Матуриди ақидасы мен қазақ діни танымы арасындағы сабақтастық


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

Тарих және педагогика факультеті

Дінтану және теология кафедрасы

МАТУРИДИ АҚИДАСЫ МЕН ҚАЗАҚ ДІНИ ТАНЫМЫ АРАСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ

Орындаған:

Ғылыми жетекші:

Норма бақылаушы:

Қорғауға жіберілді

“___” 2014 ж.

Кафедра меңгерушісі:

Түркістан, 2014

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

І. ИМАМ МАТУРИДИ АҚИДАСЫНЫҢ СИПАТЫ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

1. 1 Имам Әбу Мансұр әл-Матуридидің сенім негіздері . . . 5

1. 2 Матуриди мен Ашари көзқарастарының арасындағы ерекшеліктер . . . 13

ІІ. МАТУРИДИ АҚИДАСЫ МЕН ҚАЗАҚ ДІНИ ТАНЫМЫ АРАСЫНДАҒЫ САБАҚТАСТЫҚ

2. 1. Матуриди ақидасындағы пайғамбарлық қағидасының қазақ діни танымындағы көрінісі . . . 29

2. 2 Ақырет мәселесіндегі Матуриди ақидасы мен қазақ дүниетанымының арасындағы сабақтастық . . . 37

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 57

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 59

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектiлiгi Бүгінгі таңда бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан халықтарының арасында да діни сана-сезім барынша өрістеп барады. Жетпіс жыл бойы кеңес өкіметінің құрсауында дін не, руханият не, имандылық не екенін білмей өскен аға ұрпақ өкілдері сол кездегі дінге деген саясаттың салқынынан әлі арылып кете қойған жоқ. Тәуелсіздік алғалы, жергілікті халықтың дәстүрлі дініне оралуға талпынысы байқалғанымен, түбегейлі жүзеге аса қойған жоқ. Себебі одақ тараған соң, босап қалған кеңістікке Шығыс пен Батыстан діни ағымдардың келуі өрши түсіп, «таза дін қайсы, жалған ағымның қайсысы» екенін аңғару тіпті қиын болып қалды. Сондықтан қазірде қоғамдық өмірдің кез келген саласында байқалып отырған діни бұрмалаушылықтардың барлығы елдің дамуына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.

Біздің елде 70 жыл бойы ресми идеология атеизм болғандықтан, ата-бабасының дінін ұмыта бастаған жұрт қазір шын дін қайсы, дүмше дін қайсы ажырата алмайтын болған. Сондықтан, дін оқып, иман тапқысы келген адамдардың көбі шетелдің шатақ діні мен бейбітшілік пен ұлттар ынтымағын уағыздайтын дәстүрлі дінді шатастырып, алғашқысының құрбаны болып жатыр. Осының кесірінен ХХІ ғасырға дейін бір тілге, бірегей салтқа ұйып, ұлт ретінде қалыптасып болған қазақ халқы енді сүттей іріп, діни ағымдарға ыдырап барады. Себебі, қазір шетелден келіп жатқан жалған діндердің ықпалымен көптеген отандастырымыз радикалды дүмшеге айналып үлгерді. Батырып айтсақ, қазақтың бүгінгі ұрпағы діни фундаментализмнің кесірінен еркін ойлайтын қабілеті мен адамды жатсынбайтын ақжарқын мінезінен айырылып жатыр. Осы дүмшелерге қарап діннен жеріген азаматтарымыз жан-дүниесін кірлетіп, ақылын аздырып жіберетін ұстамсыз бұқаралық мәдениеттің қызылды-жасылды есірік думанынан шыға алмай құр босқа қор болуда. Сонда, бұ қазақ қайткенде дінге барса дүмшеліктен, діннен қашса мәңгүрттіктен құтылады? Қайткенде ес жиып, салауатты һәм мағыналы тіршілік кешеді?

Осы қауіптерден құтылу үшін, ең алдымен, діни танымымызды тереңінен зерттеп, ата-бабаларымыз аманаттаған рухани құндылықтарымызды бүгінгі күн тұрғысынан кәдеге жарату міндеті алдымызға қойылып отыр. Қазақ халқының діни танымына келетін болсақ, халқымыз амалда Ханафи мазхабын, сенімде Матуридия мазхабын ұстанады. Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі осы екі мызғымас іргетастың негізінде берік қаланған.

Алайда бүгінгі таңда Матуриди ілімі мен оның қазақ діни танымындағы орны туралы әдебиеттер тым тапшы, барынша кемшін. Соның кесірінен елдегі діни ағарту жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл кемшіліктерден құтылу үшін, алдымен, Матуриди мазхабы туралы тереңірек білім ізденгеннен кейін, оның қазақ дүниетанымындағы маңызына тоқталуды мұрат тұттық.

Зерттеу нысаны - Матуриди ақидасының қазақ діни танымындағы орны мен сабақтастығы туралы. Сонымен қатар бұл тақырыпты тереңірек ашу үшін қазақ дүниетанымының көрнекті өкілдері болып саналатын ақын-жыраулардың, ғұламалардың көзқарастарына жүгіне отырып, олардың еңбектеріндегі ақидадағы негізгі тұғырлы мәселелерді ашып көрсетуге тырыстық.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері - Матуриди ақидасының қазақ халқының діни дүниетанымына тигізген әсерін, маңызын салғастырып, жүйелеп, халқымыздың рухани танымының көрнекті өкілдері - ғұламалар, жыршы-жыраулар, ойшылдар шығармашылығы арқылы зерделеу. Қазақ халқының дінге, имандылыққа, рухани өмір салтына қарым-қатынасын бағдарлау. Бұл мақсаттарды зерделеу үшін мынадай міндеттер негізге алынды:

- Матуриди ақидасының Ислам ғылымындағы маңызы мен жүйесін ашып көрсету;

- Матуриди ақидасы мен Ашари ақидасының арасындағы негізгі ерекшеліктерді салыстырып көрсету. Қазақ халқының Матуриди ақидасын ұстанғандығы мақсат мұратына ой жіберіп, зерделеу;

- Матуриди ақидасы мен қазақ діни дүниетанымының арасындағы пайғамбарлық қағидасына тереңінен тоқталып, оларға дәйекті мысалдар келтіре отырып, зерттеу;

- Матуриди ақидасы мен қазақ діни дүниетанымындағы ақырет мәселесі төңірегінде зерттеулер жүргізіп, олардың сабақтастығына тоқталу.

Зерттеудiң әдiс-тәсiлдерi. Зерттеу жұмысында салыстырмалы әдіс, талдау әдісі, герменевтикалық әдіс пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының практикалық мәнi. Зерттеу жұмысын жоғарғы оқу орындарындағы дінтану мамандықтарында кәлам, Ислам тарихы пәндері бойынша қолдануға болады.

Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. ИМАМ МАТУРИДИ АҚИДАСЫНЫҢ СИПАТЫ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

1. 1 Имам Әбу Мансұр әл-Матуридидің сенім негіздері

Ислам дінінің басты принциптері бойынша тартыстар ІІ-ІІІ/ҮІІІ-ІХ ғасырларда мұсылман ойшылдарының табиғат, Алланың сипаттары және оның адаммен, әлеммен байланысы жайлы философиялық көзқараспен қарау төңірегінде өрбіді. Осының нәтижесінде жаңа ілім саласы - кәлам ілімі дүниеге келді.

Аталған жаңа ілімнің негізін салған және оның дамуына көп үлес қосқан - мутазила мектебі болатын. Мутазилиттер теологияға тән мәселелерді рационалистік көзқараспен бағалады. Олардың ұстанымы шырқау шыңына жеткен кезде, өзін жақтамағандарға қарсы ауыр соққы жасады. Ал сунниттік мұсылмандар мутазила әрекетіне бастапқы кезден-ақ қарсы тұрған болатын және олардың ілімдерін дәстүрлі әдіспен терістеуге тырысты, тіпті қатаң сөгіспен кінәлағандары да кездесті.

Осындай пікірталастар мен келіспеушіліктер ислам дінінің ойлау жүйесінде қарама-қарсылық пен екі ұдайлылықты дүниеге әкелді. Бұл ескі пікірлер мен дәстүрлі сенімдердің іргесін шайқалтып кетті. Осы кезеңде «орта жол» толеранттық ұстаныммен келісімге келу және тығырықтан шығар жол табу қажеттілігі туындады. Исламдық дүниетаным тарихының осындай қиын сәттерінде ислам әлемінің үш түрлі өлкесінде үш ғұлама жетілді: Орта Азияда әл-Матуриди, Иракта әл-Ашари және Мысырда ат-Тахауи. Олар екі ұдай көзқарастардың келісімге келуіне, заманының діни мәселелері бойынша ақылды қанағаттандыратын және Құран мен Сүннет ұсынған сенімдермен үйлесетін жол тауып, мәселенің басын ашуға тырысты. Олардың ислам философиясы мен кәламының кейінгі кезеңдерде дамуына ықпалы зор болды және олар кейіннен дүниеге келген мектептердің құрушысына айналды.

Әбу Мансур Мухаммад бин Мухаммад бин Махмуд әл-Матуриди, әл-Ансари, әл-Ханафи Орта Азияның үлкен қалаларының бірі - Самарқандтың маңындағы қыстақ - Матуридте дүниеге келген. Кейбір жазбаларға қарағанда оның тегі мединелік атақты Әбу Айюб әл-Ансариге барып тіреледі. Бұл - Мединелік кейбір жанұялардың Самарқандқа қоныстануына байланысты. Сонымен қатар, Матуридидің қызы Мединелік Әбу Айюб әл-Ансаридің немерелерінің бірі - имам Әбу-л-Хасан Али әл-Ашаридің әкесі әл-Хасан әл-Ашаримен үйленген.

Еңбектерінің кейбір бөлімдерінде Матуридидің өміріне тоқталған ұлы өмірбаян жазушылары оны 333/944 жылы дүние салды деп көрсетеді. Бірақ, олардың ешбірі оның туылған жылын көрсетпеген. Матуриди ұстаздарының бірі - Мухаммад бин Муқатил ар-Разидің дүниеден өткен жылы 248/862 болғанына ескере отырып, осы жылдан бұрын, шамамен 238/853 жылы туылған болуы мүмкін. Осы болжамға қарағанда Матуриди (мутазила ілімімен күрескен және дәстүрлі сенімді қолдаған) Аббаси халифасы - әл-Мутауаккилдің (232-247/847-861) дәуірінде туылған.

Матуридидің жұлдызы саманиттердің күшейген кезінде оңынан туды. Саманиттер 261-389/874-999 жылдары аралығында Иранды толықтай өз бақылауына алған және білім мен әдебиетке қамқорлық жасап, олар сарайларына көптеген ғалымдарды жинаған. Матуриди кіндік қаны тамған отанындағы тыныш ғылыми атмосфера мен мәдени кеңістік ішінде және алуан түрлі исламдық ілімдер кезеңінің төрт таңдаулы ғалымынан сабақ алып, білімін жетілдіре түскен. Олар имам Әбу Ханифаның шәкірттері - Шайх Әбу Бакир Ахмад бин Исхақ, Самарқанд құқықшысы атымен танымал Әбу Наср Ахмад бин әл-Аббас, Нусайр бин Яхя әл-Балхи (ө. 269/881) және рей қадиі - Мухаммад бин Муқатил ар-Рази (ө. 248/862) .

Ілімі мен білімінің тереңдігіне (Ахли сунна уа-л-джамаа (суннит) жолына жасаған қызметіне) байланысты халық оны «имаму-л-худа», «имаму-л-мутакалламин» деп атаған. Махмуд әл-Куфауи оны «тура жолдың жетекшісі, сунниттер мен ақиқат жолдағылардың жолбасшысы, ахли сунна уа-л-джамаа өлшемін белгілеуші, адасқандар мен азғындардың тамырына балта шабушы, ғұламалардың ұстазы және мұсылмандардың иманына реформа жасаушы» деп бағалаған.

Имам Матуриди фыкыһтық мәселелер бойынша Ханафия мәзхабын ұстанды. Ол, сөйте тұра фыкыһтық мәселелермен бірге кәламдық тақырыптарда да шығармалар жазды. Матуриди кәлам ілімін жетік меңгергендіктен фыкыһтық мәселелер бойынша өзімен сөз таластырған факиһтер мен хадисшілерге, фыкыһпен бірге кәламды айтып таң қалдыратын. Оның кәламдық әдісі Имам Ашаридің методикасынан айырмашылығы бар еді. Ханафия мәзхабының ғұламаларының көпшілігі Матуридидің көзқарастары Имам Ағзамның сенімдік пікірлері мен ұйысатынын айтады. Имам Ағзам адамзат тарихындағы құқықтық мәселелер бойынша үкім беруде кемеңгер тұлға саналады. Матуриди сенімдік мәселелр бойынша ғалымдармен пікірсайысқа түсу үшін Басраға жиырма екі рет сапар шеккен еді. Имам Ағзамның өмірін зерттеушілер оның сенімдік мәселелермен шұғылдануы фыкыһ саласына біржола бет-бұрудан бұрын болғандығын айтады. Оның сенімдік шығармалары сол дәуірдегі кейбір Исламды жықпақ болған топтарға қарсы бағытталды. Яғни Имам Ағзам туындаған сенімдік мәселелерге орнықты жауап берген. Исламға қарсы шабуылдарға тойтарыс жасайтын. Имам Ағзам мен Матуридидің көзқарастарын салыстырып қарағанда, қайсы пікір кімдікі екендігін ажырату қиынға соғады. Алайда зерттеушілер Матуриди өз шығармаларында Имам Ағзамның мынандай кітаптарын қолданғандығын анықтаған: «әл-Фыкһул-әкбар», әл-Фыкһул-әбсат», «Рисалату Әбу Ханифа ила Осман әл-Ветти», және т. б. [1, 184]

Зерттеуші Захид әл-Кәусари «Ишаратул Мерам» атты шығармасында кіріспесінде былай дейді : «Мауереннахр өлкесі бидғат пен бұзықтықтан ұзақ бір өлке еді. Бұл аймақтағылар Сүннетті берік ұстанатын. Бұл жерлерде хадистер ұрпақтан ұрпаққа мұра ретінде қалдырылатын. Алайда Матуриди деген ғалым әрбір мәселеге өзінше дәлелдер келтірді. Ол шариғат үкімін және өзінің ақылымен де үкім беретін». Осы шығарманың тағы бір жерінде Матуриди туралы мынандай сөздер айтылған: «Матуриди бұл шығармаларды (Имам Ағзамның еңбектерін) өзінің еңбектерінде нақты дәлелдер келтірумен және жеке-жеке бөліп қарастырып түсіндірме жасаған. Яғни, Захид әл-Кәусаридің айтуынан біз Матуридидің Имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын жақсылап зерттеп, оның ізбасары болғандығын ұға аламыз. Матуриди Имам Ағзамның шығармаларынан тыс қалған сенімдік мәселелерді анықтап көрсетіп, оларға өзінің көзқарастарын айтты. Матуриди сенімдік тақырыпқа ең басты әкелген жаңалығы, шариғат негіздерін бұзбастан, сенімдік мәселелерге ақыл мен қисын арқылы дәлел келтіруі еді.

Еңбектері : Матуриди төменде тізімі көрсетілген тәпсір, калам және методика саласында бірнеше маңызы зор кітаптар жазған:

  1. Китаб Тауилат әл-ҚураннемесеТауилат Әһли Сунна
  2. Китаб Махаз аш-Шариа
  3. Китаб әл-Джадал
  4. Китаб әл-Усал
  5. Китаб әл-Мақалат
  6. Китаб ат-Таухид
  7. Китаб Баян Уахм әл-Мутазила
  8. Китаб Радд Ауаил әл-Адилла ли-л-Қааби
  9. Китаб Радд Тахзиб әл-Джадал ли-л-Қааби
  10. Китаб Радд Уаид әл-Фуссақ ли-л-Қааби
  11. Радд әл-Усул әл-Хамса ли Әби Мухаммад әл-Бахили
  12. Радд Китаб әл-Имама ли бад әр-Рауафиз
  13. Китаб Радд ала-л-Карамита

Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін Матуридидің бірде-бір еңбегі жарыққа шықпаған. Еңбектерінің ішіндегі ең құнды шығармалары - Тауилат әл-Қуран мен Китаб ат-Таухид және Китаб әл-Мақалат тек қолжазба күйінде ғана сақтаулы. Тауилат әл-Қуран - схоластикалық әдіспен жазылған Құран тәпсірі. Аталған тәпсірде Матуриди дәстүрлі және рационалистік пішімде ой еркіндігіне көңіл бөлетін сунниттік каламды жақтауға және оған берік негіз жасауға тырысқан. Аталған еңбек жайлы Шайх Абдулқадир әл-Қураши өз ойын былай білдіреді: «бұл салада мен деген авторлардың кітаптарымен салыстыруға келмейтін теңдессіз кітап».

Ұлы ғұлама ой-өрісінің кеңдігі, білімінің тереңдігі және заманының философиялық ағымдары жайлы мәліметі мол екендігі оның кітабында айқын байқалады. Қолымызда бар мәліметтерге қарағанда ол «адамдық білімнің қайнарлары» ілімін бір еңбегінде ( Китаб ат-Таухид ) алғаш мәрте ортаға қойған және осы желіде жүйесін философиялық негізде тұрғызу жолында ұмтылыс жасаған алғашқы каламшы екендігін дәлелдеген. Оның қалыптастырған әдісі өзге каламшылар және осы тақырыпта кейінгі кезеңде әл-Бақиллани (ө. 403/1013) және әл-Бағдади (ө. 429/1037) тәрізді Ашари ғұламалары тарапынан қолданылған.

Матуриди құқықтың негізгі принциптері ( усул фиқһ ) жайында қалам тартқан ханафи ғалымдарының алдыңғы қатарында келеді. Осы салады Махаз аш-Шариа және Китаб әл-Джадал құнды еңбектерге жатады.

Оның еңбектері карматилердің, шииттердің және мутазилиттердің көзқарастары мен идеяларын жоққа шығаруға бағытталған. Матуриди замандастарының бірі - Әбу-л-Қасым Абдуллаһ әл-Қаби (ө. 317/929) Бағдаттағы мутазила мектебінің лидері болатын. Матуриди Китаб ат-Таухид інде Қаби көзқарастарын жоққа шығара отырып, оның үш кітабына қарсы үш кітаптан құралған сыни көзқарастарын ұсынған. Шығыста Матуриди мутазиламен, әсіресе, оның Бағдаттағы тармағымен алысқан кезде, замандасы Ашари Иракта мутазиланың Басра тармағымен шайқас жүргізді. Алайда, Матуриди мутазиламен күресін Ашариден бұрын бастаған, ол кезде Ашари мутазилалықтардың қатарында болатын.

Матуриди Китаб ат-Таухид інде адамдық білімнің қайнарларымен және тақырыбымен байланысты көзқарастардың қысқаша сипаттамасын жасаған және білім алу жолын қарастырған. Оның пікірі бойынша білім алу жолы үш түрлі: 1-сезім мүшелері (әл-аян) 2-хабар (әл-ахбар) және 3-ақыл (ан-назр) .

Білімге қол жеткізу мүмкін еместігін немесе сезімдердің шынайы білімді жүзеге асыра алмайтынын, яки бүкіл білім атаулыға тек ақыл арқылы қол жеткізуге болатынын алға тартқан алуан түрлі көзқарастарды ол сынға алған. Білімге қол жеткізу мүмкіндігін немесе сезім мүшелерімен білімге ие болуды жоққа шығарған яки оларға күмәнмен қараған көзқарастарды теріске шығара отырып, Матуриди тіпті жануарлардың өздеріне тән сезімдері арқылы қауіптен сақтанатынын, ненің пайдалы, ненің зиян екендігін ажырата алатынын ортаға қойған. Сондықтан, заттардың объективтік ақиқатын жоққа шығарғандармен теориялық тұрғыда тартысудың мәні жоқ. Бірақ оларға қалжың ретінде былай деп сұрақ қоюға болады: «сендер нені жоққа шығарғандарыңды білесіңдер ме? Егер «жоқ» десе, жоққа шығарғандары терістеледі, ал «ия» десе, жоққа шығарғандарын мойындап, өз пікірлеріне өздері қарсы шыққан болып шығады. Бұдан да олардың көзін жеткізетін жол - оларды физикалық азапқа душар қылу. Осылайша жоққа шығарған сезімдерімен қол жеткізген білім ақиқатын мойындауға мәжбүр болады.

Хабарлар - тек, өткен оқиғалар, алыс елдер, пайдалы, зиянды заттар, тағам түрлері, дәрі-дәрмек т. б. -лармен байланысты мәліметтерге қол жеткізу құралы. Олар екі түрлі болып келеді: «тарихи хабарлар ( хабар әл-мутауатир ) және ақиқаттығы дәлелденетін сенімді белгілерге ие - «пайғамбарлардың хабарлары ( хабар ар-русул ) . Аталған екі түрлі хабар білімнің өзегі екендігі расталса да, пайғамбарлардың хабарлары мойындағанда сезімтал болу қажет. Себебі, жаңылысуы, қателесуі мүмкін рауилер (хабар жеткізушілер) ұрпақтан ұрпаққа оны ұластырады. Матуридидің пікірінше білімнің өзегін құрайтын хабарды жоққа шығарғандар сезімдік мәліметті теріске шығарғандармен бірдей. Олардың көзін жеткізу үшін тәндік азапты жүзеге асыру қажет және сонда жанына батқан азаптан шағымданса, «шағымдарың бізге мәлімет бола алмайды» деген жөн.

Матуридидің пікірінше ақыл - басқа да бүкіл білім көздерінің негізі. Өйткені, ақылдың көмегінсіз сезімдер мен хабар шынайы білімді қамтамасыз ете алмайды. Метафизикалық білімдер мен моральдік қағидалар осы негізден бастау алады. Адамды жануарлардан айыратын басты ерекшелік - ақыл. Матуриди тек ақылдың мәнін айқындайтын бірнеше жайыттарды еске алған. Бұл - ақиқатқа жетуі үшін қайта-қайта ойлану, ақыл таразысына салу және ақылмен шешу Құрандағы бұйрықтардың жүзеге асуына себеп болған. Ақылды шынайы білімді айқындай алмайды деп ойлағандардың идеяларын түбірімен қопарып, ақылдың қабілетін қолданбастан олар өздерінің ілімдерін нақтылай алмайтынын Матуриди ескерткен.

Матуридидің жүйесі бойынша ақыл жоғарғы дәрежеге ие, бірақ, оның пікірінше ақыл білуге мұқтаж болған барлық мәліметтердің шынайы ақиқатын аша алмайды. Сезімдер тәрізді оның да шегі бар. Кейде адам ақылы қалау, қозғаушы күш, әдет, қоршаған орта, қоғам сияқты ішкі және сыртқы факторлар тарапынан кірленеді, әсер алады және өз саласындағы білімнің мәліметін беруден де қалады. Кез келген ғұламаның бір мәселемен байланысты алуан түрлі көзқарастары мен әртүрлі пікірлерінің орын алуы Матуриди тарапынан жоғарыдағы мәлімдемеге дәлел ретінде ұсынылған. Сондықтан, ақыл адасушылықтан қорғайтын, тура жолды нұсқайтын, нәзік, жұмбақ мәселелерді түсінуге көмек береді және ақиқатқа жол сілтейтін көмекшіге, жолбасшыға мұқтаж. Оның пікірінше, аталған жолбасшылық - пайғамбарларға түсірілген уахи. Егер біреу уахи жолымен келген аталған құдайдың сара жолын қажетсінбей, бізге қажет білімдерді игеруге ақылдың өзі жеткілікті деп түсінсе, ол ақылға ауыр жүк жүктеген және оған зұлымдық жасаған болып шығады.

Матуридидің пікірі бойынша уахи тек діни мәселелермен шектелмейді, көптеген дүниелік мәселелерде де оның жолбасшылық жасауына қажеттілік туындаған. Алуан түрлі тағам түрлері мен дәрі-дәрмектердің айқындалуы, өнер мен кәсіптердің дүниеге келуі т. б. - құдайлық сара жолдың жемісі. Адам ақылы осы мәселелердің көпшілігінде мәлімет бере алмайды және адам аталған нәрселер жайында мәлімет алу үшін тек индивидуалдық практикаларына сенім артуға мәжбүр болса еді мәдениет шапшаң түрде дамымас еді.

Матуриди білімнің негізі және ақиқаттың өлшемі ақыл екендігін қуаттағандардың идеяларын теріске шығарған. Сонымен қатар, шабытты (илхам) да білімнің көзі деп білмеген. Оның пікірі бойынша шабыт білім саласында хаос пен пікір тартыстарды дүниеге әкеледі, шынайы білімге жетуге алып баратын жолды кеседі, адамдардың бөлшектенуіне, күйреуіне жол бастайды.

Матуриди жүйесінде ақыл мен уахи біртұтас күйде орын тепкен. Оның пікірі бойынша діни сенімнің мәліметтері уахиден бастау алады және ақылдың алдында тұрған міндет - оларды дұрыс күйде түсіндіру. Уахи дұрыс түсіндірілсе, оның ақылмен арасындағы қайшылық туындамайтыны айқын. Матуридидің тәпсір методикасына мынандай қорытынды шығаруға болады: Құрандағы күңгірт бөлімдер немесе мағынасы жұмбақ күмәнділер (мухкам және муташабих) мухкам (мағынасы айқын) аяттардың аясында қарастырылуы тиіс. Бір аяттың сыртқы мағынасы мухкам аяттардың үкімдеріне қайшы болған кезде, оның баяндалып отырған әлгі сыртқы мағынаны білдірмегендігі айқын. Өйткені, Алланың қайта-қайта ескерткені сияқты Құран аяттары арасында қайшылық жоқ. Осындай жағдайдағы аятқа тауил аясында түсініктеме жасалынады немесе оның шынайы мәні Алланың құзырына қалдырылады ( тафуиз ) .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Имам Матуридидің иманды түсіндіруі
Ислам теологиясы
Матуриди мәзхабының ерекшелігі мен әшария мазхабынан айырмашылы
Дін тыныштықта дамиды немесе Матуруди ақидасы адасқан ба?
ӘЛ - ПАЗДАУИ ІЛІМІНДЕ ҚҰДАЙЛЫҚ СИПАТТАР
Сәләфи ағымы
Тахауи ақидасы – Имам Тахауи
Қазақ санасына мұсылман дінінен енген жаңа этикалық ойлар
«Ханафи мазхабы -ХХ ғасырдатарихи-рухани жолымыздың заңды жалғасы»
Имам матуриди ақидасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz