Әлеуметтану пәнінен оқулық


Пән: Социология, Демография
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 190 бет
Таңдаулыға:   

АЛҒЫ СӨЗ

Құрметті оқырман!

Кәдуілгі санада әлеуметтану әр түрлі сауалдар қоюдан тұрады дегенге саяды. Бұлайша түсіндіру бұл ғылымның орасан зор әлеуетін көлеңкелейді. Дегенмен де, әлеуметтанудың О. Конт пен Э. Дюркгеймнен, Т. Парсонс пен Р. Мертоннан, Г. Гарфинкель мен И. Гофманнан бастау алатын екі жүз жылдық тарихы осы ғылымның аса құнды теориялық және әдістемелік жетістіктерін паш етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманның өзекті проблемасы - жаһандану мен қоғам дамуының жаңа үрдістерінің пайда болуы жағдайындағы социумның күрт күрделеніп кетуі. Оған жауап ретінде әлеуметтану зерттеу өрісін күрт ұлғайтты. Соңғы онжылдықтарда гендерлік әлеуметтану, этноәлеуметтану, халықаралық қатынастар әлеуметтануы пайда болды, урбанистикалық және өңірлік әлеуметтанудың екінші тынысы ашылды, мәдениет әлеуметтануы, девианттық мінез-құлық әлеуметтануы, басқару әлеуметтануы және т. б. сапалық жағынан өзгерді.

Мұндай «онтологиялық ұлғаюға» әлеуметтану анағұрлым дайын болып шықты. Бұл жерде кездейсоқтық жоқ. Әлеуметтану білімінің мазмұндық дамуы үш тұғырнамаға сүйенеді. Біріншіден, өткен ғасырдың бүкіл өнбойында қуатты және кескінді жалпы модельдерді туғызған қарқынды теориялық пікірталас жүріп отырды. Құрылымдық-функционалдық парадигманың, этноәдістеменің, нышандық интерактивизмнің, құрылымдану теориясының, феноменологиялық әлеуметтанудың пайда болуын еске алсақ та жетіп жатыр. Мұның барлығы қазіргі заманғы социумның өзін-өзі түсінуіне орасан резерв әзірледі. Екіншіден, ХХ ғасырдың бүкіл өнбойында орта деңгейдегі теорияның - әлеуметтік стратификацияның әр түрлі тұжырымдамаларынан бастап отбасы әлеуметтануына дейінгі егжей-тегжейлі әзірлемелер жүріп отырды. Ақырында, өткен жүзжылдықта әлеуметтану әлеуметтік басқару мен болжам жасаудың қуатты құралына айналған әлеуметтік зерттеу әдістерін егжей-тегжейлі дамытудың арқасында «қалыпты» ғылым сипатына ие болды.

Қазақстандағы әлеуметтанудың дамуын осы пәннің жалпы дамуынан тыс қарауға болмайды. Қазақстандық әлеуметтанудың қазіргі жай-күйіне баға беруді және оның келешегін қарастыруды жалпыәлемдік үрдістермен байланыста жүргізу қажет.

Тұтастай алғанда, біздің елімізде әлеуметтанудың институцио-налдануы іске асты. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында кафедралар ашылып, жүздеген мамандар даярланды. Соңғы он жылда бірнеше ондаған докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бірқатар жеке меншік зерттеу құрылымдары ашылды. Салаларды белгілі бір саралау болып өтті.

Еліміздегі әлеуметтану дамуының ерекшелігі онымен бастапқы кезеңде негізінен әлеуметтік философия саласы мамандарының шұғылданғандығы болып табылады. Бұл бұрынғы КСРО-дағы әлеуметтанудың жалпы жай-күйін білдіретін еді. Бірақ әлеуметтану ұғымдық деңгейде де, әдістемелік деңгейде де басқаша - басқа верификация өлшемдерімен, зерттеудің басқа әдістерімен, жеке санаттық торда жұмыс істейді. Біртіндеп олардың алшақтықтары айқындала бастады. Әдістемелік деңгейде ол игеріліп, Қазақстанда жақсы өрістік зерттеушілер пайда болған болса, ал теориялық әлеуметтану, өкінішке орай, уақыттан едәуір артта қалып келеді.

Бұл оқулық әлеуметтану саласындағы қазақстандық алғашқы осындай басылымдардың бірі және ол әлеуметтанудың проблемалары мен әдістерін жинақтап жазудың әбден пісіп-жетілген қажетін қанағаттандыруға бағытталған.

Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының

президенті, әлеуметтану ғылымдарының докторы,

профессор М. М. Тәжин


КІРІСПЕ

Әлеуметтану - қызықты және іс жүзінде пайдалы ғылым. Ол қоғамда және адамдар арасында не болып жатқанын, әлеуметтік өзгерістердің қалай жүзеге асырылатынын және өмірдегі сан алуан трансформацияның нәтижесі қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтану ғылымы қоғамның қараңғыда қармаламай, мақсаттары мен мүддесін, болжам нәтижелерін айқын түсіне отырып саналы түрде алға басуына жәрдемдеседі. Таза ой-тұжырым ғылымы болмағанымен әлеуметтану, біріншіден, басқа қоғамдық ғылымдарда сәтті пайдаланылатын мықты тәжірибелік базаға сүйенеді, екіншіден, оның өзі әлеуметтік практиканың сенімді теориялық негізі болып табылады.

Қазіргі таңда еңбек нарығында экономистермен, заңгерлермен және психологтармен қатар әлеуметтанушыларға да сұраным өсіп келеді. Егер де экономика, заң және психология ғылымдары кеңестік дәуірдің өзінде жете дамыған болса, қазіргі Қазақстан үшін әлеуметтану - салыстырмалы түрде алғанда жас ғылым. Ол ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда бізде кеш қалыптасты және қазір ол жаңа егемен мемлекеттің қаз тұруы жағдайында дамып келеді. Қазақстанда әлеуметтану ғылымының практикадағы сұраныстардан және әлемдік стандарттардан кешеуілдеуіне, білікті кадрлардың, әлеуметтік-экономикалық ақпараттың, оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығына қарамастан, әлеуметтанудың институттануы қарқынды жүріп жатыр. Оның негізгі дәлелі әлеуметтанудың тиісті кәсіби білім алатындар үшін ғана емес, жоғары оқу орындарын бітіретін жүздеген мың жас мамандардың да оқу пәніне айналғаны болып отыр. Болашақ Қазақстан қоғамында ерекше ұстанымға ие болатын қазіргі студенттер таңдаған саласында ғана кәсіби даярланып қоймай, әлеуметтік ұйымның, қоғамдық өзгерістердің даму заңдарын білетін әлеуметтік жағынан білікті, қоғамды талдау дағдыларын меңгерген адам болуға тиіс.

Соңғы жылдары қазақстандық оқырмандар батыстың әлеуметтану ойларының белгілі авторларының негізгі еңбектерімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Ресейлік әріптестер Э. Дюркгеймнің, М. Вебердің, Т. Парсонстың, Н. Смелзердің, Р. Аронның және басқа-лардың іргелі еңбектерін орыс тіліне аударып, басып шығарды. Олардың тұжырымдамаларының әр түрлі қырлары ғылыми жарияла-нымдар мен зерттеулерде көрініс тапқан. Сонымен қатар әлеуметтану проблемалары отандық авторлардың еңбектерінде, оның ішінде қазақ тілінде басылатын еңбектерде енді ғана көріне бастады. Іс жүзінде Қазақстанда төл оқулық, мұндай жанрдағы кітап шығарудың қалыптасқан дәстүрі жоқ, басқа ғылымдармен салыстырғанда тиісті бай тәжірибе де жоқ. Әлеуметтанушылық білім беру саласында: а) әлемдік әлеуметтанудың классикалық мұрасын құрайтын жетекші шетелдік теориялар мен парадигмаларды; б) ТМД елдері әлеуметтануының алтын қорын құрайтын кеңестік және одан кейінгі кезеңдегі үздік теориялық және эмпирикалық жасалымдарды; в) ағымдағы қазақстандық шынайы жағдайды талдау, бүгінгі болып жатқан әлеуметтік процестерді, олардың серпінін, бастау көздері мен салдарларын талдауды орайлы ұштастыратын осы заманға сай оқулықтар басып шығаруға деген өткір қажеттілік бар екені айқын.

Қазіргі таңда мұндай оқулықтар жасауға қолайлы жағдай бар деп айтуға әбден болады. Бір жағынан, олардың тұжырымдамалық өзегін кәсіби әлеуметтанушылық білім алу үшін міндетті түсініктер мен категориялардың ең кем дегендегі қажетті жинақталымын беретін жоғары оқу орындарына арналған әлеуметтану бойынша мемлекеттік білім беру стандарты құрап отыр. Екінші жағынан, қазіргі заманғы әлемдік, ресейлік және белгілі бір дәрежеде отандық әлеуметтанудың жетістіктері қоғамымыздың әлеуметтік құрылым мен бөлшектелу, қақтығыстар мен девианттық мінез-құлық, әлеуметтік институттар мен процестер т. б. іргелі проблемаларын неғұрлым толық және терең қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл оқулық - әлеуметтану курсы бойынша әлеуметтік проблемаларды шетелдік және отандық әдебиеттегі кең ауқымды теориялық материалдар негізінде тұжырымдау, жүйелеу әрекеті жасалған алғашқы іргелі оқулықтардың бірі. Әлеуметтану әлемге ерекше көзқарасты, қоршаған ортаны көре білудің ерекше тәсілін туғызады. Әлеуметтанушының дүниені қабылдауы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің нәзік материясын ұғынуды - түйсіктің ерекше түрін құрайтын әлеуметтанушылық ойдың санаттық құрылымымен реттеледі. Оқулықтың басты міндеті - әлеуметтануды тұтас және қарама-қайшылықсыз әдістемелік және тұжырымдамалық аппараты бар және әлеуметтанушылық фактілердің берік іргетасына негізделген ғылым ретінде баяндау. Оқулықтың функциялары - студенттерге ғылыми құралдарды, теорияларды және әдістерді пайдалану ережелерін үйретіп қана қоймай, бұдан да маңызды нәрсе - қоршаған болмысты көре білуді, студенттің талдамалық ойлауын, мәселенің маңызын өз бетінше тани білуін, болашақ кәсіби қызметіне дайындалу қабілетін қалыптастыру.

Оқулықтың құрылымын жасаған кезде, сондай-ақ мәселелердің маңызын ашқан кезде авторлар оны қазіргі отандық әлеуметтанудың алдында тұрған міндеттер тұрғысынан қарады. Бұл - әдістемелік-теориялық негіздемені және оларға сәйкес келетін әдістеме мен техниканы игеру, әлемдік әлеуметтанудың қабылданған ортақ ғылыми стандарттары деңгейіне шығудың жолын іздестіру және әлеуметтану ғылымының жан-жақты тілін игеру. Сонымен қатар, авторлар мемлекеттік стандарт талаптарының барлығын жүзеге асыруға, ал проблеманы баяндаған кезде біржақты баға беру мен түсіндіруден аулақ болуға және жетекші мамандардың ұстанымдарын беруге барынша тырысты. Оқулық әлеуметтанудың төрт маңызды бөлімін - әдістемені, әлеуметтану тарихын, арнайы әлеуметтанушылық теориясын және әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу әдістемесі мен техникасын қамтиды.

Ғылымның не екенін, теориялық білімнің құрамдас бөлігі ретіндегі әлеуметтанудың не екенін білмейінше, олардың құрамдас бөліктері, олардың мазмұны, әлеуметтанудың басқа бөлімдері туралы білімді одан әрі дамыту мүмкін емес. Әлеуметтанудың іргелі білім екені оның пәнінен айқындалады, онда негізгі ұғымдар мен категориялар өзара қисынды қарама-қайшылықсыз тәсілдермен байланысқан. Пәнділік - ғылымды танымның басқа түрінен ажырататын алғашқы белгі. Бұл деген сөз осы пәннің өзіндік, ерекше пәндік саласы, яғни осы салаға кіретін және осы ғылым зерттейтін объектілердің елеулі қасиеттері мен белгілерінің жиынтығы бар екенін білдіреді. Сондықтан да осы кітаптың бірінші бөлімі әлеуметтанудың объектісі мен пәні, оның ғылымдар жүйесіндегі орны мен рөлін қарастырудан басталады.

Әлеуметтану ғылымының тұжырымдамалық-ұғымдық аппараты-ның маңызы орасан зор. Біз әлеуметтанудың ұғымдық аппаратының қалай өзгеріп жатқанының, оның жетіліп, байып жатқанының, түсініктердің қалай жаңа мазмұнмен толығып жатқанының куәсіміз, бұлар зерделенетін шынайы өмір туралы біздің ұғымымызды едәуір тереңдетіп, нақтылай түседі. Оқулықта әлеуметтану ғылымының маңызды санаттары мен түсініктері туралы ұғым тұжырымдалады, онда зерделенетін әлеуметтік шынайы өмірдің елеулі қасиеттері, олардың бір-бірімен байланысы және қарым-қатынасы, шынайы әлеуметтік процестер қамтылады. Негізгі түсініктер шеңберін анықтап алу әлеуметтік процестерді зерттеудің әдістемелік негізін жасауға, әлеуметтік байланыстар, қарым-қатынастар, тәуелділіктер аясында түсіндірілуі керек объектілерді сипаттау мен талдауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда әлеуметтанудың дербес ғылым болып қалып-тасуының қиын да күрделі жолы авторларды осы оқулықта әлеуметтанудың тарихы, қазіргі жай-күйі және үрдістері туралы мәселелерді қамтуға зор көңіл бөлуге міндеттейді.

Оқулықтың екінші бөлімі әлеуметтанудың тарихына арналған. Мұнда әлеуметтану білімін қалыптастырудың тарихи және әдістемелік алғышарттары берілген, сондай-ақ қазіргі заманғы жаңа әлеуметтанудың ғылыми базасын құрайтын өзекті сәттер мен теориялық-әдістемелік принциптер баяндалған. Оқулық авторлары өз міндеттерін, біріншіден, оқырманның жан-жақты баяндалған материалдарды түсінуіне, мектептердің, бағыттар мен ағымдардың шексіз алмасуында өз бағытын табуына көмектесу, екіншіден, оқырманға әлемдік әлеуметтанудағы ойдың жетістіктерін жеткізу, оның даму қисынын көрсету деп біледі. Оқырман қандай да бір тұлғалармен және тұжырымдамалармен таныса отырып, өзінің білім қорына жаңа нақыш қосады, сондай-ақ әлеуметтану ғылымының мазмұнын әр түрлі көзқарас тұрғысынан көре білуді үйренеді деп үміттенеміз. Әлеуметтану үшін оның тарихы туралы мәселе - қосалқы емес, мазмұнды да маңызды проблема. Қоғам туралы ғылым ретінде әлеуметтану ХІХ ғасырда пайда болды. Бірақ одан ерте уақыттарда да адамдар қоғам дамуының қисынын, ондағы өзінің рөлі мен орнын түсіне білген, өздерінің қоғам, өмірлік күш-жігері туралы түсініктеріне қарай қоғамдық мінез-құлықтарын қалыптастырған. Әлеуметтану ғылымы ХІХ ғасырда бірден қалыптаса салған жоқ, қоғам туралы көпқырлы ілімнің негізінде және әр түрлі көзқарастарды сын көзбен қайта пайымдау, тұжырымдау процесінде қалыптасты. Бұл бөлімдегі ерекше маңызды нәрсе әлемдік әлеуметтану ғылымы генезисіне Шығыс елдеріндегі әлеуметтік білім саласында орныққан үрдістердің енгізілуі болып табылады. Шығыста мифологиялық, діни және философиялық ілімдерден, әлеуметтік өмір мен мәдени даму, адамның қоғаммен және табиғатпен қарым-қатынасы тәжірибесінен өрбіген әлеуметтанушылық ойдың туу тарихы мен эволюциясы бай, сан қырлы, көбіне бірегей. Ұзақ жылдар бойы Шығыстың әлеуметтанушылық ойларын елемей, батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер тәжірибесінің маңызын асыра бағалауға байланысты бұл материалдар ресейлік, еуропалық, американдық әлеуметтану жөніндегі оқулықтарда жоқ. Бүгінгі күні әлеуметтану тарихы мен оның қазіргі заманғы жетістіктерін тек еуропалық, батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер аясынан ғана іздеудің қате екендігі айқын болып отыр. Оқулықта авторлар Шығыстағы жекелеген діни-философиялық, философиялық-этикалық ілімдердің, сондай-ақ олардың өкілдерінің әлеуметтанушылық ойлары дамуының үлесі мен өзіндік ерекшеліктерін сипаттай отырып, әлеуметтанушылық білім берудегі ақтаңдақтарды жоюға тырысты.

Үшінші бөлім бүгінде ғылыми практикаға берік енген бірқатар арнаулы әлеуметтану теориясына арналған. Осы бөлімді жазған кезде авторлар экономикалық әлеуметтануды және саяси әлеуметтануды, ғылымдағы, білім берудегі, мәдениеттегі әлеуметтануды, экологиялық әлеуметтануды, жанжалдардағы әлеуметтануды және діни әлеуметтануды оқытудың көп жылдық тәжірибесін пайдаланды. Бірқатар тақырыптар - жастар әлеуметтануы, отбасы әлеуметтануы, басқару әлеуметтануы және басқалары көлемдері шектеулі себепті оқулыққа енбеді.

Және, ақырында, төртінші бөлім эмпирикалық және әлеуметтанушылық зерттеулердің әдіснамалары мен әдістерін сипаттауға арналған. Бүгінде әлеуметтанушылық зерттеулердің кәсіби тәсілдерін, дағдыларын пысықтаудың және оларды жүргізе білудің практикалық аспектілерін күшейте білу күн тәртібінде тұр. Эмпирикалық база болмайынша әлеуметтану болмайды. Әлеуметтанушылар әлеуметтану фактілері туралы эмпирикалық деректерді ең алдымен арнаулы әлеуметтанушылық әдістердің, техникалардың, рәсімдердің көмегімен жүргізеді. Әлеуметтану сенімді, анық эмпирикалық деректер алуды қамтамасыз ететін әдістерді пайдаланып, осы деректерді және солардың көмегімен алынған әлеуметтік фактілерді тексеруге жіберетіндігімен де ғылым. Басқа да әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда жиі пайдаланып жүрген осындай кешенді әдістерді әзірлеуге әлеуметтанудың қосқан үлесін жұрттың бәрі мойындайды. Оқулықта рәсімдерді, әдістерді және құралдарды көрсету әлеуметтанушылық зерттеулер бағдарламасын қисынды құрылымдық әзірлеудің шеңберінде жүзеге асырылады. Біріншіден, әлеуметтанушының теориялық жұмысының моделін жасауға мүмкіндік беретін әлеуметтанушылық танымның рәсімдерін, ұрымтал тұстарын паш етеді. Екіншіден, әлеуметтанушының жұмысын нақты жағдайға бейімдеп, іс-әрекеттің қатаң сабақтастығын жоспарлауға мүмкіндік беретін әлеуметтанушылық зерттеуді ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету ұсынылған.

Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған тақырыптарды кешенді қарау, авторлар пікірінше, студенттерге әлеуметтанудан білім беру деңгейін және әлеуметтануды болашақ тұтынушы ретінде де, осы ақпаратқа ықтимал тапсырыс беруші ретінде де және ақырында әлеуметтік проблемаларды ғылыми зерттеуге қатысушылар ретінде де олардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Тұтас алғанда, жоғарыда аталған тақырыптарды жан-жақты кешенді қарау, авторлардың пікірінше, студенттерге әлеуметтанудан білім беру деңгейін, біліктілігін оларды әлеуметтану ақпаратының болашақ тұтынушылары мен ықтимал тапсырысшылары және әлеуметтік проблемаларды ғылыми зерттеуге қатысушылар ретінде қарай отырып көтеруге бағытталған.

Қазақстанда әлеуметтану жағдайы айтарлықтай жылдам өзгеруде. Әлеуметтану қоғамның іргелі әлеуметтік проблемаларын зерделеуге еніп, толыққанды әлеуметтік ғылым мәртебесін алуда. әлеуметтанудың алдында бұрынғыдан да күрделі мәселелер тұр. Олардың ішінде - дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру, маңызды мақсаттарға - республиканың шынайы тәуелсіздігіне, қоғамдық негіздердің нығаюына, құқықтық мемлекет құруға, жаңа технологиялық, құрылымдық, институционалдық негіздегі толыққанды ұлттық нарықтың қалыптасуын қамтамасыз етуге, түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды, т. б. жүзеге асыруға қол жеткізу проблемалары бар. Әлеуметтанудың басты назарында жалпыұлттық идеологиялық басымдықтарды жүзеге асыру - ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, қоғамда жоғары тілдік мәдениетті, тұрақтылық ахуалын және азаматтық келісімді берік орнату шарттарын зерттеу мәселесі тұр. Бұл кәсіби деңгей мен азаматтық жауапкершілікке аса жоғары талаптар қояды.

Оқырмандар әлеуметтану туралы қалыптасқан ғылым ретінде түсінік алады және бұл кітап біздің ғылымымыз бен еліміздің болашағы байланысты болып отырған кәсіби деңгейі жоғары еңбексүйгіш болашақ әлеуметтанушыларға және жоғары кәсіби білім алатын барлық қазақстандықтарға пайдалы болады деген үміттеміз.

Авторлар

І бөлім

ӘЛЕУМЕТТАНУДЫҢ ҰҒЫМДЫҚ

АППАРАТЫ

1-тарау. ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Әлеуметтанудың объектісі мен пәні

Кез келген ғылымды зерделеу алдымен оның объектісін, пәнін, басқа ғылымдар жүйесіндегі және қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындаудан басталады. Әлеуметтану ғылымының осынау белгілерін ол жайындағы түсініктің қазіргі кездегі пікірталасына және әлеуметтанушы мектепке тәуелділігіне назар аудара отырып қарастырамыз.

“Әлеуметтану” термині екі сөзден құралған: латынның socіetas - қоғам және гректің logos - сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда әлеуметтану “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да әлеуметтану пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Ол үшін ең алдымен әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің ара жігін ажыратып алған жөн.

Ғылыми таным объектісіне зерттеу қызметі бағытталатынның бәрі, оған объективті шынайылық ретіндегі қарсы тұратын нәрсенің бәрі жатады. Нақты ғылымның зерттеу объектісі туралы әңгіме болғанда объективті шынайылықтың қандай да бір бөлігі тұтас зерттелмейді, сол ғылымның ерекшелігімен анықталатын жағынан бастап қана зерттеледі. Объективті шынайылықтың нақты бөлігінің басқа жақтары бұл жағдайда қосалқы нәрсе ретінде немесе берілген объектінің міндетті шарты ретінде қарастырылады.

Объект дегеніміз белгілі бір немесе ерекше қасиеті бар объективті шынайылықтың жеке бір бөлігі немесе элементтерінің жиынтығы. Және де объективті шынайылықтың бір саласының өзі көптеген ғылымның зерттеу объектісі бола алады. Мысалы, физикалық шынайылық - көптеген жаратылыстану және техникалық ғылымдардың, ал әлеуметтік шынайылық - қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі. Қоғам адамдардың өзара әрекетінің өнімі ретінде саналы, күрделі құбылыс және барлық қоғамдық ғылымдар үшін ортақ зерттеу объектісі болып табылады. Алайда осы ғылымдардың әрқайсысының өзіндік ерекшеленген зерделеу объектісі бар. Сондықтан көптеген қоғамдық ғылымдардың объектісі тұтас қоғам емес, оның қандай да бір жағы немесе көрінісі. Экономика ғылымдарының ерекшеленген объектісі - қоғамдық өмірдің материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, алмасу және тұтыну сияқты өзіне тән жақтары. Қоғам өмірінің экономикалық саласынан едәуір өзгеше жағы - саяси биліктің ұйымдастырылуына, қызмет етуіне және дамуына байланысты саясат саласы болып табылады. Және де ол саяси ғылымдардың ерекшеленген объектісі болып табылады. Бірқатар ғылымдар - мәдениеттану, әлеуметтік психология, педагогика және басқалар - қоғамның рухани өмірін, рухани құндылықтарды өндіру және бөлу, адамдардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру жолдарын, нысандары мен әдістерін зерделеуге арналған [1] .

Ғылыми білімнің объектісі мен пәні бір-біріне дәл келе ме? Жоқ, дәл келмейді, өйткені кез келген ғылымның объектісі таным процесінің бағытталған нәрсесі болып табылады, ал пән қызметін тікелей зерделенуге жататын объектіні құрайтын тараптарға, байланыстарға, қарым-қатынастарға қызмет етеді [2] . Егер де ғылым объектісі - объективті дүниенің қандай да бір бөлігін танытатын шынайылық дейтін болсақ, ал ғылымның пәні - осы шынайылықтың ғылыми және тәжірибелік көзқарас тұрғысынан неғұрлым маңызды заңды байланыстары мен қарым-қатынастарын анықтау жолымен, сол шынайылықты абстрактілі деңгейде қайта тудыру. Кез келген ғылымның пәні объективті дүниенің жай ғана бір құбылысы немесе процесі емес, оның зерделенетін объектісінің дамуы мен қызмет етуінің басқа ғылым емес, тек қана осы ғылым үшін ерекшеленген белгілі бір заңдылықтарын бөліп қарауға мүмкіндік беретін теориялық абстрактілеу нәтижесі болып табылады. Мұндай абстрактілеу (зерделенетін объектінің үлгісін жасау) әлеуметтік шынайылылықтың әллеуметтанушы қызметі бағытталған “бөлігін”, “саласын”, “қырларын” анықтайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Салыстырмалы кестелердің түрлері
Л.С.Выготскийдің оқыту және дамыту жөніндегі тұжырымдары
Қылмыстық құқық ұғымы
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тарихи-педагоги-калық негіздері
Әлеуметтік мобильдік теориясы
Қазіргі қоғамның түсінігіндегі әлеуметтанудың рөлі
Қазіргі жастардың кітапқа деген немқұрайлылығы
Әлеуметтану және экономика ғылымы
Әлеуметтанудың объектісі мен пәні
Тарихи білімді меңгеру кезеңдері, қалыптасу жүйесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz