М.Мағауин шығармаларындағы «автор бейнесі» мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдарын анықта



КІРІСПЕ


1.ТАРАУ Көркем әдебиет тілі және оның зерттелу жайы, қазіргі даму бағыты


2.ТАРАУ М.Мағауинның «Аласапыран» романының тілдік.стильдік ерекшеліктері


2.1 «Аласапыран» романындағы «автор бейнесінің» көрінісі

2.2 Тілдік құралдардың кейіпкер бейнесін берудегі қызметі

2.3 Шығарманың тілдік.стильдік ерекшеліктері


ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Белгілі бір ұлт тілінде көркем әдебиет тілінің алатын орны ерекше. Көркем әдебиет тілі халық тілінің дамып, қалыптасуында аса зор қызмет атқарады. Қазақ тілінің бүгінгі дәрежедегідей икемді, бейнелі болуында аса көрнекті көркем сөз шеберлерінің елеулі рөл атқаратындығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әсіресе, эстетикалық қызметі көркем әдебиет тілін стильдердің басқа түрлерінен, бір жағынан, даралығын көрсетсе, екінші жағынан, сол стильдер жүйесінде оның жетекші орынға ие екендігін де дәлелдейді. Тіл байлығының өзі-ақ көркем шығармалар стилінің бірден-бір айырмашылығын танытады. Академик Л.В.Щерба көркем әдебиетте жарыспалы тілдік құралдардың барынша мол болатындығын ескерте келіп, олардың қолданылуы мақсатты болатынын баса атап көрсетеді, дәлірек айтқанда, жарыспалы тілдік құралдар әдеби тіл басын біріктіретін ауызекі сөйлеу тілінің, әлеуметтік тілдің, тіпті географиялық диалектілердің сан алуан түрлерін суреттеу үшін қажет. Орыс тіліне қатысты айтылған мұндай ойды қазақ әдеби тіліне де қолдануға болады. Ең алдымен, көркем әдебиет тілі шығармаларда бейнеленуге тиіс сан оқиғаларды, адамдарды, олардың қақтығыстары мен мінез иірімдерін көрсетуді мақсат еткендіктен, қазақ тілінің байлығын мүмкіндігінше айқын да еркін пайдалануы қажет. Міне, сондықтан да көркем әдебиет тілі функциональдық стильдердің басқа түрлерінен өзінің сөз қолданысы жағынан ерекшеленеді.
1. Аханов К. Қазақ тілі лексикасының мәселелері. Алматы, 1955
2. Әуезов М. Шығармалар жинағы. I том, 1980
3. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Алматы, 1968
4. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. Алматы, 1962
5. Әуезов М. Шығармалар жинағы. III-IV том, Алматы, 1985
6. Байтұрсынов А. Шығармалар жинағы. Алматы, 1989
7. М.Мағауин Аласапыран. Алматы, 1988
8.Жанпейісов Е. Қазақ прозасының тілі. Алматы, 1968
9. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969
10. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі. Алматы, 1966
11. Кәрімов Х. Әдеби тіл және жазушы шеберлігі. Алматы, 1978
12. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасының тілі. Алматы, 1980
13. Салиева У. Көркем сөз құдіреті. Алматы, 1990
14. Сөз өнері (жинақ). Алматы, 1978
15. Сыздық Р. Сөздер сөйлейді. Алматы, 2004
16. Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы, 2005
17. Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. Алматы, 1968
18. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 2004
19. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы, 1994
20. Шалабаев Б. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1972
21. Шалабай Б. Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми теориялық негіздері. Алматы, 1997
22. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. Алматы, 1979
23. Кәрімов Х. Қанатты тіл. Алматы, 1995
24.Ақшолақов Т. Көркем шығарма айшығын таныту. Алматы, 1994
25.Виноградов В.В. О языке художественной литературы. Москва-Ленинград,1959
26. Шмелев Д.Н. Слово и образ. Москва, 1964
27. Брандес М.П. Стилистический анализ. Москва, 1971
28. Потебня А.А. Эстетика и поэтика. Москва, 1976
29. Винокур Г.О. О языке художественной литературы. Москва, 1991
30. Кожина М.Н. Стилистика русского языка. Москва, 1977
31. Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили.
Москва, 1967
32. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары.
Алматы, 1984
33. XX ғасырдағы қазақ әдеби тілі. Астана, 2000

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 56 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

1-ТАРАУ Көркем әдебиет тілі және оның зерттелу жайы,
қазіргі даму бағыты

2-ТАРАУ М.Мағауинның Аласапыран романының тілдік-стильдік ерекшеліктері

2.1 Аласапыран романындағы автор бейнесінің көрінісі

2.2 Тілдік құралдардың кейіпкер бейнесін берудегі қызметі

2.3 Шығарманың тілдік-стильдік ерекшеліктері

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ
Белгілі бір ұлт тілінде көркем әдебиет тілінің алатын орны ерекше.
Көркем әдебиет тілі халық тілінің дамып, қалыптасуында аса зор қызмет
атқарады. Қазақ тілінің бүгінгі дәрежедегідей икемді, бейнелі болуында аса
көрнекті көркем сөз шеберлерінің елеулі рөл атқаратындығын ешкім де жоққа
шығара алмайды. Әсіресе, эстетикалық қызметі көркем әдебиет тілін
стильдердің басқа түрлерінен, бір жағынан, даралығын көрсетсе, екінші
жағынан, сол стильдер жүйесінде оның жетекші орынға ие екендігін де
дәлелдейді. Тіл байлығының өзі-ақ көркем шығармалар стилінің бірден-бір
айырмашылығын танытады. Академик Л.В.Щерба көркем әдебиетте жарыспалы
тілдік құралдардың барынша мол болатындығын ескерте келіп, олардың
қолданылуы мақсатты болатынын баса атап көрсетеді, дәлірек айтқанда,
жарыспалы тілдік құралдар әдеби тіл басын біріктіретін ауызекі сөйлеу
тілінің, әлеуметтік тілдің, тіпті географиялық диалектілердің сан алуан
түрлерін суреттеу үшін қажет. Орыс тіліне қатысты айтылған мұндай ойды
қазақ әдеби тіліне де қолдануға болады. Ең алдымен, көркем әдебиет тілі
шығармаларда бейнеленуге тиіс сан оқиғаларды, адамдарды, олардың
қақтығыстары мен мінез иірімдерін көрсетуді мақсат еткендіктен, қазақ
тілінің байлығын мүмкіндігінше айқын да еркін пайдалануы қажет. Міне,
сондықтан да көркем әдебиет тілі функциональдық стильдердің басқа
түрлерінен өзінің сөз қолданысы жағынан ерекшеленеді.
Басқа стильдерде кездесе бермейтін, бірақ көркем әдебиет тіліне ең
қажетті шарттардың бірі – автордың шығармашылық даралығының болуы. Бұл
арада әңгіме тек тілге қатысты екенін баса айту қажет, өйткені жазушыға
қойылатын бұл талап тақырып таңдау, оқиғаны бастап, дамытып, өрбіту сияқты
тілден біршама алыстау көрінетін жайларға да байланысты. Сонымен, жазушының
қайсысына да қажетті ең басты талаптардың бірі – сөз саптау тұрғысынан
өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы. Жазушының шығармашылық өзгешелігі
дегенде бір-бірімен тығыз байланысты екі жайға назар аудармасқа болмайды.
Оның бірі – жазушының лексикасы мен грамматикасы, демек, жазушының тіл
байлығы және оны пайдалану мүмкіндігі мен өнегесі; екіншісі –
стилистикасы, былайша айтқанда, автордың лексикасындағы сөздердің жеке
күйінде, сондай-ақ сөйлем түрінде, мәтін ішінде қолданылу ерекшелігі,
автор бейнесінің көріну жолдары, кейіпкер тілін даралаудағы тілдік-
стильдік құралдар т. б. жайттар енеді.
Көркем шығарма тілін, стильдік ерекшелігін қарастыруда кейіпкер бейнесі
мен автор бейнесінің берілу жолдарын талдап көрсету тек әдебиеттану ғылымы
үшін ғана емес, лингвистика саласы үшін де аса қажет. Осы орайда көркем
шығарманың стилін, мәтін құрылымын тілдік тұрғыда зерттеу – бүгінгі күннің
әлі де өзекті мәселелерінің бірі. Мұхтар Мағауин – қазіргі қазақ әдеби
тіліне үлес қосушы белгілі қаламгерлеріміздің бірі. Жазушының Аласапыран
тарихи дилогиясы қазақ тарихи романдары қатарындағы шоқтығы биік
туындылардың бірі болса, Көк мұнар, Көк балақ, Шақан шері романдары
мен Қазының өлімі повестері қазіргі қазақ көркем әдебиетінде өзіндік орны
бар айтулы шығармалар. Солай бола тұра жазушы шығармалары тілдік тұрғыдан,
автордың дара стилі тұрғысынан толық зерттелмеген.
Академик Р.Сыздық өзінің Ә.Кекілбаев пен М.Мағауинның тарихи
романдарының тілі атты көлемді мақаласында М.Мағауинның Аласапыран
романының тілі жөнінде арнайы сөз етеді. Аталмыш ғылыми мақалада
Аласапыран романындағы тарихи шығармаларға тән ерекшеліктерге тоқталып,
жазушының даралық стилі, өзіндік сөз қолданысы әлі де зерттеуді қажет
ететінін айтады.
Біз бұл жұмысымызда М.Мағауин шығармаларындағы автор бейнесі мен
кейіпкер бейнесінің берілу жолдарын, жазушы қолданған тілдік-стильдік
тәсілдерді талдап көрсетуді мақсат еттік. Осы тұрғыда белгілі ғалым
Б.Шалабайдың автор бейнесі – көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық
қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың
бірі әрі негізі - деген пікірін дипломдық жұмысымызда негізгі басшылыққа
алдық.
Зерттеудің нысаны: М.Мағауин шығармаларындағы автор бейнесі мен
кейіпкер бейнесін қалыптастырушы тілдік-стильдік тәсілдер.
Бітіру жұмысымызда ғылыми тұжырымдар жасауға, тілдік-стильдік талдау
жасауға негіз болған дерек ретінде М.Мағауинның Аласапыран роман -
дилогиясы (1988) атты шығармасы алынды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Бітіру жұмысымызда М.Мағауин
шығармаларындағы автор бейнесі мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдарын
анықтап, жазушы қолданған тілдік-стильдік тәсілдердің қызметін ашу мақсаты
көзделді. Осы мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:
- көркем әдебиет тілі жөніндегі зерттеулерді, оның даму бағыттарын
айқындау, зерделеу;
- автор бейнесінің көрінісіне, қалыптасып дамуына талдау жасау;
- баяндау түрлерінің автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін
анықтау;
- кейіпкер бейнесін берудегі тілдік-стильдік тәсілдерге талдау жасау;
- фразеологизмдердің, көріктеу құралдарының кейіпкер бейнесін берудегі
қызметін айқындау;
- синтаксистік құрылымдардың образ жасауға қатысын талдау.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы:
- М.Мағауин шығармаларындағы автор бейнесінің көрінісі талданды;
- автор бейнесін қалыптастырудағы жазушы таңдап қолданған баяндау
формаларының тілдік қызметі айқындалды;
- автор бейнесін беруге қатысушы тілдік құбылыстардың қызметі
анықталды;
- жазушының кейіпкер бейнесін беретін тілдік-стильдік тәсілдерді
қолданудағы өзіндік даралығы, ерекшелігі дәлелденіп көрсетілді.
Зерттеу барысында сипаттау, стилистикалық талдау, жинақтап топтау
әдістері қолданылды.

1-ТАРАУ
Көркем әдебиет тілі және оның зерттелу жайы, қазіргі даму бағыты

Қазақ халқының рухани өміріне елеулі үлес қосып отырған
қаламгерлеріміздің танымал туындыларының тілі мен сөз саптасын тексеру,
зерттеу жұмыстарын жүргізу филология ғылымында кеңінен өрістеп келеді. Бұл
- заңды да құптарлық құбылыс. Өйткені тіл - әдебиеттің бірінші элементі
болуы себепті, әдеби тілдің даму бағыттарын саралау, қаламгердің сөз
мәнерін тану зерттеудің ғана нәтижесінде жүзеге асары даусыз.
Негізінен, көркем әдебиет тілінің зерттеле бастауы XIX ғасырдың соңы
мен XX ғасырдың бас кезеңіне сай келеді. XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап
орыс лингвистикасында тілдің және оның құрылымдық элементтерінің әдеби
жазба шығармалардың әр алуан түрлеріндегі, жанрларындағы қызметін айқындау
туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар, көркем тілдің түрлері, көркем
әдебиет тілінің жанрлары туралы зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Жазушы
тілі проблемасы көркем шығарманың жанрлары мен түрлері мәселесімен тығыз
байланыста қарастырылды. Прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалардың
түрлері бір-бірінен мағыналық, құрылымдық тұтастығы мен стилистикалық
міндеттері жағынан ерекшеленді. Осы кезеңдегі зерттеулерде жазушы тілін екі
тұрғыда зерттеу принципі ұсынылған болатын: бірінші, ұлттық әдеби тіл мен
оның стильдері тұрғысынан; екінші, барлық жанрлардағы стильдік көріністегі
көркем әдебиеттің тілі тұрғысынан. Өйткені жазушы тілі, бір жағынан, әдеби
тілдің нормаларына тәуелді болса, екінші жағынан, көркем әдебиеттің
теориясына тәуелді. Сол себепті көркем шығарманың тілін зерттеу бір
мезгілде әрі лингвистикалық, әрі әдеби стилистикалық тұрғыда жүргізілуді
қажет етеді.
Орыс тіл білімінде көркем әдебиет тілін зерттеудің жеке сала ретінде
қаралып, оның ғылыми негізделуі академик В.В.Виноградов еңбектерімен тығыз
байланысты[25,2]. Көркем әдебиет тілін зерттеудің күрделілігін
В.В.Виноградов орынды ескеріп, көркем әдебиет тілін зерттеуді әдебиеттану
мен тіл ғылымдарының аралығындағы, екеуімен де тығыз байланысты, бірақ өз
алдына жеке ғылым саласы ретінде қарастыруды ұсынған болатын.
В.В.Виноградовтың пікірінше, көркем әдебиеттің тілін екі аспектіде алып
қарау керек: 1) Әдеби тілдің тарихы тұрғысынан; 2) Көркем әдебиеттің
өзіндік ерекшелігі тұрғысынан. Ғалым көркем шығарма тілін зерттеудің екі
жолын көрсетеді. Бірі – жалпыдан жалқыға қарай, яғни ең алдымен жанрлық,
құрылымдық, сюжеттік ерекшеліктеріне талдау жасап, одан әрі ұсақ
элементтеріне тоқталу. Екінші – керісінше ең кіші элементтен күрделіге
қарай талдау жасау[25,74].
Көркем әдебиет тіліне ерекше көңіл бөлген орыс ғалымдары
В.Г.Белинский, А.А.Потебня, Г.О.Винокур көркем шығарманың поэтикасын
қарастырып, оның түрлі құрылымдық сипатын танудың әр түрлі бағыттарын
ұсынған.
А.А.Потебняның пікірінше, поэтикалық шығармада сөз өзінің ішкі формасы
арқылы символдық мәнге ие болады, сол арқылы адам санасында поэтикалық
образ қалыптастырады[28, 28].
А.А.Ветров, В.В.Литвинов, Н.М.Шанский, Б.Г.Бобылев, Л.В.Щерба,
Б.В.Томашевский, Р.А.Будагов, А.И.Ефимов, М.Н.Кожина т. б. ғалымдар өз
еңбектерінде көркем әдеби тілдің әр саласын зерттеген. М.Н.Кожина
стилистиканың жеке ғылым ретіндегі сұранысын былайша түсіндіреді:
Выдвижение этих двух проблем – различения языка – речи, определения
литературного языка и его нормы – явилось передпосылкой и причиной основой
развития стилистики в научную дисциплину [29,7]. Ал Р.А.Будагов ...
стилистика – душа любого развитого языка. Поэтому ей должно принадлежать
важное место как в науке о художественной литературе деп, стилистиканың
тілдік және көркем әдеби арнадан тұратындығын атап көрсетеді [31,
101].
Аталған ғалымдардың еңбектерінің құндылығы сонда, әр қаламгер тіліне
тоқтала отырып, сол халықтың әдеби тіліне қосқан үлесі, тілдің түрлі
мағыналық сипатын ашып көрсетудегі лексика-семантикалық, грамматика-
морфологиялық мәселелерін қарастырған. Көркем әдеби тілді лингвистикалық
зерттеудің маңыздылығын атап көрсеткен.
Қазақ филологиясында қазақ әдеби тілі тарихын танытатын еңбектер мен
зерттеулер өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Көркем әдебиет пен
оның тіліне А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов,
Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев т.б. ғалымдар тарапынан зерттеулер жасала
бастады. Соның ішінде А.Байтұрсынов, М.Әуезов сияқты ғалымдар көркем
әдебиет тілі туралы арнайы зерттеу жасамағанымен, сөз өнерінің көркем
тілдік материалы туралы бағалы ой-пікірлер білдірген. А.Байтұрсынов: Тіл
қисыны дегеніміз – асыл сөздің болатын заңдарын, шарттарын танытатын
ғылым, лебіз ғылымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын
білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған
сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын,
не жасауға болатындығын көрсету деп [6, 348], тіл қисыны мен лебіз
ғылымын бірлікте алу арқылы ғана көркем шығарма табиғатын танитынымызды
орынды пайымдайды.
М.Әуезов Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек, Манас жырларының
тілдік-көркемдік ерекшеліктерін талдау арқылы көркем шығарма тілін
талдаудың үлгісін танытады. М.Әуезов дастан тіліндегі кейіпкерлердің өзара
сөйлеу, сөйлету тәсілдеріне, авторлық баяндау тәсілдеріне, дастанның
өзіндік техникалық ерекшеліктеріне терең талдау жасаған [3, 330].
Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерінен басталатын көркем әдебиет
тілін зерттеу – бүгінде теориялық негізі қаланып, мазмұны жағынан кеңейіп
дамып келе жатқан жаңа сала. Яғни нысаны мен мақсат-міндеттері, ұстанымдары
мен әдіс-тәсілдері айқындалып, іргесі кеңейіп толығып келеді. Жекелеген
ақын-жазушылардың әдеби тілді қаншалықты байыта түскенін, сөз қолданудағы
көркемдік, шеберлік қырларын, көркем шығарма тілін зерттеудің әр алуан
мәселелерін қарастырғын Қ.Жұбанов, К.Аханов, Ә.Қайдаров, Р.Сыздық,
Б.Шалабай, Е.Жанпейісов, С.Исаев, Х.Кәрімов, М.Серғалиев, Ә.Болғанбаев,
Б.Қалиев, Ш.Сарыбаев, Б.Хасанов, Х.Нұрмұқанов т. б. ғалымдардың зерттеулері
қазақ көркем әдебиет стилистикасының ғылым саласы ретінде қалыптасуына
үлкен үлес қосқан еңбектер болып табылады.
Көркем әдебиет тілін зерттеуге қомақты үлес қосып, осы саланың
қалыптасуына ықпал еткен ғалымдардың бірі – Р.Сыздық. Зерттеуші Абай
тілінің лексикасы мен грамматикасын жан-жақты талдай келе, көркем шығарма
тілінің жеке ғылым саласы бола алатынын біржолата дәлелдеді. Автор Абайдың
сөз өрнегі, Қазақ әдеби тілінің тарихы атты еңбектерінде лингвистикалық
стилистика саласының күрделі мәселелерін қамтиды. Академик Р.Сыздықова
жазушы тілінің көркемдік шеберлігі туралы мәселені оның стилі деген ұғыммен
байланысты алып қарайды. Абай өлеңдерінің грамматикалық құрылымын жан-жақты
талдай отырып, ғалым олардың шығарманың идеясына сай түсу жағына терең
назар аударады. Сол арқылы көркем шығарма тілін талдаудың үлгісін
көрсетеді.
Көркем шығарма тілін зерттеуші ғалым Е.Жанпейісов шығарма тілінің
өзіндік ерекшелігі туралы былай дейді: Көркем шығарма тілінің табиғаты,
оның барлық қыр-сыры шын мәнінде шығарма стилінің элементі ретінде, сонымен
қоса және әдеби тілдің, жалпыхалықтық тілдің стилімен тығыз байланыста
талданған тұста ғана толық ашылса керек [8, 37]. Ғалым көркем әдебиет тілі
мен әдеби тілдің ортақ қасиеттеріне тоқталады.
Е.Жанпейісов көркем әдебиет тілін әдеби тілдің басқа стильдерінен
бөлекше қатардағы құбылыс ретінде қарайды. Көркем әдебиет стилінің өзге
стильдерден басты айырмашылығы – эстетикалық функция атқаратындығында деп
көрсетеді.
Көркем шығарманың тілін зерттеу өзге де тілші-әдебиетші ғалымдар
тарапынан көбірек қолға алынған. М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев,
З.Қабдолов, Т.Қоңыров, Р.Нұрғалиев, Қ.Өмірәлиев, Б.Шалабай, Т.Ақшолақов,
М.Атымов, З.Ахметов, Х.Әдібаев т. б. еңбектерінде көркем шығарма тілінің
ойды берудегі ажарлау, көріктеуіш қызметі, шығарма кейіпкерінің тілі,
стильдік ерекшелік тұрғысынан түрліше аспектіде, әр қырынан зерттелген,
түрлі байламдар жасалған. Сөз жоқ, аталған еңбектердің бағалы нәтижелері
лингвистердің стилистикалық зерттеулеріне тірек, таяныш, арқау болған.
Сондай-ақ ғылымның дамуы мен ғылыми ойдың өркендеуі әдебиет ғылымы
саласында жаңа ізденістер мен түрліше ғылыми еңбектермен толығуына ықпал
етті. Олай дейтініміз, көркем шығарма табиғатын тануға деген құштарлық пен
ғылыми көзқарас әлдеқайда кеңейе түсті деуге болады. Оның дәлелі – соңғы
жылдардағы қорғалып жатқан ғылыми еңбектер. Оларда әдеби шығарманы тек
тілдік қызмет аясында ғана қарастырып қоймай, шығарма поэтикасы, мәтінтану
тұрғысынан, көркем шығармадағы психологизм, оны берудегі, образ жасаудағы
тілдік қызмет, ұлттық сана, дәстүр т. б. көптеген мәселелерімен тұтастыра,
бірлікте қарастырған. Осы орайда Т.Сыдықов, Т.Рахымжанов, Г.Пірәлиева,
Қ.Әбдікова т. б. ғалымдардың еңбегін айтуға болады.
М.Әуезов Қазақ әдеби тілінің мәселелері туралы еңбегінде: Ақын-
жазушы тілін тіл маманы зерттесе, лингвистикалық тұрғыдан қарайды да, ал
әдебиетші әдебиеттік ізденумен тынады. Филологияның екі саласының басын
қосқан нағыз ғылыми зерттеулер әлі жоқ - деген болатын [4, 103].
Соңғы жылдары тіл білімінде шығарма тілін зерттеуге көп көңіл бөлініп,
көркем шығарма тілін қарастыру әр қырынан түрленіп отыр. Осы мәселені
арнайы зерттеу нысаны етіп алған Б.Шалабай Көркем проза тілін зерттеудің
ғылыми-теориялық негіздері атты докторлық диссертациясында: тіл және
әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың тілін лингвистикалық және
әдебиеттану ілімдерінің тұрғысынан бөліп алып қараушылық қалыптасқан.
Қолдан жасалған мұндай шектеушілік көркем әдебиет тілі сияқты біртұтас
дүниені жете түсінуге кедергі келтіреді деп жазады [21,16]. Шындығында
көркем шығарманың тілін әдебиеттану ғылымында зерттеу мен лингвистикалық
тұрғыдан тексеруге екі түрлі көзқарас қалыптастырып, оларды жасанды түрде
ажырату көркем шығарманы бүтіндей бар болмысымен танытпасы анық.
Ғалымның аталған еңбегі қазақ филологиясында алғаш көркем әдебиеттің
зерттеу нысанын, мақсат-міндеттерін, зерттеу принциптері мен әдіс-
амалдарын, негізгі тұлға-бірліктерін анықтап берді деуге болады. Автор
еңбегінің тағы бір жаңалығы – көркем шығармадағы автор бейнесі ұғымын
мазмұн, құрылым, түрлері жағынан айқындай отырып, қазақ стилистикасында
оны ғылыми айналымға ендіруі.
Р.Сыздық Абайдың сөз өрнегі атты монографиясында: Суреткердің,
айталық ақынның, поэтикалық тілін зерттеуде өз алдына бөлініп шығатын
тақырып – ақынның өзіне тән көркемдік қолтаңбасы, мұны ғылымда
шығармашылық контекст деп те атайды - дей келе, стильдік ерекшеліктер
арқылы көрінетін автор образын ашып талдау қажеттілігін көрсетеді. Өлең
тілін талдаудағы негізгі мақсат - ақынның сөз кестесін: көріктеу
құралдары мен көріктеу тәсілдерін танып-таныту болмақ, екінші сөзбен
айтсақ, ақын поэзиясының мазмұны мен сол мазмұнның тілдік көрінісін –
тілдік механизмін зерттеу болмақ. Ғылымда мұны суреткердің идиостилін
көрсету деп те атайды деген тұжырым жасайды [19,14].
Егер осы ғылыми ойды негізге алатын болсақ, әр қаламгердің идиостилін
дербес зерттеу арқылы әдеби тілдің дамуына автордың қосқан үлесін, өзіндік
қолтаңбасын, өзіндік көркем сөз мектебін құруы, тілдік-көркемдік әлеміндегі
ізденістері, сөз сомдау шеберлігі, әдеби дәстүр қалыптастырудағы үлесі
деген мәселелер шеңбері кеңейе түсері даусыз. Осы бағытта жүргізіліп жатқан
зерттеу жұмыстары, сөз жоқ, қазақ тіл білімінде көркем шығарма тілін
лингвистикалық талдаудың дамуына өзіндік үлес қосып, оның даму бағыттарын
айқындай түсері анық.
Осы орайда көркем әдебиеттің ерекшеліктері мен сөз шеберлігін
қарастырған: М.Жақыпбековтың Жамбыл поэзиясының тіліндегі
фразеологизмдер, Г.Қосымованың Қазақ эпостарындағы фразеологизмдер,
Г.Боранбаеваның XV - XVIII ғ. қазақ поэзиясы тіліндегі
фразеологизмдер, Ж.М.Қоңыратбаеваның XX ғасыр басындағы қазақ прозасы
тіліндегі фразеологизмдер атты еңбектерін, Б.Манасбаевтың С.Мұқанов
поэзиясының тіліне, С.А.Асқарованың Тұманбай Молдағалиев лирикасының
тіліне, А.Ж.Жұмағұлованың Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің лексика-
грамматикалық ерекшеліктеріне, М.Сражиевтің С.Сейфуллиннің прозалық
шығармаларының тіліне, Х.Кәрімовтің Б.Майлин әңгімелерінің тіліне
арналған зерттеу еңбектері, Д.Әлкебаеваның М.Жұмабаев поэзиясының тілдік
ерекшеліктеріне арналған диссертациясы, А.Д.Есқараеваның Зейнолла
Шүкіровтің поэзиялық шығармаларындағы метафоралық қолданыстар,
Л.Ә.Еспекованың Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер,
Ж.Ж.Есенәлиеваның Абай шығармаларындағы араб-парсы сөздерінің қолданылу
ерекшелігі тақырыптарындағы диссертациялары, Р.А.Досжанованың Ж.Аймауытов
прозасындағы лексика-синтаксистік қайталамалар атты, Г.Кәріпжанованың
Ж.Аймауытов прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі тақырыбындағы
диссертациясы, Қ.Есенованың М.Әуезов публицистикаларының тілі,
М.Т.Жұманазарованың Мұхтар Әуезов әңгімелерінің тілі, С.Ғұбайдуллиннің
Ә.Кекілбаев прозасының тілі тақырыптарындағы зерттеулері,
А.Қ.Қанарбаеваның Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларындағы рухани-діни
және қоғамдық философиялық лексиканың қолданысы, З.Османованың
І.Жансүгіров поэзиясы тілінің көркемдік ерекшеліктері тақырыптарындағы
диссертациялары жеке ақын-жазушының идиостиліне арналған зерттеулер деп
танимыз.
Аталған еңбектерде көркем шығарма тілін зерттеуде басты нысан етіп екі
мәселе алынған. Олар: біріншісі - әдеби тілдің даму барысындағы көркем
туындының орнын айқындау; екіншісі – жеке ақын-жазушылардың сөз қолдану
мәнерін, жеке стилін зерттеу.
Стилистикаға қатысты еңбектерде ғалымдар көркем әдебиет стилистикасының
поэтикалық тілді, ал сөз стилистикасы тіл элементтерінің жалпы халықтық
қолданысын зерттейді деген тұжырым жасайды. Олай болса, көркем шығарма
стиліне қаламгердің мақсатты түрде қолданған тілдік құралдар жүйесін
жатқызуға болады. Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев: Стиль ұғымына жазушының сөйлем
құрылысы, мәнері, шығармаларының композициясы, оқиға дамыту әдістері,
тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер енеді,
ең орталық мәселе – идеялық мазмұн [10,13] – деген ой айтады. Жазушы
стилі шығарма тақырыбы мен идеясына, образдар жүйесіне бағындырылатын
болса, дара стильдің қаншалықты күрделі құбылыс екендігін аңғару қиын емес.

Әдеби тілдің стильдік тармақтарының болуы – оның басты сипатының бірі.
Тілдің коммуникативті қызметінің аясы кеңейіп, баспасөздің де құралына
айналғанда, оған басқа да ерекше міндеттер жүктеледі. Ол міндеттер деп
отырғанымыз – баспасөз, жазба әдебиет тілінің қоғамдық қызметі. Стиль
дегеніміз – тілдің қоғамдық қызметінің әр қилы орайында тілдік тәсілдердің
белгілі мақсатпен жинақталған жүйесі. Сондай тілдік жүйелерден оның
стильдер топтары құралады - [32,24] дейді М.Балақаев. Көркем әдебиет
стилі образды болып келеді әрі эмоционалды-экспрессивті қызмет атқарады.
Сонымен қатар көркем шығарма стилінің басқа стильдегі әдебиеттер тілінен өз
ерекшелігі болады. Көркем шығармада түрлі терминдер, ғылыми стиль, ауызекі
сөйлеу үлгілері, жалпы халық тілі, барлық стиль түрлері белгілі бір
мақсатта қолданылады.
Бұл жөнінде ғалымдар: ...көркем әдебиеттің стильдік ерекшеліктері
жалпы халықтық тілде кездесетін фактілердің барлығын да керегінше қолдана
беруден бас тартпайды. Сондықтан көркем әдеби шығармаларда әдеби нормамен
қатар ауызекі тіл элементтері де, диалектизмдер мен архаизмдер де, жаңа
қолданыстар мен варваризмдер де кездесуі заңды, - деп тұжырымдайды
[33,105].
Басқа стильдерден көркем әдебиет тілінің және бір ерекшелігі көркем
әдебиетте барлық стильдік құбылысқа тән сөз үлгілері мен саяси терминдер,
ғылыми атаулар кездеседі. Сонымен қатар М.Балақаевтың пікірінше: Әдеби
тілдің басқа стильдер түрлерінен оның елеулі айырмашылығы эстетикалық
қызметте жұмсалуында. Жазушы идея тұтастығына керекті ой желісінде
айтылатын сөйлемдерді, сөздерді таңдап, талғап қолданады. Өйткені сөз жалпы
әдеби тілдің басты элементі болса, ол көркем әдебиет тілінің эстетикалық,
эмоциялық, экспрессивтік құбылыс суреттерінің бояуы - дейді [32, 28].
Көркем шығарма тілін зерттегенде оған бірнеше мақсат қойып, әр қырынан
қарастыруға болады. Б.Шалабай көркем шығарма тілін зерттеудің бірнеше
қырын атап көрсетеді:
1. Таза тілдік қыр. Қай шығарма болмасын, ол - өз тұсынан тілдік бет-
бейнесінің көрінісі. Сол сияқты көркем шығармада тілдің әр деңгейіндегі
құрал, амал, тәсілдердің жүйесі таңбаланады. Онда тек қолданыс қана
емес, тілдік норма (узус), жүйе көрініс табады. Бұл орайда нормативті
тіл ғылымы әбден тұрақталған қағидаларын дәлелдеу үшін мысалдарды
көркем шығармалардан алатыны да осыған байланысты.
2. Стилистикалық қыр. Бұл жағдайда көркем сөздің әдеби тілдің
функционалды стилі ретіндегі өзіндік сипаты, ерекшеліктері ашылады. Бұл
– көркем сөз стилистикасының зерттеу объектісі. Көркем сөздің өзіндік
ерекшеліктерін ашатын болғандықтан, ол да тілдің поэтикалық (көркемдік)
қызметінің мәнін анықтайды. Алайда ол да көркем тілді көркем шығарманың
басқы құрылымдық элементтерімен, мазмұнымен кең түрдегі байланыста
алып қарамайды, ол оның міндетіне кірмейді.
3. Көркем-эстетикалық қыр. Көркем шығарманың тілі сол шығарманың
көркем бейнелі мазмұнын құрушы (ұйымдастырушы) эстетикалық категория
ретінде анықталады. Бұл жағдайда тіл өзі жасайтын көркем бейнелермен
бірлікте, көркем дүниені жасаушы бір (әрі негізгі) компонент ретінде
қаралады. Көркем шығарма тілін осы тұрғыдан зерттегенде көркем идеяны
беру үшін жазушының тілдік құралдарды ұйымдастырудағы эстетикалық
мақсатқа бағытталған жұмысы ашылады[21, 16].
Қаламгер шығармасы мәтінін лингвистикалық зерттеу, әрине, осы аталған
таптастырудың үшінші қырына жатады. Көркем шығармада жазушы көркем тілдің
мүмкіндігін қалай пайдаланып, қаншалықты өз қажетіне жарата алғанына көңіл
бөлеміз. Яғни жазушы тілі қаншалықты шешен, әсерлі де айшықты, сұлу
сомдалғандығына, шебер қиюласқандығына қараймыз. Бұдан қазақтың қарапайым
тілі үнемі сырлы сөзбен, көрікті теңеумен ажарлана беру керек, тыңнан сөз
туындай беру керек деген ой тумаса керек. Себебі зерттеуде жазушының сол
қарапайым тілдің сан түрлі қырларын ашып, түрлі конструкцияларға салып
құбылта алған шеберлігіне де назар аударылады.
Ғалымдар көркем әдебиет тілінің шеберлік сипатын білдіретін тілдік
тәсілдерді екі топқа бөлуге болады деп жазады: бірінші, бейнелеу
тәсілдері - өмірдің реалды шындығын, құбылысты кісінің көз алдына
елестететіндей етіп суреттеу; екінші, әсірелеу тәсілдері – оның үстіне
кісінің эмоциялық сезіміне әсер ететіндей етіп көріктеу [16, 88]. Көркем
шығарма тілін зерттеуде аталған тілдік тәсілдер қатар өріле келіп шығарма
тілінің күрделі конструкциясын құрайды. Зерттеушінің міндеті сол қиыннан
қиюласқан тілдік қабаттардың мән, мазмұнын ашып көрсете білу.
Г.О.Винокур О языке художественной литературы атты еңбегінде
...Язык в историческом романе должен полностью совподать с языком той среды
и эпохи, которую воспроизводит исторический романист [29, 224] деп жазады.
Ал қазақ тарихи романдарын зерттеген Р.Бердібаев: Тарихи тақырыпты
шығармалардағы жиі кездесетін ортақ кемшіліктер қатарына өткен дәуір
оқиғаларын, адамдардың тілін жаңаландыру, бүгінгі құбылыстармен
алмастырып жіберу жататынын айта келіп: Әр дәуір қаһарманы өз кезіне
үйлесімді ойлауы, сөйлеуі аса маңызды шарт деп түйеді [22, 206].
Р.Сыздықтың мынадай пікірі біздің жұмысымыздың бір бастау алар негізі
десе де болады: Әсіресе, өзіміз шығармаларын оқып, тілдерінің көркемдік-
стильдік тұстарына көңіл аударып, материалдар жиып жүрген белгілі қалам
иелері Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Ә.Нұрпейісов, С.Жүнісов, Қ.Ысқақов,
Д.Досжанов, Д.Исабеков, М.Ысқақбаев, Қ.Жұмаділов, К.Сегізбаев, Б.Нұржекеев,
С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов, М.Қабанбаев, Т.Жұртбаев сияқты сөз
зергерлерінің тілін лингвистикалық стилистика деп аталатын ғылым саласының
талабына сай зерделеп таныту - білім-ғылымымыздың кезектегі игі істерінің
бірі болуға тиіс деп санаймыз(16,4).
Әр қаламгердің өзіне тән стилі, сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері
болады. Қаламгер ойын бейнелейтін қуатты құрал – тіл, шұрайлы сөз. Осы
шұрайлы сөз – халықтың тіл байлығы. Қаламгер тілді пайдаланушы болып
қалмай, тілдегі тарихи және жалпыхалықтық құбылыстарды жақсы білгендіктен
шығармаларында қолдана отырып, тілдің өзін ілгері дамытады.
Шығарманың тілдік-стильдік, көркемдік ерекшелігін тану үшін қаламгердің
тіл қолданысын сан салалы қырынан қарастыру керек. Шығармаға қызмет етуші
тілдік құралдар орынсыз қолданысқа түспейді. Күрделі синтаксистік
құрылымдар, фразеологизмдер, лексемалар, жеке дыбыстар – бәрі де жазушы
талғамымен көркемдік идеяға қызмет ететін тілдік құралдар болып табылады.
Әр функционалды стильдің өзіндік мағынасы мен бояуы жағынан ажыратылмайтын
стильдік қабаты бар. Дыбыстық қабаттан мәтінге дейінгі аралықтағы тілдік
бірліктердің стилистикалық қызметін талдау көркем шығарма тілінің өзіндік
ұйымдасу ерекшеліктерін, олардың жасалу жолдарын, көркем құралдардың
лингвопоэтикалық қызметін анықтауға мүмкіндік береді.

2-ТАРАУ М.Мағауинның Аласапыран романының тілдік-стильдік
ерекшеліктері
2.1 Аласапыран романындағы автор бейнесінің көрінісі

Автор бейнесі - көркем шығармалар тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен
заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін ең басты категориялардың бірі.
Автор бейнесі ұғымын академик В.В.Виноградов көркем әдебиет тілі
теориясындағы орталық мәселелердің қатарына қояды. Ғалым: Шығарманың
идеялық бағыты, ой-түйіні, көркем мазмұны тек кейіпкерлер бейнелерін
құрудан, олардың қарым-қатыстылықтары мен байланыстарынан, баяндау мен
диалогтың құрылысынан байқалып қоймайды, сондай-ақ автор стилінен, тұтас
шығарманың композициялық бірлігінен жасалатын автор бейнесінің
құрылымынан да көрінеді (25, 83).
В.В.Виноградовтың пікірінше, тілдік құралдарды сұрыптап, таңдап
орналастыру нәтижесінде жүзеге асатын түрлі экспрессивтік-стильдік бояулар,
бағалаулар мен олардың сипаты шығарманың идеялық мәні, суреткердің талғам-
талабы, шығармашылығы туралы түсінік береді. Ал, мұның бәрі шығарманың
стильдік бірлігін белгілейтін автор бейнесінің тілдік құрылымында көрініс
табады (25, 83).
Демек, көркем шығарманың барлық элементтерін бірлікте бір-бірімен тығыз
байланыстырып қоятын – автор бейнесі. Ол жазушының даралық мәнерін
(стилін) анықтауға да көмектеседі.
Сонымен, автор бейнесі - құрылымдық-көркемдік, көркем тілдік,
стильдік категория, яғни автордың дүниетанымдық көзқарасы арқылы
анықталатын көркем шығарманың идеялық-көркемдік, құрылымдық сипаты.
Автор бейнесі ұғымы, оның мән-маңыздылығы жөнінде өзге де
зерттеушілердің ой-пікірлеріне, берген анықтамаларына назар аударалық:
Көркем шығарманың тілі мен стилінің әр түрлі элементтерінің
қатыстылығы мен бірлігін жасаушы орталық діңгектердің бірі – шығармадағы
автор бейнесі (26, 111).
Образ автора - эта та цементирующая сила, которая связывает все
стилевые средства в цельную словесно- художественную систему, это
внутренний стержень, вокруг которого группируется вся стилистическая
система произведения(27, 52).
Сөйтіп, шығармадағы баяндаушы бейнесі - автор образы суреттеліп
отырған жайтқа қатысты автордың белгілі бір көзқарасына, идеясына,
дүниетанымына негізделген стильдік категория.
Автор бейнесі - стильдік ерекшелікпен қатар шығарманың бүкіл
құрылымымен тығыз байланысты тілдік құбылыс. Сонымен қатар көркем шығарманы
оқырманмен тығыз байланыстыратын көпір десек те артық емес. Себебі белгілі
жүйеде құрылған оқиға өзінің желісімен оқырманды қоса жетелеп отырады.
Осыған орай тағы ескерерлік жағдай, әр жазушының өзіне тән сөз қолдану,
сөйлем құрау ерекшеліктері, стилі болатындықтан, жазушылардың
шығармаларында автор бейнесінің байқалу дәрежесі де әр қилы. Автор
бейнесі кез келген шығармада және ол сол шығарманың тілдік құрылымымен,
жазушының стилімен тығыз байланысты көрінеді. Жоғарыда келтіргендей, орыс
филологиясында бұл мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізген ғалымдар
В.В.Виноградов, Г.О.Винокур, Д.Н.Шмелев, Л.А.Новиков, М.П.Брандес т.б жалпы
көркем шығармадағы автор бейнесінің қалыптасуы мәселелерін қарастырған.
Қазақ тіл білімінде Р.Сыздық, М.Серғалиев, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай,
Х.Кәрімов сияқты ғалымдардың еңбектерін ерекше атауға болады.
Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге кейінгі жылдары көп көңіл бөлініп
келеді. Профессор Б.Шалабай өзінің ғылыми еңбегінде автор бейнесі ұғымын
жан-жақты зерттеп, оның мазмұнын, құрылымын, түрлерін, баяндау формаларының
автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін анықтап және алғашқы қазақ
прозалары мен Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларының тілін осы ұғым-
категориялар тұрғысынан талдай келе: Автор бейнесінің құрылымын
түсінбейінше, шығарма тілінің жалпы сипатын да, жекелеген ерекшеліктерін де
түсіну мүмкін болмайды - деп көрсетеді (21, 60).
Ғалым автор бейнесі дегенде өзара байланысты екі ұғымды атап
көрсетеді:
1) шығарманың субъектісі, яғни шығармада белгілі бір көркем-идеялық
көзқарастармен ұласқан, өзіндік көркемдік әлемін туғызушы субъект;
2) көркем шығарманың ұйымдастырушылық орталығы болып табылатын тілдік
құрылымы.
Олай болса, сан түрлі оқиғаның, әр алуан іс-әрекеттердің, өмір
жолдарының шығармада көрінуі туындының көркем-тілдік құрылымы арқылы
жүзеге асады. Сондықтан автор бейнесі шығарманың өзі көрініс табатын
көркем-тілдік құрылымынан тыс қаралмайды, онымен тығыз байланысты болады.
Х.Кәрімов еңбектерінде кейіпкер тілі, қос үнді сөз мәселелері жан-жақты
талданып, соның негізінде: Қос үнді сөз дегеніміз – автор мен қаһарманның
субъективтік көзқарастарын бірге салыстырып, үйлестіруге мүмкіндігі бар
стилистикалық тәсіл. Оның қажетті де негізгі белгісі – баяндаудың екі
жақтылығында, қос үнділігінде, яғни қос үнді сөз арқылы әрі кейіпкер
көзқарасы, әрі ол жөніндегі автор бағасы бірден бейнеленетіндігінде. Алайда
автор тенденциясы жасырын, астарлы түрде келеді, бірден байқала бермейді.
Бұл жағдай қос үнді сөзді көркем сөз шеберлігінің құпия сырларының біріне
айналдырады - деген пікір айтады (11).
Белгілі жазушы М.Мағауинның көркем проза саласындағы үлкен еңбегі –
Аласапыран роман-дилогиясы. Шығармада жазушы тарихи тұлға Ораз-Мұхамедтің
өмір жолын суреттеу арқылы XY-XYI ғасырлардағы орыс пен қазақ арасындағы
қиын-қыстау, аласапыран кезеңді бейнелейді.
Романдағы барлық оқиға осы басты кейіпкер төңірегінде өрбиді.
Аласапыранда объективті 3-жақтағы баяндаушы көбіне өзі көрінбейді.
Романдағы оқиғалар Ораз-Мұхамедтің қатысуымен ашылып, соның көз алдында
өтіп жатады, басқа кейіпкерлердің іс-әрекеттері, мінез-құлықтары бас
кейіпкердің көзімен беріліп, соның қабылдауы тұрғысынан бағаланады. Тек
кей тұстарда ғана 3-жақтағы баяншы баяндауға араласып, авторлық шегіністер
арқылы өзінің пікір-көзқарастарын философиялық ой-толғаныс түрінде береді.
Бұл да автор бейнесінің өзіндік бір көрінісі:
Қиылып шыққан ай ағарып толады. Қызарып шыққан күн жарқырап жанады. Ай
жеміріліп тозады, күн шеңбері бітіп батады. Тағы да ай туады, тағы да күн
шығады. Сол ай ма, сол күн бе? Қалың елге бәрібір. Жас өседі, кәрі өледі.
Адам орнын адам, ұрпақ орнын ұрпақ басады. Жұрт жаңаланады, ел
өзгереді.( Алас., 449).
Бірақ мұндай баяндау түрлері авторлық шығармада көп кездеспейді.
Романның бас қаһарманы Ораз-Мұхамедтің өмір жолын, оның маңайындағы басқа
да ірі-ірі тарихи тұлғалардың іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын 3-жақтағы
объективті баяншы өзіне тән бейтарап баяндаушылықпен сипаттайды.
Кейіпкердің ішкі сезім иірімдерін, толғаныс-тебіреністерін беруде ішкі
монолог, қос үнді сөз тәсілдерін қолданады.
...Иә, жағдай қиын. Мүмкін... Айдынды қол ендігі қайтып оралған шығар.
Жеңіспен. Салтанатпен. Әлде, қолайсыз кезде басталған ұрыста тегіс харап
болды ма ... Жоқ! Ескер шыдай тұрса, он-он бес күн орайында бір хабар
болмақ. Егер Ескер шыдамаса... Ай Шешек, кәрі әже ... өз анасы не болмақ?!
Ай Шешек...(Алас., 228). Бұл үзіндіде тұтқынға түскен
Ораз-Мұхамедтің ішкі толғанысын автор осылай береді. Кейіпкердің ішкі
сөзінде жиі қолданылған парцелляцияланған құрылымдардың оның ішкі сезім
толқынысын тіл арқылы жеткізуде ерекше қызмет атқарып тұрғандығын
аңғарамыз.
Кейде кейіпкердің ойы авторлық баяндаудың құрамына енгенін деп
ойлады, деген ой келді сияқты етістіктерден байқаймыз. Мысалы: ... Арада
қырық жыл өткен соң, қалың қазақ – батыр қазақ, дарқан қазақ осы жаман
баланы хан көтермек! Жоқ! Келіспеймін! – деп ойлады Ораз-Мұхамед. (Алас.,
127).
Кейіпкердің ойын, көзқарасын беруде қосүнді сөздерді де қолданады.
Қосүнді сөздерде кейіпкер көзқарасымен қоса автордың пікірі бірге беріледі.
Шығармадан мұны: О, тоба! Бұдан өткен масқара бола ма? Әлсіздік!
Дәрменсіздік! Қазақ-Ата баласы, бағың біржола қайтқан екен ғой!.. Енді
аялдар не қалды!.. Ақ өлімге алаңсыз бет бұрған (Алас., 451) деген
мысалдардан байқауға болады.
Жоғарыдағы үзіндінің алғашқы екі сөйлемі мен соңғы сөйлемі таза
авторлық баяндауға жатса, ал ортасында Ораз-Мұхамедтің пікірі қоса
берілген. Аласапыран романында автор бейнесі - автор-баяндаушы, автор-
бақылаушы қырларында көрінеді.
Кейіпкерінің өмір өткелдеріндегі көрген қиындықтарын, ой азабын, жан
қиналысын автор салқын қандылықпен баяндайды. Бұл жай әсіресе Ораз-
Мұхамедтің бар жақынынан айырылған кездегі жан күйзелісін, ең аяулы
адамдарынан мәңгіге айырылып, жат елде, жат жерде жалғыз қалған күйін
сипаттауда байқалады. Автордың баяндау кезіндегі субъективтік көзқарасы
кейіпкерлерге сөз беріп, сөйлету мәнерінен және кейіпкерлер сөзінен, кейде
автор сөзіндегі кейбір лексикалық элементтерді жұмсаудан да көрінеді.
Мысалы: ...Қара су бетінен қаймақ іздеген сұғанақтар екі жаққа кезек
қатынап, тұмсық сұғар тесік, түсім сауар емшек іздейді... ( Алас., 709).
Төрт жігітке қажет жабдықты өзінің кәсіптес серіктеріне бөліп тапсырып
жатқан керуен басының құлағы мұндай сақ болар ма, етегіне оратыла жығылып,
елбірей қайта тұрып, ат үстіндегі сұлтанның аяғын құшты. Қазанның түбін
жалаған аш төбеттей жасыл сақтиян етікті сүйіп, өліп барады... (Алас.,
188). ...Қызылбастың кекірт елшісі шоқ басқандай ышқына шоршыған
(Алас., 387).
Оқырман қаншалықты дәрежеде кейіпкердің ойлары мен толғаныстарына
қанық болады, автордың өзі оқиға дамуының әр түрлі кезеңдерінде
қаншалықты дәрежеде кейіпкерлерін біліп отырады - міне, осы жайттар
шығарманың жалпы тілдік құрылымын белгілейді, көркемдік ерекшеліктерін
анықтайды, автор бейнесін түрлендіруге көмектеседі.
Сонымен, жазушы туындысында көркем шығармаға тән толыққанды, күрделі
автор бейнесі қалыптасқан. Автор бейнесінің өзіндік стилі қалыптасқан
жазушы шығармаларында әр қырынан әр түрлі дәрежеде көрінетіндігі белгілі.
Автор бейнесі шығарманың тілінен, оның баяндау құрылымынан да анық
көрінеді. Автор бейнесі ең алдымен жазушының ойлау, сөйлеу, сөйлем құрау
қабілетіне тікелей байланысты. Сондықтан автор бейнесі баяндау
формаларына басшылық жасап отырады. Жазушы шығармаларындағы көркем баяндау
түрлері: әңгімелеу, суреттеу тәсілдері арқылы қалыптасқан өзіндік тілдік
құрылым жүйесі бар екендігі байқалады.
Әңгімелеу – көркем прозаның негізгі баяндау формасы. Бұл форма арқылы
объективті де, субъективті де мазмұн беріледі. Әңгімелеудің формальдық,
құрылымдық мазмұнын оқиғалардың мезгілдік ізбе-ізділігі, құбылыстардың
бірін-бірі ауыстыруы құрайды. Осы мазмұн әңгімелеудің синтаксистік
құрылысын ұйымдастырып, сөйлемдердің арасындағы байланыстардың белгілі бір
түрін, атап айтқанда, іліктестік байланысты алдыңғы орынға шығарады.
Оқиғалар бірін-бірі толықтырып, дамытып, динамикалық баяндау үстемдік
құрады. Ондай баяндаудың негізгі тұлғасы - өткен шақ, ауыспалы шақ
формалары, олар бірін-бірі ауыстырып отырады(21).
Олай болса, Аласапыран романындағы назар аударарлық жай – жазушының
әңгімелеу шеберлігі мен тілдік өзгешелігі. Жазушы сол заманның тілімен
сөйлеуге тырысқан. Және бір байқайтынымыз: автор сол кезгі халқымыздың
тарихын, ұрыс картинасын, сол кездегі этносқа тән тілдік қолданыстарды
шеберлікпен бергені соншалық, ерте замандағы атаулардың барлығын жаңғыртып,
көз алдымызға қайта әкелгендей әсер қалдырады.
Әңгімелеу формасының баяндау құрылымындағы қызметін төмендегі
үзіндіден толық аңғаруға болады:
...Аспан ашылып, күн ыси бастады. Бір уақытта қарасақ, қарсы беттен,
ойға қарай қалың әскер төгіліп келеді! Ал, керек болса, іздеген жауыңыз.
Олар да бізді көрді. Қуанды ма, абыржыды ма, кім білсін, әйтеуір опыр-топыр
болды да қалды. Сап түзеп, ұрысқа дайындалды. Кейін білдік, қазақ
қоныстарын ойрандамақ болып олар да аттанған екен-ау... Жау тілеген –
ұрыстан қаша ма, біз де түзем құрдық. Екі жақтың да садақшылары тілге
келместен жай тарта бастаған. Біраз адам майып болды. Екі жақта да
қолбасылардың шатыры құрылды. Екі жақ та ертеңгі ұрысқа әзірлене бастады
(Алас., 95).
Аласапыран романының өзге шығармалардан өзгешелігі оның баяндау
стилінен байқалады. Мұнда әңгімелеу мен диалогтан басқа терең суреттеу де
басым. Ал кейіпкер сөзі, ойы көбінесе монолог, ішкі монолог, диалог түрінде
беріледі.

2.2 Кейіпкер бейнесін берудегі тілдік құралдардың қызметі

Көркем туындыны лингвостилистика тұрғысынан талдауда кейіпкер
бейнесінің берілу жолдарын, жазушының осы мақсатта қолданған тілдік-
стильдік, көркемдік тәсілдерін қарастырудың да маңызы зор.
Жалпы көркем шығарма тілі, жазушының дара стилі тұрғысынан қарастырған
К.Еңсебаева, Г.Сәрсеке т. б. ғалымдардың
еңбектері де бұл саланы дамытуға өз үлестерін қосады.
М.Мағауин шығармаларындағы кейіпкерлер жеке тағдырларымен, өзіндік сөз
саптауларымен ғана емес, ешкімге ұқсамайтын кескін-келбеттерімен, киім-
киістерімен, жүріс-тұрыстарымен де ерекшеленеді. Автор өз кейіпкерлерінің
бейнесін жасауда олардың портретін, киім-киісін, жүріс-тұрысын суреттеуге
де айрықша көңіл бөледі. Әсіресе, кейіпкерлердің сырт бейнесін, бет-әлпетін
суреттегенде, соған қоса олардың киімін, қару-жарақтары мен мінген аттарына
дейін жан-жақты сипаттап береді: Сейтекті сағалаушы жалғыз-жарым жолбасар
жігіттер – бұлар тегіс қымбат шапан киіп, қайқы қылыш байланып, асыл қару-
жарақ, доғал садақ асынған, аттары да әлем-жәлем (Алас., 194).
Портрет жасаудағы жазушының амал-тәсілдері әр түрлі. Кейіпкер портреті
авторлық баяндауда да, кейіпкер тілінде де, диалог арқылы да беріледі.
Мысалы: Өзгеріпсің, мүлде өзгеріпсің. Әбден толып, аруанадай ақ бәйбіше
болыпсың. Ғайыптан тіріліп келсе, Сұраған марқұмның өзі таныр-танымас
неғайбыл. Пай-пай, қыз кезіңде қандай едің! Сылқылдаған қыпша бел, аққу
мойын, аршын төс...
Кейде бір кейіпкердің портреті екінші бір кейіпкердің көзімен
беріледі.
Сонымен қатар кейіпкер портретінде берілген бейнелі суреттеулердің
оқырман көңіліне эмоциялы-экспрессивті әсері де өзгеше болады. Бұл – жазушы
қолданысындағы талғампаздықпен жұмсалған бейнелеуіш тілдік құралдардың,
көркем суреттеулердің портретте қисынын тауып орнымен жұмсалуына да
байланысты. Мысалы: ...Жыртық киімнен гөрі тозған өрмекші торына,
салбыраған сілбіге көбірек ұқсайтын қырық өрім шоқпыт – неше жыл көр
түбінде шіріген өліктен шешіп алған кебін тәрізді. Жалбырап иыққа түскен
білте-білте шаш өзгеше бітімді мақұлықтың шуда жалы да, аяқтағы бір заманда
етік болғаны, шоқай не кебіс болғаны белгісіз, жұлым-жұлым қабыршық – туа
біткен тұяғы тәрізді (Алас., 507).
Тас қамауда, зынданда отырған мүскіндерге берілген осы портрет олардың
хал-жайы мен жағдайын, көрген күнін көз алдымызға келтіреді.
М.Мағауин шығармаларында қолданған, бірін-бірі қайталамайтын, бір-
біріне ұқсай бермейтін әрбір портрет кейіпкердің сыртқы пішінін, бет-ажарын
жан жақты, тәптіштеп суреттеумен қоса, нақты детальдар, көркем штрихтар
арқылы оның басқа қырларын да – мінез-құлқын, адамдық сипатын, көңіл-
күйін, ішкі жан-дүниесін ашып бере алады. Әр кейіпкердің өзіндік ерекше
белгілері мен айрықша қасиет, әдеттері шеберлікпен ашылып, кейіпкер бейнесі
оқырманға мейлінше түсінікті, әсерлі етіп жеткізіледі. Сондықтан жазушы
шығармаларындағы әдістердің бірі – портрет деп айта аламыз.
Жазушы кейіпкерлерді өзара сөйлету арқылы олардың мінез-құлқын, ой-
өрісін, адамдар арасындағы сан алуан қарым-қатынасты шебер суреткерлікпен
жеткізе білген.
Демек, М.Мағауин шығармаларындағы диалог – адам образын жасауда портрет
пен мінездеуден кейінгі тәсіл. Жазушы кейіпкер мінезін даралап көрсетуде
диалог-мінездеуді ұтымды қолданады. Қаламгер туындыларында диалог-
мінездеудің бір кейіпкердің сөзі арқылы үшінші бір кейіпкерге мінездеме
беретін, кейіпкердің өз сөзі арқылы оның мінез қырларын ашатын түрлері
кездеседі.
Мысалы:
- Ол кім? – деді Ораз-Мұхамед.
- Осында, маңғыт Самантай бектің тірек тұтып жүрген жігіттерінің бірі,
Сүмелен ұғлы Ысмайыл деп көтермелеп қояды. Ал әкесінің аты Сүмелек
еді. Елден озған жамандығына орай, жұрт солай айттырған, өзінің азан
айтып қойған аты – Ителген еді...
- Ителген... неге Ителген? (Алас., 30)

Сондай-ақ сөйлем ішіндегі құрылымдардың қайталанып келуі арқылы
жасалған параллель түзілімдер кейіпкер басындағы психологиялық жай-күйді
дамытып, тереңдете түседі. Сол арқылы оқырманға берер әсерлілікті күшейте
түсуге көмектеседі. Мысалы: Анау – жалқау. Анау - өтірікші. Ал анау – нағыз
бұзық. Бәрінің арманы – Донға, Запорожьеге қашу (Алас., 315). Бұл үзіндіде
сілтеу есімдігінің қайталанып келуі кейіпкердің мінездерін бірінен-бірін
асыра, дамыта жеткізуге көмектесіп тұр. Сонымен қатар мұндай қайталаулар
ырғаққа құрылып, шығарма тілінің әуезділігін, бейнелілігін арттыра түседі.
Жазушы адам мінезінің толып жатқан қыр-сырын, оның сыртқы бейнесін,
ішкі жан-дүниесін әр түрлі тілдік тәсілдерді қолдану арқылы бейнелейді.
Кейіпкер бейнесін, оның түр-тұлғасын, ішкі сезім иірімдерін әсерлі етіп
жеткізуде әсіресе тілдік амалдардан фразеологизмдердің қызметі ерекше.
Жазушы М.Мағауин кейіпкер бейнесін беруде фразеологизмдерді орынды
қолдану арқылы оқырманға кейіпкердің мінез-құлқын, алуан түрлі
психологиялық жай-күйін, ішкі тебіреністерін дәл, анық жеткізеді. Мысалы,
Өз әнімді аузыңнан естігенде төбем көкке жеткендей болып ем. Содан соң бір
сәт бақыт құшқандай да болдым. Өз атына айтылған қошеметке көңілі тасыған
Қосайдар ұсынысты қабыл алмады т. б. берілген мысалдардағы төбесі
көкке жету, бақыт құшу, көңілі тасу деген тұрақты тіркестер кейіпкердің
қуаныш сезімін, эмоциялы бояуын қоюландыра жеткізеді.
Жазушы М.Мағауин шығармаларында тұрақты тіркестер авторлық
баяндауда да, кейіпкер тілінде де талғампаздықпен жұмсалып, кейіпкерлердің
қуану, ренжу, қорқу, күйіну сезімдерін әсерлі бейнелейді. Мысалы: Таң
атқанша жүрегімді қан жуды. Адам қызғаныштан өлмейді екен.
- Талай рет тізеліктен қан кештім, бір-ақ рет жүрегім шайлықты, - деді
Бесоба батыр.
- Ет бауыр жақынның да, қанды көбе жолдастың да қазасын көп көрдім –
бір-ақ рет қабырғам қайысты (Алас., 93). Жүрегі дауаламау, жүрегі
қан жылау, жүрегі суу, жүрегі шайлығу, жанынан түңілу, жүрегі май
ішкендей кілку деген фразеологизмдердің барлығы кейіпкердің ішкі
сезімін, толқынысын дөп басып, дәл жеткізу үшін қолданылған.
Кейіпкерге тілдік мінездеме беруде қолданылған мұндай тұрақты
тіркестерден автордың даралық қолтаңбасы, өзіндік мәнері айқын
сезіліп тұрады. Мысалы: қу ағаштан құмалақ сауған, қу бастан
қуырдақтық ет алатын, Көзін шел басып, соқыр болуға айналған,
сақал мұрты аппақ қудай, бет-аузы кәрі сиырдың суалған желініндей
шимай-шимай, арса-арса ірі сүйекті шал бағы қайтқан қарт жауынгерден
гөрі көрден шыққан өлі аруаққа көбірек ұқсайды (Алас., 568).
Жазушы кейіпкер портретін беруде теңеулерді де сұрыптап, ұтымды
қолданып, соның нәтижесінде сөз бейнелілігін күшейтіп, кейіпкердің сыртқы
бейнесін оқырманға әсерлі етіп жеткізеді. Суреттеліп отырған кейіпкердің
бет-бейнесін, тұлға-тұрпатын көз алдымызға әкеліп, ол туралы дәл, нақты
сипаттама береді.
М.Мағауин шығармаларында қолданылған теңеулерді кейіпкер образын
сомдаудағы, оның портретін, мінез-құлқын суреттеудегі қызметіне қарай
төмендегідей топтарға бөлуге болады:
1. Кейіпкердің сыртқы кейпін, бет әлпетін суреттейтін теңеулер:
жұрттан әрең шыққан көтерем тоқты іспеттес.
2. Кейіпкердің мінез-құлқын суреттейтін теңеулер: ғалым адам панасыз
торғай тәрізді.
3. Кейіпкердің ішкі сезімін, көңіл-күйін суреттейтін теңеулер: жынын
шақырып келтіре алмай жатқан бақсы сияқты.
4. Кейіпкердің қимыл-әрекетін, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ көркем прозасындағы автор бейнесінің тілдік көрініс
Қазақ прозасындағы кейіпкер болмысы және авторлық ұстаным. Суреткерлік шеберлік және көркемдік әдіс-тәсілдер
Қазақ повестеріндегі көркем уақыт пен кеңістік
Қасқыр бейнесінің поэтикасы
Жаяу қазақ - жартылай қазақ
Көркем мәтіндегі мәтінтүзуші фоносемантикалық және лексика-семантикалық факторлар
Қазақ ертегілеріндегі қасқыр бейнесі
Дүниенің тілдік бейнесі
Ежелгі түркі тілді ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнерін түсіндіру
Әкім Тарази прозасының поэтикасы
Пәндер