Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы (ХХ ғасырдың басы – 1940 жж.)


ӘӨЖ 94 : [070] (574) Қолжазба құқығында
БИМАҚАНОВА ЗЫЛЫЙХА ШАХМЕТОВНА
Қазақ жастары мерзімді баспасөзінің тарихы
(ХХ ғасырдың басы - 1940 жж. )
07. 00. 02 - Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшiсі:
Ресми оппоненттер:
Жетекші ұйым:
Диссертация 2010 жылы «29» сәуір сағат 14-00-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53. 33. 01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Автореферат 2010 жылы « » таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы З. Қиянатұлы
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында 1900-1940 жж. аралығында Қазақстанда жастардың қазақ тілінде жарық көрген мерзімді баспасөзінің тарихи мәселесі қарастырылады. ХХ ғасыр басындағы қазақ мерзімді басылымдарында көтерілген жастар мәселесі, қазақ жастары ұйымдары мен олардың алғашқы басылымдары, Кеңестік жастар баспасөзін қалып-тастырудағы КСРО үкіметі мен БК(б) П саясаты, олардың жүргізген іс-шаралары, ұлттық бағыттағы басылымдардың дамуы мен қызметі барысы, баспасөзде көтерілген Қазақстандағы экономикалық және мәдени реформалар мәселелері сараланады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қай кезеңде болмасын, қоғамдық санаға барынша ықпал ете отырып, адамзатты белгілі бір ортақ ұлттық мүдде жолында қызмет етуге үндейтін құрал - ақпараттық басылымдар болып табылады. Өйткенi, баспасөздің маңызы мен қоғам дамуындағы атқаратын рөлi оның санымен емес, ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған қызметiмен өлшенетіндігі белгілі.
Баспасөз тарихын зерттеген әдебиетші ғалым Т. Қожакеев: «Баспасөзіміздің тарихы - біз үшін қымбат тарих. Әсіресе, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ жарық көріп, жарты ғасырға жуық күрес жолымыздың өн бойында халқымыздың жоқшысы, мұңшысы, парасатты ақылшысы болып келе жатқан газет, журналдарымыздың тарихы ерекше қымбат. Солардың жолын дұрыс зерттеп, кейінгі ұрпаққа бұрмаламай дұрыс жеткізу - үлкен парыз» - деп жаза отырып, зерттеушілер үшін мерзімді баспасөз материалдарының аса маңыздылығын көрсетіп берген еді [1] .
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап баспасөз қазақ қоғамына біртіндеп еніп, кейіннен сол қоғамның ажырамас біртұтас бөлігіне, өмір айнасына айналған ұлттық баспасөз қазақ тарихы үшін ең бір күрделі кезең - ХХ ғасырдың дүбірлі оқиғалары туралы нақтылы мағлұматтар мен дерек көзі болып табылады. Бүгінгі таңда халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау, оның ұлттық құндылықтарын бағамдау мақсатында Елбасымыздың тікелей басшылығымен (2004 жылғы 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығы) Үкімет қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызы аса зор. Ал ұлттық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз, оның ішінде қазақ жастары басылымдары өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз болып табылатыны анық.
Осы қарастырылып отырған мезгілде қазақ жастары үшін арнайы жарық көрген газет-журналдар болған жоқ. Дегенмен, қазақ жастарын оқу-білімге шақырған, өзге елдің мәдениетін, ғылымын үйренуге насихаттаған, оларға қатысты өзге де мәселелерді көтерген басылымдар қатарында 1907 ж. бастап «Ульфат» газетіне қосымша ретінде шыға бастаған «Серке» газеті, 1911 ж. наурыздан - «Қазақстан», 1911-1915 жж. шығып тұрған «Айқап» журналы, 1913-1918 жж. - «Қазақ», 1913 ж. қыркүйек-желтоқсандағы - «Ешім даласы» газеттері жатады. Сондықтан да болар: «Жұртқа жол көрсететін, жұртты қайғыртатын, болашақ күнін болжауға тырыстыратын һәм басқа да істерді тексеретін баспасөз, яғни басылып шыққан газеттер, журналдар, мен кітаптар. Білімпаз, жұрттан асып кеткен . . . жұртқа білімімен қарасатын, олардың білімін жұртқа шашып, таныс қылатын баспасөз» - деп, «Айқап» баспасөз құру, ұлт баспасөзінің алдына қойылатын міндеттері мен жалпы қазақ қоғамы алдындағы маңызы туралы ашық жазады [2] .
Қазақ жастары баспасөзінің ең алғашқы қарлығаштары саналған «Садақ» пен «Балапан» қолжазба журналы ХХ ғасырдағы алғашқы он жылдығында жарық көріп, онда жастардың өз қаламынан туған әдеби шығармалары басылып отырды. Бұл журналдар мұсылман жастары арасында ғана таралды.
Аталмыш журналдардың жалғасы ретінде Қазан төңкерісінен кейін «Жас азамат» газеті дүниеге келді, Газет ұзақ жылдар патша езгісінде болып келген қазақтарға бостандық таңы атқандығын қуана хабарлаған, төңкерісшіл қазақ жастарының басын біріктірген басылымға айналды.
Жастар мәселесі 1916-1918 жылдар аралығында шығып тұрған «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа» атты ұлттық бейресми басылымдарда көтерілді. Аталған басылымдар осы жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдениетінің дамуымен тыныс-тіршілігін көпшілікке таныстырып, билік пен халық арасын жалғаған көпірі болды.
ХХ ғасырдың екінші он жылдығында қазақ жастарына арналған бірнеше басылымдар өмірге келді. Олардың әрқайсысының өзіндік заңдылықтары, алғышарттары және даму ерекшеліктері болды. 1917 ж. бастап жарық көре бастаған «Жас азамат», 1920-30 жж. - «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» газеттері саяси-әлеуметтік оқиғаларды, қоғамдағы өзгерістерді, мәдени-тарихи үрдістерге қазақ жастарының араласуын, олардың заман ағымына сәйкес іс-әрекетінен хабардар етіп отырды. Осыған орай М. Дулатовтың «Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеушісі - баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді» [3], деген тұжырымдамалық пікірі ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ұлттық басылымдардың мақсаты мен міндетін, олар көтерген жүктің салмағы, жауаптылығымен ақпараттық ауқымын дәл көрсетеді.
Ал таптық идеология үстемдік құрған кеңестік кезеңде басапасөз биліктің үгітшісі, насихат құралы болып келгені тарихи шындық. Себебі, өз заманының билігін діттеген идеологияның қатаң қалыбына түсірілген баспасөзде шынайы қоғам бейнесі көрінбеді. ХХ ғасыр басында және азаматтық тартыс пен кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында дүниеге келген баспасөз негізінен жастардың қоғамдық ой-санасын оятушы, әрі тың көзқарастарды қалыптастырушы, ағартушылық мақсатта бой көтерген еді.
Біз зерттеп отырған кезеңде жарық көрген басылымдар арқылы өткен тарихымызды сараптай отырып, елдегі қоғамдық-саяси жаңарудың бірнеше кезеңдерден, сұрыптаудан өткендігін бағамдаймыз. Газет-журналдардың басында жүрген ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері өз ойларын ортаға салу арқылы ұлт өмірінде болып жатқан оқиғалардың барлығына араласып, шешуін күткен өзекті мәселелерді дер кезінде байқап қана қоймай, қоғамдық пікір тудырған мәселелердің дұрыс шешілуіне тікелей ықпал етіп отырған. Осы тұрғыда 1900-1940 жылдар аралығында жарық көрген баспасөз құралдары қатарындағы жастар басылымдарының сарғайған беттерін саралағанда жаңа қоғам құру жолында халқымыз небір дауылды да дүбірлі кезеңдерден өткендігінен хабардар боламыз.
Газет-журнал беттеріндегі хабарлар арқылы өткенге көз жүгірткенде, қазақ жастарының білімге деген құштарлығы мен ғылымдағы алғашқы табыстарымен қоса тоталитарлық жүйе, қатаң идеологияға тәуелді бола тұра жастар баспасөзінің көтерген мәселелерінің бүгінгі өскелең ұрпаққа сабақ болар тарихи тағлымдарын зерделейміз. Диссертациялық жұмыстың өзектілігі замана талаптарымен ұштасып жатқандығында.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ жастары баспасөзінің өткен жолына қатысты қалыптасқан ой-тұжырымдар қазақ журналистикасының тарихына арналған зерттеулер мен оқулықтарда үзік-үзік кездеседі. Мұндай туындылардың авторлары алдарына жастар басылымдарының тарихын зерттеуді мақсат етіп қоймағандықтан олардың төл шежіресі толымды түрде ашылмай келеді.
Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге алғаш ден қойғандар ұлт зиялылары болды. Ең алғашқы болып жастар баспасөзі туралы мәселе көтерген ұлт зиялыларының арасынан М. Дулатов, С. Сәдуақасов, М. Әуезовті атаймыз. М. Дулатов «Еңбеші қазақ» газетіне жариялаған «Баспасөзіміз не күйде» атты мақаласында Қазақстанда шығатын газет-журналдардың арасынан жастардың «Өртең» газетін атап, жалпы баспасөзді дамытудың әдіс амалдарын көтерсе, С. Сәдуақасов өзінің ғылыми-публицистикалық «Жастарға жаңа жол» деп аталатын еңбегінде Қазан төңкерісіне дейін жастардың «Бірлік» ұйымының «Балапан» жазба журналын шығарғандығы жөнінде мәліметтер келтіреді. Ал 1926 ж. 10 мамырда өлкелік партия комитетінің жаңадан құрылған баспасөз бөлімінің меңгерушісі болып Т. Рысқұлов тағайындалғаннан кейін, ол Қазақстанда баспасөз саласын дамыту жайында бірқатар мақалалар жазып, жастар баспасөзін дамыту мәселелерін жан - жақты талқылады [4] .
Қазақстанның баспасөз тарихын зерттеу проблемасы бойынша әдебиетші ғалым Х. Бекхожин «Дала уалаяты» - бірінші қазақ газеті» атты кандидаттық диссертация қорғап, 1888-1902 жылдар аралығында шығып тұрған бұл газеттің көтерген мәселелерін айқындап берді. Филология ғылымының докторы, профессор Б. Кенжебаев қазақ баспасөзінің тарихына арнап 50-жылдардың басында «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты кітабын жарыққа шығарды [5, 9 - б. ] . Бірақ бұл еңбек шығысымен бірден сынға ұшырады. «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақалада оған «баспасөз тарихын зерттеуде өрескел қателіктер жіберді» деген жөн-жосықсыз айып тағылды. Осындай қатаң қадағалаудың кесірінен ұлттық баспасөз тарихын обьективті тұрғыдан зерделеу мүмкіндігі жабылып, зерттеушілер әкімшіл - әміршіл жүйе, кеңестік идеология аясынан шыға алмады.
1950 - жылдың соңы мен 1960 - жылдардың басында Қазақ баспасөзі тарихын зерттеген Т. Амандосов «Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті» атты еңбегінде, Верный қаласында шыққан «Көмек», «Ұшқын» және т. б. басылымдардың көтерген мәселелері мен осы газеттерді ұйымдастырушылар туралы мәліметтер келтіреді. Газеттерде Кеңес өкіметінің ішкі және сыртқы жауларына қарсы күрес барысы туралы мақалалар үнемі жарияланып тұрғандығын хабарлайды. Бірақ автор өз еңбегінде жастар проблемасы аталмыш басылымдарда қалай көтерілгені жайлы нақты жазбайды.
Мерзімді басылым беттерінде баспасөз саласының қалыптасуы мен дамуына қатысты материалдар жарияланып тұрды. Мәселен, Х. Бекхожинның баспасөз күніне орай Қазақ баспасөзінің кеңес өкіметін орнату және нығайтудағы рөлін саралаған мақаласы жарияланды. Алайда бұл еңбекте де жастар баспасөзі мәселесі жеке қарастырылмады.
Қазақ баспасөзінің материалдарын, әсіресе «Дала уалаяты газеті» мен «Айқап» журналының бұрынғы нөмірлерін топтастырып, жинақ етіп шығаруға Ү. Сұбханбердина көп күш салды.
1962 жылы ғалым Т. Кәкішев «Октябрь өрені» атты еңбегінде жастардың «Өртең», «Лениншіл жас», «Еңбекшіл жастар», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Пионер», «Кедей айнасы» сияқты басылымдары туралы шағын болса да құнды мәліметтер келтіреді [6] .
Осы жылы Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеевтің «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» атты кітабы шығып, Б. Кенжебаевтың «Жастар баспасөзі» деген зерттеуінде алғашқы жастар баспасөзі қатарында 1921 жылдың 22 наурызынан бастап Түркістан республикасы комсомолдарының қазақ тілінде шыға бастаған «Жас алаш» газеті аталды. Ол жастардың «Жас қайрат», «Өртең», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» сияқты газет-журналдары туралы тыңғылықты мәліметтер келтіреді. Бұл зерттеу жастар баспасөзін өзге баспасөзден бөліп көрсеткен жеке еңбек болғандығымен маңызды.
Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеев өз еңбегінде 1917 - 1920 жылдары қазақ тілінде жарық көрген 24 газет пен журналдың атауын келтіреді, олардың ішінде жастар басылымдарынан «Жас алаш» (1917), «Жас азамат» (1919), «Жаңа өріс» (1920), «Еңбекші жастар» (1920) газеттерін атап, бұл басылымдарда көтерілген мәселелер барысы мен онда тұрақты мақала жариялап отырған авторлардың атын атап өткен [7] . Балалар журналы «Пионердің» шығу тарихы жайында Т. Қожакеев «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақаласында аз да болса қажетті мәліметтер келтіреді.
Х. Бекхожин «Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860-1930) » атты монографиялық еңбегінде 1860-1958 жж. аралығында шыққан қазақ баспасөзіне және әр кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты көтерілген басты-басты мәселелерге тоқталады. [8] .
Баспасөз тарихын журналистика саласы бойынша зерттеген ғалымдар Қ. Н. Бекхожин, С. Қ. Қозыбаев, С. С. Матвиенколар өз еңбектерінде кеңес өкіметі орнағаннан кейін шыға бастаған газет-журналдарға тоқтала отырып, жастардың «Жас қазақ», «Екпінді жас» және басқа басылымдарының шығуы мен оның айдарлары жайында мағлұматтар береді.
Мерзімді басылымдарды Қазақстан тарихының дереккөздері ретінде қарастыратын болсақ, зерттеушілер К. Кереева-Канафиеваның, В. С. Толочко, В. Н. Алексеенко, Б. Б. Ермұханов т. б. өздерінің еңбектерінде революцияға дейінгі орыс баспасөзінің, оның ішінде әскери басылымдардың қазақтар туралы жазылған материалдарына талдау жасайды. Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар бірқатар кандидаттық диссертациялар қорғалды. С. Н. Имашев «Работа Компартии по созданию и укреплению местной печати в Казахстане (1917-1925 гг. ) », А. И. Ыдырысов «Деятельность Компартии в Казахстане по развитию партийной и советской печати Республики в период 1926 - 1932 гг. » тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. [9] .
Еліміз тәуелсіздігін алған ХХ ғасырдың 90-шы жылдары төл тарихымыз бен тіл мәдениетіміз, қазақ баспасөзі жөнінде жаңа көзқараста жазылған тың зерттеулер жарық көрді. Онда осы уақытқа дейін жазылған еңбектердегі кейбір материалдар қайта сараптан өткізіліп, уақыт талабына сай жаңа тұжырымдар жасалынды. Мысалы Т. Қожакеевтің 1991, 1992, 1995 жылдары жарық көрген жаңа монографиялық зерттеулерінде ХХ ғ. 20-30 жж. басылымдар тарихы, сол басылымдарды ұйымдастырушылар мен көрнекті журналистер қызметінің ұлттық баспасөз тарихымен тығыз байланыста қарастырылуы осы саладағы зерттеу методологиясын қалыптастыруға жол ашты.
Қазақ баспасөзінің шығу тегін, маңызы мен мәнін тілші-журналистермен қатар, оның философиялық, педагогикалық, саяси мәніне терең бойлаған еңбектердің арасында А. Сәрсенбаевтың, Л. С. Ахметованың зерттеуін атап өткен жөн. Зерттеушілер өз жұмыстарында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бергі ұлттық идеология майданында қызмет етіп келе жатқан қазақ басылымдарының тарихына тоқталып қана қоймайды, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының төл тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытатын құндылық ретінде пайымдайды [10] . Соңғы жылдары ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі баспасөзді Қазақстан тарихы үшін бағалы дереккөз ретінде іргелі еңбектер жазып жүрген деректанушы - ғалым Қ. Атабаевтың еңбектерінде көрсетілген мерзім арасындағы ұлттық басылымдармен қатар, өңірлік газет-журналдардың атқарған қоғамдық-саяси бағыттары мен қызметі, дамуы және жағдайы, ең алдымен өзі өмір сүріп, қызмет еткен қоғам туралы қазіргі зерттеушілер үшін қазақ баспасөзінің тарихи дерек ретінде сұранысқа енгендігін жан-жақты қарастырады [11] .
Жоғарыда тарихнамалық шолу жасалынып өткен еңбектердің барлығында да біздің зерттеу жұмысымызға арқау болып отырған жастар баспасөзі мәселесіне жете көңіл бөлінбегендігін ескергеніміз жөн. Бұл авторлардың кінәсі емес. Олардың зерттеу тақырыптары да, міндеті де біз зерттеп отырған тақырыпты арнайы қарастырмайды.
Қазақстан баспасөзін зерттеушілер түгелдей дерлік қазақ жастары баспасөзінің құрылу мерзімін Республика комсомолының алғаш қазақ тілінде шығарған газеттерінен бастау алады деп жазып келді. Бұл көзқарас тарихи шындықты бұрмалау, әрі әдістемелік тұрғыдан алғанда залалды, әрі ақиқаттан адастыратын жолға итермелейді. Зерттеу тақырыбымызға жақын келетін тағы бір кандидаттық диссертацияға ерекше тоқталып өткен жөн. Ташкенттік А. А. Сайфутдинов «1918-1924 жылдардағы Түркістан АКСР-де жастар баспасөзінің пайда болуы мен дамуына» арналған диссертациясында (1973 ) ең алдымен өзбек тіліндегі газет - журналдарға ден қойған. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында қазақ басылымдары Түркістандағы баспасөз жүйесінде жетекші орын алғанымен бұл зерттеуде оның рөлі кемсітіліп, ал өзбек тіліндегілердің бәрі мейлінше дәріптеліп көрсетіледі.
Комсомол тарапынан қазақ жастарына арналып комсомолдық газет 1920 жылдың шілдесінде шығарыла бастаған, РКЖО Орал губком органы ретінде қазақ - татар тілінде жарық көрген «Жас күресші» - «Яш корәшче» газеті еді. Туысқан екі халық тілінде шыққан бұл газеттің 6 саны ғана жарық көріп үлгеріп, әдеттегідей қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Айта кету керек, қазақ - татарша, немесе таза татарша жастар газетін шығару талпынысы осы тұста Омбыда, Қызылжарда, Семейде де байқалды. Бұл - ресми биліктің жергілікті ұлт жастарына арналған алғашқы басылымдарды шығару ісі республика орталығында емес, облыс, губерниялық қалаларда басталғанын көрсетеді. Бұл жерде партия және комсомол органдарының жастарға арналып шығарылған газеттердің алдымен орысша, одан соң қазақша жарияланғанын ашып айтқан жөн. Орысша шығатын газеттердің өз оқырмандары болды. Олардың қатарында бірлі - жарым болмаса, қазақ жастары жоқтың қасы болатын. Тіпті, қазақша - татарша шыққан газеттерді де қаланың оқыған жастарының бір бөлігі, ауылдардағы сауаты бар молдалар ғана оқитын, олардың таралымы да шектеулі болды. Сондықтан ең басты мәселе - таза қазақ жастарының газетін шығару болатын.
Диссертациялық жұмысты орындау барысында қазақ зиялыларының түрлі көзқарастағы өкілдері жасаған ғылыми тұжырымдарынан әрқилы деңгейдегі көптеген деректерді пайдаландық. Онда қазақ тарихының кейбір мәселелеріне арналған еңбектердің басты ерекшелігі - олардың көкейтестілігі, өткірлігі, өзектілігі, бір сөзбен айтқанда, өз заманына орай қоғамдық-саяси ой-пікір қалыптастыра алғандығы. Тіпті, мақала, очерк аттарының өзі оқырманды елең еткізіп, бірден өзіне назар аудартады. Тіптен кейбір зерттеушілер басылымдарға шекесінен қарап, «бесіктен белі шықпай жатып, жұртқа ақыл айтатын қайдағы бір «жас бөрілер мен аш бөрілер» шыға бастады деп жазды [12] .
Бірақ жастардың мерзімді басылымдары қазақ қоғамының көкейтесті саяси - экономикалық мәселелерін көтерумен болды. Күн тәртібіндегі мәселелерді шешуде жастардың рөлін арттыруға көп күш салды. Жастардың рухын шыңдап, жағымды қасиеттерге баулып, пайдалы істерге жұмылдырылды.
Зерттеу еңбегімізде сол кезде шыққан басылымдардың заман ағымына қарай ұстанған бағытын анықтауды нысана етіп алдық. Өйткені, басылымдардың шыққан кезеңдерінің әрқайсысының өзіне тән мақсат - мүддесі болды. Соған орай басылым алқасы мен журналистер редакция жұмысының бағдарламасын белгіледі. Түрлі рубрикамен, айдармен, беріліп тұрған мақала, очерк, хабарлар сол кезеңнің тынысынан нәр алып, сабақтасып жатты. Қазақ жастары мерзімді баспасөзі тарихының осы және өзге де мәселелері бойынша шындықты қалпына келтіру үшін аталған тақырып арнайы зерттеуді қажет етеді.
Жұмыстың тақырыптық мазмұнын кеңінен ашу мақсатында XX ғасырдың соңғы жылдарында жарық көрген К. Нұрпейістің, Д. А. Аманжолованың, М. Қ. Қойгелдиевтің, Т. Омарбековтың, Ғ. Ахмедовтың, еңбектеріндегі және С. Ф. Мажитовтың [13], Ә. Пірманов, А. Т. Қапаева [14], С. Ө. Смағұлова [15], Р. Қ. Нұрмағамбетова, А. Ш. Махаева, Т. Қ. Мекебаев, М. Құл-Мұхаммед, Ж. Әлмашұлы, Д. Қамзабекұлының зерттеулеріндегі Алаш қозғалысына, қозғалыстың басты мақсаты, азаттық күрес жолындағы ұлт зиялыларының ұлттық басылымдар тарихына, олардың өмірлік ұстанымдары мен мүдделеріне қатысты құнды деректер келтіреді. Біз сонымен қатар, басылымдардың өздерін де дерек көздері ретінде пайдаландық.
Академик К. Нұрпейіс «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында «Жас Азамат» газетін Алаш қозғалысының тарихы бойынша үлкен деректемелік маңызы бар басылымдар қатарында атап көрсетті [16, 25-б. ] . Ғалымның бұл пікірінің шынайылығына біз қазақ жастарының мерзімді баспасөзі тарихын зерттеуде бірнеше деректерді салыстыру барысында көз жеткіздік.
Сол сияқты М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» туралы зерттеулері әдістемелік тұрғыдан біз басшылыққа алған еңбектер санатына жатады. Мәселен, К. Нұрпейістің «Алаш һәм Алашорда» кітабында «Жас азамат» газетінің жабылуы (1919 ж. ) Әлихан Бөкейханов пен Алашордадағы қарсы күштердің әрекеті екендігі дәлелденсе, М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты монографиясында идеологиялық, саяси күрестің заңдылықтары айқындалып, бұл қозғалыстың қазақ топырағында тууының өзіндік ерекшеліктерін тануға көмегін тигізеді [17, 213-б. ] . М. Қойгелдиевтің кітабында жастар басылымдары аталмағанымен оның дүниеге келуіне қажетті алғышарттардың болғаны ашып көрсетілген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz