Қазақ батырларының қару - жарағы


Мазмұны.
Кіріспе
1. Тарихи бөлім
1. 1. Ер қаруы - бес қару
1. 2. Кесу қаруы. Қылыш. Қылыш түрлері.
2. Композициялық бөлім.
2. 1. Қару - жарақтың эстетикалық әрленуі
2. 2. Қару - жарақтағы ою - өрнек
3. Техникалық бөлім.
3. 1. Қару - жарақ жасау технологиясы.
4. Экономикалық бөлім.
4. 1. Қолданылған материалдар.
Қорытынды.
Терминдік сөздер.
Пайдаланылған әдебеттер.
Қосымша материалдар.
ТАРИХИ БӨЛІМ
Қазақтың ата бабалары болған сақ, ғұн, түркі, қыпшақ тайпаларының қару жарағының негізінде қазақтардың қару өнерін, әскери ісін кеңінен тануға, тереңірек түсінуге болады.
Қазақ батырларының қару - жарағының тарихын, дамуын, оның түрлерін т. б. зерттеу бүкіл көшпелі халықтардың қару жасау, әскери өнерінің тарихымен тағыз байланысты қалыптасып отырды. Бүкіл көшпелі түркі халықтарының тілі, діні, мәдениеті басынан ортақ болып қалыптасты. Қазақ қаруын зерттеуде халқымыздың ауыз әдебиетінің берері мол.
Қазақ қару - жарақтарын зерттеу XVIII-XIX ғасырларда әр түрлі мақсатпен Қазақстан аймағында болып, қазақтың тұрмыс - тіршілігін, салт - дәстүрін зерттеген орыс және еуропа зерттеушілері - Г. Аткинсон, П. Паллас, И. Георги, И. Фальк, А. Левшин және т. б. еңбектерінен бастау алады. Олардың зерттеулерінде қазақ халқының әскери өнер жасаулары дәстүрлі, қару - жараққа қатысты маңызды этнографиялық мәліметтер жинақтаған.
Басқа халықтардай көшпелі халықтарда да қару-жарақ түрлері өте көп. Кесу қаруының тарихи дамуына қысқаша тоқталатын болсақ, көшпелілер көне заманда екі жүзді, түзу семсерлер қолданған. Семсерлер кесумен бірге шабу функциясында атқарған. Біздің эромызға дейін XII ғасыр мен дәуіріміздің III ғасыр арасында өмір сүрген скиф, сақ, сараматтардың семсерлері алғашқыда қысқа болып, оны «Акинак» деп атайды, кейін ұзын семсерлері пайда болады. Оларды белге тағудың өзіндік ерекшеліктері болды. Көне семсерлердің түрлі үлгілері пайда болып, олар сабының, балдақтарының, жүзінің әр түрлі формаларымен айрықшаланды.
Темірден жасалған қаруларды ұсталар «соғу» не «құю» арқылы жасайды. Қаруды соққанда оның қасиеті күшті болу үшін түрлі магиялық ырымдар жасалып, зат, уақыт мөлшерін анықтауда міндетті түрде киелі сандар (7, 4 т. б) қолданылған. Ер қаруын бір ұста емес, қырық ұста жиылып соғатын. Оның ішіне зергер, ағаш ұстасы, металды құюшы, өңдеуші т. б. ұсталар кірген болу керек.
Қаруларға ерте кездерде әртүрлі төтемдік бейнелер, ырымдық белгілер салынатын болған. Мұндай бейне, белгілер қарудың күшін арттырып, жауға әсер етіп, батырды қорғайды деп саналған. Кейін Ислам діні енгеннен кейін қаруларға құран аяттарын, алланың есімі, түрлі дұға сөздер жазыла бастайды. Бұл жазулардың мақсаты да қарудың күшін арттыру.
Ер қаруына көбіне әскери қоғамдық жіктің символдық түсі - қызыл түс қолданылған. Мұны ауыз әдебиеті деректері де, археологиялық материалдар да дәлелдейді.
Сонымен бірге ауыз әдебиетінде әр қарудың осал жерлері, олардың бұзылуы да айтылды.
Қазіргі таңда осы саладағы бай дәстүріміз әрқилы әдіс тәсілдерде орындалып, өзінің формасын жоғалтып отырғандығында кездестіруге болады.
- «Ер қаруы - бес қару»
Қазақтарда «ер қаруы - бес қару» деген мақал сөз бар. «Ер қаруы » деген не? Олардың саны неге бесеу? Олардың қандай ерекшеліктері бар?
Адамға қатысты қолданылатын «ер» сөзінің екі түрлі мағынасы бар:
1) Жалпы еркек жынысты адам:
2) батыр, қаһарман, ер жүрек, жауынгер кісі.
Көне түркі тіліндегі руникалық жазба ескерткіштерде де, XIV ғасырдағы түркі тілінде де «ер, ерен» cөзі батыр, жауынгер деген мағынаны білдіреді.
Ал «қару» - соғыста қолданылатын жауынгерлердің шабуыл құралының атауы. Cоғысқа, әскери іске қатысты осы екі атау қосылып, «ер қаруы» деген сөз тіркесі, халықтық әскери термин ретінде, жай қару емес, соғыс қаруы, жауынгердің соғыста қолданатын жеке қаруы (қылыш, айбалта, найза т. б. ) деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз тіркесінде ер қаруының басты екі ерекшелігі көрініс тапқан. Бірінші - жалпы еркек адам емес, тек жауынгер, әскери адам ғана ұстайтын құрал екендігі, екінші - күнделікті тұрмыста емес, тек соғысқа қатысты қолданатын құрал екендігі белгілі.
Барлық түрк халықтарының қаһармандық эпостарында соғыс кезінде батырлардың жекпе - жек айқастары 5 қару түрімен сайысу (1), найзаласу (2), қылыштасу (3), балталасу (4), шоқпарласу (5) садақтасу түрінде өткен. Ертедегі ұлы жиын -тойларда да осы қару түрлерінен батырлардың сайысы болған. Қару түрінің жауынгерлік жекпе - жек сайысын өткізу мүмкіншілігі - ер қаруының үшінші ерекшелігі болып табылады.
«Ер қаруының» санының бесеу болып қалыптасуы олардың айқаста бірін-бірі ауыстыра алмайтын тек өзіндік жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларының негізгі жұмсалу тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар: ату (садақ), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (балта), соғу (шоқпар) . «Қылыш мұраты - кесу» деген қазақ мақалында қылыштың негізгі функциясы анық айтылған. Басқа қарулар осы бесеуінің вариацалануы, түрленуі ғана. Осы бес ер қаруының әр түріне негізгі функциясымен бірге қосымша функцияда беріледі, мысалы, кесу қаруына түйреу - шабу мүмкіншілігі қосылады. Алайда бұл қосымша қасиеттер қарудың негізгі жұмсау тәсілін өзгертпейді, бірақ қандай қосымша қасиеттері қосылғаны немесе қай қасиетті күшейтілгеніне байланысты әр қару түрінің бірнеше жаңа типтері мен үлгілері пайда болады. Бұл толықтырулар әр қарудың түрлі варианттарының сыртқы формасына өзгерістер енгізеді. Соғыс қаруының өзіндік жұмсау тәсілімен айшықталынуы ер қаруына тағы бір ерекшелігі.
Сонымен, «ер қаруы-бес қаруға» мынадай анықтама беруге болады. «Ер қаруына» мынадай басты ерекшеліктерге сай келетін: а) өзіндік жұмсау тәсілі бар: б) жауынгерлер ғана ұстайтын: в) соғысқа ғана қолданылатын:
г) жауынгерлік жекпе-жек сайысын өткізуге болатын: д) әскер бөліктерін құруға негіз болатын: ж) әскери тактиканы анықтайтын: и) әскери қару ретінде түрлі жоғарғы дәрежелі әскери лауазымды белгілейтін жауынгерлік қарудың негізгі бес категориясы - ату қаруы (садақ, оқ), түйреу қаруы (найза, сүңгі), кесу қаруы (қылыш семсер, сапы), соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), шабу қаруы ( балта, айбалта, шақан) жатады.
Бұдан «ер қаруы-бес қару» сөздерінің астарында көшпелі халықтарда ертеден қалыптасқан, көшпелілердің жауынгерлік қаруды классификациялаудың өзіндік жүйесі жатқанын көруге болады.
- Кесу қаруы. Қылыш. Қылыштың түрлері.
Кесу қаруы. Қазақтардың дәстүрлі жауынгерлік кесу қаруы басының ұзындығына, соған байланысты қолданылуына сәйкес екі бөлімге бөлінеді. Бірінші бөлімге басы ұзын жауынгерлік кесу қаруы, екінші бөлімге көмекші қару ретінде қолданылатын басы қысқа кесу қаруы кіреді.
Басы ұзын кесу қаруының негізгі үш түрі бар. Басы екі жүзді, түзу болып келген кесу қаруының бірінші түрі «семсер» деп аталады. «Семсер» арабтың «шамшир» сөзінің (екі жүзді кесу қаруының атауының) өзгерген түрі, бұл атау түркі халықтарының тіліне ислам дінімен бірге кірген. Шығыста (иран-индия халықтарының тілінде) «шамшир»/ «шемшир»-қылыш түрінің атауы ретінде қолданылады.
Кесу қаруы (қылыш, семсер, сапы) өзіндік ерекше қызметі бар негізгі үш конструктивтік бөліктен тұрады. Қарудың кесу, шабу, түйреу арқылы жарақат салуға арналған негізгі функциональдық бөлігі - «басы», ал қаруды қолға ұстауға арналған бөлігі «сабы» деп аталды. Қарудың басы мен сабының түиіскен жерінде орналасқан, қылыштасқанда қарсыластың қаруын қағуға және жауынгердің қолына тіреу болуға арналған элементі - «балдағы». Қылыштың басының негізгі бөліктерінің атауларына келсек, балдақпен түйіскен түзу жері «алқымы» («мойны»), кесетін жағы-«жүзі», қарсы жағы - «сырты», қылыш басының түйреуге арналған жері-«ұшы», сапқа кіргізілетін бөлігі-«жетесі» деп аталады.
Бергі уақыттарда (XVIII-XIX ғ. ғ. ) қазақтарда семсер қолданыстан шығып кеткендіктен, бұл қару түрінің музейлік нұсқалары сақталмаған. Бірақ ертеде қазақтардың семсер қолданғанын жазба деректер мен ауыз әдебиетінің деректері куәлайды.
Керегеде ілінген
Шабылмаған семсер тұр.
Жиембет жырау.
Екі темір теңіз қосылып кетті,
Батырлар шоқпармен және семсермен ұрысты . . .
Сол сәтте семсермен сахибқыран
Жауды аяусыз қыра бастады.
Молла Шафи. «Фатх -наме»
Бірақ бұл жазба дерек көздеріндегі мағлұматтардан семсерлердің сыртқы формасы қандай болуын білу қиын. Орта ғасырларда қазақ халқын құраған көшпелі ру - тайпалардан жауынгерлерді қолданған семсерлердің типтерін, олардың суреттерін тек сол кездегі көшпелі түркі жауынгерлерін бейнелейтін XIV-XV, II ғ. ғ. шығыс миниатюраларынан көре аламыз. Бұл бейнелік материалдарға сүйенсек, орта ғасырлық семсердің басы түзу, екі жүзді, ұшы ортасына қарай бір келкі үшкірленген. Ал сабының басына бекітілу формасына сәйкес екі типін айыруға болады. Семсердің бірінші типінде басының бойымен түзу орналасқан семсер сабының көне формасы сақталған. Семсердің екінші типінде сабы жүзіне қарай қисая орнатылған. Бұл орта ғасырда семсердің шабуымен бірге кесу мүмкіншілігінің арта түскенін көрсетеді. Бұл кездердегі семсер балдақтарының формалары әр түрлілігімен ерекшеленеді. Орта ғасырлық семсерлердің сабтарының, балдақтарының бұл формаларында көне түркілер семсерлерінің сабы мен балдағының формаларымен ұқсастықты көруге болады, бұл олардың арасындағы тарихи - генетикалық байланыстың куәсі. Екі типті сап формасы мен әр түрлі балдақ нұсқаларының қолданылуы XV-XVII ғ. ғ. семсерлердің форма жағынан типтік варианттарының әр түрлі үлгілерін тудырды. XVIII ғасырға дейін көшпелі халықтарда семсер қылышпен бірдей қолданыста болған, кей жағдайларда атақты жауынгерлер ( хан, сұлтандар, атақты батырлар) қылышты да, семсерді де бірдей асынып, ұрыс кезінде оларды қатар пайдаланған.
Қазақтың батырлық ертегілерінде батырлардың қаруы ретінде бүктемелі семсер жиі айтылады. Бүктемелі семсер өте иілгіш, бүктеп жасырып алып жүруге ыңғайлы, жазылғанда өз қалпына қайта келетін кесу қаруы ретінде сипатталады, оны батырлар қолтығының не табанының астына салып алып жүреді. Өткен ғасырларда Шығыс халықтарында бас киімдерге тағып немесе белге орап жасырып алып жүретін солқылдақ иілгіш семсерлер болған, ондай қару түрін қазақтарда қолданғаны туралы деректер бар. Ел ішінде сақталған деректерге сүйенсек, суретші Мейірхан Абдрахмановтың айтуы бойынша, 1930 жылдары Талдықорған облысы Киров ауданында Найман Қылышкер есімді мергеннің белге жасырын тағатын солқылдақ семсері болған, белдік түрінде тағу үшін семсердің ұшында ілгек, сабында тесік жасалған. Кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасап, Шаған тауында тығылып жүрген кезінде оны НКВД ұстап қамап қойғанда, Найман Қылышкер сол семсермен күзетшіні шауып қашып кеткен екен. Осы ауызша дерекпен салыстырсақ, ертегілерде айтылатын бүктемелі семсерлер тек қана қиялдан туған әсірелеу емес, жасырып ұстауға арналған, болатты өте иілгіш қылып соғылған семсер ерекше типі болған сияқты,
Кесу қаруының екінші түрі - басы бір жүзді болып соғылатын, сыртына қарай қайқы болып келген қылыш. Қазақ қылыштары басының қайқылығына, пішініне қарай топқа, сабының және балдағының формасына сәйкес типке бөлінеді. Қылыштың негізгі ерекшелгі басының қайқылығы болғандықтан, қазақ қылыштарын бастарының қайқылығына сәйкес үш топқа бөлуге болады. Қылыштардың бірінші тобына жататын қылышты басының қайқылығы аз, түзулеу болады да, қайқылануы өне бойында бір келкі болып келеді. Қылыштардың екінші тобы - басының қайқылығы орташа қылыштар. Бұл қылыш басының алқымы түзу болады да, қайқылануы орта тұсынан басталады. Қылыштардың үшінші тобына басы өте қайқы қылыштар кіреді. Қазақтар мұндай қылыштарды «наркескен» деп атаған. Наркескеннің қайқылығы бірден алқымынан басталады, сондықтан кесу күші жоғары болады. Мұндай кескір қылыштарды қазақтар өздері де соққан, басқа елдерден, басқа халықтардан да сатып алып отырған. Болатыны өте қайқы болып келуі әдетте иран қылыштарына тән болды, сондықтан қазақ жауынгерлері кескір исфахан (парсы) қалаштарын да жиі қолданған. Батырлық жырларда осындай аспахан (исфахан) қылыштар айтылады.
Асыл қылыштардың ерекше түрін шығыс халықтары соның ішінде қазақтарда, «зұлпықар» деп атайды. Зұлпықар (арапша Зу-л фикар - «жасын» деген сөз) - Әзірет Әлінің (Мұхаммед пайғамбарымыздың немере інісі, әрі күеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиетті екі басты қылышының есімі. Шығыс бейнелеу өнеріннде Әзірет Әлі қолында осы екі басты қылышы - Зұлпықармен бейнеленеді. Бұл аңызға айналған қылышты қасиеттеу, оған еліктеу барасында мұсылман Шығысында ұшы екіге айрылатын қылыш түрі пайда болды да, оны зұлпықар деп атады. Шығыста зұлпықар қылыштың екі типі болды: бірінші типінде қылыштың басы тігінен айрылады, екінші типінде қылыштың ұшы көлденеңнен екіге бөлінеді. Сондықтан Шығыс өнер ескерткіштерінде Әзірет Әлінің қолында зұлпықардың осы екі типі де бейнелене береді. Мұндай қылыштар Шығыста өте жоғары бағаланған. Зұлпықар қылыштарды қазақ жауынгерлері де қолданды. Сонымен бірге киелі қылыштың есімі ретінде «зұлпықар» атауы қазақ ауыз әдебиетінде асыл қылыштың эбидеті, теңеуі ретінде де қолданылады.
Кейбір қылыштар шапқанда ауыр болу үшін басы үлкейтіліп, жалпақ қылып жасалып, ұшының сыртында шығын құтырған жолдасы болған, оны «жалманы» деп атаған. Жыраулар шығармаларында мұндай ауыр қылыштар «алдаспан» деп аталады, қазақ батырлары бұл қылыш түрін өте жоғары бағалаған. Ауыз әдебиетінде сипатталауына сүйенсек, сондай үлкен, ауыр қылыштарды жауынгерлер қынсыз, жалаң ұстаған. Алдаспандарды тек мықты батырлар ғана ұстап, ауыр болғандықтан оны иыққа қойып алып жүрген. Алдаспандар - қазақ қылышының бесінші тобы, бұл қылыштардың сақталған үлгісі жоқ, оның формасын, қолданылу әдісін тек шығыс миниатюраларынан ғана көруге болады. Ресейдің Мемлекеттік Эрмитаж музейі коллекциясында Алтын Орда ханы - Өзбек ханының аты жазылған осындай алдаспан қылыштың басы бар.
Қазақ ауыз әдебиетінде қаруды кейде жасалған материалына сәйкес «ақ берен» (көк берен), «ақ алмаз» не «қызыл алмаз» деп, немесе әшекейленген балдағына қарай «алтын балдақ», «ақ балдақ» (көк балдақ) деп атай береді. Бірақ бұлар кейбір зерттеушілер жазып жүргендей қылыш типінің атауларына жатпайды, бұл қаруды киелеуден туындаған қылыштың эвфемистік жанама атау-лары.
Қылыш типтері, басының қайқылығынан басқа, сабының, балдағының өзіндік пішіндерімен де ерекшеленеді. Типологиялық белгілер ретінде сабтың пішінін, сабының түбінің пішінін, сабтың қылыштың жүзіне бекітілу тәсілін, балдағының пішінінің және балдақтың ұштарының пішінін алып, музейлік және бейнелік материалдарды типологиялық тұрғыдан талдау барысында қылыш сабтарының бірнеше нұсқалары анықталды. Бұл қылыш сабтарының кейбірінің формаларында жоғарыда айтылған семсер сабтары мен ұқсастығын көруге болады. Қылыштың түркі заманында семсерден дамып шыққанын ескерсек бұл ұқсастықтың сақталуы әрине заңды. Жоғарыда айтылған қылыш басының бес тобында сабтың түрлі формаларының кездесуіне сәйкес қазақ қылыштарының түрлі типтік варианттар пайда болды.
Музейлік материалдарда қазақ қылыштарының басының ұзындықтары әдетте 75 - 88 см аралығында, жүзінің ені 3-3, 5см болып келеді. Сабтарының ұзындықтары 10-13см аралығында. Қазақ қылыштарының сабтары әдетте сүйектен, мүйізден, ағаштан және пілдің сүйегінен жасалған, Сабтың қырлары жетесіне дәнекерлеп бекітілген күміс пластиналармен жабылып әр түрлі әдіспен өрнектеліп, түбі гүл формалы металл түбекпен қапталып, оның ұшына бүлдіргі тағылды.
XVIII-XIX ғасырлардан бастап қазақтар «сапы» («шапы») деп аталатын басы түзеулеу келген, балдақсыз кесу қаруын қолдана бастады. Қазақ сапысы ғылыми әдебиетте «ортаазиялық шашка» немесе «қоқан шашкасы» деп аталатын сапының бір үлгісі. От қаруның пайда болуымен кесу қаруын қолдануда ұрыста қағысу (фихтование) тәсілі қажетсіз болып, тек кесу - шабу - түйреу қасиеті ғана сақталып, кесу қаруының жаңа түрін туғызды. Орта Азиялық шашка - сапыда, Кавказ шашкасы сияқты, жаяу әскер қолданған үлкен пышақ түрінен дамып шыққан болу керек. Орта Азия Иран бейнелеу өнері ескерткіштерінде осындай үлкен пышақ түрін таққан көшпелі түркі жауынгерінің бейнесін кездестіруге болады, Қазақтарда сабының, жүзінің формасы сапыға ұқсас, «селебе» деп аталатын үлкен пышақ түрінің болғанын Ш. Уәлиханов жазып, суретін берген болатын.
Қазақ сапалары басының қайқылығына байланысты екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататын сапылардың басы түзеулеу болып келеді, ал сапының екінші тобының басы алқымында түзу келіп, бас жағы қайқылау болады. Сапылардың сабының формасы негізінен біркелкі, түбіне қарай жуандана жасалған. Бірақ бекітілу тәсіліне қарай саптың екі нұсқасын айыруға болады. Сапы сабының бірінші нұсқасы жүзінің бойымен түзу болып орнатылған, ал саптың екінші нұсқасы жүзіне қарай сәл қисайтылған. Қазақ сапыларының бірінші тобында тек түзу сап қолданылады, ал екінші топтағы сапыларда саптың екі нұсқасы да кездеседі. Қазақ сапылардың ұзындықтары әдетте 87-97 см аралығында болып келеді.
Қылышты, сапыны, семсерді «қынап» деп аталатын аранулы қабына салып белге тағып алып жүреді. Қынапты белге тағуға арналған, қайыстан не матадан жасалған бауы (портупеясы) - «қылышбау» деп аталды. Қылыш, семсер, сапылардың қынабы ағаштан жасалып, сыртынан түрлі материалмен қапталды.
Қынаптың аузында қылыш балдағын бекітіп ұстап тұратын мойнағы, қылышбауды тағуға арналған шығыршығы бар құрсаулары, қынаптың түбін бұзылудан сақтайтын түбегі сияқты қосымша конструктивтік элементтері болады. Әдетте қынаптың бұл маңызды элементтері - өрнекпен әшекейленіп көркемделді. Қылыш қынаптары қапталған материалына сәйкес матамен, терімен және маталлмен қапталған үш топқа бөлінеді. ҚР ОММ қорындағы қылыш қынаптары негізінен терімен қапталған. Ал қосымша конструктивтік элементтерінің қолданылуына, жасалған материалына және олардың формаларына сәйкес қынаптың төрт типін, ал әшекейленуіне сәйкес бірнеше үлгілерін айыруға болады. Қынаптың мойнағы, түбегі теріден немесе металлдан жасалған типтері бар. Кейбір қынап типтерінде қалың теріден жасалған түбектің ұшы үшкіл, үшбұрыш не дөңгелек пішіді теріден жасалған «алақанмен» бітеді. Қынаптың әр типінің де әшекейсіз, беті доға, түзу сызықтармен бедерленген және металға баспалау әдісімен өсімдік өрнекпен әшекейленген үлгілері болады. Салтанатты қалаштарға арналған сәнді қынаптар тұтастай өрнектелген күміс, алтын қаңылтырмен қапталып, қынаптар тұтастай өрнектелген күміс, алтын қаңылтырмен қапталып, тастардан көз салып әшекейленді.
2. Композициялық бөлім
2. 1. Қару жарақтың эстетикалық әрленуі
Қаралы жүргізу әдісі. Алтын, күміс заттардың бетін әшекейлеудің әдісін кейде «қара бағдар», «қара алтын», «қарала кавказ», «қара кавказ» деп атайды. Х. Арғынбаев бұл әдістің Орта Азия мен Қазақстан зергерлеріне XIII-XVI ғасырлардан белгілі болғанын жазады. Қарала жүргізілетін күміс бұйымның бетін алдын ала өткір біз (безеу) ұшымен сызып оюлайды. Қараланың құрамы әр түрлі қатынастағы күміс, мыс, қорғасын және күкірттен тұрады. Осы қоспаны шойын ожаушаға салып ерітіп, әбден араластырған қап-қара қоймалжың пайда болады. Оны осы күйінде күміс бұйымның бетіне жағып суытады. Әбден суып, кепкен соң егеумен өңдеп, былғары киіз ысқыштармен жалтыратады. Бұл әдіспен қылыш, қанжар, пышақтардың саптары, олардың қынаптарының детальдары әшекейленген.
Тастан көз салу. Металл заттардың беттеріне әр түрлі тастардан көз орнату үшін металдан жиектер жасалып, заттың бетіне дәнекерленді де, ішіне тас орнатылды. Көз салуда қазақ шеберлерінің жиі қолданатын тастары ақық пен перуза, кейде маржан, меруерттермен де көздер жасалды. Музейлік материалдар түсті шыны болмай қалғанда көз салу үшін жай мөлдір түссіз шыны қолданып, астына түсті мата төсеп немесе астын бояп қоятынын көрсетеді. Бұл әдістермен салтанатты қылыш, семсер, сапылар, жауынгерлік балталар мен айбалталар, дулығалар, әсем сауыттар, жауынгерлік жеңселер көркемделген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz