Мағжанның жаңашылдығы


Әріптің көлемі: Қалыпты
Ғасырлар қойнауынан тартқан бай тарихы, сан-салалы дәстүрі, алуан стильдік тармағы бар әдебиеттің даму жолына тыңнан соқпақ қосу - кез-келген дарынды деген қаламгерлердің де оңтайына келе бермес зор іс. Ақын-жазушының баршасы дарынды бола бермейтіні секілді, әр дарын халықтың сөз өнеріне айтарлықтай соны сүрлеу қоса алмасы хақ. Әдебиеттегі жаңашылдық - жаңа тақырыпқа қалам тарту, болмаса 1920-30 жылдардағы қазақ ақындарының еліктеп сатылай өлең жаза бастайтын талабымен емес, сол ұлт әдебиетінің табиғи қасиетіне сіңісіп, мазмұн мен пішіннің өзара үндестігімен өлшеніп, өзінен кейінгі әдебиет өкілдеріне үлгі боларлық дәрежеден табылып жатса, ұлттық болмысты таныта алса ғана сол ұлттың рухани қазынасына қосылған өміршең жаңалық болмақ. Талапты шынайы талаптан айыруға құлықсыздау әдетімізге салып, төрт аяғын тең басқан нағыз өнер туындысынан гөрі идеясы бетінде қалқып тұратын шығармаларды асыра бағалаңқырап, осындай кейбір шығармалардың авторларына жаңашыл деген атақты бере салғанымыз жасырын емес. Кімнің жаңашыл, кімнің жалған жаңашыл екендігін заман айғақтап жатыр. Жаңашылдық өміршең болмайтын ба еді, халықтың ой-санасы дамып, көркемөнері жаңа белеске көтерілгенде жазылған кезеңі өресінен аса алмай қалатын шығарманы кезеңдік туынды демеуші ме еді деген ой келеді. Соңына ізбаса ертіп, өнеге бола алмаған, дәстүр жалғастығын таппаған идеяшылық пен түрікшілдік жаңашылдық бола алмасы белгілі. Ал, жалпы көркемөнердегі, оның ішінде әдебиеттегі жаңашылдық, біздіңше, өмір шындығын молынан қамтуы мен қоғамдық сананың бұрын-соңды көрсетілмеген жақтарын ашу мүмкіншілігін арттырумен, игі иманды идеяларды аса көркем, кестелі тәсілдермен жеткізумен, жаңа мазмұнға сай жаңа формалар қалыптастырумен, соның нәтижесінде жаңаша әдеби дәстүрді, стильдік арнаны қалыптастырумен, сондай-ақ ұлттық тілдің бейнелеу мүмкіндіктерін байытумен тығыз байланысты болса қажетті. Осындай сипатты Абайдан тауып, данышпан қаламгердің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етіп жүрміз. Абайдан кейін қазақ өлеңіне, жалпы ұлт әдебиетіне жаңалық әкелген Мағжан Жұмабаев екендігі ұлы ақынның көзі тірісінде оны жақтаушылар тарапынан да, идеясын желеу етіп даттаушылар тарапынан да айтылған. Мағжанның әдеби мұрасына тиым салынып, халқынан ажыратылмағанда, шығармалары ең болмаса 1950 жылдар ішінде болған ақтау тұсында оқырманға жол ашылғанда қазақ поэзиясына оның ықпалы айтарлықтай болып, бүгінгі таңда ақын дәстүрі жайында келелі сөз айтар едік. Өкінішке орай, әдебиетіміздің даму процесі Шәкәрімнен, Ахметтен, Міржақыптан, Жүсіпбектен, т. б. көптеген дарындардан қол үзіп қалғаны сияқты тамаша ақыннан да көз жазып қалдық. Әдетте, бұл әдебиетіміздің даму деңгейіне кері әсер еткені күмән тудырмайды. Сол себепті М. Жұмабаевтың әдеби дәстүрі турасындағы мейлінше толымды боларлық әңгімені кейінге қалдырып, бұл мақаламызда «аяулы ақын» әкелген жаңалықтарды Мағжанның өз шығармалары негізінде көрсетуді ниет етті. Алайда, ақынның кеңес құрсауына түскен мұрасы айналысына өркен жаюға үлгере алмай кетті деуден аулақпыз. Ж. Аймауытовтың:«Осы өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды» /1, 427/ дегенін және Р. Нұрғалидың: «Қанша қиямет туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері, поэмалары ел арасына фольклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегіне, жұрттың ой-санасына, елдің ақыл зердесінде қалып қойған еді . . . Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға буын, оның алдын көріп сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ қаламгерлерде ақын мұрасынан хабардар еді» - деген пікірін /2, 105/ жадымыздан шығармай Мағжан шығармаларының жаңашыл сипатын алдымен оның өзінен іздегенді жөн санадық.
Жаңашыл қаламгерді туғызатын, алдымен, қоғамдық орта. Қоғамдағы алуан саяси, әлеуметтік өзгерістер, әдебиетке жаңа идеялар, тың тақырыптар әкелді, яғни жаңаша мазмұн дарытты. Осы тұрғыдан шамалағанда, Жұмабаев шығармашылығындағы мазмұн жаңалығы жайлы бастапқы сөз болуға лайық. Ақынның алғашқы шығармалары, шамамен 1915-16 жылдарға дейінгі жазғандары мазмұн жағынан келгенде сыншыл, ағартушылық реализм арнасында болды. Ыбырай, Абайдан басталатын кең арнадан табылып жататын мұндай шығармалардан автордың өзіндік даралығынан гөрі, сол тұстағы әдеби ортаның шығармашылық принциптерін берік ұстанған жас ақынды көреміз. Алайда ерен поэтикалық дарын, субъективті ақындық тұлға шәкірттік кезеңде қалып қоя алмайды. Қаламы төселіп, дүниетанымы қалыптасқан ақын көп кешікпей пікір жүзінде де, бейнелеу әдісі тұрғысынан да ешкімді қайталамайтын жаңа жол табады. Өзіне дейінгі ақындар, өз тұстары қоғамды бейнелеуде, негізінен, ағартушылық, сыншылдық реализмді ұстанса, Мағжан жоғарыда аталған жылдардан бастап романтизмге түседі. Бұл оның жұрттан өзгеше бола қояйын деп тапқан жолы емес, замана шындығын қабылдаудағы дүниетанымын, ақынның субъективті мінезімен байланысты, солар айқындаған жол. Ақынның осындай ерекшелігі өмірді бейнелеу, бағалаудың өзіндік сипатын қалыптастырады. Мағжанға дейінгі қазақ поэзиясына қоғамдық құбылыстарды оймен бағалау, ел мұңын айтқанда елді оқу-білімге, өнер үйренуге, еңбек етуге шақыру, моральдік-эстетикалық мәселелерді көбірек қозғау тән болып келсе, Мағжан өлеңдерінде автордан тыс дамитын оқиғалардың өзі ақынның өз сырындай айтылып, мазмұн автордың субъективті ой-пікірінің мазмұнынан туындап жатты. Қазақ өлеңіне Мағжан әкелген сыршылдық жөнінде, жалпы оның поэзиясының басты ерекшелігі сыршылдығында екендігін әйгілі мақаласында Ж. Аймауытов білгірлікпен айтып кеткені аян.
М. Жұмабаевтың әдебиетімізге әкелген ең басты, ең күрделі жаңалығы бұрыннан бар романтизмді орнықтырды. Өзіне дейін әртүрлі қырда, азды-көпті көріп келген әдеби бағытта бар бояуымен әдебиетімізге әкеліп, оны әрлендіре түсті, байыта түсті. Реализмнен өзгені мойындай қоймай, оны керітартпа деп, ғылыми таным елегінен өткізгеннен гөрі жылы жауып қойып, үрке қарайтын әдетімізден арылып, өмірді бейнелеудің романтикалық әдісі әдебиеттің ішкі мазмұнына бірсыпыра ілгерінді ерекшеліктер әкелгенін саралауымыз қажет. Мағжан романтизмі әдебиетке адамның ішкі әлемінің алуан қырлары терең бейнелеуді әкелді. Әсіресе, ол эмоционалды, сезімі ұшқыр адамның жан дүниесін алғаш болып көркем кестеледі. Әрине, бұл арада Абай тәжірибесінен зерде көкжиегінен тысқары қалдырып отырғанымыз жоқ. Абайдың сыршылдығы оның ұлы мұрасының бір арнасы іспетті еді. Енді осындай сипат Жұмабаев шығармашылығының жалпы бет-бағдарына айналды. Реализм негізінен, өмірдің сараланған шынайы болмысын қамтыса, романтизм әдебиеті адамның ішкі жан-дүниесіне, сезім сырларына үңілді. Осы жағынан келгенде романтизм толыққанды реализмді әзірледі. Осыған орай толықтырсақ, ол адамның ішкі әлемін барша иірімдерімен, жүрегін аттай тулатқан қуанышымен, мұң жеңіп, шер басқан сәттерімен көрсетіп романтикалық кейіпкер бейнесін жасады. Мағжан романтизмнің алғашқы бетінде оның кейіпкері - мейлінше жігерлі, өр тұлғалы ұлттың тәуелсіздігі үшін күресті, ерлікті аңсаушы және ол қасиетті парызды абыроймен орындауға сенімі мол күрескер кейпінде болушы еді:
Жер жүзіне ар атағым жайылған,
Жан емеспін оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмен
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған
немесе:
Тірілтейін алып атам аруағын
Тазартайын Сарыарқаның топырағын
Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,
Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.
Мұндай күшті кейіпкер, отаршылдыққа қарсы ең екпінді оққа татитын пәрменді сөз бұрын-соңды әдебиетте айтылмап еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында жазылған асқақ пафостағы өлеңдер мазмұны жағынан алғанда поэзиямыздың мазмұн ауқымын кеңейтк түскен дүниелер. «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Тез барам», «Жер жүзіне» өлеңдеріндегі романтикалық пафос, ерлікті аңсаушы лирикалық кейіпкер, зор сенім - ХІХ ғасырда отаршылдықты сынаған, ел мұңын жеткізген зар заман ақындарының да, одан кейінгі ағартушы реализм дәстүрі өкілдерінің де поэзиясында болмаған тың серпіліс. Оның романтизмнің алғашқы тауарларындағы оптимистік мазмұн-отаршылдыққа қарсы күрес дәуірі болған ояну жылдарының жалынды жыры. Қазақ қоғамы Кенесары сияқты жауға шапқан ерді көрген еді, қазақ қоғамы «кәпір бұзған» елдің сиқын өлеңге қосқан Дулатты, Шортанбайды, Мұратты көрген еді, қазақ қоғамы халықтың іргелі ел болуын өнер-білім, мәдениетпен байланыстырылған Ыбырайды, Абайды, Шәкәрімді де көрген еді, алайда елдің азаттығы үшін күресті саясат жүзіне көшірген «Қазақ» секілді газет ашқан, «Алаш» сияқты партия құрған зиялы қауымды көрмеген еді. М. Жұмабаев сенімі - қиялшыл тұлғаның көктегі арманы емес, бас көтерер азаматтардың осы игі іс-әрекеттерден қуат алған, содан барып бостандық таңына асыққан ақындық сөзі. Жаңа заманның рухын жүрегімен қабылдаған Мағжан сияқты аса ірі табиғи дарын жаңа дәуір кескінін жаңа поэтикалық мазмұнға айналдырды. Ендігі жерде ағартушылықтан гөрі халық санасын ояту үшін жалынды сөз, күрескерлік рухтағы жыр мейілінше қоғам қажетін өтуге тиіс болды.
Мағжан жолы төл әдебиетімізде арналы бағытқа айналуы тиіс еді. Басты бағыт болмаса да, реализммен селбесіп әдебиетіміздің қоғам өмірін адамның жан-дүниесін жан-жақты бейнелеу мүмкіншілігін арттыруға елеулі үлес қосар еді. Алайда, кеңес диктатурасының нұсқаумен, межелеумен жүретін әдебиетті өкімет пен партияның пәрменді қолымен жаңа әдебиеттің барша кеңістігін жайлап алды. Жиырмасыншы жылдардың ортасына дейін көрінген романтизм /М. Жұмабаев, М. Әуезовтің алғашқы әңгімелері, Б. Күллев т. б. /ҚазАПП-тың құрылуымен. 1926-27 жылдардағы әдеби айтыста кеңесшіл ақын-жазушылардың «жеңіске»/ әрине, ресми идеологияның ойынан шыққаны үшін /жетуімен, ұлттық санадағы қаламгерлердің қудалануымен, кейінірек соцреализмнің бірден-бір бағыты ретінде қалыптасуымен әдеби процестен ысырылып тасталды. Соцреализмнің М. Горький, А. В. Луначарский секілді беделді теоретиктері тарапынан романтизм тек төңкерілісшіл, әрі социализммен, пролетариат өмірімен тығыз байланыста болуы қажет деп түсінідіріліп, бұл әдеби бағыттың өзге ағымдарын, өзге формаларын реакциялық, жеке басты күйттейтін дарашылдық дегендерімен ұштасып кеңестік әдебиетшілердің бұлжымас ережесіне айналды. Әлгіндей, әдебиетке жасалған тұрпайы әлеуметшілік науқандардың бірқатарын бастан кешірген М. Жұмабаев шығармашылығы негізінен романтизмнен айныған жоқ. Алдымен, оптимистік, кейіннен элегиялық, пессимистік, индивидуалистік, концервативті сарынды жат көрмеген ұлы ақын романтизмін - әдеби дамудың қол жеткен үлкен жетістігі өмірді шынайы, бар бояуымен көрсететін реализмнен арашалау немесе асыра дәріптеу ниетімен мақсатымыз орайласпайды, бұл арадағы біздің міндетке алғанымыз - бір ғана таптың тілегіне жұмсалуға міндетті болған, өмірді тек партияға ұнайтын қырынан ғана көрсетуге мүдделі болған реализм социалистік тәрбиеге қызмет етпей, шығармашылық еркіндігін, табиғатын сақтап, соның нәтижесінде үгіт-насихаттық емес, нағыз көркемөнер туындысын тудырған қаламгердің сол тұстағы қазақ әдебиеті үшін бағытты ұстануын, оған өз тарапынан жаңаша мазмұн, тың сипаттағы түр әкелгендігін баяндауда. Ал, оның қаншалықты жемісті, әрі дұрыс болғанын кешелі-бүгін танып жатқан Жұмабаев поэзиясының асыра мақтауға тіптен мұқтаж емес асыл да, айшықты беттері айғақтап отыр. Енді Мағжан романтизмінің жаңашыл сипаты неде? Көркемөнер тап құралы, партия құралы, партия қаруына айналған кезеңде қандай құнды сипатымен әдебиет ауасына тың самал желпіді деген сауал төңірегіне жетейік. Біздіңше, ақын романтизмінің кеңес тұсындағы бағалығы, әрі өзгелерге ұқсамайтын сонылығы - қарумен, дүрліктірумен, аштықпен бүтін ұлттарды бір қоғамдық формациядан, екінші бір қоғамдық бір сатыға төңкеріс арқылы өткізіп «жасанды бақыт» жасамақ болған әміршіл өкіметке өз идеясын ғана дұрыс деп санайтын демократиядан жұрдай партияға іштарта қоймауы, ұлттық тамырды жүрегіне мықтап ұстанып, тілегіне, арманына, тіпті кейде шындық болмыспен санаспай қиялына айналдыруы.
Құрбының көбі тез түлеп,
Топырлап топқа шапқанда,
Жапанда жалғыз күңіреніп
Мен ойыма ергемін, -
деуі жоғарыдағы пікірімізге дәлел бола алса керек. Міне, осындай ұлттық дүниетанымынан туған романтизм - бұл әдеби бағыт ұлт санасының өсуімен, бостандық идеясымен тікелей байланысты - ақын әкелген бірнеше үлкен жаңалыққа меңзейді. Біріншіден, сөз өнерімізде бұл әдеби бағытты аяқтандырады. Бұл ұғымға осы бағытты жан-жақты және өзіне дейін болған тәжірибелерді мейлінше толымды түрде орнықтырды деген мәселе сыйса қажет-ті. Өмір шындығын бейнелеудің осы тәсілін жетілдіру, жаңа суреттер салу, жаңа бейнелер сомдау көркемдік саладағы аз олжа болмасы хақ. Екіншіден, поэзиямыздың идеялық-тақырыптық көкжиегін кеңейтті. Бұрындары да бар махаббат, көңіл-күй, саяси-әлеуметтік, тарихи т. б. - өмірлік жайттарды жаңа мазмұнмен байтты. Соның барысында қазақ поэзиясы Мағжан арқылы қазақ қоғамының бұрын айтылса да терең көріне бермеген тұстарына барлау жасады, кейбір жалпылама айтылғандарды көркем кестемен нақтылай түсті. Үшіншіден, ақын романтизмі өзіне етене жақын элегия, лиро-эпикалық поэма, мифтік-фольклорлық мазмұндағы поэма, интимдік лирика, баллада секілді жанрларды жаңаша қырынан танытты немесе тыңнан қосты, яғни жаңа мазмұн жаңа түрді қажет етті, әрі тапты да.
Әдебиетіміздегі романтизм тарихына көз жіберсек жазылған мекені мен мерзімі есте қалмаған фольклор үлгілеріне барып тірелді, ал, әдебиетіміздің тарихында оның көрінуі - ХІХ ғ. алғашқы жартысы. Махамбет, зар заман ақындары, одан бері де Ақылбай ме Мағауия шығармалары. Осы аталған ақындардың романтизмнінің түрін /ағымын/ ажыратар болсақ, онда Махамбеттің шаруалар көтерілісіне дейінгі оптимистік - төңкерісшіл және көтерілістен соңғы элегиялық романтизмі, Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың, Әбубәкір Кердерінің өткенді идеяландыру сарынындағы консервативті, отаршылдыққа қарсылыққа толы романтизмі, кемеңгер ақын ұлдарының адамның жеке басының мүмкіншіліктерін көрсету үшін әдеттегіден тыс оқиға алып жеке адамдар мінездерінің айрықша қасиеттерін бейнелейтін / «Медғат-Қасым», «Дағытан» /индивидуалистік романтизмі деп жалпылай сипаттама жасауға болар еді. Оған ХХ ғ. басындағы Шәңгерейде кездесетін элегиялық күйлерді, Б. Күлеевтің интимдік әуендерін қосайық. Осы аталған мазмұндағы романтизм ағымдарын М. Жұмабаевтан молынан ұшыратамыз. Бұл Мағжан поэзиясында қазақ романтизміне тән барлық белгілер көрінді деген түсінікті қалыптастырады. Жоғарыда айтылған ішкі ағымдарға қоса ол романтизмге, мифтік-фольклорлық, демократтық, субьективтік белгілерді дарытты.
Көркемөнердегі, оның ішіндегі әдебиеттегі жаңа мазмұн қаламгер өмір сүрген дәуірдің тарихы, қоғамдық-әлеуметтік шарттарынан барып туады десек жаңа сөз айтқан болмаймыз. Тек айтылған заңдылықты өз мақсатымызға орайластырған боамыз. Төңкеріс қарсаңындағы Жұмабаев поэзиясы отаршылдыққа қарсылық идеясына толы болды. Зерделі оқырман: «Мұның несі жаңалық, ХІХ ғ. поэзиясында бұл идея молынан көрініс берді» - дер. Мәселе, Мағжанның әдебиетіміге әлгіндей идеяны әкелуінде емес, оны өз дәуірінің сұранысына орай жаңаша мазмұнда жырлауында. Оның жыры Шортанбайдың:
Ағашты тауға үй салып,
Алды кәпір ақылдап.
Елді еркіне қоймады,
Буыршындай тақымдап
немесе Дулаттың:
Еркінше өскен қайран ел,
Дәулеттің бейне шалқар көл,
Айдынның бейне асқар бел
Ботадай бұла өскен тел,
Енді келіп қамалдың
Орыс салған қу тамға . . .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz