1970-80 жж. ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ НЕОРОМАНТИКАЛЫҚ ТЕНДЕНЦИЯ


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

1970-80 жж. ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ НЕОРОМАНТИКАЛЫҚ ТЕНДЕНЦИЯ

Жанұзақова Қ. Т. - ф. ғ. к., доцент (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті романтизмнің дамуындағы жаңа сапалық дәуір, жаңа белес болды. Бұл кезеңдегі проза көркемдік ізденістердің күрделі де белсенді процесімен, тенденциялардың молдығымен ерекшеленеді. Осы тұстағы романтизмді ХІХ ғасырдағы дәстүрлі төңкерісшіл романтизмнен өзгешелеу - шартты түрде философиялық сипаты басым жаңа романтизм, яғни неоромантизм деп атауға болады. Ол әсіресе 1970 жылдары жаңа өріс алды. Оны модернистік ағымның ішкі бір тенденциясы ретінде көрінді деуге болатын сияқты.

1970 жылдары қазақ прозасы идеологияның «тар шеңберінен» бұзуға талпынды. Қоғамда орын алған күнделікті жалаң ұраншылдық пен халықтың сергек санасының арасындағы қайшылық, идеал мен нақтылықтың өзара сәйкес келмеуі неоромантизмді тудырды. Жазушылар саясат нұсқаған азаматтық, әлеуметтік тақырыптардың қалыбынан шығып, өткен дәуірлердің мәдени мұрасына жаңа мазмұн берді, философиялық ізденістер мен әлеуметтік-адамгершілік тақырып ауқымын кеңейтуге тырысты.

Романтикалық бейнелеу тәсілінің жаңа сапаға ие бола дамуы романтизмнің мүмкіндіктерін игеру жолындағы алуан түрлі көркемдік ізденістердің нәтижесі еді. Қазақ прозасында бірқатар жазушылардың, атап айтсақ, О. Бөкеев, Т. Әбдіков, Д. Исабеков, Р. Тоқтаров, Д. Досжанов, т. б. шығармаларында неоромантизмнің белгілері көрінді. Неоромантизм романтизммен тақырыбы мен сарыны жағынан да, жалпы принциптері мен поэтикасы жағынан да тығыз байланысты. Олар: пендешілік пен күйкі тірлікке, тоғышарлыққа қарсы шығу, болмысқа қанағаттанбау, өз ортасына қарсы шыққан романтикалық кейіпкер, иррационалды дүниеге назар аудару, гротеск пен фантастикаға, мифологизмге деген ықылас, жаңа көркемдік тәсілдерге бейімділік, т. б.

ХХ ғасыр әдебиетіндегі неоромантизмді тудырған әлеуметтік толғақ - тоқырау кезеңі, қысылшаң қоғамдағы тәртіп, жеке адамды тәңір тұту, табыну дәуірі. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде неоромантикалық бейнелеу тәсілдерінің, принциптерінің көрініс беруі қоғамда болып жатқан құбылыстарға қанағат етпеуден, кеңестік тоталитарлық жүйеге көңілі толмай, іштей қарсылық білдірудің нәтижесінде болған еді. 1960-70 жылдардан бастап суреткерлер ұлттық сананы ояту мақсатында халықтың өткен рухани тәжірибесіне, тарихи бастауларға, мифологиялық бағдарға бет қойды. Кеңес әдебиетінде дәуірлеген социалистік реализм әдісі тұйыққа тірелгенде, жазушылар мифтік шығармашылықты дүние, болмыс туралы ой толғаудың тәсіліне айналдырды. Қазақ жазушылары адам мен әлемнің сырын бейнелеуде қалыпты формалардан бас тартты да, оны философиялық пайымдаулар мен мифологиялық таным тұрғысынан игеруге күш салды. Мұның өзі жазушылардың «белгілі бір мәдениеттің, белгілі бір тарихи дәуірдің құбылысы» болуымен де байланысты болды /1, 15/.

Мифологизм халық бойында ғасырлар бойы жинақталған көркемдік танымды, рухани ізденістерді жеке тұлғаның, адамның жұмбақ болмысы арқылы өткізіп, бүгінгі күннің тәжірибесімен, өмір құбылыстарымен синтездеп қорытты. Көркем шығармадағы қақтығыс адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат арасында өтті. Суреткердің негізгі назары әлеуметтік өмірден гөрі рухани кеңістікке ауды және жеке тұлғаның ішкі әлемі күрделі рухани құрылым ретінде қарастырылды. Қаламгерлер өмір шындығын суреттеуден гөрі өмірдің мәні мен жаратылыс жұмбақтары туралы ой толғауға ойысты. Қазақ прозасында рухани түлеу, рухани жаңғыру тақырыбы тереңдей түсті.

Кеңес әдебиетінің алғашқы даму тұсында романтизмнің жете бағаланбауы кейіннен 1960-70 жылдары да көрініс берді. Әрине, ХХ ғасырдағы романтизм ХІХ ғасырдағы романтизміндей тым оқшау, тым «таза» емес, өзіндік сипатта дамығанын ескеруіміз қажет. ХІХ ғасырдағы көтеріліске үндеген романтизмнен ерекшелігі ХХ ғасырдағы жаңа сипаттағы романтизмінің «философиялық салмағы», ондағы мифологизмнің үлесі басымырақ көрінді /2, 165/. Романтикалық тенденция басқа да модернистік көркемдік тәсілдермен, реалистік тенденциямен алмағайып араласып келіп отырды. Қазақ прозасында түрлі көзқарастардың, көркемдік жүйелердің өзара жарысуы мен тоғысуы әдебиетті жаңа сапаға көшіріп, жаңа деңгейге көтерді.

Осы тұста қазақ прозасында суреткерлердің жеке шығармашылығында, нақты бір туындыларында реалистік және романтикалық бастаулардың сан қилы байланысқа түскен мысалдарын бақылауға болады. Мұның астарында адам мен қоғам, жеке тұлғаның рухани ұмтылыстары мен әлеуметтік әрекеттері арасындағы алуан түрлі қарым-қатынастары жатыр. Романтизм басқа да әдеби әдістермен күрделі синтезге түсіп, модернистік таныммен трансформацияланып, тамырласып жатты. Нақты қаламгер туындыларын белгілі бір әдістің қазығына байлау, тек романтизмге, я таза реализмге, т. б. жатқызу тәжірибелерінің жеміссіз болатыны да сондықтан.

Әлем әдебиетіндегі Рабле, Боккаччо, Лопе де Вега, Шекспир мен Сервантесті замандастары романтик-жазушылар деп таныған. Қазіргі әдебиеттануда зерттеушілер оларды реалистер деп қабылдайды. Бұл анықтаманың қате болғаны ма сонда? Жоқ, әрине. Шындығына келгенде, бұл ұлы суреткерлер әрі романтик, әрі реалист болған. Әңгіме тек осы бейнелеу тәсілдерінің ара-қатынасында ғана.

ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңес әдебиетінде ХІХ ғасырда орыс әдебиетінде, батыс Еуропа әдебиеттерінде орын алған жағдай байқалды - мифтік шығармашылық неоклассицизмнің (социалистік реализмнің) догмалары мен схемаларына қарсылықтың, оппозицияның нәтижесінде өзіне жаңа жол тапты. Қазақ прозасындағы мифтік шығармашылықта романтикалық ізденістердің рухы оянып, көзі ашылды.

Алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан мифтің өркениет дамыған бүгінгі таңда өзінің бастапқы қалпын сақтап қалмасы түсінікті жайт. Архаикалық мифтердің трансформациялануы көркем әдебиетке мифтік шығармашылықты биік өнер ретінде бағалауға, әлемдік мәдениет қатарынан орын алуда жаңа мүмкіндіктер туғызды. Бірақ шығарманың романтикалық белгісін бір ғана аңыздық желі арқылы анықтау арқылы аздық етеді. Мифтік мазмұны аралас келетін шығармалардың баршасына романтизм таңбасын оп-оңай баса салу шарт емес. Өйткені романтизмнен басқа әдеби бағыттарда да мифтік, фантастикалық элементтерді қолдану үрдісі бар. Алайда «мифологизм - романтизм қырларының бірі, бірақ шешуші қыры емес. Оның толыққанды болуы үшін романтикалық шарттылық қажет» /3, 149/.

Мифтік, аңыздық сюжеттердің 1970-90 жылдары көркем шығармада дамуы, өрістеуі шартты түрде болды. Мифологизмге жақын жазушылардың көбіне ортақ қасиеттер: «өткенге де, болашаққа да қатысты ауқымды философиялық жинақтауларға бейімділік; халық ауыз әдебиетінің поэтикасымен, эстетикасымен ішкі үндестік; көтеріңкі - эмоциялық, романтикалық стильге жақындық . . . Анығын айтқанда, мифотворчествоға барып жүрген кейбір жазушыларды «таза» - дәстүрлі реалистер қатарына жатқызуға да бола бермес» /4, 6/.

Мифтік шығармашылық ХХ ғасырда жаңа көркемдік деңгейге, сапалық қасиеттерге қол жеткізді. Адамзаттың бала кезінен жасаған рухани дүниесі болып саналатын мифтер мен фантастика қаламгер үшін жаңа көркемдік мақсатта ғана емес, бүгінгі күн мәселелерін шешуде трансформацияланып, жаңғырып, жалғасын табуда.

Көркем ой тәжірибесінде аңыздар мен мифтер көркем әдебиеттің әр жанрына терең сіңіп, өзінің символикалық және аллегориялық мән-мағынасымен баса назар аударуда. Көркем әдебиетте бұл форма түрлі жағдайларға байланысты, жазушының қажетіне қарай қолданыс табады. Қазіргі қазақ әдебиетінде жазушылар халық шығармашылығының дәстүріне сүйене отырып, тың, жаңа әдебиетке тән жаңа «ертегі», «аңыз» жасайды. Аңыз-әңгімелерді пайдалануда болсын, оларды жаңадан «жасауда» болсын, жазушылар ұстанатын басты принциптер өзара жақын. «Аңыз-ертегілік үлгілер бір шығармаларда өмір шындығын суреттеудегі көптеген амал-тәсілдердің бірі ретінде қолданылса, басқа бір шығармаларда «авторлық идея мен объективті идеяның жарыса дамып, тоғысып түйісер арнасына айналады» /5, 70/.

Кеңес дәуірінде әдебиет адамтану құралы емес, саясаттанудың идеологиялық құралына айналғанда жазушылар аңыздар мен мифтерден адам рухын ардақтайтын терең философиялық жинақтаулар, мәңгілік уақытпен үндесетін тың тақырыптар тапты. Жазушылардың қолдануындағы «аңыздық, мифтік сюжеттердің кей кездері символдық образдар арқылы берілуі, шығарма кейіпкерлерінің бейнелілік бітіміне нұқсан келтірмейді. Аңыздан ақиқат іздеген суреткер оның бетіндегі бүркеусіз тұрған бітімін емес, жұмбақ сыры жатқан ойыңды ойран, ақылыңды айран ететін астарынан символдық жұмбақ бейнелерден мән-мағына табуға ұмтылады» /148, 81/.

Зерттеуші А. Ісімақова осы турасында: « . . . Миф поэтикасы бүгінгі күнді терең уақыттық межемен байытады, әрекет етуші мәдени метафоралар мен ассоциациялар қорын кеңейтеді. Нәтижесінде бір кездері мағыналық мән алған поэтикалық формулалардың (архетиптердің) «жандану» процесі жүреді /6, 382/ дейді.

Қазіргі қазақ прозасында мифтік бастаудың әсері күшті. Қаламгерлер өз шығармаларында аңыз-әңгімелерді, діни көне сюжеттерді кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік өлшемдердің күрделенуіне әкелді. Бұл ретте қаһармандардың ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын, олардың жан дүниесінің, санасының, жадының, қиялының кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан адаммен байланысты философиялық мәселенің түп негізіне бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.

ХХ ғасыр әдебиетінде қоғамда қалыптасқан саяси, экономикалық жағдайлардың, ядролық жарылыс қаупінің, экологиялық апаттың күшеюіне байланысты адам болмысының константаларын қайта қарау процесі жүрді. Адам өткеннің, қазірдің және болашақтың тоқайласар нүктесінде бейнеленіп, ал оның ішкі әлемі тарихи уақытпен, мифпен бірлікте қарастырылды. Мифологизмнің өз дәуіріндегі қоғамда бел алған рухани бастауға қарсы, адамзат дамуына кері әсерін тигізетін жат құбылыстарды әшкерелеудегі көркемдік қызметі ерекше. Миф бүгінгі өркениеттің даму сатысында қайталанбас жаңа мазмұнға ие. Ол жаңа қасиеттермен толыға түсті. Ең алдымен, мифологизм өсиетшілдіктен, дидактизмнен, ақыл айтушылықтан арылды. Мифтік сюжеттер шығармада бүгінгі күннің күрделі де қарама-қайшылығы мол адамгершілік, рухани жағдайымен үндес келеді. Қазіргі қазақ романындағы мифологема метафора ретінде, қазіргі болмысты жалпы адамзаттық адамгершілік тәжірибесі контекстіне енгізудің қандай да бір көркемдік тәсілін айқындау факторы ретінде көрінеді.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасыр прозасында мифопоэтикалық формаларды қолдану мен пайымдауында романтикалық дәстүрлердің ізі көрінеді. Неомифологизм феномені, яғни жаңа кезеңнің мифі ретінде қабылдайтын мифологиялық универсалиилер қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан да айқын таныла бастады. Қазақ жазушыларының шығармаларында романтикалық мифологема белгілі бір уақыттың, тарихи дәуірдің шеңберінен тыс рухани бағдар, халықтың рухы мен рухани өмірін бейнелейтін көркемдік құрал ретінде қолданылды. Қазақ прозасында романтикалық мифопоэтикалық формаға бүгінгі өзекті мәселелердің ену формасы сан түрлі болды - авторлық шегіністер, толғаныстар, символдар, аллегориялар поэтикасы, т. б.

Қазақ романтиктерінің шығармаларында Еуропа романтизміндегідей ертегілік сипат пен мистицизм мотивтері молынан ұшыраспайды. Бірақ қазақ прозасында да көркем шығарманың құрылымында романтикалық мифологема трансформацияланып, күнделікті болмыстан тыс поэтикалық биікке көтеріліп, жоғары формадағы универсум жасай алды. Өткен дәуірлердің рухани тәжірибесін, рухани уызын жинақтаған мифология жазушылардың өзін-өзі бейнелеуінің де тәсіліне айналды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиеттің негізгі бағыттары мен ерекшеліктері
Жазушы прозасындағы тұлғаның психологиялық болмысы
1960-1980 жылдардағы қазақ прозасындағы адам концепсиясы
Лирикалық проза жайлы
Мемуарлық шығарма (конспект)
Т. Әбдіковтің прозасын жанрлық, тақырыптық тұрғыдан кең көлемде қарастыру, қазақ прозасының түрлі жанрында жазылған шығармаларындағы көркемдік-идеялық ерекшеліктерді, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастарды адам мәселесі тұрғысынан саралау, қаламгердің дара стильдік белгілерін көрсету
Қазіргі қазақ повесть - әңгімелеріндегі лиризм
Қазақ прозасының зерттелуі
Мінез және лиризм
Оңғарсынова Фариза
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz