XI-XII ғасырлардағы түркі әдеби ескерткіштері тіліндегі зат есімдер


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 135 бет
Таңдаулыға:   

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 811. 512. 1 «10-11» Қолжазба құқығында

ҚҰЛЖАНОВА БАҚЫТГҮЛ РАЙХАНҚЫЗЫ

XI-XII ғасырлардағы түркі әдеби ескерткіштері тіліндегі зат есімдер

(Қазақ тіліндегі түбір және негіз зат есімдермен салыстырып талдау)

10. 02. 06 - түркі тілдері

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші

филология ғылымдарының

докторы, профессор Б. Қ. Момынова

Қазақстан Республикасы

Алматы 2007

МАЗМҰНЫ

БЕЛГІЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР . . . 3

КІРІСПЕ . . . 4

1 КӨНЕ ЗАМАНҒА ЖӘНЕ ЖАҢА ЗАМАНҒА ОРТАҚ ЗАТ

АТАУЛАРЫНЫҢ ФОНЕТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ

АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ . . . 9

1. 1 Зат есімнің зерттелуі . . . 9

1. 2 Фонетикалық өзгешеліктер . . . 12

1. 3 Зат есім жасайтын жұрнақтар . . . 27

1. 4 Қазақ тілі тұрғысынан көнерген зат есімдер . . . 44

Тұжырым . . . 60

2 КӨНЕ ТҮРКІ ТІЛІНЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ОРТАҚ ЗАТ

ЕСІМДЕРДІҢ СЕМАНТИКАСЫ . . . 63

2. 1 Зат есімдердің тақырыптық және лексика-семантикалық парадигмасы. . 63

2. 1. 1 Лексика-тақырыптық топтары . . . 63

2. 1. 2 Лексика-семантикалық топтары . . . 74

2. 2 Зат есімдердің орта ғасырлық және кейін қосылған жаңа мағыналары. . 97

2. 2. 1 Дыбыстық құрамы толық сәйкес келетін атаулар . . . 97

2. 2. 2 Көп мағыналы зат есімдер . . . 102

2. 2. 3 Көп мағыналылықты тудыратын тәсілдер . . . 104

2. 2. 4 Зат есім мағыналарының кеңеюі . . . 109

2. 2. 5 Зат есім мағыналарының тарылуы . . . 115

2. 2. 6 Зат есім мағыналарының әрі кеңейіп, әрі тарылуы . . . 117

Тұжырым . . . 125

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 127

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 131

БЕЛГІЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР

*- бұрынғы қалпына келтірілген алғашқы форма (архетип) деген мағынаны білдіреді

Ш - үнемдеу заңының ықпалынан элизияға ұшыраған дыбыстың белгісі

/, ~ - жарыса қолданылатын (варианттас) элементтер деген ұғым береді

д'з' - дыбыстардың жіңішке айтылу белгісі

+ - сөздің қанша құрамдас бөліктен тұратындығын білдіретін белгі

>, <, → - тілдік элементтердің тарихи даму бағытын көрсетеді

ҚБ 441- «Қутадғу билиг» ескерткішінің 441-бәйітінде деген мағынаны білдіреді

ҺХ 36 - «Һибат-ул хақайиқ» ескерткішінің 36-бәйітінде деген мағынаны білдіреді

ДТС 119 - «Көне түркі сөздігінің» 119-бетінде деген мағынаны білдіреді

т. б. - тағы басқалар

аз. - азербайжан тілі

башқ. - башқұрт тілі

қаз. - қазақ тілі

қырғ. - қырғыз тілі

өзб. - өзбек тілі

тат. - татар тілі

түр. - түрік тілі

түркм. - түрікмен тілі

ұйғ. - ұйғыр тілі

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Ежелгі дәуірлерде, көне замандарда өмір сүрген түркі халықтары кейінгі ұрпағына орасан зор тарихи, мәдени, ғылыми, әдеби мұралар қалдырып кетті. Солардың арасында XI-XII ғасырларда дүниеге келген әдебиет ескерткіштері - Йүсүп Баласағунидің «Қутадғу билиг» атты дастаны мен Ахмед Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиқ» атты дастаны көрнекті орын алады. Зерттеу жұмысында осы екі жәдігерліктің тіліндегі зат есімдер қазақ тіліндегі зат есімдермен түбірлері мен негіздері бойынша салыстырылып, талданды. Соның нәтижесінде ашылған тілдік айырмашылықтар қазіргі ғылым жетістіктері тұрғысынан түсіндірілді. Жалпы алғанда, монографиялық еңбекте аталған ескерткіштер тіліндегі зат есімдердің фонетикалық ерекшеліктері, морфологиялық құрамдас бөліктері, қазақ тілі тұрғысынан көнеру сипаты, лексика-тақырыптық, лексика-семантикалық парадигмасы, зат есімдердің лексикалық мағыналарының кеңеюі мен тарылуы, тағы басқалар әңгімеленеді.

Зерттеудің өзектілігі . Көне түркі жазба ескерткіштерінің қазір өмір сүріп отырған түркі халықтарына ортақ мұра екендігін бүкіл ғалымдар қауымы мойындайды. Көне түркі әдеби тілін қалыптастыруға қазіргі ұлттардың ата-тектері түгелдей дерлік ат салысқан. Дегенмен әр шығарманың жазылған аймағына байланысты белгілі бір тайпа одақтарының қатысу дәрежесі әр түрлі болған. Осыдан келіп оғыз, қыпшақ, қарлұқ-ұйғыр тілдер тобының әр ескерткішке қосқан үлесі қандай деген сұрақ пайда болады. Ескерткіштердің негізін қалаған түркі тілдерінің әр нұсқаға қатысын анықтау оңай шаруа емес. Ол үшін әрбір тарихи мұра жеке-жеке алынып, ескерткішке қатысы бар-ау деген барлық түркі тілдерімен, оның диалекті, говорларымен тілдің барлық салалары бойынша толық салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары ашылуы қажет. Сонымен қатар тарихи жазба жәдігерліктер өзара бір-бірімен салыстырылып, олардың әрқайсысына тән ерекшеліктер айқындалуы да ғылыми құндылық болып есептеледі. Әр ұлттың өкілдері белсене араласқанда ғана осы орасан зор міндеттердің үдесінен шығуға болады. Диалектикалық заңдылық мынада: бір ғалым қанша талантты болғанымен белгілі бір ескерткішті қазіргі барлық түркі тілдерімен салыстырып қыр-сырын аша алмайды. Әр ұлттың өкілі өз тілі үшін ғана жауап беруге тиіс. Көрнекті түрколог Э. Н. Наджип негізін қалаған осы бағытты біз де ұстандық. Нақтырақ айтқанда, Орта Азия мен Қазақстанда пайда болған көне түркі жазба ескерткіштері тіліне осы аймақта өмір сүрген халықтар тілінің қаншалықты дәрежеде қатысы болғандығын ғылыми жолмен анықтау түркологияның алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі. XI-XII ғасырлардағы әдебиет ескерткіштері тіліндегі зат есімдер мен қазіргі қазақ тіліндегі зат есімдердің өзара сабақтастығын анықтау мақсаты осы іргелі міндеттердің талабынан туындап отыр.

Зерттеу нысаны . XI-XII ғасырлардағы түркі әдеби ескерткіштері («Қутадғу билиг» пен «Һибат-ул хақайиқ» дастандары) тіліндегі зат есімдердің түбірлері мен негіздері.

Зерттеу пәні . Қазақ тілінің тарихи морфологиясы.

Зерттеудің дереккөздері . Жұмыстың тілдік деректері Юсуф Хос Хожиб «Қутадғу билиг» (Ташкент, 1971), Ахмед Йүгнеки «Ақиқат сыйы» (Алматы, 1985) мәтіндері транскрипциясынан, «Древнетюркский словарь» (Ленинград, 1969) сөздігінен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (Алматы, 1974-1986) он томдығынан теріліп алынды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері . Зерттеудің негізгі мақсаты - XI-XII ғасырлардағы түркі әдебиеті ескерткіштері («Қутадғу билиг» пен «Һибат-ул хақайиқ» дастандары) тіліндегі зат есімдерді қазақ тіліндегі зат есімдермен түбірлері мен негіздері бойынша салыстырып, олардың фонетикалық, морфологиялық, семантикалық айырмашылықтарын ашу. Өзгерістерді қазіргі ғылым жетістіктері негізінде түсіндіре отырып, көне тілдік элементтер мен жаңа тілдік элементтер арасындағы тарихи сабақтастықты анықтау. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

- көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі зат есімдердің, сондай-ақ қазақ тіліндегі зат есімдердің зерттелу тарихына шолу жасау;

- ескерткіштер тіліндегі зат атауларының фонетикалық құрамындағы дыбыстық сәйкестіктіктерді анықтау;

- көне заманға және жаңа заманға ортақ зат атауларының фонетикалық айырмашылықтарын ашу;

- барлық дыбыстық сәйкестіктерді тіл заңдылықтарына орай топтастыру;

- ескерткіштерде зат есім жасайтын барлық жұрнақтардың грамматикалық мағыналарын ашу, оны қазіргі қазақ тіліндегі грамматикалық мағыналармен салыстыру;

- қазақ тілі тұрғысынан ескерткіштер тіліндегі зат есімдердің көнеру сипаттарын зерделеу;

- ескерткіштер тіліндегі зат атауларының лексика-тақырыптық топтарын анықтау, олардың қазіргі түркі тілдеріндегі көріністерін осы заманғы сөздіктер негізінде айғақтау;

- ескерткіштер тіліндегі зат атауларының лексика-семантикалық топтарын анықтау, қазақ тіліндегі сондай топтардан айырмашылығын көрсету;

- көне түркі тілі мен қазақ тілінде формасы бірдей қолданылған зат есімдердің ерекшеліктерін сипаттау;

- көне түркі тілінде зат есімдердің ауыспалы мағыналарының қандай тәсілдер бойынша пайда болғанын айқындау;

- қазақ тілі тұрғысынан ескерткіштер тіліндегі зат есімдердің лексикалық мағыналарының кеңею немесе тарылу фактілерін нақты мысалдармен айғақтау.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы мен нәтижелері . XI-XII ғасырлардағы түркі әдеби ескерткіштері тіліндегі зат есімдердің түбірлері мен негіздері қазақ тіл білімінде тұңғыш рет зерттеліп отыр. Зерттеу барысында мынадай жаңалықтар мен нәтижелерге қол жеткіздік:

- сөздердің фонетикалық құрамындағы дыбыстық өзгерістердің барлығы белгілі бір тілдік заңдылықтардың (аффрикаттардың ыдырауы, қатаң дауыссыздардың ұяң дауыссыздармен алмасуы, жуан түбірлердің жіңішке түбірлерге айналуы, т. б. ) төңірегіне топтасатындығы анықталды. Алайда мұндай заңдылықтар зат есімдерге ғана емес, барлық сөз таптарына тән;

- даму барысында жуан дауыстылардың жіңішке дауыстыларға айналуы, қатаң дауыссыздардың ұяңдануы, еріндік дауыстылардың езулік дауыстылармен алмасуы зат есім жасайтын жұрнақтардың вариантталуына себепкер болғандығы ашылып-айқындалды; бұл көп вариантты жұрнақтардың арғы тегі бір-ақ форма болғандығын дәлелдейді;

- ескерткіштер тіліндегі зат есім жасайтын жұрнақтардың грамматикалық мағыналары қазақ тіліндегі сол тектес жұрнақтардың грамматикалық мағыналарымен бірде үйлес келсе, бірде алшақтап кететіндігі байқалды. Бұл ең алдымен көркем шығармалардың көлемінің шектеулілігіне байланысты;

- ескерткіштер тіліндегі атаулардың қазіргі тілдердің тұрғысынан белгілі бір дыбысының көнеруі, түбірі қолданыста болғанымен, жұрнақтарының ескіруі, керісінше, жұрнақтары қолданыста болғанымен түбірлерінің ескіруі, лексикалық мағыналарының қолданыстан шығып қалуы, т. б. ерекшеліктер сол атауларды архаизмге айналдырғаны дәлелденілді;

- көне заманда да, қазіргі кезде де жиі қолданылатын атауларды қазіргі түркі тілдеріндегі баламаларымен салыстырғанымызда, ол атаулардың қыпшақ, қарлұқ-ұйғыр тілдеріне қарағанда, оғыз тілдеріне жақын тұрғандығы нақты фактілермен айғақталды;

- ескерткіштер тіліндегі синонимдік қатарлар сыңарларының көпшілігі әр түрлі себептермен көнеріп, ыдырап, қазіргі қазақ тілі лексикасының сөздік құрамынан орын ала алмаған болса, омонимдер мен антонимдердің басым бөлегі тұрақтылық көрсетіп, жұбын жазбай қазір де жалпыхалықтық қолданыста жүргендігін көрсетті;

- метафора, метонимия, синекдоха тәсілдері арқылы тура мағыналардан ауыспалы мағыналардың пайда болуы көне тілде де, осы заманғы тілдерде де бірдей екендігі айқындалды;

- зат есімдердің лексикалық мағыналарының қазақ тілі тұрғысынан кеңеюі немесе тарылуы уақыт талабынан екендігі аңғарылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар :

- көне түркі тіліне және қазақ тіліне ортақ зат атауларының фонетикалық құрамындағы дыбыстық өзгерістердің барлығы аффрикаттардың ыдырауынан, қатаң дауыссыздардың ұяңдануынан, үнемдеу құбылыстарының әсерінен, еріндік дауыстылардың езулік дауыстыларға айналуынан, сондай-ақ жуан дауыстылардың жіңішкеруінен пайда болған;

- зат есім жасайтын жұрнақтардың көп варианттылығы да аталып өткен заңдылықтарға бағынады;

- сөз құрамындағы белгілі бір дыбыстардың, түбірлердің немесе жұрнақтардың көнеруі, лексикалық мағыналардың қолданыстан шығып қалуы, тағы басқа себептер ол сөзді архаизмге айналдырып жібереді;

- XI-XII ғасырлардағы әдеби ескерткіштер тіліндегі зат атаулары тұлғасы жағынан, қыпшақ, қарлұқ-ұйғыр тілдеріне қарағанда, оғыз тілдеріне жақын;

- тарихи ескерткіштер тіліндегі синонимдік қатарлар уақыт өте келе бұрынғы қалпын жоғалтып, қазіргі қазақ тілі тұрғысынан тұрақсыздығын танытса, антонимдер мен омонимдер өміршеңдігін байқатады;

- сөздің тура мағыналарынан ауыспалы мағыналардың пайда болу тәсілдері көне тілде де, жаңа тілде де бірдей;

- ескерткіштер тіліндегі зат атаулары лексикалық мағыналарының қазіргі қазақ тілі тұрғысынан кеңеюі немесе тарылуы - уақыт жемісі.

Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу барысында ғылыми сипаттама әдісі, салыстырмалы әдіс, тарихи-салыстырмалы әдіс, компоненттік талдау әдісі, құрылымдық-семантикалық әдісі қолданылды.

Жұмыстың әдістанымдық негізі. Диссертацияда В. В. Радлов, В. А. Богородицкий, Г. И. Рамстедт, Э. Н. Наджип, А. Н. Кононов, А. Н. Баскаков, Э. В. Севортян, А. М. Щербак, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Ә. Т. Қайдаров, А. Ы. Ысқақов, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Р. Ғ. Сыздықова, Н. Оралбаева, Ә. К. Құрышжанов, М. Томанов, Б. Қ. Қалиев, Б. Сағындықұлы, Ж. Манкеева, Б. Қ. Момынова, А. Б. Салқынбай, М. Сабыр т. б. ғалымдардың негізгі теориялық тұжырымдары мен пікірлеріне сүйендік.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы . Зерттеу жұмысының нәтижелері тарихи морфологияның теориялық мәселелеріне үлес қоса алады. Еңбегімізге арқау етілген тақырып тарихи-салыстырмалы тіл білімінің одан әрі дамуына қызмет етеді. Көне түркі жазба ескерткіштері тілін жаңа әдістермен жүйелі талдауға жол ашады. Мұндай зерттеулер ежелгі, ескі заманға және жаңа заманға ортақ тілдік категориялардың сабақтастығын ғылыми жолмен дәлелдеп, жан-жақты түсіндіре алады.

Зерттеудің нәтижелерін жоғары оқу орындарында филология факультетінің студенттеріне қазақ тілі тарихи морфологиясы саласы бойынша оқылатын дәрістерде, арнайы курстарда, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын жаңа үлгідегі орта мектептерде көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.

Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы: Зерттеу жұмысының нәтижелері мен қорытындылары ҚазМемҚызПИ ұйымдастырған «Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (2001 ж. ) ; Қайнар университеті ұйымдастырған академик Ө. Айтбайұлының 70 жылдығына арналған «Тіл және әдебиет: кешегісі мен бүгіні» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (2006 ж. ) ; ҚазМемҚызПИ ұйымдастырған ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығы және филол. ғ. д., профессор Ә. Құрышжанұлының мерейтойына арналған «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты ғылыми-практикалық конференцияда (2006 ж. ) ; Түрік республикасы, Анкара қаласындағы Билкент университеті ұйымдастырған «Үлкен түрік тілі құрылтайы» атты халықаралық конференцияда (2006 ж. ) ; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ филологиясы кафедрасында лингвистикалық семинарда (2006 ж. ) баяндалып, мақалалар жарияланды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 7 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, екі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 КӨНЕ ЗАМАНҒА ЖӘНЕ ЖАҢА ЗАМАНҒА ОРТАҚ ЗАТ АТАУЛАРЫНЫҢ ФОНЕТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ

1. 1 Зат есімнің зерттелуі

Тіл білімінде сөздік құрамдағы барлық сөздерді лексика-грамматикалық топтарға бөліп, топтастыру дәстүрі бар. Бұлай айырып-ажыратудың мақсаты жөнінде грамматика теориясының білгір мамандарының бірі О. П. Суник [1, 9-10 бб. ] былай деп жазады: «Сөз таптарының жалпы теориясы таза практикалық міндеттерді шешу үшін және, ең алдымен, өмір сүріп отырған тілдердің толық мәнді ғылыми грамматикалары мен оқулық ретіндегі грамматикаларын жасау үшін, көптеген тілдерге тән, жалпылама ортақ жайларды да, әрбір жеке тілдің өзіндік бейнесін, өзіндік табиғатын, оның грамматикалық құрылысын сипаттайтын ерекшеліктерді де бірдей орынды ескеретін грамматикаларды жасау үшін қажет» [Аударма К. Ахановтікі: 2, 355 б. ] . Ғылыми жұртшылық мойындаған осы сияқты ұстанымдарды басшылыққа ала отырып, біз де XI-XII ғасырлардан келіп жеткен түркі жазба әдебиеті мұралары - «Қутадғу билиг» пен «Һибат-ул хақайиқ» ескерткіштері тілінде түбір немесе негіз қалпында ұшырасатын зат есімдерді бөліп алып, фонетика-морфологиялық, семантикалық тұрғыдан қарастырғалы отырмыз.

Тілші-ғалым А. Ысқақов атап көрсеткеніндей: «Зат деген ұғым күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірде ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен оқиғаларды, пайымдаулар мен түсініктерді толық қамтиды» [3, 141 б. ] . Тіл-тілде лексикалық құрамы бай, грамматикалық құрылысы күрделі сөз табы зат есім болып есептеледі. Ол есімдердің өз ішінде де дербес қолданылады. Басқа есімдер зат есімнің айналасына топталып, оған қатысты ғана айтылады.

Зат есім, әсіресе, семантикалық жағынан аса үлкен категория. Зат есім тобына енетін сөздердің барлығы бірдей заттық ұғымды білдіргенімен, бұларды іштей ажыратып талдағанда мағыналық-ұғымдық жағынан сала-салаға бөлініп кетеді: нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды да қамтиды [4, 45-54 бб. ] . Заттың сын-сипатын білдіретін немесе оның өзіндік ерекшеліктерін нақтылай түсетін, әсірелеу, бейнелеу жолымен сезімге әсер ете алатын топтары да бар. Барлық зат есімдер 1) адам атаулары, 2) адамнан өзге жан-жануарлар мен заттардың атаулары болып екіге бөлінеді. Мұның алғашқысын А. Ысқақов адамзат есімдері, соңғысын ғаламзат есімдері деп атаған [3, 144-145 бб. ] .

Зат есімнің грамматикалық жағынан да өзіне тән ерекшеліктері көп. Зат есімге тән қасиет - мағынасы ешбір өзгеріске ұшырамай-ақ көптеледі, септеледі, тәуелденеді, кейде жіктеледі. «Зат есімдер тұлғалық құрамы жағынан 1) жалаң сөздер , 2) күрделі сөздер болып екі топқа жіктеледі. Жалаң сөздер іштей түбір сөз және туынды сөз болып бөлінсе, күрделі сөздер біріккен сөз, кіріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз болып топ-топқа бөлінеді» [3, 90-91 бб. ] .

Зат есім сөйлемде атау тұлғада тұрып бастауыш , атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып толықтауыш болады. Қандай сөзбен тіркесуіне және қай орында тұруына қарай анықтауыш та, пысықтауыш та, баяндауыш та болады. Сөйлем құрамында үнемі бастауыш қызметінде жұмсалу, яғни айтылатын ойдың иесін білдіріп, басқа сөздерге тәуелсіз қолдану зат есімдерді дербес, тәуелсіз қолданылатын сөз ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасады [5, 34 б. ] .

Қазақ тілі тарихын түркі тілдері тарихынан бөліп алып қарастыруға болмайды. Дереккөздер - орхон-енисей, көне ұйғыр жазба ескерткіштері, орта ғасырлық араб, парсы, түркі ғалымдарының еңбектері және XYIII ғасырдан бергі Батыс Европа мен орыс ғалымдарының зерттеулері туралы академик А. Н. Кононовтың «История изучения тюркских языков в России» атты кітабында толық мағлұмат беріледі [6, 215-242 бб. ] . Бұдан кейін орыс түркологтарының орыс тілінде жазған грамматикалары туралы Т. Қордабаев «Түркология және қазақ тіл білімі» атты еңбегінде баяндап береді [7, 114-117 бб. ] . Бірақ «ол еңбектерде жеке сөздердің құрамы мен олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатыны, әр түрлі жалғаулар арқылы қалай түрленетіні сияқты мәселелер ғана қамтылып, ол сөздердің неліктен белгілі бір сөз табына жататындығы, сөз таптарының неліктен жеке сөз табы болып табылатындығы, олардың өзіндік лексика-грамматикалық сипаттары қандай деген сияқты күрделі теориялық мәселелер қамтылмаған болатын» [8, 71 б. ] . Қысқасы, «қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принципті басшылыққа аламыз деген сұрауды қойған да, оған жауап берген де жоқ» [7, 116 б. ] . Ол еңбектердің барлығы да сипаттау дәрежесінде болып, күрделі ғылыми мәселелерді шеше алмады.

1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының оқулығы қазақ тілі морфологиясын ана тілімізде сөз еткен алғашқы зерттеу болды. Сөздерді тапқа бөлу де осы оқу құралынан басталды [7, 116 б. ] . Бұдан кейінгі ірі еңбек 1936 жылы Алматы қаласында жарық көрген проф. Қ. Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығы еді. Онда ғалым алғаш рет қазақ тілінің өз табиғи материалдарын қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына үйлестіре отырып, ғылыми талдаулар мен баяндаулар жасаған [8, 72 б. ] . Арнайы орта және жоғары дәрежелі білім берудегі бағдарламаға сәйкес жазылған академик Н. Т. Сауранбаевтың «Қазақ тілі» (1948) атты оқу құралы да өз кезінде үлкен роль атқарды [9, 220 бб. ] .

1954 жылы жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілі» атты көлемді кітап жарық көрді. Онда қазақ тілінің барлық салалары жан-жақты талдауға түседі, ғылыми сипаттамасын алады. Осы еңбекте зат есімдер туралы жинақталған теориялық мағлұматтар бар [10, 162-185 бб. ] . Бұдан кейін А. Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» (1964) атты монографиялық еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мұнда морфологияның жалпы теориялық мәселелері, оның ерекше белгілері жан-жақты баян етіледі [8, 73 б. ] .

Морфологиялық зерттеулердің бұрын-соңды жетістіктерін жинақтап, оны жүйелі тәртіпке түсіріп баяндаған еңбектердің бірі - 1967 жылы шыққан «Қазақ тілінің грамматикасы» болды [4, 3-264 бб. ] . Бұл академиялық грамматика теориялық жағынан әлдеқайда жаңарып, қазіргі ғылым жетістіктерімен толықтырылып, 2002 жылы «Қазақ грамматикасы» деген атпен басылып шықты [11, 3-784 бб. ] . Соңғы санамаланған еңбектердің барлығында да зат есім категориясы туралы мағлұматтар жеткілікті. Ә. Төлеуовтің 1971 жылы шыққан «Қазақ тіліндегі зат есім категориясы» [4, 3-88 бб. ] және К. Ахановтың 1972 жылы шыққан «Грамматиканың теориялық негіздері» [12, 21-57 бб. ] атты еңбектерін де өз дәрежесінде жазылған зерттеулер деп танимыз.

Көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі зат есімдер шет елдерде де, біздің елімізде де жеке алынып, арнайы зерттелген емес. Барлық сөз таптары морфология саласының құрамында талданған. Ескі жәдігерліктер бойынша біздің нысанымызға қатысы бар зерттеулердің басты-бастылары мыналар.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Көне түркі тілі мен қазақ әдеби тіліндегі граматикалық сәйкестіктер
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері тіліндегі шылау сөздердің қолданысы
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі сөзжасамдық ерекшеліктер ( Китаб әл-Идрак ли-Лисан әл- Aтрак ескеркіші бойынша)
Түркологиялық еңбектерде зат есімнің зерттелуі
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы пәнінің мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны
Көпмағыналы сөздер
Көне түркі тілі – түркі халықтарының алғашқы жазба - әдеби тілі
Қазақ және түрік антропонимдерінің мәнін, олардың этномәдени табиғатына тереңдеу арқылы тарихи сабақтастығын анықтау
Орта ғасырлардағы түркі ескерткіштеріне араб тілінің ықпалы
Түркі тілдерінің фонетикалық жүйесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz