Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығындағы адамгершілік мәселелер


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 76 бет
Таңдаулыға:   

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығындағы адамгершілік мәселелер Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһ Тағаланың бұйрығымен еліміз өз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет аталып отырғанына да біраз жылдар болды. Әрине мемлекеттің өз деңгейін анықтауда оның өзіндік қалыптасқан тарихы мен мәдениеті, әдебиеті аса зор маңызға ие екендігі хақ. Еліміз өз егемендігін алғалы рухани тарихымызды оның ішінде халқымыздың бай мұрасы болған әдебиетіміздің тарихын оның өкілдерінің шығарымашылығын терең зерттеу мәселесі туындап отыр. Әрине өткен 17 жыл ішінде әдебиетімізді қайта қарап, толыққанды тарихын жасау мүмкін емес. Дегенмен заман талабына сай рухани мұрамыздың тарихын жасаушы үздік тұлғалардың шығармашылығын қайта қарап зерттеуде жетістіктер баршылық. Олардан қалған бай мұраны жете зерттеп, тиісті бағасын беру заман талабы. Бұл мәселенің егемендік алғаннан кейін туындап отырғанының себебі советтік идеология мен әдебиет өкілдерінің шығармашылығын, оның ерекшелігін талдаудағы көптеген ағаттықтары идеология пәрменінің ықпалымен жасалған бұрмашалаушылықтың әсері екендігі де рас. Кейбір сөз өнері өкілдерінің шығармашылық ерекшеліктері зерттелмей толық бағасын алмағандығы да шындық. Өткен ғасыр әдебиетін, фольклорлық шығармаларын идеологиялық шырмаудан аршып алу да қыруар еңбекті, ізденісті қажет етіп отыр. Ежелгі әдебиеттің тарихын тану барысында да кеңестік жүйе тарапынан ұсынылған таптық тәсіл мен зерттеулік бағалауда немесе ойдан шығарылған «көркемдік ізденіс» тәсілдері өнер иелері мен оның тарихын зерттеушілерді шатастырып жібергені шындық еді. Ал қазіргі кезең бәріне сын көзбен қарап тарихи салыстырмалы ғылыми талдау жасауды қажет етуде.

Егемендік алғаннан кейінгі кезден бастап, жаңаша зерттеу нысаны болған Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы, ұлы ақынның қалдырған өшпес мұралары әдеби шығарма ғана емес, бірнеше ғылым салаларының зерттеу обьектісіне айналып отыр. Алайда, 1958 жылы КСРО прокуратурасы тарапынан ақталғанымен, сол кездегі қара дүлей күштер сондай заңдық құжаттарды жоққа шығарып ақын атын отыз жылдан астам уақыт бойы атын ататпай келді. Ол әлі саяси ақтау емес деп жат пиғылды адамдар өктемдік етті. Ақын шығармашылығы туралы түрлі керағар пікірлер айтылды. Әрине бұл сол кезеңнің талабы еді. Олай болмағанда 1948 жыл М. Әуезовтің басқаруымен шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы», 1949 жылы Қ. Жұмалиевтің басшылығымен бастырылған «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» сияқты еңбектердің ғұмыры қысқа болып сәтсіздікке ұшырамас еді.

Қазақ поэзиясының асқар шыңы Абай қалдырған шығармашылық дәстүрді жалғасыра отырып, өз жаңалықтарымен байыта өрнектеген Шәкәрім Құдайбердіұлының көркем мұрасы төл әдебиетіміздің асыл қазынасы іспеттес. Шәкәрім шығармашылығы өзінің диапазоны кеңдігімен ерекшеленеді. Оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі тарс айырар трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлайды. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірі болмысындағы оқиғалар мен құбылыстарға қызу үн қосады. Ақынның шығармашылығы сан салалы болғандығы оған дәуір сыншылары тарапынан әділ баға берілуі негізгі мәселе ретінде қаралуы тиіс. Себебі, өткен бір ғасырдан астам уақыт ішінде болған саяси кезең мен жасампаз идеологияның салдарынан көптеген әдебиет қайраткерлері қатарында Шәкәрім шығармашылығына да жаңсақ пікірлер айтылып, қате тұжырымдамалар жасалынған еді. Абайдың ақындық дәстүрін дамытушы ақынның шығармашылығы сол кезеңдерде өмір сүрген және кейінгі толқын халық ақындарының поэзиясына зор ықпалын тигізіп, үлгі-өнеге болғаны даусыз. Қос алып тудырған қазақ әдебиетіндегі озық идея, көркемдік принциптер халық поэзиясы өкілдерін шығармашылық шыңына шығарған сара жол секілді. Осы орайда халық фольклорының өзіндік шежіресіне, оның ішінде халық поэзиясының даму сатыларына, атқарған қызметіне, айтушылардың талантты өкілдері Семей өңірінде өмір сүрген жыр дүлдүлдері Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Сапарғали Әлімбетов сынды біртуар азаматтарымыздың шығарымашылығына зер сала отырып, Абай мен Шәкәрімнің ақындық дәстүрінің лебін аңғаруға болады, дейді кейбір зерттеушілер. Ол ақындар өз шығармаларының арқауы етіп, негізінен заман үнін дәуір тынысынан алған. Олардың көпшілігі сонымен бірге ауыз әдебиетінің асыл мұраларынан сусындай отырып, жадында сақтап, жатқа айтып, халық арасында таратушы көне тарихтың куәгерлері еді . Дегенмен әр ақын бойына біткен дарынына байланысты өз мақамында жыр туындатады. Осы тұрғыда халық ақындарының өздеріне тән стиль ерекшелігі, шығармашылық даралығы бар екендігін айтамыз. Біреулер дәстүрлі ауыз әдебиетінен көп ұзап кете алмаса, екінші біреулері өзі өмір сүрген аймақтағы ақындық мектептің сондағы ірі тұлғалардың өнегесіне еліктеп өседі. Халық ақындығының шеберлігін шыңдаған жаңа жазба поэзияның басшылары Һәкім Абай мен Шәкәрім шығармаларын Нұрлыбек, Сапарғали, Төлеу, Қуат сынды әйгілі жыр дүлдүлдері үлгі тұтты. Бұл ретте өз ақындық шеберліктерін шыңдауда Абай мен Шәкәрімнен шығармашылық жолдағы мол рухани азық алғандарын көпшілік ақын жыршылар көзі тірісінде -ақ айтып кеткен. Мысалы : Нұрлыбек Баймұратов өзінің Абайдан соңғы тәлімгері ретінде саналатын Шәкәрімді, өзінің жыр жолдарында еркін самғап ұшар сақа қыранға теңейді. Сонымен қатар Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы - Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев тәрізді төл әдебиетіміздің алыптары мен қатар осы игілікті істі әрі қарай жалғастырушы Е. Букетов, М. Базарбаев, Ш. Сәтпаева, С. Қирабаев, М. Мағауин, К. Нұрпейісов, Ғ. Есімов сынды т. б. елге танымал ғалымдарымыздың ғылыми ізденістері нәтижесінде шығып, жарияланып жатқан еңбектер арқылы белгілі. Аталған зерттеушілеріміздің зерттеу еңбектерін ескере отырып, Шәкәрім творчествосындағы негізгі қасиеттердің бірі тек Шәкәрім шығармашылығында ғана емес, әлем әдебиеті тарихында мәңгі тақырып ретінде көтерілген және бүгінгі күнде де негізгі мәселе ретінде қойылып отырған «Адамгершілік» мәселесін қарастыруды мақсат етіп отырмыз.

Адамзат даму тарихында ғасырлар бойы қоғамды құраушы жеке адамдардың мінез-құлық жағынан пісіп жетілуі, шын мәніндегі адамгершілік мәселелері әр заман ойшылдарының санасынан терең орын алып, пікір күресін тудырып келген. Жалпы шығыс пен батыс гуманистерінің бәрі де дүниенің ең асылы, бағалысы адам деп білген. Сол себепті де Шығыс ғұламасы, ойшылы Омар Хаямның :

Бұл жаһан дөп дөңгелек жүзік болса,

Жауһардай жанған оның шарасы-біз

-деп, адамды аса жоғары бағалауының терең мағынасы бар. Олай болса сол асылдың бойындағы ең басты шешуші қасиеттер неден туады? деген сауалға өткен заман ойшылдары да өз ұғым нанымдары, заманның талап тілегі тұрғысынан жауап беріп келген.

Мұндай тарихи талап Абай мен Шәкәрім өмір сүрген қазақ қоғамының даму жағдайында ұлы ойшылдар алдына да қойылды. Қазақ қауымының ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы саяси әлеуметтік күрделі өзгерістердің нәтижесінде туындаған сан алуан өмір талаптарының бірі ретінде Абай ақын өзінің гуманистік идеялары тұрғысынан келешек жас ұрпақтың имандылық сипаттарының негіздері қандай болмақ? деген ойға ерекше назар сала бастады. Абай бұл туралы ой толғаныстарын өзінің гуманистік нанымының шыны болған «Үш сүю» немесе «Имани гүл» делінетін аса бір күрделі этикалық көзқарасында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» - берілетін тезисінің негізінде таратып түсіндіріп отыратынын ескеру керек. Қазақ халқының ой санасында соны бағыт ұстанып қазақ елін прогреске жетелеген ойшыл ақын түзетпек едім заманды деп өз танымының тұрғысынан жас ұрпақтың жаңа өкілін дәуір талабының деңгейінде тәрбиелеуді мақсат тұтып белсене әрекет еткен. Сонымен қатар, адам боламын деген әрбір талантты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгілік сипаттары басым болу керек деген алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде саралап көрсетіп, көп нәрсенің түп төркініне назар аудартады. Өзінің қуатты ойы көркем тілі мен халқының санасын оятпақ болады. Алайда ақын жұрегіндегі ерекше күй жеке адамның басындағы бөркемік күйзеліс емес, бүкіл халықтың пешенесіндегі қоғамдық мұң. Қай заманда болсын, мұндай қоғамдық әлеуметтік мәселені Абай сынды көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азаматтар көріп түсіне білген. Солардың бірі Абайдың сара жолын жалғастырушы, оны одан әрі қарай дамытып өрнектеуші данышпан шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Мұхтар Әуезов Абайдың ақындық айналасы атты мақаласында, Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар туралы айта келіп: «-Мұндай ақындар төртеу», - дейді. Оның екеуі Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, қалған екеуі Көкбай мен Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағынадағы нағыз шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа оның өлеңі мен қара сөздерін оқушы, таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған. Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды. Қалай жазудың жолдарын үйретеді.

Жалпы қазақ әдебиетіндегі Шәкәрім шығармашылығына арналған зерттеулерді айта келіп, оларды терең қарастыру арқылы ақынның шығармашылығындағы адамгершілік мәселесі қалай сипатталғандығын, қалай насихатталғанын, сонымен қатар оның поэзиясындағы «Түзу адам», «Таза жан» мәселелеріне қалай келгендігі және бұл мәселенің Исламдағы көрінісін имандылық тұрғысынан зерттеп айтуды мақсат еттік.

І тарау Шәкәрім және дәуір.

Ұлы гуманист, кемеңгер ойшыл, Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп дамыған демократиялық идеяларды халықтың азаттығын ту етіп ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп, еркін дамуын аңсаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ әдебиетінің классигі Шәкәрім Құдайбердіұлы болды.

Ұлы тұлғаның гуманистік адамгершілік идеяларды, адал еңбекті, әділеттілікті, мейірімділікті жақтауы, зорлық-зомбылықты, қиянатшылдықты әшкерелеуі, прогресшіл-жаңашыл қоғамды күштердің озат ой санасының жарқын көрінісі болған және халықтың түпкі түбегейлі арман мүдделерін терең түсінуден туғаны анық. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің қоғамдық ой- пікірлері философиялық, эстетикалық көзқарастарымен ХІХ ғасырдың ІІ-жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде ойшыл, ақын, жазушы ретінде жұртшылыққа терең танылған. Ол Абай заманына өзгелерден жақын тұрған екі ғасырдың рухани байлығын жалғастырушы ғана емес, дамытушы өкілі ретінде танылған ғұлама болды. Олай дейтініміздің де себебі бар. Өйткені Абай шәкірттерінің арасында ең көп жасағаны да, көп жазғаны да Шәкәрім болды. Ол әрі ақын, әрі прозаик, әрі композитор, музыкант орыс және шығыс классиктерінің шығармалары мен қазақ оқушыларын таныстырған шебер аудармашы, тарихшы, философ, терең ойшыл, бармағынан бал тамған шебер, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз, озық мәдениет қайраткері болды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде (ескіше Шыңғыс тауы бөктерінде (қазіргі Семей облысының Абай ауданында) туған . Оның әкесі Құдайберді, Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Найман Ағанас бидің қызы -Күңке. Сол Күңкеден көрген баласы жалғыз Құдайберді. Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, қаракесек руының кедей деген табынан шыққан Алдабергенге құда боламын деп кісі жібереді. Алдаберген Құнанбайдың жіберген кісісіне: « Мен қыз берейін, бірақ қоятын екі тілегім бар. Бірінші ауыл арасы шалғай, бір-біріміздің қуаныш қызығымызға дер кезінде құтты болсын айта алмасақ, өкпелеспейік. Екінші өлім барда қаза бар. Бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ, ренжіспейік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», - дейді. Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегін орындаймын», - деп уәде береді. Сөйтіп Құнанбай Құдайбердіге Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып алып береді. Шәкәрімнің шешесі Төлебике арабша, түрікше көп оқыған, қолөнерге өте шебер, кесте тігетін ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын істі адам болған.

Ахат Шәкәрімұлы өз естелігінде: «Есті, сергек, мейірімді, жомарт болған әжеміздің «құранын», «Ғибадат исламиясын», «Мұхтасарын» т. б. көп кітаптарын көрдім. Шешелерімнің үлкен әжелердің : «Дәметкен (Төлебикені солай атаған) оқымысты, ақ мартуы бар есті, ақылды еді», - деп отырғандарын сан естігем, шешесінің араб тілін жақсы білетінін әкейдің өзі де айтып отыратын және араб тілін меңгеруіне шешесінің көп пайдасы тигендігін айтатын еді» - деп баяндайды.

Төлебике келін болып түскен соң үш-төрт жылға дейін бала көтермейді. Мұны естіген Құнанбай Төлебикеге кісі жіберіп: «Құдайберді бір анадан жалғыз еді, баласы болмай жүре ме? келін ренжімесе, бір әйел әперсем қайтеді?», -дейді. Төлебике ризалығын білдіреді. Сөйтіп Құнанбай Құдайбердіге Мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайды айттырып алып береді.

«Мен Төлебике әжемді көрмедім, ал Ботантай әжемді көрдім. Менің 19 жасымда қайтыс болды. Ботантай әже өте өжет, сөзшең, тентек, қайтымы тез, шаруақор кісі еді. Ашуы келгенде, елуден асқан әкейді, шешемді сабағанын көрдім . . . Бірақ ешбір зілі-кегі жоқ ұрыс еді ол. Шәкәрімді апасы жанындай жақсы көретінін де білем. Шәкәрімнің алдында ау деп жылап тілеу тілегенін де естігем. Осы Ботантай әжем келін боп түскеннен кейін, бір жылдан соң, екіқабат болып, Әмір есімді бала туыпты. Кейінен Ботантайдан- Жылқыайдар, Ырзықбай деген балалар болады. Төлебике алғашында Омар атты бала туады. Ол бір жасында қайтыс болады. Одан кейін Төлебикеден үш ұлы болды - Нұртаза, Шахмардан, Шәкәрім.

Елді старшын - старшынға бөлгенде Құнанбай Құдайбердіге басқа балаларынан бөлек екі дәрежелі старшын бол деп, оның теліміне елу үй әнет табын, жиырма үй қара батыр табын бөліп берген. Бұл Қара батыр мен әнет таптары әл ауқаты төмен, кедей ел болған. Бұларды Құнанбай аяп, жақсы қоныс беріп, Құдайбердіге бұларға жақсы басшы боласың, ренжітпейсің деп тапсырған. Құдайберді барлық шаруа қам қарекетін Төлебикеге билетіп қоя берген. Төлебике Әнет, Қара батырлардың нашар жетім жесірлеріне қатты қарайласқан. Қи оярда, соғым соярда олардың әйел-еркектерін шақыртып алып, жұмыс істетіп, қайтарда қап-қап ет, керек жарақтарын арқалатып жібереді екен. Әрине олар келген соң бос қайтпайтындарын біледі. Қайсысы келсе де, бірдеме дәметіп келеді. Олар сұрағанын алып қайтады. Төлебикені Дәметкен атандырған да сол шағын қауым. Құдайбердінің балаларының ішінде жастайынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше зейінді, сезімі сергегі, зерегі Шәкәрім болды. Семей медресесінде оқып шыққан руы Қара батыр болған Өтебай деген молданы, Құдайберді өз қолына ұстап, оған әйел әперіп, балаларын оқытады. Өтебайдан Құдайбердінің балалары Әмір, Нұртаза, Шахмардан және көрші ауылдың балалары оқыды. Осылармен бірге бес жастағы Шәкәрім де оқыды. Шәкәрім оқуға өте зерек болып, хатты тез танып шығады. Осы қабілетін байқаған әке-шешесі оған баса көңіл аударып, әсіресе шешесі араб, түркі тілдерін қосымша үйретіп отыратын болған. Шәкәрім жасынан жеке ойнап, не әке, не шешесінің жанында көбірек жүретін. Әнді жақсы салып, домбыраны шебер шерте білген. Шәкәрім жалғыз ойнағанда әкесінің қағаздан қырқып жасаған неше түрлі суреттері -арқар, қасқыр, түлкі, қаз, үйрек, қаршыға, құсбегі бейнелерін ермек қылып отыратын. Шешесінің қасында ойған оюына, тіккен кестесіне қарап отырып, өзі де ою ойып, сурет салатын болған. Онымен қабат пышақ соғуға қарала жүргізуге талаптанады. Оның өзі : «бала кезімде тыныш отырмайтынмын, не темірді, не ою ойып, не ағаш жонып, бірдеме жасап отыратынмын»- деп қолөнерге жастайынан бейімделгендігін, сөйтіп жүріп қолөнерге де шебер болып шыққандығын айтады. Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа төгілдіретін болған. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» атты қиссаларын оқып, жаттап алған. Ескі жыраулардан Бұқар, Асан, Марабайлардың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін оқыған.

Құдайберді 1866 жылы 37 жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады. Шәкәрім сол жеті жасында өлең шығарып, жаза бастаған. Ол өзінің бір әңгімесінде былай дейді:

«Жазғытұрым, әкем өліп, ауылға ат қойып келіп жатқан адам көп болды. Мен осы кезде төбешікте отыр едім, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты көріп, оны езіп өлтірдім. әлден соң өлген құртқа жаным ашып алдым. Сонда жылап отырып, құрт болып өлең айтқаным бар.

Өлтірдің, не таптың сен онан пайда

Өмір сүріп жүруші ем жазда, сайда

Өлімнің қандай лығын көзің көрді

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?

Сонда жазған өлеңімді шешелеріме оқып беріп, олар жылап өлең жазба дегені есімде. Абай келгенде өз шешем айтып, Абай оқып көрді, шешем Абайға сен Шәкәрімге өлеңді әзір жазба деп ақыл айт дегенде, Абай : «Шәкәрімге өлең жазба демеңіз, оны тыймаңыз. Жазсын, өзім қалай жазуды үйретемін» -деді. Абай маған өлеңді қалай жазу керектігін айтып, көп кеңес, ақыл беретін. Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда мұндай болуым неғайбыл еді» дейтін. Шәкәрімге 9 жасында шешек шығып қатты аурады. Осыдан бастап молдадан оқуды доғарады. Абай Құдайберді ауылына жиі келіп інілерінің, жеңгелерінің хал-жағдайларын біліп бір неше күндей жатып кететін болған. Інілуріне әсіресе Шәкәрімге ақыл айтып оқитын кітаптар беретін болған.

Шын мәнінде Абай мен Шәкәрім арасындағы қаламгерлік тамырластық аса терең. Өз заманының келелі мәселелерін, қоғамдық шындықты қорғауда екі ақын да ерекше қуат танытқан. Абай тәрізді Шәкәрімнің лирик ақын ретінде өсу революциясын өн бойында жеке адамдағы ұсақ-түйек міндерден бастап, сол кездегі саясат сияқты күрделі ұғымға дейінгі мәселелердің бәрі қамтылған. Ол заңды да. Өйткені ақын қашан да өз дәуірінің перзенті. Қандай ақынның болсын, поэзиясында, өзі ғұмыр кешкен кезеңнің сыр сипаты ақыл-ойы мен болмыс-бітімі тұжырым табады. [ ]

Шәкәрімнің әкеден жетім қалды деген аты болмаса, ол өзі жетімдік көрмеген. Құнанбайдың ерке немересі болып өскен. «Қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, оқудан мақрұм қалып жетімдікті сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп әдепсіз, ғылымсыз өстім»-дейді ақын, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде. Абай Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында Керей руынан шыққан атақты домбырашы Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау ел жайлауға шыққан соң Біткенбай Құдайбердінің ауылында болып, Шәкәрім одан «Саймақтың сары өзені», «Алшағырдың ашты күйі», «Асан күйі», «Ала байрақ», «Кер толғау», «Азамат қожа», «Теріс қақпай», «Ақсақ құлан», «Ақпан күйі», «Аққу зары», «Бозінген» т. б. көптеген қазақ күйлерін үйренеді. Ел жайлауға шығып, Керей мен Құдайберді елі беттесіп келгенде, Дәметкен Біткенбайға көйлек- шапан кигізіп, сауынға бір сиыр айдатып, бір бесті ат мінгізіп қайтарады. «Менің домбыра ұстазым Біткенбай оны тауып алдырып беруші Абай»- дейтін Шәкәрім әр кез. [ ]

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ «АР ІЛІМІНІҢ» ӘЛЕУМЕТТІК-ТӘЛІМДІК МӘНІ
Шәкәрім Құдайбердіұлы шағармашылығындағы дүниетанымдық мәселелер
Шәкәрім шығармаларының тарихи сипаты мен адамгершілік үлгісі
Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері
Шәкәрімнің филасофиялық көзқарасы
ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ДҮНИЕТАНЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ОРНЫ
Шәкәрім шығармашылығындағы рухани ізденістер
Ш. Құдайбердіұлы шығармашылығындағы нәзирагөйлік дәстүр жалғастығы
Шәкәрім поэтикасы
Қазақ әдебиетіндегі шариғат негіздерінің көрінісі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz