Әуелбек Қоңыратбаев


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

Әуелбек Қоңыратбаев

Батыс пен Шығыс әлеуетiн безбендеген ХIХ ғасырдағы Шоқан Уәлихановтың ғылыми iзденiстерiнен кейiн осы саланы елдi ағарту iсiмен байланыстыра алған толқын - Алаш тұлғалары едi.

Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Тынышбайұлы, С. Аспандиярұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанұлы, Қ. Кемеңгерұлы, М. Есболұлы, С. Садуақасұлы, т. б. азаматтардан құралатын шоғырдың ғылыми еңбекпен сауатты жұртшылыққа танылуы - 1903 жылдан (Ә. Бөкейханның энциклопедист ретiнде айқындалғаннан) 1929 жылға дейiн, яғни Мағжан ақынның «қызыл тiл қолым емес кiсендеулi» деп шер тарқатқанындай, өкiмет ұлт зиялыларын адамдық құқынан айырғанға дейiн жалғасты. Ғылым әлiппесi зерденiң биiк деңгейлi құралы болмай тұрып-ақ тұсалды.

Имандылық пен руханилықтан ада саясат үркердей зиялы оқығандар қатарын сөккен соң, бiраз уақыт асау толқыннан кейiнгi тыныштықты бастан кешкен теңiздей едi. Ендiгi жерде өмiрде дүбiрлi өзгерiстер болмайтындай, әдiлеттiң ақ жолын аңсаудың өзi ерсi көрiнетiндей сезiлген. Әсiресе, ғылым атаулы саясаттың ығына жығылмаса, ғалымдар жолынан жаңылатындай хал кешкен. Мiне, осы кезден бастап ғылыми еңбектер тереңдiктен айырыла бастады, «iргелi зерттеу» деп айдарланған туындылар саясат жетегiнде кетiп, тереңге бармай, қадым тарихты, көне шежiренi қопаруға «жүрегi дауаламады». Әйтсе де, ағысқа қарсы жүзiп, ғылымға, оның бедел-абыройына дақ түсiрмеген, сол игi iсiмен ұрпақ жүрегiнде қалған ғалымдар да болған. Солардың бiрi әрi бiрегейi - Әуелбек Қоңыратбаев.

Әдiл қазы да, тура би де - халық. Қазақ халқы 1986 жылдың қаңтарында Әуелбек Қоңыратбаевты бақилық сапарға шығарып салып тұрып, ғалымның елге көрсеткен қызметiн қандастары бағалай алғандығын, артына қалдырған мұраларын ұрпақтары парықтай бiлгендiгiн ұққан. Өрелi жұрт ерен перзентiн өстiп қадiрлесе керек.

Жас Әуелбек баспасөзге 20-жылдардың басынан араласа бастайды. Iнiсi Әлiбек екеуiнiң әдебиетке келуiне ағалары Қалжан Қоңыратбаевтың ықпалы зор болғанға ұқсайды. Ел тарихында «ақтаңдаққа» айналған Қалжан жөнiнде көп нәрсе айтыла қойған жоқ. Тәлiмгерiнiң кiм болғанын бiлмей шәкiртi туралы сөз айтудың өзi қисынсыз. Қалжан - қазақ ұлтының азаттығы жолында сөзбен де, iспен де күрескен, бүкiл Сыр өңiрiне рухани дүниелердi, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетiн насихаттап, осы басылымдарға жазушы ретiнде араласқан, Алаштың қамын жеп, басын тауға да, тасқа да ұрған қайраткерлермен пiкiрлес болған азамат. 20-жылдары «Сыр баласы» деген бүркеншiк атпен (Ә. Бөкейхан «Қыр баласы» едi ғой) сол кезде шығып тұрған баспасөздiң түгелiне дерлiк көкейкестi мақалалар жазып тұрған (қазiр белгiлiсi 200-ге тарта мақала) . Сондықтан Қалжанның Әуелбекке әсерi мол болды деп толық айта аламыз. Қуғын-сүргiнге ұшырап, 1937 жылғы қолдан жасалған нәубетте опат болған iнiсi Әлiбектiң де ертерек үлкен әдебиетке араласуы жайдан-жай емес.

. . . Ерiк өзiңде, күшiң бiрге, қолың бос

Көрсет өзiң, қазақ деген - аттарың . . .

. . . Алашыңның жанды қисаң жолында -

Соңда ғана қатарында басқаның . . .

(«Жастарға», «Ақжол» газетi. 21. 12. 1921 ж. )

Осы келтiрiлген өлең үзiндiсiн албырт жас Әуелбек 16 жасында жазыпты. Өлеңнен байқалатыны: Әуелбек өз қатарласына нақты нысана нұсқағандай. Сонымен бiрге iстерiнiң, мақсат-мүддесiнiң аңғарын сездiргендей көрiнедi. Бұл ойды Әуелбек ашық та айтады:

Пайда шықса алашыма өзiмнен

Қаяу қара болмай әркез сөзiмнен.

(«Көңiлiм», «Ақжол» газетi. 1. 1. 1922 ж. )

Әуелбектiң дүние-тiршiлiктi түсiнудегi алғашқы әсерiн өлеңмен әрлеуi заңды болатын. Өйткенi, ол кеудесiнде күй мен сөз патшасы - өлең күмбiрлеген қазақтың, Сыр елi - жыр елiнiң перзентi едi.

Архив деректерiне қарағанда, балақан Әлiбек пен Әуелбектi Орынбордың «Хусаиния» медресесiнiң шәкiртi Хайретдин Болғанбай оқытқан. Кейiн Түркiстан автономиясын құрысқан ақмолалық Алаш қайраткерiн сол кезде болашақ талантты азаматтардың ағасы Қалжан Қоңыратбайұлы арнайы шақыртқан ұқсайды. Әрi қарай «Ғалия медресесiнiң» шәкiртi Құдияров Ғаладан хат таныған, Шиелiдегi орыс мектебiнен орысша тiл сындырған, Ташкенттегi «Дарул мұғалиммин»-де бiлiмiн жетiлдiрген, кейiн бiлiктi мамандарға сұраным күшейiп, 1919 жылы әлгi училище негiзiнен Қазақтың халық ағарту институты ашылғанда, соның студентi атанған, 1932-1934 жылдары Бүкiлодақтық Коммунистiк журналистика институтында, 1938-1946 жылдары Қазақтың Абай атындағы мемлекеттiк педагогика институты мен Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасында оқыған Әуелбек Қоңыратбаев саналы ғұмырында этнограф, профессор Ә. Диваев, шығыстанушы академиктер В. Бартольд, В. Жирмунский, қазақ ғұламалары М. Әуезов, Ә. Марғұландарға ғылым жолында шәкiрт те, әрiптес те болды. Қаламгер көркем шығарма жазумен, аудармамен, журналистикамен, әдебиеттi оқытудың әдiстемесiн жасаумен де айналысты.

Ғалым 40-жылдардың соңына таман Қазақ мемлекеттiк университетiнде, кеңестiк дәуiрдегi қуғын-сүргiннiң екiншi кезеңi басталғанда, яғни 1948 жылдан бастап өмiрiнiң соңына дейiн Қызылорда педагогика институтында қазақ әдебиетiнен дәрiс оқыды. Саналы шәкiрттер даярлады. Алайда ұлт үшiн ол ел әдебиетiнiң ежелгi дәуiр хақында жазған еңбектерiмен тiрiсiнде-ақ ұстаз мәртебесiн алған жанды.

Ә. Қоңыратбаевтың рухани мұраға деген жанашырлық сезiмi дүрбелең уақыттың әсерiнен оқығандардың көпшiлiгi саясатқа араласып, әдеби-мәдени өмiрде өлiара шақ орнағанда оянды. Iзденгiш жас 1920-21 жылдары этнограф Ә. Диваевтың фольклорлық экспедициясына қатысады. Жiгiт Әуелбек қойнауында тарих тұнған туған өңiрiнiң жұмбақ сырларын ашуға ынтыға түседi. Жасынан құлағына қанық көнекөз қариялардың аңыз-әңгiмелерi ғылымның мәңгi азығы екенiне көзi жетедi. Ол сұңғыла қарттардан көкiрегi ояу шақта келешек ұрпаққа жетуi тиiс мұраны жазып алуды, хаттауды өзiне борыш санайды. 1922 жылы Түркiстан автономиялық республикасының орталығы Ташкентте мәдениет көркейтушiлердiң «Талап» атты қауымы құрылып, ұйым төрағалығына Х. Досмұхамедұлы, басқарма мүшелiгiне М. Тынышбайұлы, М. Есболұлы, М. Әуезұлы, Қ. Тыныстанұлы, А. Э. Шмидт (аты-жөндерiн сол кездегi құжат бойынша берiп отырмыз) сайланғанда, жүздеген етi тiрi қазақ оқушылары қатарында Әуелбек те қауым мүшелiгiне өтедi. Бұл қауымның басты мақсаттарьның бiрi - «ескiлiктiң тамтықтарын, жұрнақтарын жинап, ел игiлiгiне жарату» едi. Әуелбек осы жылдары Ташкенттегi халық ағарту институтында Орта Азия елдерiнiң фольклорынан лекция оқыған академик В. Бартольдтан дәрiс алады. Бұл оған ғылымның темiрқазығын нұсқағандай болды. Әйтсе де ол институтты бiтiрген 1925 жылы Қазақстанда ғылымға дендейтiн орын да, ғылыми орталық та бола қойған жоқ. Сол себептi Ә. Қоңыратбаев Мәскеудегi журналистер институтына түскенге дейiн кеңес қызметiнде, облыстық «Сыр бойы», Арал аудандық «Екпiндi балықшы», республикалық «Еңбекшi қазақ» газеттерiнде еңбек еттi. 1934 жылы журналистiк жоғары бiлiм алған соң «Социалды Қазақстан» газетiнде өлкелiк партия комитетiнiң баспасөз бөлiмiнде жауапты жұмыстар атқарды. Сөйтiп, ғылымға Абай атындағы ҚазПИ-дi бiтiргеннен кейiн, 1942 жылы келдi: ол Ғылым академиясының аспирантурасына түстi. Болашақ ғылыми жұмысының тақырыбын «Қазақтың лиро-эпостық жырлары» деп белгiлетiп, жетекшi-тәлiмгерлiкке ғұлама ғалымдар В. Жирмунский мен М. Әуезовтi қалады. Жас ғалым осы кандидаттық жұмысын 1946 жылы сәттi қорғады. Әдiлiн айтқан жөн, Ә. Қоңыратбаевқа дейiн қазақтың ескiден келе жатқан осынау синкреттi жыр түрлерi зерттеушiсiн күтiп жатқан болатын. Пантусов, Абрамов, Березин, Кастанье, Радлов сынды ғалымдардың жәдiгерлiктердi таныстыру мақсатындағы мақалалары болмаса, iргелi еңбек жазыла коймағанды. Оның үстiне нұсқауларда лиро-эпос пен тұрмыс-салт жырлары араласа баяндалып жүргенде, жырлардың жанрлық бiтiм-болмысын тап басып көрсететiн зерттеулер қажет едi. Жас ғалым бұл мiндеттердi абыроймен атқарып шықты. Оның ең басты жетiстiгi - осы уақытқа дейiн Еуропа ғалымдары қазақ жырларын Батыс әдебиеттанудағы қалыпқа салып мұра табиғатын жеткiзудi әлсiретiп алып жүргенiн айтты, мұнан кейiн ол жырлардың Шығыстық тамырының терең екендiгiн дәлелдедi, сөйтiп, бұл жәдiгерлiктердiң жанрлық атауы «ғашықтық жырлар» деп орнығуын қуаттады.

Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесiн алған соң Әуелбек Қоңыратбаевтың қазақ әдебиетi тарихын тануға деген құлшынысы арта түстi. Iзденушi диссертация жаза жүрiп, 1945 жылы Тiл-әдебиет институты әзiрлеген Абай шығармаларының академиялық жинағының түсiнiктерiн даярлауға көмектестi. 1947 жылы «Қазақ совет әдебиетiнiң библиографиясын» түзiстi. 1948 жылы М. Әуезов басшылық еткен «Қазақ әдебиетiнiң тарихы» кiтабының 1-томына автор ретiнде қатысты. Бұл еңбектердiң бәрi де iргелi ғылыми дүниелер болып есептеледi. Әсiресе, соңғы аталған кiтаптың тағдыр-талайы хақында аз-кем сөз етудiң артықтығы болмас. «Қазақ әдебиетi тарихының» 1-томын М. Әуезовтiң жетекшiлiгiмен бiр топ ғалым-әдебиетшiлер 1947 жылдың басында түгел жазып бiтiрген-дi. Бiрақ сындарсыз саясат таптық-солақайлық өремен қарап, бұл еңбектен кiнә тапты. Көп уақыт өтпей 1947 жылы 21 ақпанда Республика Компартиясының Орталық Комитетi «Қазақстан Ғылым академиясының Тiл-әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателiктер туралы» қаулы шығарды. Ғалымдарға зерттеулерiн мұқият қайта қарау тапсырылды. Нәтижесiнде еңбек құйрық-жалы күзелiп шыға келдi. 1948 жылы негiзгi сөлiнен айырылып шыққан зерттеу оқырманына жетпей, кiтапхана мен дүкен сөрелерiнен алынып, «жабық кiтаптар» санатына қосылды. Ғалымдар қуғын-сүргiнге ұшырады. Бiр таңғаларлығы қазақтың ел әдебиетi туралы осы еңбек әлi күнге дейiн ресми түрде ақталған жоқ.

Сонымен 1948 жылы қазақ оқығандарының басына тағы да қара бұлт үйiрiлдi. Олардың арасынан «ұлтшылдар», «ескiлiктi көксеушiлер» iзделiндi. Өкiмет билiгiн ұстағандар осылай айдар таққандарды итжеккенге айдатты. Е. Бекмаханов, Қ. Мұхаметқанов тәрiздi тарихшы, әдебиетшiлер тұтқынға алынды. М. Әуезовке Мәскеу қаласындағы таныстары пана болды, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұландар қырғыз асты. Аға буынның халi осындай болғанда, олардың қапталында келе жатқан Ә. Қоңыратбаевтардың маңдайынан кiм сипасын? Ол да астананы тастап, облыс орталығы Қызылордаға кетуге мәжбүр болды. Орталықтан жыраққа кетсе де, ғылымнан қашықтамады. Қайта еңбектене түстi. Мерзiмдi баспасөзде шыққан мақалаларын есептемегеннiң өзiнде 50-60-жылдары ғалым бiршама зерттеулер жазды. «Шолпанның ақындығы» (1956), «Қазақтың Қозы Көрпеш - Баян сұлу жыры туралы» (1959) атты еңбектерi жарық көрдi. Алғашқысында қатарынан ерте кеткен қазақтың талапты ақын қызы Ш. Иманбаеваның шығармашылығына талдау жасаса, соңғысында қазақтың әйгiлi ғашықтық жырының жанрын, жаратылысын, хатқа түсуi мен зерттелуiн, композициясы мен сюжетiн қарастыра отырып, бұл жәдiгерлiктi басқа да мазмұндас жыр-аңыздармен салыстырады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әуелбек Қоңыратбаев - әдебиеттанушы ғалым
Сопылық әдебиет
Әуелбек Қоңыратбаев – әдебиет тарихшысы
Ә.Қоңыртабаев зертгеулеріндегі қазақ және шығыс әдебиетінің сабақтастығы
Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы
Ә. Қоңыратбаев зерттеулеріндегі қазақ сөз өнерінің поэтикасы мәселелері
Руникалық көне түркі жазба ескерткіштері
Ә.Қоңыратбаев - фольклортанушы
Қорқыт жырлары
Батырлық жырлар, батырлар жыры
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz