Сөз тіркесінің атау туғызуы туралы мәселенің зерттелуі


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   

Сөз тіркесінің атау туғызуы туралы мәселенің зерттелуі

М. К. Сарсембаева. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Сөз тіркесі туралы мәселе қазақ тіл білімінде бұрыннан зерттеу нысаны болып, құрылымдық жағынан жан-жақты талданып келе жатқан сала. Оның зерттелуінің өзіндік тарихы бар.

Қазақ тілінің синтаксис жүйесінің негізгі терминдерін Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырғаны белгілі. Кейін Қ. Жұбанов зерттеулерімен теориялық тұрғыдан толыға түскен сөз тіркесі саласына Қ. Басымовтың, С. Аманжоловтың, С. Жиенбаевтың, Н. Т. Сауранбаевтың зерттеу еңбектері жаңа сапа бергені анық.

Сөз тіркесі синтаксисінің қалыптасу кезеңі 40-жылдардан басталады деу дұрыс. Бұл саланың терең орнығуына шын мәнінде үлес қосқан ғалым - филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаев болды. Автордың сөз тіркесі туралы мақалалары 40-жылдардың аяғынан бастап шыға бастайды да, кейін “Основные типы словосочетаний в казахском языке” деп аталатын негізгі зерттеу еңбегі арқылы түйінделеді. Аталған зерттеу 1957 жылы жарық көреді.

Ғалымның сөз тіркесі жөніндегі түйінді тұжырымдары мен пікірлері тек қазақ тіл білімінде ғана емес, түркітануда да толықтай ғылыми тұрғыда қолдау тауып, одан әрі жалғасын тапты. Қазақ тіл білімінде М. Балақаевтың өзіндік мектебі қалыптасты. Көптеген шәкірттері сөз тіркесінің әртүрлі мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Профессор М. Балақаевтың “Қазақ әдеби тілі“[1] атты зерттеуінде сөз тіркестері номинативті және номинативті емес деп жіктеліп көрсетіледі. Номинативті сөз тіркестері автордың пайымдауынша, зат пен құбылыстың атауы ретінде жұмсалады. “Бір есімнің көптеген сөзге қатысты болып, атауыш сөз тіркестерін құрау нәтижесінде олардың көбі фразалық тіркеске, кейінгілерінің бірқатарының лексикалық мағыналары шыңдалғанда - біріккен сөзге айналуы солардың жасалу тарихының ұзақтығымен байланысты”- деуінің мәні зор деп есептейміз. Ғалым бұл жерде еркін сөз тіркестері арқылы ұғымды таңбалау мүмкіндігін, әрі бұл процестің тарихи ұзақ уақытта бірте-бірте қалыптасып пайда болатынын ескертіп отыр.

Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде жасалып, коммуникативтік қызмет атқарады. Сондықтан да еркін сөз тіркестерінің ішкі мағыналық құрылымы мен қызметіне номинативтік тән емес. Еркін сөз тіркестерінің сөйлеу кезінде жасалатыны жөнінде ғылымда айтылған тұжырымдар өте көп. Соның негізгі түйіндісі профессор Р. С. Әмірдің “Жай сөйлем синтаксисі” атты оқулығында қарастырылған деп ойлаймыз. Автор былай деп жазады: “Сөздер сөйлем құрау үстінде өзара түрлі функциялық қатынасқа түседі, ол функциялық қатынас сөздердің грамматикалық байланысы арқылы көрінеді” [2, 10] . Демек, сөздердің грамматикалық байланысы арқылы көрінісі еркін сөз тіркестері десек, олардың сөйлеуде пайда болатыны, сөйтіп негізінен коммуникативтік қызметте жұмсалатыны түсінікті болады. “Синтаксистік қатынасты білдіру үшін толық мағыналы екі (немесе одан да көп) сөздің сабақтаса, салаласа байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз” - деп жазады Р. Әмір аталған зерттеуінде. Біз, әрине, бұл жерде сөз тіркесінің салаласа не сабақтаса байланысуы туралы әртүрлі пікірлер мен көзқарастарға тоқталмаймыз. Бұл біздің негізгі мақсатымызға енбейді. Біз үшін ең қажеттісі сөз тіркесі туралы анықтама. Яғни сөз тіркесі болу үшін олар міндетті түрде синтаксистік қатынасты білдіріп тұруы қажет. Сонымен қатар: “Сөз тіркесі синтаксистік қызметі жағынан, лексикалық мағынасы жағынан даралығын жоғалтпаған сөздерден құралады. Мысалы, өршіген жел, биік мая, тоты құс” [2, 11] деген жолдардан сөз тіркесі деп тану үшін олар синтаксистік қызметі жағынан болсын, лексикалық мағынасы жағынан болсын, қай сыңарын алсақ та даралығын жоғалтпауы керектігі анық жеткізілген.

Профессор М. Балақаевтың көрсеткен кейбір сөз тіркестерінің номинативтік қызметі туралы айтқанда, біз осы еркін тіркестің сипатты белгілері ретінде танылатын жайттарды үнемі есте ұстауымыз керек.

Еркін сөз тіркестерін өзге тіркестерден айырып тұратын негізгі белгілері қандай? Бұл сұраққа жауапты біз тағы да Р. Әмір еңбегінен ала аламыз. Ғалым сөз тіркесі деп тану үшін екі түрлі негізгі шарт қажеттігін атап көрсетеді: 1. Сөз тіркесі деп тану үшін толық мағыналы сөздер бағыныңқы қатынаста тұруы керек. 2. Сөздер сөйлемде бір-бірімен салаласа және сабақтаса байланысуы қажет [2, 10] .

Сондай-ақ, профессор Р. С. Әмір зерттеуінен мынадай тұжырымдарды да оқимыз: “Сөз тудыру, сөздің грамматикалық мағынасын құбылту үшін пайда болған тіркестер сөз тіркесі қатарына жатпайды: қызыл балық, ақ боз, ақ баттауық, көк ала. Мысал ретінде келтірілген сөздер - күрделі сөздер. Бұлардың компоненттері бастапқыда синтаксиске тән тәсілдер арқылы қосылғанмен, қазір бір ұғымды атайтын сөз қалпына енген. Көп жағдайда осылай құралған тіркестер жүре келе бірігіп, біріккен сөздерге айналып кетеді” [2, 11] . Ғалым өз зерттеуінде мынадай ой түйген: “Сөз тіркесі сонымен, екі сөздің арасындағы қатынасты білдіреді. Құрамы жағынан қалай десек, сөз тіркесі атауыштық (номинативтік) қызмет атқарады: оқыған бала, жаңа қалада, далада жайылған т. т. Бұл жағынан сөз тіркестері сөзге жуық. Осылай екенін мынадан байқауға болады. Атау көп жағдайда жаңа ұғымға жуық келетін сөздерге түрлі анықтауыш қатыстыру арқылы жасалады. Мысалы, шай қасық, сары май” [2, 11] .

Яғни зерттеуші еңбегінде қазіргі таңда күрделі сөздер деп танылып жүрген сөздердің әуелгі сипаты еркін сөз тіркестері болғанын айтып отыр. Демек, ғалым өте дұрыс пайымдаулар жасаған. Шынында да, сөздердің атау ретінде қалыптасуының ең негізгі көздерінің бірі осындай еркін сөз тіркесі. Атаудың пайда болуының ең белсенді де өнімді тәсілінің бірі.

Қазақ тіл білімінде аналитикалық сөзжасам тәсілі біршама зерттелу үстінде. Дәл сөзжасамдық бағытта жазылмаса да, сөздердің қосылуы арқылы жаңа атаулардың жасалуы туралы мәселелер ең бірінші рет Қ. Қ Жұбанов зерттеулерінде айтылған болатын. Ғалымның “Образование сложных слов в казахском языке“ атты зерттеу еңбегі өз кезеңі үшін аса сүбелі зерттеулердің бірі еді. Осы зерттеуде: “Сложение или композиция, есть образование нового слова путем соединения двух или более слов в одно”, деп бастай келе, грек, латын роман, герман тілдеріндегі ғылыми зерттеулерге және оның тілдік деректеріне сүйене отырып, құнды пікірлер айтады. Сөздердің жаңа ұғымды білдіру үшін бір-бірімен қосылғанының өзіндік сипатын таныту үшін, олардың жеті түрлі негізгі құрылымдық-грамматикалық сипатын айқындайды [3, 473-474] . Біздіңше, Қ. Жұбанов пікірінің ең маңызды тұсы жаңа атаулардың жасалуындағы аналитикалық тәсілдің болатынын, әрі оның әртүрлі сөз таптарының бірігуі не қосылуы арқылы жасала алатынын көрсетіп беруі болса керек.

Қ. Жұбанов зерттеуінде қазақ тіліндегі күрделі сөздерді екі түбірдің кірігуі, қаласуы (бірігуі) және қосарлануы арқылы жасалады дей келіп “бірнеше сөздер қосылып бір екпінге ең соңғысының екпініне бағынып, бәрінің не біреуінің сыртқы формасы өзгеріп не өзгермей-ақ, бәрінің не біреуінің бұрынғы мағынасы өзгеріп, содан бәрі жиналып бір-ақ нәрсенің аты болып бір-ақ мағына беретін сөйлемде бір-ақ мүше болып, бір-ақ сөздің орнына жүретін болса, соны кіріккен сөз деп атаймыз”[3, 165] деген ойларын оқуға болады.

Н. Т. Сауранбаевтың “Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі” зерттеуінде “Изафет туралы” атты тарауша берілген. Осы еңбекте изафеттік тіркестердің үш тобына тоқталып, қысқаша анықтама беріп, мысалдар келтіреді: “Сөйлемдегі сөздер кейде изафет жолымен де байланысады. Біздің изафет деп отырғанымыз - ілік жалғаудағы сөз бен тәуелдеудің үшінші жақ түріндегі сөздің тіркесі, мыс., қойдың еті, қаланың халқы т. б. Тәуелдеу категориясында ілік жалғаудағы сөз иеленетін зат мағынасында болады. Ал, изафеттік тіркесте ілік жалғаудағы сөз субстантив анықтауыш болады да өзінің тәуелдеуде тұрған сыңарын анықтайды” - деп изафеттің құрылымына тоқталып өтеді [4, 21] . Осы еңбекте алғаш рет атаулық тіркестер жайлы біршама айтылып, мысалдар келтірілген. Изафеттің бірінші түрі арқылы тұтас бір атау жасалатындығын және оның дамуы көне дәуірден басталатындығын атап өткен. Ал екінші түрінің өзгешелігіне бұлар біріншіден, түгел атауға айналатындығын, әрі синтаксистік мағынада, кейде морфологиялық (лексикалық) мағынада ұғынылатындығын ескертеді. Автордың өз сөзімен келтіретін болсақ: “…екінші топтың өзгешелігі - бұлар бірінші түгел атауға айналған топ пен үшінші нағыз синтаксистік топтың арасындағы ауыспалы топ. Бұл топтағы изафеттік тіркестер кейде синтаксистік мағынада, кейде морфологиялық мағынада ұғынылады. Мысалы, Арал теңізі, ауыл шаруашылығы дегендердің бірі жалқы есім, бірі жалпы есім. Көмір кені, мектеп үйі, жер беті дегендер синтаксистік жүйеден лексикалық қалыпқа бейімделе бастаған тіркестер. Изафеттің бұл тарихи өзгеру бағыты изафеттегі ілік жалғаудың түсіріліп айтылатындығынан анық сезіледі. Жер беті, мектеп үйі дегенді осы қалыпта айтсақ, лексикалық (атаулық) мағынада ұғынылады” - деген топшылауынан біздің зерттеуіміздің діңгегі осы кезеңде қаланғанын аңғаруға болар еді [ 4, 21] .

Біз кейінгі сөзжасам саласында жазылған Н. Оралбаева, А. Б. Салқынбай, Б. Қасым т. б. ғалымдар зерттеулерін негізге ала отырып, атау мен еркін сөз тіркесінің бір-бірінен айырмашылығын ономасиологиялық, номинациялық теориялар арқылы айқындауға талаптанамыз.

Профессор Н. Оралбаева қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы туралы көптеген құнды ғылыми тұжырымдар айтқан. Сөзжасамның жеке сала ретінде бөлініп шығуына да көп еңбек еткен зерттеуші. Ғалымның 1971 жылы жарық көрген “Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формасы” атты докторлық диссертациясында күрделі лексикалық бірліктердің сипаты жөнінде құнды пікірлер бар. Біздің зерттеу нысанымызға сәйкес ғылыми тұжырымдарын саралар болсақ, автор еркін сөз тіркесі мен күрделі лексемалардың төрт түрлі айырмашылығын жазады. Саралап байқағанымызда мұндай пікірлер алдыңғы ғалымдарымыз К. Аханов пен А. Ысқақов еңбектерінде де кездесетін. Дегенмен, Н. Оралбаева осы пікірлерді күрделі сөздерге тиімді пайдалана отырып, жүйелі түрде көрсеткен. Сондықтан, зерттеулердің түйіні ретінде біз осы пікірді толықтай келтіруді жөн деп санаймыз:

- Сөз тіркесі кем дегенде екі сыңардан тұрып, соған сәйкес екі лексикалық мағына білдіреді;

- Күрделі сөз тіркесінің сөйлемдегі жеке бір сыңары сөз ретінде қатысады;

- Күрделі сөздің сыңарларының арасында синтаксистік байланыс болмайды;

- Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлары сөйлемдегі басқа сөздермен сөз тіркесін жасай алмайды, күрделі сөз тұтас күйінде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, бір ғана сөйлем мүшесі болады. Ал сөз тіркесінің әрбір мүшесі жеке-жеке қызмет атқарады.

Профессор Н. Оралбаеваның 2001 жылы “Қазақ тілінің сөзжасамы” атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығы жарық көрді. Аталған еңбекте күрделі сөздерге, олардың жасалу жолдарына, түрлеріне кеңінен тоқталады. “Аналитикалық тәсіл арқылы екі я онан да көп сөзден құралып, бір лексикалық мағына беретін сөздер күрделі сөздер деп аталады” [5, 53] - дейді де күрделі сөз қанша сөзден құралса да бір сөз болып саналатынын, бір сөздің қызметін атқаратынына баса назар аударады. Қазақ тіліндегі күрделі сөздерге әуе серігі (стюардесса), жол сілтеуші, құрбан айт, нағашы жұрт т. б. жатқызуы бір ғасырда бірнеше рет өзгерген тіл білімі кеш дамыған түркі тілдерінде күрделі сөз мәселесі шешілді деу мүмкін еместігін ескертеді. Күрделі сөздің негізгі белгілеріне, біріншіден, оның құрамындағы сөздердің мағына бірлігі, тұтастығын жатқызса, сөз ретінде дара сөздің де, күрделі сөздің де тілде атқаратын қызметі бірдей, өйткені олардың қайсысы болса да дербес сөздерге жататындығын, лексикалық бірлік тобын құрайтындығын тілге тиек етеді. Сондықтан күрделі сөздің лексикалық мағынаны білдіруі оның екінші белгісіне жатқызылады [5, 55] .

Зерттеуші күрделі сөздің сыңарлары қалай болса солай, кез-келген сөзден жасала бермей төмендегідей заңдылықтар бойынша жасалатындығына тоқталады:

- Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар мағыналық қатысы бар сөзден құралады.

- Сөздердің сыңарлары толық мағыналы сөздерден болады. Күрделі сөздің мағынасын жасайтын оның сыңары толық мағыналы дербес сөздер болуы керек деген тұжырымын толық қуаттап, зерттеуімізде басшылыққа аламыз.

Күрделі сөздің тіл білімінде түп төркіні сөз тіркесі деп саналып кейбір сөз тіркестері бірте-бірте мағыналық дамуға ұшырап, құрамындағы сыңарларының мағынасы жымдасып, кірігіп бір мағынаға көшкендігін сөз етеді. Күрделі сөздің жасалуын: а) біріккен, кіріккен сөздер; б) қосарланған сөздер; ә) тіркескен күрделі сөздер; в) қысқарған сөздер деп әрқайсысына жеке-жеке талдау жасайды. Мұндағы бізге қажетті тұсы тіркескен күрделі сөздер болғандықтан осыған тоқталдық. Зерттеуші тіркескен күрделі сөз деп екі не одан да көп мағыналы сыңарлардан жасалып, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздерді айтады. Тіркескен күрделі сөздердің сыңарлары бөлек жазылатындығын ескертеді. Тіркескен күрделі сөздерге мыналарды жатқызады: бал қаймақ, бал қурай, ала ауыз, ауыз әдебиеті, ауыл шаруашылық, бел омыртқа, бұзау балық, жалаң аяқ [5, 70] .

Н. Оралбаеваның бұл талдап көрсетіп отырған факторлары негізінен күрделі сөздердің грамматикалық құрылымындағы басты белгілері деп танимыз. Сонымен бірге еркін тіркес негізінде жасалған күрделі сөздердің өзінің атау ретіндегі семантикалық құрылымын талдап, олардың өзіндік ерекшелігі мен өзіндік белгілерін анықтау қажет болады. Мұндай зерттеудегі басты бағыт сөздің номинативтік сипатымен тікелей байланысты қарастырылуы керек. Яғни жеке атау ретінде сөздің туынды арнайы мағынасы болуы қажет.

Сөзжасамның аналитикалық тәсіл арқылы жаңа сөз жасауы туралы профессор А. Б. Салқынбай еңбектерінде де айтылады. Бұл жұмыс негізінен тілдің тарихи дамуына байланысты болғандықтан, көбінесе, тарихи деректер негізінде әңгіме болады. Автор аналитикалық сөзжасам тәсілін тарихи ең көне тәсілге жатқыза отырып, “аналитика-семантикалық сөзжасамда тілде бар фактілерді парадигматикалық және синтагматикалық жүйе негізінде біріктіру, қосарлау, тіркестік арқылы жаңа туынды мағына жасауға болады. Сөздердің себепші негіз ретінде жұмсалу мүмкіндігі мол, әрі сөзжасамдық қалып сипаты кең”- деп жазады [6, 260] . Туынды сөздердің мағынасына ерекше мән берген ғалым, мынадай ой айтады: “Бұрынғы еркін тіркес қалпын сақтай отырып, тұрақтаған сөз тіркестері құрамындағы себепші негіздер мағынасы мотивацияланып (негізделіп), абстракцияланып, ассоциацияланып жаңа атаулық мән иеленеді. Туынды ерекше сема сөзжасамдық мағына ретінде бағаланады”. Автордың пайымдауынша, аналитикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған “туынды сөздің мағынасының ішкі семантикалық құрылымы күрделі болады, әрі оған екі негіз мағынасы да бірдей қатынасып, ортақ жаңа сема жасайды. Туынды сөз мағыналарында себепші негіздердің тура не ауыспалы мағынасы болуы мүмкін” [6, 259] .

Атаудың көпшілігі баспасөз беттерінде қалыптасатыны сөзсіз. Ақпарат құралдары тілін зерттеуші ғалымдарымыз С. Исаев, Б. Әбілқасымов, Б. Момынова мен А. М. Свиридов, Г. Н. Қарашаева, А. Алдашева еңбектерінде атаулардың жасалуы туралы ғылыми пікірлер кездеседі. Б. Момынова өзінің “Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы) ” атты зерттеуінде былай деп жазады: “Тілдік бірліктерді экстралингвистикалық объектілермен байланыстырушы номинация арқылы тіл өзінің ең басты коммуникативтік функциясын атқарады. Ал сөз тіркесі құрамындағы ұғым атауын білдіріп тұрған сөз өзін атаулық мәнге жеткізіп тұрған сөзбен байланысқа түсу арқылы номинативтік ұғым тудырады”[7, 16] . Автор одан әрі номинативтілікті білдіретін тіркестерге мынадай мысалдар келтіреді: еңбек кітапшасы, ұлт мәселесі, халық соты, ашық хат, жабық мәжіліс т. б.

“Атаулық тіркес” терминін қалыптастырған профессор С. Исаев екенін жақсы айта отырып, автор өзінің ғылыми ойларын талдап көрсетеді. “Қазақ” газетінің тілін зерттей келе Б. Момынова осы кезеңде дүниеге келген, тілде тұрақталып қалған атаулық тіркестерді - бірегей қолданыстар, жаңа мағыналы сөз деп бағалайды. Тілдік бірліктерді жасалу жолына қарай бірнеше топқа бөледі:

а) байырғы сөздердің тіркесуі арқылы: ана тілі, ұлт мәселесі, ұлт намысы, ұлт жұмысы, темір жол, ауыз хабар, алым құлағы т. б.

ә) төл сөздер мен орыс тілі элементтерінің тіркесуі арқылы: жүргінші пойыз, алаш партиясы, партия ұраны, партия басылары, социализм жолы т. б.

б) екі компоненті де орыс тілінің элементі болып келетін атаулық тіркестер: партия программасы, переселен законы, народни сот т. б. .

Б. Момынованың пайымдауынша, “номинативті тіркестер, еркін тіркестер базасында, ашық экспликациялық категориялар негізінде жасалады. Сөз тіркестерінің сөйлеу процесінде біртіндеп лексикалық единицаға айналуы (номинативтенуі) қазақ тіліндегі сөзжасамның ең бір өнімді және көне тәсілдерінің бірі болып саналады.

Автор “Қазақ” газетіндегі жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің кімдердің қаламынан туындағанын айыру мүмкін екенін және олардың аса ұтымды және өміршең екеніне назар аударады. Айталық, ана тілі, жабық мәжіліс, ашық хат тіркестері Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларында алғаш рет қолданғанын орынды атап өтеді.

Түркітануда сөз тіркесінің атау туғызуы туралы мәселеге байланысты тұжырымды ой айтқан ғалымдардың бірі Ф. А. Ганиев болды. Автордың “Образование сложных слов в татарском языке” атты зерттеу еңбегінде татар тіліндегі сөз тіркестерінің жаңа сөз жасаудағы негізгі заңдылықтары айқындалады.

Адам баласының таным дүниесі заман өткен сайын дамып, жетіліп отыратыны анық. Заттар мен құбылыстардың жалпы қасиеттері мен белгілері айқындала түсіп, олардың жеке қасиеттерін тану үрдісі кеңи береді. Осыған сәйкес жаңадан танылған ұғымды атау қажеттілігі келіп шығады.

Барлық заттар мен құбылыстарды түбір немесе негіз тұлғадағы сөздермен атау мүмкін болмайды. Сондықтан күрделі сөздер арқылы атау туғызу - өмірдің, болмыстың өзі туғызған қажеттілікке айналады. Ал күрделі сөздердің көпшілігінің ішкі мағыналық құрылымы мен таңбалық сипаты олардың еркін сөз тіркесі ретінде қолданылып барып, бірте-бірте мағыналық дамудың негізінде жеке атау ретінде қалыптасқанын көрсетеді.

Қазіргі таңда бір ғана ұғымды білдіріп, жеке атау ретінде қалыптасқан күрделі құрылымды сөздер өте мол. Олардың кешенді қалыптасу жолы мен жүйесі бар. Ендігі негізгі мәселе олардың сөз тіркесінен атау ретінде қалыптасуының негізгі заңдылығын анықтау болып табылады.

Сөз тіркестері арқылы туындаған жаңа сөздердің молдығы, әрі оны зерттеудің өзектілігі туралы мәселе Ә. Аблақов, С. Исаев, Е. Ағмановтардың “Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі” атты зерттеуінде жақсы көрсетілген. Ғалымдардың пайымдауынша, “Сөз тіркестерінің лексикализациялануы - қазақ тілінде де сөз тудырудың өнімді тәсілдерінің бірі”.

Шынында да солай. Бұл тек біріккен сөздер, қос сөздер ғана емес, сонымен бірге күрделі сөздер де. Күрделі сөздердің ішкі мағыналық табиғаты тым күрделі. Күрделі сөздердің атау ретінде қалыптасқаны да бар, аралық қалыпта тұрып, атаулық сипатқа енді ие болып келе жатқаны да бар. Мұның өзі тілдің табиғи даму заңдылығымен түсіндірілуі шарт.

Сонымен, сөз тіркестерінің дамуы жаңа сөздердің жасалуын туғызатыны даусыз.

Әдебиеттер:

1. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі. -Алматы, 1984.

2. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. -А., 1998.

3. Жұбанов Қ. Исследование по казахскому языку. -А., 1966.

4. Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. -А., 1948.

5. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы: Оқулық. -А., 2002.

6. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект) : Монография. -А., 1999.

7. Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы)

Күрделі атаулар мен сөз тіркесінің ара-жігін ажырату мәселесі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөз тіркесінің нормалық сипаты
Сөздердің байланысу тәсілдерінің орыс тіл білімінде зерттелуі
Қ. Қ. Жұбанов еңбегіндегі синтаксистік көзқарастар
ЕТІСТІКТІ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІНІҢ ДАМУЫ
Сөз тіркесін зертеушілер
С. аманжоловтың синтаксис саласына қатысты зерттеулері
СӨЗ ТІРКЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ, ҚАЛЫПТАСУЫ
Қазақ тіліндегі атаулық тіркестердің қалыптасуы мен жасалу жүйесін, модельдерін, уәжділік негізі мен семантикалық құрылымының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеу
Сөз тіркесі жүйесінің қалыптасуы
Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің теориялық мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz