Стандарттау, метрология және сәйкестікті растау жұмыстарын жүргізуде негізге алынатын техникалық заңнамалар


Алғы сөз

Стандарттау, метрология және сертификаттау өнімнің, жұмыстың және қызметтің сапасын қамтамасыз етудің басты құралдары болып табылады. Шет елдерде бизнестің табысты болуы өнім мен қызметтің сапасына тікелей байланысты екені жөніндегі тұжырым өткен ғасырдың 80-жылдарының басында қалыптасты. Осы елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай тауар сапасы оны жоғары бағамен өткізудің басты факторына айналды. Осыған байланысты сапаны қамтамасыз етудің стандарттауға, метрологияға және сертификаттауға негізделген тәсілдерін меңгеру дайындаушының нарыққа бәсекелесу деңгейі жоғары өніммен (қызметпен) шығуының басты кепілі, яғни коммерциялық табыстың негізі.

Сапа қай елде болса да өзекті мәселе. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыстан қалжырап шыққан Жапония мен Германия стандарттау мен метрологияны шебер қолдану арқылы өнімнің сапасын қамтамасыз етуге және сол арқылы өз елдерінің экономикасын дамытуға басты қадам жасады.

Қазіргі кезде дайындаушының және оның саудадағы келістірушісінің бәсекеде жеңуі және әлемдік рынокқа шығуы үшін олар тек қана стандарттардың міндетті талаптарын ғана емес, сонымен қатар тұтынушылар ұсынған талаптарды да орындауға мүдделі. Бұл стандарттардың нарықтың ынталандырушысы статусына ие болғандығын көрсетеді.

Процесс стандарттары мен құжаттары (басқару, тауарға ілестірілетін, техникалық) өндіріс және сауда мамандары өзара тиімді келісім жасау үшін білуге қажетті «ойын ережелерін» қарастырады.

Сөйтіп, стандарттау бәсекелестікті қамтамасыз ететін құрал ғана емес, сонымен қатар басқарудың барлық деңгейінде дайындаушы, тапсырма беруші және сатушы араларында тиімді серіктестікті қамтамасыз ету құралы болып табылады.

Бүгінгі күнде жабдықтаушыға стандарттардың талаптарын қатаң сақтау жеткіліксіз, ол тауар өндіруді және қызмет көрсетуді сәйкестік сертификатымен куәландыруы қажет.

Тапсырма беруші мен тұтынушының ең жоғары сенімділігі сапа жүйесінің сертификатымен байланысты, өйткені ол сапа тұрақтылығының, өлшенген сапа көрсеткіштерінің дұрыстығы мен дәлдігінің және т. б. кепілі.

Келешекте кейбір тауар мен қызмет түрлерінің белгіленген талаптарға сәйкестігі тек қана сертификаттау арқылы дәлелденбейді, оны дәлелдеуді дайындаушының (орындаушының) өздері жүргізеді. Бұл жағдайда қызметкерлердің стандарттау, метрология, сәйкестікті растау ережелерін жақсы меңгеріп, іс жүзінде қолдануы үшін мекеме бастығының ролі мен жауапкершілігі арта түседі.

Әртүрлі коммерциялық жұмыстарда метрология ережелерін сақтау өлшеу нәтижесінің қателігінен болатын материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Тез арада шешімін табуға тиісті мәселелердің бірі - ол стандарттау, метрология және сәйкестікті растаудың отандық ережелерін үйлестіру, өйткені бұл Қазақстан Республикасының Дүние жүзілік сауда ұйымына кіруінің және еліміздің осы ұйым шеңберінде тиімді жұмыс атқаруының басты шарты. Үйлестіруді жүзеге асырудағы басты қадам - ол техникалық реттеу жүйесін реформалау.

Дүние жүзілік сауда ұйымының негізгі принциптері, осы ұйымның саудадағы техникалық кедергілерге байланысты келісімінің ереже жиынтықтары елімізде 2004 жылдың 9- қарашасында қабылданып, 2005 жылдың 14 мамырынан бастап іске қосылған Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңының негізіне алынған. Сондықтан бұл заңның іске қосылуы елімізде техникалық реттеуді реформалау жұмыстарының басталғанын көрсетеді.

Еліміздегі нарықтық экономикаға тән бәсекелестік, тұтынушы сенімі үшін күрес коммерция мамандарын стандарттау, метрология және сәйкестікті растау әдістері мен ережелерін өздерінің тәжірибелік жұмыстарында тауар, жұмыс және қызмет көрсету сапаларын жақсарту үшін кеңінен қолдануға мәжбүр етеді.

Стандарттау, метралогия және сертификаттау пәнін оқытудағы басты мақсат - оқушылардың бойында келешекте коммерциялық жұмысты тиімді жүргізу үшін қажетті білім, бағдар және іскерлікті қалыптастыру болып табылады.

Кіріспе

Стандарттау, метралогия және сәйкестікті растау жұмыстарының мақсаты өнімнің, процестің және көрсетілетін қызметтің сапасын қамтамасыз ету.

Сапа - объектінің белгіленген немесе болжамалы қажеттікті қамтамасыз етуге сәйкес көрсеткіштер жиынтығы (ИСО 8402) .

Сапа деген ұғым үш элементті қамтиды: объект, қажеттілік және көрсеткіштер. Осыған байланысты сапаның мәнін толық түсіну үшін осы элементтерді талдау керек.

Объект ретінде іс - қимылдар немесе процесс, өнім, қызмет көрсету, мекеме, жүйе мен жеке тұлға немесе осылардың сан қилы қиыстырулары болуы мүмкін. Осындай қиыстырулардың мысалы ретінде «өмір сапасын» алуға болады. Шет елдерде, ал соңғы кезде біздің елімізде де, тұтынушылардың мүддесі мен құқығын қорғау проблемаларын осы өмір сапасы тұрғысынан қарастырады. Бұл ұғым адамның қажеттілігін қамтамасыз етудің көптеген жағдайларын қамтиды: тауар мен қызмет көрсету сапасын, қоршаған ортаны қорғау, адамның денсаулығын сақтау, білім беру сапасын және басқалар.

Оқулықта сапа коммерцияға, оның негізгі объектілері - өнімге (тауарға), процеске және қызмет көрсетуге қатысты қарастырылады.

Өнім - процестің немесе көрсетілген қызметтің нәтижесі.

Процесс - өнімнің өмірлік циклінің процестерін қоса алғанда, қандай да бір тапсырылған нәтижеге жету жөніндегі өзара байланысты және дәйекті іс - қимылдар (жұмыстар) жиынтығы.

Көрсетілетін қызмет - беруші мен тұтынушының тікелей өзара іс -қимылының және берушінің тұтынушы қажеттіктерін қанағаттандыру жөніндегі ішкі қызметінің қорытындылары.

Тауар - ерікті иесіздендірілетін, бір тұлғадан екінші тұлғаға сатып алу - сату келісімі бойынша өтетін кез - келген зат.

Сапаның екінші элементі - қажеттілік. Қажеттілік сатылы түрде болады. Оның төменгі сатысында тамақ өнімдерінің көмегімен қамтамасыз етілетін қауіпсіздікке қажеттілік. Сатының жоғары деңгейінде эстетикалық қажеттілік, шығармашылықтағы қажеттілік орналасады. Бүгінгі күнде ішкі, әсіресе сыртқы рынокта бәсекеге түсу үшін тұтынушылардың бағалауларындағы өзгерістерді уақытылы болжап, келешектегі қажеттілікті біліп отыру керек. Доктор Э. Демингтің (сапаны жан - жақты басқарудың теориясы мен әдістемелері саласындағы ірі ғалым, «жапон ғажайыбының» авторы) сөзімен айтқанда «тұтынушы өзіне керегін алуы керек, қай уақытта керек болса сол уақытта және қандай түрде қаласа, сондай түрде алуы керек».

Сапаның үшінші элементі - көрсеткіштер. Көрсеткіштер сапалық және сандық болып екіге бөлінеді.

Сапалық көрсеткіштер -материалдың түсі, бұйымның түрі т. б. Сандық көрсеткіштер (параметрлер) тауарды қолдану шеңбері мен жағдайын анықтау және сапаны бағалау үшін қолданылады.

Сапа көрсеткіші - тауар сапасына жататын бір немесе бірнеше қасиеттерінің сандық сипаттамасы. Сапа көрсеткіші тауардың қажеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндігін сандық көрсеткіштермен сипаттайды. Көрсеткіштер әртүрлі өлшемдермен келтіріледі немесе өлшемсіз болады. Көрсеткіштерді қарастырғанда олардың атауы мен мәні анықталады.

  1. Сапаға қойылатын талаптардың сипаттамасы.

Көпшілік тауарлар мен қызмет көрсетуге қолданылатын талаптар: қолдану жағдайы, қауіпсіздігі, экологиялылығы, сенімділігі, эргономикалылығы, ресурстарды үнемдеу мүмкіндігі, технологиялылығы, эстетикалылығы.

Қолдану жағдайына байланысты талаптар: өнімнің орындалуға тиісті (өнімділік, дәлдік, калориялық, қызметтің орындалу жылдамдығы) негізгі функцияларын анықтайтын қасиеті, яғни функционалдық жарамдылығы, шикізат пен материалдардың құрамы мен құрылымы, сыйысымдылығы және өзара алмасымдылығы.

Эргономикалық талаптар - қолдану ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін бұйым конструкциясын адам организмінің ерекшеліктерімен келістіру.

Ресурстарды үнемдеу талабы - шикізатты, материалдарды, отынды, энергияны және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану.

Қауіпсіздік талаптары - зиян келтіруі мүмкін қауіп - қатерді болдырмау.

Сенімділік талаптары - белгіленген функцияларын берілген режимде және қолдану жағдайында, техникалық қызмет көрсетуде, сақтауда және тасымалдауда орындай алу қабілетін сипаттайтын барлық параметрлерге белгіленген шек аралығын әр уақытта сақтау.

Экологиялық талаптар - өнімді өндіру, пайдалану және кәдеге жарату кездерінде оның қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмау.

Технологиялылыққа қатысты талаптар - өнімге сапа көрсеткіштері белгіленіп қойған жағдайда оны дайындауды, қолдануды, жөндеуді аз шығынмен жүргізуге бейімділігі.

Эстетикаға қатысты талаптар - өнім мен қызмет көрсетудің көркемдік бейнені өрнектей алуына, адамның сезім мүшелері арқылы қалыптасатын форма белгілері негізінде (түсі, көлемдік конфигурациясы, бұйымды әрлеу сапасы) әлеуметтік -мәдениеттік құндылығын көрсете алуына қойылатын талаптар.

Міндетті талаптардың құрамын анықтағанда мына жағдайларды ескеру қажет:

  1. Заңдарға және стандарттарға сәйкес міндетті талаптардың тізімі кеңейіп отыруы мүмкін. Мысалы, функционалдық жарамдылық есебінен.
  2. Кейбір тауарлар түрлерінде сенімділік талабы қауіпсіздік талабымен үйлеседі (тамақ өнімдерінің сақталуы, жол көлігінің толассыз жұмыс істеуі) .

Орындалуға тиісті талаптарды қамтитын стандарттардың ережелері нормалар деп аталады. Егер норманың сандық сипаттамасы болса, оны норматив деп атайды.

2. Сапаны бағалау

Сапаны бағалау - объектінің қойылған талаптарды орындауға қаншалықты мүмкіндігі бар екендігін жүйелі тексеру (ИСО 8402) . Егер тексеру кезінде талаптардың орындалмауы себепті сәйкессіздік анықталған болса, онда оны жою үшін мекеме түзету шараларын жүргізеді.

Кез - келген тексеру екі элементтен тұрады: 1) объектінің нақтылы жағдайы жөнінде ақпараттар алу (өнім үшін оның сапалық және сандық сипаттамалары), 2) алынған ақпаратты бұрыннан белгіленіп қойылған талаптармен салыстыру, яғни екінші түрде ақпарат алу.

Өнім сапасын тексеру - өнімнің сапалық және сандық сипаттамаларын тексеру. Сапаны тексеру жұмыстарына өлшеу, талдау, сынау операциялары кіруі мүмкін.

Өлшеу дербес жұмыс түрі ретінде метрологияның объектісі болып табылады.

Өнімді талдау - материалдар мен шикізаттардың құрамы мен құрылымын талдау сараптамалық әдістермен - химиялық талдау, микробиологиялық талдау т. б. жүргізіледі.

Сынау - сынау объектісінің сапалық және сандық сипаттамаларын эксперименттік әдіспен анықтау. Сынау кезінде негізгі қажетті заттар - сынау құрал - жабдықтары, ал көмекші заттар - қажетті реактивтер, материалдар т. б.

Сынау кезінде өнім мен қызметтің сипаттамаларын анықтаудың әр түрлі әдістері қолданылады: өлшеу, сараптамалық, тіркеу (тоқтап қалу санын, зақымдалған өнімдердің санын ж. б) органолептикалық (сипаттамаларды адамның сезім мүшелерінің көмегімен анықтау) .

Өткізу орнына байланысты сынаулар зертханалық, полигондық, табиғи болып бөлінеді. Тауарларды сынаудың негізгі түрі - зертханалық сынау.

Сынау жүргізудің сапа көрсеткіші - дәлдік және нәтижелердің қайталануы. Бұл талаптарды орындау метрология ережелерін сақтауға тікелей байланысты.

Қажетті сынаудың сапасын дәлелдеу үшін зертханалар тіркеуден өтуі керек. Зертханаларды тіркеу - сынау зертханаларын орган ретінде белгілі салада жұмыстарды жүзеге асыруға мекеменің құқықтылығын уәкілетті мемлекеттік органның ресми мойындауы (ҚР СТ. 7. 0 -99) .

Қазақстан Республикасында сынау зертханаларын тіркеуден өткізу жүйесі құрылды. Елімізде сертификаттауды жүргізу ережелері бойынша нақтылы өнімді сынау жұмыстарын жүргізу құқығы тек қана тіркеуден өткен сынау зертханаларына беріледі.

3. Сапа жүйесі

Сапаны жақсарту мәселесін кәсіпорында тұрақты түрде қолданылатын шаралар жүйесін енгізу арқылы ғана шешуге болады. Осындай сапа жүйелері көптеген жылдар бойы құрылып және жетілдіріліп келеді.

Қазіргі кезде ИСО 9000 сериялы халықаралық стандарттарында белгіленген сапа жүйесі қабылданды. Бұл жүйенің негізгі принципі - сапаны басқаруда өнімнің өмірлік циклінің барлық сатылары мен кезеңдерін қамту.

Өнімнің өмірлік циклі - өнімді жобалау, өндіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу, жою және кәдеге жарату процестері, яғни өнімді өндіргенде және пайдаланғанда болып отыратын өзгерістерге сай өзара байланыстағы процестер жиынтығы болып табылады. Өмір циклі маркетингтен басталады.

Маркетинг деңгейінде - өнімге тапсырма берушілер және олардың талаптары анықталады. Жобалау деңгейінде тұтынушының барлық талаптарына сай өнімді жасау қарастырылады. Өндіру кезінде жобада белгіленген сапа деңгейі қамтамасыз етіледі. Айналым деңгейінде қалыптасқан сапа тасымалдау, сақтау, сатуға дайындау, сату кездерінде сақталуы керек. Пайдалану деңгейінде сапаны басқаруға тұтынушы кірістіріледі. Тұтынушының өнімді пайдалану жағдайы жақсы болса, онда оның қолдану мерзімі де артады. Қолданыстан шығару деңгейінде пайдаланылған өнімнің табиғи ортаға зиянды әсерін болдырмау керек. Кәсіпорынның іс - қимылы өнімді қолданыстан шығарумен бітпейді. Осы кезеңге қарай немесе одан да ертерек қажеттілік анықталады және маркетинг жүргізілгеннен кейін кәсіпорын жаңа өнім түрін жобалауға кіріседі. Осылай сапаны басқару саласындағы жаңа айналым басталады.

Сапа жүйесінің қажетті элементтері: ұйымдық құрылымы, әдістемесі, ресурстар мен процестер.

Сапа жүйесінің ұйымдық құрылымы кәсіпорын жұмысын басқару шеңберінде құрылады да, оның бөлімшелерінің және қызмет істеушілерінің арасында құқығын, міндеттерін және функцияларын бөліп беру болып табылады.

Әдістеме - іс - қимылдарды жүргізудің белгіленген тәсілдері (ИСО 8402) .

Ресурстар - қызмет көрсетушілер, қызмет ету құралдары, құрал - жабдықтар, технология.

Процесс (ИСО 8402) - қолданылатын элементтерді (өнімге қатысты - шикізаттар, материалдар) дайын өнімге айналдыратын өзара байланыстағы ресурстар мен іс - қимылдар.

Сапа жүйесінің бар екендігін және оның қойылған талаптарға сәйкестігін осының барлығына тиісті құжаттар болғанда ғана дәлелдеуге болады.

Құжаттар сапа жүйесін жасаушыларға, қолданушыларға және тексеру органдарына көрсетуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, сапа жүйесі - сапаны жалпы басқаруды жүзеге асыру үшін қажетті ұйымдастыру құрылымы, әдістеме, процесс және ресурстар жиынтығы.

4. Стандарттау, метрология және сәйкестікті растау жұмыстарын жүргізуде негізге алынатын техникалық заңнамалар.

Техникалық заңнама - техникалық объектілерге: өнімге, оның өмірлік циклі процестеріне, қызмет көрсетуге және қойылған талаптардың сақталуын тексеруге қатысты талаптарды регламенттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы.

2004 жылдың 9-қарашасында қабылданып, 2005 жылдың 14 мамырынан іске қосылған. Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңы 1999 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Стандарттау туралы» және «Сертификаттау туралы» заңдарының күшін жойды. Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» заңының іске қосылуы құқықтық тұрғыдан өнімнің, қызмет көрсетудің және процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің жаңа кезеңінің басталуы болып табылады.

Құрылып жатқан техникалық реттеу жүйесінің жұмысын әрі қарай жетілдіруде келесі маңызды қадам, ол 2006 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы. Осы заң бойынша бұрын қабылданған 33 заңның 274 статьяларына, соның ішінде «Техникалық реттеу туралы» заңның 29 статьясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Техникалық реттеу жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты, ол адам өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, соның ішінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғаудың нәтижелі жүйесін құру және саудада қисынсыз, артық кедергілерді болдырмау. Ол үшін мына шаралар көзделеді:

- өнімнің ерікті стандарттарын міндетті техникалық регламенттерден бөлу (өмір мен денсаулықты қорғауға қатысы барларын) .

- ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен ең жоғары деңгейде үйлестіру.

- сәйкестікті растау жүйесін ымырашылдандыру және әрбір мүмкін жағдайда сәйкестікті ерікті растау схемасын енгізу.

- тәуелсіз және алаламайтын аккредиттеу жүйесін құру.

- Қазақстанның сәйкестік сертификатының шетелдік рыноктарда мойындалуына қол жеткізу.

Практика тұрғысынан Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» заңын қабылдауға қандай ішкі және сыртқы себептер ұйытқы болғанын білу маңызды. Мұндай себептердің бастылары мыналар:

- бірінші жағдай - елдің техникалық заңдылықтарын дамыған шет елдердің заңдылықтарына мүмкіндігінше жақын үйлестіру. Тек қана осындай үйлестіру арқылы еліміздегі бизнес қазіргі замандағы экономикалық кеңістікке кіре алады және барлық болып жатқан өзгерістерге дер кезінде құлақ асып, бәсекелестікке дайын болуға тырысады.

- екінші жағдай - кәсіп иелерінің талпынысы мен азаматтық бизнесіне мемлекет тарапынан қойылатын артық әкімшілік кедергілерді болдырмау. Стандарттарда келтірілген санитарлық ережелер мен нормалар, құрылыс нормалары мен ережелері және т. б. өте көлемді және нашар реттелген міндетті талаптар кәсіп иелерінің жұмысын шектейді.

Осы жағдайдан туындайтын мәселелерді шешудің басты бағыты - ол тексеру жұмыстарының маңызды бөлімдерін реформалау - шаруашылық іс-әрекеттерге қатысушыларға қойылатын мемлекеттің міндетті талаптарын инвентаризациялау. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша кәсіп иелерінің іс-әрекеттері тек қана Заң арқылы шектеледі және Конституция нақтылы түрде қорғайтын жағдайларға қатысты жүргізіле алады. Осындай Конституция қорғайтын жағдайлар - ол адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келтірмеу.

Міндетті талаптарды үйлестіруге тырысу, жоғарғы деңгейдегі нормативтік актілер арқылы кәсіп иелерінің қаржылық емес сипаттағы міндетті талаптарын белгілеу қазіргі заманға тән дүниежүзілік тәжірибеден туындайды. «Техникалық реттеу туралы» заңында келтірілген отандық техникалық реттеу жүйесі осы тәжірибені ескере отырып құрылған.

4. 1. Техникалық реттеу туралы түсініктеме

Тиімді жұмыс атқаратын Дүниежүзілік рынокті мемлекеттер тарифтік және техникалық (тарифтік емес) кедергіні жоюға бағытталған шараларды қолдану арқылы құра алады.

Техникалық кедергі деп техникалық регламенттерде және стандарттарда қамтылатын талаптардың әр түрлілігі немесе өзгермелілігі салдарынан товарды рынокқа шығарғанда туындайтын, дағдылы коммерциялық практикамен салыстырғанда үстеме шығынға әкелетін жағдайларды айтады.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің басты шарттарының бірі, ол осы ұйымның саудадағы техникалық кедергіге қатысты келісімінің талаптарын сақтау болып табылады.

Техникалық кедергілерді жоюға қатысты программалардың негізін Үкіметтің шаруашылық субъектілерінің рыноктағы жұмыс ретін ұйымдастыруға бағытталған техникалық реттеу шеңберіндегі іс қимылдары құрайды.

Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» заңына сәйкес техникалық реттеу - санитарлық және фитосанитарлық шараларды қоспағанда, сәйкестікті растау, аккредиттеу және белгіленген талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі қызметті қоса алғанда, өнімге, көрсетілетін қызметке, процестерге қойылатын міндетті және ерікті талаптарды анықтауға, белгілеуге, қолдануға және орындауға байланысты қатынастарды құқықтық және нормативтік реттеу.

Елімізде міндетті талаптар көптеген құжаттар түрінде белгіленіп келді (мысалы, санитарлық ережелер мен нормалар, құрылыс нормалары мен ережелері және т. б. ) . Техникалық реттеудің мұндай жүйесі халықаралық практикаға сәйкес емес. Халықаралық тәжірибеде стандарттар ерікті құжат түрінде қарастырылады да, негізгі талаптар «техникалық регламент» деп аталатын бір құжатта шоғырланады. Стандарттар техникалық регламенттерде, оларға сілтемелер жасалғанда ғана міндетті түрде орындалуға тиісті, өйткені олар өнімнің, қызмет көрсетудің техникалық регламенттерде белгіленген нормалары мен талаптарына сәйкестігін дәлелдеу негізі ретінде қарастырылады.

Техникалық регламенттің мысалы ретінде Еуропа Одағының заңнамаларын келтіруге болады. Еуропа Одағында стандарттар ерікті түрде болғанымен қолданыстағы техникалық реттеу жүйесі олардың орындалмауына жол бермейді және бұл жағдай өнімдер мен қызмет көрсетудің басым үлесін қамтиды. Мысалы Еуропа Одағында техникалық реттеумен өнімнің 75 пайызы қамтылған.

Өнімнің қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті Үкімет дайындаушылардың өздеріне жүктейді, яғни оларға үлкен сенім білдіреді. Еркін рынок жағдайында оның ережелері өте қатаң. Егер дайындаушы тұтынушының сенімін анықтамаса, онда ол рынокқа қайтып оралмауы мүмкін. Осы себепті дайындаушылар техникалық регламенттердің және оларға үйлестірілген стандарттардың талаптарын бұлтарыссыз орындайды.

Техникалық реттеудің халықаралық жүйесінің құрамына техникалық нормаларды тағайындау, оларды бағалау және растау кіреді. Осындай техникалық ережелерге үйлестірудің қарапайым схемасы дүние жүзінің көптеген елдерінде қолданылады.

Техникалық реттеу объектілері өнім, көрсетілетін қызмет, процестер. Мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес техникалық реттеу объектілеріне қатысты пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.

Техникалық реттеудің басты элементтері:

- өнімге және өнімнің өмірлік цикліне қатысты процестерге міндетті талаптарды белгілеу, қолдану және орындау.

- өнімге, өнімнің өмірлік цикліне қатысты процестерге, қызмет көрсетуге ерікті негіздегі талаптарды белгілеу және қолдану.

- сәйкестікті бағалау шеңберінде құқықтық реттеу.

Бірінші элемент метрология ережелеріне техникалық регламенттерді қабылдау және қолдану арқылы, екінші элемент стандарттау арқылы, ал үшінші элемент сәйкестікті бағалау арқылы жүзеге асырылады.

4. 2. Техникалық регламенттер туралы түсініктеме

Техникалық реттеудің басты мақсаты - техникалық регламенттерді қабылдау.

Техникалық регламент - өнімдерге және (немесе) олардың өмірлік циклінің процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзірленетін және қолданылатын нормативтік құқықтық акт.

Техникалық регламенттерді қабылдау мақсаттары:

- адам өмірі мен денсаулығын, жеке немесе заңды тұлғалардың мүліктерін, мемлекеттік және муниципалдық мүліктерді қорғау.

- қоршаған ортаны, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау.

- өнімнің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын іс-әрекеттердің алдын алу.

- саудадағы техникалық кедергілерді жою.

- отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

- табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу.

Техникалық регламенттердің мазмұнына қойылатын талаптарға мыналар кіруі керек:

- техникалық регламенттердің талаптары қолданылатын өнімдердің, осы өнімдердің процестерінің толық қамтылған тізбесі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Өнімдердің сапасы және қасиеттері
Сертификаттау туралы түсінік
ИСО халықаралық стандарттары
Құрылыс саласындағы метрологиялық қамтамасыз ету
Халықаралық стандарттар
Қазақстан Республикасында стандарттаудың мемлекеттік жүйесі
Стандарттау және метрология,экология, сапа, денсаулықты қорғау, еңбек қаупсіздігі
«Ауылшаруашылық өнімдерін стандарттау және сертификаттау» пәнінен оқу-әдістемелік материалдар
М.Х. Дулати атындағы ТарМУда өткен педагогикалық практика бойынша магистранттың есебі
Стандарттау, метрология және сертификаттау пәнінен лекция жинағы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz