Есірткі бизнесі Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің қатері ретінде


ӘОЖ 327:343 575 (5-191. 2) Қолжазба құқығында
ТУКУМОВА АЙНУР АБАЕВНА
Есірткі бизнесі Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің қатері ретінде
23. 00. 02 - Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар
Саяси ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Диссертация әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің саясаттану кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: саяси ғылымдарының докторы
Сұлтанов Қ. С.
Ресми оппоненттер: саяси ғылымдарының докторы
Нарбаев Б.
саяси ғылымдарының докторы Андиржанова Г. А.
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2010 жылдың «27» наурыз айында сағат 10. 00 де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Д 14А. 01. 25 саяси ғылымдар докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекен жайы: 050012, Алматы қаласы, Амангелді көшесі, 61, философия және саясаттану факультеті, 412 дәрісхана.
Диссертациямен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында танысуға болады. Мекен жайы: 050038, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы 71.
Автореферат 2010 жылдың «27» ақпанында таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
саяси ғылымдарының докторы Насимова Г. Ө.
КІРІСПЕ
Диссертациялық зерттеудің жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңда есірткі бизнесі Орталық Азия елдерінің ұлттық және аймақтық қауіпсіздігіне, тұрақтылығына орасан зор қатер төндіріп отыр. Есірткі бизнесі мен нашақорлық қаупі бір елдің жеке дара мәселесі болудан қалып, қазіргі кезеңде аймақтық және халықаралық қауымдастықтың трансұлттық сипаттағы мәселесіне айналуда. Осы ретте, диссертациялық жұмыста Орталық Азия аймағында белең алған есірткі бизнесінің пайда болу және таралу себептері, алғышарттары, қазіргі күйі, оған ықпал етуші факторлар мен оған қарсы күрес саласындағы Орталық Азия елдерінің мемлекеттік саясаты, олардың өзара әрекеттестігі мен аймақтық және халықаралық ынтымақтастығы жан-жақты зерттелген. Сонымен бірге, есірткі бизнесінің теориялық-әдістемелік негіздері айқындалып, қазіргі заманғы қауіпсіздік концепциялары сарапталған.
Диссертациялық зерттеудің өзектілігі бірқатар себептермен түсіндіріледі.
Орталық Азияда жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы мен Еуразия кеңістігіндегі қарқынды геосаяси өзгерістер нәтижесінде аймақтағы қауіпсіздік саласында кешенді мәселелер туындады. Бастапқы кезеңде саясаттанушылар тарапынан «дәстүрлі емес» қауіп-қатерлер ретінде сипатталып келген терроризм, діни экстремизм, есірткі бизнесі, біртіндеп аймақтық қауіпсіздіктің өткір проблемаларының біріне айналды. Олардың ішіндегі, есірткі бизнесі Орталық Азия елдеріндегі жағдайды тұрақсыздандырушы факторлардың бірі ретінде көрініс тапқан.
Есірткі бизнесінің көкейкесті мәселеге айналғандығын Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» еңбегінде атап өтеді: «Жаһанданған және жоғары технологиялы есірткі империясы еш күмән жоқ, жер шарының кез келген нүктесіндегі жеке мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне ғана емес, барша адамзатқа нақты қатер төндіруде. Әлемдік қауымдастық оның демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени әлуетін әлсірететін әлемдік есірткі мафиясының алдында бұрын-соңды байқалмаған дәрежеде қауқарсыз болып отыр» [1] .
Қазіргі таңда есірткі бизнесі Орталық Азия аймағының бес мемлекетін түгелдей шарпыған мәселеге айналды. Бұл жағдай төмендегідей факторлармен айқындалады:
1. есірткі бизнесінен түскен заңсыз табыс Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздіктің қатеріне айналған терроризм, экстремизм секілді ұйымдардың қаржылық көздерінің бірі болып табылады;
2. бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің территориясы Ауғанстаннан Еуропа мен ТМД мемлекеттеріне тасымалданатын есірткілерінің басты транзиттік бағыттарының бірі ретінде белсенді түрде пайдаланылуда;
3. есірткі бизнесінің Орталық Азияда тереңнен тамыр жаюы аймақтағы трансұлттық қылмыстық топтардың іс-әрекеттерінің жандануы мен соның салдарынан аймақтағы жағдайдың ушығуына алып келуде;
4. орасан зор қаржылық мүмкіндіктерге ие есірткі бизнесі өздерінің әрекет ету ауқымын кедергісіз түрде кеңейту мақсатында есірткі бизнесіне қарсы күреске құзыретті кеден, шекара, құқық қорғау секілді мемлекеттік органдар қызметкерлеріне пара беру арқылы сыбайлас жемқорлықты өршіктіруде;
5. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан мен Тәжікстандағы нашақорлар санының тоқтаусыз өсуі және соның салдарынан аймақта ВИЧ індетінің эпидемиялық сипатта таралуы (85%-дан астамы нашақорлар) Орталық Азияны мекендеген ұлттардың денсаулығына орны толмас нұқсан келтіруде .
Орталық Азияда қалыптасқан күрделі есірткі ахуалы аймақ елдерін пәрменді және нәтижелі шараларды қабылдауға итермелеуде. Осыған орай, бұл елдердегі есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатын, олардың өзара әрекеттестігі мен халықаралық ынтымақтастығын саясаттану ғылымы тұрғысынан зерттеудің объективті қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттерінің есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күресте қолданылатын әдіс-тәсілдерін, олардың тиімділігі мен нәтижелілігін көтеруге арналған ғылыми және практикалық ұсыныстарды беру аса маңызды. Осы ретте, аймақтық қауіпсіздік жүйесіндегі ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД секілді ұйымдардың Орталық Азиядағы есірткі бизнесі проблемасын шешудегі қарымын, олардың қызметінің сәтсіздігі мен сәттілігін талдау абзал.
Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында үлкен тәжірибе жинақтаған. Сан алуан есірткіге қарсы ұлттық үлгілер қалыптасып, қызмет етуде. Олардың көпшілігі нақты елдің саяси, ұлттық, мәдени, құқықтық ерекшеліктерін ескеру негізінде орныққан. Бұл ұлттық үлгілердің бірі қатаңдығымен, екіншісі либералдығымен, үшіншісі радикалдылығымен ерекшеленіп жатады. Дегенмен, есірткі бизнесі мәселесін түпкілікті шешуге және қоғамның әлеуметтік дерті ретіндегі нашақорлықты тамырымен жою мақсатын жүзеге асыруға арналған қандайда бір тиімді үлгі осы күнге дейін жасалған жоқ. Халықаралық қауымдастықтың қабылдап жатқан кешенді шараларына қарамастан, трансұлттық есірткі бизнесі жылдан жылға күш алып бара жатыр. Бұл кесапаттан алдыңғы қатарлы дамыған елдермен қатар, күрделі экономикалық қиыншылықтарды басынан кешіріп отырған дамушы мемлекеттер де үлкен зардап шегіп, есірткі бизнесіне қарсы күресте шарасыздық танытуда. Сол себепті бұл елдердегі есірткі бизнесінің көлеңкелі экономика саласындағы үлесі күшейіп, мемлекеттік органдарды жайлаған сыбайлас жемқорлық мәселесін шешуге кедергісін келтіруде.
Осылайша, есірткі бизнесі мәселесін зерттеудің өзектілігі бір жағынан Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесі қаупінің күшеюімен, екінші жағынан аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан аталмыш проблеманы шешуге бағытталған озық әдістер мен заманауи тәсілдерді талдау қажеттілігімен түсіндіріледі. Әсіресе, Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі жағдайын, нашақорлық деңгейін сараптауға, есірткіге қарсы саясат механизмдерінің нәтижелілігін арттыруға бағытталған ғылыми ізденістер біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясының тиімді жүзеге асырылуына септігін тигізері анық.
Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Соңғы жылдары Орталық Азиядағы есірткі бизнесі мен нашақорлық аймақтық қауіпсіздік мәселесінің ең өткір мәселелерінің қатарынан орын алды. Осыған байланысты, отандық және шетелдік ғалымдардың бірсыпыра еңбектері есірткі бизнесі тақырыбына арқау болған. Кеңестер Одағы тұсында есірткі бизнесі қаупі ұлттық қатер деңгейінде болмағандықтан бұл мәселе тек медицина мен қылмыстық құқық ғылымдарының шеңберінде ғана зерттелді. Сол себепті, есірткі бизнесін саясаттану, геосаясат, аймақтық және ұлттық қауіпсіздік парадигмалары тұрғысынан талдау тек Кеңес Одағының ыдырауы мен Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алу кезеңінен басталды. Есірткі бизнесі мәселесін көтерген еңбектердің саны едәуір артқанымен, олардың көпшілігі проблемаға бір қырынан ғана қарайтын, фактологиялық және криминологиялық сипаттағы жұмыстар. Яғни, басылымдардың үлкен ағымына қарамастан, олардың ішіндегі бірен-сараны ғана ғылыми құндылыққа ие. Осыған орай есірткі бизнесі мәселесінің барлық аспектілерін қамтитын саясаттанулық зерттеудің объективті қажеттілігі пісіп жетілді.
Ауғанстандағы апиын өндірісі мен есірткі бизнесін, оның Орталық Азия елдеріне тигізетін ықпалын зерттеуге көптеген шетелдік ғалымдардың еңбектері арналған. Олардың ішінде Р. Макдермот, А. Маккой [2], М. Олкотт пен Н. Удалова [3], Б. Рубин [4], Ф. Старр, П-А. Човиді [5] атап өтуге болады.
Есірткі бизнесін теориялық-әдістемелік және практикалық сипатта зерттеуге ресей ғалымдарының қосқан үлесі зор. Олардың ішінде М. Арунова, И. Жмуйда мен М. Морозова [6], И. Комиссина мен А. Куртов [7], Е. Степанова, Г. Сулейманова мен Р. Щенин [8], Н. Тарасова [9], А. Хатаев [10], И. Хохлов [11] пен Г. Чуфрин еңбектері маңыздылығымен ерекшеленеді.
Ресейлік ғалым Е. Степанова өзінің «Роль наркобизнеса в политэкономии конфликтов и терроризма» [12] атты іргелі монографиясында посткеңестік ғалымдар ішінде алғашқылардың бірі болып есірткі бизнесін, оның Ауғанстандағы жанжалдармен байланысын жүйелі түрде зерттеген.
Ғаламдық деңгейдегі есірткі бизнесінің халықаралық құрылымы мен жүйесін зерттеуге арналған Ресей Ғылым Академиясы Латын Америкасы Институтының бір топ ғалымдарының «Транснациональный наркобизнес: новая глобальная угроза» [13] еңбегінде әлемдік есірткі өндірісінің орталықтары зерттелген. Еңбекте заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес саласындағы БҰҰ-ның орны мен рөлі, осы саладағы басты институттар мен халықаралық құжаттар, олардың орнығу тарихы баяндалған.
Есірткі бизнесі проблемасы Л. Бондарец, К. Джалилов, А. Зеличенко, К. Искандаров [14], А. Князев, О. Молдалиев секілді Орталық Азия сарапшыларының мақалаларында да көрініс тапқан.
Жекелей алғанда, А. Князевтің «К истории и современному состоянию производства наркотиков в Афганистане и их распространения в Центральной Азии» монографиясында ауғандық есірткі өндірісінің тарихы, бүгінгі жағдайы мен оның Орталық Азия елдерінің ұлттық қауіпсіздігіне тигізетін ықпалы ғылыми сипатта қарастырылған аймақтағы тұңғыш еңбектердің бірі.
Есірткі бизнесі мәселесі А. Зеличенконың «Афганская наркоэкспансия 1990-х гг. и проблема национальной безопасности Кыргызстана» монографиясына да арқау болған. Автор еңбекте есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар береді.
Қазақстандық саясаттанушылардың да есірткі бизнесі проблемасын зерттеу саласына қосқан үлестері айтарлықтай. Орталық Азиядағы есірткі бизнесінің түрлі аспектілері Н. Әбдіров [15], Ж. Байсалбаева [16], Д. Сатпаев [17], Ю. Черкасов [18] еңбектерінде қарастырылған.
Есірткі бизнесі жанама немесе жартылай түрде М. Әшімбаев, М. Лаумулин [19], Ж. Акишева [20], А. Морозов мақалаларында қозғалған.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бір топ сарапшылары дайындаған «Наркотизация общества: состояние, проблемы, опыт противодействия» [21] ұжымдық еңбегі есірткі бизнесі тақырыбына арналған еліміздегі тұңғыш ғылыми-cараптамалық зерттеулердің бірі болып табылады. Еңбекте Қазақстандағы есірткі бизнесі мен нашақорлықтың таралу себептерін анықтау, оған қарсы күрестегі әлемдік тәжірибені, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін талдау, есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрестің тетіктерін жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстарды жасау секілді мәселелер тыңғылықты зерттелген.
Есірткі бизнесі тақырыбына арналған Қазақстандық зерттеулердің ішінде Тәуекелді зерттеу тобы шығарған «Нелегальный рынок Центральной Азии» ұжымдық еңбегінің алатын орны үлкен. Бұл зерттеуде әлемдік есірткі бизнесінің жүйесімен бірге Орталық Азиядағы есірткі экспансиясы, тасымал маршруттары мен механизмдері, есірткіні тұтыну мен өндіру, оған қарсы күрестің тиімділігін көтеру жолдары қарастырылған.
Ауғанстандағы саяси жағдай мен оның Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікке тигізетін ықпалы тақырыбына арналған қазақстандық іргелі зерттеулердің ішінде Б. Нарбаевтың «Афганистан и региональная безопасность» және «Афганистан после 11 сентября 2001 года» монографияларын атап өтуге болады.
Қауіпсіздік мәселесінің теориялық-әдістемелік аспектілерін зерттеуде Р. Арон, Б. Бузан, А. Бэттлер, Р. Кеохейн, Г. Моргентау, А. Уолферс, К. Холсти секілді батыс ғалымдарының классикалық еңбектері өлшеусіз үлес қосады.
Сонымен бірге А. Арбатова, А. Богатуров, Н. Косолапов, В. Кулагин, А. Прохожев, П. Цыганков, М. Троицкий, Э. Поздняков секілді ресейлік ғалымдардың еңбектері қауіпсіздік ұғымын зерттеуде үлкен септігін тигізеді.
Жалпы, аймақтық және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін теориялық-әдістемелік және өзге де аспектілер тұрғысынан талдауда М. Әшімбаев, Е. Әлияров, Л. Байдельдинов, К. Бурханов, Г. Ибраева, Л. Иватова, А. Балапанова, У. Касенов, С. Кушкумбаев, М. Лаумулин, М. Мұхамедов, К. Сыроежкин, Қ. Сұлтанов, М. Тажин, М. Шайхутдинов, А. Шалтыков және т. б. қосқан үлесі зор.
Диссертациялық зерттеудің объектісі - Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің қатері ретіндегі есірткі бизнесі.
Диссертациялық зерттеудің пәні - Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберіндегі есірткі бизнесіне қарсы күрес процесі.
Диссертациялық зерттеудің мақсаты - Орталық Азия елдері мен Қазақстан Республикасының ұлттық және аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында есірткі бизнесіне кешенді талдау жасау.
Жоғарыда аталған мақсатқа жету жолында зерттеу жұмысының төмендегідей басты міндеттері айқындалды:
1. есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерінің теориялық-әдістемелік аспектілерін сараптау, категориялық аппаратты айқындау;
2. Орталық Азия елдеріндегі есірткі бизнесі таралуының басты себептері мен үрдістерін анықтау;
3. Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесі дамуының «ауғандық факторын» зерттеу;
4. аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы Орталық Азия елдерінің есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы көпжақты әрекеттестігін талдау;
5. есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы әлемдік тәжірибені, оның жетістіктері мен кемшіліктерін зерттеу. Қазақстан қоғамы жағдайында оларды пайдалану мен бейімдеу мүмкіндіктерін сараптау;
6. Қазақстан Республикасындағы есірткіге қарсы саясат ерекшеліктерін қарастырып өту және есірткі бизнесімен күрес тетіктерінің тиімділігін көтеруге арналған ұсыныстар жасау.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы отандық саясаттану ғылымында тұңғыш рет тұтас Орталық Азиядағы есірткі бизнесін, оның құрамдас аспектілерін, оған қарсы күрес саласындағы аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты және кешенді талдаумен сипатталады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлық мәселесі жүйелі түрде қарастырылған.
Зерттеу жұмысының барысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
- есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерін зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері айқындалды. Категориялық аппаратты анықтау шеңберінде басты ұғымдарға авторлық түсініктемелер берілді;
- Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікке төнген қатер ретіндегі есірткі бизнесінің таралуының басты себептері мен үдерістері анықталды. Есірткі бизнесі мен нашақорлықтың аймақ елдеріндегі ұлттық қауіпсіздікке тигізетін қатердің деңгейі бағаланды;
- Орталық Азиядағы есірткі бизнесінің таралуының басты сыртқы факторы аймақ елдерінің әлемдік апиын өндірісінің орталығы Ауғанстанмен шекаралас орналасуы, яғни геосаяси сипаттағы «ауған факторы» екендігі анықталды;
- Орталық Азия елдерінің есірткі бизнесіне күрес саласындағы аймақтық және халықаралық ынтымақтастығының құқықтық және институционалдық негіздері ашылды. Аймақтағы есірткі бизнесі мәселесін шешуде, бірінші кезекте, мемлекеттердің көпжақты әрекеттестігі мен халықаралық кооперацияның қажет екендігі дәлелденді;
- есірткі бизнесіне күрес саласындағы әлемдік тәжірибе мен өзінің тиімділігін танытқан ұлттық үлгілер қарастырылды, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері ашылды. Есірткі қаупін бейтараптандыру саласындағы күресті жетілдіруге бағытталған ұсыныстар жасалды;
- Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлықтың таралу себептері, қазіргі күйі мен үрдістері анықталды. Еліміздегі есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа жүйелі талдау жүргізілді.
Диссертациялық зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.
Диссертациялық жұмыстың теориялық негізін сан алуан қауіпсіздік концепциялары мен парадигмалар құрайды. Сонымен бірге, халықаралық қатынастар теориясындағы саяси реализм, идеализм, неореализм, структурализм секілді мектептердің тұжырымдары, отандық ғалымдардың ұлттық және аймақтық қауіпсіздікке арналған еңбектері толықтырады.
Зерттеу барысында есірткі бизнесі мен қауіпсіздік мәселелерінің табиғатын, мәнін ашуға көмектесетін жалпы ғылыми және арнайы әдіс-тәсілдер, яғни, жүйелік, салыстырмалы, факторлық талдау, геосаяси сараптама, контент-анализ секілді әдістер кеңінен қолданылады.
Диссертацияның дереккөзі. Зерттеу барысында диссертант қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі бірқатар ғылыми еңбектерді пайдаланды.
Бірінші топты, есірткі бизнесі мен нашақорлықты зерттеуге арналған отандық және шетелдік саясаттанушылардың еңбектері мен есірткі бизнесі мәселесіне арналған халықаралық конференциялардың жинақтары құрайды.
Екінші топты, БҰҰ-ның Заңсыз есірткі айналымы мен психотроптық заттар айналымына қарсы күрес жөніндегі конвенциялары, Орталық Азиядағы есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД секілді аймақтық ұйымдардың құжаттары, Қазақстан Республикасының есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы құқықтық нормативтік актілер жинағы, 2006-2014 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі стратегиясы толықтырды.
Диссертациялық жұмыстың тұжырымдарын қуаттайтын статистикалық мәліметтер келтірілген Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің, БҰҰ-ның статистикалық мәліметтері үшінші топты құрады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар :
1. Бүгінгі таңда есірткі бизнесі Орталық Азия елдерінің ұлттық және аймақтық қауіпсіздігін тұрақсыздандырушы факторға айналып отыр. Кеңестер Одағының ыдырауы нәтижесінде Орталық Азияда орын алған қарқынды геосаяси өзгерістер аймақтық қауіпсіздік саласындағы мүлдем жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуына алып келді. Олардың қатарындағы есірткі бизнесі таза медициналық және құқықтық сипаттағы мәселеден жалпы мемлекеттік және халықаралық мәселе деңгейіне көтерілді. Осы орайда, есірткі бизнесі мәселесін терең зерттеудің объективті қажеттілігі алға шығып отыр. Көптеген аспектілерден тұратын есірткі бизнесі ұғымы пәнаралық категория екендігі анықталды;
2. Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесінің таралуына түрткі болған ішкі себептерге: аймақтағы ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттік органдардағы, әсіресе құқық қорғау және кеден қызметтеріндегі сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік шекаралардың әлсіз қорғалуы, бұл елдердің өз территорияларында жабайы есірткі дақылдарының өсуі және т. б. кіреді;
3. «Ауған факторы» Орталық Азия аймағындағы есірткі бизнесінің жаппай таралуының басты геосаяси себебі болып табылады. Ауғанстандағы түйінді тарқатпай Орталық Азиядағы аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету қиынға соғады. Сондықтан, террористік және экстремистік ұйымдардаң қаржылық көздерінің бірі болып табылатын есірткі бизнесіне қарсы табанды күресте Орталық Азия елдері «ауған факторын» бірінші кезекте назарға алуы тиіс;
4. Орталық Азиядағы есірткі бизнесін аймақтық және халықаралық ынтымақтастық арқылы ғана түпкілікті жеңу мүмкін. Осы мақсатта БҰҰ, ОАААҮО, ШЫҰ, ҰҚКҰ, ТМД секілді ұйымдардың әлеуеті кеңінен қолданылуы тиіс. Ортақ мақсатқа жету жолында Орталық Азия елдерінің арасындағы бірнеше саяси-экономикалық келіспеушіліктер мен бәсекелестікке қарамастан есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласындағы көпжақты әрекеттестікті дамыту қажеттілігі төмендемеуде;
5. Қазіргі кезеңде есірткі бизнесі мәселесін толығымен шешетін қандай да бір әмбебап тәсіл ойлап табылған жоқ. Дегенмен, кейбір елдерде есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес саласында үлкен тәжірибе жинақталып, сан алуан есірткіге қарсы ұлттық үлгілер қалыптасқан. Бұл үлгілердің қалыптасуы барысында нақты елдің ұлттық, саяси, экономикалық, мәдени, құқықтық даму ерекшеліктері ескеріледі;
6. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі есірткі бизнесінің қарқынды таралуы салдарынан үлкен қатердің алдында тұр. Еліміздегі ауқымды жабайы есірткі дақылдарының алқаптарына қарамастан басты қауіп сыртқы есірткі трафигінен туындап отыр.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы.
Зерттеу материалдары ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі комитет ұсынған Қазақстандық басылым беттерінде жарық көрді.
Диссертациялық жұмыстың басты тұжырымдары мен қорытындылары төмендегідей халықаралық конференцияларда баяндалды: «Политические проблемы международных отношений и глобального развития» (Алматы, 2005. ) ; «Актуальные проблемы модернизации Республики Казахстан: экономика, политика, идеология» (Алматы, 2005. ) ; «Әл-Фараби мәдениет тарихында» (Алматы, 2006. ) ; «Современный мир: доминирующие стратегии развития» (Алматы, 2007. ) .
Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, әрқайсысы үш бөлімшеден тұратын үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация көлемі машинада терілген 142 бетті құрайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу бағытын таңдау Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздіктің қатері ретіндегі есірткі бизнесіне кешенді талдау жүргізе отырып, оған қарсы күрестің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған ұсыныстардың қажеттілігімен байланысты.
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі және осы мәселенің зерттелу деңгейі негізделді, зерттеу пәні мен нысаны, мақсаты мен міндеттері анықталды, теориялық-әдістемелік базасы мен практикалық маңызы, ғылыми жаңалығы сипатталды, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар дәйектелді.
«ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ҰҒЫМДАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ» атты бірінші бөлімде қауіпсіздік пен есірткі бизнесі ұғымдары теориялық және әдістемелік сипатта талданған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz