Қазақ тарихы романдарындағы әйел бейнесі


№148 мектеп - гимназия
Ғылыми жоба
Тақырыбы:«Қазақ тарихы романдарындағы әйел бейнесі»
Орындаған: Самарханова Шынар
Тексерген:
Алматы қаласы
2009 жыл
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 3
1 Қазақ тарихи романындағы әйелдер бейнесі: поэтика және авторлық ұстаным . . . 7
2 Қазақ тарихи романындағы әйелдер бейнесі: көркемдік-эстетикалық сипаттары . . . 15
Қорытынды . . . 36
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 38
КІРІСПЕ
Қазақстан халқының егемендікке ие болып, тәуелсіз, дербес мемлекет атануы тек саяси, экономикалық салада ғана емес, ұлттық рухани кеңістік саласында да айрықша маңызы бар құбылыс екені дау тудырмаса керек. Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, “Тәуелсіздік бізге бұрын-соңды көрмеген орасан зор мүмкіндіктер берді . . . Біздің санамызды, зейін-зердемізді, жанарымызды тұмшалап келген бірталай көнерген сарқыншақтардан, теріс пайым-ұғымдардан арыла алғанымызға да күмән жоқ” [1, 2] .
Тәуелсіз ел атанған сәтте рухани ұлттық мұраларды саралап, бүгінгі уақыт биігінен бағалағанда кешегі тоталитарлық тәртіп аясындағы идеологиялық қағида, тұжырымдармен, олар әкелген зардаптармен тығыз байланыста алып қарастырудың маңызы зор екені белгілі.
Өткен ғасыр қойнауынан сыр шертіп, бүгінгі өмір сырларына да қанық ететін тарихи туындылар кешегі тоталитарлық тәртіп кезінде көп зардап шекті. Алайда XX ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары роман жанры Әуезов дәстүрінің ізімен тарихи болмысқа қарай ойысып, халқымыздың ұзақ сонар тарихи өткен жолын ұқтыруға бағытталды. Ол жекеленген адам тағдыры арқылы тұтас халықтың тарих көшіндегі кешегісі мен ертеңін суреттеуде соны көркемдік ізденістерге де эстетикалық бағыт-бағдар берді. Әсіресе, қандай да болмасын саяси және рухани қысымдағы Адам құдіретінің ғажайып болмысына үңілдіре білді. Халықтық құдіреттің әрі ар-намыстың киесі әйел адам болып табылатынын туынды тақырыбының басты концепциясына айналдыруда қаламгерлер сол Әуезов, Мүсірепов т. б. дәстүрін өрелі биікке көтере білді.
Адам - ерекше құбылыс. Адам - ерекше жаратылыс. Адам - феномен. Әйел адам - адамзат баласы мәңгі-бақи іңкәр болатын, “шыр” етіп дүниеге келгенде құштар болатын, қанына, жанына дарыған сұлулықтың символы. Қазақ фольклорындағы әйелдер образы да жаныңды разы қылып, жүрегіңді тебірентеді. Олардың тұрмыс талқысына мойымайтын қайсар мінезі, бір-біріне ұқсамайтын өзіндік тумыс-бітімі, көркемдік бейнелеу құдіреті адам жанын еріксіз өзіне баурап алады. Батыл да қайсар қыз Назым, айнымас адал жар, қамқоршы, дос қыз Құртқа, жаны нәзік жас ару Қыз Жібек, Баян сұлу, апалы-сіңлілі Айман-Шолпан, ақылды, тапқыр Қарашаш [2] - асқақ шабыт үстінде шеберлердің қолымен асыл дүниеден қашап жасаған мәңгі өлмес образдар. Ал, жазба әдебиетінде Абай, Ыбырай шығармаларындағы сұлу арудың, мейірімді ананың махаббаты, С. Торайғыровтың Қамар, Апақай сияқты үлгілі оқыған қазақ қыздары, М. Дулатовтың Жамалы, С. Көбеевтің Ғайшасы, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С. Мұқанов жасаған “азат әйел”, “тың әйел”, “күрескер әйел” бейнелері мен Ж. Аймауытовтың Ақбілегі, Шәрбануы, Ғ. Мүсіреповтің [3] “ер ана”, “қайратты ана”, “батыр ана”, Ұлпан, Ақлима бейнелері - ақылы, сезімі, өжеттігі арқылы халқымыздың асыл қасиеттерін барша болмысына жинақтаған тың образдар.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ әдебиеті тарихының күрделі дәуірлерінде XX ғасырдың 60-80 жылдарының алатын орны ерекше. Аталмыш кезеңде қоғамдағы сәл де болса “жылымықтың” нәтижесінде қаламгер санасында бастау алған сілкініс пен серпіліс қазақ романдарының дүниеге көптеп келуіне мүмкіндік берді. Бұл кезеңдегі қазақ романдары дүниедегі аса құдіретті, күрделі жаратынды - Адамның жан әлеміне үңілумен, адам болмысына назар аударумен ерекшеленді. Бұл тұстағы әдебиетке белсене араласып, көркемдік үрдіске өзіндік стилімен өрнек берген І. Есенберлин, Ә. Нұршайықов, Ә. Әлімжанов, Ә. Әбішев, М. Мағауин, С. Сматаев, Ж. Тұрлыбаев, Ә. Кекілбаев, Қ. Жұмаділов, С. Жүнісов т. б. тарихи романдарын жазуда М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов дәстүрін, шеберлік мектебін үлгі-өнеге етті. Өйткені “Абай жолы” романының бүкіл құндылықтарын айтпағанның өзінде, ғажайып образдар галереясын, әсіресе, көркемдік-эстетикалық ізденістер бастауына негіз болған әйелдер образын жасауын айрықша айту қажет. Сұлулықтың, даналықтың, кемел ақылдың, биік дүниетанымның символы - Зере, Ұлжан, Тоғжан, Әйгерім, Еркежан, Керімбала образдары арқылы әлемдік деңгейде сұлулықтың танымдық, тағылымдық қыр-сырларына үңілді. Әуезов әр қаһарманының бойына адамға тән барлық қасиет, сипаттарды сіңірді. Ол ақылдылық, тәрбие бере алушылық, осы саладағы тамырластық тағылымдары, сонымен бірге құштарлық, өткірлік, беттілік. Әуезов жан-дүниесі аса күрделі Адам атты тіршілік иесінің әрқайсысына тән түрлі сипаттарды осылар арқылы көрсетпек болған. Ал, Ғ. Мүсірепов қайратты, сана-сезімі романтикаға толы, өршіл әйелдер образын жасады. Ана туралы әңгімелерінен басталып, “Ұлпанға” ұласқан шоқ жұлдызды шығармалар шоғырында әйел-аналардың сымбатты бөлек сұлулығы мен ұлылығы қос өрім боп қабат өрілді. Міне, сол дәстүрдің шеберлік мектебі қазақ қаламгерлері үшін тұтас көркемдік концепцияның поэтикалық арнасынан қуат алатын бастау ретінде заңды жалғасын таба білді. Белгілі бір кезеңдегі қазақ тарихи романдарында жасалған әйелдер бейнесін арнайы қарастырып отырған зерттеу жұмысының өзектілігі де осында.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлттық әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетінің табиғатына сипаттама беріп, поэтикасын, көркемдік қасиеттерін талдап қарастырған М. Қаратаев [4], Л. М. Әуезова [5], С. Қирабаев [6], Р. Бердібаев [7], З. Қабдолов [8], З. Ахметов [9], Е. Лизунова [10], М. Мырзахметұлы [11], Р. Нұрғали [12], Ш. Елеукенов [13], М. Атымов [14], Б. Шалабаев [15], Х. Рүстемова [16], Ж. Дәдебаев [17], Т. Сыдықов [18], Б. Майтанов [19], А. Сейдімбек [20], Е. Қалижан [21], Қ. Жүсіп [22], Қ. Алпысбаев [23], М. Хамзин [24], Т. Рақымжанов [25], Т. Жұртбай [26], З. Жұмағали [27], Р. Тұрысбек [28], Д. Қамзабекұлы [29], С. Тахан [30] т. б. ғалымдардың монографиялық еңбектері бар, ал әйел образын бөле-жара қарастырып, авторлық ұстаным мен көркемдік ізденіс сипаттарына үңілген еңбектер аз. С. Тойшыбаеваның [31], Ө. Тыныбаеваның [32], Л. Екшембаеваның [33] Ф. Исмаилованың [34], С. Тапанованың [35] диссертациялық еңбектері бар, алайда олар біз қарастырмақшы проблеманы зерттеуді мақсат еткен жоқ. Ал, басқа ұлттар әдебиеттануы ғылымында жалпы тарихи шығармалардағы әйел образының жасалу эволюциясы мен сыр-сипатына тоқталған еңбектер баршылық. Оған Д. Мордавцевтің [36], С. Нарзуллаеваның [37], К. Ризаеваның [38], Н. Рубашевтің [39], С. Аминованың [40], Ш. Капашвилидің [41] ғылыми зерттеу еңбектері дәлел.
Аталмыш зерттеу еңбекте қазақ тарихи әдебиеттану ғылымында түбегейлі де терең зерттеле қоймаған қазақ тарихи романында сомдалған әйелдер образының жасалу ерекшеліктері, қазақ тарихи романында әйелдер образын жасаудағы автордың ұстанымы, көркемдік-эстетикалық сипаттары сөз болмақ.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ тарихи романындағы әйелдер бейнесінің жасалу ерекшеліктерін, авторлық ұстанымды ғылыми тұрғыдан талдау. Осы мақсатқа жету үшін зерттеу жұмысына мынадай нақты міндеттер қойылды:
- ұлттық тарихи романдардағы әйелдер образының жасалу ерекшеліктерін талдай отырып, әр қаламгерді көркемдік-эстетикалық ізденісіне, идеалына баға беру;
- әйел адамның ішкі әлемін, рухани болмысын бейнелеудегі қазақ романшыларының шығармашылық табыстарына саралау жүргізу;
- тарихи романдардағы әйелдер образын жасаудың көркемдік-эстетикалық сипаттарына зерделеу жүргізу;
- романдағы бейнелеуші-көркемдеуші құралдар жүйесі мен авторлық идеяның жүзеге асу жолдарын талдап көрсету;
- характер жасаудағы бейнелеу құралдарының қолданылу принциптеріне талдау жасау;
- тіл көркемдігінің стильдік ерекшеліктермен байланысын айқындау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Бұл зерттеу еңбекте алғаш рет XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ тарихи романдарындағы әйелдер образы зерттелді. Сол арқылы аталмыш кезеңдегі қазақ әдеби үрдісінің өзіндік ерекшеліктері, негізгі даму бағыт-бағдары, көркемдік-эстетикалық жүйесі жан-жақты сараланды. Қазақ әдебиетінде М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т. б. дәстүрінің сабақтастығы, қазақ романшыларының көркемдік-эстетикалық ізденіс сипаттары, адам концепциясын даралап суреттеудегі авторлық ұстанымы, дүниетанымы жан-жақты зерделенді. Қазақ әйелінің ұлттық болмысы, ішкі рухани әлемі, тарихи кейіпкердің алапат оқиғалар аясындағы сомдалу, характердің ашылу принциптері қарастырылды. Міне, осы жайттар диссертациялық еңбекте алғаш рет кешенді түрде ғылыми тұрғыдан талданды.
Әдебиет - адамтану ғылымы. Адам - күрделі, жұмбақ. Өлім - жұмбақ емес, өмір - жұмбақ. Әлем-жұмбақтан адам-жұмбақ күрделірек. Әдебиеттің мұраты - эстетикалық идеалды ұлықтау. Эстетикалық идеал - әйел. Ол - бүкіл көркемдіктің, сұлулықтың, махаббаттың символы. Ендеше, әр автор өз дүниетанымымен, эстетикалық ұстанымымен әйел характерін қалай аша алды? Нендей көркемдік тәсілдерге жүгінді? Міне, осы жайттар біздің диссертациялық еңбекте кешенді түрде өз шешімін тапты. Сол арқылы қарастырылған кезеңдегі ұлттық әдеби үрдістің өре-деңгейіне талдау жасалынды.
Зерттеу нысаны ретінде І. Есенберлиннің “Көшпенділер”, Ә. Кекілбаевтің “Үркер”, “Елең-алаң”, “Аңыздың ақыры”, Ә. Әбішевтің “Найзағай”, Ә. Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы”, “Жаушы”, Қ. Жұмаділовтің “Соңғы көш”, “Тағдыр”, “Дарабоз”, С. Жүнісовтің “Ақан сері”, З. Ақышевтің “Жаяу Мұса” атты тарихи романдары алынды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеудің теориялық және методологиялық өзегі Қазақстан мен шетел ғалымдарының көркем әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық, авторлық тұжырымдама, ұстаным жайлы жазылған еңбектеріне негізделген. Қазақ әдебиеттанушы ғалымдар: М. Әуезов, З. Ахметов, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали еңбектеріне ал, жалпы әдебиет теориясы, көркем шығарманың поэтикасы жайлы еңбек жазған Аристотельден бастап, А. Веселовский, А. Потебня, В. Виноградов, М. Бахтин, Д. Лихачев, М. Храпченко [42] еңбектерін негізге алдық. Орыс әдебиетіндегі А. Герасименко, А. Бочаров, М. Кузнецов, М. Пархоменко, В. Юдин, Ю. А. Андреев, Э. Г. Бабаев, Ю. М. Лотман [43] еңбектеріндегі роман жанрының дамуы, оның заңдылықтары жайлы ой-пікірлеріне сүйендік.
Зерттеудің ғылыми-практикалық мәні. Зерттеудің ғылыми нәтижелері мен негізгі тұжырымдары XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихына арналған лекциялық және практикалық курстарға теориялық-тәжірибелік, дәйектік негіз бола алады. Аталмыш кезеңдегі танымал қазақ қаламгерлерінің шығармашылықтары туралы арнайы курстар мен семинарларда пайдалануға болады.
Зерттеу әдістері. Диссертацияны жазу барысында салыстырмалы талдау, салыстырмалы типологиялық, жүйелілік, жинақтау, тұжырым жасау әдістері пайдаланылды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Қазақ әдебиетінде қалыптасқан М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т. б. дәстүрі мен сабақтастығы жалғастық таба отырып, қазақ романшыларының әйел образын жасауда ұлттық болмыс ерекшелігі көрінетін көркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесіндегі шығармалармен толыға түсті.
- Қазақ әйелінің ұлттық болмысы, әйел-ананың дүниетанымы, ішкі рухани әлемі ашылып, тарихи кейіпкерлер галереясы сомдалған.
- Қазақ тарихи романы, оның идеялық-тақырыптық мазмұны тереңдеп, суреткердің көркемдік әлемі жаңа стильдік өрнектермен танылды.
- Қазақ тарихи романшыларының адам концепциясын даралап, суреттеуде авторлық ұстанымы мен дүниетанымын айқын танытады.
- Тарихи роман авторлары шығармашылық үдеріс барысында көркемдік, стильдік ерекшеліктері, өзіндік шығармашылық сипаттары, қаламгерлік дара қолтаңбаларымен ерекшеленеді.
- Қазақтың тарихи сипаттағы шығармалары сомдаған әйел бейнесінің қыр-сырына, танымдық-тағылымдық сипатына, көркемдік-эстетикалық әлеміне ғылыми зерделеу жүргізе отырып, сол тұстағы ұлттық әдеби үдерістің өре-деңгейіне саралау жүргізу жүзеге асырылды.
Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы мен жариялануы. Диссертацияның тақырыбы бойынша 9 ғылыми мақала жарияланып, түрлі ғылыми конференцияларда 6 баяндама жасалды. Жұмыстың негізгі мазмұны, нәтижелері мен тұжырымдары республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді. Диссертациялық еңбек Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті мен теория және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедраларында талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысының міндеттеріне сай диссертация кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
- Қазақ тарихи романындағы әйелдер бейнесі: поэтика және ұстаным
XX ғасырдың 60-80 жылдары қазақ жазушылары үшін заман талабына сай өмірдің елеулі оқиғаларына үн қосқан, адам психологиясын, оның жан әлемін жан-жақты үңіле зерттей түскен кезең болды. Себебі, XX ғасырдың 60 жылдарынан басталған әлемдік деңгейдегі аса ірі өзгерістер, ауқымды оқиғалар мен құбылыстар дүниежүзілік деңгейде адам концепциясына баршаның назарын аударды, сол адам деген жаратылыстың күрделі екендігіне, жұмбақ екендігіне тиісті дәрежеде көңіл бөліп, ғылыми зерттеулер жүргізіле бастады. Аталмыш кезеңдегі жалпыадамзаттық ынтығушылық руханият саласында түрлі жанрдағы, түрлі мазмұндағы, түрлі проблематиканы арқау еткен шығармалардың тууына алғышарттар жасады. М. Бахтиннің сөзімен айтсақ, “ . . . каждая эпоха имеет свой ценностный центр в идеологическом кругозоре, к которому сходятся все пути и устремления идеологического творчества. Именно этот ценностный центр становится основной темой или, точнее, основным комплексом тем литературы данной эпохи. А такие тематические доминанты связаны, как мы знаем, с определенным репертуаром жанров” [44, 171] . Олай болса, XX ғасырдың 60-ыншы жылдарынан басталған әлемдік деңгейдегі аса ірі өзгерістер, ауқымды оқиға-құбылыстар, бәрінен бұрын, қаламгер санасына серпіліс пен сілкіністі туғызды. Қаламгерлер адам өмірінің мазмұнына, мақсаты мен міндетіне, мәні мен маңызына ерекше назар аударып, сол адамды түрлі қырынан қарастыруға тырысты. Адам, өмір, дүние, қоғам туралы өз көзқарастарын шығармаларына арқау етті.
XX ғасырдың сол тұстағы кезеңінде әдебиеттің ауқымды жанры - роман дүниеге көптеп келе бастады, тарихи романның көптеп тууын Н. Добролюбовтың мына сөзімен түсіндіргеніміз дұрыс. “Халық өзінің өткен өміріне көз жіберіп, ой елегінен өткізген кезде тарихи роман дүниеге келеді” [45, 528] .
XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы тарихи романшылар үшін әлемдік әдебиеттің қорына қосылған М. Әуезовтің “Абай жолы” тарихи роман-эпопеясы мен басқа “алыптар тобы” қаламынан туған шығармалар шеберлік мектебі болып қалыптасты.
Аталмыш кезеңде халқына эстетикалық қуаты, көркемдік деңгейі жоғары туындылар берген қаламгерлер - І. Есенберлин, Ә. Әбішев, Ә. Әлімжанов, З. Ақышев, Ә. Кекілбаев, С. Жүнісов, Қ. Жұмаділов т. б. Ықылым замандардағы бабаларымыз ғұмыр кешкен қиын ғасырлар шеруі, қоғам дамуында айрықша орын алатын кешегі дүбірлі дәуірлер тынысы да тарихи романға берік арқау бола алды. Тарихи романшылар шығармада суреттелетін өмір құбылыстарының мәнін дәл де нақты образдар мен ұтымды көріністер арқылы айқын бейнелейді. Дәл 60 жылдардан бастап адамды жан-жақты зерттеу, оның аса күрделі де қиын жаратылыстың жан әлеміне айрықша көңіл бөлу үрдісі біртін-біртін жүзеге аса бастады. Ал, “Суреткер - өз заманының ұлы, өз дәуірінің үні. Ол өзі өмір сүріп отырған мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болса да енжар, бейтарап қарай алмайды. Оны бәрі тебірентеді, ол бәріне араласады. Ендеше оның қаламынан туған шығармалар да бір емес, бірнеше тақырыпқа жазылады; бір емес, бірнеше проблемаға құрылады. Оның көркем туындыларының мазмұны мен пішіні де, жанры мен жанрлық түрлері де осыдан келіп шығады” [46, 38] - деген академик З. Қабдоловтың пікірін еске алсақ, әлемдегі ауқымды осынау құбылыстардан қазақ әдебиеті өкілдерінің тыс қалуы мүмкін емес. Тарихи романшылар тарихтың сан-салалы, қатпар-қатпар беттеріне үңіліп, оны осы заман тұрғысынан танып, ой елегінен өткізіп, тарихи тұлғаның жан-дүниесін кескіндеп, рухани әлемін шебер бейнеледі.
Әдебиеттану ғылымында әйел бейнесін зерттеу мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Өйткені әдебиет өз алдына адамтану мәселесі болып танылса, сол әдебиеттің нысаны - адам. Сан ғасырлық әдебиетімізде әйел-ананың жан-дүниесі, сырлы әлемі, нәзіктігі, сұлулығы, даналығы, ерлігі, адамгершілік сапалары ерекше тақырып ретінде қалыптасты.
Шекспир мен Диккенс, Гете мен Шиллер, Толстой мен Пушкин, Тургенев пен Достоевский, Әуезов пен Айтматов өз шығармаларында әйел жанының сұлулығын, пәктігін, жоғары адамгершілік сапаларын жырлау арқылы Джульетта, Дездемона, Гретхен, Анна Каренина, Наташа Ростова, Татьяна, Маша Миронова, Лиза, Елена Стахова, Ася, Соня Мармеладова, Зере, Ұлжан, Тоғжан, Найман-Ана, Жәмила сияқты өшпес образдар сомдаған. Н. Усачева: “Литературный идеал мадонны встречается в двух видах: ангел-хранитель домашнего очага, мать, нежно прижимающая к себе ребенка или кормящая грудью младенца . . . И второй тип мадонны: дама, светская красавица, в сиянии своей недоступности, загадочности, хрупкости, изысканности, утонченности и надменности: бесполезный мотылек грез и мечтаний поэтов, она не живет, а позирует, являясь вечным образцом “гения чистой красоты” [47, 185, 186] - деп жазады. Өзінің құпияға толы болмысымен, нәзіктігімен әрқашан жырға арқау, туындыға тұғыр боп келген әйелдің жан дүниесі, сырлы әлемі, ғасырлар бойына әдебиет әлемінде өзгеше тақырып ретінде тереңінен тамыр жайды.
Академик-жазушы М. Әуезов: “Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса, аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құраған - әйел” [48, 46] - деп жазады. Қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, халық боп қалыптасуына әйел-ананың сіңірген еңбегін жеткізу қиын. Сондықтан да халқымыз қасиетті жерін, киелі Отанын, ұлттығының өлшемі тілін асыл да ардақты, мейірімді де шуақыты Анаға теңейді. Ал, ұлы суреткер өшпес әңгімелеріне дейін-ақ, авторлық ұстанымын нықтап, “Адамдық негізі - әйел” деп ой толғады. Адамның адамдығы, адамгершілік қасиеті әйелге-анаға деген қарым-қатынасымен, көзқарасымен айқындалатына мән берді.
Қазақ әйелі нендей ауыртпалықты болса да халқымен бірге көтеріп, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алса, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қызын дала даналығына баулыған. Оған дәлел көп. Ежелгі эпостық шығармалардан бастап, бергі дәуірдегі Домалақ ана, Айша бибі мен Абақ ана, тарихтағы Қасым ханның анасы Жаған бике, Есім ханның анасы Жақсы бике, одан беріде ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай мен ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыз жұрт жадында есімі қалған сол әйелдердің бір шоғыры ғана.
Жер бетіндегі бар тіршіліктің бастау көзі, қамқоршысы мен ұйытқысы - ана. “Ана мен Киелілік егіз ұғымдар. Қазақ халқының ұлттық болмысында ананы от басының қамқоршысы, елдің ұйытқысы, береке-бірліктің бастаушысы деп санаған. Көне түркілерде Ұмай ананы шаңырақтың желеп-жебеп жүрер киесі, қасиетті қорғаушысы деп ұққан” [49, 110] - деп жазады ғалым Н. Келімбетов.
Сан ғасырлық әдебиетте әйел - зұлымдық пен бақытсыздықтың бастаушы көзі (сиқыршы, жын-пері, құбыжық, жалмауыз кемпір) бейнесінде немесе әйел таңғажайып сұлулықтың символы ретінде суреттеледі (Венера, Дева Мария, Мадонна, Жібек, Баян, Құртқа) . Е. М. Мелетинский шығыс эпостарының көне пластарын айқындауда әйел бейнелерін: әйел-ана, әйел-құбыжық, әйел-туыс ретінде сипаттап көрсетеді [50, 10]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz