Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеттерінің өзара жақындастығы


Мазмұны
Кіріспе . . . 3
І - тарау. Түбіміз бір ағайын . . . 5
ІІ - тарау. Өзектес, өрістес әдебиет . . . 25
Қорытынды . . . 51
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 53
Кіріспе
Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеттерінің өзара жақындастығының тарихы өте әріден басталады. Орта Азия халықтары әдебиеттеріндегі сюжеттердің араб, парсы, түрік, үнді аңыз-ертегілеріндегі сюжеттермен ұқсас келуі бұл халықтардың ежелден келе жатқан бір-бірімен сауда-саттық қатынасынан, аралас шаруа жайынан екені анық. Мұны эпостық жанрлардан да байқауға болады. Мысалы, жалпыға мәлім «Алпамыс» эпосы қазақ, қарақалпақ, өзбек арасында кеңінен тарап, сіңісті болып кеткен, сол сияқты «Көроғлы» эпосы әзірбайжандарға, түрікмендерге, өзбектерге, қазақтарға, қарақалпақтарға ортақ. Қырғыздың атақты «Манас» эпосында қазақ батыры Ер Көкше ең басты қаһармандардың бірі болып қатысады. Ал «Ер Көкшенің» В. В. Радлов жариялаған нұсқасында Манас батыр Көкшенің досы болып бейнеленеді.
Қазақтың лирикалық эпосының репертуары шығыстың классикалық поэмаларын аудару және ауызша айту жолымен толықтырылып отырылды. «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп пен Зылиха», «Сейфүлмәлік», «Таһир мен Зуһра», «Бозжігіт», «Мұңлық-Зарлық», «Шахмаран», «Қырық уәзір» сияқты махаббаттық жырлар мен поэмалар қазақ арасына да кеңінен тарап кеткен.
Әсіресе, шығыстың ұлы ақындары Низами, Навои, Хафиз, Физули есімдері қазақ халқына етене-жақын, ежелден таныс. Бұл ақындардарды қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, қарақалпақ әдебиетінің классигі Бердақ (Бердімұрат) Қарғабайұлы өздерінің ұстаздары санаған. Ал М. Әуезов шығыс әдебиетін Абай щығармашылығына ықпал еткен «үш қайнар бұлақтың бірі» деп есептеген. Абай да шығыс әдебиетінің үлгісімен үш поэма жазған. Шығыс әдебиетінің озық үлгілерінен тәлім алған Шәді Жәңгіров, Жүсіпбек Шайқысламов, Тұрмағамбет Ізтілеуовтер, шығыс әдебиетін қазақ халқына жеткізуде көп еңбек сіңірді. Олар Абай үйренген шығыс әдебиетін халқымызға кеңінен таныстырушылар болды.
Қазіргі қазақ қауымы өз халқын орыс мәдениетінен үйренуге шақырған А. Құнанбаевтың, Ы. Алтынсариннің, Ш. Уәлихановтың, сондай-ақ әзірбайжан, татар, өзбек халықтарын орыс халқының озық мәдениетінен үлгі алуға насихаттаған Мирза Фатули Ахундовтың, Ғабдулла Тоқайдың, Фуркаттың еңбектері мен ізгі істерін асқан ризалықпен еске алады. Одардың айтқан ақыл-кеңестері мен Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінің классиктері Науоидың, Махтұмқұлының, Абайдың, Тоқтағұлдың, Бердақтың шығармаларындағы гуманистік ағартушылық идеялар халықтар мәдениетінің бір-бірімен жақындасып, үміт-армандас, тағдырлас болуына үлкен себеп болды. Ағартушы гуманистердің қанау мен үстемдік жүріп тұрған жағдайда халықты білімге шақырған үндері сананы оятып, сәулетті болашаққа деген берік сенім тудырды.
Тақырыптың өзектілігі: Бүгінгі таңда бұл рухани жақындық бұрынғыдан әлдеқайда ілгері дамыған. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ жазушыларының шығармаларындағы көптеген ортақ жәйттер бұл туысқан әдебиеттердің интернационалдық арнада дамуда ықпалын тигізіп отыр.
Қазан төңкерісінің арқасында барлық ұлттар мен халықтар өз әдебиеті мен өнерін дамытуға кең мүмкіндік алды. Енді олардың бір-бірінің игілікті әсерін тереңдей зерттеп тұжырымды пікір айту қазіргі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған абыройлы міндеттердің бірі болып табылады.
Осыған орай қазақ әдебиетінің басқа халықтар әдебиетімен өзара байланысын сөз еткен бірнеше ғылыми зерттеу еңбетері шықты. Олардың қатарында М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің, Қ. Жұмалиевтің, М. С. Сильченконың, М. Қаратаевтың, С. Кедринаның, Р. Фетисовтың, З. Ахметовтың, Е. В. Лизунованың, Ш. Қ. Сәтбаеваның, К. Кереева-Канафиеваның, М. Базарбаевтың, С. Сейітовтың, Р. Бердібаевтың, Е. Х. Ғабдіровтың, Б. Ысқақовтың, Р. Қамысовтың, Р. Қойшыбаевтың еңбектерін атауға болады [1. 8-бет] . Олардың бірінде Қазақстан әдебиетінің дүниежүзілік әдебиетпен байланысы сөз болса, енді бірінде Кеңес Одағын мекендейтін туысқан ұлт республикалары әдебиетімен байланысы сөз болған. Алайда осы әдебиеттер арасындағы өзара байланыстың әлі күнге дейін жеткілікті зерттелінбей келе жатқан салалары бар. Солардың бірі қазақ пен қарақалпақ халықтары әдебиетінің өзара байланысы мәселесі
Бұл мәселе туралы Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі С. Мұқанов 2 пен Өзбек ССР Ғылым академиясының академигі М. Нұрмағамбетовтың 3 монографиялық еңбектерінде арнайы сөз болғанмен жеке зерттеудің объектісіне айнала қойылған жоқ. Қазақтың ақын-ғалымдары Ә. Тәжібаев 4 пен С. Сейітовтың 5 қарақалпақ ғалымдары С. Ахметов, Н. Жапақов, И. Сағитов, Н. Дәуқараев, Қ. Айымбетов, Н. Әлиев, Р. Дәрібаеваның, К. Максетовтің әр кезде жазған мақалаларында 6 ғана айтылғаны болмаса арнайы зерттеліп, жеке монографиялық еңбек болып жарық көре қойған жоқ.
Зерттеу нысаны: Қазақ қарақалпақ әдебиеттерінің байланысы жайлы жазылған зерттеу еңбектері мен газет - журанлдарда жарияланған мақалалары.
Жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспе, екі тарау, қорытынды, пайдаанылған әдебиеттерден тұрады.
Бірінші тарауда: ежелден көршілес отырған қазақ пен қарақалпақ халықтарының ауыз әдебиетінің байланысы сөз болады.
Екінші тарауда: Қазан төңкерісінің арқасында теңдікке қолы жеткен ұлттар әдебиетінің кеңестік дәуірде дамуы, олардың бір-біріне әсері, өзара байланысы кеңінен сөз болады.
Әрине, біз шағын ғана бір еңбекте ертеден сыбайлас отырған екі ел арасындағы мәдени байланыстың барлық түрін түгел қамти алдық дей алмаймыз.
Мақсаты мен міндеті:
Біздің бұл еңбегіміз екі ел арасындағы әдеби байланыстың төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі басты-басты түрлерін атап, ол туралы алғашқы байқауларымызды баяндап беру ғана. Егер осы ойымызды айта алсақ мақсаттың орындалғаны деп білеміз.
І тарау. Түбіміз бір ағайын
Туысқан қарақалпақ елінің халық ақыны Садық Нұрымбетов Қазақстан жазушыларының ІІІ съезінде сөйлеген құттықтау сөзінің соңында былай деп жырлаған еді.
Сөйлескенде тіліміз бір ағайын,
Жүздескенде түріміз бір ағайын,
Сұрасқанда түбіміз бір ағайын,
Съезіңе құтты болсын айтайын.
Осы бір шумақ өлеңде екі халықтың туысқандығы жайында жақсы айтылған. Қазақтар мен қарақалпақтар - ауылы аралас, қойы қоралас боп, ежелден көрші отырған жұрт. Екеуінің түрі, тілі ғана емес, бастан кешкен тарихы да бір, тұрмыс тіршілігі де ұқсас. Сондықтан бұл екі халықтың өмір айнасы - әдебиеті де бір-бірімен ерекше үндес, әуендес. Қарақалпақтың төңкерістен бұрынғы және қазіргі әдебиетінің тарихына көз жіберсек, қазақ әдебиетінің сипатына ұқсас көп-көп жақындықтарды көреміз.
Тарихи деректерге зер салсақ қазақтар мен қарақалпақтар ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлар арасында қоныстас отырған, заман ауыртпалығын басынан бірге өткізген. Олар жоңғар қалмақтарының басқыншылық, талаушылық шабуылдарына қарсы күреске де бірге аттанған.
1723 жылы қалмақтар қазақтарды қатты қырғынға ұшыратты. Соның нәтижесінде қазақтар үш жаққа Кіші жүз - Жайық, Жем бойларына. Орта жүз - Азияға қарай ығысып, Ұлы жүз - қалмақтарға тәуелді болып қалады. Бұл жылдар - қарақалпақтардың да тұрмысындағы ең ауыр кезең болды. Қалмақ басқыншыларының шабуылдарының нәтижесінде олар «жоғарғы қарақалпақтар» және «төменгі қарақалпақтар» болып екіге жарылды. Бұлардың «жоғарғылары» қалмақтардың қол астында қалып, «төменгілері» Кіші жүз қазақтарымен бірге кетіп, қарақалпақтардың негізгі көпшілік бөлігін құрады. Қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов бұл кезеңді: «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр кезең болды. Жоңғарлар Еділ бойын мекендеген қазақ руларын қырғынға ұшыратты, малдарын айдап әкетті, қазақтардың бүкіл семьяларын тұтқындап алды », - дейді [7. 15-бет] .
Мұндай ауыр кезең екі халықтың ауыз әдебиетінен де елеулі орын алды. Халық өзінің мұңды да аянышты өмірін, арман-тілегін, патриоттық сезімдерін өздері шығарған жырларында, көлемді эпостарында, ертегі, аңыз-әңгімелерінде, ең аяғы мақал-мәтелдері мен жұмбақтарында да шебер бейнеленеді. Мұндай шығармалар қазақ және қарақалпақ халықтарын патриотизмге, келешекке сену сезімдеріне тәрбиелеп отырды.
Ол кезде туған әдеби мұралар екі халыққа да ортақ. Оның үстіне екі халық бірінің тұрмысына арнап екіншісі шығармалар тудырып та отырған. Мысалы, қарақалпақтардың «Ақтабан шұбырынды» жөнінде көптеген қайғылы өлеңдер шығарғаны мәлім. Бұл трагедияны қарақалпақ ақындары әлі күнге дейін есінде сақтап, қазақ халқының басына түскен сол кездегі қайғылы уақиғаны өз өлеңдеріне қосып жүр. Ол туралы қарақалпақ ақыны
Тілеуберген Жұмамұратов «Қазақ досыма» деген өлеңінде:
Есіңде ме, ей, бауырым, қазағым,
Көкіректі кернегенде аза-мұң,
Ата-баба жел айдаған қаңбақтай,
Бірге тартты ескіліктің азабын.
Қобыз ұстап Қорқыт қоныс таппаған.
Айналасын қара тұман қаптаған.
Басқа салды Асанның мұң-қайғысын,
«Алқа көлді сұламалы ақтабан».
Қаратаудың төбесінен көш келіп,
Жапа шегіп, ұйқысынан сестеніп,
Ата - ұлдан, ана - қыздан айрылған,
Қара көзге мөлдіреген жас келіп,
деп жазады [8. 10-бет] . Бұл өлеңдер қазақтың «Елім-ай», «Көп қағылған», «Шаңды жорық» сияқты өлеңдерін еске түсіреді. Мұндай өлеңдер басқа да қарақалпақ ақындарынан көп кездеседі. Мысалы, қарақалпақ жазушысы С. Бекназаров «Ақтабан шұбырынды» туралы ел аузынан мың екі жүз жолдық поэма жазып алған. Ал қазақтарда қарақалпақтардың «Зәурия - Зибар» жырының мың бес жүз жолдық нұсқасы бар. Оны қазақтың Тоғжан деген жырауы жаздырған екен [9. 3-бет] .
Бұл кездегі қазақ және қарақалпақ жырларының негізгі тақырыбы, идеясы - елді бірлікке шақыру, патриотизм сарындарыболды.
Аттан, аттан дегенде,
Аттанарға аты жоқ,
Иісіне тартар заты жоқ,
Өз теңінің ішінде
Жаяу қалған сол заман, -
деп, қарақалпақ халқының аузында әлі күнге дейін айтылып жүрген «Не жаман?» деген жырдан келтірілген бұл үзінді сол кездегі қазақ жырларымен үндес. Мұнда да қалмақтардың шапқыншылығы кезіндегі қиыншылық кезең көрсетіледі. Бұл үндестік сол дәуірдегі қазақ, қарақалпақ әдебиеттерінің өзара тығыз байланыстылығын аңғартады.
Екі халықтың ұзақ жылдар бойы қоныстас бірге отыруы олардың эпостық шығармаларында да өз белгісін қалдырды.
Мәселен, қазақ пен қарақалпақ халықтарындағы «Алпамыс» және «Қобыланды» жырларында кейбір кейіпкерлердің есімдерінде ғана аздаған өзгешеліктер болғанымен, жалпы идеясы мен сюжетінде пәлендей айырмашылық жоқ.
Көптеген қарақалпақ поэмалары өздерінің мазмұны жағынан қазақ және өзбек халықтарының эпостық жырларына ұқсас болып келеді. Олардың «Алпамыс», «Қобыланды» дастандарымен қатар, сюжеттері мен образдары жағынан қазақ, өзбек дастандарына ұқсас басқа да бірнеше дастандары бар. Мысалы, қарақалпақтың «Шарьяр» дастанының кей жерлері қазақтың «Қыз Жібек» дастанына ұқсайды. Дастанның бас кейіпкері Мәспатша өз елінен қыз жаратпай, басқа елге қыз іздеп кетеді. Айпарша қалмақ ханы Бабаханның қолына тұтқын болып түседі де, оны алдап, оның аты мен қару-жарағын алып қашады. Қазақтың «Қыз Жібек» жырында да қалмақ ханы Қореннің қолына түскен Жібек оның аты мен қару-жарағын алдап алады т. б.
Сондай-ақ қарқалпақтың «Едіге», «Ер Қосай», «Ер Шора» т. б. эпостары да қазақ жырларына ұқсас келеді.
Туысқан халықтар эпостық жырларының ұқсастығы олардың экономикалық және мәдени тұрмысының көп замандардан бері бір-бірімен тығыз байланыста болып келгендігінің нәтижесі болып табылады.
Ш. Уәлиханов қазақ эпостарының сарындары мен европалық халықтардың, әсіресе, славяндардың эпостық шығармаларындағы сарындардың ұқсастыын көрсеткен еді [10. 19-бет] . Сондай-ақ қазақ эпосын зерттеген академик А. С. Орлов та қазақ эпосындағы бірқатар сарындардың орыс былиналарындағы және Батыс Европа халықтарының эпосындаы сарындармен ұқсастығын көрсетіп берді [11. 74-бет] . Қарақалпақ эпосындағы бірқатар сарындарда орыс былиналарына ұқсастық кездеседі. Қарақалпақ эпосындағы батыр Қобыландының образы орыс батыры Илья Муромецтің образын еске түсіреді. Өз Отанын сыртқы жаудан қорғау мақсатымен Киев князі Владимирге қызмет еткен Илья Муромец сияқты Қобыланды да өз елін басқыншылардан қорғау үшін айлакер, сұм Ақшаханға қызмет етеді. Мұнан басқа да осындай ұқсастықтар шығыс пен батыс халықтарының эпостық шығармаларында жиі кездесіп отырады. Мысалы, батырдың ешкімге ұқсамай тууы, оның ертегідей тез өсуі, батырлық үшінің ерте көрінуі, өзіне тұлпар ат таңдап алуы, құрал-жабдық тауып алуы, өзге батырлармен жекпе-жекке шығып күресуі, өзіне қалыңдық іздеуі, жолда қызға таласушы батырлар яки дәулермен ұрысын жеңуі т. б. Осы ерекшеліктер қарақалпақ пен қазақ эпостарында жиі ұшырасып отырады. Бұл ұқсастықтар «Алпамыс», «Қобыланды», «Қырық қыз» және басқа да қарақалпақ эпостарының өзіндік ерекшеліктері болып табылады.
Бірнеше халықтардың эпостарының бір-біріне ұқсас болуының себебін зерттеушілер сол халықтардың өткендегі тарихи тұрмысының бірлігінен деп түсіндіреді. Идеялық мазмұны, көркемдік формасы жағынан бір-біріне өте жақын эпостық шығармалар ерте заманда бір негізден шығып таралғандығын дәлелдейді.
Н. Г. Чернышевский : «Кер Оглу» - восточный поэт - «Наездник» деген кітапта және «Современник» журналына басылған рецензиясында «Көрұғлы» эпосының көп халықтар арасына кең таралғандығының себебін түсіндіріп :
«Белгілі бір эпосқа ие болған халық өз алдына ажырап бөлініп еткен уақытта бір айырым рулар эпостағы негізгі кейіпкердің тұлғасын өзінше өзгертіп алуға тырысады, сол кейіпкердің атын я бір жеке уақиғалар басқа бір таныс орындармен біріктіреді, яғни поэтикалық жырларды өз жағдайына қолайластырады. Осындай тарихи көп өзгерістерге байланысты тарихта болған адам жөніндегі естеліктер жойылады да, тек халық батырының образына қосылып кетуге тырысады », - деп жазады [12. 12-бет] .
Алтай эпосын зерттеуші Л. П. Потаповтың дұрыс көрсеткеніндей, эпостардың ұқсас болуының себебі - олардың ерте заманда бір негізден келіп шығуынан, яғни олардың өткендегі тарихи тұрмысының бір-біріне ұқсастығынан [13. 59-бет] .
Тарихи мағлұматтарға қарағанда қазақ, қарақалпақ және басқа халықтардың этногенезіне көңіл аударғанда тарихи тұрмысына сәйкес, ұқсастығына байланысты халықтардың барлығына ортақ фольклорлық шығармалар туған.
Қарақалпақ эпосы басқа халықтардың эпосына қарағанда өзіңің мазмұны жағынан да, поэтикалық дәстүрі жағынан да айрықша өзгешелігі бар. Қарақалпақ тұрмысында «жырау», «бақсы», «қыссахан» деп аталған арнаулы жырлардың болуы да эпостардың халық ауыз шығармашылынан туғанын көрсетеді.
Қарақалпақ эпостарында халықтар достығы кең түрде суреттеліп отырған. Мысалы, «Қырық қыз» эпосында Хорезмді жайлаған қарақалпақ, өзбек, қазақ, түрікмен халықтарының қалмақтарға қарсы, басқыншы Надир шахқа қарсы күреске аттануы, Хорезмде осы халықтардың уәкілдерінен әділ басқарушылар белгіленуі жырланады. Бұл халықтық үлкен демократияны, ертеден келе жатқан білікті, достықты көрсетеді.
Құтылдық залым патшадан,
Тудырдың елге гүлстан.
Сіздердей әділ ер туса,
Ханында болмас еш арман . . .
Құтқарып едің батыр қыз
Әміріңде болайық,
Осылай деп зарлады
Бар жиылған халайық . . .
Патшалық құрсаң халқыңа
Ел әділдік тілейді:
Қарақалпақ елінен,
Енді болсын Әли би.
Өзбектің қалың елінен,
Болсын енді Әлім би.
Қазақтың дархан елінен,
Болсын енді Көпес би.
Сейілханның елінен,
Болсын деймін Соқыр би.
Елге әділ қарасын
Көңілдің тапсын наласын, -
деп жырлайды.
Қарақалпақ ақыны Жиен жырау жырлаған үлкен дастан «Қырық
қызды» оқығанда біздің көз алдымызға қазақ эпостарындағы қанықты жайлар елестейді . . . Бейбіт жатқан елге жау тиеді. Халықты қырғынға ұшыратады, қырып-жойып, қаласын ойрандатады. Ұрысқа әзірлігі жоқ қарусыз жұртты жау қапыда жеңіп кетеді. Қаныпезерлер баяғы Шыңғысхан салған қанды дәстүрді қолданады: шапқан елін енді қайтып бас көтерместей етуге ұмтылады. Бірақ дұшпан қанша қатал болғанымен, дүйім елдің кеудесіндегі намыс пен азаттық отын өшіруге қауқарсыз. Елдің арын ту ғып ұстаған баһадүр-батырлар бастап, тажал жауын талқандап отырған. Тарих шындығының жалпы сарыны осылай [15. 55-бет] .
Өзбек, қазақ халықтарына қарағанда қарақалпақта батырлық, эпостық жырлар көп тараған. Қарақалпақ арасындағы «Халық романдары» деп аталатын ғашықтық дастандар: «Ғәрип-ашық», «Хурилика - Хәмра, «Саятхан - Хәмра» т. б. лиро-эпостар көрші өзбек, түрікмен халықтарынан ауысып келген.
Қарақалпақ эпосының екінші бір өзгешелігі батырлық дастандарда әйелдер образы еркектермен қатар қойылып суреттелінеді.
Қарақалпақтың кейбір дастандарында әйелдер образы өзінің ақыл парасаты, дене күші, батырлығы жағынан еркектерден қалыспайды, қайта артық болып суреттелінеді. Мысалы, «Қырық қыз», «Мәспатша», «Қобылан», «Шарьяр» сияқты бірқатар эпостық дастандарда халыққа басшы болған, жауынгер, күресші, әйелдер образдары берілген. «Қырық қыз» эпосының бас кейіпкерлерінің көпшілігі қаһарман, батыр қыздар:
Қарағаны қауіпті,
Дүр сілкіндіріп жіберді
Үстіне киген сауытты.
Айбатына көргеннің
Бар денесі қалтырап,
Қынаптағы қылышы
Қыл мойыннан жалтырап,
Алдындағы дабылы
Жерге тиді сықырлап,
Астындағы бедеуі
Қолға тұрмай тыпырлап,
Болса болар сындай,
Аңға түсер қыранның
Томағасын сыпырмақ.
Бұдан кейін Гүләйім
Қаранып сол мен оңына:
«Аттан!» - деді қыздардың
Самсап тұрған тобына [14. 148-бет] .
Дастандағы басты тұлға - Гүләйім. Осы образдан халықтың даналығы мен қаһармандығы айқын көрінеді. Жырдың композициялық құрылысы да шебер. Гүләйім Сұртайшадан кек алуға аттанғанға дейін көп сыннан өтіп, шынығады. Эпостың басында қасына қырық нөкерін ертіп, соғыс тәсілдерін үйреніп жүрген Гүләйім болашақ үлкен істерге дайындалғандай. Одан соң оның мінезінің беріктігін көрсететін оқиғалар болып өтеді. Сәйекені жазалауы өз басының бағасын білетін арлы қызды танытады. Сонымен қатар оның әке сөзін сыйлай білетін әдепті де ибалы, ішін дерт шалса да оңай сыр бермейтін, ауыр қайғыны үнсіз көтере білетін өр мінезі де бар. Керек жерінде айлакер, тапқыр. Әкенің жүзін жықпай Жұрынтазға тиюге амалсыз көнсе де, одан құтылудың жолын табады. Аллаярдан «қызымды саған берем» деген уәде алғаннан кейін, қой жайып жүрген жерінен шақырса да, кесірленіп келмей қойған Жұрынтазды атқа өңгеріп алып келуі күшінің алыптығын аңғартқан . . . Міне, осынша қасиет көрсеткен Гүләйімнің елін шауып кеткен Сұртайшаға қарсы қаймықпай аттануы нанымды . . . Гүләйім ақылды, өжет қыз ғана емес, үлкен сананың иесі, ардагер азамат.
Гүләйім әке қызы, ру қызы дәрежесінен асып, бүкіл халықтық көлемге көтеріледі. Ол барлық күш-қуатты жауға қарсы бағыттайды. Ағаларының сұрапыл соғысы кезінде жан сауғалап кеткеніне ызасы қайнайды. Жалпы, Гүләйім бейнесінің шыншылдық, көркемдік күші мол.
Грек мифологиясында кездесетін амазонкалар сияқты өздері бір топ болып айқасқа шыққан әйелдер жөніндегі дастан Орта Азия халықтарының көбінде кездесе бермейді.
Гүләйім, Сарбиназдар бастаған, ел басына күн туғанда жанын шүберекке түйіп, қаһармандық көрсеткен қыздардың ерлік қимылдары Бразилия бойында тараған аңыздармен ұштасып жатады. Қандас халықтың осы бір қаһармандық «Қырық қыз» жыры ертеден елге аян болса да, кейінгі кезде ғана жеке кітап болып басылып шығып, қазақ халқының мәдени мұрасына айналуы қуанарлық іс.
Мұндай жауынгер образы бірқатар басқа халықтардың эпостарында, аңыз-әңгімелерінде де кездеседі.
Бүкіл дүние жүзіне белгілі амазонкалар, Иран патшасы Кирді қиратып жеңген жауынгер батыр қыз Томирис туралы аңыздар бұған дәлел. Бұлардан басқа да шығыс халықтарының ерте замандағы палуан, батыр қыздары болғандығы жөніндегі ертегі, аңыз-әңгімелері, дастандары көп ұшырасады («Дариға қыз», «Қырмандали», т. б. ) . Қарақалпақ эпосындағы батыр әйелдер образының жоғарыда айтылған амазонкалар мен шығыс халықтарының аңыз-әңгімелеріндегі әйелдер образынан айырмашылығы мынада: біріншіден, бұл аңыз-әңгімелердегі әйелдер образында көбінесе қияли-фонтастика, мифология элементтері басым болып келеді. Ал қарақалпақ эпосындағы әйелдер образында мұндай элементтер аз ұшырасады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz