Педагогикалық мамандық бойынша білімдендіру үдерісі


Мазмұны
Ұстаздың деонтологиялық даярлығы және оның қалыптасуы
2. 1 Ұстаздың деонтологиялық даярлығының мәні мен мағынасы
79
79
1 Кәсіби дайындықты анықтауға арналған сауалдама
(авторы Л. Н. Кабардова)
2Уәждемелік - қажеттілік ортадағы тұлғаның әлеуметтік-психологиялық тұғырнамасын диагностикалау әдісі
(авторы О. Ф. Потемкина)
3Тұлғаның бағыттылығын анықтау әдістемесі
(авторлары В. Смекал мен М. Кучер)
4 Ерікті өзіндік реттеуді анықтау әдістемесі
(авторлары А. Г. Зверков, Е. В. Эйдман)
5 Коммуникативтік бақылау деңгейін зерттеуге арналған әдістеме.
6 «Өзін-өзі бағалау» әдістемесі (авторы В. Р. Овчарова)
1Бала құқықтары туралы Конвенция
2 Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 Заңы
Бұл еңбегімді егемендігіне ие болып,
еркіндікке қол жеткізген елімнің,
Қазақстан Республикасының
Тәуелсіздігінің 20 жылдық
мерейтойына арнаймын .
Алғы сөз
Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» заңында «Бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетiстiктерi негiзiнде адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шындауға бағытталған бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау» деп атап айтылған.
Мектеп - мемлекет, қоғам мен тұлғаның білімдік мүддесін қанағаттандыруға бағытталған жүйе. Егеменді Қазақстан Республикасының алдында тұрған міндеттер жас буындардың интеллектуалды әлеуетіне, дене және психикалық денсаулығына, әдептілігі мен сыпайылығына ерекше қамқорлық ету жөнінде ойландырады. Бұл тұрғыда ұстаздың басты міндеті - оқушылардың денсаулығы мен жан саулығын сақтап, нығайтуға; табиғатына сай интеллектуалды дамытып, бiлiм сапасын халықаралық дәрежеге жеткiзуге; адамгершiлiкке тәрбиелеуге; тәлiм-тәрбие үдерісін ұлттық негiзде құруға белсенді болу. Осының бәрін іске асыру - ұстаздық қызметтің ең ұлы жүктемесі, ең маңызды ісі, ең киелі парызы, педагогикалық деонтологияның талабы.
Мұндай міндетті іске асыру үшін ұстаздың кәсіби парыздылығына сәйкес арнайы даярлығы болу керек.
Бүгінгі жастар - халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Ұлттық санамыз, саяси ой-өрісіміз сілкініп, өрлеу жолына түскен осы кезеңде ата-бабаларымыздың кең-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандыққа жету жолындағы күресін, терең тамырлы тарихимызды, ту ұстаған батырларымыз бен көсемдеріміздің, сөз бастаған шешендеріміздің үлгі-өнегесін бүгінгі ұрпаққа ұғындырып, келешекке мирас ету - деонтологиялық даярлығы қалыптасқан ұстаздың қолынан ғана келеді.
Бұл ұлы парыздың жетелеуiмен жұмыс атқару үшiн ұстаз тұлғасының өне бойы кәсiби шеберлiгiне қоса отаншылдық сезiмiне, ұлттық намысқа толы болуы қажет. Бұл парыздылықты болашақ ұстаз бойында болдыру, ойына сiңiру үшiн педагогикалық оқу орындарының жалпы тәрбиелiк жұмыс жүйесiнде деонтологиялық даярлық мәселесіне көп көңiл бөлiнуi қажет. Осы iс бағыты бойынша тегеурiндi қимыл жасауды қолға алу - заман талабы. Сондықтан педагогикалық мамандық бойынша білімдендіру үдерісіне батыл бетбұрыс керек.
Аталмыш мәселенің аспектілерін зерттейтін ғылымның бірі - педагогикалық деонтология. Ұсынылған оқу құралында ғылымның пайда болу алғышарттары, міндеттері, ұстанымдары, функциялары, зерттеу әдістері мазмұндалған және ұстаздың деонтологиялық даярлығының мәні мен мазмұны, оны қалыптастырудың педагогикалық шарттары анықталған.
Бұл оқу құралындағы теориялық және тәжірибелік материал шынайы дамуы мен өз кәсіби қызметін жетілдіруде қызығушылық танытқан студентке, сонымен бірге өз кәсіби парызын адал орындауға ынталы білім беру жүйесінің барлық қызметкерлеріне пайдалы болады деп үміттенеміз.
Ақпараттық-теориялық бөлім
1 ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ДЕОНТОЛОГИЯ - ҒЫЛЫМ
Ғылым туралы, оның белгілері туралы ғалымдардың ой-түйіндеріне тоқтала кетейік:
И. П. Фарманның [16] зерттеулеріне сәйкес ғылымның бар жоғын келесі көрсеткіштер арқылы дәлелдеуге болады: жан-жақтылық, жалпымағыналылық, жүйелілік, ұтымдылық, рационалдық, шексіздік.
Я. Х. Закин [17], Н. Р. Рашидов [17] ұсынған ғылымның жүйелілік сипаттамасы бойынша кез келген ғылымның маңызды белгісі болып жалпылық, ғылыми деректердің дәлелденуі және білімдер жүйесінің тұрақтылығы саналады.
А. Х. Маслоу [18], И. П. Фарман [16], Я. Х. Закин [17], Н. Р. Рашидов [17] және тағы басқа ғалымдардың зерттеулерінде ғылым табиғат, қоғам, сана дамуының нақты заңдылықтары туралы сенімді және жалпыланған білімдер жүйесін құрайды, өзіндік әлеуметтік және тарихи алғышарттары, зерттеу нысаны, ұғымдар құрылымы бар.
Ғалымдардың ой-пікіріне сүйеніп, педагогикалық деонтологияны ғылым деп тұжырымдауымызға толық негіз бар, себебі ол педагог маманның кәсіби мінез-құлқы жөнінде жалпыланған білімдер жүйесін құрайды, сонымен қатар пайда болу алғышарттары, зерттеу нысаны, пәні, мақсат-міндеттері, ұғымдар жүйесі бар және белгілі қызмет атқарады.
Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да
мектебінің қандай негізде құрылуына барып
тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға
/қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек,
келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.
Мағжан Жұмабаев
1. 1 Деонтология ұғымы
Деонтология ұғымы сөздіктерде көптеген түсіндірмелерге ие:
- «Түпкі мағынасы бір, орыс тілінің қолданысына енген 25000 шетел сөзінің түсіндірме сөздігінде» деонтология «(грек тілінен deon, ontos - қажетті, logos - сөз) - мораль, адамгершілік туралы ғылым» [1] ;
- «Орыс тілінің құрамына енген шетел сөздер сөздігінде» деонтология «адамның міндеттері, құқықтары және адамгершілігі туралы ілім» ретінде түсіндіріледі [2] ;
- Н. Г. Комлева редакциясын басқарған «Шетел сөздерінің сөздігінде» деонтология «[грек тілінен deon (deontos) - парыз, + logos-ілім] - 1) этикалық теорияның бір тарауын құрайтын парыз жөніндегі ілім; 2) кәсіби міндетін атқару кезіндегі медицина қызметкерінің өзіндік мінез-құлық ұстанымдары мен әдеп қағидаларының жиынтығы (емделушілер мен дәрігерлерге қатысты) » [3] ;
- «Жаңа философиялық сөздікте» деонтология «(грек тілінен deon - парыз, және logos - ілім) - тұжырымдама, парыз ұғымымен байланысты мәселелер қарастырылатын әдеп теориясының бөлімі» [4] ;
- «Оксворд түсіндірме сөздігінде» деонтология (deontology) - адамдардың мінез-құлқы мен әдептілігін зерттеумен айналысатын ғылым» [5] ;
- «Этика сөздігінде» деонтология «(грек тілінен deon - парыз және logos - ілім; парыз туралы ілім) - адамгершілік талаптарын ұйғарым түрінде көрсететін жалпы парыз мәселелерін қарастыратын әдеп бөлімі» [6] .
Деонтология терминін алғаш рет Бентам (1834) адамгершілік теориясын тұтас ілім ретінде көрсету үшін енгізген. Джереми (Иеремия) Бентам (Jeremy Bentham) - (1748-1832 жж. ) философ, заңгер, экономист және Лондон университетінің негізін салушыларының бірі. Ғылымда утилитаризм (utilitas - пайдалы) теориясының бағытын құрастыруымен танымал, оның тұжырымдауынша − адамның әрбір іс-әрекеті басқа адамдарға пайда әкелуі тиіс. Негізгі ғылыми еңбегі «Деонтология не мораль туралы ғылым» деп аталады.
21 жасында И. Бентам өлгеннен кейін денесін анатомиялық тәжірибе жасатуға беруін талап етіп, кейін тек қаңқасы қалғанда өз киімдерін кигізіп, басымен қосып, көрнекті жерге шығарылып қойылсын деп аманат жазады, «барлық адамдарға ескертпе ретінде әрбір адам тек тірі кезінде ғана емес, қайтыс болғанда да пайдасы тию керек . . . », деп ой түйеді [7] .
И. Бентам өз тұжырымдамасын «деонтология» деп атады, бұл бағыт КСРО-да сонау 1917 жылғы революция кезінен бастап белгілі болды, «патша тәртібінің мұрасын» жоққа шығарып, жазалау қаупін төндіріп, үкімет әр ғылымның, оның ішінде медицинаның ең басты құрамдас бөлігі болып табылатын әдеп мәнін жоюға тырысып, тыйым салды. Е. Барштейн «Дәрігер-стахановшы не білуі тиіс» (1938 ж. ) [8] атты мақалада: «Аты шулы дәрігерлік этиканы жойыңдар: «сын және өзара сын» - міне осылар ғана кеңес дәрігері қызметінің негізі», - деп айтқан болатын. . Ғылымның басқа салаларындағы осындай көзқарасты ұстанған адамдар аз болмады. Медицинаны әдепсіз елестету мүмкін емес. 1946 жылы совет онкологиясының негізін қалаушы Николай Николаевич Петров хирургиялық әдеп жөнінде кітап жазады, КСРО-да әдеп жөнінде кітаптың басып шығарылуын мүмкін еместігін түсініп, қолжазбадағы «әдеп» терминін белгісіз бір «деонтология» терминімен алмастырады [7] . Н. Н. Петровтың замандастары мен ізбасарлары естеліктерінде: «Николай Николаевич сөздерді алмастыру мәлім болған жағдайда, ол түрмеден қайтып оралмайтынын анық түсінсе де, тәуекелге бел буды. Сол кездегі цензордың (баспа орындарын бақылау) Н. Н. Петровқа қарағанда сауатсыз болуы кітапты жетістікке жеткізді» [7] . Осылайша бұрынғы Кеңес үкіметінде қазіргі уақытта тек медицинада ғана емес, «адам-адам» жүйесінің түрлі аспектілерін қарастыратын көптеген ғылым салаларында қолданылатын «деонтология» термині алғаш рет пайда болды .
Алайда адамгершілік пен парыз туралы ілім ретінде деонтология пәні «аз көлемдіге» айналып, «деонтология» термині әдеп ілімінде қажетсіз болып шықты. Әдеп саласының мамандары сөздігінен осы терминнің жоғалуға шақ қалуы кездейсоқ емес. Дегенмен «деонтология» атты ерекше ғылым жойылмай, «құпия өмірін» жалғастырды. «Инкубациялық кезең» бірнеше онжылдыққа созылып, ақыр соңында «деонтология» медицинадан бастап спортқа дейінгі әлеуметтік тәжірибенің түрлі саласына бағытталған ғылымның маңызды бөлігіне айналды.
Әрбір ғылымға өзінің пәндік аясын нақтылауға бағытталған дифференциация үдерісі тән екендігі мәлім. Алғашында ол барлық ғылыми салада дамиды: медицина, педагогика, психология, әлеуметтану және т. б. Бұл үдерістің түрлі саладағы мамандық иелерінің кәсіби парыз мазмұнына байланысты деонтологияға да тиісті, мына салаларын атап айтуға болады:
- педагогикалық деонтология - ұстаздың кәсіби парызына сәйкес мінез-құлқы туралы ғылым [10] (К. М. Левитан, Г. М. Кертаева, Г. А. Қараханова, , А. Е. Күдерина, Д. Д. Есімова, Ү. А Ажигалиева және т. б. ) ;
- медициналық деонтология - медицина қызметкерлерінің көмек сұрап келген адамдарға қатысты құқылық, кәсібилік, моральдық міндеттері мен тәртіп ережелері туралы ілім [11] (А. Ф. Билибин, Б. Е. Вотчал, Ф. П. Гааз, А. А. Грандо, Н. Н. Пирогов, И. С. Сук, Н. В. Эльштейн және т. б. ) ;
- психологиялық деонтология - «көмек ұсынушы - көмекті қабылдаушы» сияқты өзара әрекеттесудің, жәрдемдесуші мамандардың моральдық сенімділігін қамтамасыз ететін тұлғаның психологиялық тетіктерінің этикалық аспектілерін зерттейді [12] . (М. А. Гулина, А. А. Крылов, И. В. Силуянова, А. И. Юрьев т. б. ) ;
- әлеуметтік деонтология - әлеуметтік қызметкердің іс-әрекеті мен мінез-құлқы принциптерін және кәсіби-этикалық нормаларын зерттейді [13] (Л. М. Анисимова, Н. Ю. Гурьевич, Л. П. Козыревская, Д. П. Котов, Г. П. Медведева, т. б. ) ;
- құқықтық деонтология - заңгердің кәсіби мінез-құлқы кодексі жөнінде жинақталған мағлұматтар жүйесін белгілейтін заң ғылымдарының бір саласы ретінде анықталады [14] (Н. М. Блохин, В. М. Горшенев, Ю. А. Романов, т. б. ) ;
- журналистік деонтология - журналистің кәсіби мінез-құлқы, парыздылық талаптарының, нормаларының, принциптерінің жүйесі ретінде; БАҚ қызметкерлерінің жауапты мінез-құлқының құқықтық және этикалық нормаларының жиынтығы ретінде, журналисттік парыздылық пен міндеттемелер және осы міндеттемелерді олардың қандай деңгейде ұғынуына қарамастан орындау нормалары ретінде (Е. П. Прохоров, Ю. М. Батурин, Я. Н. Засурский, К. Крисченс, М. Трейбер, К. Норденстренг және т. б. ) анықталады [9] .
Сонымен осының бәрін саралай келе, біз деонтологияны «адам-адам» жүйесіне қызмет ететін мамандардың парызына адалдығы мен кәсібіне сәйкес саналы әдеп және құқықтық ұстанымдар мен ережелер кешені жатады деп қорытамыз.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар
Сұрақтар
- «Деонтология» ұғымы нені білдіреді?
- Деонтологияның қандай салалары бар?
- Деонтология салаларының өзіндік ерекше өзгешеліктері мен ортақ белгілері қандай?
- Сіздің ойыңызша, кәсіптік деонтологияны зерттеу медицина қызметкеріне ме, әлде болашақ ұстазға маңызды ма? Ойыңызды ортаға салыңыз.
- Уильям Джеймстің: «Алғашқы кезеңде жаңа теория ешбір мағынасыз не қисынсыз болып көрінеді, кейін бұл ойды қабылдай отырып, оның ешбір ерекшелігі жоқтығы айтылады. Ақыр соңында бұрын қарсы пікір білдірген ғалымдар аталмыш теорияны мойындап қана қоймай, оны өздері ашқандарын айтып бағады» деген пікірін деонтология ғылымының пайда болу тарихына жатқызуға бола ма? Көзқарасыңызды дәлелдеңіз.
Тапсырмалар
- «Деонтология» терминінің бұрынғы кеңестік кеңістігінде пайда болу тарихы туралы баяндаңыз.
- Келесі ұғымдарға анықтама беріңіз: деонтология, мән, мазмұн, пайда болу тарихы, медициналық деонтология, педагогикалық деонтология, психологиялық деонтология, әлеуметтік деонтология, құқықтық деонтология, ғылым, кәсіби-этикалық қағидалар, кәсіби-этикалық ұстанымдар, дифференциация, мінез-құлық, парыз, міндет, педагогикалық қызмет. Қажеттілік туындаса, түсіндірме сөздігін қолдануға болады.
- Деонтологияның бір саласы жайлы баяндама дайындаңыз (медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік деонтология)
- «Деонтология» ұғымына тірек-сызба жасап, түсіндіріңіз.
- Филемон: «Адам екеніңді ешқашан ұмытпа» деген екен. Қандай жағдайда адам өзінің адам екендігін ұмытып кетеді деп ойлайсыз? Филемонның пікірі мен ұлы суретші Гойидің «Сон разума рождает чудовищ» суреті арасында қандай ортақтық бар?
- Кітапхананың тақырыптық каталогы мен Интернет қорын пайдаланып, пән бойынша библиографиялық әдебиеттер тізімін жасаңыз.
1. 2 Педагогикалық деонтологияның пайда болу алғышарттары
Тәрбиенің іс-әрекет түрі ретінде қалыптасуының маңызды факторы мен алғышарты болып ерте замандағы адамдар арасында материалдық қарым-қатынас эволюциясы, осы қарым-қатынасты адамнан адамға, ұрпақтан ұрпаққа тапсыру арқылы дамыту мен қолдау қажеттілігі болды [19] .
Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы білім беру жүйесінің кейбір этикалық, деонтологиялық қағидаларының өзгерісіне әкелді.
Мемлекетімізге жеке кәсіби қызмет атқаратын бір жақты мамандар ғана емес, ғылыми білімі терең, рухани дүниесі бай, өз кәсіби парызын саналы түрде орындайтын, жан-жақты дамыған, белсенді, адамгершілігі мол адамдар қажет. Қоғам сұранысы «адам-адам» жүйесінде қызмет ететін маман тұлғасына, оның ішінде ұстаздарға ерекше маңызды талаптар қояды.
Қазіргі таңда аталмыш салада қызмет ететін әрбір маман кәсіби біліктілік пен іскерлікті меңгеріп қана қою табысты қызмет үшін жеткіліксіз екенін жақсы түсінеді. Бұл үшін көптеген ептіліктер қажет, соның ішінде: тәрбиеленушінің жай күйін ұғып қана қоймай, оны тыңдағанда ести білу, қарым-қатынастағы серіктестігінің эмоционалды жай-күйін байқау, өзара дұрыс қарым-қатынас орната білуі. Бұл келелі міндеттерді іске асырудың жолдарын ашу педагогикалық деонтология еншісінде.
Педагогикалық деонтологияның пайда болуының бірнеше алғышарттарына тоқталып, сипаттама беруді жөн көрдік.
Этикалық-философиялық алғышарттар. Қоғамның даму үдерісінде белгілі бір әлеуметтік топтар тұтастығын сақтап қалу үшін адамдардың қарым-қатынастарын реттеуде, олардың іс-әрекеттерін келісімге келтіруде нақты қажеттілік пайда болады. Адамдармен тіршілік әрекетінің түрлі саласында қарым-қатынасқа түскен кезде, әр адам белгілі бір ұстанымдар мен ережелерді басшылыққа алады. Адамның қоғаммен қарым-қатынасын және оның мінез-құлқын реттеу үшін мораль қажет. И. Т. Фроловтың басшылығымен шыққан «Философиялық сөздікте» берілген анықтама бойынша: «мораль - бұл парыз бен рухани құндылықтар құрметіне ие болған жеке-дара, адами және риясыз уәжділік негізіндегі адамның мінез-құлқы мен қоғаммен қарым-қатынасын реттеудің құндылықты-бұйрықты түрі» [20] .
Идеологтар моральдың мәнін білімділік деңгейінің мәнінен әлде қайда төмен екендігін және қазіргі заманда бұл құбылыстың әрі қарай дамуы күшеюде деп түсінеді. Сонымен қатар, олар білімділік пен адамгершілік арасын жіктеп, сәйкессіз санаттарға жатқызған. Әрине, жеке білім моральды дамыта алмайды, ал мораль білімнің орнына жүре алмайды. Қоғам дамуының теориясы бойынша білім, ғылым мен мораль сананың және іс-әрекеттің әр түрлі аясына жатады және әртүрлі әлеуметтік қажетсінуден пайда болған. Ғылым қоршаған ортаны танып-білудің, оны адам қажетіне сәйкес өзгертудің амалы болса, мораль - қарым-қатынасты реттеуші, жеке адамның қылықтарын басқалардың қылықтарымен, белгілі бір қоғамның немесе таптың мүдделерімен сәйкестендіретін әлеуметтік күш. Сонымен қатар, әрбір кәсіп адамның жан дүниесіне әсер етіп, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, қабілеттерінің дамуына шарт түзеді. Сондықтан әрбір мамандықтың кәсіптік моралі, деонтологиялық сипаты бар деуге болады. Мораль - адамның өзін-өзі, өзінің табиғатын білуі, дейді философтар. Мораль - күнбе-күндік көпшіліктің дүниетанымының формасы. Қоғамдық сана формасына жататын мораль - адамдардың бір-біріне деген қатынасын белгілеп, тарихи өзгеріп отыратын нормалар, ұстанымдар және ережелердің белгілі жиынтығы. Мораль адамдардың қатынасын белгілі мөлшерде қалыптастырады, яғни олардың өз ортасына және басқа орталарға, мемлекетке, Отанға, өз халқына және басқа халықтарға, адамның адамға қатынасын бейнелейді.
Мораль - қоғамдық сананың ең көне формаларының бірі, өйткені адам қоғамдық жан ретінде қалыптасып, қоғамда ғана өмір сүре алатындықтан, өзара белгілі бір моральдық қатынас формаларын сақтауы тиіс. Мораль ұстанымдары мен ережелерін орындау қоғамдық парыздылыққа негізделген. Күнделік өмірде оның ұстанымдарын бұзғаны үшін ешкім оны заң бойынша жауапқа тартпайды. Бірақ оның әсері құқық талаптарынан кем емес. Адам санасы дамыған сайын моральдың тигізер әсері күшейе бермек. Келешекте адамға көпшіліктің мадақтауынан, қолдауынан, не олардың наразылығы мен лағынетінен артық әсер ететін еш нәрсе болмақ емес. Қазір де кейбір қылмыс жасаған адамдар өзін көпшіліктің талқысынан гөрі заңмен сотталғанын оңай көретінін айтуда. Біздің елімізде заң жүзінде жазаланған адамдар, мораль жағынан да қолдау таппайды. Олай болса, бұл құбылыс екеуінің арақатынасының жақындап бара жатқандығының айғағы. Педагогикалық мораль ұстаздың барлық іс-әрекеттеріне енушi адамгершiлiк қатынастың көрiнiсi болып табылады. Ол мұғалiмнiң қылықтарын педагогикалық іс-әрекеттің сипатына сәйкестендірудің объективтi қажеттiлiгі ретiнде пайда болған. Баланың өмiрлiк тәжiрибесiнiң жоқтығынан ол үлкендер тарапынан әдiлетсiздiк құрбаны болып қалуы мүмкiн. Оның жаны мен тән әлемiн сақтап қалуға деген қоғамның ұмтылысынан педагогикалық мораль туындап отыр. Сонымен қатар, мектепте үлгiлi жұмыс атқарудың ең маңызды шарты ретiнде мұғалiм беделiн қорғау, парыздылық санасын, яғни деонтологиялық нышанын арттыру талабы да педагогикалық моральда орын алған. Сөйтiп педагогикалық моральда ұстаз еңбегiнiң дәстүрлерi мен өзінділік ерекшелігін ашатын, онсыз оқу-тәрбие үдерісі бола алмайтын ережелер мен нормалар бекiтiлген. Педагогикалық моральдың басқа кәсiптік мораль түрлерiнен ерекшелiгi - жоғары белсендiлiгi. Педагог өзiнiң адамгершiлiкті тәжiрибесiн балалар мен ересектерге, яғни осы тәжiрибеден сусындағанын басқа бiреуге қалдырады, олар - басқаларға т. с. с. Егер осы алып-беру тiзбегi қысқа болса, педагогтың моральдық әсері шамалы дегендi бiлдiредi. Бiрақ моральдық реакция тiзбегi күрделенген сайын педагог моралiнiң белсендiлiк деңгейi жоғарылайды. Бұл - педагогикалық этиканың құбылыстарының өзара байланысқан диалектика заңдарының әсерi көрiнетiн арнайы кәсiби ерекшелiгi.
Негізгі моральдық категориялар: шарапат, кесепат, ар-ождан, міндет, парыз, абырой, әділеттілік, адамгершілік, әдептілік, өмір мақсаты және т. б.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz