Ұлттық тәрбие тағылымы


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ТАҒЫЛЫМЫ

Салт-дәстүр - ұлтымыздың ғана еншісіне бұйырған, тағдырымен бірге таңбаланған тәңірдің тартқан сыйы. Халқымыздың ұлылығын айқындайтын, адами болмысының өзара қарым-қатынасындағы өзгелер өңешін үзе тамсана таңырқайтын сыпайылық пен сыйластық үлгілерінің үздік ұстанымдары, қастерлеуге тұрарлық қазақи мінез-құлық тағылымдары ұлттың рухын биіктетеді, маңайын мойындатады. Кеңпейілділіктің, жомарттықтың, қонақжайлылықтың, бауырмалдықтың, жанашырлықтың, ізеттіліктің, кішіпейілділіктің, адамгершілік өлшемдерімен астасып жатқан тағы басқа да алуан түрлі тәлім аларлық жағымды қасиеттерден халқымыздың кенде емес екендігіне өзге ағайындардың бұрыннан беріп қойған бағасы, бәтуалы ой-пікірі, оң көзқарасы дәлел.

Ұлтымыздың өз ұрпағын ізгілікке, ізеттілікке, адамгершілікке, имандылыққа, ілтипаттылыққа тәрбиелеу саласындағы өзге халықтарда кездесе бермейтін даналық қасиеттеріне, дара да терең тұжырымға негізделген пәлсапалық түйіндеулеріне, кенен кемеңгерлігіне, таза талантына, ой озықтығына еріксіз тәнті боласың. Ұлттық тәрбие - ұлттық рухтың негізі, дем беруші күші екендігін естен шығармасақ ғана ісіміз ілгері басады. Біліміміз бен білігіміз бабадан бізге жеткен, ғасырлар мен тағдырдың талқысынан өткен талай заманның сынында шыңдалған, еленіп-екшелген, жасығы жоғалып асылы жеткен қазақы тәрбиемен қабыспаса, қатар дамымаса қанатсыз құстың күйін кешері күмәнсіз. Әлемде екінші Аристотель атанған Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім - қауіпті» деген екен. Ендеше, бабаның ақыл-ойын есте сақтағанның есесі кетпесі, опынып опық жемесі анық.

Өзгенің өзімізге өгей, мінез-құлқымыз бен табиғатымызға түрпідей тиетін салт-дәстүрін әкеліп орынсыз тықпалауға, тұлыптап телуге болмайды. Бұл - ұлттық тәрбиенің қаймағын бұзып, қадірін кетіретін қарекет. Есімізді алып, ескіліктің сарқыншағы деп ұлтымыздың ұлық тұтар ұстанымдарынан көрер көзге бездірген кешегі бір кезеңді бастан кешкеніміз ұмытыла қойған жоқ. Таптаурын болған деп тағылымы ешқашан тереңдігін жоғалтпайтын дәстүрден үркіп, әлдебіржақтың жаныңа нәр, адами болмысыңа әр бермейтін, қазақылығыңа қаны қосылмайтын жалт етпе «жаңалығына» жармасу жақсылықтың нышаны еместігін есі түзу жанның бәрі әлдеқашан сезген.

Тәлімді тәрбиедегі қазақы құндылығымыздың өзегіне құрт түсіретін, болмысымызды кедейлендіретін, абыройымызды аласартатын әдейі жасалған құйтұрқы әрекеттің тауқыметін тартып, ар-ұятымыздың алдында еңсеміздің екі бүктеліп жүрген жәйттері аз емес. Толы көптің алдында жалаңаш тәнін жарнамалап, онысын озық мәдениетке балап жүрген, ұятыңды сылып алатын, қаныңды тасытатын, ұлттық намысыңды жасытатын, бетіңді бастыратын, кірерге тесік таппай састыратын өз ұлтымыздың кейбір қыз-келіншектерінің жабайы қылуасы өзгеге еліктеуден, ақылға салып сараптамастан айқұшақ қабудан жабысқан жантүршіктірер жағымсыз дерт. Батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатынан шамалар болсақ, жұқпалы аурудан айығудың жолы ауыр да азапты.

Ұлттық тәрбиені ұлттық идеологиядан бөліп қарауға болмайды. Екеуі бір-бірінен ажырамайтын, қоғам дамуындағы шешуші фактор болып есептелетін егіз ұғым. Ұлттық идеология осы ұлттың кемел келешегінің мақсат-мұратын, үлгі тұтар үрдістері мен ұстанымдарын, салт-дәстүрді, тамырлы тәрбие сабақтарын, халықтық қасиеттерді насихаттаудың алтын арқауы, бағыт-бағдар алар айнымас темірқазығы. Қазақтың тегінен дарыған, табиғатына тән, қанында бар қасиетті салтына салқындық таныту - ұлттық болмысқа қиянат. Өркен жайған өнегеден іргені аулақ салу - бабалардың әдібі мықты әдептілік мұрасын сақтауға деген самарқаулық, бағасын байыптай алмау. Жол-жөнекей барымызды жоғалтып алмай, бағалай білсек, жақсы-жаманды санамыздан өткізіп саралай білсек, атадан аманатқа қалған асыл мұраны кейінге жалғасақ, ұлтымыздың ұлық салтын, рухын көтерер ұстанымын сақтауда ұятқа қалмасақ қазақтық қалпымызға қаяу түспесі хақ. Қазақы тәрбиеге қатысты салт-дәстүріміздің сонау есте жоқ ескі заманнан бері ұлттық бедеріне дақ түсірмей ұрпақтың ой-санасын оятып, келешегін кемелдендіруге, адами болмысын әрлеуге, адамгершіліктің асыл қасиеттерін бойға дарытуға қызмет етіп келе жатқан рухани қазынамыз ұшан-теңіз.

Ұлтымызда саналы тәрибиеге негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырымдар мен тыйымдар аз емес. Олардың қай-қайсысы да адамды жаман қылуадан жырақтауға, жақсылық әдетке жақын жүруге, ардан аттамауға, абыройды еншілеуге, әдептілік қасиеттерді бойға сіңіруге, сыпайы сыйластыққа, бір-бірін құрметтей білуге құрылған. Астан аттамау, яғни дайын тағамнан дәм тату, нанды тастамау, күл-қоқысты баспау, табалдырықта тұрмау, есікті кермеу, үйге қарай жүгірмеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сөзін бөлмеу, кісіге қарай қол шошайтпау, жағыңды, бүйріңді таянбау, қолды төбеге қоймау, көптің көзінше керілмеу, кірдің суын жолға төкпеу, төлді теппеу, бата қабылдау, табақ жасап тарту тәртібі, қонақ болған жақын-жуықты, сыйлас досты, құда-жекжатты қайтарында үйден ұзағырақ шығарып салмау, тағы басқа толып жатқан ырым-тыйымдардың мән-мағынасы тәлімі мол тәрбиеге келіп тіреледі. Бұлардың әрқайсысының өзіндік әдебі бір-бір тақырыптың арқауы.

Біз сөз еткелі отырған, жасы мен жолы үлкенге келіндер тарапынан иіліп сәлем салу дәстүрінің ұлттық тәрбиедегі алар орны, ғибраттық мәні мен маңызы, сыйластық мәдениетінің өзіндік өрнегі өзгелерден оқ бойы озықтығымен, тағылымдық қуатының ғажаптылығымен халқымызбен бірге жасасып келе жатқан әдептің асылы. Келіндердің қайын ата мен қайын енеге, қайнаға мен қайныға, абысын мен ағайынның, туыс пен әулеттің үлкендеріне сәлем салуы оларға деген кіршіксіз құрметтің, ыстық ілтипаттың, шынайы сыйластықтық символы, көргенділіктің көрінісі, ізеттіліктің үлгісі, қазақы ілтипаттың қаймағы, бауырмалдықтың байрағы. Сәлемді салғанның да, алғанның да, жастың да, жасамыстың да мерейі асып, мейманасы тасып, көптің ортасында көңіл күйінің аспандап, жасалған құрметке жаны жадырап қалатыны, алғысын ақтарып жайып салатыны бар.

Үлкен отаудың алтын босағасын оң аяқпен аттап, аруақтардың рухына бас иіп сәлем салудың, табалдырыққа тағзым етудің, шаңырақтың киесін қастерлеудің, өткеннің өшпейтін өнегесіне жүгінудің, жолына жығылудың қазақтың ғана еншісіне бұйырған, сыйластықтың өзге ұлттарда жоқ озық үлгісі, ұлтымыздың ұлылығы мен кемеңгерлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан жаныңды жадыратар, ынтымаққа ұйытқы болар ұлық ұстанымы, ақыл-ойдың, пайымды парасаттың құндылығы, баға жетпес байлығы. Ибалықтың қазақы үлгісі, сыйластықтың шыңы, жасы мен жолы үлкенге деген құрметтің, ақ пейіл мен адал көңілдің, ыстық ілтипаттың мұнан өткен мәдениеті жоқ десек дауласатындар табыла қоймас.

Жиын-тойдың дастарқанында үлкендердің, жасы кіші қайныларының сарқыты бар табағын алу жоралғысы да өзімізге күнделікті көріп көзіміз қаныққан үйреншікті үрдіс болғанымен өзге ұлтты тамсандыратын тағылым. Бұл - үлкенге ізет, жолын сыйлайтын кішіге - құрмет. Кейде үлкендер тарапынан сәлем салған келіндерге жақсы тілегімен жауап қатуда сараңдық байқалады. Бәз біреулеріміздің құрметті бағалауға ниет білдірмеуіміз ата салтқа деген енжарлықтың бой көрсетуіне себепші болама деп секем аласың. Өзіңе жасалып жатқан құрметке көзді жұма қарау - кісіліктің көрінісі емес. Дабыраға бой алдырмай, келіндердің құрметін елеп-ескеріп отырсақ, үлкендігіміздің бір үлгісі осы болар. Ретті жерін ұмыт қалдырып, тойған қарынның буымен қалғып отырған қарттың да бара-бара құрметтен құралақан болып еленбей қалуы оп-оңай.

Қазақы тәрбиенің қайран қалдырар енді бір түрі - келіндердің қайны-қайнағалары мен қайынсіңлілерінің, абысындары мен қайын апаларының атын атамай, ізет сақтау үрдісі. Жолына жығылып, жасына қарамай жақын-жуықтың атын арсы-гүрсі сарт еткізбей іш тарта тілдесудің, сыпайы амандасудың үлгісі де өзгеге өнеге. Қайнылары мен қайынсіңлілерін ардақ тұтып, әдемі ат қою арқылы жеңгелері туыстық пен жақындықтың жалауын желбіретеді, маңайын елжіретеді, сый-құрметін еншілейді. Жақындықтың арасына сызат түсірмеуден, туыстықтың тұғырын аласартпаудан туған тағылымды жол. Отағасының атын атамайтын кейуаналардың үйдің шаңырақтың егесіне деген құрметін де ұрпаққа үлгі деп ұғынғанымыз жөн.

Қайны-қайнағаларға ат қоюда да келіндердің шеберлігіне шек келтіре алмайсың. Тапқырлықтың құдіретін сезінесің, ат қойылған ағайынның мінез-құлқына, іс-әрекетіне, табиғаты мен болмысына қатысты дәл анықтауыш арқылы таңылған аттан иесін айнытпай тануға болады. Алысырақ ағайынның аты-жөндерінде әдемі юмордың астарласа жүруі де келіндердің өрелі ойының, әзілмен астасқан жарасымды қылығының түйіні. Ел арасында Қаптесер қайнаға (Тышқанбай), Аусар қайнаға, Әнжі қайнаға, Қалқанқұлақ қайнаға, Зоңмұрын қайнаға, Ауылнай қайнаға аталып кеткендер аз емес. Бұл да сырттай сыйластықтың бір көрінісі.

Адамды әдептілікке, өзара сыйластық пен ынтымаққа, баянды бірлік пен берекелі тірлікке, үлкенді ұлық тұтуға, құдайы қонағына дейін құрметтеуге, жылағанды жұбатуға, жесірін жырақтатпауға, жетімін жебеуге, дімкәсін демеуге, тірлігін көңілді етуге, қайғысын жеңілдетуге, туыстықтың, жақындықтың, ағайындықтың ара-қатынасына ақыл-ойдың жемісінен шыққан алтын көпірдей асыл ғұрыптарды енгізуде халқымыздың шоқтығы биік, тәлімі терең. Ұлтымыздың имандылыққа тәрбиелеуде жиған-тергені, артына мирас етіп бергені аз емес. Ибалық пен ұяңдық - келіндер мен қыздарымыздың бойындағы тектіліктен тараған, сырт көзді сұқтандыратын сыпайылық қасиет. Тектілік тағылымдары, сыйластық мәдениеті, өзара қарым-қатынастың қанға сіңген қағидалары, әдептілік - қазақы тәрбиенің тамырын тереңнен алған жәдігерлік жауһарлары.

Көнеден жеткен көргенділік көшінің көркем көрінісі - сәлем салу мен ат қою сыпайылықтың, әйел нәзіктігінің, сыйластықтың, үлкенді ұлық тұтудың шынайы үлгісі, бекзаттықтың белгісі. Риясыз көңілін иілу арқылы ишарамен айшықтап, жан дүниесін жайып салатын, бұрынғының сыннан өткен салтына адалдығын аңғартып, жасы мен жолы үлкеннің атын атауды ар санайтын аналардың, келіндердің өнегесі өрелі. «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуміз керек». Бұл - түбі бір түрік көсемі Кемал Ататүріктің сөзі.

Аға ұрпақтың, ата-ананың, өскен ортаның, қоғамның жас буынға берер еншісі - тәрбие. Бағзы заманнан бізге жеткен, даналықтан дән іздеген көреген кейуаналарымыздың әлемде жоқ әдебі, таңдай қақтырарлық тәлімінің тамыры үзілмесе, өткеннің өресі биік өнегесінен көз жазып қалмасақ, тәрбие саласындағы көшіміздің көлікті, жолымыздың жарқын болатыны, жиған-терген олжамыздың олқы соқпасы, теңіміздің аумасы анық. Тәрбие мәселесіне қатысты ұлттық құндылықтардан іргеміз ажырамаса инабаттылығымыз, ізеттілігіміз, биязылығымыз, ибалылығымыз бен парасаттылығымыздың парқы жоғарылай бермек. Оның кепілі - ата-салтқа адалдық. «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандылығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игіліктерімізді бөлшектеп болса да жинастырумыз керек» - деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Старетегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында. Олай болса салт-дәстүр сабақтастығын сақтау - саналы ұрпақтың бәріне ортақ парыз. Осы тұрғыда «Ұлттық тәрбие негіздері» деген пәнді мектеп бағдарламасына енгізіп, жас буынның санасына сіңірсек, өшпейтін өнегенің ұрығын себе білсек ұтарымыз аз болмас еді. Ата-дәстүріне адалдықтың басты белгісі осы.

Кеңес АРЫҚБАЕВ,

Салт - дәстүрім - таусылмайтын байлығым

Жарияланды 28-02-2013, 10:48 Категориясы: Қазақ тілі және әдебиеті

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақтың салт-дәстүрлерін оқу-тәрбие процесінде пайдаланудың педагогикалық шарттары (5-9 сынып бойынша)
ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН ХАЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ МАТЕРИАЛДАРЫ
Шығыс ойшылдарының педагогикалық ой –пікірінің пайда болуы мен қалыптасуы.Қазақстандағы педагогиканың ғылым ретінде дамуы
Қазақстандағы ұлы педогок ағартушылардың үлес қосқан ой – пікірлері
Бала тәрбиесінде халықтық педагогиканың алатын орны
Ұлтық тәрбиені қазіргі мектептердегі эстетикалық тәрбиеде пайдалану маңыздылығы
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру
Қоғамның әлеуметтiк даму жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие берудi теориялық-әдiснамалық тұрғыда негiздеп, ғылыми-әдiстемемен қамтамасыз ету
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ТӘРБИЕЛІК ТАҒЫЛЫМЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Абай Құнанбаевтың ағартушылық тағылымы (1845-1904)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz