Шаңырақ жарастығы


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 3 бет
Таңдаулыға:   

ШАҢЫРАҚ ЖАРАСТЫҒЫ

Еркіндігін еншілеген, Тәуелсіздік тұғырына тұрақтаған кең байтақ Қазақстан халқы тағы бір тың мерекені мерейі үстем, мәртебесі асқақ қалпында тойлағалы отыр. Қазақтың: «Тойың тойға ұлассын» деген бата-тілегі жақсы ырымның жоралғысы. Елдің еңсесін көтеретін, халқымыздың қабағын ашатын мамыражай мерекенің болғанына не жетсін. Мереке - сауық-сайранның, сән-салтанаттың бастауы. Мереке - өткеніңнің өлшемі, бүгініңнің биігі, кемел келешегіңнің көрінген көкжиегі. Мереке - тұрмыс-тіршілігіміздің таразысы, көңіл-күйіміздің, жеткен биігіміздің, ой-санамыздың, дала мен қаламыздың көрсеткіші. Мереке - береке мен бірліктің, тынысы кең тірліктің жемісі, ақыл-ойдың өрісі.

Иә, алғаш рет атап өтілгелі отырған болмысы бөлек, бағасы басым су жаңа мереке есігімізден еніп, төрімізге шықты. Әр шаңырақтың шаттығын паш ететін, жанұя мүшелерін жақсылыққа желпіндіретін, бірлігін бекемдей түсетін Отбасы күні мерекесінің атын атап, түсін түстеген Елбасымыздың өзі. Бұл әр отбасына деген шынайы қамқорлықтың, әр адамға деген ақ пейілдің үлгісі. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп жариялады. Бұл отбасы құндылықтарын насихаттауға, адамдардың өзара қарым-қатынасындағы, сыйластығындағы ұлттық сипатқа ие қанда бар қасиетті қағидаларды ұлықтауға, жас буынның санасына сіңіруге бағытталған сан түрлі игі шаралардың өріс алатын, өркен жаятын мерекесі.

Халқымызда отбасының өмір сүрген тұрағына, яғни басындағы баспанасына байланысты ежелден қалыптасқан киелі ұғымдар бар. Шаңырақ, босаға, табалдырық атауларын ата-бабамыз айрықша қастерлеген, жаманат жуытпауға ұрпағын тәрбиелеген, түрлі ырым-тыйымдар, жөн-жоралғылар арқылы ұғындырған. «Табалдырықтан биік тау жоқ», «Ақ босаға - бақ босаға», «Қасиетті қара шаңырақ» деген аталы сөздің астары аңғарған адамды біраз жайдан хабардар етеді. Киесін қадірлей білген қазақ осындай ілкімді іс-әрекеттері арқылы ұрпағына өшпес өнегенің, тәлімді тәрбиеге байланысты үлгі болар үрдістің, тағылымды жолдың айнымас арнасын артына аманат етіп қалдырған.

«Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз, ұлы ұғымға айналған қағиданың қасиетін қалтарыста қалдыра алмайсың. Санаңда сақталатын, жадыңда жатталатын, рухыңды асқақтатып мақтанатын, шалқар сезімге елітіп, ерекше шаттанатын, жаныңа шырайлы шуақ, бойыңа құдіретті қуат беретін, одағай ойдан, тағылымды тұжырымнан туындаған тіркестің мәні де, әрі де айрықша. Ендеше, Отбасы күні тұтастай Отанымыздың мерекесі, барша халқымыздың ел болып атап өтетін шаттыққа толы шарасы. Осы күнді тәуелсіз еліміздің бес миллион отбасындағы он жеті миллион халық мерекелемек. Бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай, тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір, саусағы бөлек, білегі бір жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың үлкен-кішісі осы мерекені ұйысқан бірлік үстінде ұлықтағалы отырғандығының өзі екі елдің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін, көрінгеннің қолы жетпейтін қомақты олжа.

Ақ босағаны ардақ тұту - отбасы мүшелерінің бабадан балаға мирас болып келе жатқан салиқалы салты, дүниетанымыңа дәрумен болар дәстүрі. Халқымыз отбасылық құндылықтардан кенде емес. Қазақи тәрбиенің таңдай қақтырарлық тамаша тағылымға толы, ұлттық үрдіске негізделген рухы биік ұлағаттары: үлкенге құрмет, кішіге ізет, ақсақалды ардақтау, кейуананы қадірлеу, абысын мен келіннің, қайнаға мен қайнының, қайын­сіңлі мен қылықты қыздың, бозбала мен бесіктегі сәбидің бүкіл адами қасиеттері өмір бойы қара шаңырақта, өскен ордасы - отбасында қалыптасады.

«Ұлды тәрбиелей отырып жер иесін тәрбиелейміз, ал қызды тәрбиелей отырып ұлтты тәрбие­лейміз» - деген екен гректің ұлы ойшыл-философы Платон. Осындай арқалы ойдың жүзеге асатын, адами қасиеттердің қанға даритын алтын бесігі - отбасының ордасы. Бұл ұлттық құндылықтардың, қазақи қасиеттердің бойымызға сіңетін, рухани биігімізді көтеретін, ой-санамызды оятатын қара шаңырақтың құдіреті.

Ақ босағаны бақ босаға деп бағалайтын халқымыздың рухани жағынан бәрінен жоғары қоятын, ерекше қастерлейтін киесінің бірі осы. Алтын босағасының берік болуына деген игі тілегін бағыштаудың түп-төркіні - түтін түтетіп отырған отбасының оңаша отауына арналған кіршіксіз құрметтің белгісі, жақсы ырымның жорал­ғысы, ынтызарлықтан туған ықылас-ниеттің көрінісі. Олай болса, әр отбасының тірлігіне тіреу, бірлігіне бекемдік беретін ұлттық символикалық ұғымға айналып, тарихтан тамыр тартқан, атадан аманатқа қал­ған ақ босағамыз әрдайым берік болғай!

Отбасылық озық та киелі құндылықтардан халқымыз ешкімге есесін жібермейді. Жанұя жарастығы ұлттық тәрбиенің тал бесігі - отбасында өрбиді. Бабадан балаға жалғасқан тәрбиенің алтын арқауы үзілместен ұрпағымен бірге жасап келеді. Ғасырлар бойы отбасылық тектілік тәрбиенің тамырынан нәр алып, уызына жарыған, қара шаңырақтағы береке-бірліктің қасиетті қағидалары дарыған бүгінгі ұрпақ ұлтымыздың ұлық тұтар киелі жолынан жаза басқан жоқ. Сондықтан да болар, шаңырақтың шамын жарқырата жаға алған, талайларды тәнті етіп биік баға алған, отбасында қосағымен қоса ағарған ерлі-зайыпты жұптардың, қадірі асқан қарттардың, кемел ойлы келісті кейуаналардың, отбасынан өркен жайған жарасымды жастардың есімдерін өз ауданымыздың арғы-бергі тарихынан да көптеп келтіруге болады.

Ауданымызда 14140 отбасы жетпіс бес мың жанды қанатының астына алып отыр. Оның ішінде тең жартысы - әйелдер. Еліміздің болашағына негіз қалап, өмірге ұрпақ сыйлаған 2293 «Алтын, Күміс алқа» иелері отбасының ұйытқысы, алтын құрсақ аналар. Жанұядағы ұрпақ тәрбиесінде аналардың орнын ешкім де, еш нәрсе де алмастыра алмайды. Аналардың мерейі осындай өрелі де өнегелі ісімен үстем, мәртебесі жоғары. Отбасының әрбір мүшесі атаның тегеурінді тәрбиесімен, ананың аялы алақаны мен ақылынан қуат алады. Шаңырақтың шаттығын сезінеді, жанұя жарастығымен өсіп-өнеді, өркен жаяды. Өлкемізде есімі елге белгілі, мақтанышпен ауызға алатын мыңдаған аналар болған және бүгін де олардың қатары көбеймесе, кеміген жоқ.

Отбасы ерлі-зайыпты екеудің, ата мен әженің, ұл мен қыздың, немере мен шөберенің бір шаңырақтың астындағы бірлігі бекем, тірлігі тиянақты, жарастығы жарқын, сыйластығына сызат түспейтін өзіндік орны бөлек одағы, асқақ тұтар алтын ордасы. Қазақта: «Отың өшпесін» дейтін жақсы тілек бар. Отбасына бағышталған жан жадыратар жағымды сөз жанұя мүшелерінің ортақ отауының шоғы маздасын, жақсылықтан жазбасын, тірліктері тозбасын деген тілектен туған. Ылайым солай болғай!

Отбасы күні дүние есігін енді ашқан сәбилер мен аяулы аналардың, бал дәуренді балалардың, қызғалдақтай қыздарымыз бен жалын жүректі жігіттеріміздің, көненің көзіндей, даналықтың өзіндей болған қасиетті қарттарымыздың мерекесі. Отбасы мерекесі - Отанның ортақ мерекесі, барша халқымыздың алтын босағаның арқауына айналған адами құндылықтарды айшықтайтын, отбасындағы бірлік пен берекені паш ететін, ұлттық үрдістің рухын әспеттейтін, жанұядағы ортақ өмірдің жақсылығын жария қылатын тағылымға толы тойы. Бұл күн ене мен келіннің, жеңге мен қайнының, абысын мен туыстың өзара сый­ластығы­ның, отбасындағы өнегенің, ұлтқа тән ұлағатты шаралардың ұлықталар күні. Адамдардың бір-бірімен онан сайын етене араласуына, кісілік қарым-қатынасының сапалық деңгейде салтанат құруына негізделген, ерекше сипатқа ие мереке. Бүкіл еліміз болып шаттықтың шуағына шомылатын, бір-бірімізге деген жан жылуын сезінетін, отбасы құндылықтарынан қуаттанып, ерекше сезімге берілетін сәт. Отбасы - мемлекетіміздің негізі, Отан атты ұлы ұғымның егізі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Табиғатқа аялы қарым - қатынастарын дамыту
Үйлену фольклоры
Мектеп оқушыларына өзін-өзі тану пәнін оқытудың ерекшеліктері
Мектеп оқушыларына өзін-өзі тану пәнін оқытудың негіздері мен ерекшеліктері
Жыныстық мінез-құлықтың отбасында алатын орны
Өзін-өзі тану пәні туралы ақпарат
Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы кейіпкерлеріне сипаттама
Тәуелсіздік - еліміздің баға жетпес байлығы
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Әтемісұлы бастаған көтеріліс
Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы кейіпкерлердің сипаттамасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz