеркәсіп салаларының қарқынды дамуы және барлық шаруашылық салалары ауқымының артуы, сонымен қатар тұрмыстық химия мен автокөліктерді кеңінен пайдалана отырып, урбанизациялану биосфераға табиғатқа жат 1 000 000-ға жуық химиялық заттардың бөлінуіне соқтырып отыр.

1977 жылдың қарашасындағы мәліметтер бойынша 4039907 химиялық қосылыстар белгілі болды. Бірақ, 1981 жылы 5 миллионыншы химиялық зат (ол өсімдік тектес алколоид - грандирубин болды) тіркелді. Ал 1983 жылы осы тізбеге 6 миллионыншы химиялық зат енді. Сонымен, әлемде күніне мыңдаған жаңа химиялық зат пайда болады, яғни, әр 2 минут сайын бір зат. Тек ТМД елдерінің өзінде жылына 40 000 зат түзіледі.

Ал, осы тізбедегі заттардың 63 000 ғана тәжірибе жүзінде қолданылады екен (1, 5%) . Соның өзі ғылым мен техниканың жетістіктерін, тіршілік деңгейімізді, еліміздегі экономиканың жағдайын көрсетеді. Бұлардың қатарында пестицидтер, дәрі-дәрмектер, бояулар, тыңайтқыштар, полимерлер. Химиялық заттар синтезінің кейбір салалары аса жоғары жылдамдықпен дамиды. Мысалы, 1966 жылы шыққан «Пестицидтер бойынша анықтамада» 726 қосылыстар болса, 10 жылдан соң, бұл анықтамаға тағы 540 жаңа пестицидтерді енгізуге тура келді.

Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде қолданылатын пестицидтердің көлемі шамамен 4 есеге қысқарғанымен, олардың тізімі сол деңгейден өзгерген жоқ (100 атауға жуық бар), олардың 30%-ға жуығы хлорорганикалық пестицидтер. Ал, оның үстіне жұмыс аймағы ауасындағы пестицидтердің мөлшері ШРЕК деңгейінен 2-10 есе жоғары. Ластану деңгейі неғұрлым жоғары аймақтар - Алматы облысы (45%), Шығыс Қазақстан облысы (40%) .

Неғұрлым ертерек жүргізілген токсикологиялық зерттеулер жоғары уытты, аса қауіпті заттарды, тіпті бүкіл технологиялық процестерді уыттылығы, қауіптілігі неғұрлым төмен заттармен, тиімділігі бірдей технологиялық желілермен алмастырумен байланысты орынсыз шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондықтан, өндірістік токсикология бойынша болашақ дәрігерлердің білімін және мамандардың біліктілігін арттырудың маңызы өте зор және осы орайда бұл оқу-әдістемелік құралдың тигізер пайдасы ерекше болмақ.


1 Өндірістік (өнеркәсіптік) токсикология пәні,

дамуының негізгі кезеңдері

Токсикология - (грек тілінен алынған: toxikon - у және logos - оқыту деген мағына береді) - сыртқы ортаның, химиялық факторларының ағзаға зиянды әсерлерінің заңдылықтары жайындағы ғылым. Оның қазіргі кездегі жіктелуі 1-ші суретте келтірілген.

Сурет 1 - Қазіргі токсикологияның құрылымы

Өнеркәсіптік токсикология - өнеркәсіптік улардың ағзаға зиянды әсерлері заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Заманымызға сай токсикологияны шартты түрде, бір-бірімен тікелей байланысты екі үлкен тарауға бөлуге болады: 1) токсикометрия; 2) интоксикация патогенезі.

Токсикометрия - яғни, «уыттылық әсерді өлшеу» алғаш рет 1930-шы жылдары Н. С. Правдин ұсынды және ол уларға сандық сипаттама береді.

Токсикометрияның алдына қоятын тікелей мақсаттары: гигиеналық сараптау, шикізаттар мен өнімдерді гигиеналық стандарттау, сыртқы ортадағы зиянды заттар көлемін шектеу (ШРЕК және т. б. ) .

Интоксикация патогенезі - организмде удың сіңірілуін, таралуын, метаболизмін, организмнен шығарылуын зерттейді. Сонымен қатар, уланудың биохимиялық және биофизикалық механизмдерін, патологиясын, патоморфологиясын, иммунологиясын зерттейді. Интоксикация патогенезі бойынша зерттеулер денсаулық сақтау тәжірибесінде диагностика және терапия әдістерін әзірлеуде қолданылады.

Өнеркәсіптік токсикологияның дамуы тамырын тереңнен Гиппократ (біздің дәуірге дейін 460-377 жыл), Гален (б. д. д. мөлшермен 130-200 жыл) одан кейін Парацельс (1493-1541), Рамацини (1633-1714) дәуірінен бастайды және ол өндірістік маңызды заттардың адам организміне зиянды әсерлері жайындағы ілімдердің дамуымен тікелей қатысты.

Өткен ғасырдың екінші жартысында және біздің ғасырдың басында өнеркәсіптік зиянды заттардың әсерін эксперименттік жануарларды зерттеу басталды. Россияда бұл істі бастаушы Е. В. Пеликан (1824-1884, 1854) болды.

20-30-шы жылдарда бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде: Гендерсон және Хаггард (1930) ; Штаркенштейн, Поль (1929) ; Н. С. Правдин (1934) және Н. В. Лазеревтердің өздерінің және аударма жұмыстары басылған монографиялар мен оқулықтары шыға бастады.

Біздің елімізде өнеркәсіптік токсикологияның ірге тасын ғылым ретінде қалаушылар болып Н. В. Лазарев (1895-1973) және Н. С. Правдин (1882-1954) саналады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының жұмысшылар денсаулығына зиянсыз дамуына толықтай мүмкіндіктер жасалынды. Бұл профилактикалық шаралардың орындалуын дамытып қадағалаудың жетістіктері деп айта аламыз. Өнеркәсіптік токсикологияның мақсаты мен міндеттері көрсетілген (1938) Н. В. Лазаревтің «Өнеркәсіптік токсикология оқулығы» әлі күнге дейін қолданылуда. Ал «Электролиттер еместер» кітабы (1944) органикалық заттарды биологиялық, химиялық, физикалық жүйеге келтірген алғашқы ғылыми туынды. Н. С. Правдин гигиеналық нормалаудың ғылыми негіздерін, химиялық заттарды токсикологиялық бағалау әдістерін әзірлеп, одан әрі жетілдіруге ерекше көңіл бөлді.

Профилактикалық пәндер арасында өнеркәсіптік токсикология алғашқы орындардың бірін алады, өйткені, химиялық заттың организмге әсерін алдын ала зерттеп, болжап жұмысшыларға зиянсыз еңбек жағдайын ұйымдастыруға мүмкіндік бере алады.

Қазіргі кездегі санитарлық заңнамалар талаптарына сәйкес бірде бір химиялық зат немесе қоспа алдын ала токсикологиялық зерттеулерден өтіп, бағасы берілмей өндіруге және өнеркәсіпте қолдануға рұқсат етілмейді.

2 Өнеркәсіптік токсикологияның міндеттері

  1. Жаңа өнеркәсіптік заттарға токсикологиялық баға беру және гигиеналық реттеу - ШРЕК-ны бекіту. Қазіргі уақытта жұмыс аймағы ауасындағы 800-ден астам химиялық заттарға ШРЕК бекітілді. Бұл нормалар өнеркәсіптік өндірістерді жобалауда басты дерек болып саналса, өнеркәсіпте санитарлық дәрігер үшін ағымды санитарлық қадағалауда заңды негіз болып есептелінеді. Біздің елімізде гигиеналық реттеу мақсатымен жүргізілетін эксперименттік зерттеулер принципі бір жүйеге келтірілген, оған сәйкес эксперимент - бұл тек бір ғана заттың әсерін зерттеуге мүмкіндік тудыратын өндірістік жағдайдың үлгісі болып табылады.
  2. Өндірістік жағдайларда организмге бірнеше химиялық және физикалық факторлардың әсер етуі - қосарланып әсер ету орын алады. Осыған байланысты өнеркәсіптік токсикологияның келесі міндеті туындайды ол: өндірістік ортаның бірнеше факторларының сонымен қатар бірнеше уытты заттардың организмге қосар әсерін реттеу.
  3. Удың әсер ету механизмін, интоксикация патогенезін, удың организмге сіңірілуін (түсуін), таралуын, өзгерістерге ұшырауын және организмнен шығарылуын токсикологиялық зерттеу. Бұл мамандарды медициналық тексерулерді дұрыс жүргізіп, интоксикация белгілерін ерте анықтауға, емдеу және профилактикалық шараларды тиімді де сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
  4. Өнеркәсіптік заттардың әртүрлі мүшелер мен жүйелерге тигізетінарнайы әсерлерінзерттеу. Мұндай арнайы әсерлерге сенсибилизациялық (Ni, Cr, Be), бластомогендік әсерлер және ұрпақ көбейту қызметіне әсер ету жатады. Соңғысына гонадотропты және мутагенді әсерлер кіреді.
  5. Кешенді әсерлердің теориялық мәселелерін шешіп, тәжірибе жүзінде, адамға тек жұмыста ғана емес, сонымен қатар жұмыстан тыс уақыттарда әсерін тигізетін, қоршаған ортадағы зиянды заттардың шектеулі көлемін гигиеналық реттеуді енгізу.
  6. Өнеркәсіптік токсикологияда әр түрдің уларға сезімталдығы айырмашылықтарына ерекше көңіл бөлінеді, сондықтан, эксперимент жүзінде алынған нәтижелерді адамдарға бейімдеу, яғни экстраполяцияның ғылыми негіздерін әзірлеу аса маңызды мәселе болып табылады.

Адам организмінің әртүрлі химиялық агенттер әсеріне реакциясы, жануарларға жасалған эксперименттерден алынған көрсеткіштерден сапалық, күш жағынан айырмашылықта болуы мүмкін. Заттардың уыттылық көрсеткіштері тек қана удың қасиетіне байланысты емес. Сонымен қатар адамдардың жыныстық ерекшеліктеріне және жеке бас сезімталдығына байланысты. Сонымен қатар уға сезімталдықтың түрлік ерешеліктерінің маңызы өте зор.

Химиялық заттардың эмбриотроптық, мутагендік және концерагендік әсерлерін адамдарға экстраполяциялау ең аз зерттелген сұрақ болып қалуда. Сондықтан ШРЕК жануарларға жасалған эксперименталды зерттеулер негізінде бекітілген. ШРЕК екі кезеңде анықталып бекітіледі. Бірінші кезең лабораторияда жануарларға эксперимент өткізу - клиникалық - гигиеналық кезең. Екінші кезең өндірістегі жұмысшылар мен олардың ұрпақтарының денсаулық көрсеткіштерін еңбек жағдайымен, демек жұмыс аймағы ауасындағы зиянды заттар концентрацияларынын әсерімен байланыстылығын анықтау.

Өнеркәсіптік токсикология алдындағы практикалық тапсырмалардың шешілуі теориялық зерттеулердің кеңейтілуін, бар деректерді тұжырымдауды, жасалынатын эксперименттерді жеңіл тұжырымдалатын және жасалынған қортындыларды тексере алу мүмкіндігін тудыратындай формада өткізуді талап етеді.

Теориялық сұрақтардың ішінен химиялық зиянды факторларға икемделу процесін әрі қарай зерттеу мен кумуляция мен икемделу (адаптация) арасындағы қатынас сұрақтары ерекше орын алады. Өнеркәсіптік органикалық заттардың физико-химиялық қасиеттері мен олардың уыттылығы арасындағы байланыстарды анықтау да өнеркәсіптік токсикологияның алдындағы маңызды сұрақ болып табылады. Химиялық заттардың организмге түсуі мен шығарылуын анықтайтын негізгі заңдылықтар айқындалады. Алынған теориялық деректер жаңа заттардың уыттылығын болжаудың және токсикологиялық баға беруді тездететін есептеу әдістерін ойластырудың ғылыми негізі болып септігін тигізді.

Токсикологиялық баға беруді тездететін есептеу әдістері эксперименттерді қою көлемін шектеуді және шамамен қауіпсіз әсері деңгейін (ШҚӘД) болжайды.

Сонымен, өнеркәсіптік токсикология, физиология, биохимия, кәсіптік патология, онкология, иммунология, генетика, химия, математика сияқты көптеген ғылымдар саласынан білім мен зерттеу әдістерін игеруді талап ететін көптеген проблемелардың шешімін табады. Аталған ғылымдар төңірегінде методикалық тәсілдерді жетілдіру өнеркәсіптік токсикологияны байыта отырып, удың мүшелік, жүйелік, клеткалық, субклеткалық дәне молекулалық деңгейдегі күрделі механизмдерін айқындауға мүмкіндік тудырады.

3 Өнеркәсіптік токсикология әдістері

Заттардың ағзаға ықпалынан 2 түрлі: арнайы және жалпы уытты әсерлер айқындалады.

Оларды анықтау үшін қолданылатын әдістер де шартты түрде арнайы және арнайы емес деп 2-ге бөлінеді. Арнайы түрі өнеркәсіптік токсикологияда интегралды деген атауға ие болды.

Интегралдық көрсеткіштерге мысал ретінде орталық нерв жүйесінің функционалдық жағдайын келтіруге болады. Тура және кері байланыстары бола отырып, орталық нерв жүйесі организмнің қандай нүктесіне болмасын және қандай фактор әсер етпесін (егер аталған фактордың күші жеткілікті болса) оған міндетті түрде функционалдық күйін өзгерту арқылы реакция береді.

Интегралды көрсеткіштер қатарына: шартты рефлекстер әдісін, орталық нерв жүйесінің шектік импульстарды жинақтау (суммация) қабілетін, яғни суммациялық шектік көрсеткішті (СШК) анықтауды, бұлшық ет күші мен оттегін тұтыну көлемін өлшеу әдістері мен жануарлардың дене салмағы, денесінің температурасы, т. б. деректерді жатқызуға болады.

Бұлардың қатарына организмге өте жоғары талаптар қоя отырып, организмдегі жасырын өзгерістерді айқындауға мүмкіндік беретін, функционалдық сынамаларды жатқызуға болады.

Бұл сынамалардың ішінде: жануарлардың жүзу ұзақтығы, центрифугаларда қысқа уақыт айналдырғаннан кейін тышқандардың түзу сызықта жүруінің қалпына келуі, т. б. кеңінен қолданылады.

Арнайы әдістер белгілі бір қоспаларға немесе қоспалар класына тән зиянды әсерлерді айқындауға бағытталады. Мысалы: холинэстеразалар белсенділігін әлсірету фосфорорганикалық қоспаларға, т. б. тән.

Өнеркәсіптік токсикологияда қолданылатын барлық әдістерді шартты түрде келесі топтарға бөлуге болады.

І. Физиологиялық әдістер.

  1. ОНЖ-нің, вегетативтік, ми-жұлын жүйелерінің функционалдық күйін зерттеу. Бұған электрлік энцефалография, миы қабықшасының шектік импульстарды жинақтау қабілеттілігін анықтау сияқты зерттеулер жатады.
  2. Организмге жоғары дәрежедегі талаптар қоятын (оттегінің жетіспеушілігі, қан шығару) әдістер.
  3. Жануарлардың жұмысқа қабілеттілігін су құйылған астауларда жүздіру арқылы зерттеу, жануарлардың қимыл белсенділігін зерттеу.
  4. Функционалдық сынамалар (минутына 800 айналым жылдамдықпен 10 сек. аралығында арнайы құрылғыда айналдыру) .

ІІ. Биохимиялық әдістер.

  1. Белоктар, көмірсулар, майлар, минералды заттар және витаминдер алмасуларын зерттеу.
  2. Ферменттердің белсенділігін бағалау
  3. Функционалдық сынамалар, мысалы: глюкоза енгізу арқылы көмірсулар алмасуларының төзімділігін зерттеу.
  4. Изотоптық әдістер.

ІІІ. Арнайы зерттеу әдістері.

  1. Лабораториялық аталық және аналық жануарлардың ұрпақ тарату өнімділігін сандық зерттеу әдістері.
  2. Жаңа химиялық .
  3. Химиялық зерттеу.
  4. Иммундық биологиялық тесттер.

ІV. Патоморфологиялық әдістер.

  1. Гистологиялық
  2. Гистохимиялық

V. Математикалық-статистикалық әдістер.

VI. Жануарларды уландыру әдістері:

1. Ингаляциялық

2. Асқазанға енгізу

3. Теріге егу

4. Іш қуысына егу

5. Трахеяға енгізу

Экспериментте неғұрлым жиі қолданылатын жануарлар қатарына тышқандар, егеуқұйрықтар, теңіз шошқалары, қояндар жатады.

4 Өндірістік улар. Жіктелінуі

Өнеркәсіптерде қолданылатын химиялық заттардың басым бөлігі организмге зиянды әсерлерін тигізеді. Жұмыс кезінде ауаға бөліну арқылы немесе жұмыс сәтінде тікелей жанасудың барысында бұл заттар адам денсаулығына, өміріне белгілі бір қауіптер туғызады. Химиялық заттардың организмге тигізетін бұл жағымсыз әсерлері уытты қасиеттер деп аталып, ал осындай қасиеттері бар өнеркәсіптерде қолданылатын немесе өндірілетін заттар өнеркәсіптік улар деген атқа ие болады.

Зиянды заттардың бөліну көздері мен себептері. Зиянды заттар өнеркәсіптерде пайдаланатын шикізат материалдары, алынатын өнімі, қосымша немесе аралық өнімдері болып табылады. Олар 3 түрлі күйде болады: қатты, сұйық және газ тәріздес. Сондықтан бұл заттардан шаң, бу, газ күйіндегі түзілістері қоршаған ортаны, беткейлерді, ал тікелей жанасқанда жұмысшылардың терілерін ластауы мүмкін.

Уытты шаңдардың түзілу себептері қарапайым шаңдардың түзілуімен бірдей. Олар уату, жағу, булану сәттерінде түзіліп, жұмыс орнының ауасына әртүрлі тесіктер, шаңдататын қондырғылардың саңлаулары арқылы немесе шаңды заттарды ашық түрде тиеу, тасымалдау, түсіру нәтижесінде бөлінеді.

Уытты сұйық заттар көбінесе тығыздалмаған аппаратуралардан, коммуникациялардан бөлінеді. Сұйық заттарды ашық түрде бір ыдыстан бір ыдысқа құю олардың шашырау, төгілуіне соқтырады. Бұл уытты сұйық заттар буланатын беттер көлемінің ұлғаюына соқтырады. Бұл, ауаның тез арада зиянды заттардың буымен ластануына әкеп соқтырады. Демек, ауада бұл заттардың жоғары концентрациясының түзілуіне жағдай тудырады. Шашыраған уытты сұйық заттар жұмысшылардың терісіне тиіп тікелей әсерін тигізуі мүмкін.

Сұйық заттардың аппаратуралардан, коммуникациялардан, құбыр-лардан бөлінуінің жиі болатын себептері уытты заттардың құбырларды, резеңке тығыздағыштарды, резеңке қоспаларды шірітіп тесуі, металдарды коррозияға ұшыратуы, крандардың толық бұралып жабылмауы, т. б.

Жабық ыдыстардан булардың бөлінуі, ондағы процестердің өту барысын бақылау үшін, немесе ондағы заттардың араластыру, қосымша металдарды салу, сынамалар алу үшін жаппаларды ашқан кезде бөлінеді.

Зиянды заттардың қоршаған ортаға бөлінуі көбінесе, улы заттармен байланысты, әртүрлі жабдықтарды, коммуникацияларды ашып жөндеу мен бөлшектеп құрастыру сәттерінде болады.

Өнеркәсіптік улардың жіктелуі. Токсикометрияның маңызды параметрі химиялық қоспаның уыттылығы. Улар жайындағы анықтамалардың тарихы Н. С. Правдиннің «Өнеркәсіптік токсикология оқулығында» көрсетілген. Онда Орфил, Левик, Торкенштейн анықтамалары берілген. Мысалы: «У»- аз ғана мөлшерде тірі организмдермен жанаса, денсаулығын бұзып, өмірді қиятын зат (Орфил, ХІХғ. басы) .

Удың көптеген анықтамалары бар. Соның ішінде шындыққа жанасатын И. В. Саноцкийдің берген анықтамасы болып саналады: «У» - организмнің туа немесе жүре пайда болған қасиеттеріне сәйкес келмейтін мөлшерде түсетін, тіршілік ету ортасының химиялық компоненті, сондықтан ол өмір сүруге сай емес». Осыдан «кәсіптік улар» деп адамның еңбек процесінде бастапқы, аралық, қосымша немесе дайын өнім түрінде кездесетін газдар, булар немесе сұйықтар, сонымен қатар шаң, түтін, тұман күйіндегі еңбек гигиенасы және техника қауіпсіздігі тәртіптерін сақтамаған жағдайда жұмысшылар организміне зиянды әрекетін тигізетін химиялық заттар. «Жоғарыда айтылғандай гигиеналық көзқарас тұрғысынан дұрыс ұйымдастырылмаған еңбек жағдайында және алдын ала қорғаныс шараларын қолданбаған жағдайларда өндірістік улардың кәсіптік улануларды тудыратыны белгілі болды. Туындау және даму сипаттарына қарай кәсіптік улану жедел және созылмалы деп бөлінеді.

Жедел улану удың организмге қысқа уақыт (бір ауысымда) арасында айтарлықтай көп мөлшерде әсер ету салдарынан болады. Бұл уланулардың клиникалық симптомдары өте айқын байқалады. Қазіргі уақытта жедел уланулар өте сирек кездеседі.

Созылмалы улану удың организмге аз мөлшерде бірақ ұзақ уақыт аралығында (көбінесе жұмыс аймағындағы ауадағы ШРЕК сәл мағынаға алуынан) әсер етуінен болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) есебі бойынша дамыған елдерде улану келеңсіз жағдайлардан өлу себептері ішінде екінші және үшінші орынға шығып отыр. Сондықтан әр түрлі заттардың уыттық қасиеттері жайындағы сұрақтардың тек қана токсикологтар үшін ғана емес, сонымен қатар зиянды заттармен өндірісте, тұрмыстық жағдайларда қатынаста болатын тұрғындар үшін де маңызы зор. Химиялық заттарды гигиеналық нормалау мәселесі ғана емес, сонымен қатар, олардың қауіптілік дәрежесін көрсетіп таңбалау мәселесінің жиі көтерілетіні де содан болар. Бұл сұрақтың шешілу мәселесі, өнеркәсіптік және басқа да заттарды уыттылы-ғына байланысты жіктеу сұрақтарының шешілуімен қатар жүру керек.

Қазіргі уақытта уытты заттардың біраз жіктелулері белгілі. Олардың негізінде әртүрлі принциптер жатады. Мысалы, пайдалану бағыты, қолдану жағдайы, улану патогенезі, физикалық-химиялық қасиеттері, химиялық құрылымы және уыттылығы. Аталған жіктелулердің әр қайсысының пайдалану салаларында белгілі бір теориялық және практикалық маңызы бар.

Қазіргі уақытта халық шаруашылығында қолданатын химиялық заттар санының қыруар көптігі, олардың биохимиялық әсерлерінің сипатының сан алуандығы, ал заттардың белгілі бір белгілері мен қасиеттері және олардың биологиялық әсерлері арасындағы байланыстарды қанағаттанарлықтай айқындайтын жалғыз принциптің туу мүмкін деген ойға сенімсіздікпен қаратып отыр. Бұл өнеркәсіптік токсикологияның барлық талаптарына жауап бере алатын заттардың толық жіктелуін жасауға мүмкіндік бермейді.

Сондықтан токсиколог ең бірініші барлық химиялық заттардың органикалық, органикалық емес және элемент-органикалық болып бөлінуін қарастыратын химиялық жүйені пайдаланады. Заттардың класы мен топтары қабылданған химиялық номенклатураға сүйене анықталады.

Өнеркәсіптік заттарды олардың қасиеті мен биологиялық әсері бойынша жіктеудің олардың организмге әсер ету механизімін түсіну жағынан да және олар тудыратын зақымдарға қолданылатын профилактикалық емдеу принциптерін әзірлеу жағынан да маңызы зор. Осы тұрғыдан, емдеуші дәрігер үшін өнеркәсіптік уларды организмге тигізетін әсерінің сипаты бойынша жіктеуді пайдалану өте тиімді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын токсиндік заттардың жануарлар организіміне түсу жолдары
Өндіріс орындарын желдету әдістері
Улануды клиникалық балау туралы
Улы заттардың жіктелуі
Табиғатына байланысты токсиканттардың негізгі түрлері
Пестицидтермен улану
Ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын токсиндік заттардың жануарлар организіміне түсу жолдары жайлы
Токсикология
Ауыр металл тұздарынан улану
Токсикологиялық талдаудың негізін тексеру әдістері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz