Құлшылық құпиясы


Пән: Дінтану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 150 бет
Таңдаулыға:   

Сафвет СЕНИХ

ҚҰЛШЫЛЫҚ ҚҰПИЯСЫ

Аударған: Құдайберді БАҒАШАР

«Алтын қалам»

Алматы, 2007

ББК 86. 38

С 35

С 35. Сених С

Құлшылық құпиясы / Түрік тілінен ауд. :

Қ. Бағашар, 2-бас. - Алматы 2007. - 186-бет.

ІSBN 9965 - 855 - 03 - Х

Кітапта Ислам дініндегі бес парыздың қоғам өмірін реттеуде алар орны, сондай-ақ өзіміз күнделікті аса мән беріп байқай бермейтін дәрет, ғұсыл, тазалық пен аяқ-қолды жуудың тән саулығына игі әсері, медициналық тұрғыда мисуак, намаз уақыттарының астарындағы сыр, күнә психологиясы, дұғаның рухани әсері, нәпсіні тізгіндеу, ораза мен зекеттің кең көлемді пайдалары ғылыми зерттеулер негізінде тартымды әрі жүйелі түсіндірілген.

Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

ББК 86. 38

ІSBN 9965 - 855 - 03 - Х

© “Алтын қалам” баспасы, 2007

Алғы сөз

Шетсіз, шексіз таңғажайып мына әлемге аяқ басқан пенде оның сылдырап аққан мөлдір суын ішіп, жұпар ауасымен тыныстап, құнарлы топырағында өскен сан түрлі дәмі тіл үйіретін жеміс-жидегінен дәм тата отырып, осы бір дархан даланы, қасиетті жер бетін ырысы бір түгесілмейтін берекелі дастархан кейпінде жаратқан Ұлы да теңдессіз Жаратушысын ойламауы әсте мүмкін емес. Осы бір тұңғиық ой оны сол өзіне берілген рызық-несібе үшін разылығын білдіріп, шүкіршілік етуге жетелейді. Адам баласы өзін жаратып, сан түрлі нығметке бөлеген Раббысына деген шүкіршілігін тек тілімен ғана емес іс-әрекетімен, нақтырақ айтқанда, құлшылығын атқаруымен дәлелдеп жайып салады. Оған қоса, Құран тереңіне үңілген сайын сол өктем жаратушының «Мен жындар мен адам баласын Мені танып, өзіме ғана құлшылық қылсын деп жараттым» (Зарият сүресі, 56-аят) деген әмірін ұшырастырғанда, өз жаратылысының асыл мақсұты Құдай алдында құрақ ұшып құлшылық жасау екендігін тереңнен сезініп, жақыннан ұғына түседі.

Иә, адам баласы санамен саралап, ақыл-парасатымен пайымдағанда өзінің текке жаратылмағандығын сезеді. Маңайындағы әрбір ақыл-ой, санасыз жаратылыстардың өз міндетін мүлтіксіз орындап, адам баласының қызметіне жарауы - оның кімнің қызметіне жүгіруі керектігі төңірегінде ой салады. Сол сәт тағы да Құран аятының сырлы мазмұны таңдайына нәр тамызып, ойына ой қосады: «Біз сендерді бостан-босқа жараттық деп ойлайсыңдар ма? Кері қайтарылмаймыз дейсіңдер ме? (Мүминун сүресі, 115-аят) . Рас. Адам баласы мән-мағынасыз текке жаратылған жоқ. Ақыл-ой, сана-сезімі арқылы Жаратушысын тапқан ол саналы түрде құлшылық жасауға ниет етеді. Өйткені құлшылық жасау - пенденің ең әуелгі міндеті. Аллаһ Тағалаға деген құлшылық тек адамға ғана емес, барша жаратылыс иелеріне де тән. Періште атаулы, ұшқан құс, жүгірген аң, теңізде тулаған балық, тіпті тау-тас та құлшылықтарынан әсте ауып көрген емес. Құлшылыққа деген құлықсыздық пен еренсіздік, ғибадатқа деген селқостық пен салғырттық, кежегесі кейін тартқан жалқаулық, еш нәрседен қаперсіз бейғам тіршілік кешу - жер бетіндегі ойлы, есті пенде үшін жараспайтын қылық. Аллаһ алдындағы парыздарын өтеп, адал ғұмыр кешу, жақсылыққа үйір болып, жамандыққа баспау, ешкімнің ала жібін аттамастан адамгершілік пен имандылықты ту етіп жаратылыстың тылсым сырын зерделеу, риясыз көңіл, шын ықылас-пейілмен құлшылығын қалтқысыз атқару - исі мұсылман баласына тән абыройлы міндет, асыл қасиет. Ал осы ғибадаттың берері не? Оның тереңдігі неде? Сыр-құпиясы қайда жатыр? Жоқ, дене шынықтырудың бір түрі ме? Міне, бұл кітапта осы төңірегінде үлкен ой қозғалады. Ғибадаттың мәні де, мазмұны да, мағынасы, астары да бөлек өзінше бір дүние екендігі оқырманға егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ Аллаһ Тағала алдындағы міндет болып табылатын ғибадаттың заттай, әсіресе, рухани салада адамға көп көмек беретіндігі тілге тиек етілген. Исламның бес парызы: ораза, намаз, зекет, қажылықтың тек адамның жеке басына ғана емес, тұтастай қоғам өмірін жүйелеп, өзара бейбіт өмір қалыптастыруда үлкен рөл ойнай-тындығы келісті түсіндірілген.

Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінің ішкі, түйінді мағынасын ашуда дәлел ретінде бүгінгі таңдағы сан салалы ғылыми медициналық зерттеулердің нәтижелеріне сүйенуі - кітаптың басты ерекшелігі. Оған қоса, күнделікті өмірде өзіміз аса мән беріп байқай бермейтін дәрет, ғұсыл, тазалық пен аяқ-қолды жуудың тән саулығына игі әсері, мисуактың медициналық тұрғыдан зерттелуі, намаз уақыттарының астарындағы сыр, күнә психологиясы, дұғаның рухани әсері, нәпсіні тізгіндеу, ораза мен зекеттің кең көлемді пайдалары т. б. қазіргі қазақ қоғамы үшін расында да соны, тың дерекке жатады.

Түрік ғалымы С. Сенихтың бұл кітабы бұрынырақта да «Ғибадат ғажайыптары» деген атпен Рафаэль Дәулетқажыұлының аударуымен шыққан болатын. 2001 жылы 3000 таралыммен басылған кітап талай адамның иманын жаңалап, мұсылманшылығының артуына себеп болды. Аталмыш кітап бүгінгі таңда Құдайберді Бағашардың аударуымен «Алтын қалам» баспасынан қайта жарық көріп отыр.

Құрметті оқырман қауым! Қолдарыңыздағы кітап жүрек жылуын арттырып, иман шуағын еселей түсер деген сенімдеміз.

Нұрдәулет Ақыш Бабиханұлы ,

Жазушылар Одағының басқарма мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

НАМАЗ

Намазға дене шынықтыру ретінде

қарау дұрыс па?

Намазға көп ретте дене шынықтыру жаттығуы ретінде қарайтындар да баршылық. Осы бір қате түсініктің ара салмағын бағамдау мақсатында Түркиядағы Хажеттепе жедел жәрдем орталығының басшысы доктор Тимучин Алтуғдың 1976 жылы «Hakses» журналында жарияланған мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік.

Бір қарағаннан-ақ намаз бен дене шынықтыру жаттығулары арасындағы айтарлықтай бес айырмашылықты байқауға болады. Олар:

  1. Бес уақыт намаз барысында 40 рәкат ерінбей-жалықпай иіліп-түрегелумен қатар, маңдай жерге тигізіліп 80 мәрте сәжде жасалады. Ал дене жаттығуымен айналысатын гимнастика шеберлерінің қаншауы күн сайын дәл осыншама қимыл-қозғалыс жасайды?
  2. Намаз жай, баяу оқылатындықтан жүрекке күш түспейді.
  3. Намаз күннің әр келкі уақытында оқылады. Гимнастикашылардың нешесі күн сайын бес бөлек уақытта дене жаттығуымен айналысады?
  4. Намаз тіршіліктегі дәм-тұзың таусылғанша, өмірдің соңына дейін - парыз. Ал өмірінің соңына дейін қай гимнастикашы дене жаттығуларын үзбей жасай алады?
  5. Намаз оқу үшін тазаланып, дәрет алу шарт. Кей жағдайларда бой дәретін (ғұсыл) алуды керек етеді. Ал гимнастикамен айналысу үшін ешқандай мәжбүрліктің болмайтындығы шындық.

Ал енді дәрігерге құлақ түрейік:

«Таңғы намаз 4 рәкат, түскі намаз 10 рәкат, екінді 8, кешкі 5, түнгі 13 рәкаттан тұрады». Барлығы-40 рәкат. Әр рәкат сайын екі рет сәждеге бас қою керектігін ескерсек, құлшылығын атқарған мұсылман адам толық есептегенде бір күнде сексен рет жығылып-тұрады. Ал гимнастикашылардың ешқайсысы күн сайын сексен рет мүлтіксіз түрде бұл қимыл-әрекетті атқара алмайды. Гимнастикашылар ертеңгі уақыттарда ғана жасалатын жиырма-отыз қимыл-қозғалыспен шектеледі. Жасаған қимыл-қозғалыстары жылдам болғандықтан көбінесе ентігіп, тез шаршайды, жүректері алқынады. Ертеңгілік уақыттан тыс кездері жаттығу тіптен жасалмайтын-дықтан, бұл жағдай денеде шамадан тыс колория жиналып, майлануға әкеледі. Намазда болса керісінше бар іс-қимыл өте баяу атқарылады. Ал қимыл-қозғалыстың баяу, жай орындалуы майлану мен денеге колория жиналуының алдын алады. Сондай-ақ намаздың бір мезгілде емес, әр түрлі уақытта атқарылуы адам бойын сергітіп, жүрекке салмақ түсірмейді.

Адам өмірінде қанның атқарар қызметі аса ерекше. Қанды тамыр-тамырмен қуалап, денеге түгелдей тарату қызметін жүрек атқарады. Ал бұндай істі атқара алу үшін жүрек ылғи да тың болу керек. Адамның өзіндік біршама қимыл-қозғалыс жасауы қан айналым жүйесін реттейтін жүректің қызметін едәуір жеңілдетеді. Бұған қоса, қанның клеткаларға тарауы дененің тың әрі сергек болуы тұрғысынан аса пайдалы. Егіні бітік шығу үшін үзбей суғарып, баптап күткен диқан тәрізді тканьдарда қан айналымы түзіліп, яғни әрбір клеткаға өз мөлшерінде қан жетуі қажет.

Мәселенің айшықтылығы тұрғысынан мына бір мысалды келтіре кетейік. Айталық, намаз оқудан ада күні бойы оқтаудай тіп-тік жүрген адамның қан айналымы мен күн сайын басын сексен рет жерге қойып, қырық рет жығылып-түрегеліп намаз оқыған адамның бойындағы қан айналымы бірдей емес. Екеуінің де жүрегінен басына таралатын қан мөлшері әр қалай болады. Бұл дегеніңіз, намаздың арқасында күн сайын сексен рет басына қан таралатын адамның бас терісіне де қан сексен рет толығымен барып отырады деген сөз. Ми қабыршақтары немесе менинкстер де (dura meter pia meter, arachoidea) намаз оқымайтындарға қарағанда намаз оқитындарда күн сайын сексен рет артық мөлшерде қанмен тазаланып отырады. Бұл дегеніңіз, қабыршақтардың үстіндегі айналма циркуляциясына тән синустардағы қан да намаз оқитындарда сексен рет артық айналымға енеді деген сөз. Есте сақтау және адамгершілік қасиетті қалыптастыру қызметін атқаратын мидың алдыңғы бөлігі намаз оқитындарда намаз оқымайтындарға қарағанда сексен рет артық қанмен тазаланады. Сол себепті, намаз оқитындарда есте сақтау қабілетінің нашарлауы, адамгершілік қасиеттен айрылу секілді келеңсіз жағдаяттардың анағұрлым аз кездесуі-сөзіміздің бірден-бір дәлелі. Өмір жасы ұзақ болумен қатар бұндай кісілер «Demans senil» деп аталатын ақыл-естен алжасуға ұшырамайды. «Demans Proces» алжуына шалдыққан адамға жасаған операция кезінде «фронтал лоп» яғни мидың алдыңғы бөлігі кесіліп алынған. Миы күніге сексен мәрте қанмен тазарған адам қай жаста болмасын алжуға ұшырамайды. Міне, осы себепті намаз оқитын қарт кісілерде көп жасқа келгеніне қарамастан алжу, ақыл-естен алжасу оқиғалары кездеспейді. Ал керісінше жастары келмесе де аурудан төсек тартып, алжып, үлкен-кіші дәретін өздігінен атқара алмай басқаға күні түсетіндер негізінен намаз оқымайтындарда кездеседі. 1

Адам қалауымен жасалатын іс-әрекет, қимыл-қозғалыстарын, оның адымдап жүруін қамтамасыз ететін орталық «париетал лоп» болып табылады. Күніге сексен рет сәжде жасалғанда, бұл «париетал лопқа» да сексен мәрте қан барады. Көру, есту, иіскеу, дәм сезу орталықтары осиипитал яғни мидың артқы бөлігінде орналасқандықтан бұның да намаз оқитындарда намаз оқымайтындарға қарағанда сексен рет қанмен тазаратындығы белгілі. Тепе-теңдікті қадағалап, қамта-масыз ететін мишық пен ми құрамына түгелдей қан баратындығын түсіну үшін міндетті түрде дәрігер болудың еш қажеті жоқ. Бұған мына бір мысалды айтсақ та жеткілікті. Дәріхана сөресінде бір орында неше жылдан бері тұрған дәрінің әсері мен сол дәріні сексен мәрте шайқап барып қолданғандағы әсер бірдей емес. Шайқаған сайын дәрінің құты ішінде еркін таралып, жақсы араласып, гомогенге айналып, анағұрлым жақсы әсер ететіндігі анық.

Намаз оқитындар жердегі сәжде нүктесіне сексен рет көз түйістіретіндіктен көздегі қан айналым жүйесі де өзіндік артықшылықтарға ие болады. Көздің ішкі қан қысымы артпайды, алдыңғы камерадағы (қарашықтағы) сұйықтықтың ұдайы ауысып отыруы қамтамасыз етіледі. Осыдан барып намаз оқитындарда глоком секілді т. б. қауіпті көз ауруларының неғұрлым аз кездесетіндігі анықталған. Құлақтағы толыққанды қан айналым мен фронтал, этмоидал, сфендоидал және максиллер синус секрецияларының оңай түзілуі күн сайын сексен рет маңдайын сәждеге қойып намаз оқитындарда барынша жеңіл жүзеге асып, көп мөлшерде синузит пайда болуының алдын алуда.

Намаз оқитындарда жұтқыншақ пен тіс еттерінде де қан таралымы ретті болғандықтан бұл жерлерде қоздайтын әр түрлі ауруларды болдырмайды. Бұған қоса мойындағы «Iymh ganglion»-дары мен жүйке ұштарына қанның жақсы жетуі де тек намаз оқитындарда ғана кездесуде. Көп ауруларда өкпенің жоғарғы тұсына, «апекстерге» қан жақсы бара бермейтіндіктен «түберкүлез каверндері» көбінесе осы тұсты иектейді. Ал намаз оқитындарда 80 рет өкпелерінің жоғарғы тұсында өте жақсы қан таралымы жүзеге асатындықтан оларда өкпенің «апекс каверндері» де намаз оқымайтындарға қарағанда өте аз. Намаз оқығандағы бұл қимыл «плеврадағы» сұйықтықты сіңіріп жою (reabsorbsiyon) тұрғысынан аса пайдалы. Намаздың диафрагма астындағы дене мүшелеріне жақсы әсер етуі асқазандағы қоректің жақсы қорытылуын, өт жолдарының бітелмей жақсаруын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, күн сайын намаз оқып бірнеше мәрте үздіксіз қимыл-қозғалыста болу «оментюмдағы» майларды азайтады әрі намаздағы барлық ритмикалық қимылдар ішек «перистализмін» көбейтіп, ішектердің жеңілдеуі мен үлкен-кіші дәреттің қиындықсыз жүруін қамтамасыз етеді. Дәл осы тұста намаз оқитындарда бүйрекпен қатар бүйрек үсті бездерінің де жақсы жұмыс істейтіндігін айта кету артық емес. Өйткені күн сайын намаздағы сексен рет жығылып-түрегелу бүйрек «пелвисинде» қалдық көбею мен тас жиналмаудың алдын алады. Намаз кезіндегі үздіксіз қимыл-қозғалыс бүйрек пен қоса зәр шығару жолдарының жақсы тазалануын қамтамасыз етеді. Қуықтың мезгілімен босап тұруына да көмегі зор.

Намаз оқыған адамда сан, тізе, тірсек, иық, қол буындары иіліп-бүгіліп үнемі қалыпты қимыл-қозғалысын үзбейтіндіктен ревматизммен қоса дегенеративті ауру атаулыдан аман болатындығы баршаға аян. Ондай ауру түрлері көбіне-көп құлшылық пен намаздан хабарсыз жандарда кездесуде. Ал соңғы айтып өткен намаздың адамды буын-буынға қатысты барлық аурулардан сақтауының өзі оның атап өтуге тұрарлық ең пайдалы тұстарының бірі2.

Намаз - құлшылық

А) Әркімнің өз бақылаушысы

Басқа тіршілік иелеріне қарағанда адам жеке-дара өте көркем бейнеде, аса таңдаулы кейіпте жаратылған. Көркем жаратылыс иесі болудан барып оның парасат-пайымы мейлінше кеңейіп, талғам-танымы барынша биіктей түседі. Сол себепті ол күнделікті тұрмыс-тіршілігінің, киім киіс, жүріс-тұрысының өзіне лайық болуын қалайды. Сондықтан ол әсемдік пен әдемілік атаулыға құмартады, не нәрсені қаласа да ең жақсысына, не нәрсені таңдаса да ең кісі қызығарлығына қол созады. Демек, ол өмірін адамдыққа сай абыройлы өткізуді қалайды. Алайда жападан-жалғыз өмір сүру адам баласы үшін о бастан мүмкін емес. Ол тумысынан топтасып, қоғам болып өзге адамдармен бірге өмір сүруге тәуелді. Өйткені адам білмеген нәрсесін басқалардан білуге, көрмеген нәрсесін басқалардан көріп-үйренуге, білім-тәжірибесін басқалармен бөлісуге мәжбүр. Алайда адам баласы топтасып өмір сүрген қоғамда ақылды, ақымақ, айлакер, қу, аңғал, арамза, күшті, әлсіз секілді неше түрлі адамдардың кездесетіндігі анық. Олай болса, жақсы-жаманды адамдар бірге жүрген жерде әділетсіздіктердің орын алмауы мүмкін емес. Оны реттеп отыру үшін мықты заң керек. Ал орындалмаса, заңның да пайдасы жоқ. Көбіне-көп адам бойындағы өшпенділік, қатыгездік, пайдакүнемдік әрекеттері ерікті-еріксіз түрде заңды белден басуға апарып жатады. Айтарымыз, заңмен бекітілген үкімдерді ел көзінше ғана орындау емес, тірі жанның көзінен тыс таса жерлерде де сол заңды мүлтіксіз атқара білуде. Олай болса жеке қалғанда да адам баласын жамандық атаулыдан сақтап, оның ар-ұятын таразылайтын бақылау жүйесіне деген қажеттілік туады. Әркімнің не істеп, не қойғанын артынан қадағалап, қарап жүретін бір-бір тәртіп сақшысын бекіту немесе жалдау мүмкін емес, сондықтан осы тұста әр адамның жүрегіндегі Аллаһқа деген сенімді нықтап, бұ дүниедегі әрбір ісіміз үшін ақыретте жауапқа тартылатындығымызды, қандай да бір жасалған жақсылық пен жамандықтың міндетті түрде қайтарымы болатындығы турасында сенім ұялатуға міндеттіміз. Бұл әр адамның Аллаһқа және ақыретке деген сенімін мейлінше күшейтуге тікелей байланысты. Ал ол сенімдер күнделікті бес мезгіл құлшылық арқылы орнығатыны сөзсіз. Өйткені имани үкімдерді күшейтіп, күнделікті дағды ретінде қалыптастыру ісі тек ғибадатпен ғана жүзеге асады.

Иә, Аллаһ Тағаланың әмірлеріне мойынсұнып, тыйымдарына жоламау ісі - құлшылық арқылы ар-ождан мен имандылық тәрбиесі қолға алынбаса, оның әсер-ықпалы да неғұрлым аз болары сөзсіз. Оған қазіргі ислам әлемінің жағдайы куә.

Ә) Хикмет сыры

Құлшылық жасаудың астарында бар ақыл-ой, сана-сезімді бір ғана ұлы Жаратушыға бағыттау жатыр. Шын ынта-ықыласпен Аллаһқа бет бұру оның әмірлеріне құлақ асып, мойынсұнуға жетелейді. Аллаһ Тағалаға бағынып, оның хикметі мол үкімдеріне бас ию адамды таңғажайып тәртіпке үйретеді. Адамның керемет тәртіп пен реттілікке берілуі әлемнің хикмет сырын тануына жол ашады. Өйткені қасиетті Құранға үңілсек, «Көктер мен жердің әскерлері Аллаһқа тән» (Фатх сүресі-4), «Үлкен-кіші барлық нәрсе Аллаһқа мақтау айтады» (Исра сүресі - 44) аяттарынан әлемдегі жанды-жансыз барлық нәрсенің Аллаһ Тағалаға тікелей бағынатындығын әрі сол арқылы ғаламдағы осыншама тіл жетпес нақышы мол әдеміліктер мен әсемдіктерді құрап отырғанын көреміз. Бұл жансыз дүниелер өздеріне Аллаһ Тағала дарытқан әсемдіктер мен қасиеттерді тағы да сол Жаратушыға бас ие отырып паш етуде. Егер Аллаһ Тағаланың құдіретіне мойынсұнбаған жағдайда әсемдік атаулының болуы мүлдем мүмкін емес еді.

Дәл осы секілді адам бойында да Аллаһ Тағала дарытқан сан алуан қабілет-қасиет бар. Ол жасырын қасиеттердің барынша ашылуы, бүр жарып көктеуі Аллаһ Тағаланың бұйрықтарын екі етпей бағыну арқылы ғана жүзеге аспақ. Өйткені әлемді өзінше бір үлкен кітап деп алсақ, Аллаһ Тағала адамды сол үлкен кітапты қамтитын кішігірім нұсқа, сондай-ақ он сегіз мың ғаламның түйіні ретінде жаратқан. Бұған қоса, өзіндегі әрбір көркем есім атаулының (әсма-и хұсна) бір ұшығын адам бойына аманат ретінде дарытқан. Егер адам баласы әрбір дене мүшелері мен ішкі сезімдерін Аллаһ Тағаланың бұйырғанына жұмсап, құлшылығын адал атқарса, Жаратушы тарапынан бойына аманат ретінде дарыған әрбір асыл қасиеттің ұшығы қылаң беріп, өзіндегі ішкі әлемге бейнебір терезе ашылғандай сырлы күй кешеді. Адам сол терезе арқылы өзінің таңғажайып әлеміне көз салмақ. Көз сала отырып адам сол әлемге түскен иләхи (құдайылық) қасиеттің, сол әлемде көрініс тапқан иләхи атаудың айнасы рөлін атқарады. Сол сәтте-ақ адам ішкі рух, сыртқы денесімен қос әлемнің: ғайып (көзге көрінбейтін жасырын) және көзімізге көрінетін мына әлемнің өзіндік мән-мазмұнына айналады. Яғни екі әлемге тән қасиеттер адам бойына да дариды. Осы тұрғыдан алғанда, адам Аллаһтың кемел қасиеттеріне ие бола отырып, сол қасиеттерді сыртқа көрсете паш етуші болып табылады.

Осы себепті Жаратушыға қарата айтылатын «Мен жасырын тылсым қазына едім. Мені танысын деп жаратылыс атаулыны бар еттім» деген құдси (қасиетті) хадисты Ислам ғұламасы Мұхиддин ибни Араби «Жаратылысты өзіме айна ретінде жараттым. Мен өз дидарымды сол айнадан тамашаламақпын» деп түсіндірген.

Б) Орталық жүйе іспетті

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Суфизм исламның мистикалық ілімі ретінде
Суфизмнің діни философиясы
Христиан шіркеулерінің кұрылуы
Ислам діні жайлы
Әбубәкір Боранқұлұлының шығармалары
Егемен Қазақстан – діни жаңаруы
Дін ең көне қоғамдық форма ретінде
Жаңа пұтшылдық феномені
Дін және адам туралы түсінік
Егеменді елдің діни басылымдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz