Қазақ поэзиясындағы есімдіктер


Мазмұны
Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Диплом жұмысы өткен ғасырлардағы қазақ поэзиясындағы есімдік түрлерінің қолданылу ерекшелігін, көркемдік-стильдік қызметін ашып көрсетуге арналған. Қазақ әдеби тілінің қалыптасып, даму барысында әр кезеңдегі әдеби тіл үлгілерінің орны айрықша. Ауызша дамыған поэзия тілінің лексика-грамматикалық, көркемдік-стильдік, ерекшеліктерін талдап-таныту, әдеби тіл дамуына қосқан үлесін, қызметін ашып көрсету - әлі де зерттей түсуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Поэтикалық сөз өрнегін қалыптастыруда, риторикалық амал-тәсілдерді жасауда морфологиялық сөздер тобынан - есімдіктердің рөлі, көркемдік қызметі айрықша.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті
Жұмыстың мақсаты - есімдіктердің ерте кезден-ақ поэзия жанрында да үлкен орын алғандығын, әр кезеңдердегі ақын-жыраулардың есімдіктерді қолдануындағы түрлі ерекшеліктері, оның мағыналық топтарындағы әр түрлі стильдік реңк-бояулары болатындығын ашып көрсету.
Міндеті - өткен ғасырлардағы поэзия тіліндегі есімдік, оның түрлерін, мағыналық топтарын жинақтап көрсету, олардың қолданысындағы мағыналық-стильдік ерекшеліктерді анықтап, мысалдармен (тілдік фактілермен) дәлелдеп, талдау жасау.
Жыраулар поэзиясы мен Абай өлеңдеріндегі есімдіктердің қолданылу ерекшеліктерін салыстыра отырып ашып көрсету.
Жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетіледі.
Кіріспе
Адамдар бір-бірімен тіл арқылы ұғынысады, іштегі ой-қиялының тамаша сырларын төгілтіп сыртқа шығарады. Ал тілдің негізгі байлығы - сөз. Сөз байлығы ұшан теңіз мұхит, сол мұхиттың түбінде маржанша төгіліп жатқан - поэзия. Дәл бір інжу тергендей ақын оны сөз теңізінен теріп алмақ!.
Іші алтын, сырты күміс сөз еркесін ердің ері, дананың данасы, ақынның да ақыны табады. Шын ақынға өлеңсіз тіршіліктің сәні жоқ болып көрінеді. Өлең оның жүрегіне азық, көңіліне қорек болып табылады. Өмір қайшылығының қат-қабатында да, табиғаттың сыр-сымбатында да, достық пен махаббатта да, жақсылық пен жамандықта да тіл бітіріп, ақын ойының нұр сәулесін түсіретін де өлең. Сондықтан да біз өмір өзені болған поэзияны - тіршіліктің көкейкесті мәселесі, яғни тарихтың айнасы деп қараймыз. Осы күні қазақ тілі мен әдебиетінің әр салаларында поэзия әр қырынан танылып, ондағы әрбір текті сөздерінің тегін қарастырып зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», - деп, Абай атамыз бағыт-бағдар сілтеп жол көрсетеді. Менің осы жұмысты қолға алып, тақырып таңдауыма себепкер әрі ойтүрткі болған сөздер тізбегі болатын. Поэзиямыздың бай мұрасынан тілге тиек етер байлығымыз - есімдіктер, олардың орны мен қолданылу аясы. Сонымен қатар есімдік әр кезеңде қандай дәрежеде, қандай сипатта қолданылды деген сұрақтар көлемінде сөз қозғаймыз. Есімдік қандай сөз табы екенін анықтау үшін, әртүрлі еңбектерде берілген анықтама-пікірлерді қарастырамыз.
Есімдікте нақты мағына жоқ, тек жалпы абстракты мағынада жұмсалады. Зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына жүре беретін орынбасарлық қызметі бар есімдіктің қандай мағынада қолданылып отырғанын алдыңғы немесе соңғы сөздерден айыруға болады. Бұл туралы ғалым А. Ысқақов: «Есімдіктердің нақты мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлемге немесе жалпы сөйлеу аңғарына қарай айқындалады» (21, 207), - дейді. Егер есімдіктердің нақты мағыналарын саралап қарайтын болсақ, сөздердің орнына, қолданылу аясына байланысты, біріншіден - заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына жұмсалатын есімдіктер; екіншіден - заттық ұғымды беретін сөздердің орнына қолданылатын есімдіктер болып іштей екі жікке бөлінеді. Заттық ұғымды білдіретін сөздерді субстантивтік, заттың белгісін білдіретін сөздердің орынбасарларын атрибутивтік есімдіктер деп те атауға болады. Поэзия жанрында олардың контекстік мағынасын ажыратамыз. Мысалы:
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен болмасам болайын, сен аман бол -
деген Абайдың өлең жолында есімдіктердің қызметі айқын көрінеді. Сондай-ақ өте актив және атауыштық мағынада қолданылғандығын да аңғарамыз.
Базарға қарап тұрсам әркім барар,
Іздегені не болса сол табылар (13, 147) - деген өлең жолдарынан есімдіктердің субстантивтік мәнде жұмсалып тұрғандығын да ашық байқауға болады.
Бұл жұмыстың тақырыбына өзек болған поэзия тіліндегі есімдіктерді жеке алып қарастырудағы себебім: ерте кезден-ақ поэзия жанрында есімдік, оның түрлерінің үлкен орын алғандығын, әр дәуірдегі ақын-жыраулардың есімдіктерді қолданылуында түрлі мағыналық-стильдік ерекшеліктері болатындығын ашып көрсету, есімдіктердің жұмсалуындағы көркемдік-эстетикалық заңдылық-тарды айқындау еді.
1. Есімдіктердің зерттелу дәрежесі
Есімдіктер, олардың құрамдық ерекшелігінің айрықша көзге түсуі негізінде ғалымдар назарын ерте кезден-ақ өзіне аударған. Сондықтан есімдіктерге тән жалпы қасиеттер мен заңдылықтарды зерттеуге, олардың тарихы мен қалыптасу жүйесін анықтауға арналған еңбектер біршама баршылық. Алтай тіліндегі есімдіктерді зерттеу жұмысын алғаш рет қолға алушы әйгілі ғалым Кастрен болды. Оның 1850 ж. Гельсингфорсте жарияланған еңбегі алтай тіліндегі есімдіктер жайын сөз етуге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу болған еді. Бұдан соң алтай тілі жайындағы құнды еңбек О. Бетлингктің еңбегі болды. Бұл аталған еңбекте жалпы алтай және моңғол, түрік туыстас тіл жайында да өте құнды пікірлер айтылған.
Сонымен қатар осыған жуық урал-алтай тілдеріндегі есімдіктерге байланысты көптеген зерттеулер жүргізген. Кейініректе зерттеу әдісі кеңінен орын алған. Бұл салыстырма зерттеу әдісі артынша В. Радловтың еңбектерінде одан да әрі дамытылды. Бұдан соң В. Бонгтың жалпы түркі тілдеріндегі және осман түріктерінің тіліндегі есімдіктер мен кейбір жұрнақтар және сұрау есімдіктеріне арналған көлемді еңбектері бар.
Бұлардан соң алтай тілдеріндегі есімдіктерді талдауға арналған құнды еңбектердің бірі В. Котвичтің жұмысы болды. Түркі туыстас тілдердің есімдіктерін жүйелеп зерттеуге А. П. Поцелуевскийдің (23) және Ф. Д. Ашниннің (24) еңбектері арналды.
Жоғарыдағы аталған еңбектерінде тілге тиек етіп отырған тоғыз сөз табының ерекше түрі есімдіктің жалпы алтай тілі, урал-алтай, осман-түрік тілдеріндегі даму заңдылығын, тарихын, тілдік қолданысын ажыратып, ғылыми жүйеге түсірген. Бастау болған осы еңбектің нәтижесінде салыстырмалы-тарихи әдіс бойынша бір тілдегі есімдікті ғана емес, жеке-жеке мағыналық ерекшелігіне байланысты зерттеулер жүргізілген.
Жеке тілдерге тән есімдіктер жүйесі мен оның жалпы мағыналық топтарын сөз етуге арналған зерттеушілер қатарында Н. К. Дмитриевтің «Указательные местоимения в османском языке», «Об указательных местоимениях в башкирском языке», Ф. Д. Ашниннің «Принципы дифференциации туркменских указательных местоимений", Н. Т. Сауранбаевтың «Есімдіктер», Ш. Ш. Сарыбаевтың «К вопросу о местоимений в казахском языке», «О местоимениях ту, тунеу», А. Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі есімдіктер», С. Құдайбергеновтің «Қырғыз тіліндегі есімдіктер», А. Ибатовтың «Қазақ тіліндегі есімдіктер», А. Боржаковтың «Түрікмен тіліндегі есімдіктер» сияқты еңбектерді атауға болады. Бұл келтірілген еңбектердің бәрінде де жеке авторлардың есімдіктер тарихы және олардың құрамы мен қалыптасу жүйесі т. б. мәселелер жайында айтылған өзіндік пікірлері бар. Сөздердің лексика-грамматикалық топтарының да, оның ішінде есімдіктердің де қолданысы стилистикалық тұрғыдан зерттеле бастады (Р. Сағынбаева) .
Есімдіктер өте ерте заманда пайда болған. Ең алдымен, олардың мағыналарының тым жалпылама түрде келуінен көрінсе; екіншіден, түбір сөздегі қосымшалардың кезігуіндегі көне формаларының сақталып қалуынан да айқын көруге болады. Сонымен қатар есімдіктердің әр тілде өзіндік ерекшелікгеріне байланысты сақталып қалуын, аздаған өзгешеліктері болса да кездесуін, бірыңғай сөздер болып келуін де байқаймыз. Мысалы: Қазақ тіліндегі «мен», «сен» есімдіктері өзге түркі тілдерінде айталық, түрікмен, құмық, қарашай, қарақалпақ, шар, өзбек, ойрат, қырғыз, алтай тілдерінде де «мен», «сен»; гагауыз, қарайым, ноғай тілдерінде: «бен», «сэн»; түрік тілдерінде: «бен», «сен»; татар, хакас тілдерінде: «мин», «син»; башқұрт тілдерінде: «мин», «һин» болып та қолданылады.
Сол сияқты көптеген есімдіктер белгілі бір грамматикалық көрсеткіштер арқылы немесе қолданылу мақсатына қарай өзге сөз табына және грамматикалық көрсеткіштер қатарына да айналып кететіні байқалады. Бұл жағдай, негізінде, жіктеу есімдігінде көп кездеседі. Мысалы: мен, сен, ол жіктеу есімдіктерінен - мын, -мін, -сың, -сің жіктік жалғаулары және -м, -ң, -ы тәуелдік жалғаулары, біз, сіз жіктеу есімдіктерінен -мыз, -сыз, -сіз сияқты көптік, сыпайлық мәнді жіктік жалғауы және тәуелдік жалғаулары жасалған.
Тарихи жағынан алып қарағанда баяндаулы аффикстердің I жақ жекеше -мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін және ІІ жақ жекеше -сың, -сің, -сыз, -сіз түрлерінен мен, сен, сіз жіктеу есімдіктері шыққанын, сондай-ақ көпше түрі -мыз, -міз, -пыз, -піз жалғауларынан біз есімдігінің шыққанын ескі ескерткіштер мен қолжазбаларда кездесетін фактілерден айқын көруге болады. Мысалы: Қырғыз оғлы мэн. Үчін Күлүг тіріг оғлы бэн. Күлүг Тоған бэн. Абаң сэн барсасан - егер сен барсаң . Осындағы «оғлы мэн», «оғлы бэн», «Тоған бэн» деген тіркестердегі «Мэн», «бэн» сөздерінің қазіргі қолданылу дағдысындағы -мын, -бын жіктік жалғауының о бастағы әлі де болса дербестігін жоя қоймағандығын аңғартады.
Есімдіктер - түгел дерлік туынды сөздер. Олардың қайсы бірі біріккен сөздер болса, кейбірі қосымшалар арқылы жасалған, енді бірі сөздердің синтаксистік тұрақты тіркестері арқылы жасалған сөздер. Есімдіктерді қалыптасу процесіне қарай ежелгі немесе байырғы, көне есімдіктер және бертінде пайда болған кейінгі, жаңа есімдіктер деп күрделі екі топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа: а) бір кездерде дербес сөз не қосымшалар есебіңде қолданылып, қазіргі кезде белгілі бір сөздің бір дыбыстық құрамы сияқты болып кеткен -н, -м, -ң элементтері арқылы жасалған мен, сен, ол (он-ан), біз (бі-сі), сіз (сі-сі), қай (қан), кім (кі-мі) және дә элементі арқылы жасалған дәнеңе (дә-неңе) сияқты сөздер.
ә) Байырғы сілтеу мәнді тұлғалардың бірігуі арқылы жасалған: бұл (б-ол), міне (мін-е), мына (мын-а), әне (ән-е), ана (ан-а), осы (ош-бу), сол (ош-ол), қане (қан-і) сияқты көне тұлғалы сөздер жатады.
Екінші топқа жататын сөздер іштей екі саладан құралады.
1) Лексикалық тәсіл арқылы пайда болған сөздер.
а) Өзге сөз таптарынан ауысқан бар, бүкіл, бір, біреу, түк, дым сияқты есімдіктер; ә) басқа тілдерден ауысқан күллі, тамам, әлде, әр, пәлен, еш сияқты сөздер жатады.
2. Грамматикалық тәсіл арқылы пайда болған есімдіктер.
а) морфологиялық тәсіл. Көне есімдік тұлғаларының кейбір сілтеу, сұрау есімдіктерінің бірігіп айтылуы арқылы жасалған мынау (мына-у), анау (ана-у) сөздері; ә) синтаксистік тәсіл. 1. Кейбір сілтеу және сүрау есімдіктерінің бірігіп айтылуы арқылы жасалған осынау (осы-анау), сонау (сол-анау), қайсы (қай-сол) сөздер. 2. Әрқилы қосымшалар арқылы жасалған бәрі, барлық, барша, қанша, неше, қандай сөздері; 3. Сөз тіркесінен пайда болған бірде-бір сөздері жатқызылады.
Есімдікті зерттеушілердің назарын аударған мәселе - жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдіктерінің генетикалық байланысы. Н. А. Баскаков жіктеу және сілтеу есімдіктерінің генетикалық байланысын сілтеу, тәуелдеу және жіктеу есімдіктері деген ізбен сатылай көрсетеді (7, 12) . Сонда бұл есімдіктердің көне түрі сілтеу есімдіктері болады да, әрі қарай екінші сатысы - тәуелдеу есімдігі, ілік жалғаулы сілтеу жөне жіктеу есімдіктері, үшінші саты - жіктеу есімдігі болып көрінеді.
Демек, есімдіктер, олардың мағыналық түрлері ғалымдардың назарын өзіне ерте аударғандығын байқадық. Қазіргі қазақ тіл білімінде бірқатар ғалымдардан Ә. Төлеуовтің, Ә. Ибатовтың зерттеулерінде есімдіктердің лексика-семантикалық сипаты, морфологиялық ерекшеліктері және синтаксистік қызметтеріне байланысты жеке бір дербес сөз табы болып табылатындығы ғылыми негізде сипатталып дәлелденеді. Есімдіктер - мағынасы тым жалпы сөздер. Олар сөйлемнен тыс жеке дара тұрғанда немесе сөйлем ішінде қолданылғанымен өзіне қатысты басқа сөздер және оқиғалардан бөлек алынғанда, мағыналары қашан да дәл нақтылы болып келмей, жалпылама қалыпта кездесіп отырады.
Есімдіктердің кейбір топтарына тән өзіндік морфологиялық түрлену ерекшеліктері де бар. Ондай ерекшеліктер ең алдымен, есімдіктердің көптелу және септелу жүйелерінде өте айқын көрініп тұрады. Бұған көптік мағынаны білдіруші 3 морфемасы ( біз, сіз дегендегі) және жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелу жүйесінде түсіп қалатын, барыс септігінде пайда болатын н дыбысы жатады. Кейбір қосымшалар арқылы ғана жасалған көне сөздер болмаса, есімдіктерден жаңа сөз жасаламайды.
Қорыта айтқанда, есімдіктер - мағыналары тым жалпы, контексте қолданылу мақсатына қарай әртүрлі мағыналарға ие болатын сөздер тобы. Олар - іштей субстантивтік және атрибутивтік болып бөлінетін, соған байланысты бәріне ортақ түрлену формасы жоқ және синтаксистік қызметі де әр алуан болып келетін сөздер.
2. Қазақ поэзиясындағы есімдіктердің мағыналық топтары
2. 1 Есімдіктердің жыраулар поэзиясындағы көрінісі
Поэзия жанрында қолданылатын әрбір сөз, ой өрімдерінің өзіндік қызметі, беретін мағыналары бар екені белгілі. Әрбір текті сөздің тегін қарастыра келіп, ғылымдық жүйеге келтіріп қыр-сырын ашуға болады. Поэзиядағы есімдіктердің қолданысын, жалпы көрінісін сөз етуді жыраулар туындыларынан бастаймыз.
Әдеби норманы қалыптастыруда орны бар қазақ халқының төл туындыларының бастауы жыраулар поэзиясын қарастырамыз. Жыраулар поэзиясы ХҮ-ХҮІІІ ғасырларды қамтиды. Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, М. Мағауин, Х. Сүйіншәлиев, Қ. Өмірәлиев, Р. Сыздықова, С. Исаев, Ә. Дербісалин сияқты ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халық әдебиетін танытатын едәуір үлгілерінің бар екендігі анықталды. Бұлардың иелері Асанқайғы мен Қазтуған, Шалкиіз бен Доспамбет, Жиембет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Тәтіғара, Үмбетей мен Бұқар жырау.
Бұл кезең ескерткіштерін әңгіме етерде, олардың текстологиялық жай-күйлерінің бірдей еместігін ескеру керек. «ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясы» («Ғылым» баспасы, 1982) деген кітаптағы өлең-толғаулардың ішінде ең әрідегі дәуір ХҮ ғасырдың өкілі Асанқайғы толғауларының тілі, стилі жағынан әлдеқайда жаңа, біздің заманға жуықтау тұрғаны байқалады. Сірә, бұл факт Асанқайғы ойының өзі аңызға айналғанымен қатар, толғаудың да көп ұрпақтардан өтіп, заман сайын өзгеріп жеткендігін танытады.
Ертедегі әдеби үлгілердің тілі жағынан өзгеріске ұшырауының бірнеше себептері бар. Ең алдымен, ол мұралардың ауызша сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетуі өзгерістің объективті-субъективті мотивтерін туғызады. Әдеби мұраны жеткізуші мен қабылдаушы өз бастарының ақындық дарындылығына, көркемдік талғамдарына қарай, кейбір тұлға-тәсілдерді өзінше жаңғыртып, тексті «ішінара редакциялау» құқына ие болады. Ғалым Р. Сыздықова жыраулар поэзиясы жайлы: «Тілдік талдауға келгенде, мына жайттар назар аудартады. Сөз етіп отырған дәуірдегі үлгілерді таза қазақ тіліндегі нұсқалар дегеннен гөрі, қазақ пен ноғай тілдерінде ортақ туындылар деп таныған дұрыс болар. Өйткені, Ш. Уәлиханов айтқандай, Жәнібек ханның билік құрған шағында қазақ пен ноғай бірге өмір сүрген кезі өлең-жырдың алтын дәуірі болды (15, 95) - дейді. Өлең-жырдың «алтын дәуірі» атанған жыраулар поэзиясындағы әсіресе есімдіктердің қолданысы назар аудартады. Бұл дәуірдің ерекшелігі жіктеу есімдіктерінің жоғары қызметінен көрінеді. Образды сөз жасауда жыраулар тіліне жиі оралған мен, сен, ол жіктеу есімдіктері. Мысалы, Шалкиіз жыраудың «Би Темірге бірінші толғау» деп аталатын толғауында мен және сен деген жіктеу есімдіктері образ жасауда метафоралық тәсілмен көркемдік қызмет атқаруға жұмсалып тұр.
Сен алтынсың - мен тұлмын.
Сен жібексің - мен жүнмін.
Сен сұлтансың - мен құлмын.
Сен сұңқарсың - мен қумын (6, 39) -деп берілген. Сонымен қатар, жіктеу есімдіктерінің барыс септік тұлғасында тұрып, антитеза құбылысын жасау үшін маған, саған түрлері де қолданысқа енген.
Саған дұшпан - маған жау.
Керегі күні алдыңда
Ғазизлеген сұлтан жаным аяман!
Сонымен қатар ХҮІІІ ғасыр Бұқар жыраудың тілінде метафора құбылысын жасауда жіктеу есімдіктерінің қызметі байқалады. Онда:
Сен бұзау терісі шөншіксің,
Мен өгіз терісі талыспын - деген I, II жақ қолданысы бар. Ілік септігінің қысқарған түрі немесе қыстырма, кейде факультатив көрсеткіш деп ғалымдарымыз дәлелдемелер жасап жүрген -ның, -нің, -ны, -ні -н дыбыстарының толық сақталған түрін Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» деген жырынан көруге болады. Мұнда:
«Меніңменен ханым ойнаспа,
Жолбарыс пенен аюдай» - деп берілген.
Бұл көрініс қазақ тілінің әдеби мұраларынан да кездесіп қалады. «Қартайғанда атаң Базарбай, Сенің үшін күймей ме?» (Қыз Жібек), «Мен айтайын сен тыңда, Соның үшін келемін» (Қобыланды эпосы) . Қысқарған формалар қазіргі қазақ тілінің көмектес септік жалғауларын қабылдап, менімен (менің - мен), сенімен (сенің - мен), онымен (оның - мен) сияқты есімдіктерді туындылар тілінен кездестіруге болады.
Ал жыраулар поэзиясында ол толық қысқартылмай, менің - менен болып қолданылатынын көреміз.
Табыс септікте ІІ жақ сені менен I жақ мен қатар сөз тіркесін жасап қолданылатынын да байқауға болады. Бұқар жыраудың «Ал тілімді алмасаң» деп аталатын жырында «Сені мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің"- деп берілген.
ІІІ жақ ол жіктеу есімдігінің о бастағы түбірі о ғана болғанын жыраулар поэзиясынан да анықтауға болады. Бұл дәуір жырлары ауызекі тілге жақын болғандықтан да болар, ол тілдік көрініс жақсы сақталған. Ілік септігі оның болып қолданылады. Мысалы:
Бұқар жырауда:
«Ұяда алтау туғанмен,
Оның ішінде біреуі-ақ
Алғыр болмас па?»
Ол жіктеу есімдігінің тұлғасында жиі жұмсалғандығын байқаймыз. Жыраудың «Жиырма деген жасыңыз» деген жырында:
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен - деген қолданысты көреміз.
Шығыс септігінде ол жіктеу есімдігі онан түрінде келген:
Ақсүйекті ер тұтқан,
Қараны онан зор тұтқан.
Одан түрінде келуі де кездеседі:
Мінезді болса алғаның,
Одан артық жар бар ма (Ақтамберді) .
Поэзия жанрында ұшырасып отыратын кейбір құбылыстардың көрінісін Шалкиіз жыраудың «Ор, ор қоян, ор қоян» деген жырынан байқауға болады.
Онда: Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған.
Еріккенде қызыл тілін тыймаған.
Ғақбытлы сол жаман,
О дағы бір бәлеге жолығар! - деп жырлаған.
ІІІ жақ жіктеу есімдігі шылау қызметіне жақын, жатыс септігіндегі дағы формасын қабылдау арқылы субстантивтік қызмет атқарып тұр.
Жіктеу есімдігінің көпше түрі бізге, біздер, сіздер байланыста онша қолданылмаған. Тек Қазтуған жыраудың «Алаң да, алаң, алаң жұрт» деп аталатын толғауында қолданыс тапқан:
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Аққала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт» - деген шумақта біздің жіктеу есімдігі көпше түрде ілік септігінің жалғауын қабылдап, атрибутивтік қызметте жұмсалған.
2. 2 Абай поэзиясындағы есімдіктердің қолданылу сипаты
Жыраулар поэзиясынан кейін XIX ғасырдың ІІ-жартысында өмір сүрген қазақ халқының ұлы классик ақыны А. Құнанбаев поэзиясындағы есімдіктердің қолданылу ерекшеліктеріне тоқталамыз.
Абай қазақ халқының жазба әдеби тілінің негізі етіп жалпы халықтың сөйлеу тілі мен казақтың, қолтума байырғы әдеби тіліне сүйеніп, соны үлгі етті.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz