Жүз жазушы – жүз роман (сөзбасы орнына)


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 294 бет
Таңдаулыға:   
Абайдың жұмбағы

1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған. Алматыдағы шет тілдер институтының француз тілі факультетін бітірген. Жарық көрген шығармалары: “Ертіс мұхитқа құяды” - роман (1962), “Бақыт” - роман (1965), “Терістіктің шұғыласы”- повестер мен әңгімелер (1976), “Тұлпардың сыны” - роман (1975), “Жердің үлгісі” - роман (1979), “Сусамыр” - роман (1985), “Таңбалы жарғақтың құпиясы” - роман (1991), “Абайдың жұмбағы” - роман-хамса, Алматы, “Әл-Фараби”, 1999, 47 б. т. Орыс тіліне аударылғаны: “Иртыш впадает в океан” - роман в 2-х томах. І-том 1968, ІІ-том 1969.

Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің Абай туралы жаңа шығармасын роман-хамса деп атапты. Бұл - жаңалық. Бізде роман сынды күрделі жанрдың неше түрлі үлгісі бар. Екі томдық дилогия, үш томдық трилогия, төрт томдық эпопея бізге бұрыннан таныс болатын. Тоқтаров енді бес кітаптан тұратын кесек туынды ұсынып отыр. Оған жоғарыда айтқанымыздай, роман-хамса деген айдар тағыпты. Екінші жаңалығы - бұл шығарма өзге емес, ұлы Абай туралы. Міне, осы тұста алдымен басын ашып алатын бір мәселе бар.

Бізде Абай өмірінен жазылған ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі эпопеясы бар. Сол еңбегі арқылы М. Әуезов өзін де, Абайды да бүкіл дүние жүзіне танытты. Осы шығарма арқылы біздің бәріміздің жадымызда қалыптасқан ұлы ақынның бедерлі бейнесі қалды.

Ендеше бұл хамсаның өмірге жолдама алуға хақысы бар ма? Бақсақ, әбден бар екен. Ол турасында шығарманың прологындағы автордың бірсыпыра дәйекті дәлелдерінің біреуін ғана келтірейік.

“Әр дәуір, заман талабы оның ғарышты кезген өз уақытының мерейі үстем Абайын сомдай береріне шүбә келтіріп болмас”, - дейді ол.

Енді осы тұжырымды біз де өзімізше таратып көрейік.

Абай біз үшін ұлы ұстаз, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл. Халқымыздың рухани көсемі. Оның өзі де, сөзі де, өсиеті де мәңгілік. Қазақ қазақ болып тұрғанда, Абай аты өшпейді. Абай сөзі өлмейді.

Бірақ заман өзгереді ғой. Оның ғылым-білімі, ой-санасы, өмір салты өседі. Жаңа сапаға көшеді, жаңа сатыға көтеріледі. Сонда, жаңағы Тоқтаровша айтқанда, әрдайым мерейі үстем болып қала беретін Абайы да өзгеруі керек қой.

Тіпті Абайдың өзі мен сөзі өзгермесе де, өскен, өзгерген қазақтың оны ұғынуы, түсінуі жаңаша болмай ма? Демек, Абай оларға әрдайым жаңа бір қырларынан ашылуы біздің Абайымыз, мәңгілік Абайымыз, әр заманда оның өзіндік төл Абайы болады дейтініміз де сондықтан болса керек.

Роман-хамсада Әуезовпен бәсекелесу де, оны қайталау да, әсіресе Әуезовті қайта қарау әрекеттері де атымен жоқ. Мұнда үлкен өмірдің біз білетін-білмейтін өзгеше бір қырларын ашу, өзгеше бір деректерін діттеу, өзгеше бір оқиғаларын баяндау, соларды келістіре суреттеу арқылы бұрын білетін Абайдың бұған дейін білмей келген жаңа бір бейнесін мүсіндеп шыққан көркем хикая бар. Соның барлық өткелегінен өтіп келгенде, біз жарық дүниеге шыр етіп келген сәби күнінен бастап бақиға аттанған қайғылы сағатына дейінгі 59 жыл өміріне түп-түгел куә болып, көз алдымызға таныс Абайдың бұрын өзіміз көрмеген бейтаныс әулие бейнесін елестетеміз.

Роман-хамса әрқайсысы өз өрісімен дамып, өзгеше тынысын тауып отыратын бес бөлімнен, яғни бес кітаптан тұрады. Әрқайсысының дем-тынысы өзінде, бас-аяғы бүтін дербес хикая. Олардағы оқиға өзегін ұстап тұрған негізгі кейіпкерлері кітап тақырыбының астында жақшаға алып көрсетілген:

  1. Толғақ (Кенесары - Құнанбай - Қодар) .
  2. Жұлдыз құрбандық (Шоқан, Достоевский, Құдайберді) .
  3. Қызғаныш (Халиолла, Михаэлис, Шәкәрім) .
  4. Хақиқат мекені (Саққұлақ шешен, Мұса мырза, Дологополов) .
  5. Нұрсипат (Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов, Мағауия) .

Осы бес кітаптағы баяндалатын оқиғалардың барлығына ортақ өзек те, ондағы адамдардың бірімен-бірін байланыстырып отыратын дәнекер де, оларды бір кітаптан екінші кітапқа ауыстырып отыратын өткел де - Абай, соның өмірі.

Жақша ішінде аты аталған адамдардың бәрі де тарихи тұлғалар. Олардың бірсыпырасы, өздеріңізге мәлім, Абайдан бұрынырақ өмір сүрген, яғни өмірге одан ертерек келген. Бірақ, ескінің көзіндей болып Абай заманына дейін жеткен солардың әрқайсысында, олардың ісі мен сөзінде алдыңғы заманның, яғни ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғалардың жаңғырығы бар. Ал, қалғандары болса Абайдың өз тұстастары, ғасырдың екінші жартысында жасаған, сол кезеңнің өз өкілдері. Сөйтіп, бұл роман-хамсада Абайдың өзі өмір кешкен соңғы елу жыл ғана емес, бүкіл ХІХ ғасырдың дем-тынысы бар.

Әрине, осынау шағын мақаланың аясында кітаптағы Абай өмірін толығынан таратып айтып шығу еш мүмкін емес.

Сондықтан да біздің бір ғана жайтқа, Шоқан мен Абайдың кездесуіне ғана тоқталып өткеніміз жөн шығар. Өткен ғасырдағы үш алыбымыз, үш арысымыз Ыбырай, Шоқан, Абай үшеуінің жас шамасы деңгейлес бола тұрып, олардың қазақ даласының бір өңірінде туып, бірін-бірі көрмей-білмей кеткені біз үшін орны толмайтын өкініш еді. Бұл жай ғана өкініш емес, тағдырдың өзі маңдайымызға жазып тұрып, таңдайымызға татырмаған, құдайдың өзі беріп тұрып, пешенемізге бұйырмай кеткен сыбағамыз. Әсіресе, қазіргі Қостанай облысының жерінде, бір ғана Тобыл мен Обаған өзендерінің арасында туып, бірімен-бірі кездесе алмаған Ыбырай мен Шоқан, немесе Семейдің топырағын қатар басып жүріп, бірін-бірі сырттай ести жүріп жүздесе алмаған Шоқан мен Абай араларында айтылмай кеткен сөздер біздің аузымыздан жырылып түскен несібеміз еді.

Рамазан Тоқтаров өзінің осы романында әлгі оқпандай олқылықтың бір қуысын толтыруға әрекет жасапты.

Ол Абай мен Шоқанды кездестіреді. Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді. Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып, қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады.

Осы ақыл Абайдың бүкіл өмір бойына көкейінде мәңгілік орнап қалған өсиет сөздері болады да, Шоқанның жарқын бейнесі мұның көз алдында асқан адамгершіліктің үлгісі ретінде үнемі елес беріп жүреді.

Өмірде кездеспесе де кездесуі әбден мүмкін адамдардың бір-біріне ыстық ықыласын осылай шындыққа айналдырған жазушы қиялы барынша құрметтеуге лайық деп ойлаймын.

Жас Абайға осы үшеуінен кейін қатты әсер еткен бір адам - ел ішінде Шайхы атанып кеткен Дәулетбай қажы. Ол мұсылманша терең білімді, Шығыс ғұламалары мен ақындарының мұрасына жетік және сол білгенін халықтың игілігіне қалтқысыз жұмсап жүрген бір елгезек, жанкешті кісі.

Сол Шайхы ата Абайдың медреседе оқып жүргенде Шығыстың жеті жұлдызын өзіне пір санап, солардан медет тілеп жазған бір шумақ өлеңінен Шәмсиді ерекше бөліп алып, сол жайында Абайға көп-көп әңгіме айтады.

Толық ныспысы Шәмсиден Гебризи атанған бұл ғұлама кезінде Жәлелдин Ұрыми сынды әйгілі ақынды тәрбиелеп шығарғанын жырдай қылып баяндайды. Өлер алдында өзі Абайға дәл сондай ұстаз табуды, ондай адам кездесе қалса, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай, шынайы жебеушім деп қабыл алуды өсиет етеді. Көп ұзамай, дәл сондай ғұлама ұстаз бұған нәсіп болатынын болжап айтады.

Айтқандай-ақ, Абайға ондай ұстаз кездеседі. Ол - кәдімгі өзіміз білетін қадірменді Евгений Михаэлис.

“Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис” деп Абайдың өзі мойындаған бұл кісінің ақынға деген шынайы достық ықыласы мен білімдарлық ыждаһаты романда мейлінше сыпайы ізеттілікпен өте тартымды суреттеледі. Жалғыз Михаэлис емес, одан бұрын-соңды таныс-біліс болған орыстың зиялы адамдары атап айтқанда, сол Михаэлиспен рухани туыс Долгополов, Гросс, Коншиндерден бастап, әртүрлі лауазымдағы интеллигент шенеуніктер: заңгер Лосовский, ояз бастығы Измаилов, генералдар Цеклинский, Колпаковский, белгілі ғалым Потаниндерге дейін әрқайсысы өз кезегімен Абайға иіліп ілтипат білдіреді. Соған орай, олармен араласа жүре, ой-пікір алыса жүре, Абай да өзінің табиғи даналығын, білім деңгейінің өскендігін көз алдарында танытып отырады. Солардың ерекше сый-құрметіне бөленеді.

Романда Абайдың азаматтық, адамгершілік бейнесінің ерекше жарқырап, жайнай көрінетін данышпандық тұлғасының, ақындық дарынының ерекше кемелденген тұстары көп-ақ. Оның Михаэлиске еріп, Ұлытауға баруы, сол жерде қазақ тарихынан терең тебірене сөз сөйлеуі, сол үшін әкімшілік орындарына сезікті көрініп, Омбыға апарылуы, онда губерниялық сот мәжілісінде не бір маңғазданған қасқалар мен жайсаңдар алдында көсіле сөйлеп, бәрінен мойын оздыруы, сөйтіп, өзін ақтап шығу үстіне билік орнындағы әкімдерден құрметке бөленуі, Әз Тәукенің “Жеті жарғысы” мен Шоқанның сот реформасы негізінде қазақ даласын басқарудың тұтас бір жүйесін жасап беруі, т. б. оқиғалар - ел алдында, жоғары әкімшілік орындары алдында Абай беделінің асқақтап көтерілуіне айқын айғақтар болып көрінеді.

Жинақтап айтқанда, Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес. Көркемдік дәрежесі жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті проблемаларымен табиғи байланыстыра отырып, шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған бағалы туынды. Әсіресе, Рамазанның тіл байлығы, суреттеу шеберлігі, кейіпкер бейнесін сомдау машығы оқырманды ерекше тәнті етеді. Сондықтан бұл ірі шығармаға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте орынды болды.

Абайдан соң

К. Оразалинов

Камен Оразалыұлы 16 маусым 1920 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндыз ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. Каменнің аталары Тайсеміз бен Төрегелді Абай Қоңыр Көкшеге болыс болған кезінде өте сыйлас адамдарынан саналған. Сол себептен Оразалының өзі де жас күнінен Абайды көріп, біле жүріп, беріректе оның ақыл кеңесінен көпті үйренген.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 17 қазан 1943 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған “Абай ауылында” деген очеркінде былай дейді:

“Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бой күйезін айтам десе, онда да Абай тап басып, таңба соғып, айтып кеткен болады. “Жүрек адырдағы” қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Камен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы. Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады . . . ”

Камен алғашқы сауатын Құндызды аылындағы Ақтас бастауыш мектебінде ашып, кейіннен осы күнгі Абай атындағы орта мектепте оқыған. Содан Семейдегі № 11 орта мектепке түсіп, оны 1939 жылы бітіріп шығады. 1938 жылы Семейдің облыстық “Екпінді” газетінде “Күзетте” деген алғашқы өлеңі жарияланады. 1939 жылы орта мектепті бітірісімен Қызыл армия қатарына алынып, кіші командирлер мектебін бітіреді.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, қиян-кескі ұрыстарға қатысып үш рет ауыр жараланады.

Камен Оразалы Семейдің педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне 1944 жылы түсіп, оны 1947 жылы бітіріп шығады. 1948 жылдан 1987 жылға дейін Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, содан зейнеткерлік демалысына шығады. Абай атындағы орта мектеп жанынан жылына үзбей шығып келген “Абай ұрпақтары” қолжазба журналының 40 жыл бойы редакторы болып, ауданның өнерлі жастарын тәрбиелеуге еңбек етті.

Камен Оразалының қаламынан ондаған көркем очерктер, мақалалар, “Жексен”, “Ақ жазық”, “Көктем салқыны”, “Абай ауылына саяхат”, “Абайдан соң” (4 кітап), “Абайдан соңғы арыстар” (3 кітап) атты романдар туған.

Ол “Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі” (1965 ж. ), “Абай ауданының құрметті азаматы”, “Қарауыл ауылының құрметті тұрғыны” атты құрметті атақтармен қоса “Октябрь Революциясы” (1978 ж. ), “І дәрежелі Отан соғысы” (1941 ж. ), “3 дәрежелі Даңқ ордені” (1941 ж. ), “Парасат” (2000 ж. ) ордендерімен және 13 медаль, Қазақ ССР-ы Жоғары Кеңесінің 4 Құрмет Грамотасымен марапатталды.

Оның халыққа таралған ең сүбелі туындысы Мұхтар Әуезовтің жастық шағын бейнелеген төрт кітаптан тұратын “Абайдан соң” атты романдары.

Роман Абайдың бұл дүниеден өтуімен басталады. Мұхтар жеті жасар болғанымен ақылды. Зерек бала өз ауылымен қатар жайлаудағы басқа көршілерінің де қарбалас, абың-күбің көріністері жалпақ елді дүрліктіргенін көреді. Бір ауыл көшіп жатса, екіншілері қонып жатыр. Қалың-қалың көштер мен айдалып келіп, жаңа қонысқа тоқтамай шұбыра шапқыласқан жылқыларда есеп жоқ. Шаңырақтары көтеріліп жатқан ауылдардың маңында семіз жылқыларды бұғалықтап тақымға басқан азаматтар да бірлі-жарым емес, қазылып жатқан жер ошақтардан ұшқан түтіндер. Бала-шақбақ өңірін тұншықтыра басып, тақырлау төбелердің басына үйездеген жылқылар құйрықтарымен аңызақ шақырады. Жайлаудың осы көрінісін қақ жарып “ой, бауырым!” салған аянышты жылаулар, адамдардың дауыстары бір сәтке де толастамай қазақ даласын күңірентіп жатты.

Абай қазасы кезінде ұлы жанның ата дұшпаны Аташбайдың (Оразбайдың) өз адамдарын алты жүз боз аттарға мінгізіп және киімдерін де ақшыл түстен жарақтауы жалпақ елге аңыз боп тарайды. Абай дүниеден өткенмен ескі өшпенділік басылып қалмайды. Шыңғыс болысы Шөпішті Омархан мен Нұрмағанбеттің өз үйінен байлап әкетуі бұрын естілмеген сұмдық боп, ел арасын ушықтырады.

Дәл осы бір уақытта Абайдың балалары әкелерінің кітабын Петербордан басқыздырып, қазақ даласына ұлы оқиғаның жарық дүниеге келе жатқанын паш етеді. Қарақшылар бұл кезде де қарап жатпай, кітап басқызуға апара жатқан малдарды базарға сатқыздыртпай жолдан талап әкетуі де баяндалады. Шөпіш өзінің туған інісі Ұлықпанға оязға арыз жазғызу арқылы оны өлімге ұрындырады да Әзімбай мен Абай балаларының арасындағы өшпенділік ұлғая түседі.

Әуез баласы Қасымбек Камелетдин медресесінен өзі де шығып кетіп атасының дегеніне көнбей інісі Мұхтарды да 5 кластық қалалық училищеге түсіреді. Абайдың өлеңдерінің баспа бетін көруі, Абай ауылы жастарының түн қараңғылығын жамылып кеп ояз кеңсесіне шабуыл жасауы Семейдегі қазақ оқыған жастарының алғашқы бас көтеруі болып табылады.

Абайдың тірі кезінде достасқан орыс достары енді ақынның балаларымен бір тілекте болады. Ақынның Петербордан алғашқы кітабының жарық көру де еліміздің тарихындағы ұлы құбылыс екендігі жан-жақты суреттелінеді. Романның бұл кітабында Мүрсейіттің Мұхтарға алғашқы сабақ беруі, әжесі Дінасыл мен анасы Нұржамал, әкесі Омарханның да оқиғаға араласуы заңды шешімін тауып отырады.

Осы алғашқы кітаптағы оқиғалар желісін үзбей дамытып, Абай өскен ортаның тарихи шындықтарын ұрпақ алдына кеңінен суреттеп жеткізеді. Бұл кітапта ел арасының бірлігін бұзбау мақсатында Әйгерімнің төркін жұрты Матайлармен қайтадан құда болысып, Наймантай баласы Әйкежанды Мұхтарға айттырады.

Абай бұл дүниеден өткеннен кейін, ел арасындағы ру жігінің бұрынғы тартысы басылудың орнына ерекше дәуірлеп, топ жинаудың жаңа түріне көшіп, адалдықтан қаныпезерлікті іздеп, өртті өшіруге бой бермейді.

Отарлық саясатын нық ұстаған патшаның ченеуніктері ел ішіндегі бұл тартысты ушықтыра түсуге әрекеттенеді.

Шыңғыс болысы - Шөпіш, Матай руының атақты байы және сотқар болысы Мұсабай, Мәмбетей руының болысы әрі Семейдің атақты байы, Қаражанның құдасы Ике Әділ балаларының ұйымдасқан, қолкүші мығым тобы жаңалыққа ұмтылған Абайдың кейінгі ұрпағына жаулықтың барлық түрін жасайды. Семей ұлықтарымен достасқан олар Жидебайдан келімсектерге қалашық салдырады. Бұл Абайдың балалары мен туыстарына жасаған қастандығы еді.

Жидебайдың орыс переселендері орналаспаған жерлерінің бәріне Шөпіш Бәйтікке өрт қойғызады. Ушыққан осындай қастандықтан келіп, Шөпіш болысты Омархан мен Нұрмағанбет ат артына өңгеріп, Әуез ауылына әкеледі.

Қасымбек сырқат. Оның дертін асқындыру үшін, Ағзамды старшын сайлатып, Абай ауылдарымен жауластыруға әрекеттенеді. Переселен Соколов Абай балалары жаққа шығып ірі тартыстар басталады. Бұрын Ике мен болыстар итжеккенге айдатқан Тәуке батыр айдаудан оралады. Досы Жекебай оны қорғаушы. Абайдың жары Күнжан Абай елінің оқып жүрген Семейдегі жастарына Абай өсиетін насихаттайды. Мұхтар осында “Біржан мен Сара” ойынын ұйымдастырып, театр ұғымын жастарға көрсетеді. Қасымбек пен Мұхтарлар Нұрмағанбет пен Боранбайдың еліне қонаққа барып, сарымсақты өңірде қырғыз Бақтыбай батырмен табысады, оған Мұса Шортанұлы деп қайтадан ат қояды. Бұл өзінің бүкіл өмірінде Абай елінің бір баласы боп кетеді.

Ел арасының өшпенділік тартысы бір сәтке де толастамай, қала мен даланы бірдей шарпыған зұлымдық күннен күнге өрши түседі.

Матай руындағы Наймантайдың қызы (Әйгерімнің сіңлісі) Әйкежанды Мұхтарға айттырған еді.

Мұсабай болыс Наймантай мен оның әйелі Тотиды өзіне қаратып алады да итжеккеннен қашып кеп, тауда тығылып жүрген Серікқұл дейтін қашқынға қызды ұрып жығып, өңгертіп жібереді.

Алуан түрлі қастандықтар өрби түсіп, жас Мұхтардың дүние танымын өсіріп, қиянкескі оқиғалардың куәсі етеді.

Болыс Мұсабайдың қолынан Ағзамды құтқарған Соколов, Нұрмағанбет, Мұхтар, Боранбайлардың әрекетін “поштаны тонаушылар” деп солдат шығартады. Абайдың шығармаларын Петербордан басқызып шығаруға базарға сатбақ жылқыларды Күшікбайда қаланың ұры-қарыларына тонаттырып, ел арасының жаулықтарын Уақтың қаладағы беделді болысы Ертемен ұштастырады. Қала чиновниктерін де жан-жақтан әкеліп, осы шайқастарға қатыстырады. Абайдың іні-балалары Кәрім мен Кәкітай, Мекайлдер оқиғалардың негізгі діңгегі боп отырады.

Бұл романдағы ірі оқиғаның бірі Қаражанның ағасы Аймағанбеттің Жүзтайлаққа құда түсуі. Көксеңгір мен Зайсанда жасалған байлардың тойындағы іс-әрекеттер, Мұхтарды сүйсіндірген өнерлі жастар да оқиғаларды қызғылықты ете түседі.

Мұхтар үш жыл бойы жазғы демалыстың кезінде де елге қайтпай қала кітапханаларында білім іздеумен болады. Елге оралғаннан кейін, күніне бір мезет жайлау өңірін аралап серуендеуді әдетіне айналдырады.

Бүгін ұзаңқырап кетіп қайта оралған еді, ағасы Қасымбектің іздеп жатқанын естіп, ағаш ішінен оның өзіне жасап берген саяжайына келді. Семинарияны бітірген Қасымбек енді Ресей қаласының бірінен жоғарғы білім алуға ұмтылады. Бірақ оның денсаулығы күн санап төмендеп, ол еркіне жібермейтін сияқты. Сондықтан да ол үміт етіп жүрген інісі Мұхтардың ілгерілеп білім алуын қадағалайды. Бұлардың әңгімесінде орыс халқы мен Еуропа жазушыларының ұлы классиктерінің еңбектері туралы әңгіме қозғалады.

Абайға жаулық жасалған Көшбике де Мұхтарға үлкен әсер етеді. Тәуке мен Жекебайдың оқиғаға араласуы романды ширықтыра түседі. Мұхтарға айттырылған қалыңдық Әйкежанды қашқын Серікқұлға өңгертіп жіберген Мұсабайдың қастандығы әшкереленеді.

Көксеңгірде Жүзтайлаққа Қаражанның той жасауы жалпақ елді дүбірлетеді. Тойда Тәуке, Ағашаяқтар ерекше көзге түседі. Мұсаның ерлік көріністері де осы тойда бой көрсетеді.

Оқыған жастарды жинап алып, Сәлкен төренің Тәшеннің қызы Жамалға Мұхтарды үйлендіргісі келуі де осында сөз болады. Тойдың соңы Қоянды жәрмеңкесін қазақ байларының бірлесіп, орыс капиталистерінен тартып алуы әңгіме етіледі. Осы кезде Абайдың өлең кітабын шығару мәселесі де қолға алынады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қ. Жұмаділовтың Дарабоз роман-дилогиясындағы тарихи тұлғалардың көрінуі
Қабдеш Жұмаділов және қазіргі роман жанры
Тарихи романның ұлт тәуелсіздігі үшін күрес жолындағы рөлі
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТІҢ ЖАТ ҚОЛЫНДА РОМАНЫНДАҒЫ ОБРАЗДАР ЖҮЙЕСІ
Ілияс Есенберлиннің өмірі және шығармашылығы
Мұхтар Әуезов – абайтанушы
Ғабит Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы
Ғ.Мүсіреповтың «Жат қолында» романындағы монолог пен портреттің көркемдік қызметі
КӨШПЕНДІЛЕР ТРИЛОГИЯСЫ - ТАРИХИ РОМАН ЖАНРЫНЫҢ ЖАНДЫ ҮЛГІСІ
Ғ. Мүсрепов өмірі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz