Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Журналистика факультеті
БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасы
Бітіру жұмысы
Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі
Орындаған 4-курс студенті Шарапат Есқараева
Ғылыми жетекші Ләйлә Ахметова
тарих ғ. док., саясаттану
ғ. профессоры
Норма бақылаушы Мәриям Майлықұтова,
аға оқытушы
БАҚ менеджменті
және жарнама кафедрасы Александр Рожков
меңгерушісінің рұқсатымен филология ғ. док., доцент
қорғауға жіберілді
Алматы, 2010
Глоссарий
Инновация - (ағыл. іnnovatіon - жаңалық) - мәдениеттану мен социологияда этностың алғашқы даму кезеңінде болмаған, кейіннен пайда болған мәдени құбылысты айқындайтын ұғым. Ол мәдениеттің ішкі даму кезеңі, жаңаша тану және сыртқы даму кезеңі, байланыс, ұмтылыс нәтижесі.
Коммуникация - (лат. communіcato - қатынас, байланыс) - қатынас, байланыс, хабарлау амалдарының жолдары. Коммуникацияға адамдардың бір - біріне хабар беру (идея, образ, баға, белгі т. б. ) жолдары, бір-бірімен хабар алысушыларды байланыстыратын канал, хабарды беру және алу процесі, хабарды алу және беру барысындағы байланыс т. б. жатады.
Реципиент - (лат. recipientis -қабылдаушы) - субъект (оқырман, көрермен, тыңдарман), өзіне бағытталатын хабарламаны қабылдаушы.
Реферат
Жұмыстың тақырыбы: «Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі»
Жұмыстың көлемі: 50
Жұмыстың пайдаланылған әдебиеттер саны: 32
Жұмыстың өзектілігі: Бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі таңдағы кең көлемдегі мүмкіндіктері, жұмыс істеу механизмдері, таралуы, ықпал ету тиімділігі мен дамуы терең зерттеуді әрі қадағалауды талап етеді. Басылым, теледидар, радио, ғаламтордағы сайттардың т. б. өсу қарқыны күн санап артуда. БАҚ - тың маңыздылығы қауымға тек ақпарат таратуында ғана емес, сонымен бірге, сол ақпараттың оқырман немесе тыңдаушыға қалай жететіндігінде, қалай қабылдауында болып отыр. Демек, БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі зор. Қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы азаматтардың саяси сана сезімі мен саяси белсенділігін көрсетуінің мемлекет үшін маңызы зор. Бұл ретте БАҚ - азаматтардың бойына өркениет құндылықтарын негіздеуші, мемлекеттік құрылымдағы саяси жаңаруларды өмірге енгізуге үлес қосатын, қоғамдағы маңызды ақпараттық, идеологиялық қызметті жүзеге асырушы демократиялық институттардың бірі. Ал, БАҚ арқылы азаматтардың санасында қалыптасатын қоғамдық пікір саяси, әлеуметтік тұрғыда үлкен қозғаушы күшке ие. Демек, идеологиялық қару ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі, БАҚ - қоғам айнасы, әрі мемлекетті алға сүйреуші, ұлт болашағының кемелденуіне себепкер бірден - бір жетекші фактор.
Зерттеу нысаны: Қоғамдық пікірдің маңыздылығына ең алғаш ой-пікірлерін білдірген Протагор, Сократ, Платон, Гегель еді. Ал оған дейін бұл тақырып қарастырылмай келген. Тек XX ғасырдың 50-60-шы жылдары ғана қоғамдық пікірді теориялық тұрғыдан зерттеу басталды. Олардың алғашқысы болып М. Маклюэн, сосын 1959 жылы Пенсильвания университеті жанынан құрылған Анненберг мектебі, У. Шрамм, Ласуэлл, Шеннон, Маклюэн, Абрам Моль, Пьер Шаффер, Лазерсфельд, Ховланд, Клэппер, Дэфлер, Комсток, Парсонс зерттеулер жасаған. Украиналық ғалым Георгий Почепцов аудиторияның ақпарат қабылдауындағы ерекшеліктерін қарастырумен айналысты. Мәскеу мемлекеттік университетінде «Бұқаралық қатысымның психологиясы» атты кафедра аралық ғылыми зерттеу тобы жұмыс істейді. Біздің елде жыл сайын Medіanet Халықаралық журналистика орталығы зерттеулер жүргізіп келеді.
Ғылыми жаңалығы: 1. Бұл жұмыста БАҚ пен аудиторияның ара-қатынасы жан-жақты зерттеледі: соның ішінде көбінесе қарастырыла бермейтін баспасөздегі медиа мәтіннің қабылдаушыға әсері ғылыми әрі психологиялық тұрғыдан талданады. 2. БАҚ - тың бүгінгі қоғам алдындағы жауаптылығын зерттей келе, оның дамуы мен болашақ беделін арттыру мақсатына арналған ұсыныстар келтіріледі.
Жұмыстың негізгі зерттеу нысаны: БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін анықтауда оның аудиториямен байланысы басты назарға алынды. Теледидар, радио, баспасөз, ғаламтордың ықпал етудегі оң және теріс жақтары, саяси ақпараттардың санаға әсері, баспасөздегі медиа-мәтіннің ерекшелігі зерттеледі. Ақпараттық кеңістік мәселелері мен оны шешудің жолдары қарастырылады.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 БАҚ - ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ КОММУНИКАТИВТІК ЖҮЙЕСІ . . . 21
2 БАҚ ЖӘНЕ АУДИТОРИЯ . . . 14
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 3
СІЛТЕМЕЛЕР КӨРСЕТКІШІ . . . 2
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 2
ҚОСЫМША . . . 2
КІРІСПЕ
Бітіру жұмысының өзектілігі. Идеология субъектілерінің бірі ретінде бұқаралық ақпарат құралдары адамдардың санасына ықпал етеді. Бір жағынан БАҚ қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етсе, екінші жағынан қоғамдық пікір қалыптастырып, азаматтардың санасын манипуляциялайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы артып, ауқымы кеңейген сайын, қоғамда олардың атқаратын функцияларына байланысты жаңа көзқарастар қалыптасуда. Соның бірі - БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі. Бұл көзқарас бүгінде айқындалып, мемлекет пен ұлт болашағы үшін БАҚ-тың маңыздылығын одан әрі арттыра түсті. Алайда бұл, бұқаралық ақпарат құралдары теориясындағы бүтіндей бір бағыттың негізгі мәселесі болып қала беруде.
Қазақстан бүгінде сыртқы әлемге өз болмысымен танылды, ашық қоғамға қадам басумен қатар көптеген игі бастамаларға да қол жеткізуде. Кез келген мемлекеттегі дамыған ақпараттық кеңістіктің болуы демократиялық қоғамның негізгі белгілерінің бірі болып саналады. Осыған орай ел жетістігін бағалаудың ең маңызды өлшемі қоғамды біртіндеп демократияландыру болып табылады. Әрине, оның бұқаралық ақпарат құралдарынсыз еш мәні жоқ. Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсетін, экономиканы дамытуға негізделген саяси реформалар жүргізу, Қазақстанның алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуы тәрізді іргелі мақсат - міндеттер барлық қоғам мүшелеріне жоғары жауапкершілікті жүктейтіні анық. Осыған байланысты қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы азаматтардың саяси сана сезімі мен саяси белсенділігін көрсетуінің мемлекет үшін маңызы зор. Бұл ретте БАҚ - азаматтардың бойына өркениет құндылықтарын негіздеуші, мемлекеттік құрылымдағы саяси жаңаруларды өмірге енгізуге үлес қосатын, қоғамдағы маңызды ақпараттық, идеологиялық қызметті жүзеге асырушы демократиялық институттардың бірі.
Бұқаралық ақпарат құралдары тіпті өте қысқа уақыт аралығында да барынша көп адамға ықпал жасауға қабілетті. Ал дамушы елдердің бірқатар зеттеушілері, зиялы қауымы оны саяси модернизацияның шешуші факторы деп санайды. Қазіргі шетелдік ақпарат жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдары биліктің қайнар көзі ретінде қарастырылады. Өйткені, БАҚ - саяси коммуникативті қатынастағы ең күшті құрал. БАҚ - тың бір ғана саяси қызметінің ақпараттық, қоғамдық пікірді қалыптастырушы және саяси әсер етуші бағыттары қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі таңдағы кең көлемдегі мүмкіндіктері, жұмыс істеу механизмдері, таралуы, ықпал ету тиімділігі мен дамуы терең зерттеуді әрі қадағалауды талап етеді. Басылым, теледидар, радио, ғаламтордағы сайттардың т. б. өсу қарқыны күн санап артуда. БАҚ - тың маңыздылығы қауымға тек ақпарат таратуында ғана емес, сонымен бірге, сол ақпараттың оқырман немесе тыңдаушыға қалай жететіндігінде, қалай қабылдауында болып отыр. Осы ретте БАҚ - тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі зор. Ал, БАҚ арқылы азаматтардың санасында қалыптасатын қоғамдық пікір саяси, әлеуметтік тұрғыда үлкен қозғаушы күшке ие. Демек, идеологиялық қару ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік . Себебі, БАҚ - қоғам айнасы, әрі мемлекетті алға сүйреуші, ұлт болашағының кемелденуіне себепкер бірден - бір жетекші фактор.
Зерттеудің нысаны. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалыптасатын қоғамдық пікір ерте кезде зерттелмеген еді. Бірақ оның маңыздылығы мен қажеттілігі жайлы Протагор, Сократ, Платон, Гегель сынды ғұламалар өз ойларын білдіріп кеткен. Тек XX ғасырдың 50-60-шы жылдары ғана қоғамдық пікірді теориялық тұрғыдан зерттеу қолға алына бастады. 50-ші жылдары бұқаралық ақпарат құралдарының адамзат қоғамына тигізетін әсерінің салдарын зерттеуге алғашқылардың бірі болып кіріскен М. Маклюэн болды. Оның 1967 жылы жарық көрген «The Medium is the Massage» атты кітабы халық арасында үлкен қызығушылық пен тартыстар тудырған еді.
1959 жылы Пенсильвания университеті жанынан құрылған Анненберг мектебі өз тәжірибелері шеңберінде жалпы коммуникация жүйесін, оның саяси институттармен ара қатынасын зерттеді. Украиналық ғалым Георгий Почепцов болса аудиторияның ақпарат қабылдауындағы ерекшеліктерін қарастырумен айналысты.
Бүгінде әрбір мемлекетте бұқаралық ақпарат құралдарына зерттеулермен бірге сараптаулар, әсіресе сауалнамалар көптеп жүргізіледі. Мысалға, біздің елдегі жыл сайынғы Medіanet Халықаралық журналистика орталығының жүргізетін зерттеулерін атауға болады.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері. Бітіру жұмысының басты мақсаты - БАҚ-тың қоғамдық пікір тудырушы маңызды құрал екеніне көз жеткізу. Осы орайда мынадай міндеттер жүзеге асырылады: 1. БАҚ-тың қоғам алдындағы маңыздылығын, коммуникативтілігін; 2. Аудиторияға тигізетін әсерін, қоғамдық санаға ықпалын; 3. Елдің ақпараттық кеңістігіндегі мәселелері мен кедергілерін анықтау. Бұқаралық ақпарат құралдары тек ақпарат таратып қана қоймай, сол ақпаратты аудиторияның қалай қабылдайтындығына көңіл бөлуі қажет. Ал мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қадағалауын күшейтуі керек.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. 1. Бұл жұмыста БАҚ пен аудиторияның ара-қатынасы жан-жақты зерттеледі: соның ішінде көбінесе қарастырыла бермейтін баспасөздегі медиа-мәтіннің қабылдаушыға әсері ғылыми әрі психологиялық тұрғыдан талданады. 2. БАҚ - тың бүгінгі қоғам алдындағы жауаптылығын зерттей келе, оның дамуы мен болашақ беделін арттыру мақсатына арналған ұсыныстар келтіріледі.
Жұмыстың зерттеу әдістері. Бітіру жұмысының негізгі әдіс-тәсілдері баяндау, ғылыми тұрғыда талдау, салыстыру, қажетті мәліметтерді саралау, пікірлерді қорыту.
Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, сілтемелерден, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
1 БАҚ - ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ КОММУНИКАТИВТІК ЖҮЙЕСІ
Біз біртұтас байланыс заманында, яғни бүкіл жер шарындағы адамдар ақпараттық ағымға сүйенген, ақпарат пен коммуникация ғасырында өмір сүрудеміз. Әлемнің бүгінгі келбетін де коммуникация айқындайды. Ал, БАҚ қоғамдағы бұқаралық коммуникацияны жүзеге асырушы маңызды құрал. Оның коммуникативтілігі әлемге бұрын болмаған өзгерістер мен жетістіктер әкелуде және дамудың жаңашыл сатыларын бағындыруда. Коммуникация (лат. communicatio) байланыстырамын, сөйлесіп, пікірлесемін деген мағына береді. «Қазақстан» энциклопедиясында коммуникация ұғымына: «Қатысым, қатынас жолы, бір орынның екінші жақпен байланысы, сөйлесу, ақпарат беру», -деп анықтама беріледі. Коммуникацияның негізгі функциясының өзі танымдық қызмет атқару болып табылады [1] .
Адамзат тарихындағы алғашқы мемлекеттерде коммуникация құралдарын қолдануға деген мүмкіндіктің шектеулі болғандығы мәлім. Ол кезде мысалы, саяси коммуникация құралының міндетін атқа мініп, ақпарды ауызша немесе хат түрінде жеткізуші жаршылар атқарған. Коммуникациялық мәліметтер рөлінде патшалар мен хандардың шығарған жарлықтары, бұйрық, шешімдері болғаны да мәлім. Қазақ мемлекеттілігінің тарихында да осы коммуникациялық құралдар кеңінен қолданыста болған. Алайда қазірде адамзаттың ғылыми әрі технологиялық тұрғыдан өркендеуі мен мемлекет атты саяси институт пен ондағы саяси процеске қатысушылар талаптарының артуы БАҚ - қа деген коммуникациялық қажеттіліктің күрт өсуіне, күтпеген жерден өзгеруіне әкеліп отыр [2] .
Тарихи тұрғыдан алғанда, классикалық марксизм теориясында бұқаралық коммуникация теориясы қарастырылмады. Онда бұқаралық ақпараттың партиялық насихаттық мәніне баса назар аударылған болатын. Кеңес дәуіріндегі қоғамдық ғылымдарда осы дәстүр мықтап сақталынған-ды. Бұқаралық қоғам, бұқаралық коммуникация батыс социологиясы мен философиясы, саясаттану ғылымдарында дамыды.
Ал, XX ғасырдың соңында түрлі салалардағы адам болмысы зерттеліп, коммуникативті сараптаулар жасалынды. Қазіргі кезде коммуникация гуманитарлы ғылымдардың тұрақты объектісіне айналып отыр [1] .
Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі функцияларына мыналарды жатқызуға болады: қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету, тиісті әлеуметтік субъектілердің позициясын білдіру, санаға идеологиялық ықпал етуді жузеге асыру. Бұл функциялар тек біріншісімен, яғни объективті ақпарат беру, айғақтама келтірумен шектеліп жатады деген де пікір қалыптасқан. Ал шындығында, күрделі коммуникативтік жүйе ретінде БАҚ жай ғана ақпарат беріп қана қоймай, қоғамдық пікір қалыптастырып, сол арқылы қоғамды алға сүйреуші әрі шынайылыққа жетелеуші бірден - бір құрал. Бұған дәлел, кез келген ақпарат жедел түрде әлемнің төрт түрлі бұрышына таралып, ең жақсы сенім құралына айналады, адамның сезімі мен санасына эмоциялық әсер етеді. Техникалық мүмкіндіктердің көбеюіне байланысты, ықпал етуші ретінде қазіргі электрондық ақпарат құралдарын да қосайық. Байқайтынымыз, БАҚ қызметінің қоғам алдындағы, әсіресе сананы жетілдіру барысындағы жауаптылығы орасан зор.
Тарихпен талдайтын болсақ, қоғамдық пікір биліктің ең басты бақылаушы механизмі ретінде ертеректе жалғаннан ақиқатты айырып алу үшін «халық пікіріне» жүгіну керектігін айтқан Протагордан бастау алған. Ол осының арқасында азаматтық жалпылықтың рухани заңды күшіне ғана көз жеткізіп ғана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік шараларды бекіту керектігін анықтаған. Қоғамдық көзқарастың маңыздылығына Ұлы Сократ, «даналардың пікірі» демек, «көпшілік пікірі» деп қараған. Мұндай ұстанымды Платоннан да ашық көре аламыз. «Қоғамдық пікірді» Гегель бірыңғай тұжырымнан шығатын «сәйкестілік» деп қарастырып, бұдан барып қоғамда «формальды түрдегі субъективті бостандықты» туғызуға болатынын пайымдайды.
Қоғамдық пікірдің тұжырымды теориясы XX ғасырдың 50-60 жылдары қалыптасты. Аталған теорияны талдаған ғалымдардың ішінен Хабермастың тұжырымын алға шығаруға болады. Ол «қоғамдық пікірді» білімі мен танымы бар адамдардың ұстанымдарының жиынтығы деп көрсетеді [3] .
Демек, қоғамдық пікір бұл сананың элементі, ол адамдардың оқиғалар мен әлеуметтік әрекет фактілеріне, түрлі топтар мен жеке адамдарға деген өзара қатынасын білдіреді. Санаға жететін ақпараттың ең алдымен айқындылығы маңызды рөл атқарады. Қоғамдық пікір түрлі себептермен айтыла бермеуі де мүмкін, ол тек маңыздылығымен және өзекті проблемалығымен ерекшеленетін, қоғамдық қызығушылық тудыратын фактілер мен оқиғалар бойынша ғана беріліп отырады [4] .
Қоғамның бүгінгі дамуында саяси, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешу көп жағдайда субъективті фактор ретіндегі жеке тұлғаның әлеуметтік белсенділігі мен оның әрекеттеріне байланысты болады. Ал бұл жағдайда маңызды рөлді бұқаралық ақпарат құралдары атқарады.
Адамның өмірі күрделі әлеуметтік қатынастар жүйесіне кіреді және ол тиісті бір елде немесе бүтіндей бір қоғамда болып жатқан қоғамдық қатынас, үдерістер мен оқиғалар жүйесіне тәуелді. Индивидтің қоршаған ортада бағдар алуы оның ең алдымен әлеуметтік, саяси құбылыстардан хабардар болуын қажет етеді. Санаға жететін білім психикалық қабілеттер мен оған қажетті механизмдерге байланысты. Олардың бастысы - қабылдау, яғни, сезім арқылы сыртқы әлем құбылыстары туралы тікелей ақпаратты қабылдау, өз көзқарасын анықтау, қажеттісін таңдау. Ақпарат ағымының үздіксіз берілуі қабылдау мен түсіну үрдісін қабылдаушы үшін одан әрі күрделендіре түседі. Дегенмен, адамзат ақпаратқа деген сұранысын ешқашан тоқтатқан емес [5] .
Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары алдын - ала қауымның не күтетінін және оның қалауын ескере отырып, әлемнің дәл объективті суреттемесін қалыптастыруға талпынуы қажет. Оқырманның бір типті немесе мәні жоқ пікірлер келтірілгенде қабылдамай жатуы да осының салдары. Басқаша айтқанда, ол ақпаратты пассивті қабылдаушыға айналып, кейде жалғандық пен өзін - өзі алдаудың құрбаны болып шыға келеді.
Қоғамдық пікір бұқаралық ақпарат құралдарынан бұрын мемлекет үшін маңызды. Қоғамдық пікірді «азаматтық қоғам» негізінде әлеуметтік тұрғыдан қарастырар болсақ, ол азаматтардың мүддесін анықтаушы, халықтың билік әрекеттеріне деген қарым қатынасының механизмі болып табылады. Бірақ, азаматтық қоғам құрылысына ыңғайланған демократиялық елде азаматтық мүдде құндылығы мемелекет үшін бірінші орында тұруы шарт [4] .
1992 жылы монография болып танылған «Қоғамдық пікір» атты кітабында танымал американдық публицист және әлеуметтанушы Уолтер Липман бұқаралық коммуникация феномендерінің бірі «стереотипті» ғылыми термин етіп жариялағаны мәлім. Автор өзін бақылаушы әрі талдаушы ретінде Америка журналистикасына сын пікірлерін жазады. Ол «Батыс демократиясындағы дағдарыс - журналистиканың дағдарысы» дегенді көздеп, оның себептерін анықтайды. Оның бір себебі қоғамдық пікір қалыптастыратын басылымның теріс ықпал етуі, мәнсіз көріністер мен стереотиптер әсері екендігін айтады. Липман адам кез келген әлеуметтік объект туралы пікірді алдымен жалпы қарастырып, сосын ғана «көре біледі» деген пікірді қолдады. Ал пікірді қабылдау үрдісін «санадағы суреттеменің» болуымен байланыстырды. Аталған жағдайларда стереотиптің алар орны зор, әсіресе, ақпарат толқынында бағдар алуға бірден - бір ықпал етуші күш екені байқалады [6] .
Липманнан соң ғылымда ұзақ уақыт бойы стереотип теріс мәнді ғана білдіріп, ол туралы тек насихат әрі идеология тұрғысындағы ықпал ету құралы ретінде айтылды және стереотип - тікелей жалған ақпарат, мифтік көрініс типінде танылды. Тек XX ғасырдың 50-ші жылдарында ғана «стереотипизациялау» - адам психикасының типтік құбылысы және адамдарға ақпарат алмасуға, бірін бірі түсінуге, жалпы пікір мен әлемдік көзқарасын бекітуге себепкер көмекші құрал екендігі айқындалды [5] .
Дегенмен, бүгінгі күні ғылымда стереотиптің ортасы мен терең мәніне деген біржақты пікір толық қалыптасқан жоқ. Неміс мәдениет танушысы, философ әрі әлеуметтанушы Теодор Адорио стереотип болып табылатын психологиялық ықпал етудің типтік механизмдерін қарастырады. Ғалым өз пікірінде стереотиптің функционалдық өзгеруін, яғни екі жақты құбылыс (тиімді және кері әсер беруін) танытып адамзат әрекетінің кез келген нысанында өмір сүруін аша түседі. Зерттеушілердің ұсынылған концепциялары стереотип жайлы мәселенің тиісті бір жағын ғана ашады. Олардың басым бөлігі ақпарат көздерінен қалыптасатын көзқарастың шындығы мен жалғандығы стереотиптің тұрақтылығы мен өзгерісіне тікелей ықпал ететінін растайды. Қоғамдық пікір қалыптастыруда «саналы түрдегі манипуляцияның» алар өзіндік орны бар. Бұл өз алдына «өркениетті ойынды» немесе белгілі бір мақсатты көздеген бәсекені білдірсе керек. Манипуляция процесінде тұтынушыға тиімді ықпал ету ретінде ақпаратпен жұмыс істеудің әр түрлі әдістері қолданылады. Оның қатарына кіретіндер: хабарламау (яғни ұтымды ақпарат материалда қалады, ал «қажет емесі» алынып тасталады) ; ауыстырылу ( маңыздылығы шамалы, бірақ ақпарат беруші субъектіге қажет ақпарат материалдың басында беріледі, ал маңыздысы соңына ауыстырылады) ; беделді делдалды қатыстыру (егер тиісті ақпаратты беруде мүдделі субъект мақсатты топ үшін беделді болмаса немесе теріс қабылданатын болса, онда орнына «беделді субъект» іздестіріледі) ; сұрау салу мен рейтингтерді келтіру( керекті міндетті шешуге қажет деп табылған адамдар тобы іріктеліп, сұрау салынады) ; эмоциялық қажеттілік ( айтар ойды нақтылап, қажет жерлерде эмоцияға тікелей әсері бар материалдар мен мәліметтер қолдану) ; ұтымды монтаж (бейне, аудио материалдар ішінен тиісті объектіні ұтымды жағынан көрсетпейтін немесе керісінше көрсететін материалдарды таңдау) және т. б. [7]
Сонымен қатар, манипуляциялау процесінде ақпаратты тұтынушыларды тікелей алдау (жалған сандар мен фактілерді пайдаланумен) ; санаға тікелей ықпал етуге талпыну (бейне көріністер, компьютер файлдарындағы жасырын мәліметтер) ; адамдардың немесе ұйымның беделін түсіруге, тауарларды немесе қызмет түрлерін балағаттауға бағытталған болса, қолдануға жатпайды және этикаға жат саналады. Манипуляцияның мұндай түрлеріне нақты шектеулер Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарында бекітілген [8] .
Қоғамымызда мәдениет пен ақпарат алмасудың байланысын да зерттеген ғалымдар аз болған жоқ. Солардың ішіндегі ең танымалы әрі беделділері М. Маклюэн, Дж. Хофстед сынды зерттеушілер еді. «Бар мәселе - БАҚ- та!» атты әлемге әйгілі танымал еңбектің авторы, Герберт Маршалл Маклюэн -XX ғасырдың 50-ші жылдары бұқаралық ақпарат құралдарының адамзат қоғамына тигізетін әсерінің салдарын зерттеуге алғашқылардың бірі болып кіріскен, коммуникатологиялық дискурсты қалыптастырушылардың бірі. Содан бері ол «Торонтодан шыққан пайғамбар» - электрондық дәуірдің ізашары, жаршысы деп есептелінеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz