Қазақ тіліндегі кісі есімдерінің ескерткіштер мен шежірелердегі қалпын талдап, оны қазіргі қазақ тіліндегі атаулармен байланыстыра зерттеу


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3
1 КІСІ ЕСІМДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ УӘЖДІЛІГІ 7
1. 1 Кісі есімдерінің тіл білімінде зерттелуі 7
1. 2 Уәждеме теориясы және кісі есімдерінің уәжделу деңгейлері 18 21
1. 3 “Күлтегін” ескерткішіндегі кісі есімдерінің қойылу уәжділігі 26
1. 4 Шежірелік деректердегі Шыңғыс хан есімінің уәжі 33
2 ШЕЖІРЕЛЕРДЕГІ КІСІ ЕСІМДЕРІНІҢ СӨЗЖАСАМДЫҚ СИПАТЫ 39 2. 1 Шежірелердің қазақ антропонимикасында алатын орны 39
2. 2 М. Х. Дулатидың “Тарих-и Рашиди” еңбегіндегі кісі есімдері 40
2. 3 Ә. БаҺадүрдің “Түрік шежіресіндегі” кісі есімдерінің сөзжасамы 45
2. 4 Ш. Уәлихановтың “Қазақ шежіресіндегі” кісі есімдерінің уәжі 49
2. 5. Қ. Қ. Жалаиридың “Жәми-ат тауарих” еңбегіндегі лауазымдық есімдер 51
2. 6. М. Ж. Көпейұлының “Қазақ шежіресіндегі” кісі есімдерінің сөзжасамдық сипаты 52
2. 7 Кісі есімдерінің уәжділігіндегі танымдық ұқсастық 57
2. 8 Қазіргі кісі есімдерінің сөзжасамына шежірелердің әсері 72
ҚОРЫТЫНДЫ 91 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 95
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы . Әлем бейнесінің тілдік бірліктер арқылы бейнеленуі, сыртқы әлем мен адамның ішкі әлемінің тілдік таңбалануы - тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі. Тілдің негізгі қызметі саналатын коммуникативтілік шындық болмыстың интеграциясы мен дифференциясынсыз мүмкін бола бермейді. Әлем бейнесінің жалпылығының өзі, түптеп келгенде, заттар мен құбылыстардың жекелік, даралық қалпымен байланысты. Яғни жеке заттар мен құбылыстардың атаулары арқылы тілдік құрам мен құрылым қалыптасып, тілдік жүйе орнығады. Осы ретте кісі есімдері де лексикалық құрамның бір бөлігі ретінде әлем бейнесінің тілдегі таңбалық бейнесі болады.
Өзге гуманитарлық ғылымдар саласы сияқты, қазіргі тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны - Адам. Адам баласының тілін формальды грамматикалық бағытта емес, танымдық, мәдени-танымдық бағытта қарастыру - жалпы тіл біліміндегі өзекті мәселе болып саналады.
Біздің зерттеу нысанымызға айналып отырған кісі есімдерінің, яғни антропонимдердің зерттелуінің өзектілігі, ең алдымен, бұл атаулардың Адаммен, адамның атымен байланыстылығында.
Зерттеу жұмысында қазақ тіліндегі кісі есімдерінің өзіндік тарихи даму жолы мен танымдық жүйесі, атауларды қалыптастырушы сөзжасамдық тәсілдер мен олардың сөзжасамдық мағынасы, ономасиологиялық аспектіден қарастырылады.
Ұлт тілі - әлем бейнесін таңбалаудағы халықтың өз өрнегін танытатын негізгі құралы. Ұлт тілінің негізгі бір бөлігі саналатын онимдер, соның ішіндегі антропонимдер ономастикалық кеңістік құрайды. Әлем бейнесінің өзіндік моделін жасайтындықтан, ментальдық сипаты айқын болғандықтан, кісі есімдерін сөзжасамдық аспектіде зерттеп, олардың танымдық уәжін анықтаудың маңызы өте зор.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары ономастикалық зерттеулер біршама жақсы зерттелуде. Антропоцентристік парадигма арқылы халықтық атаулардың ментальдық сипаты, грамматикалық, семантикалық ерекшеліктері салыстырмалы, салғастырмалы аспектіден қарастырылған.
Қазақ тіліндегі кісі есімдерінің тарихи даму жолдарын анықтап, негізгі грамматикалық, семантикалық сипатын жүйелеп, бір негізге түсірген, сөздік жасап жинақтаған ғалым - профессор Т. Жанұзақов. Ғалымның зерттеулері қазақ тіліндегі кісі есімдеріне қатысты алғашқы жүйелі еңбек. В. У. Махпиров, А. Е. Керімбаев, Ұ. Мұсабекова, Г. Мадиева, З. К. Жанғабылова т. б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында кісі есімдері әртүрлі деңгейде қарастырылып әңгіме болған.
Дей тұрғанмен, шежірелік кісі есімдерінің сөзжасамдық мағынасын, уәжділік сипаты мен танымдық қасиетін жаңа ғылыми бағытта қарастырудың өзектілігі дау туғызбайды.
Зерттеу жұмыстың өзектілігі, ең алдымен, шежірелердегі кісі есімдері бірінші рет сөзжасамдық аспектіде, номинация теориясы арқылы негізділігі жүйелі түрде көрсетіліп, “Күлтегін” ескерткіші мен жазба шежірелердегі кісі аттары сараланып, бірінші рет зерттеу нысанына айналды.
Магистрлік диссертацияда М. Х. Дулатидың “Тарих-и Рашиди”, Әбілғазы Баһадүрдің “Түрік шежіресі”, Шоқан Уәлихановтың “Қазақ шежіресі”, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Қазақ шежіресі”, Т. Жанұзақов пен К. Есбаеваның “Қазақ есімдері” сөздігі т. б. сияқты еңбектерде кездесетін кісі есімдері ғылыми талдауға түсті.
Тіл - қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасының құралы болғандықтан, ол қоғамдық өзгерістерден ерекше бөлек бола алмайды, қайта сол қоғамдағы барлық мәдени, тарихи, саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңалықтар мен негізгі өзгешеліктер тілдік бірліктерде ерекшеленеді. Сөйтіп, ерекше ментальдық белгілерді таңбалайды. Осы ретте кісі есімдері қоғамның дамуы барысында ерекшеленіп, тұлғалық, мағыналық жағынан өзгерістерге түсіп отырады. Кісі есімдерінің тұлғалық жағынан, мағыналық құрылымы жағынан дамуы - қоғамдағы өзгерістермен, халықтың танымдық дүниесімен тікелей байланыста болатындығын анықтау диссертацияның өзектілігін анықтайды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері . Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - қазақ тіліндегі кісі есімдерінің ескерткіштер мен шежірелердегі қалпын талдап, оны қазіргі қазақ тіліндегі атаулармен байланыстыра зерттеу, олардың уәжділік және сөзжасамдық сипатын анықтау. Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- қазақ тіліндегі кісі есімдерінің даму және қалыптасу жүйесін анықтау;
- қазақ есімдеріне қатысты жазба шежірелердегі кісі есімдерін анықтау, ғылыми тұрғыдан саралау, статистикалық талдау жасау;
- шежірелердегі кісі есімдерінің сөзжасамдық парадигмасы мен синтагмасын, сөзжасамдық мағынасын талдау;
- шежірелердегі кісі есімдерінің жасалуының негізділігін, уәжділігін көрсету;
- кісі есімдерінің халықтық дүниетанымға қатыстылығын, ырымдар мен тыйымдардың ат қоюдағы маңызын жүйелі түрде анықтау.
Зерттеудің нысаны . Кісі есімдерінің тарихи даму жолындағы мағыналық ерекшелігі мен уәжділігі, олардың қазақ жазба шежірелеріндегі сөзжасамдық, танымдық сипаты жұмыстың негізгі нысаны саналады.
Қазіргі қазақ тіліндегі кісі есімдерінің түбір мен туынды сөздер арқылы жасалған туынды атаулар мен олардың мағыналық сипатын, қазақ тілі қолданысында жиі кездесетін кісі есімдерінің жүйесі мен олардың екіншілік мағынасының қалыптасу сипатын ономасиологиялық бағытта ашып көрсету зерттеудің тұғырнамасы болады.
Зерттеу жұмысының материалдары. Кісі есімдерінің тарихи дамуы мен қалыптасуын саралау үшін, “Күлтегін” мұрасындағы кісі есімдері, қазақ шежірелеріндегі кісі есімдері және қазіргі қазақ тіліндегі кісі аттары пайдаланылды. Зерттеу жұмысының міндетіне сәйкес ғылыми талдауларға негізінен туынды сөздер арқылы жасалып, екіншілік сөзжасамдық мағына беретін кісі есімдері алынды. Зерттеудің дереккөзі ретінде Көне түркі сөздігі (ДТС), М. Х. Дулатидың “Тарих-и Рашиди”, Әбілғазы Баһадүрдің “Түрік шежіресі”, Шоқан Уәлихановтың “Қазақ шежіресі”, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Қазақ шежіресі”, Т. Жанұзақов пен К. Есбаеваның “Қазақ есімдері” сөздігі, АХАЖ-дан алынған деректер (Тараз қаласы бойынша, 2007-2010 жж. ), ономастикалық әртүрлі сөздіктер мен анықтамалар, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (10 том), М. Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясы мен Р. Тоқтаровтың “Абайдың жұмбағы” романы бойынша тілдік материалдар таңдап пайдаланылды.
Әлем бейнесін таңбалаудың ұлттық сипатын, ономасиологиялық, номинациялық, уәждемелік және когнитологиялық талдауларды жасау үшін орыс тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі ғылыми еңбектердің ғылыми-теориялық тұжырымдарына сүйендік. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, Т. Жанұзақов, Н. Оралбаева, Б. Қалиев, Б. Сағындықұлы, А. Б. Салқынбай, Б. Қасым, Г. Мадиева зерттеулеріндегі негізгі теориялық мәселелерді басшылыққа алдық.
Зерттеу әдістері . Зерттеу жұмысында алға қойған мақсатымызға байланысты шежірелердегі кісі есімдерінің уәжділігі мен сөзжасамдық мағынасы көрсету үшін, ономасиологиялық аспектілер негізге алынып, семантикалық, компоненттік талдау, жинақтау, статиcтикалық, топтастыру, баяндау, жүйелеу әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі.
- жазба шежірелеріндегі кісі есімдері бірінші рет ғылыми талдауға түсірілді, ондағы кісі есімдері жүйеленіп, құрамы мен құрылымы номинациялық аспектіден талданды;
- кісі есімдерінің көпшілігі туынды сөздер екені көрсетіліп, олардың сөзжасамдық мағынасы мен сөзжасамдық уәжділігі нақты мысалдармен дәлелденді;
- көне түркі жазбаларымен салыстыру барысында кісі есімдерінің қазіргі сипатындағы негізгі ерекшеліктер мен айырмашылықтар анықталды, қазіргі кісі есімдерінің қойылысында абстрактылы атаулардың молдығы анықталды;
- кісі есімдері сөзжасамдық аспектіден сараланып, олардың ырымдар мен тыйымдарға байланысты қойылатындығы, танымдық сипаты жаңа ғылыми негізде сараланды.
Зерттеудің теориялық құндылығы мен практикалық мәнділігі. Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми нәтижелері мен тұжырымдары қазақ тіліндегі антропонимдердің бұдан кейінгі кезде номинациялық теория негізінде және уәждемелік сипатта талдануы мақсатында маңызды бола алады. Қазақ шежірелеріндегі кісі есімдерінің талдануы, олардың сөзжасамдық сипатының анықталуы ономастика ғылымы үшін пайдалы. Сондай-ақ, зерттеудің нәтижелері қазақ тілін когнитологиялық, ономасиологиялық, сөзжасамдық, номинациялық тұрғыдан қарастыру кезінде септігін тигізеді.
Зерттеу жұмысында алынған нәтижелерді ономастика теориясы және кісі есімдерінің уәждік табиғаты мен сөзжасамдық сипаты бойынша арнаулы курстар оқуда, лексикология, сөзжасам, семантика, лексикография салаларынан дәріс беруде пайдалануға болады. Сондай-ақ, оқу бағдарламаларын, оқу құралдары мен оқулықтар жазу барысында да қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- көне түркі жазбалары мен қазақ шежірелеріндегі кісі атаулары бүгінгі қазақ тіліндегі кісі есімдерінің дамуы мен қалыптасуының басты бұлағы, қайнар көзі;
- түркі және қазақ шежірелеріндегі кісі есімдері сол дәуірге тән лексикалық, семантикалық, когнитивтік жүйеде негізделген, уәжделген;
- шежіредегі кісі есімдерінің уәжділігі қазақ халқының дүние танымдық болмысымен, ырымдарымен, тыйымдарымен, дінімен, ділімен, тығыз байланысты болған;
- шежіредегі кісі есімдерінің сөзжасамдық сипаты қазіргі қазақ тіліндегі кісі есімдерінің жасалуымен, сөзжасамдық тәсілдерімен сабақтас, жақын;
- кісі есімдерінде сандық, символдық, танымдық өзгешіліктер бар, осыған сәйкес олардың сөзжасамында да өзіндік ерекшеліктері бар;
- қазіргі қазақ тіліндегі кісі есімдері халықтың дүниетанымына, тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына байланысты танылатын ұғымдармен уәжделеді. Кез келген кісі есімдерінің уәжделуін атау теориясы және уәждеме теориясы негізінде анықтауға болады.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен қорытындылары ғылыми басылымдарда 2 мақала түрінде жарық көріп, халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, талқыланды.
1 М. Ж. Көпейұлының «Қазақ шежіресі» еңбегіндегі кісі есімдерінің қойылу уәжі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай «Қазақстанның Тәуелсіздігі: парадигмалары мен жаһандық даму тұрпаты» тақырыбы аясында «Жас ғалым - 2011» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. -Тараз, 2011.
2 Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» еңбегіндегі кісі есімдерінің уәжділік сипаты. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты хабаршысы. - 2012. №9. 3-5 бб.
Сонымен бірге, Қазақ тілі кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, тарау ішіндегі тараушалардан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.
1 КІСІ ЕСІМДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ УӘЖДІЛІГІ
1. 1 Кісі есімдерінің тіл білімінде зерттелуі
Соңғы уақытта жалқы есім атауларының тууы, дамуы, қызметі жайлы мәселеге көп көңіл бөлінуде. Әр түрлі ғылым салаларына (лингвистика, тарих, география және т. б. ) қатысы бар ономастика ілімі жалқы есімдерді түрлі бағыттардан қарастырады. Сыртқы әлемнің, табиғаттың көрінісі мен адамның ішкі жан-дүниесіндегі тылсым сырды таңбалау мүмкіндігі болғандықтан, жалқы есімнің негізгі ғылыми мәселелерін философия, тіл білімі, мәдениеттану салалары зерттейді.
Тілдің негізгі қызметі қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету. Осы қарым-қатынас жасаудың негізгі бір факторы - адамдардың бір-бірінің есімдерін атау. Адамдардың өзара бір-бірін түсінуі, қабылдауы, өзара әңгімелесуі және т. б. негізінен психолингвистикалық мәселеге жататыны белгілі. Бұл ретте кісі есімдерінің маңызы ерекше. Коммуникациялық қарым-қатынастың ыңғайлы әрі дұрыс болып, адамдардың өзара түсінісуі ұзақ болып, сәтті жағдайда өтуінде де кісі есімдерінің жиі аталуы, қайталанып отыруының да маңызы мол. Біздің қалай сөйлейтініміз ішкі әлемімізді айқындай алады. Тұлға мінезінің көптеген қырларын оның сөз саптауынан байқауға болады.
Ономастика ғылымы қазіргі таңда жақсы даму үстінде. Осыған байланысты оның зерттейтін ғылыми мәселелерінің де көкжиегі кеңейіп отыр. Жаңа ғылыми бағыттар анықталған сайын зерттеу нысанын әр түрлі аспектіден қарастыру қажеттілігі туындайды. Кісі есімдерін ғана емес, жалпы онимдерді терең семантикалық аспектіден зерделеу, когнитивтік мәнін айқындау керек болады.
Қазіргі кезде ономастикада, әсіресе, қазақ ономастикасында атауларды тарихи-диахрониялық бағытта қарастырудың да маңызы артып отыр десек қателеспейміз. Соңғы уақытта жазылған ғылыми зерттеулердің көпшілігі онимдерді синхрониялық аспектіден қарастыратыны да шындық. Синхрондық зерттеу қазіргі есімдердің байланысы мен даму заңдылығын көрсете алады, сондықтан жалқы есімнің қалыптасуын тарихи тұрғыдан, дүниетанымдық бағытта да зерттеу қажет.
Тіл білімінің бір саласы ономасиологияның жалқы есімдерді және олардың пайда болуы, қалыптасуы мен даму тарихын, сондай-ақ заңдылықтарын қарастыратыны белгілі. Қазіргі қазақ тілі ғылымында ономасиология өз ішінен бірнеше ірі-ірі топтарға бөлініп, әрқайсысы өзінше дараланып, жеке зерттеу нысанына айналған. Солардың бірі антропонимика екенін ескерсек, аталмыш салаға арналған келелі ғылыми зерттеу еңбектері аз емес. Алайда қазақ тіл білімінде антропонимика әр түрлі аспектіде зерттелгенімен, кісі есімдері уәжділік тұрғысынан, сөзжасамдық аяда зерттеле қоймағаны анық. Сондықтан бұл турасындағы еңбектер жоқтың қасы деуге болады және тіл білімі ғылымының сүбелі бір саласы ретінде түбегейлі зерттеуді қажет ететін тың тақырыптың бірі.
Зерттеу нысанымыз антропонимика болып отырғандықтан, біз жұмысымыздың барысында кісі есімдерін семантикалық және сөзжасам аспектісінде қарастыра отырып, бұл мәселеге уәж (мотив), уәжділік (мотивация) теориясы тұрғысынан талдау жасап, кісі есімдерінің әрқайсысын туынды сөз, яғни деривация деп танып, сөзжасамның негізгі бір саласы ретінде қарастырамыз. Өйткені қазақ тіліндегі кісі есімдерінің барлығы (басқа тілдерде де) сөздік қордағы лексикалық бірліктерден жасалатындықтан, олардың қыр-сыры, мән-мағынасы, адамға ат қойылу уәждері сияқты т. б. көптеген мәселелер тарихи сөзжасаммен тікелей байланысты.
Қазіргі тіліміздегі антропонимдердің көпшілігі шығу тарихы жағынан ерте замандардан келе жатқан есімдердің жалғасы болып табылады және әр дәуірдегі тілдің, халық танымының дамуына байланысты жаңадан пайда болған есімдері де баршылық. Сондай-ақ тілдердің бір-біріне ықпал етуінің нәтижесінде өзге тілден еніп, тілімізге сіңіп кеткен есімдер де жоқ емес.
Осы орайда біз туыстас тілдердегі кісі есімдерін салыстыра отырып, олардың лингвистикалық ерекшеліктерін ажыратумен қатар, ұлттық танымдағы ұқсастықтар мен айырмашылықтардың кісі есімдері арқылы танылуын көрсетуге күш саламыз. Әр тілдегі антропонимдердің таңбалануындағы бірқатар өзгерістердің барлығына қарамастан, олардың лексикалық мағынасы жағынан да айта қоярлықтай айырмашылықтың жоқтығына арнайы мысалдар арқылы көз жеткізуге болады.
Атауларға байланысты ғылыми зерттеу еңбектер бұған дейін де болғанына қарамастан, жалпы уәжділік жөніндегі зерттеулер, тек кейінгі кезде ғана қазақ тіл білімінде кең көлемде қолға алына бастады. Бұл ретте, қазақ зерттеушілерінен Ә. Қайдаров, Н. Оралбаева, Б. Қалиев, Ж. Манкеева, Н. Уәлиев, А. Б. Салқынбай, Б. Қасым, Р. Авакова т. б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Соңғы уақытта уәжділік мәселесі жан-жақты зерттеліп, келелі, іргелі мәселе ретінде көтерілуі бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде атау теориясының, сондай-ақ уәжділік мәселесінің жеке зерттелуіне жол ашып отыр.
Уәждеме - сөз бен заттың арасындағы, ат беру сәтіндегі байланысын зерттейтін сала. Осы мәселе төңірегінде сөз қозғап, маңызды зерттеу жұмыстарын ұсынып жүрген ғалымдарымыздың еңбектеріне көз жүгіртсек, қазақ тіл білімінде аталған саланы (уәжділікті) зерттеуде біршама жетістіктерге қол жеткізгенін байқаймыз.
Сондықтан диссертациялық жұмыстың ғылыми-методикалық негізі ретінде біз жалпы тіл біліміндегі, әсіресе, қазақ тіл біліміндегі, сондай-ақ түркі, орыс т. б. тіл біліміндегі кісі есімдеріне, олардың уәжділігіне қатысты іргелі ғалымдардың зерттеулерін пайдаланамыз.
Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған уәжділік қазіргі тіл білімінде әр түрлі пікірталас тудырып отырған күрделі де, маңызды теориялық мәселе болғандықтан, көзқарасымызды дәйектегенде тіл білімінде бұрыннан бар теорияларға, ғылыми болжамдарға сүйенеміз. Уәжділік мәселесі әлеуметтану, психология, семиотика, философия, лингвистика сияқты көптеген іргелі ғылым салаларында зерттеле бастады. Тілдегі уәждеме ұғымы күрделі лингвистикалық категорияларды, атап айтқанда, сөздің мағынасы, сөздің тұлғасы, сөздің мәні, сөздің мазмұны, белгі номинациясы, лексикалық бірліктердің идиомалығы т. б. зерттеулердің негізі болып отыр. Осындай бірқатар ерекшеліктердің өзі уәжділік мәселесінің күрделілігі мен оны зерттеудің маңыздылығын және қажеттілігін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, уәжділік мәселесі көптеген ғылымдардың тоғысқан жерінде тұр деуге әбден болады.
Антропонимдердің уәжін зерттеу - танымдық жағынан ғана емес, халықтың адамға ат қоюындағы, мәдени, тарихи өміріндегі ерекшеліктерін танытумен қатар жүретін ғылыми сала. Сондай-ақ, әр халықтың тіршілігі, дүниеге деген көзқарасы, рухани өмірі қай кезде болмасын, үнемі дамып, өзгеріп отыратын күрделі процесс болғандықтан, тілдің дамуы барысында әр дәуірде пайда болған түрлі атаулардың барлығы сол дәуірдің жемісі болып табылады. Сондықтан біз антропонимдерді зерттегенде олардың тек мағыналық құрылымын ғана анықтап қоймай, белгілі бір кезеңнің тарихы мен танымын, әлеуметтік деңгейін де терең танып біле аламыз.
Заттар мен құбылыстардың атауларының уәжділігін зерттеудің ерекшелігі - бір жақты лингвистикалық көзқарасқа жол бермейді, сонымен бірге нақтылықтардың өз қасиеттерін жете білуді талап етеді. Атаулардың, яғни жекелеген сөздердің этимологиясы барынша айқын болған жағдайларда да уәжді анықтауда ол туралы ғылыми мағлұматтарды ескерусіз қалдыру мүмкін емес.
Лингвистикадан антропонимдер табиғаты мен халық танымының ерекшеліктерін үйлестірмей бөліп қарау, олардың өзара сабақтастығын ескермеу кісі есімдерінің табиғатын теріс түсінуге әкеп соқтырады. Сондықтан біз зерттеу жұмысымыздың барысында аталмыш мәселелерді лингвистикалық сөзжасам аспектісінде қарастыра отырып, халық танымының ортақ қасиеттеріндегі бірлікке ерекше назар аударамыз.
Кісі есімдерінің танымдық табиғаты да, грамматикалық сипаты мен семантикалық құрылымы да ерекше. Мұнда әрбір кісі атының өзіндік дүниетанымдық мәні, қойылу себебі мен ерекшелігі уәжі бар десек, грамматикалық жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Айталық, кісі есімдері зат есімнен де, сын есімнен де, сан есімнен де, етістіктен де жасала алады. Мұның өзі кісі атауларының көпқырлылығы мен грамматикалық тұрғыдан әр түрлілігін танытады.
Қазақ тіліндегі кісі есімдерінің семантикалық қыры мен уәждемелік сипатын айқындау үшін, ең алдымен, олардың зерттелу жолына көз жүгірту қажет болады.
Түркі тілдеріндегі кісі есімдері жайлы алғашқы зерттеулерді ХІ ғасырдың ескерткіші Махмұт Қашқаридың “Диуани лұғат ит түрк” сөздігінен кездестіреміз. Сөздіктің “Түркі халықтарында жиі кездесетін есімдер мен құрметті лауазымдар” деп аталатын бөлімінде барлығы 73 кісі есімі берілген. Бұл кісі атауларының кейбіріне автор жай ғана ерлердің есімі, адамның есімі деп анықтаса, кейбірін белгілі ақынның есімі, ханның аты-жөні, нағыз батырдың аты, күңдерге қойылатын атау деп түсінік беріп отырады.
Атыш, Утуш, Әби, Әрув, Өтеміш, Сәлім, Бано, Болуч, Ағша, Қулуч, Тоқуш, Тәкіш, Қумуш т. б. сияқты есімдерді тек ерлер есімі, адамның аты деп қана түсінік беріп өтеді. Ал Тарым, Жыуы, Қулбақ, Узуқ, Өгә, Йуғуруш, Чувы, Тегін, Сағун т. б. сияқты кісі есімдеріне біраз ғылыми және әлеуметтік жағынан түсіндірме беріп кетеді.
Мысалы:
Тарым - тегіндерге (шаһизадаларға), Афрасиабтың әулетінен тараған ханымдар мен барлық үрім-бұтақтарына арналған құрметті сөз. Хақанның ұлдарынан басқалар қандай мәртебеде болса да, бұл құрметті сөз оларға қолданылмайды. Хан әулетінен тараған ақсүйек ханымдарға ғана арнап Алтын тарым сөзі қолданылады.
Қатун - Афрасиябтың қыздарының құрметті есімі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz