Қатер қайдан демеңіз немесе экстремизм, терроризм және радикализм туралы пайымдау


Қатер қайдан демеңіз немесе экстремизм, терроризм және радикализм туралы пайымдау
9-Маусым, 2010 Таным
Мәскеудің метрополитенінде болған екі жарылыс бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бейбіт тұрғындардың өмірін қиған бұл террорлық актіні АҚШ-тан бастап, бүкіл Еуропа, Азия елдері бір ауыздан қатал айыптады. Екі жас әйелдің мұндай жантүршігерлік әрекеті ақылға сыйымсыз шектен шыққан ауыр қылмыс болды. Метродағы сойқаннан кейін араға бір күн салып Дағыстанның Кизляр қаласында тағы террорлық шабуыл жасалды. Бұл жарылыстан 12 адам мерт болды, негізінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Солардың қарсыласуының арқасында халық тығыз орналасқан жерлерге лаңкестер жетіп үлгере алмады. Бұл лаңкестік те алдыңғы апатты ұйымдастырушылардың ісі деп бағаланды. Содан кейін Ингушетияның Қарабұлақ қаласындағы жарылыстан екі полицей қызметкері опат болды. Мұндай террорлық әрекеттердің жиі бой көрсетуі дағдыға айнала бастады. Жер шарының әртүрлі аймағында - Иракта, Ауғанстанда, Пәкістанда, Еуропа мен Азияда жиі көрініс беруде.
Бұл террорлық әрекеттердің сыры неде? Жазықсыз жандарға қарсы адамдар неге өлім себеді? Олар неге қатыгездікке барады?
Бұл сауалдар әркімді-ақ ойландырады. Ежелден бері жеке адамдардың өміріне қастандық жасап, тұтқиылдан өмірін қиып, дұшпандыққа баруы тарихтан белгілі. Бұл қастандық негізінен патшаларға, ел билеушілерге, министрлерге, фабрика-заводтың директорларына, ірі помещиктерге қарсы бағытталған-ды. Мұны түсінуге болады. Олар өз бақытсыздықтары үшін кінәлілерден, ар-намысын аяққа таптаушылардан, жеке басының кегін алудың бірден-бір жолы лаңкестік деп есептеді. Александр II патша осындай қастандықтан қаза болды. Аш-жалаңаш халық өздерінің ауыр тұрмысынан құтылудың амалы қатыгез патшаның көзін жою деп түсінді. Француздар XVIII ғасырда Людовик XVI король мен оның айдай сұлу зайыбы Мария Антуанеттаның бастарын гильотинамен қағып тастады.
Бұл қастандықтардың нысанасы нақты тұлғалар болды. Оларды құрбандыққа шалудың себептері де жеткілікті еді. Ал бейбіт халықты жаппай қырғынға ұшыратуды қалай түсінуге болады?
«Экстремизм» деген терминнің өзі XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енді. Экстремизм латынның extremus - крайний деген сөзінен шыққан. Ол «ең соңғы, төтенше» деген мағынаны білдіреді.
Экстремизм баспасөзде лаңкестік деп аударылып жүр. Бұл өз мағынасын дәл беріп тұрған жоқ. Лаңкестік ұғымы ылаң салу, бүлік шығару, бұзақылық жасау деген ұғымға жақын келеді. Ал экстремизм - бұдан кеңірек ұғым. Оның өмірдегі көріністері терроризм, геноцид, этноцид, расизм болып табылады.
Экстремизм бұл ілім немесе ғылым емес. Ал өмірде радикалды саяси ілімдер, саяси ұғымдар, түсініктер жиі кездеседі. Олар бірте-бірте кең етек алып, күш жинап, нақты практикалық әрекетке ұласады, яғни террорға, ұйымдасқан бандитизмге, қарақшылық қылмыс жасауға барады. Саяси радикализм тікелей экстремистік қылмыстың түріне жатпайды. Ол саяси ұрандар, популистік үндеулер тастайды, өз идеяларын жариялы түрде листовкалар арқылы таратады. Бірақ бұл экстремистік әрекет емес. Бұл саяси популизмнің, халық назарын өзіне аударудың, көпшіліктің көшбасшысы болуға ұмтылудың көрінісі болып табылады.
Саяси радикализм өкілдері нені насихаттаса да, нені ұрандатса да олардың идеялары көпшілік мүддесіне қайшы келмейді, керісінше, оған жақын әрі ұнамды да болуы ықтимал. Бірақ оның қазіргі жағдайда халыққа бере қояр қайыры аз болмады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар саяси қозғалыстың басшылары мұнайдан, шикізатты сатудан түскен табысты әр адамның есепшотына аударып беруді ұсынды. Қарапайым халыққа, оның үстіне әбден күйзелген, жоқшылықтың, тапшылықтың зардабын шегіп отырған жұртшылыққа бұл ренталық үлес беру идеясының қатты ұнағаны сөзсіз. Өйткені әркімге өзінің бүгінгі қалтасы қымбат. Бірақ саяси билік мұны қолдамады. Табиғат байлығын игеруден түскен табысты ұлттық қорға жинақтауды дұрыс деп шешті. Биліктің бұл қадамының орынды болғандығын қазіргі шындық, әсіресе, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайындағы ахуал айқын көрсетіп отыр.
Саяси радикализм мен саяси реализм екеуі екі басқа дүние. Біріншісі оқиғаны тездетуді, мәселені түбегейлі бірден шешіп тастауды ұсынады. Оған қажетті жағдай пісіп жетілді ме, оған қоғам дайын ба, биліктің қолындағы ресурстар оны қамтамасыз ете ала ма? Онда радикалистердің шаруасы шамалы, олардың мақсаты - мәселені күн тәртібіне шығарып, оның орындалуын талап ету. Биліктегілер (көбіне олар нақты реалдық жағдайды есепке алады) болса, оған бірден бел шешіп кіріспейді, белгілі мерзім қажет екенін, ресурстар мен алғышарттар керек екенін алға тартады. Радикалдық саясаткерлерді бұл қанағаттандыра бермейді. Қоғамдық пікірге жүгінеді, өздеріне белгілі дәрежеде жақтастарды да табады, қоғамда жарықшақ туғызып, саяси тұрақтылық пен келісімге кері әсерін тигізеді. Сондықтан да билік солшыл радикалистерге қолдау көрсете бермейді.
Бұл күнде халықаралық экстремизм әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, Ресейдегі наурыздың соңғы күндеріндегі террорлық әрекеттер халықтың ашу-ызасын туғызды. Ресей Президенті Д. Медведев Махачкалада Солтүстік Кавказ аймағының басшыларымен кеңес өткізіп, терроризмді ауыздықтаудың бес бағытын алға тартты. Біріншіден, күш қолдану құрылымдарының қызметін одан әрі жандандырып, пәрменділігін арттыруды ұсынды. Екіншіден, терроризм мен лаңкестікке қарсы күресті мейлінше қатал, мейлінше батыл жүргізуді, керек болса, қанжардың соққысымен олардың көзін жоюды талап етті. Үшіншіден, бүлікшілерден, лаңкестерден өз еркімен қол үзген жандарға жылы көзқарас танытып, оларды ішке тартуды қажет деп санады. Төртіншіден, елдегі экономикалық ахуалды күшейтуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды, жұмыссыздықты, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты барынша азайтуды талап етті. Солтүстік Кавказ халықтарының рухани жаңғыруын қамтамасыз етуді, олардың мәдениетін, білім алуын, адамгершілік және моральдық толысуына жағдай жасауды ұсынды. Бесіншіден, елдің рухани көсемдерінің, дін басшыларының, халық алдындағы беделін, әсер-ықпалын тиімді пайдалануды, діни тәрбиенің оңды жақтарын ұмытпауды ескертті.
«Лаңкестерді ауыздықтауға бола ма, - деді де Д. Медведев, - әбден болады. Біз оларды жеңеміз, өйткені біз көппіз, әрі күштіміз, біздің сыртымызда халық тағдыры тұр, әрі ең бастысы - шындық біз жағында», - деп оптимистік нотада сөзін аяқтады. Бірақ Ресей басшысының бұл жігерлі сөзіне илана қоюдың өзі қиын еді. Өйткені ол лаңкестіктің нақты себебі мен қайнар көзі неде екенін айтпады. Керісінше, оның экономикалық астарына шешуші мән бермеді. Террористердің кедейі жоқ, бәрі бай деп лаңкестіктің экономикалық негізін алдыңғы кезекке шығармады.
Президент Д. Медведев лаңкестікпен күресте күш қолдану, жазалау шараларын қатайтуға көп көңіл бөлді. Лаңкестердің көзін жоюға, олардың ұясын күл-талқан етуге шақырды, яғни қорқыту-үркіту жағына екпін түсіре сөйледі. Бірақ бұдан үріккен бүлікшілерді көрмедік. Араға екі-үш күн салып, Ингушетияның Қарабұлақ қаласында милиция бекетінде жарылыс жасап, екі полицейді мерт етті. Өздерін өлімге тәуекел етіп, белдеулеріне бомба байлап келген жанкештілер үшін қатал жаза, түрме қорқыныш емес, лаңкестердің бетін қайтара алмады. Сондықтан да терроризмнің түпкі себебін, төркінін айқындап алмай, онымен біржақты күш қолданумен, қанжар жұмсаумен қорқытып алу мүмкін емес. Қорқатын жандар мұндай жолға әсте де түспейді, олар қорқыныш-үрейдің не екенін білмейді, олар өлімнен сескенбейді, бұл жолға өз өмірлерін садақа еткен. Сондықтан да қорқыту-үркіту, жазалауды қатайту лаңкестікті болдырмаудың басты амалы емес.
Рас, террористің өзінің бай болуы мүмкін. Бірақ оны қолдайтын, паналатып, жасырып сақтайтын адамдар негізінен тұрмысы төмен, өмірге риза емес, билік саясатына көңілі толмайтын жандар емес пе? Сондықтан да терроризмнің экономикалық астарын жоққа шығармай, оны түбегейлі шешпейінше, лаңкестікті ауыздықтау мүмкін емес. Жұмысы жоқ, тұрақты табыс көзі жоқ адам лаңкестердің қатарын толықтырмағанда қайда барады! Көзі қарайған тал қармайдының кебін киіп, олар бүлікшілердің ықпалына еріксіз түседі. Жастарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу, олардың әлеуметтік, рухани сұраныстарын қанағаттандыру лаңкестердің әлеуметтік базасын тарылтудың бірден-бір жолы болып табылады.
Рас, лаңкестік қимылдар біздің елімізден тыс жерлерде бой көрсетуде. Бірақ бұл бізді, қазақстандықтарды алаңдатпай отыра алмайды. Өйткені террористер жазықсыз бейкүнә жандарды құрбандыққа шалуда. Бейбіт отбасылардың басына қайғы-қасірет әкелуде. Біреуді ата-анасынан, біреуді ұл-қызынан айыруда, сәбилердің көз жасына қалуда. Мұндай қасіреттің ертең біздің елімізде орын алмауына кім кепілдік береді? Терроризм бір елдің, бір өңірдің, бір аймақтың үлесіндегі құбылыс емес, оның белгіленген шекарасы жоқ. Ол жер шарының кез келген түкпірінде бұрқ ете түсуі ықтимал. Сондықтан да әлемнің кез келген елінің басшылары халықаралық терроризмді бүгінгі жаңа ғасырдың айықпас індеті деп қабылдап отыр.
Экстремизм термині XX ғасырдың екінші жартысында халықаралық қатынас құжаттарында айналымға енгенімен, оның түрлі формалары әр елде ежелден белгілі болып келді. Теңізге шығатын елдерде теңіз қарақшылығы (пиратство), континенттік елдерде, таулы мекендерде жол бойын торыған үлкен баукеспе ұрылар, Жібек жолының бойында керуен тонаушылар, Еуропа елдерінде Робин Гудтар, өшпенділікпен ауыл-қыстақтарға өрт қоюшылар, қазақ тұрмысында барымташылар, өрістен не қорадан мал ұрлаушылар және басқа заңсыз күш қолдану, халыққа зиян келтіретін зұлымдықтар орын алды. Оның кейбір сарқыншақтары әлі де бар. Олар бұл күнде басқаша сипат алып, жаңаша мазмұнға ие болуда. Солардың осы заманғы көрінісі экстремизм болып табылады. Оның негізіне күш қолдану, мәселені дәстүрлі, заңды жолмен емес, ең оңай қарақшылық жолымен, шектен шыққан төтенше амалмен, адамгершілік, мораль, ар-ұят, әдепті ысырып тастап, адам баласына қатыгездікпен қастандық жасау тәсілімен жүзеге асырылатын болды. Оның мақсаты елдің зәресін алу, қоғамда қорқыныш пен үрей тұғызу, өмірдің қалыпты жағдайын өз ырғағынан айыру болып табылады. Бұл жолда экстремистер өз өмірлерін де кияды, жанкештілік жасап, тікелей өлімге тәуекел етеді. Мұны олар өздерінше идеяларына берілгендік, берген серттеріне адалдық деп түсінеді. Бұлар - негізінен өмірден түңілген, алдау мен арбаудың шармауына ілігіп, жалған сенімнің құлына айналған пенделер. Мәселен, Ермакты алайық. Ол кім өзі? Оған деген көзқарас бірыңғай емес. Баукеспе ұры ма, әлде жол торыған қарақшы ма, әлде халықтың ортасынан шыққан батыр ма? Жолында кездескен кез келген ауылды тонаушы баскесер ме? Әлде орыс жерінің етек-жеңін жинап, оны кеңейтуші, Сібірді бағындырушы халық қаһарманы ма? Қала мен селоны өрт құшағына берген соғыс жылдарындағы неміс оккупанттары кім? Оларға қарсы астыртын күрес жүргізген қызыл партизандар ше? Ал бүгінгі тақыр бас скинхедтер кім? Бұлардың бәрі де күш қолдануға барған. Күш қолданды деп сонда солардың бәрін бір тақтаға қоямыз ба? Бір өлшеммен бағалаймыз ба? Әрине, экстремизмнің түрлерінің бәрі - терроризм, расизм, этноцид, геноцид - бәрі де күш қолдануға сүйенген.
Шындығына келсек, күш қолданудың (насилие) екі түрі бар. Бірі - легитимді (заңды) түрі, екіншісі - заңсыз түрі. Бүл екінші топқа экстремизм жатады. Ал бірінші топқа легитимді түрде күш қолданатын мемлекет жатады. Оның күш қолдану институттары бар: әскер, полиция, қаржы, жол, көлік полициялары, қауіпсіздік органдары бар. Олар Конституцияға сай қоғамдық тәртіпті сақтау үшін заңды түрде, легитимді жолмен күш қолдануға, жазалау шараларын жүргізуге, адам құқықтарын шектеуге, бостандықтан айыруға заңды құзыретін пайдаланады. Экстремизм болса күш қолдануға заңды аттап өз бетінше барады. Олардың әрекеті легитимді емес. Заңды аяққа басу, қоғамда қалыптасқан дәстүрлі тәртіп нормалары мен ережелерін бұзу қылмысқа жатады. Экстремистердің ісі - ауыр қылмыс болып табылады.
Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі - терроризм. Terror - латын сөзі - қазақшаға аударғанда қорқыныш, үрей деген мағынаны білдіреді. Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады.
Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған шығыстық, діни сипат беріп, оны варварлық, орта ғасырлық құбылыс ретінде бағалау басымырақ күйде.
Шын мәніне келгенде, терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың ешбір негізі жоқ. Террорлық қимылдарға кез келген ұлттың, діннің өкілі бара алады. Мәселен, жуырда АҚШ заң орындары Мұхаммед Пайғамбардың каррикатуралық суретін салған суретшіні өлтіру үшін киллерге тапсырыс берген бір әйелді тұтқынға алды. Ол өзі Ислам дінін қабылдаған, мұсылман әйелдерінше киініп, Швецияға барған. Мұнда ол киллер жалдап, суретшіні өлтіруді мақсат еткен. АҚШ қауіпсіздік органдары бақылауға алып, әйелді тұтқындаған. Тексере келгенде, ол АҚШ-тың өз азаматшасы екен, келімсек емес, осында туып-өскен англо-саксондық болып шыққан. Террорист біткенді Шығыстан іздеген АҚШ қауіпсіздік қызметкерлері оны өз тумаларынан тапқан.
Бұл нені көрсетеді? Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ, бұл қылмыспен кез келген ұлттың өкілі айналыса алады. Оған себеп, сылтау, қолайлы сәт керек, тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, психологиялық амалдардың сүзгісінен өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ шығады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, Құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді.
Терроризм бүкіл әлемде бүгін белең алып тұр. Дүниежүзіндегі алпауыт ел АҚШ-тың өзі 11 қыркүйекте лаңкестердің шабуылынан қорғана алмады, оның көп қабатты екі ғимараты ұшақтың соққысынан опырылып, күл-талқан болды. Әлемдегі қуатты ел қатты састы, дүниені алақанында ұстап тұрғандай сезінетін Президент Буш террористерге соққы беру үшін өзіне жақтастар іздеді. Британия премьері бірден қолдау көрсетті. Лаңкестердің көсемі Бен Ладен Ауғанстанда жанкештілерді дайындықтан өткізіп, мұхит асырып отыр-мыс деген желеумен терроризмнің ошағын жоймақ болды. НАТО-ның біріккен әскери күшін жіберді. Тәліптер мен Аль Каиданың бұзақыларын тәубесіне келтірмек болды. Бірақ мұндағы әскери операция әзір нәтиже бермей отыр.
Жаппай қырып-жою арсеналы бар деген Иракты жазалау үшін АҚШ мұнда да әскер жіберді. Оны БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесімен кеңескен де жоқ. Дәстүрлі тәртіпті белінен басты. Елдің астан-кестеңін шығарды, бірақ Ирактан ядролық қару-жарақтың ұштығын да таба алмады. Елдің билеушісі Саддам Хусейнді дарға асып өлтірді. Бірақ Иракта тыныштық орната алмады. Ежелгі Вавилон елі басқыншыларға бас имеді. Ирак халқы тарапынан АҚШ өзіне мәңгілік дұшпан тауып алды. Демократия тұқымын әкеп сеппек болып еді, онысы жаңа жерге тамыр жая алмады. АҚШ Иракқа кіріп алып, енді балшыққа белшесінен батып, шыға алмай отыр. Американың жаңа Президенті Барак Обама Ирак драмасын елдің бетіне таңба түсірмей аяқтау үшін шаралар қарастырып жатыр.
Әлемдегі ірі мемлекеттердің басшылары екеуара кездескенде экономикалық, сауда-саттық мәселелерін сөз етумен қатар халықаралық терроризмге бірлесіп күрес жүргізу жайларын да үнемі назарда ұстайды. Өйткені қай ел болса да, мейлі үлкен, мейлі кіші ел болса да лаңкестікке, наркотрафикке қарсы жекелеп күрес жүргізудің тиімсіз екендігіне әбден көзі жеткен секілді. Сондықтан да бұл саладағы уағдаластыққа үлкен мән беріп отыр.
Ауғанстанға жерді минадан тазарту мақсатымен бір батальон әскер жібергеніміз үшін АҚШ үкіметі Қазақстанға сөз орайы келген сайын ризашылығын білдіріп жатады. Терроризмге қарсы күрестегі әріптесіміз деп көтермелеп қояды. Біздің бір батальон НАТО-ның біріккен әскери күштерінің салмағын арттыра қоюы екі талай екені белгілі. Бірақ АҚШ үшін өздері бастаған аяғы жоқ соғысқа қолұшын берушілердің қарасын көбейту әлем алдында ақталу үшін, моральдық қолдауға ғана керек шығар, сірә! Минаны іздеп, оны залалсыздандырудың мамандары НАТО үшін қат емес екені кімге болса да аян.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус жуырда Астанада болғанда Республика Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Б. Сембиновке Ауғанстанда қазақстандық әскерлердің көмегі үшін кеудесіне АҚШ орденін тағып кетті.
Терроризммен күресті сөз еткенде мұның кейбір астарлы құпия жақтары барын да жоққа шығаруға болмайтын сияқты. Мәселен, кейбір алпауыт елдер лаңкестікті сөз жүзінде айыптай отырып, оған қарсы батыл күреске шақыра отырып, бұл күресті үлкен саясат үшін, ішкі есепке құрып, қос қабатты стандартқа бағытталған саясат жүргізетінін де теріске шығаруға болмайды. АҚШ-тың Иракқа, Ауғанстанға қарсы саясаты осыған мысал бола алады. Әскери-өнеркәсіп кешендерінің алпауыттары бюджеттен қаржыны көбірек қымқыру үшін, елдің милитаристік саясатын ақтау үшін сыртқы жаулардың қауіптілігін асыра бағалауға әуес екенін де естен шығармауға тиіспіз.
АҚШ-тың милитаристік топтары Америка әлемді билеуі керек деген пиғылдан әлі арыла алмай келеді. Елдің саяси, әскери, қаржылық алпауыттары жаңа Президенттің саясатының милитаристік, гегемондық бағыттан ауытқымауына бар күшін салып жанталасуда. Дж. Буштың саясатын жүргізген ескі күштер, Республикалық партияның белсенділері саясат аренасынан әлі де кеткісі келмейді, жаңа Президенттің әлеуметтік бағыт ұстаған саясатына қарсы қасарысып бағуда. Олардың қарсылықтарына қарамастан Барак Обама елде денсаулық сақтау реформасын жүзеге асыруға қол жеткізді. Бұл қарапайым американдықтардың көңілінен шықты.
Республикашылар болса, елдің қорғаныс қуатын күшейтуді бірінші кезекке шығарып, АҚШ-тың супердержавалық мәртебесін жоғалтпауын жақтап отыр. Халықаралық терроризм әлемдегі алпауыт ел АҚШ-тың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр ма, Бен-Ладеншілер АҚШ-қа екінші рет он бірінші қыркүйекті әзірлеп жатқан жоқ па екен деген сауал көңілге оралады. Өйткені АҚШ өзінің бұрынғы президент кезіндегі ракета шабуылына қарсы қорғаныс қалқанын Еуропада орнату саясатынан әлі қол үзе алмай отыр. Сол бірінші рет болған 11 қыркүйек оқиғасының өзіне деген Америка қоғамында екі ұшты пікір де бар, сол оқиғаның өзі Буштың жеке басына, әскери-өндірістік топтарға қажет болған жоқ па екен деген де болжам-елес мұнда әлі кезіп жүрген сияқты. Бірақ оның анық-қанығы әзір ешкімге мәлім емес. Үлкен алпауыт ел АҚШ үшін кішкентай Солтүстік Корея, Сирия, Гаити мен мұсылман елі Иран үлкен қатер төндіріп тұр ма екен, сірә! Еуропаның төріне әкеп, Ресейдің қақ желкесіне ядролық ракета зеңбіректерінен қорғайтын бекет ашу не үшін қажет болып отырғаны түсініксіз. Бұл да мұсылман елдерінің террорлық шабуылынан қорғану үшін қажет болып отыр ма екен дерсіз.
Ресейдің қауіпсіздік органдары Мәскеу метросындағы жарылыстың бірін 18 жасар Жаннет Абдуллаева деген кавказдық жесір әйел жүзеге асырғанын анықтады. Екіншісін де жесір әйел М. Шарипова жасаған. Бесіктен белі енді шыққан екі жас келіншектің пейіштің төріне бару үшін, өткен жылы қайтыс болған бандит күйеулеріне қосылу үшін
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz