Жоғары оқу орнында студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері


ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА СТУДЕНТТЕР ТІЛІН ДАМЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
(қазіргі қазақ тілінің морфология саласы бойынша)
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттарының бірі - қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытуды жетілдіру, жақсарту. Оның бағдары - «дүниеге жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашылықпен ойлауға дағдыланған, мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол, білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру» [1], шебер сөйлейтін, шешен мамандарды дайындау.
Бәсекелестік өмір сүрудің басты шарты болып отырған өзгермелі кезеңде жоғары білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күшейіп отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында айтылғандай, жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде [2] . Осы ретте мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары алдында үлкен де салмақты міндеттер тұр. Бұл міндеттердің шешімі студеттерге мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламаларына сәйкес ғылым салаларынан білім берумен ғана шектелмейді. Жоғары мектепті бітірушілер болашақ кәсібін терең түсінетін, меңгерген білімін мазмұнды, дәлелді түрде, әдеби тілмен шебер жеткізе алатындай, тіл байлығы мол маман болып шығуы тиіс. Сондықтан жоғары оқу орнында оқытылатын қазіргі қазақ тілінің салалары арқылы студенттерді өз ойларын жүйелі, түсінікті етіп, шебер сөйлеу үрдісіне дағдыландыру маңызды мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ қазақ тілі маманы терең кәсіби білімімен бірге, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан тұлға болуы тиіс.
Қазіргі қазақ тілінің салаларын оқыту барысында студенттің кәсіби-әдістемелік даярлығын қалыптастыру тіл дамыту мәселесін де басты назарда ұстауды қажет етеді. Сөздердің грамматикалық сыр-сипатын, сөз тұлғаларының модельдерін дұрыс танып, талдай алатын, яғни меңгерген білімін іс жүзінде орынды пайдаланатын студент тыңдаушыға өз ойын айқын, анық етіп жеткізе алады. Бұл студенттің қазақ тілінің күрделі морфологиялық құрылымын тіл дамыту жұмыстары негізінде меңгеруі арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы студент тілін дамытуды бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраныммен сәйкестендірудің басты шарты ретінде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделеу қажеттігі туындап отыр.
Студент тілін дамыту тілдік қатысымдық іс-әрекет арқылы нәтижелі жүргізіледі, өйткені «тілдік қатынас - сөйлеу тілі арқылы түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге жеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді» [3, 211-б. ] . Тіл дамытудағы мақсат - қоғамда қазақ тілі арқылы еркін қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ету. Сондықтан тілді қарым-қатынас құралы ретінде оқытуда, үйретуд грамматика қарым-қатысты жүзеге асыратын тетік қызметін атқарады. Олай болса, студенттің ғылым саласынан игерген білімін тілдік қатынаста тиімді, орынды пайдалана білуге дағдыландыру - қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселе.
Халық тілінің қайнар бұлағы - шешендік сөздер, бейнелі сөздер, мақал-мәтелдер арқылы студенттердің сөздік қорын байыту тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асады. Ғасырлар бойы жинақталған тіліміздің байлығы студенттің ана тілін қастерлеп, тілдегі ұлттық рухты терең тануына мүмкіндік береді. Қазіргі қазақ тілінің морфология саласынан теориялық білім берумен қатар тіл дамытуды басты назарда ұстап, оны оқытуды тұтас әдістемелік жүйе ретінде зерделеу - қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі маңызды мәселелердің қатарына жатады.
Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесі университет қабырғасында алған білім, білік пен дағды-машықтың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке қол жеткізу мақсатын көздеп отыр. Бұл мақсаттың түпкі шешімі студенттің игерген базалық білімін мазмұнды да дәлелді етіп, әсерлі сөз орамдарымен жеткізе білуіне келіп тіреледі. Сондықтан жоғары мектепте студенттің қазақ тілінің салалары бойынша меңгеретін білімдері ауызша да, жазбаша да әдемі сөйлеуге дағдыландыратын тіл дамыту жұмыстарымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Олай болса, студенттің тілін дамытуды кәсіби біліктіліктің негізгі көрсеткіші ретінде дәйектеу зерттеудің өзектілігін нақтылай түседі.
Жоғары мектепте өндіріс пен нарықтың жылдам өзгеріп жатқан жағдайына бейімделген жаңа үлгідегі мамандар даярлауда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдермен жүргізілуі басты меже болуы тиіс. Сондықтан оқытуды ұйымдастыруда студенттің сөйлеу белсенділігін арттыратын, өз ойын ашық айтуға, пікір алысуға жетелейтін әдіс түрлерін қолдану тіл дамыту мәселесінің дұрыс шешілуіне жағдай жасайды. Бұл студенттің қазақ тілінің морфология саласынан меңгеретін теориялық білімі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте жүзеге асуының қажеттілігін айқындай түседі. Алайда, ғылым салалары мен тіл дамыту арасында тұрақты әрі табиғи байланыс болуға тиіс. Бұл өскелең жаңа өмір мұқтаждығы деген [4, 77-б. ] тұжырым күні бүгінге дейін өз дәрежесінде шешімін таппай келеді. Жоғары оқу орнында оқитын студенттер арасында тілдік нормаға сәйкес сөйлей алмайтындары кездеседі. Оның басты себептері - жоғары оқу орнында (қазақ тілі мен әдебиет мамандығы) қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда тіл дамыту жұмыстарына өз мәнінде көңіл бөлінбеген, бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдарында да тіл дамыту мәселесі нақтыланбаған. Бұл жоғары мектепте тіл дамытуды ғылым салаларын оқытумен байланыстыра зерттеудің әдістемедегі өзекті мәселе екендігін анықтай түседі.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы тұжырымдар болашақта мектептің белді тұлғасы болатын бүгінгі студенттің ғылыми білімді сапалы меңгеруі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте қалыптасуының әдістемелік негіздерін анықтаудың өзекті екенін дәлелдей түседі.
Зерттеудің мақсаты. Жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негізін тұжырымдау, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде жаңа технологияға сай тіл дамытудың әдістемелік жүйесін ұсыну, оның тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеу.
Зерттеу нысаны - жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамыту үдерісі.
Зерттеу пәні - жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамыту әдістемесі.
Зерттеудің міндеттері:
- жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда студенттер тілін дамытудың әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін дәлелдеу;
- морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамыту мәселесінің ұстанымдарын белгілеу;
- қазіргі қазақ тілінің морфология саласын жаңа технология негізінде оқыту барысында студенттер тілін дамытудың ғылыми әдіс-тәсілдерін анықтау;
- морфология саласы арқылы студенттердің сөздік қорын байытудың жолдарын анықтау;
- студент тілін дамытатын кешенді жұмыс түрлерін айқындау;
- студент тілін дамытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесін пайдаланып, студент белсенділігін арттыратын іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқы әдістеріне бағытталған тапсырмалар жүйесін жасау;
- студент тілін дамыту әдістемесінің ұтымдылығын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамыту белгілі бір жүйемен үздіксіз жүргізіліп, оларды шебер, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру кешенді жұмыстар мен жаттығулар негізінде ұйымдастырылса; оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы күтілетін білім нәтижелері студенттердің кәсіби сөйлеу шеберлігін дамытуға негізделсе, онда студенттердің тілін дамытудың, сөздік қорын байытудың нәтижесі мен мүмкіндігі арта түседі, өйткені морфология саласын оқыту арқылы ойлана шебер сөйлейтін, қазіргі заман талаптарына сай, бәсекеге тұра алатын, қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу, қалыптастыру жүзеге асады.
Зерттеудің жетекші идеясы. Жоғары оқу орнында ғылым салаларын оқыту тіл дамытумен тығыз бірлікте жүргізілгенде, студент қоғамдық-әлеуметтік ортада ойын еркін жеткізуге, әдеби нормада жүйелі, шебер сөйлеуге дағдыланады.
Зерттеудің әдіснамалық негізі . Ғылыми еңбекте педагогика, психология, лингвистика және қазақ тілін оқыту, орыс тілін оқыту, шет тілін оқыту әдістемесінің жаңалықтары, оқытудың жаңа технологиялары туралы ғылыми- әдістемелік еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдары негіз болды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында баяндау, бақылау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, жинақтау, талдау, тұжырымдау, талқылау, қорыту, эксперименттік әдістер қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы тіл дамытудың ғылыми-әдістемелік негізі тереңдетіліп, оның басты мақсаты студенттің шебер сөйлеуін дамыту нәтижесінде кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру екені дәлелденді;
- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша морфологияны оқыту барысында студенттер тілін дамытудың әдістемелік жүйесін сараптау арқылы студенттерді кәсіби шебер сөйлеуге үйретудің ұстанымдары ғылыми тұрғыда негізделді;
- студенттің болашақ кәсіби мамандығына сәйкес сөйлеу дағдыларын қалыптастыру бағытындағы тіл дамытудың жаңа әдістемелік жүйесі ұсынылды. Студенттің өзін жеке тұлға деп сезінуін қалыптастыру, белсенділігін күшейту, қызығушылығын арттырудың маңызы зор екені айқындалды;
- студент тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер нақтыланып, олардың түрлері, қолдану жолдары белгіленді;
- студент тілін дамытуда тілдік қатысым әдісі үлкен қызмет атқаратындығы анықталды;
- морфологияны оқытуда би-шешендер сөздерінің үлгісі арқылы студенттер тілін дамытудың ұтымдылығы дәлелденді;
- студенттерді ғылыми жұмысқа баулу арқылы ғылыми стильге жаттықтыруға, тіл терминдерімен сөздік қорын байытуға болатындығы және ол жұмыстардың студенттердің жазба тілін дамытуда маңызды екендігі анықталды;
- студенттің кәсіби тілін дамытуда, қалыптастыруда іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқының белсенді әдіс ретіндегі мүмкіндігі тәжірибе арқылы дәлелденді;
- жоғары оқу орнында морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі эксперимент арқылы тексеріліп, дәлелденді.
Зерттеудің негізгі кезеңдері.
Бірінші кезеңде (2000-2003жж. ) морфологияны оқыту арқылы студенттің тілін дамытудың ғылыми-теориялық негіздерін айқындау үшін педагогикалық, психологиялық, лингвистикалық, әдістемелік, шешендік мәселелері бойынша ғылыми еңбектерге талдау жасалды. Тақырып бойынша бақылау тәжірибесін өткізу үшін оқу материалдары жинақталды.
Екінші кезеңде (2003-2005жж. ) жинақталған ғылыми деректер мен әдістемелік материалдар тәжірибеде пайдаланыла бастады. Осыған сәйкес студенттердің тілін дамытудың жүйелі әдістемесі жасалды, тіл дамытуға арналған жаттығулар мен тапсырмалар түрлері нақтыланды, студенттер тілін дамытудың тиімді жолдары, амал-тәсілдері қалыптастырушы эксперимент арқылы сынақтан өткізілді.
Үшінші кезеңде (2005-2008жж. ) оқу экспериментінің жалғасуымен, яғни алынған нәтижелер тексеріліп, талданып, ғылыми-әдістемелік тұжырымдар жасалды.
Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы жалпы тілді оқыту әдістемесін толықтырады, осы мәселеде оны байытуға жаңа үлес болып қосылады. Зерттеу жұмысы жоғары оқу орындарында келешекте түрлі мамандық бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмысының әдістемесіне теориялық-әдістемелік негіз қызметін атқарады. Ғылыми еңбек жоғары оқу орындарында мамандардың тілін дамыту әдістемесінің дамып, жетілуіне әсер етеді, мәселенің дамуына жол ашып, үлгі болады.
Зерттеудің тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысын жоғары оқу орындарында арнайы курс оқуға, арнайы семинар сабағында қолдануға болады. Еңбектегі өзекті мәселелер әдістеме саласы бойынша оқулық, оқу құралдарын жазуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, әдістеме ілімі бойынша зерттеу ісімен айналысып жүрген аспиранттар, ізденушілер, магистранттар, оқытушылар пайдалана алады.
Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы негізге алынған теориялық қағидалардың әдіснамалық тұрғыдан сараланып талдануы арқылы танылады. Зерттеудің мақсат-міндеттері мен оның жүйесіне сәйкес алынған зерттеу әдістері, көрсетілген нәтижелері жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде тиімді қолданылуына негіз бола алады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- жоғары мектепте морфологияны оқыту арқылы студент тілін дамыту қазақ тілі маманын даярлаудың сапасын арттыруға, білікті, іскер маман даярлауға мүмкіндік береді;
- морфологияны оқыту барысында студенттер тілін дамыту жұмысында оқытудың жаңа әдістерін қолдану қажет. Тіл дамытуда қатысымдық әдіс, көрнекілік әдіс, саяхат әдісі т. б. әдістерді кіріктіре пайдалануға мүмкіндік мол;
- студенттердің кәсіби шебер сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әдістемелік жүйе дидактикалық ұстанымдармен қатар, тіл дамытудың арнайы ұстанымдары арқылы жүргізілсе, нәтиже сапалы болады;
- тіл дамыту жұмыстарын түрлендіріп отыру студенттердің сөйлеу шеберлігін жетілдіруге ықпал етеді;
- морфологияны оқытуда студенттерді ғылым жаңалықтарымен таныстыру олардың сөз шеберлігін қалыптастыруға бағытталуы тиіс;
- жоғары оқу орнында тіл дамыту тіл білімінің барлық саласымен байланысты болғандықтан, тіл дамытуды тіл теориясымен де, практикалық сабақпен де байланысты жүргізуге болады;
- морфологияны оқытуда студенттердің тілін билердің шешен сөздерінің үлгісімен, ғылыми жұмысқа баулу барысында, іскерлік ойын, ойбөліс, ойталқы арқылы дамыту жақсы нәтиже береді;
- морфологияны оқыту барысындағы тіл дамыту жұмысын білім беру, тәрбие жұмысымен байланысты жүргізу қажет;
- білікті, іскер әрі сауатты, шебер сөйлейтін, қазіргі заманның талабына сәйкес ісіне сөзі сай маман дайындау тіл дамытудағы кешенді жұмыстар арқылы іске асады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары, нәтижелері халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамаларда талқыланған.
Зерттеу жұмысының мазмұны, тұжырымдары шетелдік басылымдарда - Жөнге ұлттары (Қытай), Кыргыз аграрлык университетинин жарчысында (Бишкек), Педагогик таьлим (Ташкент) және Қадағалау мен аттестаттау Комитеті бекіткен тізімдегі республикалық басылымдарда: «Ізденіс», «Ұлт тағылымы», «Ұлағат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан кәсіпкері», «Қазақстан мектебі» журналдары мен Қайнар университетінің, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың хабаршыларында жарық көрді.
Диссертация жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының және диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік семинардың кеңейтілген мәжілісінде талқыланған.
Диссертация бойынша 1 монография, 6 мемлекеттік білім стандарттары, 8 типтік оқу бағдарламалары, 3 оқулық, 10 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік құрал, 41 ғылыми мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы . Диссертация кіріспеден, төрт тараудан және қорытындыдан, сілтеме жасалған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері, болжамы, әдіснамалық негіздері, жетекші идея мен зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп, қорғауға ұсынылатын қағидалар мен еңбектің теориялық, практикалық маңызы тұжырымдалған.
«Қазақ тілін оқыту жүйесіндегі тіл дамыту мәселесінің теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарау үш тармақтан тұрады: 1. Қазақ тілін оқытуда тіл дамыту әдістемесінің бастау көздері. 2. Оқыту жүйесіндегі тіл дамыту мәселесінің зерттелу жағдайы. 3. Жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамытудың мазмұны мен арнайы ұстанымдары. Мұнда тіл дамыту мәселесінің зерттелуі мен оның бастау көздері ретінде Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Т. Шонанұлы еңбектеріне тақырып тұрғысынан сараптама жасалды, сондай-ақ студенттер тілін дамытудың мазмұны және ұстанымдары жайында баяндалады.
Ы. Алтынсариннің еңбектерінде тіл дамытуға ерекше көңіл бөлінген [5] . Ағартушы әр сөз табына қатысты сөздерді меңгерту оқушылардың грамматикалық ережелерді дұрыс түсінуге септігі тиетіндігін, әрі сөздік қорлары толығып, тілі дамитындығын, сөздік қорды байытуда қызықты әңгіме айту, сөйлесудің маңыздылығына назар аударған. Жоғары оқу орындарында жаттығу мәтіндерінің теориялық тақырыптарға сай болуымен қатар, тәрбиелік жағына да көңіл бөлінуі тиіс. Ы. Алтынсарин оқулықтарынан басталған мәтінге қойылатын талап жоғары мектеп оқулықтарына да негіз болады.
А. Байтұрсынов та бұл мәселеге көңіл бөлді, яғни ғалым оқулықтарында тілдің теориялық жағын меңгертумен қатар, тіл дамыту жұмыстары да қамтылған. Мысалы, «Тіл-құралдың» бірінші бөлімінде «Зат есім» тақырыбына қатысты жаттығуларда мақал-мәтел сөйлемдерінен зат есімдерді табу, астын сызу деген тапсырмалар көрсетілген [6] . Мұндай тапсырмаларды беруде әдіскердің оқушылардың теориялық материалдарды меңгеруін ғана емес, тіліміздің асыл қазынасы мақал-мәтелдерді оқып, есте сақтаулары арқылы сөздік қорларын толықтыруын көздегені анық байқалады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде оқулықтар мен оқу құралдарын жазған әдіскер ғалымдардың бірі - Т. Шонанұлы. Ол оқулық түзуде де, әдістемелік мақалаларында да тіл дамытуға ерекше мән берді. Ғалым 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының № 9 санында жарияланған «Білім кеңесінің програмы және 1-ші басқышта ана тілі» атты мақаласында сауаттандыру жұмысының маңызына, сауат ашу әдістеріне, тіл ширату жұмыстарының түрлеріне тоқталған [7] .
Т. Шонанұлы тіл ширатудағы бала әңгімесі, оқытушының әңгімесі, әңгімелесу, класс пен мектеп жиылысына араласу, өлең мен тақпақ, сахна ойыны, оқушының баяндамасы секілді әдістердің әрқайсысының ерекшелігін қысқаша сипаттай келіп, мұғалімдерге нақты әдістемелік кеңестер берген. Ғалымның осылайша бастауыш мектепте тіл ширату жұмысының жүйелі жүргізілуі қажеттігі жайындағы пікірлері оның «Тіл дамыту» оқулықтарын жазуына басты себеп болды.
1920-1940 жылдар аралығында мектеп оқулықтары шығарылып, жаппай сауатсыздықты жою мақсатында жұмыстар жүргізілгені анық. Бұл кезеңнің көшбасшысы болған С. Аманжолов, Қ. Жұбанов еңбектерінде грамматикалық тақырыпты меңгертумен бірге алған білімді күнделікті өмірде дұрыс қолдануға дағдыландыруға да көңіл бөлінді. Ш. Х. Сарыбаев та қазақ тілінің сабақтары арқылы тіл дамыту жұмыстарын ескерген. Мәселен, әдіскер еңбектеріндегі «сұрау-жауап арқылы пысықтау» - оқушыны сөйлеуге мәжбүр ететін, оны ойландыратын, белсенділігін арттыратын тәсіл [8, 23-б. ] .
С. Жиенбаев тіл дамыту жұмысын: 1) сөз қорын молайту, 2) сөйлем құрау, 3) кітап оқуға байланысты жұмыстар [9, 17-б. ] деп үшке бөліп қарастырып, олардың әрқайсысы бойынша істелетін жұмыс түрлерін нақты көрсеткен. Сонда, ғалым айтып отырған оқушының сөздік қорын молайтудың оқу, мазмұндау үрдісінде жаңа сөздермен, терминдермен танысу, сөздікпен жұмыс жүргізу арқылы жүзеге асатындығы студент тілін дамытуға да қатысы бар. Өйткені студенттердің қазақ тілінің қай саласынан болсын тақырып ыңғайына қарай жаңа сөздер үйренулері, тілдік терминдерді меңгерулері олардың тіл байлығының толығуының, кәсіби тілде шебер, жүйелі сөйлеуге дағдылануының негізгі шарты деуге болады. Алайда тіл дамыту жұмысы сөздік қорды толықтырумен аяқталмайды. С. Жиенбаев пікірінше, сол естіген, ұғынған жаңа сөздерді қатыстыра отырып, сөйлемді дұрыс құрап дағдылану, өз ойын жүйелеп, дәлелдеп айта білумен, онда да тек қана айта білу емес, эпитет, теңеулермен көркемдеп сөйлей білгенде ғана жүзеге асады. Студент тілін дамытуда бұл пікірдің де орны ерекше, өйткені тәжірибе барысында студенттерді сөздерді дұрыс, орынды қолданып, сөйлеу шеберлігіне дағдыландыруда шешендік сөз үлгілерін, бейнелі сөздерді, мақал-мәтелдерді пайдалану басты назарда болды. Олай болса, әдіскер ғалым пікірінің бүгінгі оқыту үдерісінде, әсіресе студенттер тілін дамыту ісінде өміршеңдігін байқауға болады.
Ғ. Бегалиев қазақ тілі әдістемесінде бірінші болып сөздік мәселесін көтеріп, сөздікпен байланысты жұмыстың сегіз түрін көрсеткен [10, 21-б. ] .
Бұл айтылғандардан бастауыш сыныптарда тіл дамыту мәселесінің ғылыми негізі қаланғаны анықталды. Оны дамытуды кейінгі буын ғалымдар жалғастырды, ол - заңды құбылыс.
С. Рахметова «Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми- әдістемелік негіздері» атты зерттеуінде тіл дамыту бойынша ауызша, жазбаша тіл дамыту әдістемесі, сөз және сөйлемдермен жұмыс жүргізу жолдары, байланыстырып сөйлеу әдістемесі мәселелерін зерделеген. Ғалым бастауыш сыныптарда ана тілін оқытуда сөздік жұмысы, сөз тіркесі мен сөйлем құрау және байланыстырып сөйлеуге үйрету күнделікті өтілетін сауат ашу, грамматика, оқу сабақтарымен байланысты, біртұтас жүргізіліп отырылса, тіл дамыту жұмысы біршама жүйелі өткізіледі деп тұжырымдайды [11, 65-б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz