Қызылорда облысының мәдени даму белестері (1946-1991 жж.)


Қызылорда облысының мәдени даму белестері (1946-1991 жж. )
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл магистрлік диссертацияда Қызылорда облысының 1946-1991 жылдар аралығында мәдени даму жолдарының өзіндік ерекшеліктері жаңа тарихи тұрғыдан талданып, жан-жақты ғылыми негізде қарастырылған.
Тақырыптың өзектілігі: Мәдениет - халықтың сан ғасырлар бойы жинақтап, ұрпақтан - ұрпаққа сабақтасып келе жатқан асыл қазынасы, бітім - болмысы, жалпы халықтың дамуының іргетасы.
Еліміз тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің өркениетті елдер қатарынан көрініп, ғасырлар бойғы арманына жетті. Тарих ғылымы саласында аздаған жылдар аралығында тоталитарлық кезеңде бұрмаланып келген Отан тарихы жаңа тұрғыдан зерттеліп, оған тиісті оң баға беру жүзеге асуда. Алайда, ғылымның бұл саласында зерттелмей жатқан тың және жаңа тұрғыдан қарауды қажет ететін мәселелер баршылық.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2030» жолдауында «Бүгінгі таңда біз тұрақтану кезеңіне өтудеміз. Ең өзекті және маңызды міндеттерімізді шешуде қол жеткен табысымыз бізге жан-жағымызға үңіле зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға, алдағы дамуымыз туралы ойлауға, өз жоспарымызды түзеуге мүмкіндік береді», - деген еді [1. 66] .
Қандай да болсын мемлекеттің қазіргі заманға сай дамуы мен тәжірбиесі тек экономикалық және саяси жағдайымен ғана емес, сондай-ақ мәдени құрылыс тәжірибесімен танылады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұлтты мәдениетті дамытуға, олардың прогресшіл ұлттық дәстүрлері мен рухани қазыналарын өркендетуге, әрбір халықтың ұлттық қазыналарын қорғау арқылы ұлттық ерекшеліктерінің сақталуына кең жол ашылуда. Адамдардың, қоғамның мәдени өміріне еркін араласуға мүмкіндік берілуде.
Қазіргі көзқарас пен құндылықтар өзгерген әдет ғұрып, салт-дәстүр жаңғырған заманда бұл ұғым одан сайын кеңейіп, көкірегінде сәулесі бар әрбір азамат төл тарихын игеруде туған жерінің, өскен ортасының тарихын, мәдениетін білуден бастау керек деген ұғым қалыптасты. Дәлірек айтсақ, өлкетану-Отантанудың алғашқы қадамы. Бұл заңды құбылыс. Әр ғылымның тұңғиығына терең бойлау үшін ең әуелі оның әліппесін игеру қажет. Ал Қазақстанның әрбір азаматының Отан тарихын оқып-зерттеудегі алғашқы баспалдағы, әліппесі-өз өлкесінің, туған жерінің, өскен өңірінің тарихын игеру болса керек.
Осы тұрғыдан алғанда соғыстан кейінгі жылдардағы Қызылорда облысының мәдениетінің даму тарихын зерттеудің танымдық-тәрбиелік маңызы зор, жастарды отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерге баулуда орны ерекше. Ендеше, аталмыш тақырыптың өзектілігінде күмәніміз жоқ.
Кеңестік кезеңдегі мәдениет тарихының айрықша ерекшелігі оның дамуында партия мен мемлекет рөлінің аса басымдылығы болды. Коммунистік партия мемлекеттік қоғамдық ұйымдар арқылы халыққа білім беруді, мәдени ағарту жұмыстарын, әдебиет пен өнерді бағыттап және бақылап отырды, еңбекшілерге маркстік-лениндік идеология рухында идеалдық саяси тұрғыда тәрбиелеу жұмыстарын жүргізді. Соғыстан кейінгі кезеңдегі қоғамдық саяси дамудың ондағы басты сипаты идеология рөлінің күшеюі болып табылды.
Көркем шығармашылдыққа саяси бақылауды күшейту орталық партия комитетінің 40-жылдардың екінші жартысы - 50-ші жылдардың басында әдебиет пен өнер мәселелері бойынша қабылдаған көптеген қаулыларында айқын көрініс тапты. Кеңестік режим барлық халықтарға және бүкіл мәдениет атаулыға өмір сүрудің баршаға ортақ: "мәдениеттің мазмұны, социалистік формасы ұлттық болуға тиіс" деген үлгі мен қалыбын таңды.
50-ші жылдардың соңында және 60-шы жылдардың бас кезінде демократиялық үрдістердің аздап көрініс беруі, мәдениеттің ахуалын жағымды жаққа өзгерте алмады. Демократияландыру элементтері қылаң бергенмен, бірақ мұны қоғам дамуының жүйесі орнықты демократиялық үрдіс деп тануға әлі болмайтын еді.
Интеллигенцияны қуғындау мен қудалау 1953 жылғы наурыз айындағы елдегі саяси өзгерістерден және Қазақстан басшылығы 1954 жылы ақпанда ауысқаннан кейін барып тоқтатылды. 1956 жылы ақпанда өткен КОКП ХХ съезінің 1956 жылғы 30 маусымдағы КОКП ОК пленумының шешімдері қоғамды сталиншілдіктен арылтуға жол ашты және үлкен қоғамдық-саяси мәнге ие болды. КОКП ХХ съезінен кейін сондай-ақ 60-жылдардың бас кезінде кеңес әдебиеті мен өнерінде "шиеленістің болмау теориясы" сияқты ойдан шығарылған теориялық ережелерге тойтарыс берілді. "Мәдени жылымықтың" шектеулі межелеріне қарамастан Қазақстанның мәдени-рухани өмірінде алға жылжушылық байқалды. 80-жылдардың екінші жартысында қуғын-сүргінге ұшыраған жазушылардың шығармашылық мұраларының ғылыми орта мен оқырман қауымға қайтарылуы республика өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Замандастардың рухани өміріне Ш. Құдайбердиевтің, Ж. Аймауытовтың, М. Жұмабаевтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың шығармалары қайтадан сәулесін төкті.
Соғыстың зардабы мәдениет саласының дамуында да үлкен қиыншылық тудырды. Республиканың интеллигенция өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мәдени мекемелер, оқу орындары мен мектептерінің санының азаюы елдің мәдени даму үрдісіне кедергі келтірді. Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалынан шықпады. Партия комсомол және пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Соған қарамастан 1946-1991 жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Халық ағарту ісі бірсыпыра алға басты. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 жылы балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Ғылым мен мәдениет дамуында елеулі табыстарға қол жетті.
1991 жылы Қызылорда облысында 30 бастауыш, 54 сегізжылдық, 199 орта, барлығы 283 мектепте 136 мың оқушы оқып, білім алған [2. 22] . Қызылорда облысында 2 жоғары оқу орны, 10-ға жуық арнаулы орта оқу орындары жастарға білім мен тәрбие жұмыстарын ұштастыра жүргізді.
Облыста соғыстан кейінгі жылдарда Ғылым және мәдениет салаларын жоғары деңгейге көтеру бағытында басты-басты міндеттер белгіленіп, жүзеге асырылды. Сыр әдебиеті мен өнерінің дамуында жаңа белестер басталды. Қызылорда бүкіл Сыр өңіріндегі білім, ғылым, мәдениет және өнер орталығына айналды. Сондықтан облыстың 1946-1991 жылдардағы мәдени-рухани дамуының тарихын талдау, жетістіктері мен кемшіліктерін дәйектілікпен кешенді зерттеу, олар жөнінде тарихи тәжірибеге негізделген салиқалы қорытындылар жасау тақырыпты бүгінгі күні отандық тарихта жаңаша зерделеу қажеттігін дәлелдей түседі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Қазақстан мәдениетінің тарихы мен проблемаларын ғалымдардың үлкен тобы - философтар, әдебиетшілер, тарихшылар, өнер қайраткерлері т. б. ұзақ жылдан бері зерттеп келеді.
Мәдениет тарихын түбегейлі зерттеген ғалымдардың Р. Б. Сүлейменов, Х. И. Бисенов, А. Қ. Қанапин, Қ. Ж. Жаманбаев, Қ. Д. Жоламанов, А. Д. Яндаров [3] және т. б. зерттеулері ерекше методологиялық маңызға ие.
Алайда ғалымдар да заманның перзенті болғандықтан көптеген монографияларда, мақалаларда уақыт таңбасы барын мойындамай тұра алмаймыз. Бірақ сол үшін авторлардың мәдениет пен интеллигенция тарихын, ұлттық мәдениетімізді ғылыми тануға қосқан үлесін жоққа шығару қиянат болар еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жарияланған М. Қ. Қозыбаевтың, Х. М. Әбжановтың, Қ. Ахметовтың, Қ. Әбуовтың, Ә. Құдайбергеновтың еңбектерінде Қазақстандағы мәдени құрылыстың кейбір көлеңкеде қалып келе жатқан «ақтаңдақ» болып саналатын мәселелері қарастырылған, сондай-ақ бірқатар методологиялық мағынасы бар проблемалар қаралған. Міне, осы аталған ғалымдардың мәдениет құрылысын зерттеудегі қол жеткен табыстарына сүйене отырып, жаңаша ойлау негізінде өткенімізді саралап, мәдени дамудағы шынайы жетістіктер мен қайшылыққа толы кертартпа процестерді талдап, тарихтан тәлім алуды ойластыруымыз қажет.
Академик Манаш Қозыбаев «Ақтаңдақтар ақиқаты» деген еңбегінде мәдениет тарихының ақтандақтарына арнайы тоқталып, оны зерттеудің кейбір методологиялық мәселелеріне назар аударады [4. 36-40] . Профессор Х. Әбжанов "Қазақстан: тарих тұлға теория» атты еңбегінде социализмнің күйреуі дәуіріндегі Қазақстан мәдениетіне жан-жақты талдау жасайды [5. 52-84] . Аталмыш еңбекте автордың Қазақстан тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелері туралы теориялық-методологиялық пайымдаулары диссертация барысында басшылыққа алынды.
Кезінде Отан тарихының зерттеуге қатаң тиым салынған «ақтандақ» беттерін саралау бүгінгі тарихшылардың алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Сондықтан оқу ағарту мен мәдениет саласының күрделі кезеңдердегі тарихын арнайы қарастыру өзекті мәселелер қатарында деп есептейміз.
Кеңестік кезеңде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағдайы туралы еңбектер 1950 жылдардың аяғында шыға бастады. Е. Ривлин мен Ж. Төралиевтің «Қызылорда облысындағы халық ағарту істері» атты [6. 70] еңбегінде Қазан төңкерісінен кейінгі облыстағы білім беру жүйесіндегі қол жеткен табыстар айтылады, негізінен еңбек 1917-50 жылдарды қамтиды. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында тарихшы ғалым М. К. Кереевтің «Город на Сырдарье» [7. 43] атты кітапшасы шықты. Алайда бұл кітапша қысқаша тарихи-танымдық сипатта болғандықтан, онда Қызылорда облысындағы соғыстан кейінгі жылдардағы мәдени даму тарихы туралы толық мәліметтер болмады. 1967 жылы Алматыдан шыққан ғалым, Ә. Сембаевтың «Қазақ совет мектебінің тарихы» [8. 394] атты еңбегінде Қазан революциясына дейінгі Қазақстандағы оқу-ағарту жұмысының жайы, Кеңес өкіметінің тұсындағы қазақ мектебінің өсу-өркендеу жолдары баяндалады. Сондай-ақ кітапта Қызылорда облысындағы халық ағарту саласындағы атқарылған жұмыстар туралы нақты мәлеметтер берілген. Алайда, еңбектің хронологиясы 60 жылдардың соңы мен 70 жылдардың бас кезіне дейінгі уақытты қамтиды.
1980 жылы Ы. Қалиев пен Е. Шілдебаевтың «Дария жағасындағы қала» [9. 96] атты кітабында соғыстан кейінгі қаланың жағдайы туралы, оның ішінде халық ағарту саласы, білім және өнер ордалары туралы мәліметтер жинақталған. Алайда, кітаптың мәліметтері 70 жылдарға дейінгі уақытты қамтиы.
Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, Ш. Әбдібаевтың «Қызылорда театр өнерінің қара шаңырағы» [10] атты кітабында Қызылорда облысының қазақ драма театрының қалыптасуы мен дамуының белестері туралы құнды репертуарлары, актерлік шеберліктері, сахна өнерінің эстетикалық талаптары, театрдың қол жеткен жетістіктері нақты материалдар негізінде көркемдік тілмен жеткізілген.
Белгілі ақын А. Кіребайұлының «Сыр өңірінің қара шаңырағы» [11] атты кітапта Қызылорда театрының қаз тұрып қалыптасуына, профессионалдық актер өнерінің меңгеруіне ықпал жасаған талантты режиссерлер Мен-Дон Ук, Маман Байсеркенов, Исмаил Құрымов, Төлеш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Жақып Әбілтаев, Хұсейін Теміров, Ерғали Оразымбетов және т. б. туралы көптеген мәліметтер кездеседі, сонымен қатар Бәкірова, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі - Жібек Бағысова, Серік Шотықов сынды актерлар туралы деректер жинақталған. Сонымен қатар, кітапта театрдың тәуелсізік жылдарындағы репертуарлары, қол жеткен жетістіктері туралы материалдар бар.
Ж. Жонтаева мен Ш. Әбдібаевтың «Сыр елінің мәдени мұралары» [12. 150] атты кітапта тарихи және мәдени мұралардың тағылымы сөз етіледі. Жинақтың танымық-тәрбиелік мәні зор.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен «2000 жыл Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланған болатын. Осыған сәйкес облыс әкімінің шешімімен Мәдениетті қолдау жылын өткізу жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Оның құрамына өнер қайраткерлері, мәдениет қайраткерлері, ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері енгізілді. 2000 жылғы 16 наурызда Қызылорда қаласында мәдениет және өнер қайраткерлерінің облыстық съезі өтті. Осы облыстық съезінде жасалған баяндамалар, сөйлеген сөздер негізінде «Сыр мәдениеті жаңа ғасырда» [13] атты жинақ баспадан шықты. Онда мәдениетті қолдау жылында атқарылатын нақты шаралар, болашақ шешімін табуды қажет ететін мәселелер мен проблемалар айтылған.
1998 жылы жарыққа шыққан «Сыр өңірінің тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін) [14. ] атты монографиялық еңбек - Сыр бойы деп аталатын қазақтың киелі мекенінің тарихи-танымдық шежіресі болды. Кітапта зерттеу тақырыбына байланысты құнды деректер бар. Кітаптың құнды жағы, облыстың тарихына байланысты материалдар Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Ташкент және облыстық мұрағат материалдарынан алынған. Магистрлық жұмысты жазу барысында аталмыш еңбек көп пайдасын тигізді. Сондай-ақ, белгілі ғалымдар, Б. Досманбетов пен М. Кереевтің «Қызылорда» [15. ] деп аталатын кітабында қаланың мәдени дамуын көрсететін нақты деректер бар. 2005 жылы А. Айдосов, М. Кереев, Ы. Қалиев шығарған «Қызылорда» [16. ] деп аталатын кітапта облыстың құрылған уақытысынан бастап тәуелсіздік кезеңіндегі экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани дамуындағы қол жеткен табыстары айтылады. Алайда бұл еңбекте облыстың мәдени дамуы жанама түрде баяндалған. Сондай-ақ, ғалым Б. Аяғанның редакциясымен шыққан «Сыр елі» деп аталатын энциклопедиялық жинақта Қызылорда облысының мәдени мекемелердің тарихы туралы ақпараттық-танымдық материалдар жинақталған [17. ] .
2009 жылы жарық көрген «Алаштың Ақмешіті» [18. ] деп аталатын еңбек тарихтың көзіндей болып қалған қазіргі Қызылорда, бұрынғы Ақмешіттің тарихын терең, философиялық тұрғыдан мәнді, саясат бедерінен маңызды бағдарда жазылған. Кітап беттерінде, соғыстан кейінгі қаланың тіршілігі, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары, әсіресе, мәдениетін дамыту туралы материалдар жинақталған. Сонымен қатар "Сыр өңірінің мәдениеті" [19] атты тарихи-анықтамалық кітапта Қызылорда облысының мәдениет мекемелері, мұражай, кітапхана, мәдениет саласының ардагерлері туралы мәліметтер берілген. Сондай-ақ Қызылорда облысының әр кездегі мерейтойлары барысында шыққан мерекелік кітапшалар мен баспасөз беттеріндегі мақалалар топтары облыстың өткені мен бүгінгі тарихынан мәліметтер береді. Осылайша Қызылорда облысының тарихына қатысты еңбектерге тарихнамалық шолу жасай отырып, облыс өмірінің жеке салаларына қатысты тарихи-танымдық мазмұндағы кітаптар мен мақалалар бар екендігін, бірақ бұларда негізгі мақсат - облыстың мәдени дамуының тарихын көрсету болмағандығын атап өтеміз.
Соғыстан кейінгі жылдардағы Қызылорда облысының мәдениетінің тарихына (1946-1991 ж. ж. ) арналған арнаулы еңбек жарияланбаған. Мұның өзі аталмыш тақырыпты зерттеудің қажеттілігін айқындай түседі.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
1946-1991 жылдардағы Қызылорда облысының мәдениетінің тарихын жаңа көзқарастар тұрғысынан ашып көрсету - зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылып отыр:
- 1946-1991 жылдардағы облыстағы білім беру жүйесіндегі өзгерістерді анықтау және талдау;
- қарастырылып отырған кезеңдегі облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының қызметіне талдау жасау, сандық және сапалық өзгерістерін нақты мәліметтер арқылы көрсету;
- ғылымның дамуындағы басты бағыттарды айқындау, жетістіктерін және проблемаларын талдау;
- мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысына талдау жасау;
- Сыр өнерінің қара шаңырағы Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының өсу белестерін көрсету;
- облыстық, аудандық, қалалық кітапханалар мен облыстық және аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметінің тарихына талдау жасау;
Сыр өнерінің ерекшеліктерін ашып көрсету, жетістіктерін талдау; проблемаларын айқындау.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі.
Ғылыми жұмысты зерттеу барысында жинақтау, талдау, салыстырмалы түрде көрсету тәсілдері қолданылды. Зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды. Сонымен қатар тарихи ұстанымдар мен тұжырымдамалық ережелер, танымдық теория негіздері сарапталды.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері.
1946-1991 жылдар аралығы тұтас хронологиялық кезең ретінде алынуының себептері, кеңестік кезеңдегі жүргізілген облыстағы мәдени-рухани саясаттың ерекшеліктеріне байланысты. 1946 жылы Ұлы отан соғысының аяқталуынан кейінгі және жаңа жағдайларға байланысты қайта жасақталуының бастауын көрсетсе, зерттеудің 1980 жылдардың аяғына дейін жеткізілуі де тарихи-логикалық принципке негізделген. Өйткені осы аралықтағы уақыттың тұтас алынуы кеңес өкіметі тұсындағы мәдениет саясатындағы жұмыстарын зерттеу арқылы Қызылорда облысындағы мәдениеттің 1980 жылдардың аяғына дейінгі даму барысын нақтыладық.
Зерттеу жұмысының нысаны. Нақты-тарихи кезеңдегі Қызылорда облысындағы мәдениеттің дамуы, білім, ғылым және мәдени мекемелердің қызметі, өнердің жағдайы.
Зерттеу пәні. Қызылорда облысының 1946-1991 жылдардағы мәдени дамуының теориялық-әдіснамалық және тарихи аспектілері.
Зерттеу жұмысының деректік негізі.
Зерттеу барысында КОКП және ҚКП-ның съездері мен пленумдарының, конференцияларының шешімдерін, сондай-ақ мемлекеттік атқару органдарының мәдениетке қатысты құжаттарын, статистикалық материалдар кеңінен пайдаланылды. Республика мәдениетінің әр түрлі аумағындағы аймақтың материалдары да жан-жақты пайдаланылды. Сондай-ақ Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатынан көптеген тың мәліметтер алынды. Әсіресе, соңғы мұрағаттағы зерттеушілер назарына көп түспеген 23, 292, 375, 377, 148, 855, 710, 660 қорларының деректерінің тарихи-танымдық маңызының зор болғандығын атап өтуге болады. Статистикалық материалдар да маңызды деректер қатарына жатады. Олар диссертацияда сандық нәтижелерді қорытындылау және ұқсас жайларға салыстырмалы сипаттама жасау үшін пайдаланылды. Сонымен қатар жұмысты жазу барысында баспасөз беттерінде жарияланған тақырыпқа байланысты деректер мәні бар мәліметтер пайдаланылды. Олар негізінен «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Заман-Қазақстан», «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы», «Халық», «Новая Кызылорда» және т. б. басылымдарда тақырыпқа байланысты шыққан материалдарға шолу, талдау жасалынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Зерттеу жұмысының басты ғылыми жаңалығы мынада, біріншіден, біз қарастырып отырған тақырыптың бұрын-соңды арнайы зерттеу объектісі болмауы. Осыған байланысты тың деректік материалдар негізінде облыстың мәдени дамуын (1946-1991 жж. ) арнайы қарастыру, зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы болып табылады. Қол жеткізген ғылыми нәтижеге сай мынадай нақты жаңалықтар бар:
- соғыстан кейінгі кеңестік заманда облыстың білім беру жүйесіндегі өзгерістер жан-жақты деректік негізінде жүйеленді;
- Қызылорда облысындағы қарастырылып отырған кезеңдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының тарихы талдауға алынып, атқарған жұмыстарына баға берілді;
- облыстың ғылымның дамуындағы табыстар мен кемшіліктердің себептері тарихи шындық негізінде айқындалды;
- облыстың мәдени-рухани өміріндегі мәдени-ағарту мекемелерінің қызметі мен даму барысы, сандық және сапалық өзгерістері нақты деректер негізінде талданды;
- Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының тарихы сол кезеңдегі қоғамның рухани-мәдени өзгерістер аясында қарастырылып, театрлық қойылымдардың мазмұнына талдау жасалынды, театрдың тәрбиелік мәнін көтеру насихатталды;
- Сыр өнерінің ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан талданып көрсетілді;
Осындай нақты мәселелерге орай жаңа концепциялық тұрғыдан бұрындары қолдануға енбеген бірқатар мұрағат деректері мен статистикалық дәйектер алғаш рет ғылыми айналымға түсіріліп отыр.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы.
Зерттеу жұмысында көтерілген мәселелерге кешенді талдау жасаудың маңызы зор. Бұл еңбекте қол жеткен нәтижелерді, диссертация жұмысының қорытынды тұжырымдарын Қазақстан тарихының арнайы курстарында, өлкетану сабақтарында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz