Елбасымыз — олимпиаданың алғашқы алаугері


Пән: Спорт
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

ЕЛБАСЫМЫЗ - ОЛИМПИАДАНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЛАУГЕРІ

Иә, Алматыда талай оқиғалар болған, Алатаудың баурайы айта-айта жүретін түрлі сәттерді бастан кешірген. Оңтүстік астана сан рет әлемдік алқалы жиындарды өткізген. Алайда, Медеуге бұрын-соңды дәл осыншама халық жиналып, дүниежүзінің назары дәл осылай Алатау бөктеріне ауған емес. Қаланың өзінде тарихи оқиғаға куә болғысы келген әртүрлі жас мөлшеріндегі тұрғындардың бірнеше шақырымдарға созылған “тірі дәліздерін” біз бұрын тіпті көрмеген едік.

Халықаралық Олимпиада Комитетіне қазір 198 мемлекет мүше. Соған қарамай, әлемнің 22 қаласында ғана Олимпиада алауының эстафетасы өтетіндігін ескерсек, бұл оқиға Қазақстан үшін үлкен абырой екендігі сөзсіз. Күн сәулелі республикамыз сол 22 елдің шаһарларынан құралған тізімге еніп қана қоймай, дүниежүзілік деңгейдегі түрлі баянды тірліктерге бастамашы болуының өзі елдігіміз мен Елбасының беделі екендігі тағы да даусыз. Соның арқасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгідей эстафета мәресінің Қазақ елінен бастау алуына ҚХР басшысы Ху Цзиньтаомен болған кездесуде ауызша келісіммен-ақ қол жеткізген.

Алматы неліктен тұрғындары 10 миллионнан асатын Токио, Сеул, Лондон, Париж, Ыстамбұл сияқты қалалардың қатарына көтеріліп, әлемдік эстафета қозғалысына қатыстырылып отыр? Біріншіден, Батыс пен Шығыс өркениеттерін жалғаған, мәдениет пен сауда-саттықты көне замандардан бастап жақындастырған Ұлы Жібек жолы ежелгі Алматының үстімен өткен. Екіншіден, қадым ғасырлардан бері көрші болып келе жатқан, шекарасы 1782 шақырымға дейін жалғасқан Қазақстан мен Қытайдың тарих тезінен өткен түсіністігі, алыс-берісі, мемлекет басшыларының сыйластығы дәнекер болып отыр. Үшіншіден, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет. Ал, олимпиадалық қозғалыстардың өзі бейбітшілікті насихаттаудан туған адамзаттың ұлы бастамасы. Оған Алматының көркем қала, келешектегі олимпиялық ойындарды өткізуге үміткер шаһар екендігін қосу керек.

Міне, осылайша, үстіміздегі жылдың 2 сәуірі күні сағат түскі 12. 00-де “Бейжің-2008” Олимпиадасы алауының эстафетасы Алматы қаласының өр жағындағы талай әлемдік рекордтар өмірге келген Медеу шатқалына әкелінді. Осы жерде мыңдаған қазақстандықтар қаумалай күтіп тұрған мұз айдыны төріндегі сахнаға Елбасымыз да келіп жетіп, көтерілді. Салтанатты үнмен елдік Әнұранымыз ойналды. Осыдан соң барып Мемлекет басшысы микрофонға таянды.

- Олимпиада алауы кең байтақ қазақ жеріне де келіп жетті. Бүгін біз ерекше қуаныш үстінде бейбітшілік пен достық алауын қабыл алудамыз. Осыған байланысты баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!- деп бастады Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзін. - Алатаудың баурайындағы ару қаламыз Алматы Афина мен Пекиннен кейінгі 2008 жылғы ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы эстафетасын қабылдайтын бірінші қала ретінде белгіленді. Бұл - еліміз үшін ұлы мәртебе.

Спорт қай заманда да адамзатты бейбітшілік пен берекелі тірлікке үндеп келеді. Бүгінгі эстафетаны да әлем елдерін тыныштыққа, ынтымаққа шақыратын үлкен іс-шараға теңеуге болады.

Қазақстан - әлемдегі саяси тұрақты, экономикасы өркендеген іргелі ел ғана емес, халықаралық қарым-қатынаста да, оның ішінде спорттағы табыстарымен және талантты спортшыларымен танылған мемлекет.

Олимпиада алауының Алматыға келуін осы айтулы жетістіктерімізге жасалған үлкен құрмет деп білейік. Бұл игі шараны сондай-ақ, біздің ұлы көршіміз - Қытай Халық Республикасының Қазақ еліне жасап отырған үлкен ілтипаты деп те ұғайық. Көрші болып қана қоймай, бізбен қарым-қатынас жасауға ынталы, достығымыз нығайып келе жатқан осы елдің басшысы Ху Цзиньтао менің айтқан бір ауыз сөзімді жерге тастамай, осындай ұлылық жасағанын қазақстандықтар ешқашан ұмытпайды. Екіншіден, біз 2011 жылы Азиялық қысқы Олимпиада ойындарын өткізейік деп отырмыз. Бүкіл әлемге мынау Медеу мұз айдынын, анау Шымбұлақты, Алатауымыздың басқа да кереметтерін паш етуге ұлы мүмкіндік туып отыр. Алла жар болып қолдаса, болашақта қысқы Олимпиада ойындарын осы арада өткізуге қол жеткізетін боламыз. Сондықтан біздің спортшыларымыз Пекинде зор табыстарға жетіп, Қазақстанды тағы бір қуантсын деп тілейік! - деді Елбасы.

Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шетелдік қонақтардың алдында ресми тілде сөйлеп, көп ұлтты мемлекетіміздің ауызбірлігі жарасқан ынтымақты тірлігін тілге тиек етіп, осы уақытқа дейін елімізде 117 Олимпиада чемпиондары дайындалғанын атап өтті.

- Ардақты ағайындар! Спорт әр елдің даңқын шығарып, байрағын биіктететін айтулы сын. Қазақстан спортшыларының алдағы Пекин Олимпиадасында мәртебелі биіктерге көтеріліп, елдің абыройын арттыратындарына сенімдімін.

Олимпиада алауының Орталық Азия елдері қалаларының ішінде Алматыға келуі біз үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі эстафетаны ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін тәмамдап.

Осыдан кейін ең айтулы сәт те келіп жетті. Алматыға сейсенбі күні алауды алып келген “Бейжің-2008” Олимпиадасын Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Чжан Сяою факелді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сиюьнге берді. Елші салтанатты түрде алауды Нұрсұлтан Әбішұлына табыстады. Осылайша, Елбасымыз “Бейжің-2008” Олимпиадасының факелін ең бірінші болып оң қолымен жоғары көтеріп, жүгіру алаңына шықты. Бұл бүкіл әлем қарап, көз тігіп отырған ең толқулы сәт болатын. Елбасы ұлтымыздың ұлы аманатын бокстан 2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаевқа табыстады. Мұның да өзіндік себептері бар. Бақтияр амандық болса Бейжіңдегі Олимпиаданың ашылу шеруінде мемлекетіміздің көгілдір туын алып жүру құрметіне ие болып отыр. Алдағы дүбірге үкілеп отырған үмітіміз алауды Елбасы қолынан қабылдап алғаннан кейін стадионды жүгіріп өтіп, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен чемпион атанып, алтыннан алқа таққан Жақсылық Үшкемпіровтің факелін тұтатты. Осылайша, Алатау бөктерінен Олимпиада алауы эстафетасының бірінші кезеңі басталды.

Бұл кезде әуеге жүздеген көгершіндер қанат қағып, қытайлықтар “қуаныш ойыншықтары” атаған Бейжің Олимпиадасының белгілерін алуан түсті шарлар аспанға алып ұшты. Сөйтіп, үлкен салтанаттың думанды сәттері басталды.

Эстафетаның алғашқы кезеңіндегі абыройлы міндетті атқару 40 адамға жүктелген болатын. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары, әйгілі спорт жаттықтырушылары, спорт федерацияларының төрағалары, ҚХР елшілігінің өкілдері, басқа да халықаралық байқау жүлдегерлері мен басты демеушілер таңдалған әр саланың айтулы өкілдері, өнер тарландары да бар.

Өзінің эстафеталық кезегін “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, еліміздегі футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековке өткізіп бергеннен кейін, атақты балуанымыз Жақсылық Үшкемпіров алдағы Олимпиаданың біздің спортшыларымыз үшін баянды болуын тілеп, журналистермен сұхбаттасты.

Әділбек Жақсыбековтен кейін алауды Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы, республикалық теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов алды.

Хантәңірі, Жеңіс, Эверест сияқты биік шыңдарды бағындырушы, альпинист Қазбек Уәлиевті халық Іле Алатауының құзар шыңды беткейлі жол бөліктерінен тапты.

Әрбір факел ұстаушы 200 метрлік осы бір мерейі үстем жолды мақтанышпен, мінсіз жүгіріп өтуге барын салды. Мәселен, республикалық биатлон федерациясының президенті, шаңғы спорты бойынша 1994 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Владимир Смирнов факелді қар төселген жолда шаңғымен алып жүрді.

Эстафетаның осы алғашқы кезеңін байкер-саяхатшы Дмитрий Петрухин мотоциклмен аяқтады.

Медеу шатқалынан бастап “Билладжио” мейрамханасына дейін жалғасқан жолдың екі шетіндегі адамдар нөпірі факел ұстаушылардың бәрін бүгінгі оқиғаның піріндей көріп, қоршап, шынайы құрмет-қошеметтерін аяған жоқ. Айтқандай, 30 бірдей дизайнер жабылып жасаған факелдің әрқайсысы келесі алау тұтанған соң оны ұстаған отандастарымыздың еншісінде мәңгілікке естелікке қалдырылды.

Эстафетаның екінші кезеңі түстен кейін қаладағы ұлы Абай ескерткішінің түбінен қайта бастау алды. Осыдан бастап тағы да шаһардың Олимпиада алауы өтетін барлық көшелері халықтан босамай, сәт сайын олардың қатары көбейе берді. Еңкейген сәбиден еңбектеген қартқа дейін бұл қайталанбас қызықтан ешкім құр қалған жоқ. Осының өзі де өтіп жатқан оқиғаның ұлы мәнін арттыра түскені сөзсіз.

Көп кешікпей “Интерконтиненталь” қонақ үйінің “Бейжің-2008” Олимпиада алауы эстафетасының баспасөз орталығында алғашқы кезеңнің факел ұстаушылары арнайы мәслихат өткізді. Осы арада айта кететін бір жәйт, сейсенбі күні Олимпиада алауын Пекиннен алып келген арнаулы әуе рейсімен Алматыға 30 шақты қытай журналистері келген болатын. Оған дейін де мұнда көптеген шетелдік халықаралық ақпарат агенттіктерінің журналистері айтулы оқиғаны әлемге насихаттау үшін тіркелген-ді. Сондықтан түске дейін де, түстен кейін де біздер қытайлық әріптестерімізбен бірге болып, емен-жарқын әңгімелесіп, әсер бөлісумен болдық. Ал, жоғарыда аталған ҚХР репортерлері арнаулы рейспен бұдан кейін де әлемнің 21 қаласынан тікелей репортаждар жасайды екен. Олардың бәрі мұндай мәртебеге үлкен сынмен іліккен, көпшілігі шет тілдерін меңгерген.

Арнаулы баспасөз мәслихатында факел ұстаушылар - КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Филимонов, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, байкер-саяхатшы Дмитрий Петрухин мен халықаралық Олимпиада Комитетінің әріптесі болып табылатын Қытайдағы көшбастаушы компания “Lenovo” таңдаған Марат Балтабаев өз әсерлерімен бөлісті.

“Өмірлеріңіздегі ең маңызды 200 метрлік жолды жүріп өтіп бара жатып қандай күй мен сезімде болдыңыздар?” деген сауалдарға олардың әрқайсысы өзіндік әсермен жауап берді. Жер шарын мотоциклмен шарлап келе жатқан Д. Петрухин Олимпиада алауы эстафетасы үшін саяхатын уақытша үзгеніне ешқашан өкінбейтіндігін және осы 200 метр өзінің екі аяқты моторлы көлігімен ең жай аяңдап өткен, ең ұзақ, ең абыройлы жол екендігін айтты. Саяхатшыны қаумалаған жұрт оның мотоциклінің кейбір бөлшектерін естелік белгі үшін шығарып алып кетіпті. Алайда, оған өкініп отырған Дмитрий жоқ.

Марат Балтабаев пен Владимир Филимонов болса сезім толқынысын білдіретін жастық шақтан баяғыда өтіп кетсе де бүгін бала сияқты қуанып, ерекше шаттықты бастан кешкендерін айтып, ағынан жарылды. Филимонов өз ғұмырында осы уақытқа дейін оншақты Олимпиадаға куәгер болғанымен Олимпиада алауы эстафетасына тұңғыш қатысып отыр екен. Балтабаев бұл оқиғаны атақты Берлин марафондарымен салыстырып, одан бірде бір кем соқпайтынын айтты.

Түстен кейін де Алматының Олимпиада алауы өтетін көшелеріндегі жамағат көбейе түсті. Эстафетаның екінші кезеңін сүйікті әншіміз Роза Рымбаева бастады. Республикамыздың халық әртісі осыған дейінгі баспасөз мәслихаттарында өзіне артылған абыройлы аманатты орындауға барын салатынын алға тартып, тумысынан спортқа бір табан жақын екендігін көпшілік біле бермейтінін айтып жүрген болатын. “Мен бір концертімде 3 сағат бойы тоқтаусыз жүгіреді екенмін”, деп жүрген Роза Рымбаева өз факелімен ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюннің факелін тұтатты.

Эстафетаның қаладағы бөлігі Медеу мұз айдынындағы салтанаттан да асып, шарықтай түсті. Көшенің “жанды дәліздеріндегі” жұртшылық ұран шақыра дауыстап, қошеметтеп, факел ұстаушыларды тіпті рухтандырып жіберді десе де болады. Республика алаңында жалғасқан театрландырылған көріністер Ұлы Жібек жолының бүкіл суретін тарихтың терең қойнауынан алып шығып, думанның көркін шарықтау шегіне дейін көтерді. Ортекедей орғыған асыл текті сәйгүліктерге мініп, орамалдарын шекелеріне шарт байлаған көкпаршылар жұрттың делебесін қоздырды. Сайдың тасындай іріктелген мұндай сайыпқырандарды бастап жүрген бір кезде өзі де көкпарға қатысып, кейін спортқа ауысқан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Мұхтархан Ділдабеков болатын. Ол өзінің 200 метрлік мәңгі есте қалатын жолын сәйгүлікпен желіп өтіп, алматылықтарға ауылдың иісін әкеліп, ат үстіндегі додаға қатысып, көкке аунаған күндерін еске салды. Спорт саңлағы осы сәтте бізді қолына факел емес, қыран ұстап бара жатқандай әсерде қалдырды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қашықтан оқытудың білім саласындағы мақсаты
Білім күні!
Биология пәні бойынша олимпиадалық тапсырмаларды дайындаудың ерекшеліктері мен мәні
Биология пән бойынша олимпиадалық тапсырмаларды дайындаудың ерекшеліктері мен мәні
Сызу және жобалау графикасы пәндерін оқыту әдістемесі
ИФОРМАТИКА САБАҒЫН ОҚУШЫЛАРҒА ҚОСЫМША ОҚЫТУ
Қазақ тілінің практикумы
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың тарихи-педагоги-калық негіздері
Лондон Олимпиадасы
Сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыру түрлері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz