Иассауи және оның заманы


ИАССАУИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ
XII ғасырларда жасаған атақты сопы, философ, ғұлама ғалым, ақын Қожа Ахмет Иассауи Иасы (қазіргі Түркістан) шаһарының маңындағы Испиджәп (қазіргі Сайрам) қаласында дүниеге келген. Оның анасы шейх Мұсаның қызы Қарашаш болса, 1 әкесі Ибраһим 2 де өз заманының білікті адамдары еді. Мұндай орта Иассаудиің оқу-білімге ерте жастан-ақ құштар болуына әсерін тигізбей тұрмады. Бір хикметінде "Алты жаста тұрмай қаштым алаяқтан, Көкке шығып дәріс үйрендім мәләйіктен" (14-х) -деп көрсетуі осы жайды анғартса керек. Өзге оқушылардан зеректігімен, ойшылдығымен ерекшеленген Ахмет Иассауиді атақты сопы Арыстан Баб өзіне шәкірттікке алады. Бұл оқиға Иассауи жеті жасқа толғанда болған. Шамасы осы кездері Ахмет Иассауи әке-шешесінен айрылып, жетімдік тауқыметін тартып жүрсе керек. Сондықтан болар Арыстан Баб оның ұстазы, білім сапарындағы жетекшісі ғана емес, сондай-ақ әке орнына әке болып, қанатының астына алып, тәлім-тәрбие беруші, қамқоршысы ретінде кеңінен мағлұм.
Бұл кездесудің Иассауи өмірінің таңдауын белгілеп, болашағына үлкен әсер еткендігі анық. Олай дейтініміз, осы оқиға Иассауиге қатысты аңыздарда да, хикметтерінде де ерекше аталып, жан-жақты сипатталады:
Жеті жаста Арыстан Бабқа қылдым сәлем,
Хақ Мұстафа аманатын қылды әнғәм,
Осы халде мың зікірін қылдым тәмам,
Нәпсім өліп, Лә-мекенді ашты міне.
Құрма беріп, басымды сыйпап назар қылды,
Бір мұрсатта ақбы сырына сапар қылды,
"Қош" деп, бұ дүниеден кезер қылды,
Мектеп барып, қайнап толып тасыдым міне. (3-х. )
Хикметте сөз болатын құрма-Алла аманаты жайында ел ішінде мынадай аңыз кең тараған: Алла тағала Жәбірейілге жәннәт бағынан құрма теріп кел деп бұйырады. Ол құрманың бір табағын жинап келе жатқанда, табақ ішінен бір құрма жерге түсіп кетеді. Жәбірейіл құрманы қайтармақ болып әрекеттенгенде, Алла тағала былай дейді: "Бұл құрманы Мұхаммед пайғамбар асхабтары арқылы өзінің үмбеті Ахметке тапсырсын". Бұл жарлықты естіген Мұхаммед пайғамбар асхабтарын түгел жинап алып, жайды түсіндіреді де, "Алла аманатын кім тапсырады?" деп сауал қояды. Ешкім батпаған соң іштеріндегі біраз жасқа келген Арыстан Баб шығып: "Мен табыстар едім, бірақ ғұмырым жетер емес", -деп жауап қатады. Сонда пайғамбар: "Алла аманатын тапсырғанша жасай бересің", -деп, құрманы Арыстан Бабқа табыстайды. Сөйтіп аңыз-әңгімелерге сенсеқ Арыстан Баб құрманы ұртына сақтап, бір аңызда төрт жуз, бір аңыздарда жеті жүз жыл ғұмыр кешкен делінеді. Иассауидің өз хикметінде (Төрт жүз жыл ұртыма сақтап жүрдім мен саған (114-х. ) ) Арыстан Бабтың төрт жүз жыл ғұмыр кешкені айтылады. Әрине, шындыққа жүгінсеқ мұнша ғұмыр кешу адам баласына мүмкін емес, бірақ ескерусіз қалмайтын бұл сан мәні неде деген сұраққа мынадай болжам келтіруге болатын сияқты: Ахмет Иассауи жеті жасқа толғанда (егер ол 1083 жылы туылған деп есептесек), онда Мұхаммедтің өлімінен кейінгі уақыт -458 жылға тең. Мұндай оқиға, яғни, Алла аманатын Арыстан Бабқа тапсыру шамамен ислам діні үстемдік ала бастаған кездері, яғни, 620 жылдары болды деп болжасақ, онда аралық уақыт 470 жылға тура. Бұдан байқалатыны жетпіс жасында Арыстан Баб құрманы тапсыруды міндетіне алса, қалған төрт жүз жыл құрманы Ахметке сақтап, жеткізу үшін берілген қосымша ғұмыр. Иассауи ұстазы жайында өзінің хикметінде мынадай мәлімет береді:
Сахабалар айтыпты: Арыстан Баба атыңыз,
Арабтардың ұлысы, пәкиза дүр затыңыз (114-х. ) -
Сегізімде сегіз жаннан жол ашылды,
"Хикмет айт" деп, бу басыма нұр шашылды. (14-х. )
Жеті жасымда Арыстан Бабам Түркістанға келділер,
Басым қойып жыладым, халім біліп күлділер,
Мың бір зікірді үйретіп, мейірбандық қылдылар,
Арыстан Бабам сөзін есітсеңіз - тәбәрік. (114-х. )
Жылап айттым: Ай баба жас бөбекпін, білмеспін,
Көріңізді қазармын, көрге қалай салармын,
Хақ Расулдың сүннетін нешік оны білермін. (114-х. )
Бұл хикметтен Арыстан Баб қайтыс болғаннан кейін Ахмет Иассауиді "тәбәрік", яғни улы бабадан бата алған деп марапаттағанын байқаймыз. Шамасы Арыстан Баб жас шәкіртіне пір болып үлгірмейтінін сезгендіктен, Ахмет Иассауиге "тәбәрік" хирқасын кигізіп, сопылық оқуға, өзінің ізбасарлығына батасын берген. Бұл тәбәрік хирқасының мағынасын түсіну үшін Иассауи замандасы, атақты сопы Шихабаддин ас-Сухравардидің жазбасына тоқталайық: "Маған хирқаның екі түрі белгілі-ирада және тәбәрік хирқалары. Хирқаның бірінші түрін жетекшілер өздерінің шәкірттеріне арнайды, ал тәбәрік хирқасы алғашқыға ұқсас, бірақ айырмасы - біріншісі нағыз муридтерге кигізілсе, екіншісі мүтәшәббихке, яғни сопыларға еліктеушілерге кигізіледі. Хирқаның мазмұны мынада: оны киген шәкірт әкесіне бағынған баладай, шейхтің қол астына кіреді, ал хирқаны кигізген шейх құдай берген даналығымен оны тәрбиелеуге міндетті. " 4 Шамасы еліктеушілер қатарына көбіне жасы кіші жасөспірімдер жататын болу керек. Осы мағлұматты ескерсеқ Иассауи өзінің ұстазынан ресми түрде орнына ие болуға бата алып, діни қызметін жалғастырушысы болып тағайындалған. Бірақ Арыстан Бабтың өлімінен кейін Ахмет Иассауидің балалығын сылтауратып, діни орта оны қабылдамай, шеттеткен сияқты. Бұл шеттетілудің мәніне тереңірек үңілсек, сол кездердегі сопылық идеялардың қудалануына байланысты екенін білеміз. Суфизмді зерттеуші ғалым К. Тәжікова бұл процестің қарқындауын ресми дінге қатысты суфизмнің оппозициялық ролінің артуымен түсіндіреді: "Ортағасырлық Қазақстан жағдайында суфизм оппозициялық үстем идеологиялық сипат алды, сондықтан да В. В. Бартольд былай деп жазды: "жазба деректерде сол кезде түріктердің қолына көшкен Мавреннахрда сопылар қуғынға ұшырағаны жазылған. Әбу Саид шейхтың өмір сүрген кезінде "Бограхан (қараханид әміршілерінің алғашқыларының бірі-К. Т. ) билік құрған уақытта Мавреннахр сопыларының көзін жойғысы келді", бұл аймақтан бірнеше шейхтар жасырын түрде Мервке қашып барды" (Бартольд В. В. Сочиненине. Т. 2. Ч. I. С. 235) . Бұл сияқты қуғын-сүргін жайлы Ясауидің өзі де жазады: "Мансұр сияқты мен де "аналь-хаққ"-ты айтып, осыным арқылы жанжал туғыздым". (Ясави Ахмед Диване хикмет. С. 19) Осы келтірілген мысалдардан Ясауидің суфизмнің оппозициялық бағытына жатқаны үшін ресми дінбасылар тарапынан қуғын көргенін шамалауға болады . Сондықтан Иассауидің 'Қуанбадым бұ сөздерге қаштым шөлге" (14-х. ) деген хикмет жолы ұстаз орнын жоқтаған, жалғызсыраған шәкірт көңілін білдірсе, және де осы кездері суфизм өкілі болған Ахмет Иассауидің ресми дін тарапынан қыспаққа алынғанын байқатады. Оның біраз жылдар ел-жұрттан бойын аулақтатып, жапан далада тақуалық күй кешуге мәжбүр болғаны сезіледі. Бірақ жас та болса, мойымай, ұстаз сертін аяқ асты қылмай, сенімін, үмітін ақтауға талаптанған Иассауи өзін-өзі былай қайрайды:
Он жасында ұлан болдың Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа сенім артпай қыл тағат,
Қожамын деп, жолда қалсаң, дад қасірет?
Ол себептепен алпыс үште кірдім жерге (14-х. )
Бұл жерде Иассауи "қожамын" деп көрсетуінде, қожа әулетіне қатыстылығынан бұрын, ислам дінін жетік білуші деген мағынада Қолданған. Өйткені, біріншіден, Арыстан Баб қожа әулетіне жатқандықтан, оның қолында өскен Ахмет Иассауи де өзін қожа деп санауы мүмкін екіншіден, орта ғасырларда молда, имам, жалпы дін жолын ұстанушылар тек қожалардан қалыптасып, мұрагерлік кәсібін сақтап отырғандықтан, дін тарапынан болатын түртпектерден сақтануда өзін қожа деп атау қалыптасуы да ықтимал. Үшіншіден, ел ішінде көзі ашық білімді адамдарды қожа-молда деген атаумен атағаны белгілі.
Егер де Иассауидің тегі қожадан болса, біздіңше, онда құрма окындағы аңыз туындамай, қалың ел ішінде оның тегі кеңінен танымал болмас па еді. Жалпы Иассауи тағдырына үңіле қарасақ, ол ислам дінін түркі тілінде сөйлету күресінен гөрі, ислам дінін түркі тегі тұрғысынан түсіну үшін, түркі сана-сезіміне мұсылманшылықты сіңдіру үшін күрес жүргізген сияқты. Неліктен түркі тілін жетік білетін Арыстан Баб ислам дінін түркі тілінде сөйлетпейді? Өйткені, ол Құранды түсіндіруші, уағыздаушы ғана дәрежесінде көрінді. Ескі салт-дәстүрді қатаң сақтаушы қожалар сопылықты құшақ жая қарсы алған жоқ, сондықтан да тарихта Арыстан қожа емес Арыстан Баб жасаған. Сопылықтың түркілік бастамасын салу үшін түркі тууы қажеттігін тарихтың өзі белгіледі. Сондықтан Иассауи өзін қожа деп көрсетуінде, тегі емес, Арыстан Бабтың мұрагері және де қажылыққа қатысты атағы, лауазымы деп түсінуіміз керек.
Иассауи ел ішінде сыйға, беделге ие болып, әулие деген атақпен Арыстан Бабтың нағыз орынбасары екеніне халықтың көзін жеткізеді. Оның "Он жетімде Түркістанда жүрдім міне" (15-х. ) -деп, нақтылауында діни ортаның, ресми дінбасыларының Иассауиді Арыстан Бабтың жолын жалғастыруға хұқылы екенін мойындап, Түркістанға жеңіспен қайта оралуын аңғартса керек.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz