Жеке адамның бостандығына қарсы қол сұғушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтың теориялық мәселелерін зерттеу


Кіріспе

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындап, оның қымбат қазынасы болып адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары табылатындығын жариялайды. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау демократияның даму деңгейімен тығыз байланыста болғандықтан, мұндай норма жалпы адамзаттық құндылықтарды, ең алдымен жеке адамның өмірін, денсаулығын, бостандығын, ар-ожданын, құқықтары мен мүдделерінің маңыздылығын тануды ғана емес, оның мемлекет тарапынан міндетті түрде қорғалуын көздейді, соның ішінде қылмыстық-құқықтық тәсілдермен, іс-шаралармен. 2002 жылдың 20 қыркүйектегі ҚР Президентінің №949 Жарлығымен мақұлданған ҚР-ның құқықтық саясат тұжырымдамасында қылмыстық құқықта адамның табиғи, ажырамас құқықтары мен бостандықтарының басымдығына негізделген, қорғалуы тиіс әлеуметтік құндылықтардың түбегейлі жаңа сатысы айқындалғандығы туралы айтылады. Сол себепті Қазақстанда болып жатқан қайта құрылу жағдайларында адамдардың жеке құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірін құрайды. Мемлекеттің заң шығармашылық қызметінің жемісі болып табылатын және адамның жеке бас бостандығына қарсы қол сұғушылықтар үшін жауаптылықты белгілейтін бірден-бір қайнар көз - Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің мақсаттары болып адам және азамат құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен территориалдық біртұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау, адамзат бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қорғау және қылмыстардың алдын алу табылады. Осы міндеттерді іске асыру үшін Кодекс Жеке адамға қарсы қылмыстар тарауында адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзудың адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру және адамдарды пайдалану үшін азғырып-көндіру, сондай-ақ әкету мен олардың транзиті сияқты түрлерін қарастырады. Салыстырмалы түрде қарағанда, бұл қылмыстар қылмыстық-құқық теориясындағы аз зерттелген мәселелер санатына жатқызылады. Сонымен қатар, олардың қоғамдық қауіптілігі мен соңғы кездердегі қарқындылығын ескеретін болсақ, адамдардың жеке бас бастандығына қарсы қылмыс құрамдарын және олар үшін жауаптылық белгілейтін нормалар мен оларды қолдану тәжірибесін жетілдіру, арнайы зерттеулерді, талдауларды қамтитын ғылыми еңбектердің қажеттігі тақырыптың өзектілігін арттырады. Дипломдық жұмыстың мақсаты. Дипломдық жұмысымның мақсаты болып жеке адамның бостандығына қарсы қол сұғушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтың теориялық мәселелерін кешенді түрде зерттеу мен тәжірибелік қолданылуы бойынша ұсыныстарды талдау танылады. Дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі мен заты. Зерттеу жұмысының объектісі болып Конституциясының 1-бабына сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылатын бас бостандығын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарға қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыстық қолсұғушылықтар түрлері табылса, затын осындай маңызды қоғамдық қатынастарды қорғауға бағытталған қылмыстық заң нормалары құрайды. Соған сәйкес жұмыстың нормативтік базасы ең негізгілері - ҚР Конституциясы мен ҚР Қылмыстық кодексінен, Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы ҚР Заңынан, одан басқа ҚР Жоғарғы сот Пленумының нормативтік қаулыларынан, бірқатар халықаралық құжаттардан құралады. Дипломдық жұмыстың теориялық негізі. Зерттеутің теориялық негізіне Қазақстанда дипломдық жұмысымның зерттеу пәнін құрайтын адамның бас бостандығына қарсы қылмыстарды зерттеумен айналысқандардың ішінде С. М. Кулушевтің, Б. Е. Имашевтың, Т. Утеубаевтың, осындай қылмыстардың қазіргі қылмыстық заңнамада орнын табуының тарихына үңілген, яғни қазақ қоғамындағы, одан бөлек ерте кездердегі әртүрлі халықтар өміріндегі, әдет-ғұрып құқығындағы әйел ұрлау мәселесін қарастырып өткен профессор С. Өзбекұлы, А. Мамутов, Т. Культелеев сияқты ғалымдардың, ал ТМД елдерінде бұл тақырыпты арнайы зерттеген Н. В. Беляева, Т. Ю. Орешкина, О. Ю. Резепкин, Р. М. Акутаев, А. И. Дворкин, Ю. М. Самойлов, В. Н. Исаенко, А. Ш. Ризаев, Т. Нуркаева, А. П. Папура және тағы басқа ғалымдардың еңбектері алынды. Бұл еңбектердің теориялық маңыздылығы жоққа шығарылмайды, алайда бұл жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстардың қылмыстық-құқықтық және криминологиялық сипатының толығымен, жеткілікті дәрежеде зерттелгенін білдірмейді. Керісінше, қоғамда орын алып отырған мұндай қылмыстардың қарқындылығы мен саралау кезінде көптеген қиындықтар туғызуы қылмыстық заңның маңызды қоғамдық қатынастарды қолсұғушылықтардан қорғау мен сол қолсұғушылықтардың алдын алу міндетін жүзеге асыруына кедергі болуы осы саладағы қандай да болсын зерттеулердің ғылыми-тәжірибелік маңызын жоғарылатуда.

1. Жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстардың қылмыстық-құқықтық сипаттамасы

1. 1 Жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 2-бабында адам және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау қылмыстық заңның ең басты міндеті ретінде көрініс тапқан. Бұл міндетін жүзеге асыру үшін кодекс Жеке адамға қарсы қылмыстар деп аталатын ерекше бөлімнің 1-тарауында жеке адамға қарсы қылмыстар қатарында адамның жеке бас бостандығына қарсы қылмыстарды да қарастырады. Жеке адамның бостандығына қарсы қылмыстарға адам ұрлау (125-бап), бас бостандығынан заңсыз айыру (126-бап), психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (127-бап), адамдарды пайдалану үшін азғырып-көндіру, сондай-ақ әкету және олардың транзиті (128-бап) жатады. Мұндай қылмыс құрамдарының қылмыстық заңнамада орын алу тарихына үңілсек, жоғарыда аталған адамның бостандығына қарсы жеке қылмыс құрамдарының ішінде адам ұрлау үшін жауаптылық туралы алғашқы ескертулер әдет-ғұрып құқығы нормалары әрекет еткен 15-ғасырдың екінші жартысында қазақ мемлекеті құрылған кезден бергі қазақ тарихында кездеседі. Әдет құқығы нормаларына сәйкес адам ұрлау үшін қылмыстық жазалаудың қатал шараларын қарастырылған. 1 Мәселен, қазақтардың көне ел билеу заңы Есім ханның Ескісі мен Қасым ханның Қасқасын жаңғыртып, бір жүйелілікте дамытқан Тәуке ханның Жеті жарғысында кім біреудің әйелін күш қолдану арқылы еріксіз алып қашып кеткен болса, ол өлім жазасына, ал кешірім берілген жағдайда құн төлеп құтыла алады, ал өзін алып қашуға саналы түрде жол берген әйел сол еркектің қолында қалдырылады, бірақ істеген қимыл-әрекеті үшін әйелдің бұрынғы күйеуіне қалыңмал төлеп, оған қоса бір қызды қалыңмалсыз беруге міндетті деп көрсетілген. 2 Қазақстан территориясында адам ұрлау, ең алдымен, өзінің сипаты мен заңнамалық бекітілуін әйел ұрлау түсінігі арқылы тапты. Қылмыстық құқық ғылымында Т. Күлтелеев алғаш рет адам ұрлауға қазақтардың әдет-ғұрып құқығы тұрғысынан түсіндірме берген: «Некелесу үшін әйел ұрлау көне институттардың бірі болып табылады. Ф. Энгельс көрсеткендей, әйел ұрлау жұп неке пайда болған кезден басталады. Алғашында ол ру арасында некеге тыйым салынуына және әйелдердің жетіспеуіне байланысты пайда болды. » Кейіннен қоғамның топтар мен страттарға бөлінуімен әйелдің қоғамдағы жағдайы ескеріле бастады. Ақырында, қоғамда ер адам мен әйел адамның теңсіздігі қалыптасты. Осындай теңсіздіктің нәтижесінде әйел адамда өз қалауымен өзінің физикалық және моральдық бостандығына билік ету құқығы болмады. Ал оның тағдыры ата-анасымен, күйеуімен не қамқоршысымен шешілді. Қазақ әдет-ғұрып құқығы бойынша әйел ұрлау, әйел зорлауға теңестірілген қатал жазалауға әкеп соққан. Әйелді оның келісімімен не келісімінсіз, бірақ ата-анасының, күйеуінің немесе қамқоршысының еркінсіз ұрлау отбасы-неке қатынастары саласындағы ауыр қылмыстардың бірі болып есептелген. Қылмыстық-құқықтық нормалар әйел адамның жеке бостандығын емес, оның ата-анасының, күйеуінің, қамқоршысының құқықтарын қорғаған. Бұл әйелді ұрлау оның келісімімен жүзеге асырылғанына қарамастан, жазаланатын әрекет болып табылатындығымен және әйелді еркінен тыс, бірақ оның ата-аналарының, күйеуінің не қорғаншысының келісімімен ұрлау қылмыс болып саналмағандығымен дәлелденеді. 3 А. Мамутов айтып кеткендей, алып қашу немесе некелесу мақсатымен әйел ұрлау ежелден келе жатқан дәстүр. Ол патриархалдық рулық құрылыстың қалыптасу кезеңінде пайда болған. Бұл кезеңде алып қашу әрқашанда қанды кекпен ұштасқан, кейіннен ол сыйлықтар түріндегі компенсациямен, сонан соң барып ақшалай құн, төлем түрімен ауыстырылған. Алып қашу таптық қоғамда да көбіне, қоғамның кедей бөлігінің қалыңдық үшін құн төлеуге жағдайының жоқтығына байланысты сақталған. 2 Шығыста, әсіресе біздің дәуіріміздің 7-12-ғасырларына сәйкес келетін арабтардың басқыншылығы кездерінде әйел ұрлау кең таралған. Бұл қазақтарға да әсер етті. Қазақ әдет-ғұрып құқығын зерттеуші Н. Изразцов былай деп жазған: «Кез келген күштеп ұрлау бүкіл руды қорлау, масқаралау деп саналған және шабуылдармен, барымтамен, кейде тіпті қантөгіспен ұштасып отырған: қыз құтқарылып, кек қайтарылмағанша осындай жағдайлар орын алған». Көрініп отырғандай, бұрынырақта ұрлау әйел адамның жеке бостандығы мен ар-намысына қол сұғушылық ретінде емес, Н. Изразцов дұрыс байқағандай, оның ата-аналарының ар-намысына қолсұғушылық, бүкіл рудың реніші болып саналған.

Қазақ қоғамында әйел ұрлаудың кең таралғандығының тарихи алғышарттарын қазақ халқының өмір сүруінің экономикалық, әлеуметтік, өнегелілік және өзге жағдайларына байланысты қарастыруға болады. Экономикалық тұрғыдан әйел ұрлаудың себебі ретінде халықтың бір бөлігінің әл-ауқатының материалдық жағынан жеткіліксіздігін, осының нәтижесінде мұндай адамдардың әйел ұрлау туралы шешімге бекінетіндігін айтуға болады. Әлеуметтік жағынан әйел ұрлаудың кең таралуы әлеуметтік теңсіздікпен байланысты. Қоғамда көп әйел алушылықтың кең таралуымен, қазақтардың өздерінің тұрмысы мен әлеуметтік укладындағы әлеуметтік-демографиялық процестармен тығыз байланысты. Өнегелілік, мораль тұрғысынан қазақтардың неке-отбасы қатынастарында экзогамиялық рулық қарым-қатынастардың тарихи дәстүрі терең орныққан, бұның нәтижесінде қан араластыру қазақтардың әдет-ғұрып құқығының нормаларымен қатаң жазаланған. 4 Әйел ұрлау үшін жауаптылықты реттеу саласындағы қазақ әдет-ғұрып құқығында бекітілген идеялар ары қарайғы дамуын Қазақстанның Ресейге қосылуынан бастап Ресей қылмыстық құқығында, одан кейін кеңестік қылмыстық құқықта тапты. Ресейлік ғалым Н. С. Таганцев өз еңбегінде Ресей құрамындағы әртүрлі елдердің, соның ішінде қазақ елінің әдет-ғұрып құқығының империялық қылмыстық құқықпен қатар қолданғандығының дәлелі ретінде Түркістан өлкесін басқару туралы ережесі негізінде талдау жүргізе отырып, қылмыстардың әртүрлі категориялары үшін жауаптылық пен жаза тағайындауда әдет-ғұрып құқығы мен орыс қылмыстық құқығының нормаларының үйлесімділігіне баса назар аударған. Бұдан бөлек, ол әдет-ғұрып құқығының жеке ерекшеліктерін ашып көрсеткен. «Әдет-ғұрып бойынша, мәселен, - деп жазады Н. С. Таганцев- халықтың ойынша бүкіл отбасын масқаралайтын қылмыс жасаған жағдайда кінәліні жәбірленушінің ең жақын туысына ешқандай сотсыз немесе істі қараусыз өлтіру тек рұқсат етіліп қоймай, міндеттелген. Оны орындамау борышын орындамағанды сөгуге, мазаққа және сыйламаушылыққа әкеп соғады, әсіресе егер кінәлі ауылдан басқа тыс жерге қашпаған болса. Әдет-ғұрып құқығы бойынша еш жазалаусыз кісі өлтіруге мына жағдайларда рұқсат етіледі: 1) әркімге өзінің қас жауын; 2) зорлықшыны, тосқауылдан шабуыл жасаушыны, бүкіл қоғамның жауы болып есептелетін тонаушыны; 3) үй иесіне қылмыс үстінде ұсталған ұрыны; 4) күйеуі, әкесі, баласы және ағасына - әйелімен, қызымен, шешесімен, әпкесімен азғындықта ұсталған кез келген адамды; 5) еркек пен еркек арасындағы қатынас үстінде ұсталғандар; 6) жәбірленуші туыстары әйел ұрлаушыны қуғындағанда». 5

Ары қарай Н. С. Таганцев, әдет-ғұрып құқығының ерекшеліктерін талдай келе, былай деп жазады: «Егер қалыңдықты алып қашу шынында некелік салт болса, алып қашушыны, шын орын алған мәжбүрлеуді қоспағанда, мәжбүрлеп ұрлауда кінәлі деп тануға болмайды, бірақ күштеу салт емес, шындығында күш көрсету, ұрланған әйелге немесе ұрлауға кедергі келтіргендерге жарақат келтірумен көрініс тапқан мәжбүрлеу үшін жауаптылық міндетті түрде орын алуы тиіс». 3 Қазақ әдет-ғұрып құқығында әйел ұрлау үшін жауаптылықты регламенттеудің ерекшеліктеріне тарихи зерттеулер жүргізген ғалымдар әйел ұрлаудың зорлауға теңестірілгеніне назар аударады. Осылайша, профессор С. Л. Фукс жоғарыда аталған ойлар контекстінде былай жазған: «Қазақ құқығында қыз не күйеудегі әйелді ұрлаудың зорлаудан соншалықты айырылмайтынына тоқталудың қажеттілігі жоқ. Бұл қалым төлеуге қаражаты жоқ тұлғалардың жиі жасайтын әйел алудың осындай тәсілінің мәнінен туындайды. Алайда, айта кететіні, әйелді оның келісімімен не онсыз ұрлау мен ерікті әйелді ұрлау арасында айырма көрмейтін франк құқығымен салыстырғанда, қазақ құқығы адам ұрлаудың қылмыстық-құқықтық салдарына әсер ететін әйелдің келісімі фактісіне үлкен мән берген. Левшиннің жазбаларындағы Тәуке хан заңдары бойынша біреудің әйелін оның келісімінсіз ұрлаған адам құн төлеу немесе өлім жазасына кесілген. Әйелдің келісімі болған жағдайда ұрлаушы күйеуіне қалым төлеп, яғни ұрланғанның құнын толтырып, үстіне айыппұл ретінде қалымсыз қыз қосып беруі керек болған. Бұл айырмашылықты ескеру, әрине франк құқығымен салыстырғанда қазақ құқығының дамығанын көрсетеді». 6 Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейін 19-ғасырдағы қазақ құқығында елеулі өзгерістер болды. Қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларының аясы біртіндеп тарылып, оның орнына патшалық империя қылмыстық құқық нормаларын енгізді. Бұл жоғарыда көрсетілгендей, А. И. Лившиннің 1832 жылғы «Қырғыз- қайсақ ордасы мен даласын бейнелеу туралы» еңбегімен расталады. Басқа бір мысал - Омбы уақытша комитетінің 1842 жылғы «Қырғыз заңдары мен ережелерінің жинағында келесідей құрам бекітілген: «кім бөтен адамды ұрласа және сатса, сол өкпелі адамға бір жарым құн төлейді» 7 Ол кезеңде Қазақстан аумағында негізгі әрекет еткен заңдар болып 1885-1903 жылғы империялық қылмыстық уложениелер табылған, бірақ қылмыстар, соның ішінде әйел ұрлау да әлі де әдет-ғұрып құқығы бойынша қарастырылып шешілген. Сондықтан, Ресей империясының құрамына қосылғаннан кейін қазақ әдет-ғұрып құқығының біршама уақыт қолданып келгеніне қарамастан, 1885 жылғы Қылмыстық және атқарушылық жазалар туралы және 1903 жылғы Қылмыстық уложенияларын аталмыш тақырыпты зерттеуде назардан тыс қалдыруға болмайды.

1885 жылғы уложениеде қылмыстық-құқықтық қорғаудың объектісі ретінде бостандықтың неғұрлым тар трактовкасы мазмұндалды. «Заңсыз ұстау мен қамау туралы» деп аталатын тарауы өзінің мәні бойынша физикалық бостандықты, яғни тұрғылықты орнын таңдау мен еркін жүріп-тұру құқықтарын қорғауға арналған. Өз бетімен, күштеп бостандығынан айыруды қылмыс деп тани отырып, заң шығарушы санкцияны заңсыз ұстау немесе қамаудың ұзақтығына қарай белгілеген: бір аптаға дейін, бір аптадан үш айға дейін және үш айдан астам уақытқа дейін. Жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде мыналар белгіленген: 1) «қамаудағыны қорлаумен немесе азаптаумен не өзгедей қинаумен» ұштасқан бас бостандығынан айыру; 2) ұсталғанды немесе қамалғанды өз бетінше бас бостандығынан айырудың нәтижесінде оның ауыр науқастануы мен қайтыс болуы. Авторлары қорқытуды тұлғаның тәуелсіз шешім қабылдай алу мүмкіндігімен байланысты бас бостандығына қол сұғушылықтардың бірі ретінде қарастыратын сол кездегі заң әдебиеттерімен салыстырғанда, Уложение ондай іс-әрекет үшін жеке тарауда жауаптылық қарастырған. Жеке тұлғалардың өмірі, денсаулығы, бас бостандығы мен ар-намысына қарсы қылмыстардың жазаланушылығына арналған баптардан тұратын бөлім шеңберінен тыс, сонымен бірге құлдыққа сату мен негрлерді сатуға қатысу үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Сол күйі күшіне еніп үлгермеген 1903 жылғы Қылмыстық Уложениенің құрастырушылары бас бостандығына қарсы қылмыстарға қолсұғушылықтар шеңберін кеңірек талқылай отырып, «Жеке бостандыққа қарсы қылмыстық әрекеттер туралы» тарауды бөліп шығып, заңсыз бас бостандығынан айыру үшін жазаны ауырлататын мән-жайлармен толықтырған, яғни жәбірленушіні «психиатриялық ауруханада» орналастыру немесе «притонда» ұстау арқылы. Ерекше бөлімнің бұл тарауына мыналарды да қосқан: адамды құлдыққа сату мен беру, адам ұрлау (балаларды, кәмелетке толмағандарды, оның келісімінсіз некелесу үшін әйел ұрлау) . Бұдан басқа, бас бостандығына қарсы қылмыстар қатарына бірнәрсеге мәжбүрлеу (мысалы, өз құқығынан бас тартуға, қылмыс жасауға, ереуілге қатысуға және тағы басқа) ; өмірі немесе денсаулығынан айырамын, күш қолданамын не мүлкін құртамын деп қорқыту, «егер ондай қорқыту әрекеті тұлғада оның шын жүзеге асу қаупін тудырса»; бөтеннің ғимаратына, үй-жайына немесе өзге де қоршалған орнына заңсыз кіру, соның ішінде түнгі кіру (сараланған құрам түрі ретінде) . Сол кездің заң әдебиетінің өзінде жеке бостандыққа қарсы қылмыстар жүйесі туралы мұндай көзқарастар даусыз деп қарастырылған жоқ. В. Набоковтың пікірінше, бір топқа құлдыққа сату мен түнде бөтеннің үй-жайына өз бетінше және құпия енуді біріктіретін жүйе түсініктерді толық шатастырғаны туралы айыптан құтыла алмайды. Алайда, басқа да адамның бостандығына қарсы қол сұғушылықтар туралы айта келе, авторлар әдетте онымен құлдықтан бос болуды, тұрғылықты орнын таңдау, еркін жүріп-тұру, құқыққа сай мінез-құлықты таңдау (шешім қабылдау) бостандығын байланыстырады. 8 Патшалық заң мен қазақ әдет-ғұрып құқығы нормаларында әйел ұрлау үшін жауаптылықты регламенттеудің нысандарының әртүрлі болуына қарамастан, қазақ әдет-ғұрып құқығының адам ұрлау үшін қылмыстық жауаптылық мәселесесін ары қарай шешуде құқықтық негізін қалағандығын елемеуге, еш бағалаусыз қалдыруға болмайды. 2 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан Ресейдің құрамында болғандықтан, оның аумағында да тиісінше РСФСР БОАК қабылдаған заңдар әрекет етті. Алғашқы қабылданған нормативтік акт - бұл 1922 жылы 16 қабылданып, сол жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енген РСФСР Қылмыстық кодексі. Ол «дені сау адамды пайдакүнемдік немесе өзге де жеке ниеттермен душевнобольнойлар ауруханасына орналастыруды» алғаш рет бас бостандығынан айырудың күшейтілген құрамы ретінде емес, жеке құрам ретінде жариялады. Сонымен бірге, бұл кодекс жеке бостандыққа қол сұғатын қосымша үш құраммен шектелді: 1) ұстау немесе қандай да бір жерге орналастыру арқылы жасалған біреуді бас бостандығынан айыру; 2) адам өмірі не денсаулығына қауіпті тәсілмен немесе қинаумен ұштасқан бас бостандығынан айыру; 3) әйел ұрлаумен қатар, бөтеннің баласын пайдекүнемдік мақсатпен, кекшілдікпен немесе өзге де жеке ниетпен ұрлау, жасыру немесе ауыстыру құрамдарын қарастырған. 9 22 қараша 1926 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданып, 1 қаңтар 1927 жылдан бастап күшіне енгізіледі. 6 сәуір 1928 жылы кодекс «Жергілікті әдет-ғұрып сарқыншақтарын құрайтын қылмыстар туралы» деп аталатын жаңа 10-тараумен толықтырылады. Соған сәйкес 197-бапта «әйелді некеге тұру мақсатымен ұрлау, ол үшін жазалау шарасы-бас бостандығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыру» құрамы бекітілген. Ал кодекстің 147-бабында қарастырылған біреуді бас бостандығынан заңсыз айыру құрамына 1922 жылғы РСФСР ҚК-мен салыстырғанда жеке дербес қылмыс құрамы болған «жәбірленушінің өмірі не денсаулығына қауіпті тәсілмен немесе қинаумен ұштасқан бас бостандығынан заңсыз күштеп айыру» сараланған құрам ретінде енгізілді. 1958 жылы қабылданған «КСРО және одақтас мемлекеттердің қылмыстық заңнама негіздері» өз кезегінде бұған дейінгі 1924 жылғы КСРО және одақтас мемлекеттердің қылмыстық заңнамасының негізгі бастамаларының орнын басып, соның негізінде 1959 жылы 22 шілдеде ҚазССР-ның Жоғарғы Кеңесі ҚазССР-ның Қылмыстық кодексі қабылданып, 1960 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТҮСІНІГІ
«Бас бостандығынан заңсыз айыру қылмысының құқықтық сипаттамасы»
Бандитизм қылмыстық-құқықтық сипаттамасы
Сот әділдігіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы және жүйесі
БАНДИТИЗМНІҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ - ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Кісі өлтіру қылмыстарының жалпы сипаттамасы
Кедендік қылмыстардың құқықтық сипаттамасы
Қылмыстық құқықтық міндеттері
Адамды кепілге алу үшін қылмыстық жауапкершілік
Тұлғаның Конституциялық кепілдендірілген жеке бас бостандығына қол сұғатын адам ұрлау қылмысының қылмыстық-құқықтық және криминологиялық сипаттамасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz