Таңбалы тас


«ТАҢБАЛЫ ТАС»
Осыдан бірер жыл бұрын Жезқазғандық ақсақал Қойшыбек Тоқтамысұлымен кездесіп қалғанымда ол кісіден «Таңбалы тас» жайында сұрап едім. Қойшекең ол тас жатқан жерге 1949 жылы барған екен. Арада бір жыл өткенде мен ол кісіге телефон соғып, өзімнің «Таңбалы тас» жөнінде тереңірек мағлұмат жинағым келіп жүргенін айтып едім, маған ол таспен айналысып жүрген кісілердің телефондарын берді. 1989 - 1992 жылдары Жезқазған облысының атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарған Сағындық Қожамсеитовпен телефон арқылы танысып, тастың мән-жайын сұрағанымда біраз әңгімеге қанықтым. Түсінгенім, тастың әлі күнге дейін сақталғандығы және Кеңес үкіметі кезінде уран кенін іздеген геологтардың жарылыс жұмыстарын жүргізгенде, жаңағы тастың ортасынан қақ бөлініп, жерге етпетінен құлап түскендігі еді. Сакең тастың бетінде елуге жуық ру таңбаларының қашалып, ескі шағатай әрпінде жазу бедерлері бар екендігін растап қана қоймай, ол тасқа атақты ғалымымыз Қаныш Сәтпаевтың «Таңбалы тас - Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы» деген ғылыми бағасын аса мақтанышпен айтты.
Мен осы киелі тас жайында Батырбеков Әділхан ағамен ақылдасқанымда, ол кісі жанып түсті. Өзінің осы қасиетті іске бар жанын салып кірісетіндігін айтып қана қоймай, бүгінгі қазақ халқының өліп жатқан рухын тізеден көтеру үшін тасты қалпына келтіріп, ол жерге қазақтың бар бас көтерер сыйлы азаматтары мен беделді-беделді ақсақал-қарасақалдарының басын жинап апарып елдігімізді, мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін жанын пида етуге дайын екендігіне ант беру керектігін алға басты мақсат етіп қойды. Және де ол кісінің ойы бойынша, киелі тасты көтеріп болған соң, сол жерге ақбоз атты құрбандыққа шалып, жиналған барша қауым қазақтың елін, жерін, болашағын қорғау үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз деген ант беру керек еді.
Әділхан ағаның алға қойған мақсаты өзімнің түпкі ойымда жүрген үлкен шаруа болғандықтан, мен де қарап жатпай жол дайындығына кірісіп кеттім. Әдекеңнің айтқаны - айтқан! «Қуаныш қарағым, жолға дайын болсаң іске сәт, Алла тағаламыз жар болып, ата-бабалар аруағы қолдасын, тарт Бетпақдалаға!» - деді қайран аға.
Жезқазған қаласында мені Сағындық Қожамсеитовтың орынбасары Бағдат күтіп алып, бізді Таңбалы тасқа апаратын «Уаз» автокөлігінің жолға дайын екендігін айтты. Жолға шықпас бұрын ата дәстүріміз бойынша бата алуға Сағындық ақсақалдың қызмет атқарып жатқан ғимараты - мемлекеттік мұрағатқа кіріп, ол кісімен жарты сағаттай сұқбат құрдық. Сакеңнің айтуы бойынша «Қарақойын Сәбен деген жер сол Таңбалы тас жатқан терең сайдың жарқабағы екен. Сонау әлмисақтан бері «Таңбалы нұра», «Таңбалы жар», «Таңбалы тас» деп неше түрде аталса да Таңбалы тастың жатқан жерін нұсқайтын жарқабақ киелі деп саналған. Тастың бетіне қашалып салынған иероглифтерде көп құпия жатыр. Биік жарқабақтың үстінде көлбеп жатқан тастың төменгі жағында, сайдың табанымен жүрсең сәл жоғарылау тұсында бұлақ көзі болған, қазір ол бітеліп қалған.
1895 жылы Ақмолалық әскери дәрігер Л. Кузнецовты Бетпақдалағы «Таңбалы тасқа» ертіп келген Атбасар уезінің тілмашы Хасен Бекхожин деген кісі екен. Кузнецовтың экпедициясы суретке түсірген сол тастың суретін қайткен күнде де тауып алу керек. «Менің пайымдауым бойынша ол сурет Семей қаласының мұражайында сақтаулы болуы керек» деген пікір айтты Сакең. Осы киелі тастың жатқан жерінен біршама жерде тұзы әппақ болып жарқырап, тұзды көл - Шұбар теңіз жатыр көсіліп. Көлдің ені бір жарым шақырым да, ұзындығы 26 шақырым. Суының тым тұзды болғандығынан өсімдік атаулы шықпайды, өспейді, сондықтан да ол көлде балық болмайды, өлі көл. Әлгі тұзды көлге жан-жағынан сайлар мен жыралар арқылы көктемгі қардың еріген суы ағады. Оның маңайында бұлақ көздері көп еді, бәрі де құрыды ғой. Осы маңайдан Шұбар теңізбен қатарласып Сары су өзені ағады. Баяғы Кеңестер кезінде, одан бұрын да бұл жерлерде қазақтың төрт түлігі - маңыраған малы жайылған, елі қоныстанған.
Бізге ең құнды болып отырғаны сол, 1895 жылғы Л. Кузнецов экспедициясының «Таңбалы тастың» бетінен көшіріп алған елуден артық қазақ руларының таңбаларының көшірмесін таптық. Әлгі тастың бетіндегі ескі Шағатай жазуларын тілмаш Бекқожин орыс тіліне аударып көрген екен, тастағы жазу былай дейді; «Қара-Найман, Алшын, Арғын, Қаракесек, Қойсын, Табын, Молла-Қаршыға. Құдай қолдасын, олар алтау». Академик Ә. Марғұлан осы алты ру аттарын Алты Алаш одағымен байланыстырған екен. Ол кісінің пікірі бойынша Ұлы жүзден - Қойсын (Үйсін), Орта жүзден - Арғын, Кіші жүзден - Табын болып Алты Алаш елінің мемлекетінің ең алғашқы ірге тасын қалаған. «Таңбалы тастың» бетінде 1218 жылды, әріректе 178 жыл мен 1061 жылдарды көрсететін қашалған сандар тұр. Әрине бұның бәрі үлкен ізденісті, қыруар ғылыми жұмыстарды талап етеді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытқа дейін бәрінің айтып келген 1710 жылғы қазақтың құрылтайы осы «Таңбалы тастың» маңайында өтті дегені еді. Ал, ғылыми деректерге сүйене отырып, әлгі жердің табиғатын, жерінің өңін салыстырсақ сол жылғы қазақтың құрылтайы өткен батысқа қарайғы жерді жекеленген шаруалар құрылымы «Қарақұм» мен сол жерде шекарасы қиюласатын Арал теңізі маңайындағы құмды-құмайтты жерлерден іздеу керек. Жоңғар басқыншыларының күйрете соққы алған жерін Қарасуыр деп, ал бірде Қарасиыр деп атап келсе, Жездінің ежелгі тұрғыны Файзолла Әжібековтың пікірінше ол жер Қарасире деп аталғаны дұрыс екен. Қарасире деген моңғол тілін қазақшаға аударар болсақ, ол - жота деген мағынаны береді. Ал қалмақтардың қырылған жерін Білеуті дейді моңғол тілінде. Білеутіні қазақшаға аударсақ, бұралаң деген мағынаны береді. Қазақ жағынан 75 000 сарбаз қатысқан Бұланты шайқасы туралы көптеген деректер бар. Бетпақдаланың табиғатын айтқан соң ол жерді мекендейтін жабайы жануарларды да айта кететін болсам, бүгінгі Бетпақ даласындағы Жетіқоңыр құм шағылдарының баурайында жайылып жүретін құландар, жайрандар мен сайғақтар құрып кетті. Олар осы Ұлы далада өте аз кездеседі, тым сиреп кетті. Кеңес кездерінде 500-600 басты құрап, теңіздей шалқыған далада топ-топ болып, қаптап жүретін бұл жануарлардан қалғаны сол 10 - 15 бас сайғақтар әр жерлерде қарасын көрсетеді. Оның өзіне атып алушы аңшылар көбеймесе, азаяр емес. Мүйізін қытайға тапсырып күн көрістік ақшаларын табады, ал «дөкейлер» ермек үшін қырып жатыр» деп әңгімесін аяқтаған Сағындық бізге жол амандығын тілеп, сапарымызға оң батасын берді.
Жол серіктерім: Бағдат Байжантаев, археолог Ысқақов Айдар Шарханұлы, көлік жүргізушіміз Василий Иванович төртеуміз 2009 жылдың мамыр айының 19 күні түс кезінде Бетпақдаланы бетке алып, Қызылорданың даңғылына түстік. Жезқазған қаласынан он шақырымдай ұзағасын нағыз тозақ басталып та кетіп еді. Ойқы-шойқы жолменен әзер-әзер дегенде көлігімізді ыңылдатып, екінші, үшінші жылдамдық қосқышпен жылжып келеміз, жылжып келеміз . . .
Жезді өзенінен өткен соң, үлкен жолдан солға қарай бұрылып, құм төселген грейдерге түстік. Жол біршама жақсарған соң көп кешікпей Сары су өзенін кесіп, Мибұлақ ауылынан айналып өтіп, Қарақойын ауылында тұратын аңшы Сандыбайұлы Жолдыбайды іздедік. Өкінішке орай ол кісі үйінде болмай шықты, Жезқазғанға қонақтап кеткен екен, «Қап!» дестік санымызды соғып. Қарақойын ауылынан әрман қарайғы жолды білмейтін болып шықты қасымдағы азаматтар. Сонымен не керек, үпиттеп-сүпиттеп жүріп Жолдыбай ақсақалдың ұлы Төлебайды көндіріп, «Таңбалы тас» қайдасың деп әрі қарай жылжыдық. Төлебай әңгімешіл екен, жол бойы аңшылық хикаяларының қапшығының аузын шешіп, ағылтты ғой дерсің әңгімелерін. Жоғарғы білім алғанымен қалада көп тұра алмапты. Есіл-дерті туған ауылына, кең байтақ даласына ауа берген соң еліне, ауылына қайтып оралыпты. Азын-аулақ мал ұстайды. Қызметі сол жердегі ауа райын бақылайтын бекетті басқарады. Қарамағында үш-төрт ауылдастары істейді екен, соларға тапсырыс беріп өзі бізбен Бетпақдаладағы киелі тасты іздесуге шықты. Іздесуге деп отырғаным, елу жылда ел жаңа дегендей, жердің келбеті жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, бұл бір, екіншіден бұл жақта биік қыраттар мен таулар кездеспейді, сондықтан көз меже болмаса Бетпақдалада адасып кеткен кісінің ол жерден жол тауып шығып кетуі өте керемет құбылыс болып табылады десті жергілікті тұрғындар. Талайлардың қураған қу қаңқасы қалған екен мидай жазық, аңыраған қу далада . . .
Сағат кешкі ондарға қарай күн қараңғыланып кеткен соң бір төбешіктің басына түнеуге тура келді. Таң алаң-елеңнен алып шыққан самаурынымызға шай қайнатып, тамақ ішіп әлденіп алған соң жолға шықтық. Жол демекші, жолдың аты ғана, жол жоқ, тек ескі сүрлеулер. Бұлардың өзі аңшылардың салып кеткен іздері болса керек, шөп басып кетіпті. Менің түсінігім бойынша Бетпақдала дегеніміз тақыр дала, жер қабаты тілініп-тілініп, жарылып кеткен қотыр жазықтар еді. Қателескен екенмін, дала тұнып тұрған өсімдіктер әлемі екен. Сан түрлі құстардың құйқылжыта сайрағанын естісеңіз ғой, тап бір дала симфониясы! Жасыл алқап анау көгілдір аспанмен ұштасып, күннің көзі бар мейірімін төгіп жер ананы әлдилегендей уылжытып тұрды. Тіпті бір жазықтан өте бергенде еріксізден «Гүл дала!» деп айқайлап жіберіппін. Шынында да гүл дала десе дегендей, алқаптың үсті алқызыл гүлмен тербеліп, көздің құртын алып, жайнап тұрды. Алты-жеті сағаттай жүргеннен кейін бір терең сайдың табанына түсіп, жоғарыға қарай оңтүстік жаққа едәуір жүріп барып, олай-бұлай із кестік. Адасып келе жатқан азаматтардың айтуы бойынша суы тұзды Шұбар теңіз деген көлді жағалай жүріп отырса ғана «Таңбалы тастың» дәл үстінен түсуге болады екен. Көлік жүргізушіміз де қыңқылдай бастады жанармайдың қайтар жолға жетпейтіндігін айтып. Әрі-сәріден соң қай жаққа жүрер бағытымызды да жоғалтып алдық. Бізге бір-ақ жол - келген ізімізбен кейін қайтатын абыройсыз жол қалып еді. Одан басқа ой миымызға келмейтін де халде едік. Сөйтіп келе жатқанда алдымыздан жарқыраған көп жұлдыздар жалт-жұлт етіп, күннің көзімен шағылысып, өзіне қарай қызықтыра тарта жөнелді. Әлгі жерге келіп тоқтасақ, жұлдыздар дегеніміз тау-жыныс түзуші минералды тастар екен, күннің көзіне құбылып шағылысып жатқан. Және де бір ғажайыбы, әлгі қиыршық тастардың бәрі күнге қарап жартылай жантайып, жатып қалыпты. Осы жерден тағы бір бес шақырымдай жүрген соң кейін қайту мәселесі күшейе түсті. Қасымдағы жол серіктеріме айттым; «Азаматтар, сендерге көп-көп рахмет, маған сеніп, менімен бірге еріп жолға шыққандарыңа! Қайтамыз десеңдер әрине менің сендерді қайтармауға әмірім жүрмейді. Дегенмен де іздеп шыққан киелі тасымыз жалғыз маған, иә сендерге ғана керек емес, бұл тас жәй тас емес - қазақтың Конституциясы болғандықтан барша қазақ халқына керек тас. Солай ғой?! Солай болатын болса, менің тасты таппай елге қайтуыма болмайды. Алматыдағы ақсақалдарға не бетіммен барып көрінемін? Олар маған сеніп, мені осы сапарға жіберді, «тасты тауып қана қоймай, суретке түсіріп кел» деп. Былай істелік. Маған ең аз дегенде бір жұмаға жетерлік азық-түлік тастаңдар да, өздерің Жезқазғанға қайта беріңдер. Мен ол тасты таппай қоймаймын. Және де, елді жерге жаяулап-жалпылап болса да әйтеуір бір жететініме кәміл сенімдімін». Біраз тыныштықтан кейін Бағдат; «Қуаныш аға оныңыз не, біз сізді ит-құсы көп айдала құлан-түзге жалғыз тастап кете алмаймыз. Бұны бір деңіз. Екіншіден таңертең ерте суық болған соң сіз дәрет ала алмағандыңыздан намазыңызды қаза еттіңіз. Дәретіңізді алып, құран оқып жіберсеңіз қайтеді?» - деді.
Жайнамазымды төсеп, қолыма тасбиығымды алып, суылдатып құран оқи бастаған кезімде сол жақ шекемнің тұсынан аспаннан шағаланың шаңқ еткен дауысын естігенім сол-ақ екен, көз жанарымды еріксізден бір күш жұла тартып, аспанға жалт қаратты. Аппақ шағала алдымнан, қос қанатын кең жайған күйі, сол жақ қапталымнан аспанның көгінен жарқ етіп бір көрінді де көзден ғайып болды. Ата-бабалар аруағына бағыштаған дұғамды бітіре сала, жігіттерге; «Ал, азаматтар, былай қарай ең құрығында үш-төрт шақырымдай жүріп көрейік, егер ештеңе көзге ілінбесе амалымыз не, елге қайтайық» - дедім. Шағаланың шаңқ еткенін, көзге көріне беріп ғайып болғанын айтпадым оларға . . . Шағалының мезгеген жағына, батысқа қарай шамасы сол, үш жарым шақырымдай жол жүргенде алдымыздан әппақ мәрмәр көл көрінді жарқырап, тұзы күнге шағылысып. «Әне, әне! Шұбар теңіз! Сол, сол!» деген қуанышты дауыстардан құлағым тұнып қалды. Мен де қуанғанымды жасыра алмай «Шұбар теңіз! Шұбар теңіз!» деп, қайталай беріппін. Түсі қызыл тікқабақ жарлы мүйістерді түртпектеп жүріп, көлдің жағалауынан алысқа ұзамай, қапталдаса отырып бес шақырымдай жүргенде іздеген жерімізді де таптық-ау, әйтеуір! Алдымыздан анадайдан көзге ілінгені баялыш пен тасты, арасына құмды сала отырып тұрғызған биіктігі екі кісі бойындай қорым еді. Соның іргесіне тоқтап, қорымның астында, маңайында мәйіттері жерленген ата-бабаларымыздың аруақтарына арнап құран бағыштадық. Оңтүстікке қарай, табаны кеуіп кеткен терең сайдың арғы бетінде ағарып тұрған кірпіштен қаланған ескерткішті көрдік. Бағдат іздеп келген тасымызды осы сайдың бойынан іздеу керектігін айтты. Жаңағы қорымды Айдар археологымыз пантеон деп атайды екен. Пантеон болса пантеон болсын, ал мен оны қорым деп атаймын дедім. Қорымның маңайында бетінде сақ жазулары бас тастар шашылып жатыр екен. Бергі сайдың ойпатындағы тастарды табиғат апаты ма, әлде екі аяқты «аңдардың» кесапаты мен қиястығы ма, әйтеуір бір дүлей күш айнала шашып, қиратып тастапты. Осы жерге екі рет келген Бағдат әлгіге таң қалып, «енді бір бес-алты жылда мына жерде түк те ескерткіш қалмайды екен-ау» деп қатты қынжылып тұрды. Оның сөзін растаған Айдар, шындығында мына бетіндегі жазуы бар тастардың жұмсақ екендігін, құмдауыт тастардан жаралғанын айта келе, мемлекеттік қорғауға алмаса кейінгі ұрпаққа түк те қалмайтынын айтты. «Сонымен, осылайша, мыңдаған жылдық ғасырымызды жоғалтамыз . . . » деді, мұңайып.
Жаңағы, берірек жылдары қолдан тұрғызылған ескерткіштің бетіне ру таңбалары қашалған тасты цементтеп тастаған екен, бірақ та ақ силикат кірпіштен қаланған оның табанын ағынды сулар шайып, сол жақ жамбасына қарай қисайып қалыпты. Сол жерден біз екі топқа бөлініп, «Таңбалы тасты» тапқан бетте бір-бірімізге белгі береміз деп келістік. Біраз уақыттан кейін Бағдат екеуміз сол жаққа кеткен Айдар мен Төлебайдың қуанышты дауыстарын естіп солай қарай асықтық. Көрген бетте Бағдат та «осы жер» деді. «Осы жері» терең сайдың биіктігі қырық метрден астам тасты жары екен. Ескерткіш тастар бұрындары тік қалқайып тұрса керек, бертін келе ағынды сулар мен гулеген желдің, алай-дүлей соққан қарлы борандарының, құмды борандарының салдарларынан сайдың табанына қарай сырғып, құлай бастаса керек. Ал бірақ, Сағындықтың айтуынша осы жерден 26 шақырымдай жерде Степной (Бетпақдала) деген уран шығаратын кен кеніші бар екен. Сол кен орнына қажетті деп тапқан құрылысқа керек тастарды осы «Таңбалы тастың» маңайынан тасыса керек. Сонда осы жерлерге жарылыс жұмыстарын жүргізіп, соның салдарынан ескерткіш тастар құлай бастаған . . . Осы жерде менің есіме «Қазақстан замана» газетінің 2008 жылғы 4 желтоқсанында №49 санында шыққан «Тас хикая» деген мақала орала кетті. Онда Олжас Сүлейменовтың 2002 жылғы шыққан «Атамұра» еңбегінде 1972 жылы Іле бойынан табылған тарихи тас турасындағы ақиқат еді. Бір жарым метрлік үлкен жайпақ тастың бетіне мұқият қашалған жүзден аса руна таңбалары оңнан солға қарай жосылып жатса керек. Ол тас Ғалымдар Акедемиясының ауласына орналастырылып, біраз жыл тұрған соң үшті-күйлі жоғалып кеткен көрінеді . . . Ата-бабаларымыздың бізге ескерткішке деп қалдырған руна әрпімен жазылған таңбалы тасын қазақтың маңдайына көп көрген қаскүнемдердің іс-әрекеттерінің салдарынан киелі таңбалы тас әлі күнге дейін табылмапты және ешкім де оны іздеп те жатпағанға ұқсайды».
Қарақойын Сәбен деген жерде «Таңбалы тасқа» ұқсайды деген екі тас бар екен - біреуі ағаштың жапырағы тәріздес, ол әлгі құлама жардың төменгі жағында, сайдың табанына қарай жақын жатыр да, екіншісі, ұзынша келгені ортасынан екіге қақ бөлініп жардың ең басына қарай сұлап жатыр көлденеңінен және етбетінен. Әлгі тасты мен найзаға ұқсаттым және бұл салыстыруымды ешкімге тіс жарған жоқпын. Соным дұрыс та болыпты, ол туралы кейінірек. Құлаған тастарды айналып-толғанып жүріп көптеген суретке түсірдім. Найзаға ұқсас, түпкі жағы құс қанаттылау келген тастың ұзындығы екі жарым, ені бір метр жиырма сантиметр де, қалыңдығы қырық сантиметрден алпыс сантиметрге дейін. Жалпы көлемі алты шаршы метр. Ал ағаштың жапырағына ұқсас тастың да жалпы көлемі алты шаршы метрдей болып шықты. Оның астыңғы жағы сары құмдауыт топырақ болғандықтан астын кеулеп, бір-екі күрек бойы қазып көрдік бетінен жазу бірдеңе байқалар ма екен деп. Ондайы байқала қоймаған соң, әрман қарай қазуға ұлықсат бермедім. Үйткені, бұл жерге әлі талай келетініме кәміл сенімді едім . . .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz