Терминнің басты белгілері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 4 бет
Таңдаулыға:   

ТЕРМИННІҢ БАСТЫ БЕЛГІЛЕРІ

Ақайұлы Ы. - ф. ғ. д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

Әдетте, балкон сөзін біреу термин деп, біреу термин емес деп, мынау термин, анау термин емес, термин - бүкіл әлемге ортақ сөз деп, қандай да негіз-дәлелсіз-ақ сөздің бірін ана топқа, бірін мына топқа жіктеп жатамыз. Біреулер, қазақ сөзі жай, әшейін сөз ғой, болса, орыс сөзі мен шетел сөзі термин болар деп ойлайды. Тағы біреу, орыс сөзін қазақшалап, шетел сөзін қазақшалай алмай жатады да, аудармаған, аудара алмаған себебім - ол шетел сөзі ғой, оны аударуға болмайды деген тұжырым айтады. Әрі осы негізде басқа тілге аударылмайтын шетел сөзі нағыз термин болар деп ойлайды. Жұртты бұлай адастырып жүрген нәрсенің бірі - ғылымның бізге орыстан, Еуропадан келуі. Сол ғылыммен бірге келген шетел сөзі - жай сөз емес, термин сөз болар, оны қазақшалау қиындығы да содан шығар деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, көпшілік клетка, селкеция, ген, артерия, вена деген шетел сөздерін сөзге келмей термин десе, кислота, соль, порошок, самолет, вертолет деген орыс және түйсік, түсінік, зерде, зейін, сана, ой деген қазақ сөздеріне келгенде күмілжіп қалып жатады.

Өкінішке орай, бұл жай жұрттың ғана сөзі, түсінігі емес. Тілші, терминші мамандардың өзі бұл түсініктерді анық ажыратып бере алмайды. Себебі, сөздің термин немесе термин еместік сипаттары - әлі күнге ғылыми тұрғыда да анықталып, нақтылана қоймаған мәселе.

Іс жүзінде келтірілген сөздердің термин немесе термин емес дейтін айрықша белгілері жоқ. Пәлен тіл сөзі термин де, түген тіл сөзі термин бола алмайды дейтін де ереже жоқ. Тек біздің мамандар мен көпшілік санасында осындай көмескі түсінік бар.

Олай болса, әуелі термин деген не, оның сөзден айырмашылығы, яғни басты белгілері қандай дегенге тоқталайық.

Терминнің ең басты белгісі - ол - сөз. Қандай да түсініктің аты болуы терминді сөз етеді. Ол сөзше айтылып, сөзше естіліп, қабылданып, сөзше жұмсалады және қолданылады. Терминнің сөз болатын тағы бір себебі - ол тілдік бірліктерден құралады. Тілдегі кез келген басқа сөз сияқты дыбыс, буын, түбір, қосымша, түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесінен жасалады, осылардан, осылардың түрлі үйлесімінен жасалады.

Санамалай, салыстыра айтар болсақ: 1. Екеуінің де мәні, мағынасы бар, екеуі де дыбыстық тіркесімнен құралады, екеуі де тілдің сөздік құрамына кіреді. Екеуі де грамматикалық өзгеріске түседі әрі бірдей түседі: қосымшалар буын үндестігі бойынша жалғанады. Синоним, омоним, полисемия екеуіне де тән (1) . Екеуі де сөйлемдегі сөздер ықпалына түсіп, мағыналық өзгеріске ұшырайды. Мысалы, азот - иіссіз, түссіз газ немесе азот Менделев кестесінің екінші қатарында, бесінші топта орналасқан; күмістің d қабатында 9 электрон бар немесе . . . күміспен күптеп деген сөйлемдердің екі жағдайында азот пен күмістің екі мағыналары қолданылып тұрғаны, яғни олардың мәтінмәндік ықпалға түскені көрініп тұр. Сөздің де, терминнің де жасалуы, ауызекі және жазба тілдердегі қолданысы мен өзгерісі сол тілге тән бір ғана заңдылық негізінде жүзеге асады. Ал о бастағы бір түбірдің уақыт өте келе бірнеше туындысы пайда болуы және күрделі сөз түзуге қатысуы - терминнің де тұлғалық икемделуге түсетінін көрсетеді. Мысалы, әуелде аммон тұлғасында болған сөздің аммоний, аммиак, аммоналы, аммофос, амид, амин, - имин сияқты ондаған түрлік өзгерістері, туындылары бар. Екеуін де адам пайдаланады, ал адамның ғалым, ғалым еместігі екінші ретті нәрсе.

Ол жер, су, тау, тас, қол, аяқ сияқты тілідің негізгі сөздік қорын құрайтын, онда әуелден бар жай, түйсіктік атаулардан, атау сөздерден, қолөнер, шикізат, қарбарыс, мәжілісхат, баянхат, қолдаухат, берімхат (накладной), ұяшық, талшық, қылшық сияқты ішкі құрлысы оқылып тұратын уәжді сөздерден, мыс тотығы, күкірт қышқылы, ас тұзы, азу тіс, сүт тіс сияқты сипаттауыш, сипаттай атауыш тіркестерден тұрады және осы келтірілген сөздік бірліктердің бәрі де өз кезегінде термин болады, белгілі бір саланың термині болып табылады. Яғни термин тілдік таңба, бірлік ретінде сөз болады.

Осыған орай, терминнің тілдегі басты қызметі көрінеді. Ол жалпы қатынастық, жалпы тілдік деңгейде қандай да түсініктің ат(ау) ы болады әрі мұны сөздік әлде жадтық қызмет деп атаймыз. Сондай-ақ қызмет мақсаты - бөлектеу, бекіту (фиксация), сақтау болып, тілдің де, қоғамның да бүкіл болмысына негіздік, арқаулық рөл атқарады.

Терминнің сөз ретіндегі басқа басты белгілері төмендегідей. Біріншіден, ол - танымдық сөз. Термин - көпшілік үшін жаңа, белгісіз, мазмұны күрделі арнайы түсініктің аты және жай ғана аты емес. Ол аталушы нәрсенің тіл арқылы қоғамда танылып-түстелуіне, таным жүйесінде орнығып, бейнесі қалыптасуына қызмет етеді. «Адам, өзіңді таны» ұранына сай ғылымның басты мұраты мен дамуының қозғаушы күші - адамзаттың қоршаған орта және өзі туралы білімі артып, танымы кеңейіп, өзін рухани күшейту ниеті болса, термин - осы мұраттың жүзеге асуында ғылымның алғашқы және бірден-бір жаршысы. Мысалы, төл сөз, төлеу сөз деген терминдік сөздерден біз мұның бірі - адамның өз сөзі, алғашқы, түпкі сөз екенін, екіншісі - соның орнына, төлеміне, өтеуіне жүретін сөз екенін, ал өршіткі, өсірткі, есірткі дегендерден бұлардың бірі - әлденені өршітетін, күшейтетін, екіншісі - әлдененің өсуіне сеп болатын, өсуін тездететін үшіншісі - адманың есіріп, құтырынуына алып келетін нәрселер екенін аңғарып, білеміз. Яғни бұлар арнайы айтып, қосымша хабарлаусыз, ата(л) уы арқылы-ақ дүние туралы білігімізге білім қосып, танымымызды арттырады. Жаңа және арнайы, мазмұны күрделі сөз болуы терминге танымдық сипат береді.

Бұл белгісі терминнің танымдық қызметіне негіз болады. Танымдық қызмет мақсаты жаңа нәрсені түсіндіру, таныстыру болады әрі қоғамның оқу-білім, өндіріс, технологияға жақын, жоғары сауатты, саналы өкілдеріне, яғни әлеуметке бағышталады.

Терминнің сөз ретіндегі екінші басты белгісі - ол - атау сөз. Атау сөз деген не?

Атау сөзді атауыш сөздер негізінде түсіндіруге болады. Тіл білімінде атауыш сөз деп жеке тұрып та, басқа сөзбен тіркесіп те қолданыла беретін негізгі сөздерді айтады. Сірә, осы атауыш сөздердің бір бөлігі кең танымал болады. Яғни адам өмірінде өте жиі кездесетін әрі нақты түрде болатын түсінік есімденіп, есімдік сипат алып, мысалы, кісі есімінше қолданылатын болады. Жай, қатардағы ғана сөз болып қоймай, атауға айналады. Бір өзі тұрып-ақ сөйлем бола аларлық деңгейге жетеді (іргелес сөйлемдер), ата(л) уы арқылы-ақ өзінің сөздік (лексикалық) мағынасынан әлдеқайда кең түсініктер жүйесін тудыра алады. Мысалы, тау, дала, ел, жүрек, қан, жол, өмір, өлім, сөз деген атау сөздерді жеке-дара атасақ, оймызға, көз алдымызға осы сөздерден шығатын, осы түсініктер айналасындағы көптеген елестер тізбегі келуі мүмкін. Керісінше, тамыр, қолқа, бауыр, қылтамыр, табақ, ыдыс, сөйлем, сөз тіркесі деген сөздерді атау түйсігімзде ондайлық ойлар туғыза бермейді. Яғни олар - атау емес, бар болғаны жай, атауыш сөздер. Сөздің бәрі нәрсе, түсінікке ат болады. Бірақ бәрі атау, атау сөз болмайды. Термин де - кез келген емес, маңызды түсінік атауы. Сол себепті ол да атау сөз болуы мүмкін. Мысалы, компьютер әуелде тек термин еді, енді жалпы тілдік сипат алып, атау сөзге де айналды.

Олай болса, атау мен терминнің бірлігі - екеуі де есім сипатты, атау тұлғалы, атаулық сипаттағы сөз, қандай да түсінк аты. Айырмасы - атау - кең танымал, есімдігі басым, ескі, жалпы тілдік, ал терминнің танымдығы басым, арнайы мәні бар, жаңа, аз танымал. Яғни термин маңызды, тіректік түсінік аты ретінде атау сөзбен үндеседі. Бұл оның атаулық қызметін құрайды әрі атаулық қызмет мақсаты айшықтау, әйгілеу, айғақтау, көрсету болады.

Терминнің сөз ретіндегі үшінші басты белгісі - ол - жаңа сөз, орысша айтсақ, неологизм. Арнайы анықтама (2) бойынша, «тілдегі бұрыннан келе жатқан белгілі тәсілдер арқылы жасалған немесе мағынасы ауысу арқылы туған жаңа сөзді неологизм дейміз». Әрі ол «үш жолмен жасалады . . . : а) негізгі түбірге жұрнақ қосылу арқылы ( өндіріс, өнім-ді-лік, өндір-гіш ), б) сөздердің бірігуі арқылы ( халық-аралық, қол-өнер, алғысөз, соңғысөз, келіссөз, жарыссөз. жолақы, бесжлдық, шетел ), в) сөздердің мағыналары ауысуы арқылы ( қарау - көру, бағу, талқылау) ». Яғни термин де әуелгі сөз тұлғасы сақтала отырып, мағынасы өзгере, оған жаңа мағына үстеле немесе сөздің тұлғасы да, соған сәйкес мағынасы да өзгере, яғни аталған сөзжасам тәсілдері бойынша жаңа сөздік бірлік жасала пайда болады. Екіншіден, терминнің бәрі де жаңа тұлғалы, мағыналы сөздік бірлікке жатады. Тілдегі басқа сөздерге қарағанда жақында ғана жасалған жаңа сөз болып табылады. Мысалы, тілдегі тат, таттану, тат басу деген әуелгі (яғни ескі), жай сөздерге қарағанда тотық, тотығу, тотықсыздану, тотықтырғыш, тотықсыздандырғыш деген терминдік, арнайы сала сөздерінің тұлғасы да, мағынасы да жаңа болып табылдады. Дәл сол сияқты, тұз, қышқыл, ауа сөздерінің де белгілі бір салаға қатысты айтылатын, арнайы мәні жалпы тілдік, әуелгі мәніне қарағанда әлдеқайда кейін пайда болған, яғни жаңа.

Бүгінде кез келген тілдегі жаңа сөз негізінен термин не қандай да сала түсінігі ретінде пайда болады және керісінше, белгілі ғалым С. А. Низовцеваның (3) пайымдауынша, пайда болып жатқан жаңа сөздердің 90 пайызы термин болып табылады.

Жаңа сөздік сипаты терминнің сөзден сөз тудыру, сөзді түрлендіру, сөз жасаудың соны тәсілдерін тудыруға, яғни сөзжасамдық қызметіне негіз болады. Кез келген тіл де жаңа сөз туып, жасалып отырмаса, оның ішкі даму мүмкіндіктеріне тұсау салынады, онда бөгде тіл сөздері пайда болады. Бұл қызметінің мақсаты тілдегі сөз қорын арттыру, оны ойға, заманға ілестіру, өз табиғатына сай жаңарту, жасарту болады әрі тіл сапасына, оның икемдік, оралымдық сипаттарына бағышталады.

Терминнің сөз ретіндегі төртінші басты белгісі - ол - арнайы сөз, арнайы мәні бар сөз. Яғни сөздің жалпы (жай) және арнайы мәні болады. Сөздің арнайы да, жалпы да не тек арнайы не тек жалпы мәні болуы да мүмкін. Яғни арнайы мәні жоқ сөз де болады. Сөйлем, көсемше, есімше, етістік, есімдік сияқты көптеген терминнің, сөздердің тек терминдік мәні бар, жалпы мәндері жоқ. Ал рай, шырай, одағай, шылау, үстеу, жалғау, жұрнақ, қосымша, түбір, буын сияқты мыңдаған сөздердің жалпы тілдік те, арнайы да мәндері бар. Бұл сөздердің термин немесе термин емес, жай сөз болуы қолданыс аясына қарай анықталады. Мысалы, ауа сөзінің 1. дем, 2. газ қоспасы деген жай сөздік те, терминдік те мәндері бар. Оның бірінші мағынасы күнделікті тұрмыста, жалпы тілде, екіншісі - белгілі бір сала аясында қолданылады. Олай болса, термин - сөз және арнайы қолданыстық сөз. Терминнің терминдігі сөзінің тегіне қарап емес, қолданыс аясына қарап анықталады. «Балкон» көпке жалпы тіл, тұрмыс сөзі ретінде танылды. Сондай-ақ ол - сәулет-құрылыс саласының арнайы сөзі де. Ол ғылыми қатынаста қолданылса, термин болады да, жай, жалпы тілдік қатынаста қолданылса, жай сөз болады. Қолданыстық сипаты, қоланыс аясы терминді сала атауы, яғни кәсіпсөз етеді

Терминді танып, анықтаудағы бір жаңсақтық - оны ғылым сөзі, ғылыми таңба деп атап, тек ғылыммен ғана байланыстыра қарау болып отыр. Терминнің, терминдік сөздің алғаш рет ғылым саласында пайда болғаны рас. Ғылымның өзі әуелден бір кәсіп түрі еді. Ол кезде өндіріс - өндіріс, дене еңбегі, қара жұмыс етін де, ғылым - ғылым, ақ жұмыс, ой еңбегі, ой ойыны болатын. Бүгінде кез келген кәсіп, өндіріс, саланың ғылыми негізі бар. Дәл сол сияқты кез келген өндірістің, саланың өзіндік атаулық жүйесі, термині бар. Мысалы, мал шаруашылығы бұрын қара жұмыс қана болған, қазір оның бірнеше салаға жіктелген ғылымы барына, оның ғылым нысаны да екеніне және өзіндік атаулық жүйесі де бар екеніне, ол атаулар қатарында білімдік, яғни оқып-білуге қатысты, таза ғылымдық, яғни ғылымды жазуға, дамытуға қатысты және тікелей өндірістік, яғни сала шаруашылғын жүргізуге қатысты атаулар барына әрі бәрінің артық-кемсіз, бірдей бағаланатынына ешкім таласпайды. Сол сияқты, кез келген әрекет түрінің арнайы өзіне ғана тән, өз атымен аталатын ғылымы болмаса да, басқа ғылым аясында, ғылымдар түйісінде қаралып, шешілетін ғылыми негізі болады. Мысалы, бет күтімі қызметінің де бірінші кезекте ғылым нәтижелері негізінде жүргізілетіні әрі оның медицина, биология, химия т. б. ғылымдар түйісіндегі мәселе екені белгілі. Ғылым-технология-өндіріс қатынасы да теория-әдістеме-практика қатынасын қайталайды. Осы себепті, енді сала сөздерін термин, кәсіпсөз деп бөлудің түк мәнісі жоқ. Олай болса, әуелден табиғаты бір бұл сөздер тобын ғылыми сөз, ғылыми емес сөз, өндіріске қатысты сөз, кәсіби сөз деп жасанды жіктеуге ұрынбай, бәріне ортақ белгілері бойынша арнайы сөз, сала сөзі деп немесе Ақаңша, пәнсөз деп атасақ болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Термин және терминология туралы жалпы түсінік. Терминнің жалпы сипаттамасы
Терминология және ақпараттық қызметы
Қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуы
Терминологиялық бірліктердің лексикографиялық сипаты
Дипломатиялық құжат тілінің терминдері
Сөз тіркесі түріндегі терминдер
Ахмет Байтұрсынұлының термин қалыптастырудағы рөлі
Когнитивтік парадигмадағы терминология
Неологизмдердің жасалу тәсілдерін саралау
Аударматану терминдерінің когнитивтік-семантикалық құрылымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz