Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары


Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтары
Қазақ халқы, басқа халықтар секілді, жазу-сызу өнері болмаған кездің өзінде-ақ ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін тудырып, солар арқылы тұрмыс-тіршілігінің әр алуан жақтарын суреттеген; қоғамдық өмірін, дүниеге көзқарасын, таптық күресін, арман-мүддесін, т. б. бейнелеп көрсеткен. Осы негізде туған және ауыз әдебиетінің күрделі бір түрі деп халықтың мақал-мәтел, жұмбақтарын атаймыз.
Мақал-мәтел, жұмбақтар бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған, ерте заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан, бұл жолда әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған.
Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының ел арасынан жиналуы, хатқа түсуі, баспа бетіне шығуы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың кейбір үлгілерін ертеректе ел арасынан жинап жазып алғандар Ш. Уәлиханов, В. Радлов болғанын білеміз. Бұлардан кейін, революцияға дейін қазақтың мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын жинап, баспа жүзіне шығаруда айтарлықтай еңбек еткендер: Ш. Ибрагимов, Л. В. Васильев, Ш. М. Мелиоранский, Ф. Плотников, В. В. Катаринский, Ә. Диваев, Сабыржан Садықов, Мейрам Ысқақов т. б. болды. Аталған адамдар қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының кейбір үлгілерін жинап жазып алды да, сол кезде орталықта және Омбы, Орынбор қалаларында шығатын газет-журналдарға бастырды, жеке кітапша етіп шығарды. Мәеелен, Ш. Ибрагимов қазақтың мақал-мәтелдерін 1874 жылы Орынборда, А. Васильев 1892 жылы Орынборда, В. Катаринский 1899 жылы Орынборда, Ф. Плотников Омбыда бастырды. П. Мелиоранский жинаған мақал-мәтелдер археология коғамының Шығыс бөлімінің Шібектерінде (1893 ж. ) жарияланды. М. Искаков жинаған мақал-мәтелдер 1914 жылы Қазан қаласында өз алдына кітапша болып шықты. С. Садықовтың «Жұмбақ» деген жинағы 1902 жылы Қазан қаласында басылды. Ә. Диваев жинаған мақал-мәтелдер «Туркестанские ведомства» дейтін газетте жиі жарияланып тұрды.
Қазақтың мақал-мәтелдері, жұмбақтары советтік дәуірде мол жиналумен қатар, баспа жүзінде шығып, ел арасына тарап отырды. Мәселен, «Мың бір мақал» дейтін жинақ 1925 жылы басылды. 1935 жылы Өтебай Тұрманжанов төрт мыңнан астам мақалмен мәтел енгізіп «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» деген атпен үлкен жинақ шығарды. Бұл қазақ мақалдарынан құралған көлемді жинақтың бірі болатын. 1950 жылы Казақтың Ғылым академиясында қазақ мақалдарының Б. Ақмұқанова құрастырған жинағы жарық көрді. Советтік дәуірде қазақтың жұмбақтары да бірнеше рет жинақ болып басылды. Бұлардың ішінде көңіл аударарлық жинақ 1940 жылы шықты; оны кұрастырған профессор С. Аманжолов, ал сөз басын жазып, редакциясын басқарған профессор М. Әуезов еді.
Сөйтіп, қазақ халқының мақал-мәтелдері, жұмбақтары ел арасынан XIX ғасырдың екінші жартысынан бергі жерде ғана жинала бастағанын көреміз. Ал оларды ғылыми жолмен зерттеу ісі революцияға дейін де, онан кейін де өрістеп кетпегенін ескерту қажет. Рас, соңғы жылдары бұл іске біраз көңіл аударылып келеді; мақал-мәтел, жұмбақтар жайында жазылған ұсақ мақалалар, айтылған пікірлер бар. Бірақ олар монографиялық көлемде жазылған ғылыми зерттеулер болып табылмақ емес, тек болашақта жазылатын үлкен еңбектердің алғашқы барлаушысы; бастамасы деуге болады. Осы жағдайларды еске ала отырып, біздің бұл еңбекте алдымызға қойған мақсатымыз: қазақ халқының тарихында ерте заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерімен, жұмбақтарымен шолу түрінде танысу, олардың халықтық және әдебиеттік сипатын байқау.
Ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, мақалдың өзіне тән ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар. Ең алдымен, әдебиеттік жағынан алғанда, мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. М. Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік, барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді», - деуі осыдан 1 .
Қандай мақалды алсақ та, оның шығуына үлкен уақиға, мәнді әңгіме себеп болған. Мақал соларға берілген баға, жасалған қорытынды, яғни «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» есебінде жүреді. Халық аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, өзінің өмірінде көргендерін, бастан кешірген кезеңдерін, алған тәжірибелерін мақал арқылы айтып береді. Бұл жағынан алғанда, көптеген мақалдар ақыл-өсиет, нақыл сөз есебінде қызмет атқарады.
Мақалды тудырушы - еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазыналы мұрасы болып табылады. Бұдан, әрине, барлық мақалды халық шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді, мақал да таптық ой-санадан, таптық көзқарастан туған. Мақалдарды үстем тап та шығарып, оған таптық идеясын қосқан, идеологиялық кұрал еткен. Мәселен, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «Алтын басты әйелден бақа басты бала артық» деген сияқты үстем тап адамдары шығарған мақалдар халықтың тілегіне, көзқарасына мүлде жат, жанаспайды. Сондықтан оларды еңбекші халық қабылдамаған.
Мақалдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне, еңбегі мен тәжірибесіне байланысты туғандықтан, оның тақырыбы да орасан көп. Бұл ретте мақалға қосылмаған нәрсе жоқ деуге болады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салты, дүние танудағы көзқарасы, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен қайғысы, айтатын ақыл-өсиеті, үйретуі мен үкімі, қысқасы халық өмірінің барлық жақтары - мақалдардың басты тақырыбы болып отырады.
Мақалдар тақырыбы. Халық мақалдарының тақырыбы өте көп. Солардың ішінде ең күрделі бір саласы адам баласының еңбек ету жайларына арналған. Бұл тектес мақалдардан халықтың еңбек жайындағы көзқарасы байқалады. Еңбек адамды мақсат-мұратқа жеткізуші, абырой әперетін іс екендігін халық мақалдары арқылы дәлелдеп көрсетеді. «Еңбегі бардың-өнбегі бар», «Еңбек түбі - мереке» деп, халық адал еңбекті ардақтайды. Дүние-байлық, шат өмір еңбек арқылы болатындығын, адамды тек еңбек қана қатарға қосатындығын суреттейді. Еңбек етпеген адамды, жатып ішер жалқауларды халық өзінің мақалы арқылы сынға алады, шенейді. Бұған: «Еңбегі аздың - өнбегі аз», «Еріншектің ертеңі таусылмас» деген мақалдарды келтіруге болады.
Еңбек тақырыбына арналған мақалдардың қайсысы болса да ақыл-өсиет түрінде айтылады. Еңбек ету оңай еместігін, қиыншылығы мен бейнеті, ауыртпалығы барлығын ескертеді. Осылардың бәрін енбегімен жеңген адам ғана мақсатына жететіндігін аңғартады. Мүны «Бейнет, бейнет түбі зейнет», «Бейнетсіз ракат жоқ», «Әрекет болмай, берекет болмас», «Еңбек етсең - емерсің» деген секілді мақалдардан көреміз. Бұл тектес мақалдар адамды еңбек-кәсіп етуге, жұмыс істеуге үндейді, тек еңбек қана абырой-атақ әпереді деп қорытынды жасайды.
Адал еңбекті ардақтаған халық кәсіп ет, жұмыс істе дегенде ең алдымен мал бағуды ұсынады. Оның себебі казақ халқының ертедегі тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі төрт түлік малға байланысты болғандығынан.
Өмір бойы мал бағып тіршілік еткен, оның сырын жақсы білген халық әрбір түліктің қандай қасиеті барлығын, адам өмірінде қандай орын алып, қандай қызмет атқаратындығын мақал арқылы да көрсетіп отырады. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп отырып, сол малдарының қасиетін, қызметін айтады. «Жылқы - малдың патшасы, түйе - малдың қасқасы», «Түйе жисаң - нардан жи, сиыр жисаң - тарғылдан жи», «Мал бақсаң, койдан бақ, май кетпейді шарадан» деп бағалайды, төрт түліктің тұрмыс-тіршілікте алатын орны қандай екендігін атайды.
Халық өзінің мақалдары арқылы мал бағу, мал басын өсіру жөнінде ғасырлар бойы жинаған, жүзеге асырған тәжірибесін айтып береді. «Түлік төлден өседі» дей отырып, сол түліктерді өсіру үшін қажырлы еңбек керектігін ескертеді. «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал жуымас», «Ат шаппайды, бап шабады», «Мал жисаң, қонысын тап», «Бақпасаң мал кетеді» деп ақыл айтады. Адал еңбекті сүйген халық, мал басын өсіру үшін аянбай жұмыс істе, ерінбей еңбек ет, сонда ғана мал құралады дейді. Ал еңбек етпей ұрлық немесе барымта жолымен мал жинап баюды көздеушілікті халық қатты сынға алады, шенейді. Ұрлық пен барымта халыққа жат екендігін, ол адамды тақырға отырғызатындығын, бұлардан безу керектігін айтып, «Ақ жүрген адам азбас» деп қорытады және «Ұрыға мал құтаймас», «Ұрлық, ұрлық түбі - қорлық», «Барымта мен бас кетер», «Жортуылшының басы жолда қалады» деп сипаттайды.
Мал басының құралуы, өсіп-өрбуі тек адал еңбекке байланысты деп түсінген халық бұл жөнінде қожа-молдалар айтатын діни ұғымдарға да қарсылық көзқарасын білдіреді. Егер дін иелері мал басының өсуін құдайға байланысты, малды құдай береді десе, еңбек адамы бұл түсінікті бекерге шығарады да, «Мал баққанға бітеді» деп өз тұжырымын айтады. «Тана пайда бермесе, тәңірі пайда бермейді», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышағымның терісі артық» деп адал еңбегімен жниаған малдарын ардақтайды. «Еңбексіз тапқан мал, есепсіз кетер» деп түсінген халық, төрт түліктің қайсысы болса да адал еңбекпен бағу арқылы құралатындығын, сонда ғана адам мұратына жететіндігін ескертеді.
Төрт түлік жайында шығарылған халық мақалдарының бәрі де мал баласының адам үшін аса қымбат, қадірлі екендігін айта отырып, бұдардың ішінен жылқы мен түйені ерекше бағалайды. Түліктің басқа түрлеріне қарағанда, түйе мен жылқы көшпелі жағдайдағы шаруа адамы үшін зор қызмет атқарды, шөлдесе- сусыны, кисе - киімі, жесе - асы болды. Екіншіден, түйе мен жылқы алыс жолға төзімді, әрі мықты көлік есебінде шаруа адамына көп пайдасын тигізді. Мұнымен қатар, халықтың ел қорғау ісінде ол елеулі орын алды, басқыншы жауға қарсы аттанған батырларға сенімді серік, жауынгер жолдас болды. «Ер қанаты - ат» атанды. Сондықтан да адам баласының мақсат-мұратына жету жолында жылқының алатын орны зор екенін «Таяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деп суреттеді.
Халық мақалдарының бірсыпырасы егіншілік кәсіп жанына арналады. Бұл тақырыптағы мақалдардың көпшілігі кейінгі кезде, шамамен айтқанда, XIX ғасырдың ішінде туған секілді. Олан дейтініміз, тарихи деректерге қарағанда, бүгінгі Казақстанның оңтүстік-батыс аудандарын мекендеген кейбір рулар ғана аздаған егін салып, ертерек кәсіп еткен. Ал шаруашылықтың бұл түрімен бүкіл қазақ халқының айналысуы - XIX ғасырдың іші. Бұған басты себеп қазақ халқының Россия мемлекетіне қосылуы, ұлы орыс халқымен араласуы, одан үлгі алуы болған. Осыдан былайғы жерде қазақ елі әр түрлі дақылдан егіп егіп, оны негізгі кәсібінің біріне айналдырған. Өзінің тұрмыс-тіршілігінен елеулі орын алған егін шаруашылығы және оның адам баласына келтірер пайдасы жайында казақ халқы біраз шығармалар тудырған. Мұнымен қатар, егін кәсібін мақалдары арқылы да бейнелеп суреттеген.
Егін жайында шығарылған мақалдардың қайсысы болса да, ең алдымен егін егу адамға пайдалы екенін дәлелдейді. Рас, бұл мақалдар егінді әр түрлі дақылға (арпа, бидай, сұлы, тары т. б. ) бөліп көрсетпейді, жалпы «егін» деген атпен атайды (оның мәнісі қазақ арасына алғаш рет егіннің барлық түрі бірден енбегенінен болу керек) . Егін егу, егіншілікпен кәсіп ету - шаруашылықты өркендетеді, тұрмысты жақсартады деп түсінген халық өзінің мақалдарында оған ерекше мән береді. Егін өздігінен өспейді, оны егу керек ол үшін егін шығатын жерді даярлау, аянбай еңбек ету керек деген қорытынды жасайды. «Жер-ырыстың кіндігі», «Жер - жомарт» деп, бар байлықтың жерге байланысты екенін білген халық енді осы жерге егін егу керектігін айтады. «Ексең егін - ішсең тегін», «Жердің сәні -егін», «Егін екеннің есесі көп», «Астығы бар аш болмайды» дей отырып, егіншілікті үлгі етеді, тіршілік тірегінің бірі деп бағалайды.
Қазақ мақалдарының көрнекті тақырыбының бірі - ұйымшылдық, ынтымақ, бірлік s қамтиды. Бұл тақырыптағы мақалдардың негізіне ақыл-ойы сергек халықтың аталған мәселелер жөніндегі даналық көзқарасы, өмір тәжірибесінен алып, білгірлікпен жасаған қорытындысы жатады. Тұрмыс талқысынан туып, әрбір тарихи кезеңнің сындарынан өткен түсініктерін мақал арқылы көрсетпек болады. Үй ішінің, ел-жұрттың, бүкіл қоғамның құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі. «Бірлік бар жерде тірлік бар», беркінген күш бар деп бағалайды. Мұны «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлігі жоқтын тірлігі жоқ», «Ырыс алды - ынтымақ» деген секілді мақалдардан да көреміз.
Бұл келтірілген мақалдардың бәрі де өмір шындығына негізделіп туғандығын, халық ынтымақ пен бірлікті, ұйымшылдықты жақтайтындығын білдіреді. Бұлар тұрған жерде халық алға басады, нығайып күшейеді, алынбас қамалға айналады деп түсінеді. Ал бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық жоқ жерде ыдырап тозудың орын алатындығын аңғартады. Халықтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деуі осыдан.
Қандай істің болса да белгілі бір нәтижеге жетуі - адамдардың бірлік, ынтымақ, ұйымшылдыққа байланысты дей отырып, халық мақалдары бұл жөніндегі корытындысын ақыл-өсиет, нақыл сөз ретінде келтіреді. «Саяқ жүрсең, таяқ жерсің», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, жекелік пен даралықты, көпішіліктен бөлініп шығушылықты шенейді. Барлық күш-қуат көпшілікте, халықта екендігін дәлелдейді. «Көп ісінде- береке», «Көптен шыққан көмусіз қалар», «Көппе тентек болсаң да, көпке тентек болма», «Кұдайға жазсаң да (Кінәлі болсаң да деген мағынада. М. Ғ. ), көпке жазба», «Көпка топырақ шашпа», «Көп қорқытады, терең батырады» деп көпшіліктің, яғии бүкіл халықтың күшін сипаттайды. Бұл ретте халық өзін қоғамдағы барлық материалдық және рухани байлықтарды жасаушы, салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік түрлерін қалыптастырушы, оларды әрбір тарихи жағдайларға, өмір тілектеріне сәйкес өзгертуші, алға қарай дамытушы негізгі күш деп таниды. Бұларды жасау, іске асыру, жеке адамдардың қолынан келмейтіндігін дәлелдейді. Сондықтан да халық мақадары адамдардың ынтымақты, ұйымшылдық пен бірлікте болуын өсиет, нақыл етеді.
Қазақ ауыз әдебиетінде халықтың сүйе тыңдап, сүйсіне жырлағаны - көпшілік үшін жасалған ерлі, батылық істер, ел қорғау әңгімелері болатын. Бұл тақырыпта нешеленген әдемі әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын да орын алған.
Ел қорғау, батырлық-ерлік істер жайында туған халықтың бұл жөніндегі ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екендігін білдіріп отырады. Бұл тақырыптағы мақалдар, ең алдымен, кімге болса датуған жер, өсіп өнген ел - отан аса қасиетті, қадірлі, қымбат, ыстық деп көрсетеді. «Туған жердің тауы ыстық», «Ел жұртты бардың жұтамы жоқ», «Ел іші - алтын бесік» деумен туған елді басқа елдермен салыстыра келіп, әркімге өз елінің артық екендігін аңғартады. Мұны халық «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі - күміс, өз елің - алтын» деген мақалдары арқылы сипаттайды.
Өзінің мақалдарында туған жер, ел-отанды аса жоғары бағалап ардақтаған халык, енді оларды қорғау әрбір ер-азаматтың басты борышы деп біледі. Ел талап, ойран салуды көздеген шапқыншы жау болса, оған қарсы аттану, қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысу, сөйтіп, дұшпаннан, отанды қорғап алу халқын сүйген әрбір ер жігіттің азаматтық борышы болатындығын көрсетеді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Елін сүйген ер болар», «Жүкті нар көтерер, қайғыны ер көтерер» деген мақалдар жоғарыда айтылған пікірдің айғағы.
Халық мақалдары ел корғау, басқыншы жауды талқандап жеңу жолында ерлік жасаған, қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған, жау қамалын қиратқан, табан тірескен айқастарда тайсалып тартынбаған жігіттерді ардақтайды, абыройлы атақ пен даңққа бөлейді. Олардың халық сүйсінген ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.
Бұл ретте халық мақалдары мақтаулы ерлерді қоян жүрек, қорқақтармен салыстырып, аз сөзбен екеуінің де образын жасайды. Ерлік, батырлық іс жасау тек отаным, ел-жұртын, халқын сүйген адамдардың ғана қолынан келедіғ, осындай адамдар ғана халық намысын қорғайды, олар қандай қиыншылықтар кездессе де үрейленбей, мұңаймай, ажалға қарсы шабады деп сипаттайды. Батырлардың ерлігі күшінде емес, ақылы мен айласында ендігін көрсетеді. Мұнымен қатар халыіқ ісі үшін қажымай күресіп ерлік жасаған, ел сүйіп батыр атанған адамдардың мінезіндегі жақсы қасиеттері де мақалдардан орын алады. Бұл қасиеттер: турашылдық, әділдік, айтқан сөзден қайтпаушылық кішіпейілдік, жолдастықты сақтаушылық, досы үшін жан беруге барушылық, т. б. Екендігін аңғартады. Бұған «Ердің екі сөйлегені- өлгені, еменнің иілгені - сынғаны, «Ердің ұялғаны -өлгені», «Ер жігіт - етек жеңі кең жігіт», «Батырда бақастық болмас», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалдар мысал бола алады.
Халық мақалдары колынан іс келмейтін тоғышарлармен қоян жүрек корқақтардың да образын жасайды. Оларды мазақтап әжуалайды, келеке етеді. Қорқақ көлеңкесінен де қорқады», «Ер бір рет, қоркақ мың рет иіледі» деп, аз сөзбен корқақтардың жағымсыз бейнесін суреттейді. Қара басының ғана қамын ойлаған адам ерлік іс жасай алмайтындығын көрсетеді. Мұндай адамдар үрейшіл келеді, кейде олар қалың қолға іріткі салады деп, «Бір қоркақ мың қолды ірітер бір кұмалақ бір қарын майды шірітер» деп, корқақ адам жайындағы халықты турашыл бағасын береді.
Қазақ мақалдарын, ел қорға әңгімесіне байланысты туындаған тақырыптың бірі -қыратылық, сақтық жайы. Бұл тақырыптағы мақалдардың қайсысы болса да, қырағы болу, жайбаратыққа салынып жата бермеу жағын қарастырады. «Жау қайда деме - жар астында, бөр қайда деме - бөрік астанда», «Бір елі ауызға - екі елі қақпақ», «Сақтықта қорлық жоқ» деп халықты қырағылыққа шақырады.
Халық мақалдарынан елеулі орын алған, мазмұны мол, көлемі көп тақырыптың бірі - қоғамдық қарым-қатынас, әлеуметтік-таптық мәселелер. Бұл тақырыпта ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді, халықтың мақалдары да кеңінен қамтып, тереңнен толғайды, көп мәселелердің сырын аша отырып, халықтық әділ сын айтады. Қоғам өмірінде кездесетін және халыққа жат жағдайларды халық мақалдары өткір сөзбен түйреп отырады. Жалақтауды білмейтін, турасын айтатын халық өзінің осы аталған тақырыптағы мақалдаында аз сөзбен мағынасы терең, мәні зор мәселелерді көтереді, неше түрлі әдемі образдар жасайды, естен кетпейтін теңеулер тудырады.
Қоғамдық мәселелерді халық мақалдары таптық тұрғыдан қарастырады. Бұл ретте халық мақалдарында алдымен сөз болатын ел билеу мәселесі, хан, би, сұлтан, қожа-молдалар жайы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz