Қазіргі қазақ тілі сөзжасамының өзекті мәселелері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 3 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ СӨЗЖАСАМЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Отарбекова Ж. К. - ф. ғ. к., доцент (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

Қазақ тiл бiлiмiнде бұған дейiн грамматиканың морфология саласында, жеке сөз таптарының жасалуы ретiнде қарастырылып келген сөзжасам тіл білімінің жеке саласы ретiнде танылып отыр. Дегенмен, оның өзiне тән зерттеу нысаны, тiл дамуында алатын орны, тiлдiң өзге салаларымен байланысы: ұқсастықтары мен айырмашылықтары, тілдік бірліктері секiлдi тiл бiлiмiнiң жеке саласы ретiнде тануға негiз болатын басты белгiлерi жан-жақты ашылды, ғылыми тұрғыда шешiлдi деуге болмайды.

Сөзжасамға байланысты зерттеулер оның тiлдiң өзге салаларынан бөлiнiп, жеке зерттеу нысанына айнала бастағанын көрсеттi. Түркологияда, ХIХ ғасырға дейiнгi кезеңде сөзжасам қосымшалары туралы түсiнiктiң негiзi қалана бастаса, ХIХ ғасырдың басынан Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезең сөзжасам тәсiлдерi туралы алғашқы зерттеулердiң жарық көруiмен сипатталады. Ал ХХ ғасырдың I жартысында көптеген ғылыми грамматикалар жарық көрiп, сөзжасам морфологияның бiр элементi ретiнде қарастырылса, 50-жылдан кейiнгi кезеңде сөзжасам бірліктері арнайы зерттеу нысанына айналып, әрi тарихи тұрғыдан қолға алына бастады.

Қазақ тiл бiлiмiндегi сөзжасамның даму сипаты да осындай деуге болады. 50-жылдардан берiде әр сөз таптарына байланысты сөз тудырушы қосымшаларды зерттеген еңбектер жарық көрiп, сөзжасамның кейбiр жекелеген проблемалары морфологияның аясында қарастырылды. Алпысыншы жылдардан бастап сөзжасамның әр түрлi аспектiлерi жекелеген диссертациялардың зерттеу нысанына айналып, бұл саланың жеке бөлiнiп шығуына себеп болды. Сөйтiп, сөзжасамның кейбiр мәселелерi жеке-жеке қарастырылып, монография ретiнде жарық көре бастады. Дегенмен, сөзжасам жүйесiне қатысты зерттеулердiң әр түрлiлiгiне қарамастан, оған қатысты мәселелер толық шешiлдi деуге болмайды.

1. Сөзжасамның тiлдiк деңгейден алатын орны. Сөзжасам грамматикамен де, лексикологиямен де өте тығыз байланысты, бұл үшеуiн бiр шеңбердiң бойындағы құбылыстар деуге болады. Сондай-ақ, сөзжасам фонетикамен де, лексикологияның салалары: семасиологиямен де, этимологиямен де, терминологиямен де, лексикографиямен де, стилистикамен де байланысып жатыр. Сөзжасам құбылыстарын тiл тарихынан тыс алып қарастыру да мүмкiн емес. Сөзжасамның тiлдiң осындай салаларымен ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы жан-жақты айтылды дей алмаймыз. Осының салдарынан сөзжасам мәселелері мен морфология мәселелерінің ара жігі ажыратылмай келеді. Айталық, мәселенің «сөз таптарының сөзжасамы» деп қойылуы, форма тудырушы жұрнақтардың (зат есімнің рең мәнді жұрнақтары, етіс жұрнақтары, т. б. ) сөзжасам нысаны ретінде зерттеліп, қарастырылып жүргендігі ойландырарлық жағдай /1/.

2. Сөзжасам тәсiлдерi туралы мәселелердiң көп зерттелгенiне қарамастан, толық шешiмiн таппағандығы көрiнедi. Мұның себебi сөзжасамдық тәсiлдердi синтетикалық, аналитикалық, лексика-семантикалық деп бөлудiң таза құрылымдық сипатқа негiзделгендiгiнен болса керек. Мәселен, синтетикалық тәсiл бойынша белгiлi бiр сөз табын тудырушы қосымшалар көрсетiледi де, олардың дериваттық семантикасы ашылмай қалып қояды. Немесе, белгiлi бiр дериваттық семантиканы (мысалы: кәсiптi, белгiлi бiр iске бейiмдiлiктi) бiлдiретiн сөздер тудыратын қосымшаларды топтастыру, кейбiр функциялық қосымшалардың сипатын көрсету секiлдi мәселелер назардан тыс қалып келеді. Мәселен, зерттеушiлер сөз тудырушы қосымшаларға жатқызып жүрген -дай, -дей, -сыз, -сiз, -ша, -ше, -ғы, -гi арқылы жасалған сөздердiң бәрiн жаңа сөздерге жатқыза аламыз ба? Сондай-ақ, сан есiм сөзжасамында қарастырылып жүрген -ыншы, -iншi, -ау, -еу, -ар, -ер секiлдi қосымшаларды сөзжасам қатарына қосуға бола ма? /2/. Бұл қосымшалар арқылы жасалған сөздер түбiр бiлдiретiн сөзден өзге мағына берiп, сөздiк реестрге енетiн сөздер жасай ала ма? Сөзжасам қосымшаларына жатқызылып жүрген қосымшалардың барлығы дерлiк әрқашан жаңа сөз тудыра бермейдi, олардың әрқайсысының мағыналық, қолданыстық ерекшелiктерi ескерiліп, тілдегі ауыс-түйіс құбылыстардың себебі тарихи тұрғыдан ашылуы керек. Сондай-ақ сөзжасам қосымшаларын сөз таптары тұрғысынан қарау да мәселенің дұрыс шешім табуына кедергі болып отырған сыңайлы.

3. Сөзжасам қосымшаларына байланысты проблемалардың бiрi - өнiмдiлiк, өнiмсiздiк, құнарлылық, құнарсыздық қасиеттерiн айқындау критерийлерiн ғалымдар әркелкi қарастырады. Бұл қасиеттер сөзжасам қосымшаларын басқа қосымшалардан ажырататын белгілердің бірі ретінде қаралуға тиіс. Мұндағы басты ұстаным, профессор С. М. Исаев көрсеткендей, өнiмдiлiк-өнiмсiздiк - белгiлi сөзжасам үлгiсiнiң ешқандай дәуiрге, кезеңге байланыссыз сөздiк құрамға енетiн сөздер жасауында, яғни сандық сипатында болса, құнарлылық-құнарсыздық - белгiлi кезең, мерзiмге байланысты сапалық қасиетi болуға тиіс /3/.

4. Аналитикалық тәсiлдiң түрiн көрсетуде де бiрiздiлiк жоқ. Түркi тiлдерiнiң грамматикаларына ортақ жағдай - аналитикалық тәсiлдiң сөздердiң бiрiгуi, қосарлануы мен тiркесуi ретiнде көрiнiс табуы болса, кейбiр ғалымдар сөздердiң қысқаруын да осы тәсiлге жатқызып, арнайы зерттелгені белгілі /4/. Бұл - басы ашылмаған, даулы мәселе. Қазақ тiлiне орыс тiлiнiң үлгiсiмен енген көптеген қысқарған сөздердiң тiлде тұрақтай алмай, қолданыстан шығып қалғандығы немесе көптеген қысқарған атаулардың толық нұсқаларымен қатар қолданылуы бұларды жаңа тiлдiк бірлік ретiнде қарауға бола ма деген сұрақ тудырады. Себебi, қысқарған атаулардың басым көпшiлiгi күрделi атаулардың шартты таңбалары, техникалық себептерге байланысты алынған белгiлер. Рас, алғашында қысқартылып алынып, қолданыла келе белгiлi бiр атауға айналған (МАЗ, КамАЗ, ЗИЛ машиналары секiлдi) сөздер бар. Олардың таза қысқарту процесiнiң нәтижесi деуге болмайды.

5. Сөздердiң қосарлану арқылы жасалуын түгелдей сөзжасам нысаны ретiнде қарастыру да даулы мәселе. Қос сөздерге байланысты талдаулар, оның iшiнде қайталау арқылы жасалған сөздердiң семантикасының жеке тұрғандағы мағынасынан алшақтап кетпейтiнiн, тек көптiк, жинақтық, саралау, процестiң қайталануы, болжалдық секiлдi грамматикалық мағыналар үстейтiнiн, демек, қайталау сөз тудырудың емес, грамматикалық мағына жасаудың тәсiлi екенiн көрсетедi. Ал қайталау тәсiлi ретiнде көрсетiлiп жүрген күшейткiш буынды (қып-қызыл, тiп-тiк) сөздер форма тудыру тәсiлi ретiнде (сын есiмнiң шырай формасы) ғана көрiнедi. Рас, қосарлау арқылы жасалған сөздердi қайталау жолымен жасалған сөздермен бiр қатарға қоюға болмайды. Тектес, мәндес компоненттер қосарланып келiп, олардың семантикасы сол екi компоненттiң мағынасының қосындысы iспеттi болады да, жалпылау, жинақтау секiлдi мағыналар үстеледi. Сол себепті барлық қосарлау тәсiлiн толық дәрежедегi сөзжасам тәсiлi деу қиын, сөз тудыру мен форма тудырудың арасындағы категория секiлдi көрiнедi. Бұл құбылыс та зерттеуді қажет етеді.

6. Сөздердiң тiркесу арқылы жасалуына қандай сөздердi жатқызуға болады дегенде, күрделi етiстiктер тобына жатқызып жүрген етiстiк түрлерiн бөлуде, атауда бiрiздiлiктiң жоқтығын, бұлардың бәрiнiң бiрдей (келе жатыр, кiрiп шық, алып кел, әкеп қой, айта сал) сөзжасам нысаны бола алмайтындығын айту керек.

7. Фразеологиялық бірліктерді кейбiр ғалымдардың күрделi сөздердің құрамында қарастырғанына қарамастан, есiмдi болсын, етiстiктi болсын, күрделi сөздерден айырмашылығы бар жеке құбылыс болғандықтан, сөз тудыру амалы ретінде емес, жеке қарастырылуы керек деп ойлаймыз.

8. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық мағынаны жеке сөз етіп, мәнін ашатын арнайы зерттеу жоқ. Жаңа сөз тудыру туралы әңгіме болғанда, оның жасалу тәсілі көрсетіледі де, туынды сөздің негізгі мағынасы күңгірт қалып қояды. Жалпы алғанда, сөзжасамдық мағына негіз білдіретін мағына мен туынды сөз мағынасының арасындағы қатынастан туындайтын жаңа мағынаны көрсетуі керек. Ал сөзжасам оқулықтарында беріліп жүрген сөзжасамдық мағына түрлері (өзгерген, түрленген, көшірілген, теңбе-тең) /5/. Бұл талапқа жауап бере ала ма? Мәселен, негіз сөз мағынасы мен туынды сөз мағынасы теңбе-тең мағына болатын болса (мысалы АлМУ - Алматы мемлекеттік университеті), ол қалай жаңа сөз болып, жаңа ұғымды білдіре алады? Сондай-ақ, түрленген туынды мағына (көлшік, әкетай) жаңа лексема бола ала ма?

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілі сөзжасамының теориялық мәселелері
Зат есімнің сөзжасамы және оның қызметі
Сын есім сөзжасамы
Аналитикалық тәсіл - сан есім сөзжасамының негізгі тәсілі
Үстеу сөзжасамының ерекшеліктері
Сан есімнің мағыналық топтарының сөзжасамы
Қазақ тілі мамандығының магистратураға қабылдау емтиханның бағдарламасы
Мектепте киелі сан есімді оқытудың тиімді әдістері
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР
Мұнай және газ саласындағы терминологиялық өрістің ерекшелігі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz