Тарих қойнауынан сыр тартқан


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   

2007-12-28:

ТАРИХ ҚОЙНАУЫНАН СЫР ТАРТҚАН

Серікқазы Қорабайды сонау студенттік кезден, Өскемендегі педагогикалық институтында оқып жүрген кезден білуші едік. Әдебиет пен тарих десе елеңдеп тұратын, сол кездің өзінде бұл тақырыпқа жазған терең мақалалары мен ізденістерін, Аягөз ауданынан шыққан би-шешендер, ақындар жайлы жазған деректі шығармаларын облыстық “Дидар” газетіне бірінен кейін бірін жариялап жататын. Арада отыз жылдай уақыт өтті. Серікқазы Сыбанбайұлы бауырымыз білім қуып Алматыға қызметке ауысты. Қазір ол есімі елімізге белгілі әдебиеттанушы, тарихшы-ғалым, үш жүзден астам ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. Ғалымның ұзақ жылғы ізденістерінің арқасында аса көрнекті қоғам қайраткері, ақын, дипломат Ақтайлақ би Байқараұлының шығармалар жинағы алғаш рет 1991 жылы жарық көрсе, одан кейін Серікқазының әзірлеуімен 1999 жылы “Атасы асыл сөздің Ақтайлақ би” деген құнды кітабы, ал 2002 жылы “Ақтайлақ би” жинағы Астана қаласында басылып шықты.

Серікқазы Қорабайдың ұзақ жылғы ізденісі нәтижесінде Аягөзде туып-өскен Түбек, Сабырбай, Қуандық, Әріп ақындар туралы “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясы мен “Қазақ әдебиеті” энциклопедиясында толық өмірбаяндық мағлұматтар берілді, поляк революционері Адольф Янушкевичтің кітабында ерекше айтылған шұбартаулық Жазық Меңаяққызы туралы да ғалым ініміз энциклопедияларда талай құнды мақалаларын бастырды. Елін, жерін сүйген ұлтжанды азаматтың тікелей ұйымдастыруымен соңғы жылдары Аягөз ауданында жерлес ақындар жайлы сан мәрте халықаралық ғылыми конференциялар өтті. “Қозы көрпеш Баян сұлу” жырының 1500 жылдығы, Дулат Бабатайұлының 200 жылдығына арналған іс-шараларға да Серікқазы ініміз көп еңбек сіңірді.

Серікқазы ініміздің кіндік қаны тамған Аягөз ауданының басшылары, депутаттары, тұрғындары тарихшы-әдебиетші ғалымның ұзақ жылғы еңбегін ескеріп жақында оған “Аягөз ауданының құрметті азаматы” атағын беріпті. Бұл жайлы Аягөз ауданының әкімі Оралбек Жолымбетов хабарлап, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы басшыларының ұсыныс жасағанына алғысын білдірді. Тарих қойнауынан суыртпақтап сыр тарта бер, ақын, жазушы, тарихшы бауырым!

Авторы: Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен.

Аяз би Жаманұлы

Аяз би Жаманұлы (шамамен XII-XIII ғасыр) - қазақ халқының ежелден елге аты мәшһүр болған, аты аңызға айналып кеткен ақылгөй абыз, шешен, биі.
Аяз бидің ғұмырнамасы жөнінде әртүрлі дерек бар. Майқы би Мәнұлының шешіресін жазған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме дейін» атты кітабында Аяз биді және оның серігі Құмырсқа батырды «Майқы би дәуірінде өмір сүрген, Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билер еді», деп жазады. Сонда бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауынан 711 жыл бұрын туып, 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлының замандасы, тұстасы болып шығады. Ал зерттеуші Балтабай Адамбайұлының «Алтын сандық» атты кітабындағы шағын мәліметте Аяз би - Хиуа хандығы дәуірінде өмір сүрген тарихи адам деп, оны XI-XII ғасырға жатқызады. Бұл - әлі тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе.
Аяз би өзінің ақылдығы даналығы арқасында Мадан ханның бірнеше сынынан өтіп уәзірі болады. Ханға шөп жаманы - қоға, құс жаманы - сауысқан екенін дәлелдеп, хан тұлпарының сиырға, өзінің қара халыққа шатыстығын айырып береді. Мадан ханның шартты жұмбағын шешкеннен кейін Меңдісұлуға үйленіп, күншіл, ақылсыз қырық уәзірді өлім жазасынан құтқарады. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін хан мойындап, халық қалап, оны хан етіп көтереді.
Майқы би өзінің төңірегіне ақылды, дана, би, шешендерді, батыр, балгер, көріпкел әулиелерді көп жинап, олармен ақылдасып отырады. Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Олар аспанға, жұлдыздарға қарап, мал-шаруа жайын, егіншілікке қолайлы мерзімді күні бұрын болжап, халыққа пайдасын тигізеді. Ал Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би, әрі батыр жан серігі болыпты. Қайда барса да екеуі жұбын жазбай жүреді екен. Ол екеуі Майқы бидің сілтеуімен қазылық құрып, көбінесе ел мен ел арасындағы елшілік, бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан да Майқы би Аяз би мен Құмырсқаға арқа сүйеп, оларға сенім артыпты. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақыдасып, ой-пікір алысып отырады. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:

Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс,
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ,
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.

Ел арасында «Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген нақыл сөз содан қалса керек. Аяз бидің есімі мыңдаған жыл өтсе де өшкен жоқ. Ол туралы ертегілер, аңыз-әңгімелер ел арасында көп сақталған.

Дереккөзі:
Қазақстан ұлттықэнциклопедиясы, 1 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы

Жабайұлы Тоқсан би

Жабайұлы Тоқсан би (туған және өлген жылдары белгісіз) - «Дала данышпаны» атанып, туралығымен, әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен.
Әкесі Жабай Абылай ханның батырларының бірі болған, керей тайпасының басшысы. Тәтіқара ақын өзінің өлеңдерінде Жабай батырдың ерліктері туралы жырлады. Тоқсан бидің тұлға ретінде танылуына керей тайпасынан шыққан атасы Қара би көп ықпал етті. Ол немересін шешендік өнерге баулыды. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездесті және ауызша сөз жарыстарға, сөз таластарға қатысты. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі бола білді. 15 жасынан бастап халық оны Төбе би, солтүстік өңір (Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай) қазақтарының бас биі деп атады. Алғашқыда Тоқсан би Ақмола округінің Еменәлі-Керей болысының биі, сосын Тобыл губерниясының барлық қазақ болыстарына би болды.
Тоқсан би толғауларында ру араздығын мінеді, туыстық пен татулықты уағыздады, адамдардың ұнамсыз мінез-құлықтарын сынады. Оның «Ханға халықты тең ұстау парыз», «Алтын таққа жаманмен отырғанша, жақсымен отырған зындан артық», «Тоқсан тоқал алсаң да, бәйбішедей болмайды» сияқты ұлағаттары, арнау сөздері, қазаға көңіл айтқан жұбатулары ел жадында көп сақталған.
Тоқсан бидің зиратының қайда екендігі бертінге дейін белгісіз болып келді. Көп жылғы ізденістің арқасында Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Западное елді мекені маңынан Тоқсан бидің бейіті табылып, 2001 жылы тамыз айында басына граниттен ескерткіш қойылды. Ал 2006 жылы кесене тұрғызылып, Западное елді мекенінің атауы Тоқсан би ауылы деп өзгертілді. Петропавл қаласының бір көшесіне аты берілді. Деректерге қарағанда осы өңірді жаз жайлауына, қыс қыстауына айналдырған би «Есілдің арғы бетіндегі Қарауыл төбеге жерлеңдер. Түбінде осы жер тоғыз жолдың торабына айналады. Сонда ұрпақтарым еске алар» деп, ұрпақтарына өсиет қалдырған екен.

Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясы

Қыстаубайұлы Жетес би

Қыстаубайұлы Жетес би (1828-1914) - белгілі би, шешен.
Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Кіші жүз құрамындағы әлімұлы тайпасы, шекті руының жақайым аталығынан шыққан. Бидің ғұмырнамасы жөнінде дәйекті деректер жеткіліксіздеу. Мұрағат, жазба әдебиеттерде де көп кездесе бермейді. Тек қана қазақ билері жөніндегі аңыздарда ғана есімі аталады.
Жетес би ел арасындағы даулы мәселелерді шешуде тапқырлығымен, әділдігімен көзге түскен. Ол халық қамын ойлаған болыс ретінде де ел құрметіне бөленген. Жетес бидің Райым, Шыбынды болыстарын басқарғаны туралы деректер бар. Оның билік кесімдері, шешендік сөздері ел арасына тарап, «тілді би» атанған.
Халықтың қамын ойлайтын ел қамқоры Жетес бидің шешендік сөздері жөнінде оның шөбересі Айтбазар Жанәліұлы 1991 жылы «Парасат» журналында қызықты деректер жариялапты. Соның бірі мынадай:
Қаракісі аулының Жағал деген бір азаматы жасы сексенге келіп қартайып отырған Жетес бимен әңгіме үстінде:
- Иә, Жетеке, сіз сексенге келдіңіз, әрбір он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз?- депті.
Сонда Жетес сәл ойланып алып:
- Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым, жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған шүйілдім, отызға келдім, қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым, қырыққа жеттім, арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым. Елуге келдім, биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым, алпысқа жеттім, алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдарысқа ұшырадым. Жетпіске келдім, жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім, тап осы күні сексендемін, алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым - су, оң жағым - от, қалай қарай қозғалсам да маған тірілік емес-ау, - деген екен.
Жетес би туралы Қ. Салғариннің «Көмбе», С. Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітаптары мен «Ел ауызынан» жинағында жазылған.
Қызылорда облысында Жетес би атындағы елді-мекен, Арал қаласында және Қазақстанның бірқатар қалаларында көше бар.

Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том

Ескелді би Жылкелдіұлы

Ескелді би Жылкелдіұлы (1695-1770) - би, шешен, туған жерін жоңғар шапқыншыларынан азат етуде аянбай күрескен қолбасшы, Төле бидің Ұланбике атты қызынан туған жиен немересі.
Алматы облысының Іле мен Қаратал өзені аралығында туған. Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасының сиыршы руынан шыққан. Ескелді би «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Тұрлыбет Бекенұлы, Жайнақ, Тәттібай мерген, Малтабар, Құлжан сияқты батырларды өз маңына жинап, жоңғар шапқыншылығына қарсы қанды шайқастарда қаһармандық көрсетті. Кейін Ескелді би бастаған жалайыр қолы Аңырақай шайқасына, Аягөз, Таскескен мен қазіргі Текелі қаласынан әрідегі Жолбарыс сайы, Балдырғанды, Қызқұлаған деген жерлерде өткен шайқастарға қатысып, қазақ жерін жаудан азат етуге елеулі үлес қосты. Ескелді бидің Абылай ханның сенімді серігі болғаны жайында да аңыздар сақталған. Соның бірі - Ескелді бидің қалмақ ханы Қалдан Серенмен келіссөз жүргізуге барып, соңында «судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деп, қалмақ ханы қызын Ескелді биге бергендігі туралы аңыз. Бірақ Ескелді би «Ата салтты санасыз бұзады. Тон жағасыз, ел ағасыз болмас» деп, жолын Абылай ханға берген екен.
Халық арасында «Ескелді би айтты» деген ұлағатты сөздер кең таралып, ол жөнінде Бақтыбай Жолбарысұлы, Сара Тастанбекқызы, т. б. жыр жолдарын арнады. Алматы облысының Талдықорған ауданы 1929 жылға дейін «Ескелді би» ауданы аталып, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бұл атау қалпына келтірілді. Ескелді би туралы жазушы Ұ. Доспанбети «Қызыл жолбарыс» атты 2 томдық тарихи роман жазды.


Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том

Қарашаұлы Бәйдібек би

Қарашаұлы Бәйдібек би (шамамен 6 - 7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген) - қазақ халқын құраған тайпалардың аумақтық және этникалық тұтастығын қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген тарихи тұлға, би.
Шежіре бойынша, Ұлы жүздің үйсін бірлестігіне кіретін албан, суан, дулат, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты тайпаларының түп атасы. Бәйдібектің есімі жазба деректерде аз кездескенімен, халық жадында жақсы сақталған. Ол дәулеті шалқыған байлығымен, ұлысты басқарған парасаттылығымен белгілі. Жетісуды, Арыс өзенінің алабын, Ташкент пен Қаратау өлкелерін жайлаған елді басқарған. Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) «Тарих-и Рашиди» атты тарихнамасында өзінің он екінші атасы Майқы би (12 - 13 ғасырлар) Шыңғыс ханның орда биі болып, дүйім елді басқарғанын жазған. Ал осы елге бірінші болып билік жүргізген арғы бабасы Бәйдібек екен, одан бері қарай « . . . бұл ел атадан атаға, ғасырдан ғасырға, баладан балаға мирас болып», елдің билігі өзінің аталарына өткеніне байланысты айғақтар Бәйдібек бидің ертеде өмір сүргендігін көрсетеді. Бәйдібек бидің әкесі Қараша (530-604) Қытай жылнамасында жазылып, билік жүргізген жылдары нақты көрсетілген. Осы деректер Бәйдібектің 6-7 ғасырларда өмір сүргенін дәлелдейді. Халық жадындағы көп деректер Бәйдібектің жеке өміріне байланысты. Оның үш әйелі болған. Бірінші әйелі Сары бәйбіше Байтоқты атты ұл туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) дүниеге келеді. Екінші әйелі Зеріптен туған Жалмамбеттен Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбиді. Үшінші әйелі әулие Домалақ ана деген атпен белгілі Нұриладан Тілеуберді (ел арасында Жарықшақ немесе Жарықбас), одан Албан, Суан, Дулат тараған. Бәйдібек бидің осы немерелері 7 ғасырдан мемлекет басқарып, ел билеп, қазіргі өздері аттас тайпаларды қалыптастырды. Басқыншылармен бір шайқаста Бәйдібектің Сары бәйбішесінен туған 6 ұлы қаза тапқан Шығыс Қаратаудағы Қошқарата өзенінің бойында «Алты Сары бейіті» деген киелі жер қалды.
Бәйдібек сүйегі Балабөген өзені жағасында жерленген. 1998 жылы Бәйдібектің Қарахан дәуірі үлгісіндегі бұрынғы кесенесінің орнына жаңа Бәйдібек және Қасиетті бес ана тарихи ескерткіш кешені салынды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Алғабас ауданына Бәйдібек есімі берілді.


Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том

Ақтайлақ би Байғараұлы

Ақтайлақ би Байғараұлы (18 ғасырдың орта тұсы-19 ғасырдың орта шені) - би, шешен, жырау, қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат.
Арғы атасы Нарымбай би Ташкентте бек болса, оның баласы Құттыбай би қазақ тарихында асқан шешендігіне орай «Қу дауысты Құттыбай» атанған және 1760 жылы Абылай ханның тапсырмасымен Бейжіңге Цинь императоры Цяньлунге тұңғыш қазақ елшілігін бастап барған. Әкесі Байғара би болған. Ақтайлақтың баласы Сабырбай қазақтың атақты суырыпсалма ақыны. Ақтайлақтың жастайынан шешендігімен көзге түсіп, үлкен жиындарда бір ауыз мақалмен немесе толғау-жырымен даулы істерді әділетті шешкендіктен «қазақтың қара тілі, қас биі» атанған. Мемлекет ісіне ерте араласқан. Абылай хан Көкшетауға үш жүздің елу биін шақыртып, қазақ руларының шежіресін жаздырған, оның ішінде Ақтайлақ бар бес биге соңғы нұсқасын жасатқан. Ақтайлақ 1773 жылы Болат ханның атынан Қытай императоры Цяньлунға елші болып барып, келіссөз жүргізген. Бұл туралы Шың патшалығының шежіре кітабында жазылған. Ақтайлақтың Бопы төремен, Қанай, Тіленші, Балпық және басқа билермен шешендік айтыс, қағыстары ел арасына кеңінен таралған. Ақтайлақ ел арасындағы дау-шарларды шешу мақсатында билік айтып та, заманының келеңсіз көріністерін сынап та өлең шығарған, өмір туралы, адамгершілік, асыл қасиеттер жайлы философиялық толғаулар мен адам жасы жөнінде, үй-іші, ошақ басы, ата-ана тағылымы мен жас ұрпақ тәрбиесі туралы тәрбиелік ғақлиялары да бар. Абайдың атасы Өскенбаймен замандас, сырлас, дос-жар адам болған. Өскенбай билік жүргізген кезде тобықты мен керей арасында болған құн дауында Ақтайлақ бидің парақор билердің құлқын қамын ойлаған қылмысын аяусыз әшкерелеген «Ердің құны - екі елу» атты терең ойлы, өткір философиялық шығармасын Абай өзі ел басқарған кезінде даулы мәселелерді дұрыс шешуге, төбе би болып сайланған Қарамола съезінде қылмысты істерге қарсы заң Ережелерін әзірлеуге пайдаланған. М. Әуезов Ақтайлақ бидің билік сөзінің шағын нұсқасын 1925 жылы «Таң» журналының №2 санында «Сыбан Ақтайлақ би» деген атаумен жариялаған. Ақтайлақ қазақ әдебиеті тарихында Жанақпен айтысқан «Сыбаннан шыққан он жеті ақын» деген атпен белгілі ақындар тобының көшбасшысы әрі ұстазы болған. Бидің «Қадірін қашан білесің?», «Нені айтамыз?», «Тасыма жігіт», «Куәсізде қуат болмас», «Сексен жас», «Тоқсан бес», т. б. жырлары сақталған.
Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты үдей түсіп, қазақ даласында бекіністер орнатып қана қоймай, шіркеулерін де қоса салған тұста Ақтайлақ би оңтүстіктен діни сауатты қожа-молдаларды көшіріп алып, қалың қазақ арасында мешіт ашып, елді сауаттандыра түспек болған деген дерек бар.

Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том
Абай энциклопедиясы

Байбекұлы Әйтеке би

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
КҮЙ САЗЫ, КҮЙШІ ӨНЕРІ ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ КӨЗҚАРАС
“ӘЗ ТӘУКЕГЕ ҚЫЗМЕТ ҚЫП, ЖАЗДЫМ “ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫ”
Елеке сазының зерттелуі
Мың бір бояу іздеген адам - Шота Уәлиханов
Түркілер дүниетанымы
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КІНДІГІ – ҰЛЫТАУДЫҢ МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХИ ҰСТАНЫМЫ
Ән — халық мұрасы
Көшпенділер мәдениеті
Асқар Егеубай – публицист, аудармашы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz